Ғасырдан ұзақ күту...
Түнгі шық
Оралсаң... шықтай іздеп бар,
Аңсаған жанның орамы.
Елестеп көзге түнгі оттар...
Қиялдан шығып брады.
Оралсаң, шықтай аңсап бар,
(Арманға толы сол сәттер!..)
Сыңғырлап тұрған моншақтар,
Сәл тиіп кетсе саусақтар.
Жаныңды қояр қозғап бір,
Аспаннан лағыл түскен тік.
Жарылып кете жаздап тұр,
Көзінен түннің піскен шық!
Еріні тиіп етіңе,
Елжіреп тұрған, елжіреп.
Суретің түсіп бетіне,
Мөлдірлік тұнған мөлдіреп!
Жапыраққа жайған бүршігін,
Не деген мынау мықтылық!..
Естисің жүрек дүрсілін,
Кішкентай шықтан тұп-тұнық!
Күту
Келер деп – күткен бақыт,
Мендегі төзім болар?!
Күтумен өткен уақыт –
Ұрланған сезім шығар.
Тосыннан сен келгенде,
Мінез күт тұнық көлден...
Сананы сенделгенде,
Сезім ғой жығып берген.
Көктем ғой сізде деймін,
Қонақ қой бізге келген...
Ешкімді іздемеймін,
Өлең ғой іздеп жүрген.
Сыр беріп дауыл күйім,
Болмайды бұрынғыдай.
Лапылдап жану қиын,
Одан да сөну оңай!..
Мен күткен шықшы жолға...
(Не табар келмегенде?!.)
Не болар бықсығанда,
Не қалар сөнбегенде?!.
Бір гүл бар –
Жүрек, кеудемде,
Шоғы жоқ, от боп жанады.
Алып кет сен кел де,
Күдерін үзген жоқ әлі!..
Бөлісу: