Қаһарман атауы туралы

05.11.2024 1357

Қазақтың Батырын өзіне қайтарайық…

«Қаһарман» деген кім? Кеңес кезінде орыстар сырттан келген «Герой» деген сөзді орынсыз қолданды. Оның тура аудармасы қазақша «Қаһарман» болады. Ал, енді сол Батыстан келген «Герой» сөзінің түпнұсқасын (этимологиясын) зерттесек көп шындыққа көзіңіз жетеді. Орыс сөздіктерінен екі-үш қана этимологиялық талдау келтірейін.

1. Герой, м., одуш. [фр. heros < лат. heros < греч. heros - полубог…

2.Герой - вероятно, из франц. héros "герой", как и герои́ня – из франц. héroïne (-иня по аналогии боги́ня и т. д.). Форма герои́ческий соответствует франц. héroïque и нем. heroisch. В XVIII в. вместо них – иро́й, ирои́ческий под влиянием ср.-греч. и нов.-греч. произношения слова ἥοως; см. Горяев, ЭС 66.

3. Герой - заимствование из французского, в котором heros восходит к греческому (h)eros, имеющему значение "полубог, герой" – так в Древней Греции называли смертных, родившихся от богов и наделенных выдающимися способностями, в первую очередь огромной силой, как, например, Геракл.

Назар аударсақ, этимология көзінен алғанда «Герой» - «Қаһарман» атаулары діни-аңыз анықтамаларын береді.

Сондықтан, Батыста, керісінше, «герой» анықтауын батырларға бермеген, оларда «Кавалер Святого Креста», не болмаса «Рыцарь Тевтонского Ордена» сияқты атаулар қолданған. Патшалық Ресейде де «герой» атағы болмаған, мысалы, «Кавалер Георгиевского креста» деген сияқты. Бірақ, Лермонтовтың «Герой нашего времени» деген кітабы есіме түсіп, ол атауды қалай қолданды екен деп, оны да қарап шықтым. Ол 1838 – 1840 жылдары жазылған екен. Бірақ кітаптағы «Герой» деген атау ирония болып шықты, қазақша айтсақ келекесін, мысқыл, мазақ атау екен, сонда оның «Геройы» - «Қаһарманы» жақша ішіндегі «әулие» болды. Олай атаудың себебін Лермонтов былай түсіндіреді: «...Иные ужасно обиделись, и не шутя, что им ставят в пример такого безнравственного человека, как Герой Нашего Времени; ...Герой Нашего Времени, милостивые государи мои, точно, портрет, но не одного человека: это портрет, составленный из пороков (көргенсіздік, бейбастақтық, арсыздық - М.Н.) всего нашего поколения, в полном их развитии. Вы мне опять скажете, что человек не может быть так дурен, а я вам скажу, что ежели вы верили возможности существования всех трагических и романтических злодеев, отчего же вы не веруете в действительность Печорина?...»

Сөздің түпнұсқасына (этимологиясына) қарасақ, «Қаһарман» атауымен не де болса өмірінде бір, не бірнеше керемет ерлік, не батырлық істеген адамды атамайды. Ерлік, батырлық істеген адамға қазақ Ер, не Батыр деген атақ берген. Бізге жеткен шындықтың көзі ертедегі жыр-эпостар. Мысалы, "Қарға батыр", "Тәутік батыр", "Жақыпберді батыр", "Боқы батыр", "Бөке батыр", Бөгенбай батыр", "Ағыбай батыр", "Қойшы батыр", "Қазақтың түп атасы - батыр Түрік", Алпамыс батыр", "Қобыланды батыр", “Мырза Едіге батыр”, “Едіге батыр эпосы”, “Қамбар батыр” "Қарабек батыр", “Шора батыр”, "Төрехан батыр", "Алау батыр", "Әмет батыр", Сайын батыр",

“Ер Тарғын”, "Ер Жәнібек", "Ер Көкше", "Ер Қосай", " “Ер Шора”,"Ер Бұлан"," “Ақжонасұлы ер Кеңес", т.б. Ал, «Қабанбай қаһарман», «Бөгембай қаһарман» деп атамаған.

Абай, Мағжан өлеңдерін , «Бес ғасыр жырлайды» деген 2-томдықты, «Қобыланды батыр» поэмасын да зерттеп Батырға теңелінген «Қаһарман» деген бір де атау таба алмадым. Неге? Өйткені Қаһарман деп өмір бойы адаспай дұрыс өмір сүріп, ешбір жамандық жасамай, тақуа адам болып Алланың тура жолымен жүрген адамды атайды (полубог). Араб, парсы тілдерінде құдырет деген мағына береді. Сондай адамды ғана Қаһарман дейді. Сондықтан да Құранның Та һа сүресінің 47-і аятында былай делінеді: «Тура жолға түскен адам (Қаһарман) аман қалады». Алланың 99 есімінің бірі аль-Қаһар екенін де еске алған жөн болар. Сонда Қаһарман сөзінің синонимі Әулие, Тақуа. Қаһарманның жолы өте ауыр. Құранда тағы мынадай жолдар бар: «...Сонымен қатар осы сезім қарсаңында адамдарды дүниеде күрделі сынаққа салған. Бұл сынақтан өткен адам дүние мен ахирет қаһарманы». Қаһарман әулие тәріздес, өмірінде еш жамандық істемей, Алла алдында бір де шалыс қадам жасамауы тиіс. Ал тарихтағы қаншама үлкен тұлғалар қандай да ерлік, батырлық жасағанымен Қаһарман дәрежесіне жеткен емес. Қаһарман деп пайғамбарларды, әулиелерді атау лайық (полубоги). Мысалы, Ясауи, Бекет Ата, Мәшһүр Жүсіп, тағы басқа әулиелерді. Сондықтан «Халық Қаһарманы» деген атақ діни тұрғыдан да, ғылыми этимологиялық тұрғыдан да қате. «Батыр», «Ер» атақтары лайықты.

Ал, енді «Герой» - «Қаһарман» атағын қай кезде қолдана бастаған?

Өркөкірек даңғойлықтың желегімен Кремль ССРО ОАК-нің 1934 жылдың 16 сәуіріндегі қаулысымен діни-аңыз атауды құдайсыз коммунисттік идеологияға араластырып қолдан қоспа жасап жіберген. Бұл тарихи құжат. Енді мен сол кездегі Сөздіктерді қарап шығып едім «Герой» - «Қаһарман» деген атауларды таба алмадым. Бір ғана кітапты мысалға келтірейін. «Казахско-русский словарь», латын алфавитімен «Qasaqca – Orьsca sөzdik» деп аталған, Казахское издательство, 1936, Государственная терминологическая комиссия при каз.наркомпросе». Осы кітаптан мен «Қаһарман» сөзін де, «Герой» деген сөзді де таба алмадым. Ол Сөздікте «Батыр» - храбрый, богатырь деп аударылады (41 б,), «Ер» - мужественный, самоотверженный (109 б.). Бәрі дұрыс. Ал «Герой» деген сөз мүлде жоқ. Бірақ, Кремльдің анықтағаны болғасын, «Қаһарман» деген сөз-атау әдебиетттен орын алып оңды-солды қолдана берілген.

«Герой Советского Союза», «Герой Социалистического труда» атақтарын «Қаһарман» демей «Совет Одағының Батыры», «Социалисттік Еңбек Ері» деп кезінде дұрыс аударылып, дұрыс айтылған. Өйткені сол кездегі ғалым ата-ағаларымыз жан-жақты білімді болған, өте абай болған. Енді сол дұрыс «Батыр» атауын бұрмалап, қасиетті Құран аятын жұлмалап әулиелі Қаһарман деген діни атауды саяси ұғымға теңеген дұрыс болар ма екен. Тәуелсіздіктің буымен «барлық атауларды өзгертейік» деп айқайлап жүргенде шапшаңдық жіберіп қойғамыз жоқ па? Осы мақаламды мен қажымай бес жыл жариялап келемін. Мынауыңыз дұрыс емес, бос сөз деген тіл мамандығы жағынан бір профессор, бір академик ауыздарын ашқан емес. Соған қарағанда мақалам дұрыс тақырыпты тапты деп ойлаймын. Бұл атауды мамандар келешекте дұрыс зерттеп, осы қысқа мақалама назар аударса болар еді. Қазақтың Батырын өзіне қайтарайық, ағайын!

 

 

Масғұт Нұрмағамбетов

ҚР ІІМ Құрметті ардагері

 

«Ар жүзімен/ По лезвию совести», 2012ж;

«Переводы стихов Мукагали Макатаева», 2016ж;

«Алтынды Майқайың», 2019ж;

«Муза свободы», 2024ж.

кітаптарының авторы, аудармашы.

 

Астана

05.11.2024.

 

Бөлісу: