Балалық шақтан бір үзік сыр
Шағын қазақы ауылдың қаймағы бұзылмаған қазақы отбасында дүниеге келдім. «Отан - отбасынан басталады», «Жанұя - шағын мемлекет» деп тәрбиелейтін Анамның аялы алақанында еркелей өстім.
Ата - анам бала тәрбиесіне аса зор мән беретін. «Баланы мақтау жетілдірмейді, тәрбие жетілдіреді» - деп олар отбасы тәрбиесіне басымдылық беретін. Ал отбасы тәрбиесі - жалпы тәрбиенің басты бөлігі деп санайтын.
Ата - анам балаларын шексіз махаббаттарына бөлей отырып, адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, мейірімділік сияқты жақсы қасиеттерге баулыды. Олар балаларын отбасы тәрбиесінің негізгі бағыты ұлттық салт - дәстүрі бойынша тәрбиелеуді алға қоятын. «Нағыз баққытты адамдар – жақсы тәрбие алған әр отбасы мүшелері, ал бақыттың көктеп шығатын тұрағы - Отбасы тәрбиесі, ол тамырын тереңге жайған бабаларымыздың ғасырлар тұңғиығынан сыналып, сараланып жеткен салт - дәстүрлерінің жиынтығы» дейтін ата - анамыз.
«Жақсылыққа үйрен, жамандықтан жирен», «Жанұяда тәрбие балаға сөзбен, емес үлкендердің үлгісімен сіңеді», «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген қағиданы берік ұстап, өзінің өнегесімен балаларына үлгі болған анамның қасында жүріп өміріме үлкен сабақ болған бір оқиға есімде:
- Анам ауыл мектебінің мұғалімі еді. Жыл сайын қазанның бірінші жексенбісі мұғалімдердің кәсіби мерекесі тұғын. Бұл мереке күні аудан орталығында салтанатты шара өткізіліп, соңы мерекеге ұласатын жиын - той болатын, ондай күндері анам көзі қансын дей ме, мені өзімен бірге ерте жүретін.
Салтанатты жиналыс шырша мен қайыңы, ырғайы араласқан алаңқайда аяқталып, оның соңы ойын - тойға ұласты. Бәйге, жорға жарыс, қыз қуу, ат үстіндегі тартыс, концерт т.б. өтіп жатқан шаралар қызықты өтіп жатты. Бәйгеден ауылдың талай жарыстарға қатысып жүлделі орын алып жүрген «Жұлдыз» арғымағымыз, жорға жарыстан жүлде еншілеп жүрген «Қара жорға» жүйрігіміздің бірінші орын алуы ауыл адамдарының көңілін серпілтіп тастады.
Түс ауа мұғалімдер қауымы жүрек жалғап алайық деп ала - қотан отыра қалып, үйлерінен, жәрмеңкеден алған тағамдарын дастарханға қойып ауқаттануға қамдандық. Жанымызда отырған орыс ұжымынан пышақ алып, тағамдарды дайындап, ауызға ала беруіміз мұң екен, әлде біреудің «Бәлкім, олар осы пышақпен шошқа етін тураған болар» деп айтып қалғаны бар емес пе, барлығы ала берген тағамдарын шоқ басқандай дастарханға қоя салды, бірақ қайсыбіреулері «шошқа етін тураған жоқ шығар» деп күмәндәнсада, әлгі сөзді көңілдеріне алған жұртшылық бүкіл тағамды жанымызда у - шу болып отырған орыстарға бере салғандары. Олар қуана - қуана алып рахметтерін жаудырып жатты. Ұстаздар нәр татпаса да, сыр берген жоқ. Ал қарным ашқан соң шұжық пен нанды ауызға ала беріп едім, анам «Құлыным үйде ауқатанасың» деген соң нәр татпадым.
Артынан анамнан адамдардың астан неге бас тартқанын сұрап едім «Өзінің үмбеттеріне пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.а) доңыз етін жеу, арақ ішу, былапыт сөз айту харам қылған. Орыстар пышақпен шошқа етін турады деген сөзді естіген соң жеген асымыз адал болмас деп тағамнан бастарттық» деді. Коммунистік жүйенің атеизмді уағыздап, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты, асыл дінімізді мансұқтап жатса да ғасырлардан сараланып жеткен салт - дәстүр, дінімізді таптамаған жерлестеріме риза болдым. Ал, осы сәт қанша уақыт өтсе де әлі де көз алдымда.
Қазір арақ ішіп, шошқа етін жеп, былапыт айтқан қазақтардың ата - баба салт-дәстүрін, әдет ғұрыптарын, асыл дінімізді аяқасты етіп жатқаны жанды ауыртады!
Бөлісу: