Мәңгілік шуақ

05.03.2022 3300

Т а ғ д ы р. Үлкендер айтатын «маңдайға жазғаны» ғана бола ма, жоқ әлде басыңнан өткерер жаманшылық біреудің пәрменімен жүзеге аса ма?.. Оны дәп басып, осылай да осылай деу өте қиын. Өйткені, Алланың, «жазымыштың бәрі өзімнен, ал бірақ адамдар оны бір-бірінен көреді» дегенінің құлаққа сіңгені тағы бар.

Бірақ қалай болса да XX ғасырдағы адамдардың тағдыр-талайына Қызыл империяның іш құйтырқысы көп залым басшыларының қолымен істелген зобалаңның естен кетпес қасіреті жазылған десек, кім білсін тағы да пендешілік болар. Бірақ бұл тұжырымға - ер жетпей жатып, әке рақымынан ерте шеттетілгендердің бірі - Гүлшара Әбуталипқызының айтары жауап бере алатындай.

* * *

Әкем Әбуталип Сарықұлов 1920 жылдың аяғына қарай Қазақстан Орталық Атқару комитетінің секретары боп, астана Қызылорда қаласы болғандықтан сонда тұрады. Ол халықтың аяулы ұлдары Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Т.Жүргенов, Н.Төреқұловтармен тығыз қатынаста болған. Ал 1930 жылдары қазақ даласын жайлаған аштықта басшылықта екеніне қарамастан үкіметтің ауылдарды жаппай ұжымдастыруға асығыс кіріскеніне, жергілікті халықтың негізгі күнкөрісі - малын тартып алып, әл-ауқаттыларды жер аударғанына қарсы шығып, қиындықта халқына араша бола алмағанына күйініп, партия қатарынан шығаруды талап етеді. Мұндай батылдық ұстанған саясатын жүзеге асыруға екпіндеп кріскендерге ұнасын ба, оны партия мүшесінен ғана емес, қызметтен де босатады.

Ол енді отбасымен Ташкентке көшіп кеп, өнеркәсіп өндірісі мамандарын даярлайтын академияға оқуға түсіп, оны 1934 жылы мақташы-инженер саласы мамандығы боынша аяқтап шығады. Кейіннен білгенім - «халық жауы» боп таныланға дейін Түркістан қаласындағы мақта талшығын тазалайтын зауытта директордың орынбасары, одан кейін Бұхар облысындағы Якатут стансасындағы, Қарақалпақстандағы Үргеніш қаласында да осындай зауыттарда басшылықта істегені. Ұсталар алдында шамасы тағы да бір сылтаумен жұмыстан босатқан сияқты, әйтеуір қайыра Ташкентке көшіп келіпті. Жас кезде бұл әрі-сәріліктің себебін сұрап білетін біреу болмады. Өйткені, өткеннің анығын білетін әкемнің Әдукерім, Тұрдалы, Тұрлықұл дейтін бауырлары Отан соғысынан қайтпады, ал кенже Керімқұл майданнан аман-есен оралғанымен жараланып кеп, көп ұзамай қайтыс болды.

Әкемді 1937 жылы көкек айының 2-сі күні түнде ұстап әкетті. Ол кезде он бірлер шамасындамын. Көз алдымда не боп, не қойғанын ұмытпайтындай ес кіріп қалған кез ғой, бірақ оның жазықты боларлықтай бүлдіргенінің ара-жігін ажырата алмас едім. Сол бір қаралы түн өмір бойы көз алдымда.

Қамауға келгендер үй ішін әбден сүзіп шығып, альбомдағы суреттегілер кімдер екенін бақайшағына дейін жіктеп біліп, оны да өздерімен бірге алмақшы кітаптарға қосты. Кітаптардың дені араб қарпімен басылған дүниелер.

Үйдегілер үрпиіскен. Ешқашан жұмыс істеп көрмеген, сауатсыз анам Зүлфия болған жайдың түп мәнінен мақұрым шығар, зәресі кетіп, селкілдеген қолын қайда жасырарын білмей абыржып, пешке сүйеніпті. Ал жасы ұлғайған, кәрілік ауылындағы атам айналасының опыр-топырын шығарып, қопарып жатқанда жақ жазбастан, мізбақпай отыра берді.

Атамның сондағы соншама сабырлы қалпы маған түсініксізду еді, кейін бағамдасам ол осыған дейін-ақ қазақ даласында болған жазалаудың небір сұмдығын біліп, оған шарасыздықтан басқа қояр айла жоқтығын ұққандықтан үнсіз қалған екен ғой. Жарықтық-ай, іштей қандай күй кешті екен... Қарғысын да, қажуын да айғақтамай, нар боп көтерген екен де...

Үйдегі бұл жайдан қағыс қалған біреу бар. Ол кереуетте бейғам ұйықтап жатқан кішкентай бауырым. Қамсыз, қаракетсіз. Алдында не барын болжай алмайтын бейкүнә балақан, әкесінің соңғы рет тұтқындаушылардан рұқсат сұрап, маңдайынан емірене иіскегенін сезген де жоқ.

Әкем кетерінде сабыр сақтап үнсіз еңіреген зайыбын, жаутаңдаған қызын «амандық болса көп кешікпей қайтып келемін» деп, тыныштандыруға тырысып, табалдырық аттарда атаммен қоштасып: «Көке, балаларды өзіңізге тапсырдым», - деп шығып кетті.

Сол сәтте үлкендер не ойлағанын кім білсін, ал мен оның айтқанына имандай сеніп, «көп кешікпей қайтып келетініне» малданған едім.

Бұдан кейінгі тұтқындау барлық туысқа жетті. Әкемнің інісінің бірі Үсейін 1937 жылы 15 қыркүйекте ұсталып, Колымаға айдалып, 1939 жылы сонда қаза тапты. Дүйсенқұл Карелиядағы Кондопожск ГЭС-нің құрылысын басқарып жүргенде 1939 жылы тұтқындалып, Петрозаводск, Ленинград, Москва, Рязань, Ташкент түрмелерінде отырып, 18 айдан соң босатылыпты. Оны қамағанда заводта істейтін әйелін жұмыстан шығарып тастаған екен, елге жету машақатында екі жасар баласының өкпесі қабынып, Москва ауруханаларының бірінде көз жұмады.

Сондай-ақ, техникумда сабақ беретін әкемнің қарындасының жұбайы Нұралы Нисембаев та бірден жұмыстан қуылады. Ауырлықты – әрине көтерген біледі, бірақ ешкімге жазығы жоқ балаларның енді құтыла алмас ұзын құрыққа ілінгенін іштей түйсінген атам, сол баяғы сабырлы қалпын бұзбастан, қайғы ішке түссе керек, көп ұзамай дүние салды.

Енді Әбуталиптің хабарын білу - анам екеуміздің иығымызда. Қайда барып, кімге жолығуды білмейтін сауатсыз, бір ауыз орысша білмейтін әйелге жоқ жоқтау оңай ма, «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керін киіп, арқа сүйері мен, жұдырқтай ғып қасына ертеді, тілдескенде аудармашымын.

Ол кезде саяси тұтқындарға тамақ алғыздыртпайтын, тек іш-киімдерін ауыстыруға ғана рұқсат бар және 50 сом беруге болады. Керек заттарды апаратын едім, бірде кері қайырылған кір киім тігісі қалтарысынан болар-болмас қағаз тауып алдым. Хат екен. Онда: «Таяуда шығып қалармын», - депті.

Шынында өзі де солай үміттенді ме екен, әлде бізді қуантпақшы далбаса ма ?.. Сол сәтте түп мәнге ой жүгірту қайда, қуаныштан алып-ұшқан жүрек жарыла жаздап, анама жеткенше асықтым. Айтқанның бәріне сенетін қайран балалық, сол қалтқысыз сенімді жоқ қылды-ау, қара ниет әлдекімдер!

1937 жылы қазан айының басында керек киімдерді алып тағы келгенмін. Қабылдамады. Өйткені, оны 10 жылға соттап, республика көлемінен тысқарыға аластап жіберіпті. Нақ қайда кеткенін біле алмадық. Жігер құм.

Бізді де үйден қуып, Ташкенттің ескі аймағындағы ішіне от жағылмайтын, жарығы жоқ, құлап жатқан кепеге шығарып тастады. Тек кейін Дүйсенқұл ағаның ізденуімен бұрынғы үйдің бір бөлмесіне ие болдық.

Қайғы мен қиындықты арқалап жүргенде мен 16-ға келдім. Енді төлқұжат алу керек. Белгіленген күнге барарда анам: «Шыныңды айтпа, әкем өліп қалған де», - деп қайта-қайта қақсап жіберген. Балалыққа не дерсіз: «Әкең қайда?» - деп сұрағанда, -«1937 жылы көкектің 3-інде ұсталған», - деп сақ еткіздім. Басқаша айтуға, өлді деуге қимадым. Өйткені, оның келіп қалатынына сенімді едім. Тірі адамды «өлді» деу қиянат емес пе?.. Перзенттік жүректің дегенін айттым. Қарсыдағы адам сөзін кілт үзіп: «Онда шешеңді шақырып кел», - деді. Зәре-құты қалмаған бейбақта ес жоқ, жүгіре басып айтқан орынға жетті.

Мұнда оған қызының Қарақалпақстандағы Наманган облысына жібірілетінін естіртті. Ара-тұрар ешкім жоқ, жылап-еңіреп Дүйсенқұл ағаға жеттік. Аға Отан соғысы басталған кезде Өзбек ССР-інің ет-сүт тағамдарын дайындайтын өнеркәсібін (нарком) басқаратын. Жоғарыға барып: «Егер туған бауырымның отбасына ара түсе алмасам, онда несіне ел басқаруға қатысып жүрмін», - деп табан тіреуі арқасында қаңғытып жіберуден аман қалдым.

Міне, арқа сүйер біреудің бары, әйтпесе жасөспірім қыздың алдағы тағдырының не болары бір құдайға ғана мәлім. Дүйсенқұл ағаға деген алғыста шек жоқ. «Нағыз азамат» деп осындайды айтатын шығар!

«Басқа түссе баспақшыл». Бұрын жұмыс істеп көрмеген анам енді етек-жең жиып, балаларын аш-жалаңаш қылмай, ел қатарлы білім алуына тырысып, Ташкенттегі сырт киім тігетін фабрикаға әуелі үй сыпырушы, одан соң пішуші боп орналасты.

Өзі тыңғылықты болу керек, себебі, көп ұзамай еңбегі мақталып, суреті университет алдындағы «мақтау тақтасында» үнемі ілініп тұрды. Ал туған-туыстың кішкентай балалары оны көріп, мақтану үшін ылғи сол алаңға жиналатын. Ол осында 1960 жылға дейін істеп, өмірден 1993 жылы озды.

Университетті 1953 жылы бітіріп, Алматыға келдім. Мұнда қайда барсаң да «халық жауының» баласына есік жабық. Оған әбден көз жеткен, сонда да баяғы қалыптан жазбай, ұсталғанды айғақтайтын құжаттарды ұсынудан жаңылар емеспін. Өйткені, туған әкеден бас тартып, оның атын жазықсыз өшіруге көнгім келмейді. Кім не десе де ерікті, ал мен оның атын ардақтап өтермін!

Туған еліңде жүрерге жол таппау неткен өкінішті, аштан өлмеуді ойлап, Г.М. Маленковқа хат жаздым. Бір жетіден соң жауап келген, жоғарғы жақтың пәрмені екі етіле ме, Т.Г. Шевченко атындағы көркемсурет галереясына жұмысқа алындым.

Бұл галереяның диркторы жоғары білімі жоқ әйел екен, маманнан құтылғысы кеп, түртпекее түсірді. «Қайда барсаң, Қорқыттың көрі». Қалай да шыдап, жігер жануға тура келді. Ақыры тынымсыз еңбек желге кетпей, Мәдениет министрінің орынбасары Бектенбай Қосынов іскерлікті бағалап, министрлікке нұсқаушылық орынға шақырды. Ал одан кейін ҚазССР-і Ғылым академиясының Әдебиет және көркемөнер институтына ауыстым. Мұнда қолданбалы өнердің тарихын зерттеп, графика өнерінің қыр-сырына жетіліп, 1963 жылы кандидаттық диссертация қорғадым. Бұл сала осыған дейін қолға алынбапты, тыңға түрен салушыдай болдым.

Баспасөзде, оның ішінде шет елдерде де еңбек жайлы жазылып, осыдан кейін «СССР көркемөнерінің тарихы» деген 9 томдық кітап шығару қолға алынғанда редколлегия мүшесіне қабылданып, «Қазақ ССР-інің көркемөнері» бөлімінің авторы болдым.

Қиындығы мен жеңісі алмасқан күндер жылжып өтіп жатты. Әке ғайып болған арақашықтық алыстай берсе де, оның тірі келетініне шүбәланған емеспін. Бірақ тым-тырыс. Үміт үзілмегенін біліп, әлдебіреулер әдейі тарата ма, кім білсін, кейде: «Колымадан қайтқан (бәленше) біреу өтіп бара жатып айтыпты, Әбуталип тірі, бұл жолы үлгіре алмады, таяуда келіп қалады-мыс», - дегенді естиміз. Жақсы хабар, кәдімгідей елеңдеп, қуанып қаламыз. Бірақ ол алдамшы елес боп қала берген. Ақыры есейіп, етек-жең жиюға шама жеткенде, нақты деректі білмек боп, іздене бастадым.

Алғашқы білгенім - ол 1956 жылы ақталыпты. Әрине, бұған да қуандық. Бірақ ең керегі өлі-тірісі. Әбден көз жеткенше қоя салмай, жоғарғы жаққа хат жазуды тоқтатпағанмын, 1957 жылы 6 желтоқсанда өлгенін айғақтайтын I - ТЮ № 063663 құжатты және ақталғаны жайлы анықтама алдым. Бірақ мұнда да қай уақытта, қай жерде жерленгені туралы мәлімет көрсетілмепті. Осы кезде Усеин ағаның ақталғаны туралы да айғаққа қол жетті.

Сөйтіп, өмір бойы әне келеді, міне келедімен сарғайып, зарығып тосқан әкенің ұсталғанда-ақ атылып, қара жер қойынына біржола кеткенін біліп, дидарын қайта көруді Алла жазбағанын ұғып, сабаға түскендей болғам...

Өліп қалған... Жүректегі «сенім» атты аппақ жазуды біреу зорлап ойып алғандай. Қанқақсады. Домбыра қылбұрауын аяусыз шіреген қатыгез дың еткізіп қоя бергенде құлақ тұнып, қайда тығыларды білмей сасқандаймын. Енді өмір бойы айырылғым келмеген үміттің үзілгенін ұққанда жүйке босап, ырық кетіп еңіреп, жазымышқа тоқтам жасадым.

Бірақ оның маңдайдан сипайтын, әсіресе, соңғы алақанының табы естен кетер ме?! Сол бір жылылық қасірт дегеннің не екенін ерте ұғып, ерте тонған жаныма нұрлы шуағын шашып тұрғандай. Әкеге деген перзенттік махаббат неткен ұлы, неткен құдіретті едің, бас жерге жеткенше оны жадымнан да, жанымнан да бір елі шығара алармын ба?!

Бөлісу: