Досқа сыр
Досқа сыр
Көңілің мұңға жаншылып,
Жүрекке уайым шаншылып,
Өкпелі жауын жаудырып,
Тобықтан тұрсаң малшынып.
Білдірдім саған қанша ырық?
Танытпай досым қарсылық,
Сырыңды жеткіз жасырмай,
Жаңғақтай қалсын аршылып.
Шынар да болған тал шыбық,
Мұнар да қалған Күн шығып.
Тауысса төзім бұлағы,
Түбінде қалсын тамшы үміт.
Бұғаулы ойың мың құлып,
Қашпағын менен бір күліп.
Өтірік айтпа,- жақсы! - деп,
Байқаймын көзден кіл күдік.
Сөзімді менің алшы ұғып,
Өзіңнен жақын қанша ілік?
Мына түріңді көргенде,
Барады бойдан жан шығып.
Демеймін жайым баршылық,
Қысылма көрсең таршылық.
Әдетім де жоқ келгенді,
Қуатын есік тарс іліп.
Тағдыр да сараң - бір сүлік,
Тырбаңдағанмен құлшынып.
Тазарса бойың артықтан,
Озарсың мініп бір күлік.
Шыңдарға жетсек бір жүріп,
Ғұмырды өтсек бір сүріп.
Сырласқан доспен риясыз,
Сыйласқан нағыз тіршілік.
Ержан Қабышұлы
Бөлісу: