Жалғыздық серенадасы
Өмір-Ай. Жалғыздық серенадасы
Қайда екен, қайда сол жылдар,
Құс болып қайда қондыңдар?!
Асығып алға кеткенде
Қол былғап артта қалдыңдар.
Өмір-ай!
Жағада.
Ай шамын жағады, күзетіп шығады көз ілмей,
Айға ұқсас қайық та, желкен – мен, сен жатсың шалқыған теңіздей.
Жоқ шығар бөтен ой, бар ғалам түс көре бастаған...
Басқадан,
Түсті де көреміз егіздей.
Аспанда бұлттар жүр жер таппай тұруға асылып,
Беторамалмен сүртеді көз жасын жасырып.
Жел желпіп тұрғандай киіз үй түндігін,
Өмір-ай...
Бір көтеріліп, бір басылып.
Бұлттарды жүрген жамырап анау көкте ұшып,
Бір-бірінен ажырап, қалғандай жік түсіп...
Жаңбыр жауа алмай шықтайды,
Кебірсіп тұрған жер, ернін жіпсітіп.
Басында ұрысып болғандай жат-өгей,
Кеткендей ұмытып борышын өтемей.
Тұрғаны аспандай үлкен кеседе, бетжағы қоп-қою көпірік,
Қант қоспай құйылған кофедей.
Жаңа Ай. Жанады аспанда түсімде өртенбей…
Теңізде қалқыған қайықта желкендей.
Бақытқа жетуге, бағытын жел айтқан күшінде,
Өмір, Ай,
Түс көрем мен сендей!..
Ой
...Платон сен менің досымсың –
шындық қымбаттау сенен де.
I
Жел сөз бе?!.
Бір кезде оттай жанамын деген,
Кітаптай беті қап-қалың неме.
Күтпеген ойдың азабын көрем,
Тосыннан келіп қаптады міне.
Келген басында білмей қалғасын,
Өтірікке шындай нанасың.
Салмағы ойдың зілдей қорғасын,
Көтеру қиын мұндай наласын.
Басыңа кіріп таптағасын,
Шайқаласың қаптаған ойдан.
Миыңды тізгіндеп ноқталағасын,
Ауытқып кетесің ақтабан жолдан!
Түс болып енеді көзіңді ілгесін,
Еркіндік бізде, ол қайдан болсын?..
Қиналған сәттер көңілде жүргесін,
Келіп, кетеді... – жалған досың.
Ойды ой қуып, толғанта берер,
Мүмкін емес қой, қиялдан – бақ табу.
Жеке өзіңнің ойың болмаса егер,
Адам болудан қалу – жоқ болу!
II
Нәр берем,
Өмірмен таласа,
Не дейін?!
Күзгі жапырақтай – уақыт тонаса.
Мен сені қорғаймын денеммен,
Жаным шыдаса!..
Бір кіріп кетсе...
Шығып кетуі қиын тездетіп,
Сезілмейді дыбысы,
Көрінбейді көзге түк.
Ұлықсат сұрап жатпайды менен,
Өзімен өзі, ойлар жатады кездесіп.
Қай қылығын айтсаң,
Батырып мұңға кетердей?!.
Қаттылығын айтсаң,
Миың шаршағандай ауырлығын көтермей.
Тәттілігін айтсаң,
Шайға еріген шекердей.
Миың да ойларға ну орманды мекендей,
Жұмбақ көп... бекердей.
Жаныңа жақын болғанмен егіздей,
Тәніңе – аты да,
Сенікі емес, бөтендей!
III
Жүргенмен іздеп бір емін,
Таппайды бір сәт жаның жай.
Тырс ете қалар жүрегің,
Ағаштың жанған шоғындай...
Осыны айтқан мен бе деп,
Сөз таппай кейде қаласың?!
Тұрасың сосын пенде боп...
От шықпай іштен жанасың.
Мың тұрып, мейлі мың құла,
Көңілге уақыт бөлмейді.
Кетсең де қалың ұйқыға,
Тыныштық тағы бермейді.
Сырыңды ішке бүгесің,
Қалмайды бірге қайда да.
Сүйрелеп алға жүресің,
Үмітің жалғыз – ой ғана!
Бөлісу: