ТІРЛІК

13.05.2017 7638

Екі қолын шалбарының қалтасына сап, мені көрдің бе дегендей бір қазақ топтан жырақтау шенденіп, шелтие қалыпты. Күні кеше ғана күс-күс болып, көшеде алма сатып жүрген біреу еді. Сірә, аяқ-асты шен бітті немесе жұқпалы тұмауға ұшыраған тәрізді. Бірақ, қаймықпай қасқиған тұрысына қарасаң - елден озғанын аңғартқандай..

Кезінде «ауылсәбеттің» төрағасы болған, бір үлкен ақсақалдың жаназасына жиналғанбыз. Әлдекімдер шелтиген қазақтың қасына арнайы барып, қол алысып амандасып жатыр.

  • Анау неғып оқтау жұтқандай еңкейе алмай тұр? – деп амалсыз, соның

қолын алып қайтқан, бір таныстан сұрадым.

  • Естіген жоқсың ба?
  • Нені?
  • Ол, бақандай детсаттың запхозы болды ғой!
  • Астапыралла, арманына жеткен екен! Балалардың соры десеңші!..
  • Ішіңе пышақ айналмай тұр ма, қызғаныштан?
  • Кетсінші ары! Ол баяғы сәбеттің саудасын қаң-қақсатқан – әккі, алаяқ

емес пе? Желкесінен шығарар бір күні оны үкімет, егер балалардың дәм-ырыздығына қол сұғып жатса!

  • Айтады екенсің! «Ұры ұрының қолына су құяр да басқа біреуге

сүрттірер» деген тәмсілді білесің бе?

  • Неменені?.. Тәсміл деген тағы не сұмдық?
  • Тәсміл емес, тәмсіл. Мәтел, мысал дегеннің баламасы.
  • Ал, Егемен деген не, осы? Ол парсының сөзі - тәуелсіздік, еркіндік

дегенді аңғартады.

  • Егер, рас солай болса, неге өз тілімізде айтпаймыз?
  • Көз тиіп кетпесін дегендері шығар...
  • Ал «мүдір» деген қайдан келді?
  • Оттамашы-ей, жоқтан өзгені сұрайды екенсің! Мүдір-сүдіріңіді мен

ойлап тапты дейсің бе?

  • Қызанақ деген - ас па, ауру ма?
  • Ей, екеуің неғып гүжілдесіп кеттіңдер! Ана жақта жамағат жинал деп

жатыр, жүріңдер. – деп бөгде біреу араласпағанда сөздің түбі қайда апарары белгісіз еді. Жастау кезіміз болса мұрын бұзармен тынар ма едік. Жалпы қазіргі жұрттың онсыз да су көтермейтін сіркесі - мүлдем сүмірейіп кеткен сынды. Әп-әдемі әңгіменің соңы дау-жанжалсыз аяқталмайтын болды. Бір-бірін енді көрместей көз алартысып, атарға оқ таппай жатқаны.

Сапқа тұрған ауылдың ер-азаматтары жаназа рәсімін бір кісідей қалтықсыз орындап тұр. Имам жиналған жұрттан: - Жақсы кісі ме? – деп үш қайтара сұрады. Барлығы «Жақсы кісі» деп бір ауыздан мақұлдады. «Тірімізде ит болсақ та өлгенде жақсы атанады екенбіз-ау!» деген күпір ой келді басыма.

Осы қайтыс болған кісі қызметте жүргенде ара-тұра жұмыс бабымен ұшырасқаным бар-тын. Қып-қызыл боп, қатып қалған коммунист адам еді. Мен де соның ар жақ, бер жағымын. Таза коммунистер бірін-бірі аса жақтыра бермейді. Тазалықты - қаталдық деп түсінетін бір кесапат ұғым бар-тын. Неғұрлым қатал, безбүйрек болсаң, соғұрлым коммуниссің. Мына жарықтықтың соншалықты еліктеуі - туған балаларын теріс қаратты. Әке тыңдамай өз беттерінше кетті. Қыздарының бірі жолдан бала тапса, қалған екі-үшеуі танау шүйіріп: көк етік деп жүріп, ақыры тұрмыс құрмай көн етіктен де құр қалды. Көзіне бұзық көрінген ұлдарын партия сілтеген сара жолмен тәрбиеге салам деп, қип етсе он бес күнге қаматып жүріп, ақыры ешкімге опа таптырмайтын біреулерді қоғамға қосты. Былай қарасаң әке-шешелері қазақы салтпен өсіп-жетілген адамдар сияқты-ақ; әлде, орыс мектебінің әсері ме – балалары не қазақ, не орыс емес шөре-шөре біреулер...   

  • Не, ұйықтап тұрсың ба?  – деп біреу бүйрімнен түртпесе, жұртта

қалған жалғыз атағаштай қалқиып тұра берер ме екем, сірә...

  • Қалайсың? – деп сасқанымнан, маған ыржиып тұрған байшікеш

танысты иықтан қақтым.

  • Бір Алла деп, шүкір аманбыз! Иллахи, әумин...
  • Қашаннан бері иманды сөз айта қалғансың?
  • Шәйтан емеспін ғой. Бала-шаға өсті. Артқа қаратады екен. Енді

имандылық жолына түсу керек. Бұ дүниенің тірлігін түгендедік, енді о дүниенің қамын ойлау қалды.

  • Сөзіңе қарағанда дін қуып кеткен сияқтысың. Әлде, өткен жолғы

әзілкеш имамның: «Мешітке салған бір теңгең - бес теңге боп қайтады» деген приколына ұйып қап, дивидендтен үміттеніп жүрсің бе?  

  • Кетші, жоқтан өзгені айтпай! Топырақ салуға барасың ба? Жүр менде

бір орын бос.

  • Рахмет! – деп соңынан ілестім. Кілең, бір кездегі қатарлас жүрген ауыл

жігіттері отырыппыз. Азды кем жөн сұрастан соң, бір-бірін қағыту басталды. Кезіндегі әп-әдемі бұйра шашы жидіп түсіп қалған, алдыңғы орында отырған қазақ: тершіп, күнге шағылысқан жалтыр төбесін қол орамалмен құрғатып қойып, есуге кірісті. 

  • Мына екеуін адам қылып, тәрбиелеген менмін!
  • Сен кімге тәрбие бергендейсің? Гаи болдым деп бөсесің бе?

Шопырлардан таяқ жеп, бәлнисада ыңырсып жатушы едің!.. – деп арттағы үшеудің бірі мен баж ете қалдым.

  • Өй, сен немді білесің? Біз моңғолияда бірге служить еткенбіз. Мен

бұларға инструктор болғам.

  • Кетші, шатпай! Бірге барып, аяқ-асты сен қалай инструктор бола

қалдың?

  • Бұның айтып отырғаны рас. – деп екеудің бірі мойындады. – Бұл

жылпос кір сабын сияқты ғой, бара сап жылп етіп кіріп кетті.

  • Сендер құсаған мәңгі емеспін! Сапта тұрғанбыз, барлығымыз.

Командир кімнің шопырлық стажы бар деп сұрады да барларың - бір қадам алға деді. Мен еш ойланбастан атып шықтым. Мына екі мақау қалды. Әскерге дейін дұрыстап баранка ұстап үлгірмеген мен - әжептеуір стажы бар мыналар секілділерге бастық болып шыға келдім...

Әңгімені аяқтауға мүмкіндік болмады. Зират басына жиналған жамағат: құран бағыштауға әр тұстағы туыстарының бастарына бытырай жөнелді. Осындай біреуді қойғанда болмаса – әруаққа сый көрсетуге қазақ баласының мойны жар бере бермейді. Әлхам мен Құлқуалланы үш қайтара білетіндер тиын-тебенді болып қалады. Әр рудың өз төбесі бар. Кейде аралас-құралас та болып жатады. Соноу Шұбартаудан келген керейлер де жеке төбе құрып алған. Мына сүйек - арғысын қазсаң Найман, одан - Садыр ішіндегі Ақынай деген елден болады.  Негізі бір ауылдың осындай бірнеше төбесі бар. Кейбірі ит өлген жерде. Кей кісілер бала-шағасына «Мені тек, сонда апарып қойыңдар!» деп қадап, өсиеттеп жатқаны. Қыс өле ме. жаз өле ме дегендей, артындағыларға ауыртпашылық бола ма, болмай ма онда оның шаруасы жоқ. Өзге жерге апарып көмсе, бабаларының әруақтарынан адасып қалатындай, жарықтықтар. Соноу зұлмат замандарда кімнің сүйегі қайда шашылмады. Сосынғы бір үдеріс – төбеден қарасаң: ауыл өспей, керісінше оны жылдан-жылға зираттар қаусыра қысып бара жатқандай әсерге қаласың.    

  • Жеті күрек топырағымды тастап, міндетімнен құтылдым! Ух. – деп сар

шаңды қымбат шалбарының етегінен қаққылаған етженді қазақ менің қасыма алқына таяп, кідірді. Жан қалтасынан жұмсақ дәке шығарып, былғары туфлиін сүртті. Ылғал салфеткамен саусақтарын салалай тазалап, тастайтын жер іздегендей жан-жағына қарап тұрып, өзіне тесілген менің көздеріме көзі түсті. Ыңғайсызданған кейіп танытып, ол жұмарланған салфетканы лақтырмай қалтасына тықты. Мен, танымайтын адамдармен сөйлесетін беймарал күйде, аузыма келгенді айта салдым.   

  • Иә, бір күні бізге де біреу жеті күрегін тастап, міндетінен құтылар...
  • Сөзің қызық екен? Осы өлікпен ілесе кететін адам сияқты.
  • Пайғамбар айтқан екен дейді: «Мен, оң иығыммен сол иығымдағы

періштелерге сәлем беріп тұрғандағы екі араның өзінде өлімді ойлап тұрам.» деп.

  • Бісміллә! – деп анау маған одырая қарады да елден еректеу барып,

теріс айналды. Оның ту сыртынан қадалған көзімнің оқпанын сезгендей - сәлден соң бұрылып, жағымсыз бір көз тастап, қалың топтың арасына сіңіп ғайып болды. Оны - осы жолы бір ажалдан құтылып бара жатқан аңға баладым әлденеге... 

Оншақты адам бір стөлдің басына жайғасады да оларға екі табақтан тартылады. Сонымен есеп бойынша бес адамға бір табақ. Ең аз дегенде үш жүзге тарта  ел қарасы жиналады. Құран оқылып болған соң кейбірінің іші ұлып, енді бірін шөл қысып, жұтынып әрең отырған жамағат дастарқанға дүрсе қоя береді.

  • Етін баппен пысырыпты!
  • Пысырыпты емес пісіріпті...
  • Сандалмашы-ей!
  • Сендерге не болды, әруақтан, құраннан, тамақтан ұят емес пе! Түк

көрмегендей?!

  • Бұл екеуі күндес қатындар секілді, қатар отыра қалса бір-біріне ыдыс-

аяқ лақтырысады!

  • Шикін-ай, өзің кімге ақыл айтқандайсың! Арақтан арылту үшін

қатының мен бала-шағаң зорлап намазға шығып еді – енді, абыз бола қапсың ғой! 

  • Ағайындар! Арамыздан осы ауылдың ардақты бір азаматын келмес

сапарға аттандырып отырмыз. Артық-ауыс, бейсауат дабырласпалық. Тойда отырған жоқпыз ғой. Сөз қысып бара жатса тұрып, ақсақалдың жақсылығын сөз қылыңыздар. Бұнысы несі? Шу-шу!..

Осы ескертуден соң сәл саябыр орнады да қайтадан, тереңнен үдеген күбір ортаны - араның ұясына айналдырды. Дастарқан жасауы тойдан кем емес еді. Алма, жүзім, кептірілген қақ пен банан... Соңғы кезде әйелдер секілді кей еркектер де дорба сұрап алып, жылмиып «сыбаға» алатынды шығарыпты. Үлкен адамның асынан жасын берсін деген жоралғымен алып жатса, жас өліктерден де қаймықпайтын боп барады.

Манада бірін-бірі итере ішке ентелеп еді, енді бата жасалып «Қабыл болсын» дегенді айта сала, үдере сыртқа ұмтылды. Жалғыз-жарым, топ-топ болып өз көшелеріне қарай ойысты. Біреуінің кезегі келіп, әлгіндей саудасы бітіп жатса, біреуі кезекті бір істі абыроймен атқарып тастағандай маңызды түрде кетіп барады. Сансыз жылдардан бері кісі етін әбден өлтіріп болған бұл құбылысқа - ешкім таң емес. Бір ғажабы, беттері теріс айналған соң, бұлар өлген кісіні еске алу түгілі – оқыс сұрасаң, өздерінің қайдан келе жатқандарын да анық айта алмай, шатасар ма еді...  

Бөлісу: