Жазушы Тұрсын Жұртбаймен танысу
Тұрсын. Кәдімгі жазушы ағамыз, алдымыздағы толқын әдебиет өкілі Тұрсын Жұртбай. Биыл жасы жетпіске келген соң бірталай қаламдастар оған баспасөзде жылы лебізін білдіріп жатты. Разы болдық. Адам еңбегінің бағаланғанынан артық зор бақыт жоқ шығар білген адамға. Елмен жарысып келсін-келмесін мақтасып, біреудің айтқанын қайталап мақала жазатын әдет жоқ. Е, дұрыс болған екен Тұрсекең туралы жақсы, орынды пікірлер айтылғаны деп іштей қолдап қойдық. Біреуге звондап ой, сондай болып жатыр,– деп сөз қоспадық. Әдетте таныс болса көп адам құттықтап жатқан мерейтой иесіне сөз арнап жолдан қосылған көптің бірі болмадық. Сырттан разылық қып, – орынды болған екен, білім жолындағы ақиқат іздеуші адамды құдай қолдасын,– деген тілекті іштей қайталап үнсіз қалдық. Бірақ бірдеңе іштей маза бермеді. Осы мен бұл қатарлы ағалардың бәрін көрдім. Қызметімен, жазғанымен таныспын. Сөйтсе де осы Тұрсын Жұртбай туралы білетіндерім бар еді азды-көпті. Әрі өзім көріп куә болған жайлар да жетерлік. Оның үстіне әдеби өмірді бақылап жүрген соң кей қаламгердің өмірі мен мінез-құлқы, ұстанымдары, әр кездері істеген қызметтері есіңде сақталып қалады. Осыны сақтап қояйыншы демесең де мені жаз деп кей уақытта есіңе түсе береді.
Иә, Тұрсын Жұртбайдың есімін сонау бала кезде, мектеп қабырғасында жүргенде кейін студенттік кезде баспасөзден, кейінірек кітаптарын кітапхана сөресінен жиі көретін едік. Ой ол сол кезде керемет шығып еді, сүйсініп едім деп айтсам өтірік болар. Себебі бұл қатардағылардың ішінде қалың журналистер шыққан. Қайсы жазушы, қайсы жорналыс айыра алмайсың. Бәрі баспасөз маңында, ылғи мақталады да жатады. Кейде ұялып кетіп, мұны несін мақтап отыр деп жалған мақтаудың қайдан туғанын білгің келіп, қайта оқып көресің. Жалпы бала күннен классикалық әдебиетті оқып өскен адамды алдау қиын. Алдай алмайсың. Оның ішкі түйсігі, білім дәрежесі жоғары болады. Оқыған кітабына сай.
Әрине ол кезде аты белгілі адам емеспіз. Бірақ өзіңе керекті таңдап оқуға әркім құқылы. Тұрсекең таңдаулы жазушым еді деп айта алмаймын. Шынымды айтсам ылғи мақталып жүретіні ұнаған жоқ. Оқып көрдім. Бәлкім зер салып, ынта қойып оқымаған болармын. Әйтеуір бірден жақсы көріп кете алмадым. Жаба салдым. Атақ қуған біреу шығар дедім де қойдым. Оны да мақтап жатты біреулер. Дуылдап жатты кейде. Бірақ осы адам маған ұнамай-ақ қойды жазушы есебінде. Ал мақаласы, тарихи танымдық дүниелері өте қызықты болатын. Бірдеңе іздеп жүрген адамның ой-танымы әр жазғанынан сезіліп тұрады, сол тарихи-танымдық мақалаларын жібермей оқырман да жабыла оқып жатады.
Сөйтіп жүргенде Тұрсын Жұртбайдың өзімен бетпе-бет келіп-ақ қалдық. Ол кезде «Жұлдыз» жорналында қызмет істейтін Тұрсекең менің «Нағашы» деген әңгімемді жорналға бермей алып қалыпты. Оны сол бөлімде қызмет істейтін жазушы Төлен Қаупынбаев айтты. Проза бөлімінде отырған соң қолжазбасын сұрап келген адамның аты-жөнін білу керек қой. Төлен аға қарапайым адам. Менің аты-жөнімді, ауылдан келгенімді білген соң –Иә ондай әңгіме болды. Ұсынып едік Тұрсын жібермеді,–деп шынын айтты. Әдетте редакция қызметкерлері сырттан келген адамға өйтіп шынын айта бермейді. Төлен аға –Әңгіме жақсы еді,–деп қосып қойды. Менің бұл дүниенің журналға неге өтпегенін ішім сезіп тұр. Сол кезде ауыл өмірінің ең көлеңкелі тұсының бірі – ішкілік еді. Мына әңгіменің де сол мәселені бірталай суреттеген тұсы болатын. Сонымен әңгіме шықпады. Тұрсекең өзінше, мен өзімше жүріп жаттық. Мен де оның прозасын онша мойындай қоймадым. Кейін ауылдан кетіп, Алматыға келген соң жолымыз тағы түйісті. Оны өзім іздеп бардым. Одаққа мүшелікке өтуге әдетте үш адам кепілдеме береді. Соның бірі Тұрсын Жұртбай болды. Мән-жайды айтып, екі кітапшаны бердім. Алып қалды. –Ертең кел,–деп. Бірдеңе тындырған кісі болып мен кеттім. Со жылдары М.Әуезовтің 100 жылдығына мұражайда жөндеу жүріп жатқан. Тұрсекең сол жерде жүр екен. Неге екенін отырып әңгімелесу, жақынырақ танысу деген ойда болмапты. Көрдім, білдім, кітабын оқыдым болды десем керек. Жас адамға тән қызық мінез, әрине. Ертеңінен келсем дайындап қойыпты. Рахметімді айттым. Тіпті хал сұрасып, танысып та жатпадық. Ол да мені сырттай білетін сияқты. Сөзіміз де күнде көріп жүрген баяғыдан таныс адам сияқты үйлесіп кетті.
Жұмысқа келген соң оқып көрсем кепілдемені жақсы жазыпты. Разы болдым. «Жұлдыз» оқиғасы ұмытылды. Жазушының М.Әуезов жайлы кітаптарын оқыған соң оған деген көзқарасым мүлде өзгере бастады. Ол өз қатарластары сияқты таптаурын тақырыптармен шектеліп қалмай көп ізденетін, білім жинайтын адам екен. Мені сол қуандырды. Осы қатарда өзім ең мықты деп білетін бірнеше қаламгердің қатарына оны да қосып қойдым іштей. Менен ешкім пікірің қандай деп сұрап жатқан жоқ. Сөйтсе де өзімнің ойым баяғы. Әлгі тізім ішінде бірталай адамнан соң осы қатарлы Болат Қанатбаев, Мейрам Асылғазин, Серік Асылбеков сияқты мықтылар бар. Ең қызығы өз ойымды қате деп санамайтын едім. Оған әбден сенемін баяғы.
Одаққа өттік. Арада жылдар өтті. Тағдыр деген қызық сол Тұрсын Жұртбай бастап М.Әуезовтің 100 жылдығына орай шығарылған 50 томдық шығармалар жинағы музей қабырғасында тынымсыз дайындалып жатты. 2003 жылы осы топқа мен де қосылдым.
Бұл кезде Тұрсекең басқа қызметте. Мұнда да әртүрлі адамдар. Түрлі мінез. Білім, түсінік дәрежесі де әрқилы. Қазақ баласы өзі білетін шаруаға қарап тұрмайды. Кірісіп кетеді. Мен де өзіме берілген қызметке әлімше жауапты, дұрыс қарауға тырыстым. Өйткені бұл жай қатардағы жазушы емес ұлы Әуезов қой. Жоба жетекшісі ғалым Бақытжан Майтанов болатын. Алты-жеті адам бір бөлмеде отырмыз. Баяғы кедейшілік мұнда. Бәрі болымсыз окладта отыр. Жалақы өспеген. Адамдар мол қаражатқа мұқтаж. Түсте тиын-тебен жинап, шай ішіледі. Түрді әңгімелер шығады. Осы жерде бұрынғы музей деректірі Тұрсекең жайлы әңгімелер де айтылып қалады. Түрі өзгеріп, сырты боялған сөз арасында елеусіз жіберілетін сыйымсыз, қыжыртпа сөздер де жүреді. Өңделген, тұздалған. Ажуа, күлкіге лайықталған. Оның өз қоздырушылары тасада қалып, ол солай еді ғой дегенге келтіріп бұрмалауға тырысады болған жайды. Бұ жерде Тұрсекеңнің «қатты досы», жақсы көретін құрдасы бар екен. Сөзді бастайтын сол. –Әлгі менің құрдасым,–деп жұқалап бастап қалыңдата береді. Тіпті Тұрсын Жұртбайдың кебісін де кие алмайтын біреулер сөзге дес бермейді-ақ. Бұл сөздер маған ұнамады. Мінезім бар құдайға шүкір. Әлгі сөздерді бір-екі рет естіген соң –Мұны сол кезде неге айтпағансыңдар ішке жинамай, көзі жоқ болған соң айтыла береді деп осылай сөйлеу кейде дұрыс емес, біз қасында болған жоқпыз, –деп өз жорамалымды айттым баяғы. Пікір қатқыл шықса керек. Сөйлеп отырғандар әрине, жым болды. Ойлаған шығар бұл жерлесін жақтап отыр,–деп менің онымен бірер рет қана сөйлескенім болмаса жөнді танымайтынымды қайдан білсін.
Шайдан соң әлгі –Менің құрдасым,– деп әңгіме бастайтын адам, –Жұмабай айтып еді, Келістің кейде айтып салатыны бар,– деген сөздермен қисық әңгімесінің ішіне мені әкеп қыстырып қойды. Ондағысы –Мына адам осындай екен біле жүрейік,– дегенді жұмсақтап білдіргендегісі. Мұндай көрпе астында күрескен сияқты әдеттің талай бастан өткен. Бір күні әлгі Тұрсекеңнің досы (марқұм болған соң атын айтпадық) шай ішіле бере:
–Менің Тұрсын құрдасым деп баяғы әңгімесін тағы бастады. Айтатыны баяғыда кешігіп келген соң Тұрсекең ақшасын қиған, басқаларға премия беріп оған бермеген деген сияқты сөздер.
Осы тұста атын айтып ем әлгі адам тоқтай қалды.
–Осы сізді Тұрсын Жұртбай жұмыссыз көшеде жүрген жеріңізде жұмысқа алыпты ғой,–дедім.
–Иә, Тұрсын құрдасымның жұмысқа алғаны рас,– деп мойындады ол.
–Онда қиянат болмасын, енді Тұрсекең туралы айтқанда әңгімені, –Мені Тұрсын Жұртбай жұмысқа алып еді,–деп бастаңызшы, сонан соң өзіңіз көргенді айта беріңіз,– дедім.
Әлгі «дос» тамағын бір кенеп алып:
–Тұрсын Жұртбай мені жұмысқа алып еді,–деп бастады да әңгімесін жалғастырып берді. Кейін көңіліме қарады ма, әлгі ескі әңгімесін айта бастаса, әдетіне айналды ма жұмысқа алу туралы деректі қосып айтатын болды. Бұл әңгімелерден кейін өмір қатпарларына тереңірек үңілетін болдым. Қашанда адам қатынасының өз есебі, ештеңеге бағынбайтын қалтарыстары болады, соны тереңірек аңғара түстім. Қиындығы, бұралаңы көп ғылым жолында жүріп Тұрсын Жұртбайдың талай сүбелі еңбектерін оқып білдік. Кездескенде аман-сауымыз дұрыс болды.
***
Ғылым өмірінің өз соқпақтары, қилы қалтарыстары уақыт өте келе біртіндеп ашыла береді. Он жылдам астам уақытқа созылған М.Әуезовтің толық жинағын әзірлеу кезінде небір қызық та, адам сенгісіз оқиғалар да өтті. Ол туралы кейінірек. Ұлы жазушы еңбектерін жариялауға көп жыл еңбек еткен адамдар бүгінде сиреді. Көбі ортамызда жоқ. Дүниеден ерте қайтқан Б.Майтанов, өмірін осы іске арнаған Ә.Қуанышбаев, Т.Әкім сияқты адамдар осы қатарда абыройлы еңбек етті. Бұл қатарда үлкен жобаны бастап, М.Әуезовтің толық жинағының 12-томына дейін шығаруға басшылық еткен жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың да еңбегі ұшан-теңіз. Кейде біреуді айтсақ екінші біреуді айтуға болмайтын сияқты жалтақтап, әлденеден қуыстанып, қорқақтап тұратынымыз бар. Мекемеге бір бастық келсе бұрынғы бастықтың жақсы істерін жалғастыру орыны мағынасыз реформаларды бастап, бүкіл ұжымның берекесін кетіретін, өзіне дейінгілерді айтпауға, өшіруге тырысатын әдеттер көрмей өтсең де ара-тұра байқалып қала береді. Әдебиет пен ғылым тарихында өз ізін қалдырған, соқпағын салған Тұрсын Жұрбайдың М.Әуезов еңбектерінің қыр-сырын елге танытуға тындырған еңбектерінің көпшілігі том-том болып кітап сөрелерінде тұр. Әдебиетте әлі де айтары көп, жұрт назарын аударып, ойын өзгертуге жүйелі ойларымен үлес қосып келе жатқан ғалым бүгінде өзінің дер шағында. Ел білетін ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбайдың тұлғасы жайлы айтылар әңгімелер жалғаса берері даусыз. Ол жайында жалғастырып, көркем сөздермен сүйсініп әңгімелеуге, айта беруге болады. Ол жайындағы сөзді келесі жолға қалдырғымыз келеді.
30.09.2021.
Бөлісу: