Тірі өлік

17.08.2017 7078

                                                             ТІРІ ӨЛІК

                                              /1 перделі 2 көріністі пьеса/

 

Қатынасушылар:

Әруақ – Тоған

Қисық – Тоғанның інісі

 

 

1-ші көрініс

Күн күркіреп, найзағай шатырлаған дыбыс есітіліп тұрады.

Перде ашылады, сахнаның көрермендерге қарсы бетінде жанып тұрған тозақ отының суреті көзге шалынады.

Әруақ: - (күмбірлеп зор дауыс есітіледі) Уа, күнәһар!.. (төбеден дөңгеленіп жалғыз жарық түседі, сахнаны шарлай бастайды, жарық бір бұрышта екі қолымен басын қаусыра бүрісіп жатқан бір тірі пенденің үстіне тоқтайды, пенде қыбырлайды, үсті-басы жұлым-жұлым, орнынан тұруға әрекет жасайды, құлайды, тұрады, құлайды, тұрады, бір қолымен ішін басып, қаңғалақтап кетеді, әудем жерге барғанда сүрініп құлайды, шалқасына аударылып  түседі, дір-дір еткен екі қолын аспанға созады. Бұл – Қисық). Уа, күнаһар адамсымақтар! Уа, күнәһар пенделер! Сендерді іздегеніме көп болды менің. Қайдасыңдар? Бәрібір табамын! Бір де біреуің менен құтыла алмайсыңдар.

Қисық: - (құлап жатқан күйінше аласұрады, қолдарымен ауаны қармайды, кекештеніп) Я, алла, я, алла, сен алласың ғой, ке-ке, кеш, мені, кешір, енді қайталамаймын... енді... қық... қық... (найзағай шатыр-шұтыр етеді, Қисықтың үстіне түсіп тұрған жарық дірілдейді).

Әруақ: - Ей, пенде, сен мұнда екенсің ғой. Мына жатысыңа жол болсын! Кешірің не? Сені кешіру, кешірмеу, менің қолымнан келмейді. Осы уақытқа дейін қауашағыңдағы атала соған жетпеген бе? Не дейін саған! Мен алла емеспін. Мен әруақпын! Сендейлерден қорлық көрген, көрінде тыныш жата алмаған әруақпын!

Қисық: (екі қолымен жүзін жарықтан көлегейлеп) - Күнім түн, түнім түнек боп кетті ғой. Ей, алла, кешір мендей пендеңді. Аспандағы күн қайда, ай қайда, жұлдыздар қайда?

Әруақ: - (күркіреп) Ей, есалаң! Мен алла емеспін дедім ғой саған! Әлде дауысымды да танымай қалдың ба? Тұр орныңнан! (Қисық кирелеңдеп орнынан тұрады, жарық жанады, басынан аяғына дейін ақ жамылғы жамылған әруақ Қисықтың дәл алдында тұр). Енді таныдың ба, мені?

Қисық: - Сіз, сіз... (қолдары дірілдейді, тұтығып сөйлей алмайды) сізді танып тұрған сияқтымын... ме,..   ме,.. менің...  (таныған сыңайлы, басын бір иығына қарай қисайтады).

Әруақ: - Ия, мен сенің туған ағаң Тоған боламын!

Қисық: - Таныдым, таныдым , ағатай... кешірші... (әруақтың алдына тізерлеп отыра қалады). Кешірші, мендей бейбақты. (сасқалақтап қолдарын әруаққа қарай созады) Сізді танып тұрмын, кешіріңізші.

Әруақ: - Қанша айтсам да түсінбейтін сыңаржақ болғанбысың... мен кешіре алмаймын сені, дедім ғой саған... сені кешіретін басқа...

Қисық: - Сонда да кешір... (тізерлеп отыра қалып, әруақтың аяғын құшақтамақ болады).

Әруақ: - (қолымен кері сілтеп белгі береді) Тарт ыпылас қолыңды! Ей, бейшара, қалқайған құлағың – есітпейтін, сығырайған көзің – көрмейтін болып қалған ба?!.

Қисық: - (сасқалақтап) Тап, солай, ағатай, бәрін де біліп тұрсыз, көріп тұрсыз. Енді, енді...

Әруақ: - Мен ештеңе де біліп тұрғам жоқ, надан! Білдім деген сөз – астамшылық! Сен өзің осы астамшылықтан да асып кеткеніңді білесің бе? Сенің мына бүкірлігіңнен туа біткен бүкірлік мың есе жақсы әрі сыйлы ғой, ей, пенде. Ойыңда не бар өзі? Мені сонша жамандап...

Қисық: - Ағатай, мені кінәлай көрмеңізші, құлыңыз болайын! (екі алақанымен өзінің құлақтарын жабады, қайта-қайта басын шайқайды).

Әруақ: - (қатқыл дауыспен) Маған құл керек емес, бүкір де керек емес, маған ойы, істеген ісі түзу адам керек! Адам! Ойы бүкірдің кімге қажеті бар деп ойлайсың?!. (сұқ саусағымен аспанды нұсқайды). Солай бауырым!

Қисық: - Мен де адаммын ғой, ағатай... адаммын... (өзінің көкірегін ұрып таң қалып), ағатай, сіз, өліп қалған жоқ па едіңіз? (ыржаңдайды).

Әруақ: - (Қисыққа сұқ саусағын кезеніп)  Сен бе адам, надан! Шын өлік пен тірі өліктің аражігін ажырата аласың ба, өзің!

Қисық: - Ағатай, мен сізді (қолымен күрек ұстап топырақ латырған сияқты қимыл жасайды) өз қолыммен...

Әруақ: - Дұрыс айтасың, сен мені дәл солай жерлегенсің, ол – сенің азаматтық, қала берді сенің туыстық парызың. Ал, одан кейінгіңе жол болсын! Әруақты қорлағанды қай ата-бабаңнан көріп едің, сен есек... тірі өлік... (жұдырығын түйеді).

Қисық: - Ағатай, оны қайдан білдіңіз? Сіз газет оқисыз ба? Ол жақта... /көздері бақырайып әруаққа жақындайды, кейін шегініп таң қалғандай сыңай танытады/.

Әруақ: - Сенің сорлылығың осы! Әруақта, құлақ, көз болмайды деп кім айтты саған. Әруақ сөйлегенді – есітпейді, иттік жасағанды – көрмейді деп кім айтты саған! Қалам ұстаған неңді алған сенің, а?! Ұстасаң ұстай ғой, туған ағаңды күстаналап, әруағын қорлағанды кісілік деп ойладың ба, сол жазу арқылы өсемін дедің бе? Әлде менен ала алмай жүрген бір кегің бар ма? Зайырлы адам болудың басқа жолы жоқ па? Мұнда, өзіңді күтіп жатқан ата-бабаңа не жауап бересің сен, кеще?

Қисық: - Ағатай, сізді, арақ ішті-маскүнем болды – тозаққа түсті, ол жерден енді шықпайды деп ойлап қалған едім, кешіріңізші! Атыңызды да ауыстырып жаздым ғой. Сонда, сіз, тозаққа түскен жоқсыз ба? (тағы да ыржаңдайды, әруақ та босаңсыған сыңайлы).

Әруақ: - (шаршау) Уһ! Қисық бауырым, тозаққа түсуін түстім-ау, бірақ – құтылдым! (қолымен өзінің омырауын желпиді).

Қисық: - (сыбырлап) Қалай аға, айтыңызшы? (құлағын тосып, қиыла қалады). Айтыңызшы, тозақтан қалай құтылдыңыз? Қашып кеттіңіңз бе?.. /жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап сахнаның ішін айналып жүгіріп келеді/. (таң қалған кейіппен) Осылай қаштыңыз ба?..

Әруақ: - (қадалып сөйлейді! Есалаңдығың әлі қалмапты ғой. Білесің бе, сен кішкентай кезіңде құрт-құмырсқаны, шыбын мен шіркейді табаныңмен езіп, содан бір рахатқа бөленетінсің. Өсе келе иттің күшігі мен мысықтың марғауын өлтіргенді жақсы көруші едің ғой... өлтіріп өзенге лақтыра беретінсің... кептерлердің, тауықтардың шөжегінің басын жұлатынсың. (қолының қырын өзінің бауыздау тұсына ары-бері жүргізеді). Осы өтірік пе?!

Қисық: - (сескеніп қалады) Ия, ия, онда-ондай болған, мойындаймын...

Әруақ: - Болса сол, мені тозақтан құтқарған сол құрт-құмырсқа, шыбын-шіпкей, күшіктер мен мысықтар, сол шөжектер... Сен жауыздан олар да тәуір, саналы...

Қисық: - (таң қалып) Қалай, қалай?.. Күшік пен мысық, шөжек?.. Саналы... /қарқылдап күледі/. Бұған не дейін, ойбай, ойбай... (өзінің екі бетін сабалайды).

Әруақ: - Дәл солай! Ит пен мысық сенен көп жақсы. Олар ешкімнің әруағын қорламайды. Сен өлтірген сол жәндіктердің, күшік пен мысықтардың көбісі өлмей қалған. Олардың тірі қалуына жәрдем еткен мен болатынмын. Өліп қалғандарына аяушылық танытып жерге көміп жүрдім ғой. Мұны сен білмейсің! Менің ішімдікке байланысты күнәм, сенің тірі жандыққа, әсіресе, маған жасаған жауыздығыңның қасында түк те емес! Олардың ар-ұяты, менің қолым мен жүрегім таза! (екі алақанын жайып көрсетеді). Әсіресе, сен Болған апамыздың ала мысығын өлтіргенде менің денем жаман түршікті ғой... Сен үшін алладан кешірім сұрап тұрдым ғой мен сол жерде.

Қисық: - (дегбірсізденіп) Қалай-қалай... Ол менің есімнен шығып кетіпті.

Әруақ: - Әрине, сен сияқты имансыздардың есінде не қалушы еді. Сен Болған апамның ала мысығын құйрығынан ұстап жердегі тасқа қайта-қайта ұрдың ғой. Есінен танып қалған мысық өле қоймады. Көзі ашық жатқан. Сен оның жылтыраған көздеріне балғамен шеге қаққаныңды білсің бе?! Сосын суға лақтырып жібердің. Мен араша түсіп едім, маған балғаңды ала жүгірдің. Осы кешірілетін күнә ма, айтшы! Қазір ол мысық та менің қасымда жүр, сен ағызып жіберген көздері де орнында. Алланың қолынан келмейтіні жоқ.

Қисық: - (көздері бақырайып) Алла, алла!.. Оны өзім де сезіп тұрмын. Айтыңызшы, мен қайтемін енді, қайтсем тозақтан құтыламын?!. (сахнадан күннің күркіреген дауысы есітіледі). Қазір ондай қиянатты қойғам, алла, алла...

Әруақ: - (кеудесін көтеріңкіреп) Алладан садаға кет! Енді алла керек болды ма саған? Тозақ отының қызуы күшті ең астыңғы – хутома қабатында, құдды сен сияқты сорлаған тағы біреу жатыр қақталып...

Қисық: - (таң қалған кейіппен) Астапыралла! Адам ба? Ол кім, не істепті?

Әруақ: - Оның да сорақылығы шектен шыққан... Жазатын түк таппағандай, өзінің сүйген қызы туралы жазған ғой, сорлы... (қабағын түйеді).

Қисық: - (қызығып кеткендей құлағын тосады) Не деп? Сүйген қызы туралы?.. Сұмдық-ай!..

Әруақ: - Ия, өзінің кәдімгі сүйген қызы туралы, ол қыз әрі көршісі болған екен. Әлгі қаламгерсымақ кішкентай кезінен осы қыздың көркінен сусындап жүрген ғой, сүйетінін, жақсы көретінін, өзінен бес-алты жас үлкен қызға айта алмапты. Кейіннен осы қыз әйтеуір бір себептен қайтыс болады. Бірге жолаушылап келе жатқан жолсеріктері оспадарсыз біреулер екен. Солар әлгі бойжеткенді өлтірген сияқты. Өлтірер алдында зорлаған ба деген күдік болса керек. Ол кез – қиын кез, техниканың қазіргідей дамымаған кезі емес пе? Не болса да /мүмкін ештеңе болмаған да шығар/, жабулы қазан жабулы қалады ғой. Соған өлер алдында зорланған деген сияқты ойды әлгі қаламгерсымақ өз қиялынан қосып жазған ғой. Міне, әруақ қорлау дегеніміз осы! Әруақ бәрін де біледі. Алланың көрмейтін нәрсесі жоқ. Негізі адам баласы фәнилік болмысында жетілмейді, адамды жетілдіретін бақилық қоныс! Бақилық қонысқа таза келуге тырысу керек. Қазіргі бейшара, тозақы, сендер сияқты білімсіз, қауқарсыз қаламгерсымақтар осыны білмейді. Қаламның да киесі бар! Онымен жұмыстарың бар ма өзі! (Күрсінеді). Оның үстіне уағыз айтқан неңді алған сенің! Ол үшін үлкен білім керек. сенікі секілді шатты-бұтты уағыз – бүлдіргеннен басқа ештеңе бітірмейді. Күлкіге қаласың. Оны мен біліп жүрмін.

Қисық: - Сонда не істеуім керек? Сіз туралы жазғаннан кейін өзім де қатты қиналып жүрмін, аға. Жазбадағы мәселе кім туралы екенін жұрттың бәрі біліп қойыпты. Ешкім мені жақтырмайды. Содан бері, көшеде келе жатсам, бұрыңғы таныстарым да бұрылып кететін болды. Анам түсіме жиі енеді. Әкем де іздеп жүр мені... (басы салбырап жерге сылқ етіп отыра кетеді, иықтары селкілдейді).

Әруақ: - (мұңайып) Онда сенің де күнің өлшеулі екен бауырым. Әлі де уақыт бар. Ұстай алмайды екенсің, киелі нәрсеге жолама. Қолың жетпейтін нәрсеге ұмтылма. Өйткені ол басқа біреудің ризығы. Үлкендер осылай үйреткен жоқ па?! Тазалану керек, тазалану керек... онсыз болмайды. Құдай жолына түс, әруақтардан кешірім сұра, оның жолын, жөнін ізден... Бұл менің туыстық ақылым, ізден... (жайлап жарық сөне бастайды, ізден... ізден... ізден... деген дауыс жаңғырығы да жарықпен бірге өшеді. Күн күркіреп басылады).

2-ші көрініс

     Сахнаның жарығы қайта жанады. Бүйірдегі есіктен сақалы өсіп, шаштары жалбырап кеткен Қисық тәлтіректеп кіріп келе жатады. Бір қолында бөтелке, бір қолында ала мысық бар! Удай мас.

Қисық: - (ісініп кеткен көздерін уқалап көрермендер жаққа қарайды, тілі күрмеліп, қарлыққан дауыспен) Ей, халайық! Мен мысықты жақсы көретінімді дәлелдеп жүрмін. Сенбейсіңдер, ә? Бұл мысықты маған Болған апам берген. Маулананың не айтқанын сендер білесіңдер ме?.. Білмейсіңдер! Пайғамбарымыз салаллаһу әлейки уасаллам мысық туралы былай депті... (теңселіп біраз тұрады, бажырайып жан-жағына қарайды). Сендер не, менің әруағымды қорлағалы келдіңдер ме?! Кетіңдер, шуылдамай!  (тәлтіректеп барып етпетінен құлайды, қорылдап ұйықтап кетеді, жарық сөнеді, зал жақтан «тфу» деп түкірген дауыстар есітіледі).

 

                                                                Ш Ы М Ы Л Д Ы Қ

Бөлісу: