Қуат Бораш. Әдебиеттің шегі жоқ

01.07.2021 4227

Қазақстандағы «Балалар әдебиеті жылына» орай ұйымдастырылған  «БАЛАЛАР КІТАБЫ: АВТОРДАН ОҚЫРМАНҒА» атты Халықаралық онлайн симпозиумында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш  осылай деп мәлімдеді.

 

-Әдебиеттің шегі жоқ. Ханс Кристиан Андерсен, Астрид Линдгрен, Жюль Верн, Марк Твен, Корней Чуковский, Агни Барто, Джулия Роулингтің атақты шығармалары қазақ тіліне аударылды. Қазіргі қазақ балалар әдебиетінен Нұрдәулет Ақыш, Нұрлан Қалқа, Толымбек Әбдірайым, Сәуле Досжан, Зира Наурызбаева, Лиля Қалаус, Мәди Айымбетов, Серікбол Хасандарды айтуға болады. Бүгінгі таңда балалар жазушыларына олардың кітаптары жарияланып, біздің жас оқырмандарымызға қол жетімді болуы үшін қолдау көрсету қажет.

 

Жиынның модераторы педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева халықаралық симпозиумның ашылуында сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

-Құрметті қатысушылар! Сіздердің әрқайсыларыңыз балалар әдебиеті мен балалар оқуының дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Халықаралық Балалар кітабы академиясын ашуды ұсынамын. Симпозиумға қатысушылардан осы жобаға қосылуды сұраймын және Біз бәріміз бірге балаларымыздың, болашағымыздың игілігі үшін ортақ іс жасаймыз. Басты мақсат – мәдени және әлеуметтік міндеттерді шешу үшін балалар жазушыларының, баспагерлері мен кітапханашыларының күшін біріктіру, балалар әдебиеті мен оқудың қоғамдағы беделін арттыру. Мұндай әлемдік тәжірибе бар, Академия Швецияда 1989 жылы құрылған. Менің ойымша, жаңа идеялар, жаңа жетістіктер уақыты келді! Біз мұны бірге жасаймыз!

 

Ертегітерапевт, балалар жазушысы, Гошаның орманы балаларға арналған ақылды ертегілер сериясының иллюстраторы, блогер Ольга Бунина/АҚШ/ балалар психологиясын дұрыс қалыптастыруда ертегітерапияның маңызы зор және ертегі арқылы балаларды тәрбиелеу қажеттігіне тоқталса, ИФЛА балалар мен жасөспірімдер кітапханалары секциясының төрайымы Йорун Систад (Осло қаласы, Норвегия), кез келген уақытта қазақстандық жазушылармен қарым-қатынас жасауға дайын екендіктерін атап өтті.

 

Ал, Түркия Республикасының әрі жазушы, әрі аудармашысы Ашур Өздемір қазақ әдебиетіне қатысты өзіндік пікірін білдірді.

 

- Қазақ әдебиетінің ерекшелігі, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің тұтастығында және түркі әдебиетінде ең бай әдебиет саналатындығында.

 

Ал аудармаға келетін болсақ, аударатын шығарманы таңдай білу керек, екіншіден аударманы кез келген емес, кәсіби маман аудару керек және де оның дизайнына аса мән беру керек, сонымен қатар баспаны да таңдай білген дұрыс деп кімдерді аудару керек дегенде санамалап берді. Ашур Өздемір мырзаның сөйлеген сөзіне қарап, қазақ әдебиетін өте жақсы білетіндігін, қазақ тілінде шебер сөйлегендігін байқадық.

 

Ең бастысы Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларының бәрін аударуға тұратындығын және оның оқырмандары 10 жастан 70- жасқа дейін екендігін атап өтті.

 

Айта кетейік, іс-шараны ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізді.

 

Іс-шараның мақсаты –  балалар әдебиеті мен балалар оқуы мәселелеріне қоғамның назарын аудару, сонымен қатар авторлардың, баспалар мен кітапханалардың ғаламдық ақпараттық кеңістіктегі ынтымақтастығы болып табылады.

 

Симпозиум жұмысына ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева, ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ИФЛА балалар мен жастарға арналған кітапхана секциясының төрағасы, Ферде көпшілік кітапханасының директоры Йорун Систад (Jorun Systad) (Норвегия), балалар психологы, ертегі терапевті, жазушы, балалар мен ересектерге арналған Гошин лес Ақылды ертегілер сериясының иллюстраторы, блогер Ольга Бунина (АҚШ), жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар Одағының балалар жазушылары секциясының төрағасы Нұрдәулет Ақыш, Беларусь Республикасы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Елена Стельмах (Беларусь), жазушы, баспагер Михайл Свидерский (Македония), ақын, өнер тарихшысы, Македония ұлттық және университеттік кітапханасының қызметкері Рифат Эмин (Македония), Ресей мемлекеттік балалар кітапханасының балалар оқуының Әлеуметтану, психология және педагогика бөлімінің меңгерушісі, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Елена Колосова (Ресей), балалар жазушысы, аудармашы Ашур Өздемир (Түркия), Филиппин Ұлттық кітапханасының балалар секциясының кітапханашысы Меланиа Рамирез (Melanie A. Ramirez) (Филиппин), М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының халықаралық байланыстар және әлемдік әдебиет бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Светлана Ананьева, Ф. Кочарлы атындағы Әзербайжан республикалық балалар кітапханасы директорының орынбасары Захира Дадашова (Әзірбайжан),  Хнко Апера атындағы Ұлттық балалар кітапханасының қызметкері Гайене Исраелян (Армения), Минск қаласының балалар кітапханаларының орталықтандырылған жүйесінің директоры Татьяна Швед, Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасының директоры Баян Уатаева, Анна Ахматова атындағы SMART-кітапхана директоры Владимир Косаревский (Ресей), ақын, журналист Алпамыс Файзолла, Мордовия республикалық балалар кітапханасының директоры Ольга Федотова (Ресей), әдебиеттанушы Анар Қабдуллина, № 76 астаналық мектептің 7 сынып оқушысы, «Ертегі әлеміндегі ханшайым» кітабының авторы Разия Акпар, сондай-ақ, Қазақстан кітапханаларының басшылары мен қызметкерлері, балалар жазушылары, баспагерлер, журналистер, блогерлер қатысты.

 

Бөлісу: