Әкемнің арқасында аштық көрмеппін...
«...Өткен қыста аштық болды. Ашыққан адам бірінің етін бірі жеді. Өліктің етін жегені былай тұрсын, өлмеген тірі адамдарды малша ұрлап, малша сойып жеді. Қалаларда түн болса, көшеде жүруге болмады. Мезгілсіз уақытта көшеде жүрген адамдарды жылқы сияқтандырып бұғалық салып, буындырып ұстап, сойып жейтін болды. Анасы баласының етін жеуге жетті... Аштықтан адамның тәні азып еді, жаны да азып, ес кетіп, адамгершілік жоғалып, адам хайуаннан да жаман болып кетті...»
Ахмет Байтұрсынұлы, 1922 жыл
«Тәні саудың - жаны сау» мақаласынан, Қазақ календары.
Анам Гүлбаһром жерде жатқан нан тағамдарын көрсе нанды жерге тастамаңдар киесі атады деп күйінетін. Ол кезде балалықпен сөздің парқына бірде түсінсек, бірде түсінбейміз, сонда да нанның киесі кім екенін білгіміз келетін. Сондай кездерде анам өткен өмірінің қилы кезеңінен сыр шертетін:
- Ата-бабамның қонысы Айыртау ауданы Сарыөзек жерінен төрт шақырымдай жерде орналасқан Нұрқан ауылы-тын. Әр отбасының үй-жайы, қора - қопсысы болды. Қыс түссе малдарын қорада ұстап жаз болса азын –аулақ малдарын жайлауға шығаратын. Сол кезде ауыл тірлігіне «белсенді», «ұжымдастыру» деген сөздер қосылды. Халық әсіресе белсенділер мен комсомолдан зәрезәп болды, нағыз шаш ал десе бас алатын қатыгез еді. Бақсам бұл сөздер 1928-1930 жылдардағы ұжымдастыру саясаты кезінде пайда болған теңеулер екен. Ұжымдастыру шарпуы біздің ауылға да тиіп күн көрістік шамалары бар адамдар азын-аулақ малдарынан айрылып қарақан бастарынан басқа дымы жоқ ұжымшар мүшелері болып шыға келді. Ол аз болғандай «салық» деген бәле шықты. Төлей алмағандардың қолындағы бар малдарын, ұрадағы астықтарын, кебежедегі азын-аулақ азықтарын тартып алатын. Бара-бара «Нұрқан» ұжымының халқы босып, біздің отбасы Казгородок ауылына қоныстанды. Күштеп ұжымдастыру саясаты ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ елінің дәстүрін талқандап мал тұяғымен күн көрген ата кәсібінен алшақтата түсті. Мұндай тотолитарлық тоқпақ қазақ жұртын азып-тозуға алып келді. Бұл саясат қазақтарды ұжымдастыру арқылы отырықшылыққа үйретеміз деген саясатынан басталды. Осындай науқан салдарынан қолында малы жоқ кебежесінде нәрі жоқ адамдар ашаршылыққа ұрынды. Ауыл-ауылға аштық кіре бастады. «Пәленшенің үйі ісіп - кеуіп жатыр, өліп жатыр» деген дақпырт елді үрейлендіре түсті. Бірақ біреуге біреу қол ұшын берер нәр татырар дәрмен қалмады.
Әкем шебер - тін. Анам күні бойы бізбен бірге, әкем далада күнкөріс қамымен жүреді. Бір күні әкем мен анам екеуі күңкілдесіп отырғандарын естідім «адамдар бір бірінің етін жей бастады есікті кім көрінгенге аша берме» деп отыр екен әкем. Сонда ғана анамның далаға шықса есікті бекітіп отыратынын түсіндім.
Ауылымыздың жанында Сырымбет көлі болатын «Өзен жағалаған тал қармайды» деген емес пе, әкем көлге қармақ салып, балық аулайды. Біз қамыстың қоғасын жейміз. Қоғаның дәмі тіл үйіретін тәтті болғандықтан оны сүйсіне жейміз, сол қоғаның дәмі әлі күнге дейін аузымнан кетпейді-ау. Бізді көрген көрші-қолаңдар да көлге барып, балық аулап, қоға жеп, аштықта жан сақтады.
Әкем аңшы да еді. Қыс айы, әкем анама:
- Тор құрып кетіп едім, түскен аң болса алып келейін қоянның іздері көп болған соң қол созым жердегі орман ішіне құрғанмын, - деді.
- Сырма жел жүріп тұр, далаға шықпа, - деген анамды тыңдамай аңға шығып кетті. Біраз уақыт өтті анам далаға кіріп шығып:
- Мына сырма көтеріліп кетті, тезірек келсе екен, - деп жүр. Үйдің жыртық терезесінен далаға көз салып едім, дауылдан көрші үй көрінбей кетіпті. Таң ата кеткен әкемнен хабар жоқ, түн ортасы болды, анам екеуміз Аллаға жалбарынумен отырмыз. Мен жыламсырай бастап едім анам:
- Күні бұрын жылау шақырма әкең кәнігі аңшы ғой бір амалын тауып, аман-есен оралар, - деп күрсініп қойды. Бізде ұйқы жоқ. Бір кезде таң қылаң бере есік қағылды.
Жүрегім дүрсілдеп, есікті ашып едім, есік алдында үсті - басын ақ қырау шалған әкем тұр. Мен қуанғаннан әкемді құшақтап жылап жібердім. Ол мені құшақтап:
- Қызым, сенің тілегің мені үйге аман есен алып келді, - деп мені жұбатып жатты. Үйдің іші тиышталғаннан кейін:
- Аңдарға тұзақ құрған орманға жеттім жай жүріп тұрған сырма жел ұйытқи бастады. Бірінші тұзағыма қоян түсіпті. Қоянды қанжығаға байлап алдым. Төрт тұзақ құрған едім, жел көтеріліп бара жатты. Кетуге асықсамда да аңшылыққа деген ынтазарлық жеңіп, екінші құрған тұзағыма келсем құр екен оны да байлап алдым. Сырма жел ұйытқыма боранға айнала бастады. Үшінші тұзаққа келсем бағыма қарай торға түскен қоянды да алдым. Төртінші тұзағыма түскен қоянды алып жолға шығып едім боран бұрқасынға айналды. Бара-бара аспан мен жер тұтасып ақ түтек дауыл басталды. Қарға адым жер көрінбейді алдыңа ақ қабырға тұрғызып қойғандай. Қайда келе жатқанымды да білмей қалдым. Әйтеуір ит-құс кездессе деп алған бес атар карабинім бар. Атты қақпақылдап өз бетімше жүрмек болып едім, онымнан түк шықпады. Сүйтіп өз бетіммен жол таппақ болған әрекетімнен ештеңе шықпады. Одан бетер адастым ғой деймін. Содан қазақтың «Ат айналып қазығын табар» деген даналық сөзі еске түсіп аттың басын бос жібердім де, аттың бауырына жабысып жатып алдым. Аттың жылуы мені тоңдырмады. Осылай атым аман-есен мені үйге алып келді, - деген еді әкем.
Әкем осылай аң аулап, көрші орыс ауылдарына барып жұмыс істеп қорегімізді табатын. Әкем кеңпейіл адам еді азық - түлікпен көршілерге де, ағайындарға да қарасатын. Әйтеуір әкем мен анамның арқасында көрер жарығым бар екен. Шынында әкемнің арқасында аштық көрмедік. Революциядан кейінгі жылдар қазақ баласына түскен үлкен нәубет жылдар болды. Солай қолдан жасалған үлкен нәубет қазақ халқының жартысын аштан қырды ғой.
1933 жылы жағдай түзеле бастады. Інім дүниеге келді. Әкем сонда:
- Қандай қиын қыстау кез болса да кісінің ала жібін аттамадым. Баламның аты Ақжол болсын, - деп інімнің атын Ақжол қойды, - деген еді анам.
Анамның естелігінен соң «Тереңкөлдің» жағасына өсіп тұратын көк құрақ қамыстың қоғасын жеп көріп едім дәмінен жүрегім айнығаны бар. Содан қоғаны анама да әкеліп беріп едім, анам әкелген қоғаны сүйсініп, ашырқана жеді. «Аштық жылы жеген құйқаның дәмі кетпес» деген емес пе сонда ғана аштықтың қандай екенін анам арқылы түсінгендей болдым. Сол кезде нанның киесі «аштық» емес пе екен деген де ой келді. Тасығандарды тәубәға келтіретін. Сондықтан қазір «Нанды қадірле, киесі атады» деп айтқан анамның ұлағатты сөзін еске ұстап, балаларыма айтып жүремін.
Р/s: - Әкем аман - есен келеді, ол хабар-ошарсыз кетті, - деуші еді анам, - амалы таусылған ғой, - деп күрсініп қоятын, - Жүрек құрғыр әкең тірі деп құлағыма сыбырлап тұрғандай болады. Содан әкеме дұға бағышылайын десем... тірі адамға қалай дұға оқыйын деп өзіме тоқтау саламын, - дейтіні де бар еді анамның. Не істейін, Анам сол жүрек шерін өзімен ала кетті – ау! Уақыт өтседе анамның сөзі жерге тастамадым. Тек бертін «Мемориал» сайтынан Әбілмәжін атамның ерлікпен қаза болғанын оқып, атама тұңғыш рет дұға бағышыладым. Маған сол түні түсіме анам кірген еді, жүзі жарқын, бала кезімде тұлымшағымнан иіскеп еркелетуші еді, еңкейе бере тұрып қалды... менің есейіп кеткенімді білмеген ғой. Оянып кеттім... жылап жатыр екенмін...
Бөлісу: