Жазушы Қалихан Ысқақ
Студент кезден бұрынырақ, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қазақ жазушыларын бір-бірлеп оқып, кімнің қандай кітабы бар екенін, оның ішінде не жазылғанын айтып бере алатын едім. Мектепте әдебиет пәні оқытылады. Бірақ одан тыс қаншама кітап оқылды. Шетел әдебиетіне, орыс әдебиетіне де ынтамыз біртұтас ауған жылдар болды. Орыстың классикалық әдебиетін оқығанда қазақ жазушыларынан өзгерек, батыс өркениетінің ықпалын сезінгендей боласың. Рухани байып қалғандай, шынайы өнердің бағасын ұға түскендей есейіп қаласың. Бірақ қазақ әдебиетіне оралып отырасың. Басқа әдебиетте бар, біздің әдебиетке әлі сіңісті бола қоймаған ерекшеліктерді де тани түсесің. Сол өзгерек мәдениеттің ақыл-ойға ерекше әсер ететін биік нысанасын қазақ оқырмандары сезінсе екен деп өзге тілден сол жылдары көп кітаптар қазақ тіліне аударылып жататын. Бір жағы тілін үйренуге, екінші жағы шет елге жақындау ғой деген оймен орыс тіліндегі аудармаларды оқу талай студенттерге тән еді. Оның үстіне шетел әдебиеті орыс тілінде жүреді.
Қазақ әдебиетінде 60-ншы жылғылар деп аталатын буынның жазғандар шығармалары ерекше бағалы болатын. Аға буыннан кейін бірнеше буын өткенде бұл толқынның келуі біраз дүниені өзгерткендей еді. Бірақ олардың жазғаны да уақыт өткен сайын әдепкі жағдай сияқты санала бастады. Кеңестік жұрт оқығыш. Жаңаны күтеді.
Саясатта да, өнерде де тек алға ғана басу деген ұран бар. Бүгінгі ертеңге меже емес деген қағида болатын. Сын да, оқырман да сондай еді. Сонда да сын жоқ деп шулап жатады. Сын бар болатын. Мақтауы көптеу, саясатқа бейімдеу болса да ақ-қараны сол мақалалар арқылы ажыратып алуға болады. Қазіргідей елдің бәрі бірдей деген түсінік ол кездің қаламгер қауымына жүрмейді. Біреулер өтірік мақталып, немесе мықты жазушы деп есептеліп жүрсе де оның жазғандарына қарап, дұрыс бағасын беретін көзі қарақты оқырман азаймаған кез.
Кітапты бағалай білетін, жақсы нәрсені іздеп оқитын оқушы қауымның жастар әдебиетіне де көзқарасы өзгеше. Санаулы баспа, азғана кәзит болса да насихаттың көкесі жалғыз әдеби кәзиттің төңірегінде жүріп жатады.
Біздің ұрпақтың әдебиетке келуі әркелкі болды. Өз басым оқуды сырттай бітіріп, елде қызмет істеп, жасым 35-ке келгенде мәдениеттің қаласы саналатын Алматыға асықпай, біртіндеп танылатын адамның күйімен жайбасар қалпымда жеткем. Бұл сырт көрініс. Іште небір төңкерістер, сапырылысқа ойлар жүріп жатқан, қайнаған қайратты шақ. Бірақ сырт бейнем тоқтап қалған, өмірдің бәрін көріп әлденеден тайсақтай, қаймыға қарайтын адамның күйіндей. Бұл майданның шет жағасы студент кезде, кейін қызметте жүріп қалаға анда-санда ат ізін салып, қалам ұстаған қауыммен жақын таныса бастағанда байқалды. Іштегі қорқыныштың бірі жаңа орта бізді қалай қабылдайды деген ой. Бізде де болды. Бірақ сенім күштірек.
Әдебиетті барлық кәзит насихаттап жатады. Мақтауы көбейе түскен. Бұл ортаға келген екі-үш жылда айналаның мінез-құлқына да үйреніп, түрлі жағдайға бейімделуге тура келді. Жастар журналындағы қызметті қазақ радиосының әдебиет және өнер бөлімінде жалғастырған кезде де осы айлық жағы сол ең төменгі деңгейден көтерілмеуі тек мені ғана емес, жорналыстар, ақын-жазушылар қауымын іштей қатты қобалжытатын. Бұл мәселе Одақ жиындарында, баспасөзде жиі айтылып жатты.
Сол кездің есебімен қазақ радиосындағы аға редактордың айлығы 25-мың теңге. Осы айлыққа біздің бөлімде енді ғана филфакты бітір келген қыз-жігіттер қызмет істеп жүрді. Бұл жайлы кейін. Біздің бөлім тақырыбы, әдебиет, өнер, театр, кино сияқты мәселелерді қозғайды. Жазушы көп. Ақындар да келіп, өлеңдерін оқып жатады.
Анда-санда студияға шақырып жазып алатындар да бар. Менің әдетім оңаша жерде сұхбат алып, соны қаламгердің өміріне, қызметі мен кітабына сәйкес қылып, мәтін арасында беріп отыру еді. Ең алғашқы бірер хабарым дұрыс өткен соң бөлімнің Бас редакторы Дүйсенбек Қанатбаев -енді өзің жақсы көрген тақырыптарды жасап бере берерсің,– деп ақылын айтқан. Хабар әр күн сайын «Қаламгер» деген атпен белгілі бір уақытта беріліп, ұзын-ырғасы 45 минутқа созылады. Аптаның 5-күнінде бөлімдегі 6-7 адамға мұндай уақытты толтыру оңай емес. Оның үстіне сенбі күнгі 10 минуттық мәдениет жаңалықтары тағы бар. Апта сайын жаңа хабар жасалады. Қаншама уақыт. Күш-қайрат. Біреулер қиналса да жаңа хабар жасайды. Енді біреулер көптің ішінде ескі хабарларын қайталай салып, өз жұмысымен жүре береді.
Қызметтің оңтайлы бір кезінде жазушы Қалихан Ысқақтан сұхбат алудың сәті түсті. Телефоннан хабарлассам үйінде екен. Ертеңіне кезікпек болып уақытын белгіледік. Қалихан ағаның дауысы ширақ. Кітаптарын оқып, жазғандарына разы болып жүретін ағамыздың көп созбай «ертең кел пәленше уақытта,– дегені сұхбаттың сәтті шығатынына күні бұрын сендіргендей еді.
Күзгі уақ. 1995-жылдың күзі. Алматыда күн салқын. Жазушы ағамыз үйде. Жасөспірімдер театрының маңайы деген соң аталған үйді көп іздеп әуре болмай-ақ тез тауып алдым. Үйге келіп сыртқы қоңырауды басқанда есікті ширақ қимылды, орта бойлы, жүзі жылы апай ашты. Амандықтан кейін:
–Ағаң жұмыс істеп отыр,–деп кең дәлізбен жұмыс бөлесіне қарай бастап әкелді.
–Ағаң мында. Кеше хабарласқан тілші бала ғой,–деді апай дабырға елеңдеп қалған жазушыға.
Қалихан аға үй киімімен жұмыс істеп кетуге дайын отыр екен. Мен өзім де жазатын адам болған соң елге танымал қаламгер ағамызды сұрақтың астына алып жатуды хош көрмей, әр-бері танысып отырған уақытта кейінгі кезде өзін қандай нәрселер толғандырып жүргенін, жазу жайын, әдебиеттің қазіргі күйі туралы не ойлайтынын жарты сағаттай еркін айтқызып, әңгімелетіп алдым. Кей тұстарда сәл бөгеліс болса сұрақ та беріп жалғап жіберіп отырдық. Сұхбат деген аты болмаса бұл жазушының оқырман алдындағы уақыт, әдебиет, өнер, тарих жайлы айтқан өзіндік ойлары еді.
– Алдына салып қуалай жөнелетін асығыс тілшілерден қашатын біз сияқты адамға сенің мынауың дұрыс болды. Әйтпесе ананы сұрап, мынаны сұрап, ойыңды бөліп, бірдеңені айта бастасаң оған қиыспайтын екінші бір сұрақты қойып жататын тілшілерге жаңа бірдеңе айта қою кейде қиын өзі,–деп ақталып қойды. Бұл уақ Қалағаңның алпыстың төңірегінен асқан шағы болса керек. Сол кезеңде осы қатардағы бірталай жазушылар өздерінің 60-жылдығын атап, тойлап жататын. Айтатын сөзін жазып алған соң да Қалағаң қазақтың тарихына қарай кетті дейсің түрік заманындағы Алтай тауының төңірегін айтып. Сол заманнан қазірге жеткен жер атауларын да атап-атап қояды. Оның сауал берсең сөйлеп кеткелі тұрған қалпына қарап, қағазса түсірсем бе деп жинақтап жүрген ойлары-ау,–болжадым.
Менің аты-жөнімді естігенде білем-білмеймін деп ештеңе айтпады. Мен де әңгіме жазушы едім,– деп сөз бастауды үлкен жазушының алдында жөн көрмедім. Сырт көзге ақкөңіл, кісі көңілі қалсын демейтін Қалағаңның да өзіндік мінезі, көзқарасы бар адам екені отырған отырысы, жүрген жүрісінен байқалып тұратын.
Қызу әңгіме дастарқан басында жалғасты. Кейде уақыт шіркіннің зулап алып жөнелетіні қиын. Сырт пішіні сол суреттегі кейпінен еш өзгермеген, сақалды, үлкен аялы көздері адамға өзгеше бір сеніммен қарайтын мына қазақ жазушысымен әлі талай сөйлесемін ғой деген ой сол сәтте басқа ештеңе ойлатпады. Ең бастысы келген жұмысымның уақытында бітіп, жазушының дауысын жазып алғанымның өзі олжа ғой.
Тамақ алдында Қалағаң коньяк алдырды да оны өзі ашып, ақырындап бір-екі рет құйды. Не сөйлегені де есімде жоқ. Тілекті де өзі айтып тастады. Жаңа таныс боп, дәмдес болған адамға айтылар жылы сөз. Сөз сөйле деп мені қыстамады. Қанша кітаптарын оқығаным бар. Тым құрмаса соны да айтпаппын. Кейін ойлаймын адаммен сөйлесе білу де шіркін өнер ғой. Кейде алдыңда отырған тірі таланттардың қызық мінезінен хабар беретін, небір жайттарды айтқызыл алатын жерде бір соқпаққа түсіп алып зымырағаныма өзімнің де көңілім тола қоймады. Кейін бұл ойымды Жазушы Дінәш ағаға айтқанымда ол мәз болып күлді.
– Ой болады ондай. Адамның мысы басады. Әшейінде сайрап отырған мен де кейде аузым буылып түк сөйлей алмай қалатын кезім болады ,–деп жұбатқан болды.
Хабар тәп-тәуір болып шықты. Ең бастысы жазушының сөздері елдің құлағына жетті. Оның тамаша туындылары дикторлардың оқуымен музыкамен көркемдей отырып берілді. Хабардың жүретін уақытын айтып кейін өзіне хабарлассам да Қалағаңның ол хабарды тыңдаған-тыңдамағанын білмей-ақ кеттім.
Қалағаң бір көрген адамын ұмытпайды екен. Одақта әлдебір жиындар болса, не басқа бір орайда кезіксе де берген аман-сәлеміңді алып, ширақ қалпынан танбай жүреді. Оның маңайында көбін жазушы інілері, кейде елден келген адамдарға ұқсайтын бейтаныс адамдар да кезіге беретін. Менің өз басым да орайы келіп жақын тартқан, етене білетін адамдар болмаса бірер жолыққан адамдарға онша араласып кете қоятындай әдетім жоқ еді. Қалағаңмен болған сұхбат та, оның өзімен кезіккен алғашқы кездеусу де көп ұзамай ұмыт болды.
Бір жылы ерте көктемде болу керек қалалық әкімшілік ғимаратында жазушылардың үлкен жиыны өтті. Жиын ұзаққа созылып, жалғасы әлі бітпей арты сайлауға ұласты ма есімде қалмапты. Сол жиыннан түске таяу шығып, желтоқсан көшесімен төмен түсіп келе жатсам Қалағаң тұр екен жоқ үстінде. Қызық кездесу. Сәлем беріп қолын алдым. Қасында Семейлік жазушы Талғат Кеңесбаев бар. Қысқа амандықтан соң кете беріп ем Қалағаң:
– Мына Талғат бірге жүр деп тұр. Сен де берге бар,–деп жақын жердегі кафеге ертіп әкелді.
Менің ештеңеге зауқым жоқ еді. Үйге кеткім келіп тұрған. Келіп кең кафенің шағын столына жайғасқан соң Қалағаң қызықтың көкесі алда болатын сияқты,–деп бірдеңенің шетін шығарып қойды. Бұл шағын отырыс көпке созылған жоқ. Сол ескі әдетіммен состиып, не әңгіме жоқ, не үлкен адамға деген жылы лебіз жоқ тұнжырап отырдым да қойдым. Талғат марқұм бірдеңелер айтып, ағамыздың көңілін көтерерлік әзілдермен күлдіріп қояды.
– Мына отырысың Келаға, нағыз біреудің отырысы,–деп Тәкең маған қарап жымиды.
– Жоқ мұның отырысы шенеунікке ұқсамайды. Бұл бірдеңе ойлап мазасызданған адамның отырыс,–деп Қалағаң сені не мазалап жүр дегендей қарап қойды.
– Әй, не мазаласын. Ит тірлік те баяғы,–десем керек. Талғат күліп жіберді.
– Мұнысы шын енді, –деді Қалағаң. Басқа біреу болса менде бәрі жақсы деп ыздиып отырар еді. Жазушылығы ғой айтқызған. Бірақ жассың ерте қажыма.
Бұдан ары әлгі жиналыс туралы, сөз болып жатқан әдебиеттегі жаңалықтар туралы әңгімелер айтылды. Біраздан соң жиынға қайта келдік.
Бұл кездесуден кейін Жазушы Қалихан Ысқақовпен қайта бас қосып сөйлесудің еш реті келмеді. Жүзі таныс бірер рет көрген адамымен туысындай араласып кететін ашық адамдар болады. Бірақ Қалағаңмен арамыздағы қатынас сол алғашқы таныстықтан кейін алға жылжымай-ақ қойды. Кейде көрем. Аман-сауымыз дұрыс. Қасында інілері жүреді. Өскемен жақтың қазақтары. Бірақ Қалағаңның сол інілерінің бірде-біреуімен әңгімеміз жараспай-ақ кеткен сияқты талантты жазушының өзімен де қарам-қатынасымыз жөнделмей-ақ қойды.
Мына қазақтың осал емесін ол да сезсе керек. Іштей мықтылығын мойындай тұра осы жазушының тәуір көретін жақын інісі ретінде қасында жүріп әңгімесін тыңдай алмағаныма, сырлас болып ойын бөліспегеніме кейде отырып себеп іздеймін. Иә, себеп жоқ. Қалағаңды айналсоқтап жүретін көп жазғыш, жерлестердің көбін оның өзі ұната бермейтін. Тіпті сөзбен қыжыртып, оларға ат қойып, күлкілі айдар тағып тастағаны да бар. Бірақ олар оған намыстанып жүрген жоқ. Таяқ жеп алып, «Қалаға,–деп артынан қалмай ілесіп жүргендері. Егер анадай сайқымазақ есімді маған таңып, төмендетер болса мына жүйке құрғыр шыдамай, жатып шайқасар ма едім кім білсін. Иә, көп сөйлемейтін, үнемі ой үстінде жүретін менің де қызық мінездерім, адам түсіне қоюы екіталай қылықтарым өз басыма жетерлік еді. Оны барып сыйлап жүрген адамыңа көрсетудің не реті бар дейсің. Адам көрсетем деп көрсетпейді кей мінездің адам бойынан өзінен-өзі түрегеліп, бой бермей шыға келетін сәттері болады. Мен сондай шақтарда артық кетіп қалмайын деп өзімнің мінезімнен жасқанатын едім. Бұны талай адамдар басқаша санап жүрсе керек.
Көп уақыт дұрыс кітап шығара алмай жүріп «Қалғұты» атты әңгімелер жинағым шыққанда тұсаукесер жасағаным бар. Бұл 2006-жылдардың мөлшері. Келер деп шақырылған таныс ағалардың тізімде қалихан Ысқақ та бар еді. Бірер күн қалғанда ертерек айтып қояйын, тұсаукесер болатын күні асығыс болмасын деп біраз уақыт бұрын телефон соғып хабарласқан едім. Бұл жағдай Қалағаңмен қарам-қатынасымызды жақындатудың орына қайта алыстатып тастағандай болды. Телефон соққан күні амандықтан кейін мән-жайды айтып түсіндіре бастағанда, бәрін мұқият тыңдап тұрған Қалағаң мен сөзімді аяқтай бергенде, өзінің келе алмайтынын, ауырып жүргенін айтып,
– Сенің творчествоңа қалай қарайтынымды білесің ғой. Ренжіме,–деп соңынан жөтелгені естілді. Сонымен әңгіме желісі үзіліп барып жалғаспай қалды.
– Жарайды,–деп ойладым. –Өзімді-өзім қайрай түсіп. Мен мықтылардың сөзіне зәру емеспін. Өзім де мықтының бірімін. Содан таяқ жеп жүргенім де жетеді,–десем керек өз-өзіме.
Бұдан соң тағы да шұбатылған ай-жылдар өтіп жатты. Ешбір ағаның ығына тығылмадық. Дегеніне жығылып, алдында құрдай жорғалап жүрмедік. Өзімізге-өзіміз сендік. Ең соңғы рет жазушы Қалихан Ысқақпен «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген кітаптың түсукесерінде жолықтық. Фүшек деген өтіп жатқан жерде тура қарсы жолықтық. Қолтығынан демеп біреу мықтап ұстап жүр екен. Атымды ұмытпапты әйтеуір.
– Келіс, қал қалай?–деді қарлыққан, қырылдаңқы дауыспен. Тағы да бірдеңе айтпақ болды да баспалдақтан аяғы сәл тайып, қолтығынан ұстаудың күшімен әрең жығылмай қалды. Оң қолында таяғы бар.
Қалағаңның бірдеңе айтпақ ойы болды ма, амандаса салып дереу басқа бір жұмыспен жүгіре жөнелген маған аңтарыла қараған көзқарасы ұзақ уақытқа ұмытылмай есте сақталып қалды.
Мемлкеттік сыйлықтың лауреаты, қазақтың тамаша жазушысы Қалихан Ысқақ марқұм көп жазушылар сияқты Алмадағы кеңсайда жерленген жоқ. Оған топырақ өзінің туған жері шығыстағы ауылынан бұйырды. Бара алмадық. Естіген сәтте дұғамызды оқып, ағамызға иман байлығын сұрадық.
Қалаға, сол бауырыңыз сізді есіне алып тұрады. Бақұл болыңыз дедік.
21.08.2021 жыл.
Бөлісу: