Мен әкемнің қызымын

28.01.2022 3892

Әуелі телефонмен хабарласқанда ар жағындағы жұп-жұмсақ, мейірімді, ашық үн ерекше әсер тудырып, дауыстан тақырыпқа қатыстының бәрін, әкесі туралы ақтарып айтқысы келгені сезілді, бірақ неге екені белгісіз үнде шүбәлану бар. Енді Гүлжан Шахизиндақызына құлақ түрейік.

 

 

* * *

 

 

Әкем Шахизинда Рахметов 1907 жылы Павлодар қаласында әл-ауқатты отбасында дүниеге келіпті. Кейін естіп, оқып- білгеніміздей, қазақ даласының көрпесі бүтін, алдында қазаны барларының тағдыры не болғаны көпке мәлім. Мен шыққан қара шаңырақтан да зауал құйыны айналып өтпеген.

 

Малы тәркіленген атамның тағдыры белгісіз, шамасы ию-қиюда одан көз жазып қалған үйдегі үлкендер ол жайлы ештеме білмейтін болар, не «кесірі тиіп кете ме» деп қорқақтап айтқысы келмеген шығар.

 

Ал әжем Бадығұлжамал Ахметова өзінің жөн білгіш, айналасын асықтай үйіретін мәрттігінің арқасында аман қалған. Әйел түгіл айбынды еркектер өз тағдырына ара түсе алмағанда, ол ел-жұртқа қырғидай тиген биліктегілер төрге ойран салуға айналып тағы келгенде асып-саспай дастарқанын жайып, қазан көтеріп, қонақжай әдетімен төрге шығарыпты.

 

Кедей-кепшік дәуірлеп, олардың арасынан шыққан белсенділер әңгіртаяқ ойнатса да, қайсысының қайбір қарны тойып, кекірігі азып жүр дейсің және өңеші тесік - қай уақытта да ішкен-жегеннің құлы. Оның үстіне дастарқан аттамайтын салт тағы бар.

 

Келгендер жайғасып ас ішіп, қарын тойған соң сабасына түссе керек, әйтеуір кетерлерінде «су ішкен құдығыңа түкірме» дегендей, отырған орындарын ойрандамай қорада қалған малды алып, әйелді жайына қалдырыпты. Сөйтіп, қара орнынан қозғалмай аман қалған әжемнің өзіне тиесілі жиған-тергенінің кейінгі қиыншылықта күн көруіне септігі тиіпті.

 

Ал әкем ағайын-туыстың ақылымен, «байдың баласы» деген көз түрткіден қашып, туған жерден шеткері кетуді жөн көріп, 1924 жылы Семей қаласына келіпті. Онда екі жылдық мұғалімдік курсты бітірген алғыр оқушыны Екібастұздағы партия мектебіне оқытушылыққа жіберген екен, біраз еңбек еткен соң Ташкентке барып, Қазақ педагогикалық институтының экономика факультетіне түседі. Бірақ оқу орны 1928 жылы студенттерді жұртты жапай сауаттандыру кезінде еңбекке жұмылдыру үшін жабылғанда, Ақмоладағы қазақ жұмысшы жастар мектебіне оқытушылыққа жіберіліп, одан кейін сол оқу орнының басқарушысы боп тағайындалады.

 

Осында 1930 жылға дейін істеп, денсаулығы нашарлаған соң, жұмстан қол үзіп, жарты жыл емделгеннен кейін астнаға келіп, Қазақ ауыл шаруашылық институтындағы жұмысшылар факультетіне оқытушылыққа орналасады. Ал 1933 жылы оны Есіктегі жұмысшылар факультетінің оқу бөлімін басқаруға жібереді.

 

Кейін астанада бірден жұмыс істеген жері Алматы ауылшаруашылық институты архивіндегі құжаттардан – оның физика пәнінен сабақ беріп, сол кафедрада ассисент болғаны, қазақ тілінде физика пәнінен оқулық жазуға қатысқанын білдім.

 

Мен 1933 жылы дүниеге келіппін. Ал әкем өзінің білімін жетілдіруден, ізденуден жалықпай 1934 жылы Қазақ техникалық түсті-металлургия инститтына түскен.

 

Көз көргендердің айтуынша ол өте ұқыпты екен, сол кездегі оқу іздеген қазақ жастарына аса іш бұрып, оқып-білгендерін жиі әңгімелейтін көрінеді. Өзі сол кезде небәрі отыз-ақ жаста болған. Бұл ғұмыр көп пе, аз ба?.. Саналы жан ой елегінен өткізіп көрер.

 

Қалай да сал-серісі көп елдің баласы, әдемілікті ұнататын болса керек, ылғи ақ шалбар, ақ туфли, ақ қалпақ киіп жүретіндіктен қатарлары оны Евгений Онегин деп атапты. Замандастарының айтуымен жеткен осы бейне көз алдымда мәңгіге тұрып қалғандай, оны үнемі солай елестетемін. Ылғи да келісті бір азамат жетіп кеп, маңдайымнан иіскеп, еркелететіндей болады да тұрады.

 

Бірақ тағдыр оны жазбаған. Ол жайлы есте қалғаны - жат біреулер қаумалап далаға алып шыққанда балалық әуестікпен терезеден қарағанмын, шинелінің жағасын көтеріп кетіп бар жатты да, кенет тосып тұрған қара машинаға бұрылып барып отырды. Тым кішкентаймын, сол кезде әкеден біржола айырылып, жетімдіктің кебінін кигенді қалай ұғайын.

 

Бірақ, «өмір ұқпасыңды ұқтырады» дейді емес пе, оны түйсіну көпке ұзаған жоқ. Кейін білгенім, ол ұсталған қаралы күн – 1937 жылдың 27-желтоқсаны екен. Сол жылдың 31-желтоқсанында атақты «үштіктің» (НКВД) шешімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылып, Красноярскіге айдалыпты.

 

Әжем ұлы бір қиырға кеткен соң жай таппай 1938 жылы бауыры Ғабдулғали Ахметовты шақырып алып, екеуі іздеп барып, тұрған жерін тапқанымен жолығу оңайға соқпапты. Темір қоршаудың аржағындағы ұлымен тілдесу үшін еті тірі әжем, керек болар деп ала барған қымбат заттарының бәрін аямай, ақыры алыстау терезелердің бірінен оның: «Мен кінәлі емеспін! Мен ештеңеге де кінәлі емеспін!» - деп айқайлап үлгіргенін естіп, әлдебір қара нәрсеге оранып, азып-тозған түрін көріп, жылап қайтады. Әкем 1939 жылы 8-тамызда көз жұмған. Кейін қолға тиген анықтама осылай дейді.

 

Әжемнің айтуынша, ол оқып, жұмыс істеп жүргенде отбасында ұзақ отыра алмайды екен. Өте ерте тұрып, қолы қалт етсе өз бөлмесіне кіріп ап, оқумен, жазумен, сызумен айналысады. Онысы, Қаныш Сәтбаевтың Жезқазған кеніне қатысты іскер-студентінің бірі болғанынан шығар.

 

Жас кездегі түсініксіздік – жалынды, оқығанын, білгенін еліне бермек жастың неге айыпкер боп, қыршынынан қиылғаны?.. Сұрақ жауабы ұшығына шыға алмағанмын...

 

Әке жоғала салысымен көп ұзамай шеше ғайып болды. Әжемнің қолына келдім. Жетімдік, жесірлік жетістірген бе?..

 

Жалпы жұрт қасірет тартқан шақта кімнің шекесі қызды дейсің. Тұрмыс ауыртпалығының бәрін өткердік. Ес кіргеннен бастап: «Әке-шешем кім, олар неге жоқ?» - деген сұрақ көкей тесті. Бірнәрсе білейін десем, өмір құқайын тартқан әжем ашыла қоймайды. Тек айтары – жақсы адамдармен қатар жамандардың да болатны, аузыңа сақ боп, көзге жарқырап түспей-ақ, ел қатарлы өмір сүр.

 

Соны ұқса қор болмас дейтін шығар. Ақыл көңілге қонады, бірақ ата-анам жайлы ештеме айтпайтыны ренжітеді. «Жақсы сөз де, жаман сөз де жерде жатпайды», - дейді ғой. Күндер өте көршілерден оны-мұны сыбыс жетті. Олар естігенімді ауыздан шығармауға ант алғандай етіп, неге жетім қалғанымды, менен кейінгі екі сіңлімнің ұсталған шешемде кеткенін айтты.

 

Әрине, қайғылы жұмбақты білу жеңіл емес, жүрек сыздап, көкіректі сояу тырнақ тырнап алса да, не істей аламын. Шарасыздық...

 

Әжем қартайды. Мені әкемнің қарындасы Гүләндам Оразымбетова мен жұбайы Омарғазы Оспанов ағайын-туыс алдынан өтіп, өздеріне бала етіп асырап алды. Ендігі әке-шеше солар.

 

Әжемнің айтуынша, біздің 40-қа жуық туғандарымыздан қалғаны үшеуміз ғана - өзі, Гүләндам және мен. Осы екі әйел менің бақытым үшін тірі қалған сияқты. Алла жазықсыз жетім еткен соң аяған да, солардың арқасында ер жетіп, қатарға қосылдым.

 

Ал, Омарғазы Оспановтың әкесі кедей, ұста болған. Жездем тәтеме үйленгенде, ол байдың тұқымынан шыққан қыз болғандықтан біраз сөз болып, зорға басылған.

 

Омарғазы Оспанов - Қазақ радиокомитетінде әуелі орынбасар, кейін төраға болды. Үй үш бөлмелі болатын, бірақ соғыс жылдары бірнеше отбасы сығылысуға мәжбүр боп, біз де өзгелермен бірге тұрдық.

 

Отбасында бір ерекше жылылық бар еді. Ағаға халқымыздың белгілі, атақтылары жиі келетін. Айтатындары мәдениет жайы, оны қалай өркендету жолдары. Әңгімелерін тыңдау аса қызықты.

 

Өзім Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетін бітіріп, 1963 жылы аспирантураға түстім. Әкенің жете алмай кеткен жетістігіне жеткім кеп, көп оқуға, көп білуге тырыстым. Ғылыми жұмыстармен айналысып 40-қа тарта ғылыми статьялар жаздым. Еңбектердің құндылығын биология ғылымдарының докторы Т.Б.Батыгина (Ленинград, Жинақ 123 б.), академик И.О.Байтулин (Алматы қаласы) жоғары бағалап, оны өз еңбектерінде атап көрсетті. Өмір бойы қоғамдық жұмысқа белсене атсалысып, шама жеткенше халықтан қайрат-жігерді аямадым.

 

Бірақ бала кезден кеудеде орнаған; «Неге?..» күдікті сұрағынан арыла алмай ғұмыр кештім. Егер адам өзінің күш-жігерін халқының игілігіне арнаса, не үшін жазықты болады? Неге оны әлдекім тәлкекке айналдырып, қиып жіберуі керек?

 

Өмір жолында Н.О. Базанова, Г.З. Бияшев, Б.А. Быков, Т.Б.Дарқанбаев, А.М. Ғаббасов, И.О. Байтулин сияқты тамаша академик, ғалымдармен бірге жұмыс істедім. Олардың әрқайсысы өмір мектебі, нағыз жаны жайсаң, адамгершіліктен жаралған жандар еді. Бірақ сондай ортада жүріп те сонау сәби кезден айналаға үркіп қарау азабынан құтылу қиын болды. Ол үнемі жалғызсыратып, өгейсуге тартады.

 

Тіпті, қасыңдағы жұбайыңа да әкеңді айтып мақтана алмағаның, «халық жауы» қызы екеніңді жасырғаның, ал аузыңнан шыға қалса өкініп, енді оның саған дұрыс қарайтынына шүбәланғаның тірі азап, жүрек жарасы, жаның қиналысы емес пе?

 

Міне, бұл мен сияқты мыңдаған замандастарымның басынан өткерген құбыжығы, қайтарымы қиын қасіреті.

 

Әйтеуір, діттегенге жетіп, тұрмысқа шығып, ұлды, қызды боп, немерелерге ие болғаныма тәубә. Әжемін. Ақмарал, Берікжандай екі алтын немере бар. Оларды еркелетуге, жан шуағын аямауға тырысып бағамын. Өйткені, өзім әжем, тәтем, жездемдей адамдардың бауырында қалмасам, олардың мейірімді рақымын көрмесем не болар еді. Шахизинда Рахметовтың аты ескерусіз, тарих бораны көміп өткен үйіндінің астында қала берер ме еді.

 

Әкенің атын жасқанбай атауға жеткізген күнге рақмет! Мен Шахизинда Рахметовтың қызымын!

Бөлісу: