ТУЫСҚАНДАР
Абай соңғы кезде өзі оянатын болды. Оның бойындағы пайда болған аса сергектік пен жауапкершіліктің басты себебі Таеквондо шығыс күресіне қатысудан басталған сыңайлы. Биыл бесінші сыныптың кірпішін қалап жүр. Ол математика және физика сынды дәл ғылымдарға іш тартады. Суреті бөлмесінің төріне ілінген Мұстафа Өзтүрікті пір тұтады. Оның өмірінің әр сатысын жатқа біледі. Ұлтының адал ұлы болған сол ағасына ұқсағысы келеді. Өзіне арнайы тіктірген добогін қадір тұтып, әзірше ақ белбеу тағынсада келешекте тіпті, 9 дань иегері боларына күмәнсіз.
Әкесі Ораз - ғарыш саласының маманы. Анасы Көркем - дәрігер. Абайдың өзінен үлкен Әсем атты әпкесі бар. Ол – өз дегенін жасататын мінезді қыз. Абай оған қарағанда жұмсақтау. Оны сырт ел: «Ораз сияқты мінезі жібектей, жақсы адам болып өседі» деп топшылайды. Бұл жерде бір айта кететін кілтипан бар. Ораздың туып-өскен жері - ресей қазақтарының мекені, Алтай өңірі еді. Жоғары білім алған соң, кеңес кезінде осы Алматыға қызмет бабымен келіп, содан табан тіреп қалды. Орыстарда «нибилмес» деген сөз бар. Соны осы Оразға айтуға болады. Бастапқы кезде ана тілінен мақұрым боп, келе-келе өзінің балаларынан үйреніп, ақыры тілі шықты. Ал Көркем болса араларында орыстың қарасы болмаған шалғай қазақ ауылының қызы.
Әсемді орыс мектебіне беріп жіберіп, енді ата-анасы бармақтарын шайнайды. Қыздары ана тілін бір сыдырғы біледі. Тіпті, ауылға барғандағы әжесінен естіген мақал-мәтелдерді сөз арасына қиюлата қыстырып қалғанда - ауыз аңқаяды. Ал оның қытығына тиіп, ақылгөйленсең қырсығына мініп, орысшалап кетеді. Бір жолы ол: «Мама, пришли твои казахи!.. - деген-ді, аса жақтырмай. Көркем: «Әсемжан, олар жай қазақтар емес - сенің де туыстарың ғой!» десе, «Мои родственники только Вы!» деп ұрып қалғаны. Ата-анасы екі жақтап қанша түсіндірмек болса да Әсем иілікпеді. Ағайындықтың ара-жігін өзі шала-пұла білетін Ораз біраздан соң мүлдем шатасты. Көркем қазақы негізде жіліктеп бергенімен оны Әсем қабылдамады. Біраздан соң ол тағы орысшалап: «Не надо мне, ваше генеалогическое древо! Достаточно того, что я вашей крови и казашка!..» деп дүңк етті де жөніне кетті. Оған қарағанда қазақ мектебіне барған Абай сырттай құлақ сала отырып, талай нәрсені қағып алыпты.
Таңғы сағат алты жарымнан бұл үйде абыр-сабыр басталады. Ішілсе ас апыл-ғұпыл ішіліп, ішілмесе беті-қол ғана жуылып, жан-жаққа бытырайды. Сонан қара кеште ғана кездеседі. Күнұзақ тірліктен титықтаған олар, өзді-өзі ғана қалуды армандайды. Балалар сабағын қарап, айфон, планшеттерін құшақтап бөлектенсе, ата-анасы жұмыстың қалдықтарын кеміріп, немесе өмірі бітпейтін тұрмыстық бір күйбеңмен отырады. Одан соң көз ілініп, ұйқы келеді. Қойшы әйтеуір, жексенбіге жеткенше бір-бірін түстерінде көргендей болып жүріп, сол жалғыз бір күн сағыныса табысады.
Бұндай еміренісу де ұзаққа созылмайды. Жалпыға дәстүр болып қалыптасқан бір салт іске қосылады. Балалардың проблемасын шешу үшін – олардың қолына бір уыс ақша ұстатсаң жеткілікті деген түсінік пайда болған. Ол өмірі мүлт кетпейтін әдіс. Әлемгүл деген тәтелеріне қоңырау шалып, онымен Абай сөйлеседі.
- Жан тәтем, қалайсыз?!
- Абайжан, өздерің қалайсыңдар?!
- Бәрі жақсы, тек Сізді және Ерасыл бөлемізді сағындық! Әсіресе Әсем
күнде кешкісін жексенбі қашан болады, көкемізбен Мега аралайтын күн қашан туады деп аңсап жүр...
- Жандарым менің! Жарты сағаттан соң келеміз. Біз де сағындық! Әзір
отырыңдар...
Әсем: - Сен неге өтірік айтасың? – деп Абайға шұқшияды.
- Өтірік ұнамаса бармай-ақ қой! – дейді бауыры.
- Мәселе барған, бармаған да емес! Өтірік айтуға болмайды!
- Мен сен сияқты төте кететін орыс емеспін ғой!
- Кім орыс!? Мен бе?!
Осы арада біраз қуыспақ басталады. Тосын дуылдан оянған Көркем өз жатын бөлмесінен шығып: - Бір демалыста дұрыс ұйықтатпадыңдар ғой! Папаларың қатты шаршап жүр, аясаңдаршы... – деп кейій халатын желбегей жамылып, бұлардың қасына келеді. Қол қапшығындағы әмиянын шығарып, ішінен сытырлатып ақша санап, екеуіне бөліп ұстатады. Әсем қолына тиген қағаздардың салмағын жеңіл көріп, аузын бұртита: - Сараңданбашы, мама! – деп тағы алақанын жаяды. Сосын: - Мен мына ұлдан екі жас үлкенмін және қыз баланың сұранысы да жоғары, соны ескеру керек қой... – дейді.
- Сенің тілің ақша сұрағанда қазақша сайрай жөнеледі, а? Мама берме!..
- Осы сені қай құдай берді екен, менімен жағаластырып?!
Әлемгүл тәтелері айтқандай жарты сағаттан соң өзінің кішкентай Ерасыл деген ұлын ертіп, бұлардың үйіне келді. Балалар бір-біріне шұрқырай амандасып, туыстық ниеттерін білдіріп жатты. Ерасыл балабақша жасынан енді асқан, мектеп алды бүлдіршін. Ол анасына тартқан сәл маңғаз, өмірі іссапармен өтіп келе жатқан әкесі сияқты пысықтау, тілді бала. Сірә, балабақшадағы бір батыстық тәрбиешінің әсері ме үлкен-кішіге жаппай «Сіз» дейтінді үйреніп алыпты. Шынашақтай бойына осындай күлкілі сөзі де жарасады. -Туысқандар, сіздердің барлығыңыз қандай тамаша! Мамам мен папамның маған іні-қарындас туып бергенге қолдары тимей жүр. Қызығамын сіздерге!..
- Мына қыз сияқты біреу бұйырса, жетісерсің! – деп Абай көзімен әпкесін
ымдады. Әсем де құр қалған жоқ. Оны желкесінен бір нұқып: - Түс алдыға екі ділмар! – деп қуалай жөнелді.
Екі ұлдың танаулары жіпсіп, делдиіп кеткен. Ойын алаңдарын әбден шерлері қанғанша шаңын шығарып болған соң, енді қарындары ашып және қатты шөлдегендерін сезді. Әсем бұрындары ойынның туы болса, кейін бой түзете бастағалы бекер далақтауды доғарған. Ол бүгіндері - сымбат түзеген балғын қыз. Әлемгүл тәтесі екеуі бұларды сырттай бақылап, әйел затына тән жіңішке әңгіменің толқынында - алаң ернеуіне тақау стөл басында толықсып отыр...
Әкесінің іссапардан оралуы Ерасыл үшін үлкен мереке. Асылхан ұлына сувенирлік қару-жарақ сыйға алып келеді. Оның барлығы Ерасылдың төріне ілінген. Бастапқы кезде еш мақсатсыз алына салған ойыншықтар кейінгі кезде ретке келе бастады.
Түркілердің дәстүрлі қару-жарақ жүйесі: шабуыл мен қорғаныс қаруының бірнеше түрі мен топтарынан құралады екен. Қару-жарақтың бес түрге топтастырылуы оның қасиеттеріне де байланысты болып шықты. Жауына күйрете соққы беретін қару-жарақтың әр қайсысының өзіндік қайталанбас қасиеттері бар болды. Осы қасиеттеріне қарай ер қаруы: ату, кесу, шабу, түйреу және соғу қаруы деп бес түрге бөлінген екен. Әр топ іштей тағы бірнеше түрге жіктеле береді...
Әке мен бала қазақтың «Ер қаруы – бес қару» деген аталы сөзін кілем биігіне жапсырып тақырып етті. Және ұлы аталары, дарабоз Қабанбай батыр суретінде қақ ортасына ілді. Бұл шаруамен келе-келе түбегейлі айналысты. Олардың бұл мүделлі ісі Әлемгүлге де қатты ұнады. Абай да әр келген сайын бір жаңалық пен жаңа дәріске тәнті болып қайтады. Ерасылдың әкесі, Абайдың орысшалау әкесіндей емес, қазақылығы басым, шежірені мүлдем сөкпесе де өз атасын тарата алатын-ды. Соның жемісі Ерасыл: «Түп атам Найман, Төлекатайдың төртеуінің бірі Садырдан тараймын...» деп бір кездегі бала Асылхан құсап, зырылдата жөнеледі. Осындайда Абай өз әкесіне іштей қынжылады. Үйіне барған соң; «Пап, біз қай елміз?» деп сұраса, Ораз: «Казахстан» дейді. «Папа, саған дауа жоқ екен!» деп Абай жөніне кетеді. Оның соңынан әкесі: «Улым, я что-то не так сказал?» деп айыпты түрде сұрайды. «Не-е, пап, все ок!».
Асылхан екі ұлдың ортасында отырып әңгіме шертуден еш жалықпайды. Балалардың да көздері жанып, бұрындары естіп-көрмеген тың деректер мен жәдігерлер көшірмесіне шынайы қызығушылық танытты.
- Ату қаруы туралы айтып берейін: Түркілердің негізгі қаруының бірі –
жақ деп аталған. Ұшы жалпақ екі айыр болып келетін жебе «қозы жауырын» деп аталады. Ол жарақатты тереңірек салуға арналған. Ал, сауыт бұзуға арналған үшкір, үш-төрт қырлы жебе «сауыт бұзар» немесе «көбе бұзар» деп аталған. Түркілер жебенің ұшын темірден, сүйек, мүйіз бен ағаштан да жасаған. Адамды аттан құлатып түсіру үшін немесе аңға шыққанда түркілер ұшы цилиндр тәріздес ағаштан жасалған «доғал оқты» пайдаланған. Ал, соғыс кезінде дыбыстап белгі беру үшін «ысқырық» оқтар қолданылған. Ал, садақтың оғы салынатын қапты қорамса десе, жақты салатын қорапшаны «садақ» деп атаған. Міне, ерте заманда қазақтардың әкери қару-жарағы осындай атауларға ие болған.
Кейінірек қазақтар жақтың орнына мылтық пайдалана бастады. Ертедегі бабаларымыз білтелі мылтық, бытыралы, шүріппелі мылтықтар пайдаланған.
Асылхан балалардың қолына тағы бір қару түрлерін ұстатып түсіндіруге кірісті:
- Ал мыналар кесу қаруларының: семсер, қылыш және сапы деген үш
түрі. Мысалы «наркескен». Оның қайқылығы бірден алқымынан басталады, сондықтан кесу күші жоғары болған. Асыл қылыштың ерекше түрін қазақтар да өзге түркі халықтары секілді «зұлпықар» деп атаған.
- Зұлпықар деген қайдан шыққан атау? – деп екі бала да қатар жарыса
сұрақ қойды.
- Зұлпықар - арабша Зу – л фикар – «жасын» деген сөз. Ал жүзі қысқа
қарудың бір түрі – қанжар деп аталады. Ол шайқаста атты жауынгердің қосымша құралы қызметін атқарған. Бұл пышақ қазақтың ұлттық костюмінің ажырамас бөлігіне айналып, ерлердің «кісе белдігіндегі» қынапта үнемі пышақ жүретін болған. Бастарың ауырып кеткен жоқ па? Қалғанын келесі жолы айтайын...
- Папа!.. Қазір айтшы. Ертең тағы кетіп қаласың іссапарыңа. Абай сен де
сұрашы!
- Асылаға, айтыңызшы өте қызық екен!
- Рас па? Онда тыңдаңдар. Ендігі кезекте түйреу қаруы. – деп ол
қыстырулы тұрған қарудың бірін алды. - Қазақта екі түрлі түйреу қаруы болған. Ұшы жалпақ болып келетін қылышты қазақтар «найза» деп атаған. Ұшы қырлы, ұзын қылыш «сүңгі» делінген. Ол жаудың сауытын сындыра соққы беруге арналған. Қазақ батырлары найза мен қайың найзаға: мойшақ, ту, жалауша, шашақ сынды белгі таққан. Ту – жалпы әскердің белгісі, мойшақ - әскербасының таңбасы болды. Түрлі-түсті жалаушалар әскери жасақтардың бір-бірін тануы үшін қажет болса, аттың жалынан немесе жібек баудан жасалған шашақтар батырлықтың нышаны саналды.
Сонымен қатар ертедегі қазақтардың негізгі деген төрт шабу қаруы болған. Бұл қарудың бір түрі «балта». Оның жүзі орташа болып келеді. Жүзі ай пішіндес әрі енді болып келетін балтаны қазақтар- «айбалта» деп атаған. Жүзі сына тәріздес болып келетін қару - «шақан» деп аталған. Бірақ, қазақ батырлары соғыста балтаның төртінші түрі – жарты айбалтаны көп қолданған.
Сондай-ақ соғу қаруы деген бар. Бұл қарудың ең көне түрі «шоқпар» деп аталады. Ол ағаштан, ауыр сойыл түрінде жасалады. Кейде шоқпарға металл шынжыр немесе үшкір темір тығылады. Соғу қаруының екінші түрі – «гүрзі» деп аталады. Басы металдан құйылған ауыр шоқпар. Соғу қаруының үшінші түрі – «бұздыған» деп аталған. Бұздыған — басы алты не сегіз қырлы болып келетін, темірден жасалатын шоқпардың жеңіл түрі. Соғу қаруының төртінші түрі – «босмойын» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, босмойынның басы иілгіш келеді. Шоқпардың басы сабына қайыс немесе шынжыр арқылы бекітіледі. Мұндай шоқпарлардың басы ағаштан, тастан немесе металдан жасалған...
- Жігіттер, ас дайын болды! Дастархан басына келіңдер. – деген
Әлемгүлдің дауысы естілді. Екі ұл Асылханның аузына қарап, бір ғажайып ертегі тыңдап отырғандай қыбыр етпестен ұйый тыңдауда. Бұл ескертуді үшеуі де естіген жоқ. Студенттерге лекция оқыған кездерінде дәл осындай ләззат алып көрмегендей сезінді өзін Асылхан...
- Тамақ суып кетеді! Қалғанын кейін айтасыңдар... – деп Әлемгүл
бұлардың үстіне кірді. – Абайжан, көрдің бе, біздің жігіттер бес қаруын сайлап, жоңғарлармен шайқасуға дайындалып жатыр! – деп әзілдеді де: - Папаң екеуің немен шұғылданасыңдар? – деді.
- Папаның жұмысы ауыр, ол демалыс күндері түске дейін ұйықтайды.
Мен шығыс жекпе-жегімен айналысам. Мұстафа Өзтүрік аға сияқты мықты спортшы болғым келеді.
- Өте жақсы екен! Біздің Ерасылды үйретесің бе? Айтпақшы, оны ала
ма?
- Ұсақ балалардың да тобы бар. Тіпті үш жастан келіп жатыр. Тым ерте
болса соғұрлым жақсы дейді.
- Біздің Ерекең онда азамат екен ғой! – деп папасы оның арқасынан
қақты. Кішкене әсерленсе танауы делдиіп кететін Ерасыл: - Бес қаруымды асынып барам! – деп бір-ақ соқты. Бұның сөзіне қалғандары мәз болып күлісіп: - Қабанбай батыр атаңның аруағы қолдасын балам! Сенің атыңды сол Дарабоз атаңның шын есімімен арнайы ырымдап, өз атаң азан шақырып қойып еді... – деп Асылхан көңілі босай, ұлын бауырына басты.
- Папа, тағы әңгіме айтшы...
- Дастархан басында үндемей ғана тамақты ішіп алып сосын
әңгімелеседі, балам. Біз орыс емеспіз ғой.
- Біз орыс болмасақта сөйлей береміз, себебі басқа уақытта қол тимейді.
Тұра сала жан-жаққа тым-тырақай бытыраймыз! – деп Абай мәз болды.
- Жақсы, онда... Орыс болмасақта рас, уақыт аз. Ондай болса жаңағы
әңгімені қысқаша қорытындылайын. Сонымен қазақтар соғыс қаруын пайдалану шеберлігін жан-жақты меңгерді. Батырлар жекпе-жегі ермек үшін емес, олардың қару ұстау шеберлігін, күші мен ерлігін айқындау үшін өткізіліп отырды. Жекпе-жекте міндетті түрде қару қолданылды. Көшпенділер жауынгерлері де қазіргі кездегі сияқты ұстаған қаруына қарай бірнеше топқа бөлінген. Белгілі бір қаруды жетік меңгерген жауынгерлерден найзагерлер, семсершілер, садақшылар, айбалташылар жасақтары құрылған. Бес қаруды әбден меңгерген шебер батырлар ең үздік гвардия бөлімшелеріне алынған.
Көшпенділердің соғыстағы әскери тактикалары да осы бес қаруды пайдалану ерекшеліктеріне негізделді. Әдетте, соғыс алыс қашықтықта тұрып садақтан оқ атудан басталған. Атты әскер найзаны жаппай шабуыл кезінде қолданған. Кейін арадағы қашықтық жақындаған кезде қарудың өзге түрлеріне көшкен. Осындай ерекшеліктері бар соғыс қаруын халық айрықша қастерлеген. Қаруды кім болса сол асынбаған. Қаруды қастерлі деп санаған ертедегі қазақтар оған сыйынған, ант беріп, әр қаруға өзінше ат қойған. Орта ғасырларда семсер немесе алдаспан қылыш биліктің белгісі саналып, таққа отырған билеушіге табысталып отыратын. Қазақтар хан көтерген кезде билік пен хандықтың белгісі ретінде белдігіне алтын қылыш тағыпты. Жоғарыда аты аталған бес түрлі қару әскери биліктің белгісі саналып, әскери шен қарумен белгілеген. Қызметке тағайындалған кезде әскербасыларға қыл-құйрық немесе мойшақ тағылған найза, қылыш немесе күрзі тарту етіледі. Қару асыну құқына ие болған адамдарға белгілі бір артықшылықтар да берілген. Мысалы, Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңы бойынша хан кеңесіне қару асынған хандар, сұлтандар, батырлар мен ру басылары ғана қатыса алатын. Ал, жиын-тойда, мерекеде асынатын қару-жарақ әскери награда қызметін атқарды. Әскери шен-шекпенді дәстүрлі ас пен мерекелер кезінде өткізілетін жарыстарда бәйгеге тігіп отырған. Солай, батырларым менің...
- Сол жаужүрек бабалардың бүгінгі ұрпағы да қазақтың бес қаруына
үлкен құрметпен қарайды. Арамызда әлі күнге дейін даңқты бабаларынан қалған қаруды қастерлеп, төріне іліп қоятын қазақтар аз емес-ау! Міне солардың бірі менің Ерасылым! – деп Әлемгүл баласының келіп басынан сипады. – Асылхан, мына өнегелі әңгімең өте жақсы екен!
- Әлем тәте, Әсемге келесі жолы қазақ қыздарының қандай болғаны
туралы айтып беріңізші. Ол жалпы жаман қыз емес өзі...
- Жақсы алтыным, айтайын. Абайжан мына кітапты ала кетші, жазушы
Әнуар Әлімжанов атаңның «Гонец» деген орыс тіліндегі тарихи шығармасы, Әсемге ұнауы тиіс.
- Ол оқи қойса жақсы ғой. Бірінші өзім оқимын, сосын әңгімелеп, оны
қызықтырам...
- Қазіргі балалар кітап оқымайтын болып барады. Абай өзің айтшы, оған
не себеп? –деп Асылхан шын кейісті түрде қонағына сауал қойды.
- Асылаға, бәрі бірдей емес, оқитындар да бар ғой. Қызық кітаптар болса
ғана...
- Қызық кітап деп қандайын айтасың?
- Жаңағы сіз айтқандай тарих туралы... Маған қатты ұнайтыны
«Батырлар жыры», сосын қазіргі поэзия...
- Сен «Батырлар жырын» оқисың ба?
- Біразын жатқа білем.
- Бәркелді! Жырлашы онда...
- Кешегі өткен заманда,
Қара қыпшақ Қобыланды –
Атасы мұның Тоқтарбай.
Халықтан асқан болды бай.
Байлығында есеп жоқ,
Айдалып бағып жайылды.
Төрт түлік малдың бәрі сай,
Жаз жайлауы – Көзді көл.
Көзді көлді жайлаған
Қалың қыпшақ жағалай.
Тоқтарбайдың дәулеті –
Ішкен мас, жеген тоқ,
Бай-кедейдің көңілі жай.
Қыс қыстауы Қараспан,
Ат үйірінен адасқан.
Қалың қыпшақ тізіліп,
Қонса қоныс жарасқан...
- Жарадың Абайжан! – деп отағасы мен Әлемгүл тәтесі де мәз болды.
Ерасыл ғана жаратпаған сыңай танытып үнсіз қалды. Оны билеген қызғаныш сезімі емес, «Батырлар жыры» дегенде ол өзінің атасы Қабанбай батыр туралы айтар деп үміттеніп қалған-ды. Томсырайып қалған Ерасылды байқаған ешкім болмады.
- Мұқағали ақынның жырларымен қатар «Аққулар ұйықтағанда»
поэмасын да жатқа білем!
- Ағасы сияқты біздің Ерасыл да жақсы оқушы болады, иә? – деп Әлемгүл
баласына зейін бұрды. Көзі боталап, енді болмаса жылауға шақ отырған баласына таңырқап:
- Ұлым-ау, сені кім ренжітті? – деп шынымен шошыды. Балалығы ұстап,
қолын шошайтып: - Анау! – деп Абайды нұсқады.
- Ол не істеп қойды?
- Менің Қабанбай батыр атам туралы айтпады!..
- Жақсы балам... Өзім айтып берейін атаң туралы – деді Асылхан. –
Найман ішінде Қаракерейден шыққан Қабанбай батырдың азан шақырып қойған аты Ерасыл екенін өзің де білесің балам. Одан соң алып денесіне қарап Нарбала атаныпты. Ал ата, әке жолын ұстанып көрсеткен ерлігіне, батылдығына, жауына да кешірімділігіне қарап елі оны Ізбасар атайды. Сонымен қатар жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратқан аса қайраты үшін бабамыз Қабанбай атымен де елге танымал болған.
Қабанбай батыр қатыспаған бірде-бір ірі шайқас болмаған. Осылардың көбінде ол қолбасшы міңдетін атқарған. Ұзын ырғасы Қабанбай батыр соғысқа 103 рет кірген адам. Осының ішінде Қабанбайдың қолбасшылық дарыны мен батырлығы әсіресе жарқын көрінгені, оның есімін үш жүзге ұран еткен бір жарым жылдық Шаған шайқасы болса керек. Батыр мұнда әскербасшылық қабілеті мен қатар, ең шешуші шақта «Қабанбайлап» ұрандап жауға шауып, жоңғардың талай батырын жекпе-жекте жамсатып, барлық қазақты түпкілікті жеңіске бастайды. Оның осы қимылына разы болған Абылай хан «Арқауылды жамсатқан (қалмақ батыры) алыбым, жау шебіне атой салып шыққан Дарабозым Қабанбай мұнан кейін ханның ұраны болсын. Мұнан кейін жауға шапқанда «Қабанбайлап» шабыңдар» деген екен...
Бұл әңгімені естігенде Ерасылдың жүзі бал-бұл жанды. Сырғи-сырғи Абайдың иығынан қағып: - Менің аузыма түкірші. – деді. Абай көзі лөңгеленіп оны ұқпай үлкендерге жалтақтады. Асылхан ұлының ниетін аңғара қойып, Абайға көзін қысты «келіс» дегендей. Анау екі көзін жұмып, аузын ашып тұрған Ерасылға жорта «түф» деді.
- Біреуден естіген ғой, ауызға түкірсе жұғысты болады дегенді саққұлақ
ұл. Иә, жұғысты болсын!– деп әкесі мен шешесі бата ишаратпен беттерін сипады.
Ертеңінде түстен кейін Асылхан мен Ерасылдың бөлесі Абай үшеуі спорт клубына бет алды. Ерасыл асай-мүсейлерін тағынамын деп бастапқыда біраз қырсыққан-ды. Оны райынан Абай қайтарды.
- Ол жекпе-жектің өз жау-жарақтары бар. Папаң саған да алып береді, егер жақсы жаттығатын болсаң.
- Мен бәрін жеңем! Мен Қабанбай батырдың ұрпағымын! Атым Ерасыл!
Абай мен Асылхан күлкілерін іштей бүгіп, Ерасылға сыр білдірмей, жай ғана оны қоштаған сыңаймен езу тартты.
Өзі секілді балақайлар баршылық екен. Балабақшада көпшілдікке үйренген Ерасыл оларды жатырқамады. Оның өзіне шақ қып добок тіктіруге тапсырыс беріп, өзге де жарақтарын алды. Осы күннен бастап Ерасылдың бойында еразаматқа тән ерекше, соны мінез оянды.
Бөлісу: