«Ұлық Ұлыс – Алтын Орда мемлекеті тарихы» кітабының таныстырылымы өтті

04.03.2021 5104

Кездесу кешке 26 ғалым офлайн және Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеттің 61 студенті ZOOM платформасы арқылы қатысты.

 

Кешті үйлестірген ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, т.ғ.к., доцент Амангелді Нұркейұлы Қашқымбаев Ұлық Ұлыс – Алтын Орда мемлекеті тарихының маңыздылығына тоқтала келе, соңғы кезде қоғамда «Рухани отарлау» деген сөздің шығып жүргені, оған себеп, тарихымыздың күрделігін баса айтты. Бұдан әрі модератор бүгінгі кештің басты кейіпкері -  кеше ғана  жарық көрген «Ұлық Ұлыс - Алтын Орда мемлекеті тарихы (дәрістер жинағы)» және «История Улуг Улуса - Золотой Орды (курс лекции)» атты кітаптарының авторы  профессор-ғалым Бүркітбай Ғелманұлы Аяғанға сөз берді.

 

Белгілі тарихшы, т.ғ.д., профессор, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты директорының орынбасарыБүркітбай Ғелманұлы Аяғанөз сөзінде дәрістер жинағында Ұлық Ұлыс – Алтын Орда тарихындағы құрылу, қызмет ету және құлдырау кезеңіне қатысты мол мағлұматтар беретінін, жас ғалымдар үшін жаңа тұжырымдар мен тарихи деген сындарлы көзқарас ұсынылатынын, зерттеушілерге пайдасы тиетініне сенімді екенін атап өтті. Сондай-ақ автор төлтума туындысын ЖОО кітапханаларына және көпшілік кітапханаларға тарататынын да жеткізді.

 

Модератор сөз кезегін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Түркітану және алтайтану орталығының директоры, профессор, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі, ф.ғ.д.,профессор Қаржаубай Сартқожаұлына берді. Сөз алған жазушы-ғалым елге қажет төл туынды туғызған авторға алғысын айта келіп, ғылым үшін тілдің маңыздылығын, тілге аса мән беру керектігін ескертті.Сөзінде сол кезеңде қолданыстағы сөздердің түбірі көп нәрсені аңғартатынын әңгімеледі, көптеген қызықты фактілер келтірді. Қаржаубай ағамыз жастарға тарихымыздың бізге ғана керек екенін, басқа ешкімге қажеті жоғын ескертті.

 

Келесі баяндамашы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттықуниверситетінің профессоры, т.ғ.д., профессор Мақсат Алпысбесұлы Алпысбес Бүрктібай Аяған кітабы үлкен мектептің басы екенін атай келе, шежіреші ретінде Мәшһүр Жүсіптің, Әлкей Марғұланның жазып-сызып кеткендерін әңгімеледі. Сонымен қатар, трихымызды тереңдете білмеуіміздің себебі, кезінде өз тарихымыз өзімізге бұрмалана оқытылғанын,қазіргі студенттік аудиториямызға шынайы тарихтың қайнар көздерін ашудың қажеттілігін жеткізді.

 

Баяндамашы географ-биолог, картограф, өлкетанушы, Халықаралық Шыңғысхан академиясының академигі Ғизат Табулдин тарихи фактілерді картамен сөйлетті.

 

Бұдан кейін профессор-ғалым Бүркітбай Ғелманұлы Аяғанның «Ұлық Ұлыс - Алтын Орда мемлекеті тарихы (дәрістер жинағы)» және «История Улуг Улуса - Золотой Орды (курс лекции)» атты кітаптарының тұсауы кесілді. Автордың қалауымен қатысушы жас ғалымдарға таратылды. Кеште жас ғалымдар тарапынан сұрақтар қойылып, тақырып біраз талқыланды. Нәтижесінде, кеште бұрын-соңды айтылмаған, студенттік аудитория үшін маңызды терминдер, тарихи мәліметтер, саяси атаулар, татар, моңғол, ноғай т.б халықтардың шығу тектері сияқты қызықты мәліметтер естір құлаққа жаңалық болды.Ғалымдардың бәрі деректермен сөйледі, жас ғалымдардың зерттеуіне бағыт-бағдар болар кеш болды.

Бөлісу: