«Жүректегі жазулар»

12.05.2017 8347

Бүгін, яғни 12 мамыр күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханада, ақын, жазушы-публицист, рәмізтанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Шаймерденұлына арналған «Жүректегі жазулар» атты еске алу кеші өтті.

Кешке Сауытбек Әбдрахманұлы, Сабыр Қасымов, Бүркіт Аяған,  Жанай Омаров, Кененбай Ырым, Рахман Алшанов, Александр Тераков, Ерлан Смайл, Сүлеймен Мәметұлы, Оразгүл Асанқызы, Марат Омаров және т.б. зиялы қауым өкілдері мен жұбайы Күләш Шаймерденова қатысты.

Сондай-ақ, еске алу кешіне арналып «Мәнді өмір – мәңгі өмір» тақырыбында қаламгердің өмірі мен шығармашлығына арналған кітап көрмесі қойылды.

Кеште «Жарқын бейне» атты мұрағаттан бейнесюжет көрсетіліп, нар тұлғаның өмір жолындағы ерен еңбектері айтылды.

 Сондай-ақ кеште Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты  Сауытбек Әбдірахманұлы:

«1991-1994 жылдардағы Баспасөз қызметіндегі ерен еңбектерімен, өмірлік ешкім оқымаған, еш бір жан білмеген қанатты сөздерді танып біліп, жарыққа шығарған еді. Бір жарым беттік афоризм сөздерді жарыққа шығару үшін Асқар Сүлейменовтың 3 томдығын, 6-7 парақ афоризмдерді шығару үшін Әбіш Кекілбаетың  12 томдығын оқып қана, қағаз бетіне түсіре білген ардақты жан. Ақтамбердінің жырларынан бастау алған қанатты сөздері тек қазақ тілінде ғана емс, шет елдің көрнекті ғалымдарының жинақтарынан жинап, қанатты сөз етіп ұсынған алғашқы жазушы, публицист деуге әбден болады» десе, тағы басқа да үзеңгілес әріптес, достары жүрек жарды естеліктерімен бөлісті.

Ұлттық мүддені жанына місе тұтқан нар тұлғаны бірі – журналист, енді бірі – жазушы, аудармашы, ақын, рәмізтанушы ретінде танып білгенін тілге тиек етті.

Кеште ақын Серік Тұрғынбекұлы  ақынға арнаған «Арнау»  өлеңін оқыса, нар тұлғаның шәкірттері өлеңдерінен үзінділер оқыды. Сондай-ақ,  әнші Марат Омаров ақынның сөзіне жазылған «Астана» әнін шырқады.

Ербол Шаймерденұлы 1954 жылы 12 мамырда Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. Са­налы ғұмырын еліміздің мәдениеті мен баспасөзінің, тіл саласының өркен жаюына арнаған қоғам қайраткері. Ол мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде 1992 жылы қа­былданған мемлекеттік рә­міз­дерді әзірлеу, ұлттық геральдиканы қалыптастыру ісіне ай­тулы үлес қосып, бірнеше еңбектер жазды. Әдебиет әлемінде өз қолтаңбасын қалдырып, соңында 20-ға жуық кітап қалдырды. Сондай-ақ, бірқатар ғылыми-зерттеу еңбектері, публицистикалық жинақтары рухани мұрамыздың қорын толықтырды. Олардың қатарында «Көңіл суреті», «Жүректегі жазулар» атты жыр жинақтары, «Тыңда тоғысқан тағдырлар», «Қазақ елінің рәміздері», «Елтану әліппесі», «Әз Астана», «Қазақстан Республикасының рәміздері», «Ақыл-ой антологиясы», «Қазақ афоризмдері», «Даналық дидары», «Мәңгілік мұрат», «Ақиқат айнасы», «Елтаным» және т.б. туындылары бар. Еңбектері бірқатар шет тілдеріне тәржімаланды. Сонымен бірге «Арман қала – Астана», «Төгеді жаңбыр», «Асыл жар», «Көлсай», т.б. жазған бірнеше ән мәтіндері тыңдарманға жол тартты. Білікті аудармашы ретінде әлемдік философиялық ой-пікірлерді қазақ тіліне тәржімалады. Әлемдік афористика классиктерінің, А. Камю, Ф. Ницше, Х. Ортега-и-Гассет, К. Ясперс, М. Хайдеггер сияқты философ қаламгерлердің бірқатар шығармаларын аударып, қазақ авторларының туындыларын орыс тіліне аударумен де шұғылданды. Ербол Шаймерденұлы еліміздің алғашқы баспасөз қызметін құруға еңбек сіңірген талантты журналист.

Е. Шаймерденұлының сіңірген еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаға ие болды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болып, «Құрмет» орденімен наградталған. М. Дулатов атындағы сыйлықтың иегері.

Бөлісу: