Құныс патша туралы аңыз
Топан су топалаңынан кейінгі 3550-ші жыл. Қайта түлеген табиғат көркі. Өмір нәрі түгесілмейді. Анасының ақ төсінен нәр сорған балақан секілді, толғағы оянған бұтақтарды емірене құшақтап тұрған балапан бүршіктер. Аққайнардың жан сыры. Сәби еңбегінің бүлкілі. Тылсым туынды.
Су беті шымырлап жатыр. Мөп-мөлдір. Құйттай-құйттай күміс моншақтар сынды жылт-жылт еткен ауа түйіршіктері тұп-тұнық су түбінен жоғары қарай жансебілдене өрмелейді Аққайнар жүрегінің тереңінен шыққан өмір құштар арманы секілді, доп- домалақ, доп-домалақ сол ақ моншақтар тізбегі алақандай айдын бетіне шыға бере бұрқ-бұрқ етіп жан-жаққа шашырап кетеді. Жарыққа құштар өмір нәрі – жаңа өмір бастауы дегеніміз, сірә, осы болар. Айналадан көктем иісі, балғын топырақ иісі аңқиды. Бұдан мыңдаған, жүздеген жылдар бұрын өздерін жаратылыстан жоғары санап кесірленген, мастанған біреулер денесін иіссумен сылап сандырақтады-ау. Білмеді олар, адам ағзасына топырақтан жақын, дымқыл топырақ иісінен жұғымды ештеңе жоқ және болмаған. Ақиқи нәрсе осы! Көктемгі ауа қандай сүмбіл. Көкірегіңнің жықпыл-жықпылын, қатпар-қатпарларын қопарады. Рахат! Жер-ананың омырауынан енді-енді қияқтана бастаған жап-жасыл, жап-жасыл түктерін жып-жылы демімен аялай үрлеп жүрген алтынкүрек жел ше! Әлі шаң көрмеген, күлтесін тозаң шалмаған, таң шапағының нұрын сімірген пәк шырайлы қар гүлдері – назды бәйшешектер, бұртиған еріндері енді-енді ғана бүрлеген, мезгіл әуеніне ілесіп шабыттана шайқалған бұтақтарды емірене құшақтап тұрған балапан бүршіктер ше! Жағалаудағы жаңадан бой түзей бастаған жасыл құрақтар аққайнарға қарай қылдай-қылдай мойындарын емірене созады - жауқазын ғұмыр жүгіріп кететіндей бұлқынады. Мөп-мөлдір бұраңбел бұлақтар да өздерінің жіп-жіңішке, жіп-жіңішке жүлгелерін кеңітіп, жаңа арна ашып, бір-біріне жамырап алақайлап жатыр. Аспаннан алтын-табақ күн жымияды. Маңайда алқынған-жұлқынған ешкімнің жоғы, әсіресе, әзірше болса да астамшыл, жалған машайық атаулының төбе көрсетпегені қандай жақсы.
Жүздеген жылдар бойы түлеп, жаңа дүние осылай бой түзеп, қайта қалыптасып келеді. Ия, аққайнар бүлкілінде жарыққа ынтық өмір нәрінің, сәби еңбегінің тынысы бар. Аққайнардың илләһи жаны бар. Бұл дегеніңіз - жаратқанның әрі өміршең әрі тылсым туындысы – мәңгілік жыры. Ауа, су, топырақ, от – кереметтер жиынтығы, төрт анық дегеніміз осы!
Адасқан қарияның еш болған күйзелісі. Мөлдір су ащы көз жасын қабылдамады. Тоты құстар. Бір ұрттам мәңгілік шәрбаты. Сүлеймен пайғамбардың қанағаты. Ақ сөйлер әжімдерде өкініш пен қуанышты қатесіз сипаттайтан ақеділ тіл бар. Шотмаңдай мен тасмаңдайлар не дейді. Үшінші көз. Негатив. Шайынды. Адамға топырақтан жақын ештеңе жоқ.
Ұзақты күнге аққайнар бетіне үңіліп отырған қарияның көзінен шымырлап жатқан су бетіне бір тамшы жас тырс ете қалды. Мыңдаған жыл бойы дымқылы қатып-семіп керіш болып қалған екен. Нәрсіз бір тамшы. Қарияның шелді көздерін айнала көмкерген еттері жыртылып, онсыз да табаны қопсып түгі қалмаған бір-екі кіді кірпік түбінен қопарылып кеткендей тызылдады... Өзінің қаншаға келгенін ұмытып қалса да, сонша жылдық ғұмырдың қайғысы мен мұңына илене-илене шеген көкірегінен лықсып шыққан қарияның көз жасы ащы еді. Ия, сол бір тамшы тым ащы болатын. Тамғаны небәрі бір ғана тамшы болса да өмір нәрі - мөп-мөлдір су түшіркеніп, тұзданып, беті әппақ айғыз болды. Керіш тамшы бір жерде тұрды да қалды. Мөлдір су, тұзды да ащы, қайғы жеген, болмысы түп-тұқиянына дейін тұқыртпас мұңға баттасқан сағыздай-тамшыны қабылдағысы келмеді. Мың-мың жылдардан бері адасып, өзін өзі таба алмай қаңғырған қария таң қалды. Осы жасқа келгенше адамның көз жасында қорлықтың мұндай соры болады деп ойламапты. Каландарлықты енді мойындай бастаған бейбақ «жетпегені осы еді, тұп-тұнық суды былғадым-ау...» деген бір сәтке ес жиғандай болып. Еш болған, кешеу келген күйзеліс қарияның қатқан мейіздей денесін ду-ду еткізді. Еңкейіп, сексеуілдің бұтағындай қатып-семіп қалған иір-иір саусақтарымен аққайнар бетінде қалқып тұрған әлгі соры қалың тамшыны түртіп көрді. Судың ағысына қарай жөңкіп ағып созған шүйкедей әппақ-әппақ сызықтар кетті. Сызықтар қарияның маңдайындағы терең-терең ақжем әжімдерден айнымайды-ау, айнымайды. Әжім деген әдетте ақыл-ой нышаны болушы еді ғой. Көпшілік біле бермейді, терең-терең бұл әжімдерде ақ сөйлейтін ақеділ тіл де бар. Әжімдер астында, шақшадай бастың екі жағынан орын тепкен дыбыстартқыш құлақтардың байланысшы көпірі сияқты шодия біткен шотмаңтай, қайқия біткен қумаңдай, иесінен басқа ешкімге көрінбейтін, рухы таза кісілер ұстай білсе, «сопыларға» тән қапысыз көретін үшінші құпия көз, ұшы-қиыры жоқ, баянға құмбыл баябан дала, құмға шөккен желкенсіз қайық, енді ешкімге қажетсіз бояу - сарқырап жатқан желекті ғұмырдария болушы еді. Көкірегіндегі езбе күрсініс тепсініп қалды, қарияның жұтқыншағына лықсып ап-ащы әлдене келді: « - адамға екі ғұмыр берсе ғой, шіркін, бәрін де қайта бастасам... - деп те ойланды... - жо-жоқ, болмайды, енді кеш...». Кенет бұрқ ете қалған пендауи ой кенет сылқ етіп сабасына қайта түсті. Ішінде адамы жоқ дерлік жарғақтың қалқайған бас жағы екі тізенің ортасына құлады... Сықырлап құныс жота иілді.
Онсегіз мың ғаламды билеген, дүниедегі аң-құстардың түгелінің тілін білген Сүлеймен патшадан ақылды кім бар! Ол да ел басқарды, ол да жүзден асқан жоқ. Асқан жоқ емес-ау, асқысы келмеді... Бір күні өзінің ең жақсы көретін тоты құсы патшаға бір ұрттам шәрбат әкелген-тін: «патшам, мынаны ұрттап жіберіңіз, мәңгі өлмейтін құдіретке ие боласыз, сіз адамзатқа керексіз...». Сонда, Сүлеймен патша өзі келіп тұрған шәрбатты бірден жұтып жібермей: «таңға дейін уақыт бер, тоты құсым, ойымды жұптап алайын...» деген екен. Елден асқан ақылы бар әз патша ғой, таңертең: «тоты құсым, ниетіңе рахмет, Жаратушы, адам баласына қанша ғұмыр берсе, соны сүремін, шәрбатыңның қажеті жоқ, қиянат арқалағым келмейді, ақ өлімді күтемін, қартайсам елді өзімнен кейінгілер де басқарар» депті. Міне, мәңгі өлмеуге де мүмкіндігі болып тұрған, болып тұрса да ойы кіршіксіз, санасы саңлақ Сүлеймен патшаны, ақылы мен парасаты, қанағаты мен имандылығы мәңгі өлмеуден бас тартқызды. Жасампаз пәлсапа кемел ихсаннан, ештеңеден жиренбейтін құзғын жасағысы келмейтіндігін хаттады. Адамның баласына бауырынан өрген баласының, баласының бауырынан өрген немересінің, немересінің бауырынан өрген шөбересінің өлімін көрсеткісі келмеді... Сонша ғылымды игерген сол Сүлеймен патшаның да маңдайында терең-терең әжімдер болмады деп кім айта алады?.. Ел басқару оңай іс деп кім айта алады?!. Маңдайдағы әжімдер қоймасын ақтара берсең, әр адамның пешенесінде жазулы тұрған, өзіне ғана тән, біреуге ерте біреуге кеш келетін нағыз ақыл жиынтығына кез боласың. Тек қана оны оқи біл, тыңдай біл, қорыта біл, кейінгіңе жеткізе біл! Дұрыс жағына бұрыл. Ақыл да толқиды. Үшінші көздің өзі де жаратылыс сырына үңіле білмеген адамға жан-жағын негативті тұрғыда көрсетеді. Дәлел ретінде қарапайым ғана мысал келтірер болсақ: жүрегі талықсымайтын, бауыры сыздамайтын адам болмайды. Адам – табиғат туындысы, табиғаттың титтейден баулыған, титтейден тәрбиелеген перзенті! Демек, адам мәселесіне қатысты сара бағдарламаны табиғат қана жасай біледі, табиғат қана шеше алады. Бұл бағыттан қиыс кеткен адам – табиғатқа керексіз нысан. Ал, табиғат пен жер – егіз, тығыз байланыстағы құдірет! Яғни, табиғат – ата, жер – ана! Жер – ана адамды мәңгі тербетеді, мәңгі әлдилейді. Мұны мойындау үшін көп білімнің, асқан сезімталдықтың қажеті жоқ. Сол секілді, екі аяқты, бір басты табиғат туындысына өзге екі аяқты пенделердің озбырлық жасап, мүмкіндігін аяқтан шалып, өміріне қол сұқпағаны абзал. Табиғат болмысына бар ынтасымен ден қойған адам ғана Құдайды шын мойындайды.
Қалай болғанда да, адам жүрегінің талықсуын да, бауырының сыздауын да басатын, жалған тіршілік тауқыметінен құтқаратын да емші – тек қана сол табиғат пен жер құдіреті болмақ. Ия, иісі жұпар кәдімгі қара жер, торқа топырақ... Ашкөздікке бой ұрған пенде көзін топырақ қана толтыра алады. Ізгіліктер пәлсапасы, адамзат жаралғалы бері осылай дейді. Адамзатта топыраққа қарсы тұратын қауқар жоқ! Кім болсаң о бол, соңғы тұрағың – қара жер болмақ! Өлім әлдиінен өткен әуен жоқ. Негативті көзқарас бұл ақиқатты шайып жібереді.
Тілден қалған қария. Ескерусіз қалған сұрақтар. Есірік ырду-дырду. Гүрілдек майқоңыздар мен дірілдек инеліктер. Атжалман өркениет керек пе? Мыңтабан. Ұйықтан шыққан ойлар. Менмендік күрке тікті.
Басы екі тізесінің ортасына құлаған, шынжыр ойдың шырғалаң қамағына түскен құныс-қария көп болды тілден қалған. Қалай созсаң да еркіңе көне беретін, құлағы барды да жоқты да уыздай ұйытатын сала құлаш қызыл ет қазір - құлду. Құлду болмағанда қайтсін, кіммен тілдеседі. Күн орнында, ай орнында, ал, жарық дүниеде сөйлейтін жандық атаулыдан бір өзі... Содан бері қарияның маңдайынан түбегейлі қоныс тапқан әжімдер ғана үнсіз сөйлейді, күңіренеді. Тек қана оны тәпсірлейтін, екшей білетін тірі жандық болса.
Қария өзінің өмірге қашан, қай күні келгенін, талбесікте тербелді ме, жоқ па, есіне түсіре алмады. Әкесі кім еді, анасы кім еді? Білмейді, білгісі де келмейді! Сонымен, түбірін түптеп қоятын бұл сұрақ ескерусіз қалған. Ескергенде кімге керек?!. Кәрі жыландай жер бауырлап жылжығанына қанша ғасыр?... Есінеген ойына жөндем ештеңе пайымдалмады. Әйтеуір, сағым арасынан еміс-еміс есіне көлбеңдейтіні – өзі ес жия бастағанда бұлардың төбесі топырақпен бастырылған жеркепелерінің шығыс жағын көмкеріп, үш басты үлкен тау тұратын мізбақпастан қарайып. Тауды жағалай орналасқан қадау-қадау ауылдар болатын, баурайларға қадау-қадау мал өретін, қадау-қадау тұяқтар сықырлайтын. Сырттан қараған кісіге бұл көрініс буылтық-буылтық мыңтабан құрттың иіліп-созылып қозғалғанындай әсер қалдырар еді. Әсіресе, көктем күндері, жер тұрғындарына табиғаттың тартуы - гүрілдек майқоңыздар мен дірілдек инеліктер, әнші құмыр-құстар мен биші гүлдер ғана масайрайтын. Жәндіктер ғана сайран салатын. Оларға не!.. Арғыны қойдық, бұл кездің өзі де - адамзаттың әлі ояна қоймаған, оянса да кісілікті мойындай қоймаған, озбырлықтар ұйымдастырған былқылдаған қызылкүрең өлім илеуінен, қылқылдаған кеңірдек пен жалаңаш өңеш-өзекті ұлытқан ашаршылық мелтегінен тарбаңдап шыға алмай, өз жеке басын ғана күйттеген, өзгені білгісі келмеген әңгі-патшалардың, мәлін-патшайымдардың есірік ырдуы мен даңғаза дырдуына төзіп /дәл қазіргідей асығыс та атжалман өркениетке бет бұра алмай/, өзінше соны да місе тұтып, содан да қанағат сауып, жақсылықтың аңсар үмітін жамырай түтетіп, «ей, каландар, қанағат пен ынсабың бойыңа құт болсын-ның» үмітін үкілеп жатқан кезі ғой. Адамзат не көрмеген!
Қарияның көз алдынан сәбилік, балалық шағы осылай тізбектеліп өтіп кетті. Бұлыңғыр бозбалалық шақта да қанша сезімтал болғанымен есте тұрақтап қаларлықтай ештеңе жоқ екен. Десе де, сол кездері шотмаңдайға бірлі-жарым сызық қыдырыстап келіп-кеткен-ді... Көргенінен аз да болса түзілген бұл сызық бозбала үшін құнды еді, өкініштісі - тұрақтай алмады. Болар болмас ой саңының ізін қалдырып тайып тұрған. Шалғаны таза, маңайы кірсіз сол бір бозбалалық кезең де артта қалды.
Артынша адамның түмен ойға берілетін тұсы да, ғұмырдария толқынына өз бетінше бетбұрыс жасап кемелденетін шағы да сағымдана қалды... Толысты, толды. Өз қатарларының алды болуға тырысты. Межесі дұрыс-ақ еді. Тұстастары бас иді. Биік-биік тауларға қол созды. Жетті. Айтпақшы, дәл осы шақта, өзі не істеп, айтарлықтай не тындырып еді?!. Баянатын парақтап көрсе, құр қол емес те сияқты, ештеме бітірмеген де сынды. Алқалы топтың арбауы бөлек заман ғой ол. Адам – өзінің түскен ортасына қарай бейімделеді, орта тәрбиелейді. Құлақта қандай жазық бар, жазық – сананың еншісінде! Мұндай саралаудан миллионның бірі ғана сүзіліп, ерекшеленіп шығады.
Кейіпкеріміз, сол ортада жүргенінде белі ауырып, балтыры сыздады ма? Елім, жұртым деп еңіреген күні болды ма? Тіпті өз бостандығын, өз ойын өзі тәуелсіз ете алды ма? Ол тұстан да ауыз тұщытарлық ештеңе таппады. Айтпақшы, ия, ия... Сәті келіп, алтын таққа қол созым жердегі орындыққа отырған екен-ау. Тоты құстар мен аңдардың тілін зерделейтін кезі де келіпті. Ұмытпаса, бар мәселені ушықтырған, өзгеге қол сілтеуді дәл осы жерден бастаған екен-ау. Тоты құстар мен аңдар туралы: әй, қойшы, соны! Аң – аң, құс – құс! Хайуандардың қолынан не келеді өзі, деп сандырақтапты. Одан да... Қарияның езуіне мысқыл үйірілді... Өрмекшілердің өмір сүру дағдысы есіне түсі. Өрмекшілердің тарқатқан жібі күрделенген сайын, қамтуы ұзарып қалыңдаған сайын, сол шырмаудың қақ ортасында тұрған өзі қоңдана бастайды. Яғни, уақыт оза келе өрмекші деген жәндігіміз қатерлі қарақұртқа айналады... Құнттап қоятын бір нәрсе осы екен.
Кенет, қарияның есіне қақаған қыс, қып-қызыл қанға мелтектеген алаң, алаңға иірілген қанжоса құмырсқа-халық, «қара қарғаның» дабыл жаңғырығы мен әділдік аңсаған елдіктің мақтал сарыны, оған қоса жарқылдаған сапер күректері, құздан төмен сылқ-сылқ лақтырылғын жанды машайықтар, қарқылдаған әңгүдік патшалар мен патшалардың етегіне оратылған уәзірлер түсті. Айнала жаңғырып кетті. Байғыздар бажылдап, найзағайлар шатырлады. Сол кезде түршікпеген денесі енді түршікті, тізелері қалтырады... Бұл не шу? Үлкен уәзір қайда еді сонда?..
Сол күндері ғой, өзінің туылмай жатып өмірден теперіш көргені, көкірегі мылжа, жотасы и болғаны, төбесі топырақпен сыланған тоқал там, тау баурайындағы қадау-қадау тұяқтар сықыры, иіліп-созылып қыбырлаған буылтық-буылтық мыңтабан құрт есінен шығып кетіпті. Ел қайда, Есіл қайда?!. Пендешілікке уланған, мұны тәрбиелеген, түстері қып-қызыл алқалы топтың бейшара түсінігі оның бәрін де құрдым-ұйыққа тоғытыпты... Ойы осал пендені түгелі кеміс, беталысы еңіс ойлар ұйығы үйіріп тез тартып кетеді ғой. Бұл ұйық тұтқынын өзгеше тәрбиелейді, пендауи жасырын мақсат ішке түседі, іште түйіледі. Сыртқы дүниемен байланыс шектеледі. Мұндай мақсат иесінің санасы да түпкі оймен ауызжаласып, маңдайдағы қыдырымпаз әжімнің болар болмас ізін шайып тастап, алдамшы дүние пендеңіздің шотмаңдайын жарқыратып, жасанды жарық орнатып кетеді екен. Алаңғасарлықты, өзімшілікті бейнелейтін сонау алдамшы сәуле, алдамшы позитив, көргенін ұмытқан құлкеуде пендені тез игеріп әкетеді. Ол кез - бас уәзірдің осы батпақтың майын сорғысы келіп аласұрып жүрген кезі ғой. Мұндайда, тек қана арқасын сүйейтін азғана тіреуіш болса болды... Тіреуіш болса еткен еңбегің былай қалып, ендігі жерде саналы-ақ дерлік пенде болмысына жасырын менмендік күрке тігеді. Дарақылық, мақтаншылық, ешкіммен санаспаушылық, тек өзім, өзім білермендік бел алады. Қарияның есіне қайта – қайта түсіп мазасын алып, бас сүйегін бұрғылап, миын мүжіп жүрген азуы қарыс қабан сұрақ осы еді! Өз басын өзі қанша тоқпақтаса да иі қанбайтын осы бір итырғылжың, жылусыз маздақтан көзі қарауытып, бейуақта қараңғыны кезіп, жалынсыз ойдан ажырай алмады.
Өткелек. Сұңғыла тоты құстар қабылдамады. Құныс патшаның қалыптасуы. Мәңгілік өмірді аңсау. Зиммилер мен аборигендер. Төбекөздің көріпкелдігі. Қарымта. Патшалар құрбандығы. Тәңірдің топырағы.
Алайда, өзінің кім екендігін ұмытып қалған кейіпкеріміз бұл өткелектен де, бес қаруын сайлап, ішкі сырын ешкімге жаймай дін аман өткен. Бақ қарап, қыдыр дарыды. Арқасүйер сүйеніш те табылды. Жігіттік шақта азу тісі мен ақыл тісі бірдей шықты. Ақылы - ұйық, азу тісі қарыс болып кеткен пенденің илеу сөзіне ұйымаған жан қалмады. Маңдай тұстан төбекөз белгі бере бастады. Илалап таққа отырды. Жасанды италақаздар табанын жалады. Құмайлар асқақ жыр құрады. Айбыны асты. Дүмі майланды. Десе де, бұл тақ Сүлеймен патша отырған - қой үстіне бозторғай жұмыртқалатқан иманды тақ емес, жаратылысы жұтпа ұйықтан шыққан жырынды тақ болатын. Шақша-бастан өз орнын тапқан табиғи екі көз екі құлақтың арасында зыр жүгірді. Әлеуметке сіңірсіз сүйек лақтырылды, көбік сөзден тау тұрғызылды. Алдағы он жылдықтар, жүз жылдықтар, мыңжылдықтар межесі айқындалды... Қиял шіркінде шөліркеу бола ма? Шеңбері ісіп-кеуіп кетті. Жұртшылықтың жұпыны шекпені мауыты мақпалға айналды. Бұрын-соңды ешкімнің ойына кіріп шықпаған цифрлар биі басталды дейсің... Сөз бен іс шекарашылары тұтас далбасалап, мүмкіндік тәжірибелерінің сарапшылары қаңғалақтап кетті. Қолдан келер қайран қалмады. Шүйдесі қоңды қуыршақ уәзірлер төмен қарап бас шұлғудан басқаны білсе де - білмеді. Өйткені бұлардың бәрінің де сайқымазақ ар-ұяттары әлдеқашан таразыланып, патшаның темір сауытты сандықшасына кіріп кеткен болатын. Енді қит етіп көрсін... Сұқ саусақ аспанды нұсқады. Емеурінінің өзінен қатыгездіктің қаны сорғалаған көшбасшысы бар ұлыстан өткен мықты ұлыс бола ма? Болмайды! Патшаның бірінші де, соңғы да жауы – барлық қыр-сырыңды білетін абориген, жақтасы зиммилер болу керек. Аборигендер зиммилер тілін үйренсін деген бұйрықшалыс сандырақ сөз сайын даланы аралап кетті. Айтқанды тыңдамай көр... Солай болды да! Адам-атаның ойлау дәрежесінің мүмкіндігі әлі дарвинизм шеңберінде жүргеннің өзінде-ақ, Модэ шаңьюй, бертінде Шыңғысхан, кешегі Гитлер мен Сталиннің өзі де осы қатыгездіктің арқасында әлемге танылған жоқ па? Жер тарихында есімдері мәңгілікке қалды. Ендеше, не тұрыс?!. Сонымен...
Сонымен, мәңгілік ел күркесінің төбесі шошиды. Міне, керемет! Міне, ойтоп! Мәңгілік деген сөздің өзі Аллаға қосар қосу емес пе екен?!. Шайтан иектеген жанның оны екшеуге мұршасы болған жоқ. Есесіне, осы кезден бастап пендеміз түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалды. Тойымсыз көзге қатпар-қатпар қалта ілінді. Ұрлықы алтынмен апталған, күміспен күптелген өліктей астамшыл ақылы өзін ендігі жерде Сүлеймен патшалығына қарай асығыс сүйреген. Несі бар! Сүлеймен патшаның сүйікті 365 қатыны болған. Осынша қатынды игерген /бұл пендеміз Сүлеймен патша жылдың әрбір атқан таңын өзінің жүрегіне ең жақын сүйіктісіндей тағатсыздана қарсы алып, шыққан күнге қол жайып құлшылық етіп отырғанын білмейді/ патшаның, патшалықтың артында пайғамбарлық алыс емес. Адам қолынан келмейтін нәрсе жоқ! Қатыннан кенде емес. Аспан жер «періштелерінің» бәрін көгендеп қойған. Мәңгі өмір сүруді аңсады. Сол үшін патша тотықұстарына ауыз салмаққа қамданып та көрген. Бірақ, ол үшін, мейлі сөйлейтін, мейлі сөйлемейтін, бауырымен жорғалайтын, тік жүретін, жүзетін қандай жануар, ұшатын қандай құс болсын, әлемдегі барлық қанатты атаулының, екі аяқты, төрт аяқты аң атаулының тілін түгел білу керек қой. Оны үйренуге... өмірбаяндары темір сандықта қатталып қалған уәзірлерін тыңдауға пендеміздің менмендікке бұрандадай кірігіп кеткен, өктемдік меңдеген мойыны жар бермеді. Екі өкпесін қолына алып ол өлкеге де жетті. Өкініштісі, көпке мәлім тоты құстар өлкесі, ыпыны мен ындыны бөлек тіл білмейтін, араны қорен жануарға пысқырып та қарамады. Мұндайда, «таз ашуын тырнаудан алар». Міне, кейіпкеріміздің шыққан биігі. Патшалардың қарымтасы қарабайыр сорлы ұры-қарының шалықтаған әрекеті секілді қалаған кезіңде бауыздай салатын жан-жануармен шектеле қоймас. Патшаға керегі басқа! Патшаға керегі – адам қаны, тағы да адам қаны екен!.. Табиғаттың төл перзентін ату, дарға асу, суға тоғытып тұншықтыру! Адам құрбандығы! Міне, болатын адамға керегі! Өйкені тілі бар адамға тілі бар адам ғана қарсы келе алады, бұлар мәңгі өмір сүру дегеніңді ұқпайды, қиянат жасайды. Пікір дегеніңіз түкірікке, қала берді қақырыққа айналады. Сұңғыла тоты құстар бұған не дейді?! Оны ойлауға мұрсат жоқ. Мақсат біреу! Ол – қалайда мәңгілік шәрбатына қол жеткізу. Тоты құстар келіспесе – қылқи-мойындарын бұрап алу! Ал, әлемдегі тотықұстардың адамша сөйлейтіні біреу-ақ! Оның да сөйлегені тек айтқаныңды қайталау ғана екенін қарапайым кісі де біледі ғой. Пенде-патша ше?! Нойыс білсе де білгісі келмес... Сонымен, соңғы патшамыз айналасының, жақын-жұрағаттарының бәрін құрбандыққа шалып қырып, жалмап бітті. Өзінің жағасынан ала кеткен, өз кіндігінен өрбіген ұрпақтары да жаһаннамның төріне қарай сүңгіді... Несі бар, Мөде шаңьюй өз әкесін өзі өлтірген... қатыны мен атын жауына сыйлап, тулақтай жер үшін көрші патшамен қырқысқан... Шыңғысхан көпке танылуды өз туыс-қарындасын өлтіруден бастаған. Міне, үлгі керек болса! Тілі, өз пікірі бардың бәрі жауыз. Дұрысы – екі аяқты, сөйлейтін «жануарлардың» бәрін де құрту керек!
Мәңгі өмір сүруді аңсаған патшаның аса «көрегендікпен» тапқан бұл бағдары тіпті дұрыс болды. Құрту керек! Адамың не, Жаратқанға тиісті ештеңе қалдырмау керек. Осы уақытқа дейін басында бір шұқым миы жоқ тотықұстарға телмеңдеп... Тапқан екенсің ақымақты. Нәтижесінде бәрі өзгерді. Падишахымыз төбесі аспанды тіреген алып сегізаяққа айналды. Сегізаяқтың созылмалы сіңірдей буын-буын сулықтарына, көзсіз де көре беретін, тиген жерін жұлқып-жұлып алатын дөңгелек сорғыш жапсырмалы, бүкіл әлемді орап алған ұзын-ұзын саусақтарына ештеңе шақ келмеді. Тұтас тау да, жұтым су да құмыра өңешке жұтылып кетті... Бәрін өзіне тартып алды, сатып алды, қаламағанын қайта сатты. Ажалдыға еншілі бір уыс топырақ, бір тұтам жер де, көр де қалмады, көңіл жайланды, кекірік сазды, ал енді алып көрсін... Өз перзентін бауырына алып әлдилейтін, тербететін бір сүйем жері жоқ қубас құдай – ақшаңдаған әзірейіл не істей алады?!. Тәңірді танымай жүр екенсіңдер!
Сөйтіп, кейіпкеріміз өзінің жарық дүниеде жалғыз қалғанын білмей де қалыпты.
Қасірет қамаған қарт. Мың-мың жыл өмір сүру... Аспанда қалқыған құзғындар. Қателікті мойындау. Кеш келген ұят. Әлденеге, әйтеуір, сыйыну. Лақтырылған байлық. Соңғы тыныс. Өлікті көметін ешкім жоқ. Құзғындар. Сақырлап сынған сүйектер.
Құзғындар саңғырығы оймыштаған төбесінде бірер тал ғана шашы қалған құныс қария, екі тізесінің ортасына қумаңдайымен құлаған күйінше әлі отыр. Оқтын-оқтын екі иығы селк-селк ете қалады. Оны бұл ой қамағынан құтқаратын не бар?!.
Аққайнар суы тап-таза! Табиғат орнында екен. Адамдар қайда кеткен? Қария өзінің қаншалықты қателік жасағанын енді білді. Қасірет құлыптап тастаған бір тамшы ғана көз жасының өзі сол тазалықты, сол бір мөп-мөлдір суды қаншалықты лайлағанын көзімен көрді. Қарап тұрса, өзі мың-мың жыл өмір сүрген секілді... Әлдеқашан ақырзаман болып кетіпті. Жер бетінде, аспан астында, саналы дерлік, тілі бар тіршілік белгісінен өзінен басқа ешкім жоқ, аспанда тек ашқарақ қарға-құзғындар ғана қылқи мойындарын әр жаққа созып қалқып жүр... Анда-санда қарқ-қарқ етеді. Жемтік көрсе жабыла дабылдамақ! Қария, шалқая бере «әттең-ай» деп күрсінгенде көкірек тұсы қарс айырылып кетті... Мына құдіретке қараңыз: күтір-күтір етіп, зең басқан ағаштың шірінді қабығындай күлімсі теріні жарып қатып-семген төс сүйек, ырсиған қабырғалар шықты, қимылдауға шамасы келмеген тұяқтар серпілмей қалды. Соңғы тыныс...
Соңғы тыныс жалтақтап айналасына қатпар-қатпар қалталы көзін жүгірткен қарияның екі өкпесін бірдей қысты, қаттырақ қысты... Бір қызығы, ажал шеңгелі қанша қысқанымен қайғы жеміті болып қалған денеден қан шықпады. Шелді көздер жезденіп, қырыл басталды. Жан беру оңай емес екен. Өзі тірісінде көзіне ілмеген Алланы, біле тұрса да ауызына ала алмады. Ауызға алу былай тұрсын, еске алудың өзі ұят! Міне, қызық! Құныс қария кеш те болса денесіне саңылау тауып кірген баба-ұяттың қолына жармасты, аяғынан сүйді... Далбасалап сыйынған түрі.
Жан-жағына қап-қап алтындарды, меншігіндегі өзен-көлдерді, тау-тасты, жон-жоталарды, орман-тоғайларды, ауылдар мен қалаларды, аралдар мен тоғандарды, бәрін-бәрін лақтыра бастады. «Менің дауысымды біреу есітсе, мырзалық әрекетімді біреу көрсе» деген көлбар сандырақ қой.
Бірақ, қарияның іштен сырылдай айтқан сөзін есітпек түгілі, айналада, жұмыр жерде айқайлағаныңды қағатын құлақ, лақтырылған алтынға, көзді арбайтын қызылды-жасылды дүниеліктерге түсетін назар, тірі пенде жоқ еді.
Ындыны жаманнан тоты құстар қандай жиренсе, баба-ұят та дәл солай имансыздың қолын қағып жіберді. Қу сүйек саудырап шашылып кетті.
Өлікті кім көмеді? Оған да айла табылды. Аспанда қалқыған құзғындар жерге қарай құйылды. Әлден уақытта қатып-семген қу теріні үзіп-жұлқып толғай жұтқан құзғындар, өңештеріне тұрып қалған сүйек-саяқтарды шойын-мойнындарымен бұрап сындырып сақырлатып жатты.
Астамсудың ақыры осы болды!
Содан бері де пәлен ғасыр өтті. Жер жарықтық адамдар қолымен жабысқан, бойындағы ыпылас жарақаттардан арыла бастады.
Екі аяқты адам-жануардың төбесі көрінбегені де жақсы.
Айналасында ешқандай бүлдіргі жоқ толықсыған табиғат пен жер-ана ғана әл-мисақтағы болмысымен мамыражай тыныстап, бой түзеп келе жатты.
Тек қана өткені ойына түсіп ептеп бауырының сыздағаны болмаса...
Бөлісу: