Сағынарым да жоқ енді...
Ары да бері тебе бергені,
Алла емес, пенде доп қылып.
Шықпаған жанның көре бергені,
Алдап та арбап жоқ қылып.
Шүкір дегенім көну емес қой,
Шүкіршілігімді сынама.
Үндемегенім өлу емес қой,
Тілім шығарарсың, сірә да.
Құйқылжытасың күнде бір күймен.
Түн сыбырласып сайтанмен.
Момынның ақысы қашанда күйген,
Тілім шығады-ау.. айтам мен...
***
Өртенер болсам өкініштерден,
Гүл емес, ендігі күлмін-ау.
Менімен қосыла өкініп іштен,
Жанып та кетер күн мынау.
Жап-жарық жаным мұңарта берді,
Ескіріп барам, білемін.
Сонда да әлі құмарта берем,
Еркіндеу өрдің бірі едім.
Парағың бүктеп, біртіндеп жұлып,
Күнтізбем жұқара бергені?
Күндерім күлмей, түн үркіп ұлып,
Естелік қана ермегі.
Сағыныштармен тірі екем ғой,
Сағынарым да жоқ енді.
Күнелткендердің бірі екем ғой,
Күні өткенге тоқ елдің...
***
Қыстың күні ұзарып, түн қысқарып,
(Бұрқасыны әлі бар,тым ұшпалық?)
Көңіл бірақ көңілді әнге салып,
Көк көйлегін киіпті қып-қысқа ғып.
Жанға жайлы өзіне бір күй іздеп,
Түске дейін киіз боп,кеш мүйіздеп.
Алабұртып ақпан жүр ала қырда,
Қоштасарда маңдайдан бір сүйгіз деп.
Әлі де оның қызығы басылмаған.
(Шығарып салсақ осы асылды аман)
Сонан соң көк көйлегім ұзартамын,
Қызыл-сары боянып, жасылданам.
Көбелек қуып бақта балаша мен,
Өз ойымда өзіме жарасар ем.
Бекіндім...енді өзгеге селт етпеймін,
Қыркүйек, қазандарға қарашамен...
***
Көзімнен нұрым төгілген,
Кірпігім күнді көмкеріп.
Жаздай жаным егілген,
Өзекте өлең өртеніп,
Еліктей кезім ертегі,
Есіркеп сені отырмын.
Қос бұрымдап өргенім,
Арқадан құлап бұлғақтап ,
Моншақ-моншақ тергенім,
Өріп шыққан гүл қаптап.
Еліктей кезім ертегі,
Есіркеп сені отырмын.
Жылдарым жасын жарқылдап,
Жанарында оты ойнаған.
Ақ бұлақтай аңқылдақ,
Жақсыны іздеп тоймаған.
Еліктей кезім ертегі,
Есіркеп сені отырмын.
Күнді құшып,ай ұшқан,
Жұлдыз қадап маңдайға.
Сүрінгенім қай тұстан,
Тап болғаным қандайға?
Еліктей кезім ертегі,
Күйімді мынау көрер ме ең,
Осы ма деп ертеңім,
Өксіп -өксіп өлер ме ең...
Еліктей кезім ертегі,
Есіркеп сені отырмын...
***
Күз де сұлу,
Мен де сұлу ем.
Көз болды ма оны көретін?
Көрікті
Өмір сүріп ем,
Кез келді
енді көнетін.
Жыр да жаздым
Әдемі
Жігітке қыз жазбаған.
Азабы оның мол еді
Ғажабы
Болды аз маған...
Сүйіп те,
Күйіп көніп ем.
Тақсырым дегем
Табынғам.
Көрініп бекер келіп ең,
Түспейтін болсаң
Тағыңнан...
***
Бұлттардан сәлем айттым ,жетпеді ме,
Қаршалар хаттарым ғой , төкпеді ме?
Терезең жылай берсе-көз жасым ғой,
Аялап жасым сүртіп, өппедің бе?
Жұлдыздай туам таңда жарқыраймын,
Тап қазір көгіңдегі алтын Аймын.
Жабырқап үзілсе бір жапырағың,
Жаныңа жамалуға талпынайын .
Жел де боп,жауын да боп жетем күнде,
Елестей көз алдыңнан өтем күнде.
Күтпесең күйінем де күдер үзіп,
Айналып бір-ақ сәтте кетем күлге.
Бөлісу: