Жазылмаған заң

15.03.2021 5793

Жапырақ жүрек

 

Келді көктем төркіндеп!
Ағаштағы бұтақтары, қан тамырдай бүлкілдеп.
Әр жапырақ – жүрек болып, тұр гүлдеп...

 

Көктем келді зер шашағы төгіліп,
Аспан – қыздың оянғаны секілді,
Таң алдында керіліп.

 

Келгендігі ертегідей, шын болса!
Көктемдегі әр жапырақ – бір тамшы,
Ағаштарда бүр жарса!

 

Көктем келді, дүние тұр бір сезімге беріліп,
Будақ-будақ бу шығарып аспанда,
Бұлттар жатыр төгіліп.

 

Көктем келді, аңыздардан, мысалы,
Жер Аспанға гүл ұсынып тұр әне...
Гүлге толып құшағы.


Көктем келіп, тастар – гүлдеп, беті мүк...
Жауған жауын әуенімен тамшылар, 
Билеп жатыр секіріп. 

 

Көктем келді, көл жағалап құс қонса, 
Қыс, Жаз, күзің – үш тумалас жігіттер!
Көктем деген – қыз болса!

 

Қонуға да жақынбыз, ұшып бара жатырмыз!
Қысқа болып күн тізбе, өлең сыйлап тұр бізге,
Көктем деген – ақын қыз! 

 

Жазылмаған заң


Басқаға қарағандай?!.
Жоқ болып еш керегім!
Сезімді... орамалдай,
Маған деп кестеледің!..

 

Бар-жоғым саған бірдей,
Өтірік... кектенесің.
Басқаға шамаң келмей,
Тек маған өкпеледің.

 

Қоштаспай қала бердің,
Дұрысы... кетпегенім.
Мазамды ала келдің,
Неліктен, текке менің?!

 

Сәл затқа жылағандай,
Жасыңды төккен едің...
Сен мені сынағандай,
Ішіңнен... Кетпе дедің.

 

Суықтық сезілді ме,
Бұрылмай кеткен едім?!.
Сол үшін өзімді де,
Ішімнен... жек көремін!

 

Біз екеуміз – тән мен жан

 

Тәнді тағдыр қуырса...
Жаның бәрін көтерген.
Бекзат – тәнің ауырса,
Жаның тәтті – шекерден!

 

Бұзық бала кәдімгі,
Денем – 
жанға көнбеген...
Ауырғанда тәнімді,
Жаным (менің) емдеген.

 

Бірімізге біріміз,
Жасалатын дос қамы.
Келмегенмен түріміз,
Бөтен көңіл жоқ тағы.

 

Екеу болып жүрсін деп,
Тағдыр екен таңдаған.
Жүрек тұрар дүрсілдеп,
Шапалақтап қолдаған!

 

Бір үйдегі татудай,
Кім туысты таңдайды?!. 
Молекула, атомдай – 
Бөлшектеуге болмайды!

 

Сезім 


Бір сөніп, қайта бір жанып...
Жылылық отын үрлейсің.
Сезімнен жүрсең құр қалып,
Өмірдің өзін бімейсің.

 

Асудан асу асқанбыз,
Жетуге алда белеске!
Жұмаққа қарай басқан із...
Не деген толы күресеке?!.

 

Өмірдің жүзген төсінде,
Қайықпыз, сезім – желкендей!
Айналаң түгел көшірме,
Елесің қалған өртенбей.

 

Алданыш болып жеткенің,
Бәрін кеш біліп... ұғасың.
Өмірдің өтіп кеткенін – 
Өмірді сөгіп тұрасың!..

 

Суыған дейсің сезім де,
Сезімсіз өмір – өмір ме?!
Жоқ деген күннің өзінде,
Ұшқыны тұрсын көзіңде!..

Бөлісу: