Толғаулар, поэмалар мен лирикалық – сазды драма
Екінші бөлім.
Толғаулар, поэмалар мен лирикалық – сазды драма
Дауылпаз жырау – Қожаберген
І
Ақберені, абызы алты Алаштың,
Куәсісің қаншама жанталастың...
Ел мүддесін қорғаумен өмір бойы,
Ішкі-сыртқы жаулармен тайталастың.
Көшебенің тұңғышы ақыл қонған,
Арғы атаң – Жауынгер батыр болған.
Темірланның талай жыл қолын бастап,
Әмірменен пікірлес, жақын болған.
Түпнағашың айбары көк тіреген,
Ордабасы Жалаңтөс көпті көрген,
Үзеңгілес баһадүр Дәулен атаң,
Жамал қызды алыпты текті жерден.
Әкең – сыншы Толыбай аты шыққан,
Дос сүйініп, атынан қасы ыққан.
Майлы шешен, Қарабас тархандардың,
Інісісің тәлімін жақсы ұққан.
Самарқанд пен Бұхара, Үргеніште,
Алған білім жатпады бұғып іште.
Ақ былғары бетіне сен хаттаған,
«Жеті жарғы – Ата заң» енді күшке.
Араб, парсы, шағатай тілдеріне,
Жетік болып – мың шүкір білгеніңе.
Тәуке ханның атынан шет елдермен,
Елшілікке жарады жүргеніңе.
Ерліктерің көрсеткен майдандағы,
Жаудың талай жоспарын талқандады.
Бата беріп Әз-Тәуке, Әнет баба,
Ордабасы көтеріп ел сайлады.
Жиырма үш жыл Үш жүздің қолын бастап,
Аттан түспей жүріпсің жоғын жоқтап.
Ер Бөгенбай, Бақсары, Жәнібектер,
Тәлім алды шәкірттік жолын сақтап.
Жас келгенде беріліп терең ойға,
Ықыласың ауыпты Бөгенбайға.
Тәуке ханға мән-жайды түсіндіріп,
Орыныңа сайлаттың құрылтайда.
Сардарлықтан қолыңды үзген шақта,
Шора болып сайландың Керей - Уаққа.
Елді шашау шығармай уысыңнан,
Есен-аман тапсырдың ер Асқапқа.
ІІ
Тәуке өліп Үш жүзді біріктірген,
Төрелердің ішіне бүлік кірген.
Хан болуға лайықты Қайып сұлтан,
Аңға шығып ажалын іліктірген.
Уақыт күтіп тұрмайды, зымырайды,
Басы піспей төрелер қыңырайды.
Бірін-бірі ұқпастан би, сұлтандар,
Қазақ қайта бөлініп ыдырайды.
Бөліп билік құруды олжа көрген,
Әйтеке би: «без деді төрелерден».
Қауіп-қатер төнерін болжап айтқан,
Әйтекені қолдады Қожаберген.
Мансап қуған Үш жүздің шонжарлары,
Би сөзіне елітіп толғанбады.
Төрелерді жиында ашық қолдап,
Батыр көсем қарадан сайланбады.
Ұлы жүзге Жолбарыс хан сайланып,
Күн-түн демей жатыпты той – тойланып.
«Қамдан» деген ақылын Төле бидің,
Ой жіберіп ұқпапты басы айналып.
Әйтеке би мезгілсіз қайтыс болып,
Кіші жүзге кетті ғой жайсыз соғып.
Бөгенбайдың қайнысы – Әбілхайыр,
Әскербасы сайланды бақыт қонып.
Әбілмәмбет, Сәмеке сұмдық қылды,
Орта жүзді бөлшектеп билік құрды.
Барақ, Ғайып сұлтандар бас сауғалап,
Хонтайжымен құда боп құлдық ұрды.
Тоз-тоз болған береке қашып елден,
Жау қаптады әйелше шашын өрген.
Қайран болмай Үш жүзге төрелерден,
Көріпкел би болжамы анық келген.
Берекесін қашырған өрелі елдің,
Бетпердесін сыпырдың төрелердің.
Тәлімдерін дәріптеп жырға қостың,
Қаз дауысты Қазыбек, Төлелердің.
Ел аспаны қара бұлт жамылғанда,
Қандастары үдеріп сабылғанда,
Алдаспанға қаламын ұштап өскен,
Қарт жырауға дауылпаз дамыл бар ма?!.
Қос ішектен зарлы күй төгіледі,
Қайран болмай қабырға сөгіледі.
Туған жерден еріксіз көшіп жатқан,
«Елім-айлап» ел-жұрты егіледі.
Шау тартқанда қол бастар жастан өтіп,
Қайғы қосты қасірет бастан өтіп.
Қобыз алып қолына көргендерін,
Баба жырау жырлады дастан етіп.
Бос қайтқаны жіберген елшілердің,
Сатқындығы діні бір көршілердің,
Торға түскен арыстан кейпіндегі,
Зығырданын қайнатты есіл ердің.
Жан-жағының бәрі де қастық ойлап,
Қалжыратты Үш жүзді аштық жайлап.
Төрелерге сенгені бекер шығып,
Аңғал қазақ өкінді бармақ шайнап.
Жоңғар-қалмақ сығымдап екі тұстан,
Қазақтардың өкпесін еді қысқан.
От қаруға оқ шашқан төтеп бермей,
Арлы-берлі үдеріп ел ығысқан.
Алакөлде тұтанған ұшқын лаулап,
Алты алаштың алады ырқын жаулап.
Тең жартысын қазақтың жалмап жұтқан,
Ақтабанға ұласты қырғын нәубат.
Ордабасы тауында бата алған,
Үш жүз қолы бірігіп атқа қонған.
Қиын-қыстау кезеңде ауызбірлік,
Тайдырмады қазақты Ата жолдан.
Сардарлары Үш жүздің қолды бастап,
Қарақалпақ, Ноғайлар ерді қоштап.
Жұдырықтай түйіліп сарбаздары,
Атой салып қалмақтың қолын шаппақ.
Қаламастан жау тізе батырғанын,
Намыс буды Үш жүздің батырларын.
Әдіс-айла, қолданып жаңа тәсіл,
Рух берді жорыққа шақырғаның.
Абылай хан билікті қолға алып,
Қазақ қолы кірісті белді жазып.
Қалмақ-жоңғар ығысып жерімізден,
Жарылқады Жаратқан елді ғәріп.
Сол дәуірдің өмірін көзбен көріп,
Аманаттап жеткіздің сөзбен өріп.
Төрелерді, орыстың саясатын,
Сынаған соң келіппіз сенен «жеріп».
«Елім-айлап» ерсің ғой еңіреген,
Жырды оқып толғанам, тебіренем.
Тілді білсе тәкаппар Байрон ақын,
Кетер еді дос болып сеніменен.
Жыраулардың, ұстазы батырлардың,
Сыйынатын пірісің ақындардың.
Әнші, күйші, шешенсің орақ тілді,
Жүзі жарқын сенімен жақындардың.
Санай берсем тағы да қырларың көп,
Шабыт қозып кетеді жырлағың кеп.
«Қолөнерші, шабандоз, сынықшы» деп,
Жұрт білген соң менсіз де, қумадым көп.
Сұлтандардан тілазар, орашолақ,
Баба тілді жүріпсің арашалап.
Ата текті қаузаған шежіреші,
Кім сенімен шендесіп, таласа алмақ?!.
Елдің қамын ойлаған Тарлан баба,
Кер заманға ұсындың бағдарлама.
Байыбына барады құндылықтың,
Өзің тектес дауылпаз жандар ғана.
Ақтамберді, Үмбетай, Тәтіқара,
Әр шәкіртің өнерде шапты дара.
Абылайдың айыртіл ақылгөйі,
Бұхар жырау – өзіңдей шықты дана.
Жастайынан ұстазын сыйлап өсті,
Тәліміңді бойына жинап өсті.
Өмір бойы өзіңді мақтан тұтып,
Үлгі етіп Алашқа жырға қосты.
Әр пендеге несібе тартылады,
Жүк ауыры нарларға артылады.
Тұлға болу жазылған пешенеге,
Азаматтар ел үшін қайғырады.
Сенен алып өнеге хас дәстүрді,
Сегіз Сері, Махамбет жалғастырды.
«Жеті жарғы, Қожаберген» қоры сенің,
Өнегеңнің өшпесін қамдастырды.
Гомерменен иықтас данышпаным,
Құтты болсын ұлтыңмен табысқаның.
Алмас қылыш, қолыңа қалам ұстап,
Қазақ үшін барыңды қарыштадың.
Көз жеткіздік, ұғындық қадіріңді,
Өнегеңнің қалдырған бәрі құнды.
Өмір сүрген жалтақтап замананың,
Тәуелсіздік алған соң зәрі сынды.
Құтылғанбыз бүгінде бодандықтан,
Көтерілді еңсеміз, сана бұққан.
Жоғалтқанын іздеген қазақ елін,
Аллаһ енді сақтасын жамандықтан.
Шекарасын белгілеп еліміздің,
Әр пұшпағы қорғауда жеріміздің.
Салтанатты Астана Арқадағы,
Кие қонған айбыны төріміздің.
Ұлтымыздың Рухынан ажар тайып,
Кетпеу үшін сананы тазартайық.
Қабылдатты мәдени бағдарлама,
Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаев.
Терезені алғанбыз теңестіріп,
Енді бізге жүрмейді әбес қылық.
Бұрмаланған тарихты жөнге салып,
Алудамыз шындыққа үйлестіріп.
P.S. Ақсауыты кең байтақ даламыздың
Аты өшпес дауылпаз бабамыздың.
Тұрар әлі қасқайып ескерткіші,
Нақ төрінде ең басты қаламыздың.
***
Он жыл бойы соғысқа дайындалып,
Өршеленді жоңғарлар жанын салып.
Арқа сүйеп аш көзді көршілерге,
Жоймақ болды қазақты тауын шағып.
Ел аспаны қара бұлт жамылғанда,
Қандастары үдеріп сабылғанда,
Алдаспанға қаламын ұштап өскен,
Қарт жырауға дауылпаз дамыл бар ма?!.
Қос ішектен зарлы күй төгіледі,
Қайран болмай қабырға сөгіледі.
Туған жерден еріксіз көшіп жатқан,
«Елім-айлап» ел-жұрты егіледі.
Шау тартқанда қол бастар жастан өтіп,
Қайғы қосты қасірет бастан өтіп.
Қобыз алып қолына көргендерін,
Баба жырау жырлады дастан етіп.
Берекесін қашырған өрелі елдің,
Бетпердесін сыпырды төрелердің.
Тәлімдерін дәріптеп жырға қосты,
Қаз дауысты Қазыбек, Төлелердің.
Бос қайтқаны жіберген елшілердің,
Сатқындығы діні бір көршілердің,
Торға түскен арыстан кейпіндегі,
Зығырданын қайнатты есіл ердің.
Жыры болып халықтың, сыры болып,
Төгіледі қайғысы, мұңы болып.
Жеке-жеке тоқталып тұлғаларға,
Шақырады бірлікке үні болып.
Міне осылай оятып бір ғасырды,
Қожаберген бабамыз бізге асырды.
Өлеңменен хатталып эпопея,
Жұмбағы көп дәуірдің сыры ашылды.
Бабалар өткен жол
І
Нәтижесі тақ пенен тәж таластың,
Ел ішінде тудырды қарбалас күн.
Керей менен Жәнібек қалап кеткен,
Іргетасы сөгілді алты алаштың.
Орыс, қытай елдері құлақ түріп,
Жансыздардан отырды сұрап-біліп.
Қару сатып ойратты айтақтады,
Елімізден өздері жырақ тұрып.
Батыс, шығыс елінің ұлықтары,
Жат қолымен «жемтігін» сұрыптады.
Ұлан-байтақ жері бар қазақтардың,
Кетсе екен деп тіледі құрып бәрі.
Он жыл бойы соғысқа дайындалып,
Өршеленді жоңғарлар жанын салып.
Арқа сүйеп аш көзді көршілерге,
Жоймақ болды қазақты тауын шағып.
Бас көтеріп дұшпандар жан-жақтағы,
Қалмақ шауып халқымыз қан-қақсады.
«Елім-айлап» ел көшіп Ата-жұрттан,
Босып жүріп амалдап жан сақтады.
Дініміз бір – өзбектер қырын қарап,
Түрікпендер өшікті сұғын қадап.
Айырбасқа Хиуадан мылтық алып,
Жерімізді ойы бар жырымдамақ.
Жау жағадан алғанда көні кепкен,
Жармасады екен ғой бөрі етектен...
Қазақтарға Бұхар да қару сатпай,
Одан сайын жағдайы кері кеткен.
Жан басынан, ажырап мал басынан,
Күңіренді қара жер қан сасыған.
Қапияда Әз Тәуке қаза болып,
Ажырады қалың ел айласынан.
Сауын айтып қазақтың қаймақтары,
Күлтөбеде бағытын айғақтады.
Көбі құптап Төленің төрелігін,
Жөн сөйлемей кейбірі тайғақтады.
Қарсы тұрып көргенмен қалың жауға,
Дес бермеді қазаққа дамылдауға.
Ақтабанға ұласқан тағдырына,
Ешбір амал қалмады бағынбауға.
Арып-ашып мал-жаны айдаудағы,
Тауқыметке тап болды қай-қайдағы.
Аштық жайлап ел ішін қалып жатты,
Өліктері көмусіз сай-сайдағы.
Ұлт тағдыры түскенде таразыға,
Қалдан Церен жағдайға қарады ма...
Аманатқа айтулы адам сұрап,
Көнген екен амалсыз талабына.
Қимағанмен баласын жаманатқа,
Тапсырады Төле би аманатқа.
Жапа шегіп Жоланы он төрт жылдай,
Жау қолында жетті ғой балиғатқа.
Кезеңіне талмауыр тарихтағы,
Халқымыздың бүгінде қанық бәрі.
Ордабасы Үш жүздің басын қосып,
Жаттығатын әскерге жай таңдады.
Қошқар ата өзені жағасына,
Боралдайдың тоғайы арасына,
Жаттығуға топтасқан сарбаздардың,
Сан жетпестей көрінді қарасына.
Қайрат-жігер жанылып бойындағы,
Жүріп жатты жаттығу ойындары.
Тізе қосып Үш жүздің ұландары,
Іске асты билердің ойындағы.
Бірте-бірте ес жиып ұққанымыз,
Тоқмейілсіп алыпты дұшпанымыз.
Айла-тәсіл қолданып шабуылға,
Ойландырып тастады шыққанымыз.
Төле бидің ержетіп «Сабалағы»,
Қан майданға сұранып мазалады.
Жекпе-жекте жоңғардың менменсінген,
Бас батыры – Шарышты жазалады.
Тұс-тұсынан қолпаштап халық оны,
Асқақтады Абылай абыройы.
Зая кетпей Төленің тәрбиесі,
Кемелденді күн санап ақыл-ойы.
Хан сайланып дана би ықпалымен,
Атта жүрді елу жыл жұрт қамымен.
Азат еткен жоңғардан қазақ жерін,
Тағылымы тарихи нұсқа кілең.
ІІ
Аңыз болған майдандағы ерлігі,
Аңырақай шайқасынан белгілі,
Төле биден бата алған батырға,
Халық қолдап тиді Ташкент билігі.
Ұлағаты бойға сіңген Қойгелді,
Батагөйін ұлықтауды жөн көрді.
Дана бидің сағанасын салдыртып,
Айналасын көк желекпен көмкерді.
Жоңғарлардың мысын басқан арыстан,
Ел-жұртымен сағынысып табысқан.
Ағайынға өнегесін көрсетіп,
Бейбіт күнде жаңылмады шабыстан.
Ел тізгінін берік ұстап қолында,
Жақсы атын қалдырады соңында.
Жай түскендей ажал жетіп бір күні,
Татар дәмі таусылады оның да.
Қолына алып Жүніс қожа билікті,
Қазақтардың тағдырына килікті.
Жауыздыққа баулып барлық нөкерін,
Сайрам, Шымкент,Түркістанға шүйлікті.
Тұтқындардың басын шауып қырғызып,
Сол бастардан төбешіктер үйгізіп,
Ел мен жұрттың зәре-құтын қашырып,
Алым-салық алып жүрді жиғызып.
Нұрбота хан келген кезде басынып,
Жүніс қожа көрсетеді қарсылық.
Ақырында тас-талқан боп жеңіліп,
Сүйектері түзде қалды шашылып.
Оңтүстік пен Жетісуға құнығып,
Әлім ханның қолы келді сұғынып.
Қоқандыққа қарсыласқан қазақтың,
Сөзге келмей басы жатты жұлынып.
Аш қасқырдай ашылып-ап араны,
Үстемелеп салық салып талады.
Кейбіреуді мүсіркеген болғансып,
Сұқ көздерін қыздарына қадады.
Осы үрдіс талай жылдар сақталып,
Аяқ асты жатты намыс тапталып.
Омар ханның тұсында да тыйылмай,
Көкірекке кек боп тұнды қатталып.
Омар ханға салып Шойбек датқаны,
Қалыбай ер ел үмітін ақтады.
Қапал батыр ұрпағына берілді,
Тоғыс бойы, Қақпатастың шатқалы.
Көп ұзатпай білектерін сыбанып,
Ташкент жаққа барып келді қуанып.
Ағайынды көшіруге кірісті,
Қойгелдіұлы Сарымырза құп алып.
Ырғайлыға Елтізердің ұрпағын,
Жайғастырып жепті батыр ел қамын.
Жұбын жазбай көшіп кепті Аққұмға,
Тінікенің балалары бір қауым.
Меңлібайдың ұрпақтары қырағы,
Аттың басын Қосағашқа бұрады.
Қойгелдіге арқа сүйеп кеткеннің,
Туған жерге оралады біразы.
Сайрамдағы Омар ханның өкілі,
Келген жұртқа әкіреңдеп зекіді:
«Алым-салық төлей алмай жатқандар –
Қыз ойнаққа қыз берсін»,- деп көкіді.
Қаны қайнап мына сөзді ұнатпай,
Қалыбайды намыс буды шыдатпай.
Отыз жігіт атқа қонып бір күні,
Хан уәкілін тұтқындады ұзатпай.
Ашуменен нөкерлерін байлатып,
Шеңгел сайға бекті апарды айдатып.
Еркек лақтай бақылдатып артынан,
Әтек етті бұтын оның жайратып.
Бұл оқиға елден елге жетеді,
Дүрліккен ел қол жинауға көшеді.
Тәуекелге белін буған жігіттер:
«Не болса да біргеміз»,- деп шешеді.
Сарбаздарға жерді таңдап ыңғайлы,
Алатаудың етегіне жинайды.
Сақтық үшін барлаушы топ жасақтап,
Басшы етті Есенұлы Сырбайды.
Қоқан ханы ауыр алып мазағын,
Жазаламақ болды қырдың қазағын.
Шымкенттен аттандырып жіберді,
Жүз қаралы жазалаушы жасағын.
Хан әскері от қарудан жарағы,
Қақпатасқа таңданысып қарады.
Дем алмақ боп аттан түсіп жатқанда,
Шығыс жақтан садақ оғы борады.
Қара жерді үштен бірі жастанып,
Қалғандары атқа қонды бас салып.
Қоқандықтар есті жия бергенде,
Садақшылар қашқан болды жасқанып.
Дамбал сайға аттың басын бұрады,
Қоқан қолы оқ шығындап қуады.
Сайдың екі балағында бұларды,
Қалыбайдың қолы күтіп тұрады.
Қоқандықтар түсіп қалып қоршауға,
Мәжбүр болып сұрап тұрды бас сауға.
Барлығының қолын байлап жігіттер,
Айдап кетті тұтқын етіп ұстауға.
Қоқан ханы дүрбелеңнен шошынып,
Сайрам бегін жібереді көшіріп.
Мәмілемен тұтқындарын босатып,
Қалыбайға тиіспеді кешіріп.
Тарих болған көзсіз ерлік кешегі,
Ұрпақтардан ұрпақтарға жетеді.
Батыр қолын паналатқан сол шоқы,
Қалыбайдың атын алды деседі...
ІІІ
Солтүстікте ата қоныс тұрағы,
Уәлиханов Шоқан жолға шығады.
Әулиеатаға келе жатып ат басын,
Азна байдың ауылына бұрады.
Он жеті мың жылқысы бар – ауқатты,
Шу өңірін білетұғын жан-жақты,
Үй егесі қона жатқан қонаққа,
Ішке түйген біраз ойын тарқатты:
–«Сұраншы мен Сыпатайды қоштаған,
Қазақ, қырғыз наразылық бастаған.
Қоқан ханы өкіліне тас байлап,
Көктемдегі тасқын суға тастаған.
Үстемелеп батырған соң борышқа,
Бір өкілін ұстатыпты орысқа.
Тізесі көп батқандықтан кедейлер,
Қоқан ханын қолдамайды соғыста».
Дегеннен соң, орыстарды көп көрген,
Досы да бар, қасы да бар жек көрген,
Жол үстінде ойға шомған Шоқанның,
Көкейіне көп сұрақтар кептелген.
Есіл-дерті жетсем болды ертерек,
Ел-жұртыма берсем дейді бір көмек.
Жүріс өнбей келе жатқан сияқты,
Жету үшін әлі қанша күн керек?..
Орыстардың әскерінің қауқарын,
Біледі ғой мұзбалағы Арқаның.
Арандауға жол бермеуге ұмтылып,
Асығады жасамақ боп бір қамын.
Жігіттерді көріп мылтық оқтаған,
Атқосшысы тізгін тартып тоқтаған.
Жүндібайға алып келді бұларды,
Қауіпсіздік шараларын сақтаған.
Керуенбасы Шоқанменен танысып,
Бір-бірімен құнды пікір алысып,
Дәмдес болып Шу өзені бойында,
Қоштасады екеуі төс қағысып.
Суыт жүріп Шоқан қалды жақындап,
Бірер күнде Лерхке кеп қосылмақ.
Қантөгісті болдырмауға көндіріп,
Қандастарын мәмілеге шақырмақ.
Қайран ердің орындалмай тілегі,
Жауыздықтан жараланды жүрегі.
Подполковник уәдесінде тұрмастан,
Кері қайтып Жаркент жаққа жүреді.
Бетке алып Тезек төре ауылын,
Іздеп келе жатты туыс-бауырын.
Күзде жетіп Алтынемел жұртына,
Жар етеді Айсарыдай аруын.
Бағып-қағып төсек тартқан күйеуін,
Келіншегі тілегенмен тілеуін,
Ескі дерті ерте үзіп ғұмырын,
Қоянкөзде жерледі ел сүйегін.
Жүндібайдың қызмет еткен Қоқанға,
Ойы өзгерді кездескелі Шоқанға.
Жол-жөнекей өз-өзіне серт беріп:
«Қызмет ету керек»,- деді Отанға.
Айырмастан алпыс бес жыл тоқпақтан,
Елге талай қыршындарын жоқтатқан,
Озбырлығын еске алып Қоқанның,
Керуенбасы қызметінен бас тартқан.
Соғыс жүріп жатқанымен іргеде,
Әкесінің жылын берді шілдеде.
Қалыбайға бағыштатып құранды,
Тараттырды шапан-шаттық, сый-кәде.
Жайсаңы мен ел жақсысы төрдегі,
Жағдаятты сөз етуде елдегі.
Шоқан ойын көпшілікке жеткізіп,
Жүндібай да кезек алып сөйледі:
–Қалайық біз, қаламайық осыдан,
Дүлей күші басым оның тасыған.
Кәпірлерге бұрмаса да бүйрегім,
Ел арандап қала ма?- деп шошынам.
Момбек датқа деді көптің атынан:
– Қазақ болып көрінгенмен затынан,
Бұл Шоқаның тыңшы болып жүрмесін,
Кәпірлерге дерек жинап тасыған?..
Сенімді боп келсең өзің осыған,
Өзің кіріс бізді қоспай басынан.
Мүйіз сұрап құлақ беріп жүрмейік,
Күмәнімді несін сенен жасырам...
– Қалмырзаны қасыма ертіп аламын,
Қазығұрттан Мәмбетті іздеп табамын.
Ескі досым бұл ойымды құптаса,
Черняевке ел атынан барамын.
Көп кешікпей тауып алып Мәмбетті,
Деді оған: – « Мына елден сән кетті.
Қоқан үшін қарсы шығып орысқа,
Әулиеата жұрты босқа қан төкті.
Енді біздер арандауға бармайық,
Ел мен жұрттың обалына қалмайық.
Қоқандықтар бізге опа берді ме?..
Күші басым орыстарды қолдайық».
Қанша айтса да Мәмбет уәжге көнбестен,
Қоқан туын қорғамаққа бел шешкен.
Ақырында қоршап жатқан Шымкентті,
Черняевпен өзі барып сөйлескен.
Қазақтарды қан төкпеуге шақырып,
Орыстарды Қазығұрттан асырып,
Ташкент жаққа жол бастады Жүндібай,
*Шадыманның берекесін қашырып.
Орыс қолы қиян-кескі ұрыспен,
Қаланы алып той тойлауға кіріскен.
Жүндібай да генералмен қоштасып,
Кері қайтты мезі болып жүрістен.
Көп кешікпей аға сұлтан сайланып,
Қақпатасқа қоныс тепті жайланып.
Үстемелеп салынатын салықтан,
Біраз жылдар құтылады жай халық.
Бірте-бірте көшіп келіп орыстар,
Тарылады шұрайлы жер, қоныстар.
Тұрғын халық қайта түсіп қыспаққа,
Салық өсіп көбейеді борыштар.
Көзге ілмей жергілікті халықты,
Келімсектер төрге ұмтылып жанықты.
Дуанбасы қарсылығын елемей,
Губернатор өктем мінез танытты.
Сайқалдығын саясаттың аңғарып,
Аға сұлтан қалды енді дағдарып.
Қарсы тұрар амал таппай әттең-ай...
Көшті жұрты адырларға жан бағып.
Қандастарын жүрмесін деп іш тартып,
Сұлтандықты жібереді қысқартып.
Орыстарға жайлы жағдай жасауды,
Болыстарға міндеттеді іс артып.
... Большевиктер ақ патшаны төңкеріп,
Қолға алды бар билікті белсеніп.
Ұлт мүддесін көтергеннің барлығын,
Қырып-жойды – аластауды жөн көріп.
Талай ұрпақ бағын талай сынады,
Талай мәрте қарсы шауып құлады.
Бірақ олар қиындыққа мойымай,
Келешекке үміт артып шыдады.
Басқыншылар безбенімен өлшеніп,
Талай тұрды тағдырымыз теңселіп.
Азаттығын алар күнді армандап,
Талай ғасыр күткен еді ел сеніп.
Ел арманы орындалып талайғы,
Тәуелсіздік таңы атты арайлы.
Өркениет әлеміне ұмтылған,
Қарқынымыз таңдандырды талайды.
P.S.Бабаларға ұлт мүддесін қорғаған,
Басымды иіп жырға қосып толғанам.
Тағылымын ұмытпайды ұрпағы,
Ұлтжанды қасиетін жоймаған.
*Шадыман – Қоқан әскерінің қолбасшысы.
Жүйкеқұрт
(Аңыдың ізімен)
пролог
Сұрап тұрған берекелі елі бар,
Жаулап алған ұлан-байтақ жері бар.
Жүктеп алған мойынында қаны бар,
Мысын басар дұшпанының жалы бар,
Қаруы сай, жер қайысқан қолы бар,
«Күлмесхан» деп жұрттың қойған намы бар
Ертеректе патша өмір сүріпті,
Уақыт-ұры сусып өте беріпті.
Жан алысып, жан берісіп жүргенде,
Ердің жасы елуге де келіпті.
Жылдан аса соғыс тоқтап тұрыпты,
Аң аулапты, сауық-сайран құрыпты.
Тылсым өмір тереңіне үңіліп,
Патша біраз ойға шомып көріпті:
І
– Еңсесі биік он екі сарайым бар,
Сан мыңдаған еріксіз малайым бар,
Қамба толы қазына, түлік түгел,
Тағы қандай Тәңірден қалауым бар?..
Әрі қарай шеше алмастан сұрақты,
Келе алмастан бір пікірге тұрақты,
Қолына алып қылыш салған қынапты,
Көңілінен бұлақ-ойын құлатты:
– Сұмдық күш пен ақыл бойға сыймаған,
Шексіз билік, артық дәулет сыйлаған,
Жаратқанға өкпе-назым, зарым бар,
Бәрін беріп, шикіөкпесін қимаған.
Ертелі-кеш бітетұғын күнді ойлап,
Мұрагердің жоқтығына қиналам?!.
Әлқисса, осындай ойлар жегідей жеген Тирания патшасы ертеңіне халықты алаңға жинатыпты. Барлығына да қал-қадірінше сый-сыяпат үлестіріп, артынша мынадай жарлығын жариялапты:
– Жетім-жесірдің жабу үшін етегін,
Менің хан срайымнан жетеуін,
Төгілген қанның қарымы есебінде
Жетімханаларға беруге ниет етемін.
Бас уәзірге берілетін тапсырма:
– Ондағылардың ешқайсысын аш қылма!
Жетімхананы ойдағыдай ұстау үшін,
Басымыздан бақ құсы ұшпау үшін,
Қазынадан қаражат бөлу көрілсін,
Озық ойлы тәрбиешілер бөлінсін,
Не қажетінің бәрі түгел берілсін!
Халық аң-таң, сенбегендей бір түрлі,
Хан жүзінде терең-терең сыр тұрды.
Зұлымдықтың қайрылмайтын қанаты,
Бір-ақ күнде осылайша қырқылды.
Содан кейін жыл шамасы өткенде,
Бедеу деген бәйбішеден көктемде,
Қыз туылып, ұлан-асыр той болды,
Сый таратқан келгенге де кеткенге...
... Парана қыз өсіп жатты құрақтай,
Падищахтың тіккен туын құлатпай.
Күтушілер жапырылып қоғадай,
Ойындағы орындалды сұратпай.
Падишах та бейбіт күнге құмартып,
Көршілерге керуен жүрді сый артып.
Елге еркіндік, бейбітшілік сыйлаған,
Келер күннің біреуінен бірі артық.
Өндіріске көңіл бөлді іш тартып,
Әскер санын бес есеге қысқартып.
Халықтың да көтерілді еңсесі,
Ақындардың көңілінде құс қалқып.
Сағым жылдар өтіп жатты мұнартып,
Қыз бой жетті патшамызға мұң артып.
Көрші елдің патшасынан елшілер,
Келіп жатты Паранаға құмартып.
Ауызға да түспей сол сәт сөз епті,
Қара мысық тырнап жатты өзекті.
Ой кеміріп түніменен санасын,
Тапқан болды сылтау айтар себепті.
Бас уәзірге былай деді таң атпай:
– Қабылдаймын ертеңге мен қаратпай,
Елшілерді қадірменді қонақтай.
Көп күттірген ұят шығар, жолатпай?..
Қабылдауда патша отырды көңілді,
Сый-сыяпат қабылданды, берілді.
Мадақ сөздер асқақтатып сарайды,
Арнап тартқан сыбағалар желінді.
Әлқисса, патша сол күні қорытынды сөзді өзі алып, уәзірлер мен құдандалық жолмен келгендерге былай депті:
– Қыз көзімнің ағы менен қарасы,
Суымасын екі елдің арасы,
Өткізбекпін жігіттердің жарысын,
Бақ сынасын патшаның да баласы.
Оқшауланып, дара шықса топ жарып,
Ұзатамын, ешкімнің жоқ таласы.
Жаз да келіп, ел түгелдей дүрлікті,
Қолға алыпты қазы-билер тірлікті.
Кім көрінген жіберілмей жарысқа,
Сайланыпты іріктеумен кіл мықты.
Бағы жанып отыз шақты жігіттің,
Керіліпті қыл арқаны үміттің,
Жұмбақ шешер ақтық сайыс қызып тұр,
Егесі кім құлыпты ашар кілттің?
Өреге сай жауап беріп сұраққа,
Үміткерлер түсіп жатты сынаққа,
Кейбіреулер көңіліне қонғанмен,
Кейбіреулер діттегеннен жырақта.
Келді небір жігіттердің серісі,
Сынға түсті кең даланың бөрісі.
Жарыс шарты діңкелетіп, талдырып,
Шетке шығып кетіп жатты көбісі.
Бір уақытта екі көзі жайнаған,
Сәйгүліктің құлағында ойнаған.
Шыға келді бір жас пері ортаға,
Сымбаты мен көркіне көз тоймаған.
Таңқалдырып, сүйсіндіріп жиынды,
Пері жігіт Тәңіріне сиынды.
Жас жігітке көп сұрақтың ішінен,
Ел басқару тәсілдері бұйырды.
Конфуцийдің қағидасын бас қылып,
Сәл толғанып бастап кетті жас жігіт.
Император Аврелийді мадақтап,
Каллигуладан жирендірді басқа ұрып.
– «Ел басқармас патша жалғыз қырымен,
Айла керек жұртты ертер тілімен,
Күш те керек шығармайтын ділінен,
Ел басқарған Салон патша қулығын,
Айтып берді Салон ақын жырымен».
Күтіп жатпай қазылардың шешімін,
Патша өзі айтып салды кесімін:
– Осы жігіт босағасы құт болып,
Ашып кірсін менің қызым есігін.
Бұл жарыста ел үрдісі сақталды,
Қатысқандар тегіс марапатталды.
Ал таудағы патшаның бір сарайы,
Жеңімпазға берілсін,- деп хатталды.
Әкесі өліп жаугершілік заманда,
Анасы да кез боп ажал-аранға.
Үш жасында жетім қалған жас жігіт,
Сұлтан болып шыға келді табанда.
Әлқисса, жас жігіт он шақты жыл патша қызы Паранамен қосылып тату-тәтті өмір сүріпті. Жылдар жылжып, уақыт өте келе Парана екіқабат болып, дүниеге ұл бала келіпті. Оны сол кездің ақындары былай жырлаған көрінеді:
– Ұл әкелді Парана,
Құт боп келер далаға.
Кіндік кесіп кеуана,
Ат қойдырды данаға.
Бұлт соңынан күн шығар,
Бақыт осы ұл шығар.
Шілдехана тойын да,
Жырға қосты жыршылар.
Кеңіп өзен арнасы,
Бүршік атты тал басы.
Аты жиен болса да
Падишахтың жалғасы.
Кәрі патша тасыды,
Алшы тұрып асығы,
Дос сүйініп бұл күні,
Дұшпандары жасыды.
Қайта гүлдеп тіршілік,
Қу күншілдік тұншығып,
Падишахтың сол күні
Қабағынан күн шығып.
Көңіл қайта жасарды,
Көктем қайта жасанды,
Айтып кетті ақындар
Болашаққа осы әнді.
ІІ
Алдамсырап арман деген сағымың,
Патшаның да жамылады бағы мұң.
Немересі толған күні он жасқа,
Атасының қазып жатты ел қабырын.
Үш жүз жылдан келе жатқан тоқтамай,
Қалыптасқан ел дәстүрін аттамай,
Қызы отырды әкесінің тағына,
Жиен бала жастық қылып, әттең-ай...
Шайпау тағдыр өсіреді өз гүлін,
Байқатпастан қайрап өткір кездігін.
Бүгін мына қаралы топ алдында
Соңғы патша отырғанын сезді кім?
Сезгенменен кім айтады шындықты?..
Атқамінер өлі сырды қылғытты.
Ел тағдыры ұстараның жүзінде,
Іштен тынып күтіп тұрды сұмдықты.
Өресі тар таққа мінді, өлді уыт,
Күйеуі де сөз айтпады бел буып.
Зиялының көкейінде көп сұрақ,
Саналарын сайрандады жел қуып.
Ел-жұрт бұрын мұндай жайды көрмеген,
Жеткізе алмас енді тіл де, енді өлең.
Әкесінің қырқы күні патшайым
Күйеуіне сұрақ қойды көлденең:
– Қаптап жүрген жауды дарға ілмеген,
Сол жаулармен сен де әлде бірге ме ең?
Болып жүріп кеңесшісі әкемнің,
Зындандардың бос тұрғанын көрмеген.
Азайыпты салынатын салық та,
Жау болады күреспесең халық та.
Бет-бетімен жіберіліп ақындар
Өмір мәні айналыпты сауыққа.
Кімге керек жетімхана дегендер,
Азаймаса тегін нанды жегендер.
Бұдан былай әскер санын көбейтем,
Тыңшы керек жауларымды көгендер.
Айтқаныма бірге болсаң көнесің,
Таң атқанша бір жауабын бересің,
Мен емеспін пәлсапаңа елеңдер
Қарсы болсаң ит өліммен өлесің.
Үйін тастап, жалғыз шынар өсірген,
Елін тастап, бірге өмір кешірген.
Ертесіне патшайымның күйеуі,
Бірінші боп тар зынданға кесілген.
Күндер жылжып өтіп жатты дүрбелең,
Шопан да жау өз алдына гүлдеген.
Ақын да жау елдің жайын тербеген,
Диқан да жау егін егіп терлеген.
Алаңдарға дар ағаштар керілді,
Жетіп жатты белсенділер сенімді.
Күнделікті бір жау ұстап бермесе
Патшайымға өзі де жау көрінді.
Шекараға мықты күзет қойылды,
Қашқындардың екі көзі ойылды.
Патшалықтың үштен бірі жау шығып,
Үш-ақ жылда көзі түгел жой
ІІІ
Күзетшіден есеп тауып жылыстап,
Әр ағаштың түбіне бір тыныстап,
Ұрын барды патшайымның баласы,
«Ел жауларын» көрмек болып дұрыстап.
Дар ағаштар тіршілікті басынып,
Бас алаңда сүйек жатты шашылып.
Елші болып кетті,- деген көрші елге,
Әкесі тұр дәл ортада асылып.
Көптен бері жүрген еді сағынып,
Байғұс бала тұрып қалды аңырып.
Жүрегі ойнап үйге қарай жүгірді,
Аяқтары бір-біріне шалынып.
Қыжыл қайнап, тыныс кетті тарылып,
Екі көзі қарауытты қан ұйып.
Сөзге келмей шешесіне жетті де,
Қанжар салды жүрек тұстан жанығып.
Абыр-сабыр жұрт жеткенше сабылып,
Қайғы жұтқан тағдырына бағынып,
Өзіне де қанжар салып үлгерді,
Кең дүние тар қапастай тарылып.
Бақыт пенен сор арасы қас-қағым,
Бұлт торлады Тирания аспанын.
Ұйып келе жатқан елдің қаймағы,
Іріп кетті, қан суарып асқарын.
Кемпір-шал мен жетім-жесір, жас қауым,
Өліп жатты баудай түсіп ашқарын.
Іргелі елдің қабырғасы сөгілді,
Жаман-жәутік құрай алмай бастарын.
Ауырсынбай патшайымның салмағын,
Жер жұтты да, талақ етті талғамын.
Әттең бәрі сонда бір-ақ біліпті,
Тіршіліктің түбі шикі жалғанын.
ІҮ
Елі тарап кеткенімен ұсақтап,
Өркениет алғанымен құшақтап.
Патшайымға ескерткіш боп кеселі,
«Параноид» бізге жеткен деседі.
Сол кеселден судай аққан қанымыз,
Құзғындарға жем боп қыршын тәніміз,
Түтін шықпай, опырылып ошақтар
Сәби көрмей кеміп кеткен санымыз.
Ірі Тиран көсемсөзін саптаған,
Ұсақтары өз маңайын таптаған.
Тирандардың арқасында «құлпырып»,
Жердің бетін мемориалдар қаптаған.
Зобалаңнан жараландық бәріміз,
Ол жараны жаза алмайды дәріңіз.
Оға куә бауырластар зираты,
Оған куә өспей қалған дәніміз.
P.S. Жүйке құрты қан дәметіп шөлдеуде,
Ақындарға қоғам әлі сенбей ме?..
Ғасыр дерті «СПИД»-тен де залалды,
Жұмылайық дәуір дертін емдеуге!
Бал дәуреннің елесі.
(поэма)
( Зауықты апамның рухына арналады)
Пролог
Қытымыр қыс күтіп соңғы сағатын,
Көктем шығып келе жатқан болатын.
Былтыр күзде ұшып кеткен қарлығаш,
Күн де жақын ұясына соғатын.
Шайдай ашық соңғы күні ақпанның,
Еритіндей көңілдегі қатқан мұң.
Бақытты деп сезінгенде өзіңді,
Айқай салып келеді екен мақтанғың.
Көңілді кеп отырғанда жұмыстан,
Іздеп келді күтпеген бір туысқан.
Әлімсақтан туысқанның намысын,
Бөле-жармай қазақ бірге қуысқан.
Жалаң киген күпәйкісі мақталы,
Туысқаным босағамды аттады.
Қисық өкше, мыжырайған сірісі,
Керзі етік көңіліме жақпады.
Күлімсі иіс аяғынан аңқып тұр,
Бала-шаға көріністі таң ғып тұр.
Отыз жылдан бері мені іздемей,
Бүгін қайдан келе қалды, қаңғып бұл?..
Мына түрі өрт сөндірген сияқты,
Кім сілтеді Сейітқұлға бұл жақты?
Көп нүктелер көкейіме кептеліп,
Өз-өзіме қойып тұрдым сұрақты.
Қынжылғандай ылайықсыз әріне,
Тартыншақтап шықты үйдің төріне.
Көндіккені көрініп тұр сиқынан,
Пешенеге жазғанының бәріне.
– Көрші, Жұмаш, ыстық монша дайын ба?
Дайын болса, сонда барсын шайың да.
Қонағымыз тастап шықсын кір-қоңын,
Бастан-аяқ киім - кешек дайында.
Ыстық буға қыздырынып, жуынып,
Ыстық шайды сораптадық құнығып.
Оң көзіңді қай майданда ағыздың,
Деген сұрақ келіп қалды сұғынып.
– Озғаннан соң дүниеден Сарман шал,
Опа беріп жарытпады қалған мал.
Есіл-дерті ауып кеткен араққа,
Әлиханның жүрген жері дау-жанжал.
Басқа қонған дәулет теуіп шекеге,
Не, бір әйел құтаймады көкеме.
Жыл жаңғыртпай ауыстырып төсегін,
Ақырында шығып кетті көшеге.
Риза болмай кермек тартқан тұзына,
Үлкен шешем кетіп тынды қызына.
Қайтыс болып туған анам күйіктен,
Тағдыр мені отырғызды сызына.
Құты қашқан отбасына жау тиді,
Жылауменен өмір өтті, жан күйді.
Анамыздың қырқын беріп, артынан
Алып кетті мені әпкем – Ханбибі.
Бітіртуге маған орта мектепті,
Үш-төрт жылдай әпкем біраз тер төкті.
Үлгерімім төтеп бермей сынаққа,
Куәлікті жездем әрең жөндетті.
Жанашырлар: – Бітірген соң мектепті,
Өз түтінін түтеткені жөн,- депті.
Жеңгетайлар салып жүріп Ханбибі,
Қосақтады бүлдіршіндей Келбетті.
Болған кезде екі жарты - бір бүтін,
Шала тағдыр қимаған ба іркітін?..
Ұйып келе жатқан кезде шайқалып,
Біздің үйден қайта шықпай тұр түтін.
Төркініне кеткен Келбет, келмеді.
Әпкем барды, жездем барды – бермеді.
Бір-екі рет мен барғанда жалынып,
Бастан-аяқ кіна артып, жерледі.
Келбетімнің ауыр еді аяғы,
Босанатын уақыты да таяды.
Масаңдау боп, үшінші рет барғанда,
Қайнағамның оқыс тиді таяғы.
Ақты сонда мына соқыр жанарым,
Содан бері сырттан алам хабарын.
Он бес жылдай тірі жетім-ұлымды,
Бір көрудің таппай қойдым амалын.
Содан бері тұрағым жоқ межелі,
Екі аяғым кең даланы кезеді.
Әпкемнен де қашқақтаймын бүгінде,
Кірмей жатып ақыл айтқыш, себебі.
Әр жұмысты істеп жүрмін табылған,
Итпен теңмін итаяққа таңылған.
Көзге күйік болмайын,- деп күніге,
Былтыр күзде ұзап кеттім ауылдан.
Бір жұтымға зәру болған – бас сынып,
Кірген едім шайханаға бас сұғып.
Отыр екен дастарханның басында,
Бір қазақы бөрік киген – жас жігіт.
Көзге ілмей басқа жұрттың қауымын,
Жетіп бардым, мүмкін бе деп бауырым.
Іліккен соң дастарханның шетіне,
Сөзге тартып, сұрастырдым ауылын.
Мырзашөлден болып шықты, бағыма,
Сені сұрап, сұрақ қойдым тағы да.
Сол жігіттің арқасында, қысқасы,
Міне, бүгін саған жеттім, сағына.
Бірінші бөлім
І
Дәулет қонған шаңырағы Сарманның,
Биік шыңы – бала қиял, арманның.
Отыз жылда ойрандалын ошағы,
Тәлкегіне айналыпты жалғанның.
Сол үй еді сәйгүліктер баптаған,
Сол үй еді саяттықты сақтаған.
Күндіз-түні оттан түспей қазаны,
Сол үй еді қонақ келсе тоқтаған.
Біз ол кезде бүршік атқан баламыз,
Сарман ата – ауылдағы данамыз.
Алты алашқа аты шыққан шабандоз,
Сері еді Әлихандай ағамыз.
Бірінші рет көрген кезде сағатты,
Патефон мен күй тартатын табақты,
Тілін біліп таң қалдырған сиқырдың,
Сейітқұлдан ашқан едім сауатты.
Тете өстік, бір жас еді арамыз,
Бірге ойнап, бірге қозы бағамыз.
Кім болжапты болашақты ол кезде,
Балғын едік жетілмеген санамыз.
Өмір-өзен ағып өтер тоқталмай,
Кей бұлақтар жоғалады ақ қардай.
Алтын балық қармағыңнан сытылып,
Сағымданар кейде үміт ақталмай.
Тағдыр жазса, жазғанына көнесің,
Тары-шашу несібеңді тересің.
Бүгін маған күтпеген бұл кездесу,
Алып келді бал дәуреннің елесін.
ІІ
Арасында қосылып жиі керней,
Күңіренді домбыра күйі келмей.
Бұндай кезде дөңбекшіп төсегіңде,
Қалай ғана жатасың тебіренбей:
– Мұң тербетіп ішінде жертөленің,
Бал дәуренім үзілген ерте менің.
Сыз еденде ұмытқан еркелікті,
Етегінен іздеймін әр төбенің.
Шеруіне ілісіп аққу-қаздың,
Ақ төсіне толқынның арзу жаздым.
Ақ шабаққа жұтынған шағаладай,
Гүлзарына құштармын гәкку-наздың.
Ақ сарайға сидырмай жыр – дөненім,
Ақ жаңбырдың астында сенделемін.
Ақша қарға айналса ақ кептерім,
Аяз-Ата кейпіне кеп енемін.
Бал дәуренді іздеймін, тер төгемін,
Бал шәрбатын аңсаймын, өртенемін.
Гүл нәріне елтіген көбелектей,
Еркелегім келеді, еркелегім.
Балалық шақ, не деген көркем едің,
Тоғыз жасқа толғанша еркеледім.
Тоғыз күндей көрінбес тоғыз жылың,
Қамсыз дәурен не деген келте едің...
ІІІ
Сол кездері, шамасы төрт-бестеміз,
Тек ойынға құрылған күн кестеміз.
Шілдіктен де зерікпей, асықтан да,
Үйге зорға кіреміз, ашыққанда.
Сен ұтасың, көбіне мен ұтылып,
Намыс буып өртейді, тіл тұтығып.
Мұрсат бермей кетуге бір сытылып,
Домбақ теуіп дәніктің кіл жұтынып.
Сылтау іздеп жеңілсең– келіспедің,
Тыраштанып дәлелдеп,беріспедім.
Бірімізді біріміз қараласып,
Тарқайтынбыз кей күні жағаласып.
Оқтын-оқтын осылай бір қағысып,
Ертесіне жатамыз тіл табысып.
Уәде беріп, серттесіп, қасарысып,
Қайта ойын бастаймыз қол алысып.
IV
Бір-екі жыл өте шықты білдірместен ізін де,
Сен мектепке баратынсың осы жылдың күзінде.
Жалынғанмен, жылағанмен мазасын ап апамның,
Мен бәрібір қалып қойдым ілінбестен тізімге.
Жүрген едім үйге симай, түзге симай ерігіп,
Талқанбайдың Сақыпжаны қалды алдан кезігіп.
Жаратқаннан сұрап алған бақташының жалғызы,
Күн тимеген әздек бала, қалай шықты желігіп?..
Жан-жағымды барлап алып, сұрап көрдім велигін,
Бермесіне көзім жетіп, басып қойдым желігін.
Апасынан көмек сұрап…Жылағанға қарамай,
Жалпасынан түсірдім де, тартып алдым көлігін.
Великке мен мініп алып қоқиланған қораздай,
Төбешіктен төмен түстім басқа жүрер жол аздай.
Омақаса құлап жатып әйел даусын есіттім,
Тіпті жақын қалған екен, түсі суық аяздай.
Үйге қарай тұра қаштым, сәл ақсаңдай жүгіріп,
Бейқам күйде апам отыр жүн ұршығын иіріп.
Әй-шайына қарамастан адуынды кемпірдің,
Етегінің астына кеп, үлгірдім-ау тығылып.
Шыдатпастан жылап кірген баласының наласы,
Көп ұзамай жер тепкілеп жетіп келді анасы:
– «Бала емес бәле екен»,- дей бергенде апама,
– Тәйт, келін!- деп тыйды оны көздің өткір қарасы:
– Өсіп-өнем десең келін, тіл тигізбе балаға,
Тіл тигізбе періштеге, түсе барме араға.
Өзі есеп ажыратсын, өзі қуып намысын,
Қандай еркек өсірмексің қамап ұстап қорада?
Сұп-сұр болып шығып кетті сөз қайырмай ақырын,
Менің апам айтып қалды ойда жүрген ақылын,
Құдіреті күшті Алла – Жаратушы Иеміз,
Бір таяқтан аман сақтап, есіркеді пақырын.
Кәмпитпенен қызықтырып мені алдап шақырып,
Екі күннен кейін бірақ ұстап алды қатырып.
– Қу жетімек, жетпегір,- деп жұлқылады құлақты,
Мен тістеніп тұра бердім, жыламадым бақырып.
Көзге әкеп көрсетті енді менің шыбын жанымды,
Уәде алып босатты ол ішіп әбден қанымды.
Жүн жығылып аяңдадым үйге қарай сылбырап,
Бірақ, апам байқамады бейшара бұл халімді.
Содан бастап суып кетті сол әйелге көңілім,
Талай уақыт күңгірледі құлағымда сол бір үн.
Қайнап жатқан қазанына пәйттеп жүріп бір күні,
Самауырға дайындаған салып кеттім көмірін.
V
Үлкендерді ойландырып,толғандырып қыс қамы,
Қазан айы қатаңдау боп, күздің кілтін ұстады.
Үлкен ағам шопан болып орналасты колхозға,
Көлбастауда еді оның отарының қыстауы.
Көшіп кетті бізге тастап шілде қотыр баласын,
Апам әуре шомылдырып, күнде емдеп жарасын.
Кіші ағам оқып жатты қаладағы мектепте,
Қыдыр көкем тек маусымдық жұмыстарға баратын.
Шерімқұлдың іші үлкен, жиренішті жарасы,
Екеумізде ауыспайды табақ-аяқ арасы.
Қиқарлықтың неше түрін көрсетемін күніге,
Менен ауып кетпеу үшін апамның көз қарасы.
Қатқыл қыстың беті қайтып, көктем шықты жайланып,
Апам жүрді үйден шықпай Шерімқұлға байланып.
Наурыз күні көкеміздің қалыңдығы – Камила,
Біздің үйге келін болып түсті гүлдей жайқалып.
Ес білгелі бұндай жиын біздің үйде болмаған,
Қуанышым бойға симай асып жатты арнадан.
Апам байғұс сасқалақтап, етегіне шалынып,
Бар жиғанын шығарыпты, тықпыштайтын дорбадан.
Бірер айды артқа салып, жаз да келді жайраңдап,
Камиламен тіл табысып, ойнайтынбыз тайраңдап.
Бір көргендер жас келіннің тал бойына сүйсініп,
Қос білектей бұрымына тамсанатын, қайран қап.
Ал апамның айтуынша: – Мінез-құлқы еркелеу,
Ақыл-есі толыспаған, парасаты келтелеу.
Жанарының ақ-қарасы – біз біреудің жалғызын,
Он жетіге толтырмастан алып қойдық ертелеу
Келінінің тәрбиесін алды апам қолына,
Сөйтіп нүкте қоймақ болды шалалықтың жолына.
Бірақ, әттең, төрт айдан соң келген еді анасы,
Ертесіне еріп кетті құдағидың соңына.
Бірер апта ешбір пенде оны іздеп бармады,
Құдағи да Камиланы үйге әкеп салмады.
Бейсен көкем өз жұмысын інісіне тапсырып,
Құда жақты жағалаудан басқа амал қалмады.
Қайтып келген Камиланың қатулы еді қабағы,
Төркінінен алып келген қатты болды сабағы.
Мен қисықпын, інім-қабақ, апам-зәлім атанып,
Біздің үйдің сықырлады ыдыс-аяқ, табағы.
VІ
Талай тұнба қайнатылып, талай дәрі жағылып,
Шерімқұлдың жарасы да кеткен еді жазылып.
Ескі шекпен етегінен тіктіріп-ап сөмкені,
Мектебіме дайындалып, күтіп жүрмін сарылып.
Қыркүйектің айы туды әбден таусып тағатты,
Таңсәріден сұрап бардым Сейітқұлдан сағатты.
Киінбеген Сейітқұлдың асығатын түрі жоқ,
Тоғыз болмай бастамайды екен ағай сабақты.
Жол-жөнекей түсіндірді ол мектептің тіртібін,
Біз сол күні улап-шулап оқып қайттық жарты күн.
Қайтар жолда ләңгі тептік, тасаланып екеуміз,
Кім біліпті сол ойында зіл жатқанын, арты мұң.
Сөмкелерді жерге тастан ойынға біз кірістік,
Екеуміз де барды салып ұтылмауға тырыстық.
Ақырында ойын соңы дау-жанжалға ұласып,
Тұздық сөздер қарша борап, теке-тірес тұрыстық.
Өзін менен мықты санап, сөзсіз жеңіс діттеген,
Ауыр тиді Сейітқұлға бұл жеңіліс күтпеген.
Қарымына теуіп - теуіп менің жатқан сөмкемді,
– Жетімдіктің белгісі,- деп, көзге шұқып жіктеген.
Ауыз жаппай сарнай берді төбелеске тіленіп,
Екі аяқтың ортасынан бір-ақ тептім шіреніп.
Бүктетіліп құлап түсті қапы кетіп аңдамай,
Қайнап кетіп зығырданым, төмпештедім үдеріп.
Күле баққан опасыздың сазайын бір тарттырып,
Үйге қайттым күңірінеп, жанарыма қақ тұрып.
– Бұныменен бармаймын,- деп, арқамдағы сөмкені,
Келе салып апам жаққа жібергенмін лақтырып.
Үйге кіріп жатып алдым, тамақ ішпей бүк түсіп,
Түске дейін алшы тұрған, көңіл қалды шік түсіп.
– Не боп қалды, құлыным-ау, жолда біреу ұрды ма,
Қарының да ашқан шығар, аласың ба сүт ішіп?..
– Ішпеймін,- деп жата бердім, теріс беріп бетімді,
Қайта-қайта інім келіп: – аға тұр,- деп өтінді.
Менің бүкіл болмысымды тырнап жатты мысық ой,
Мені туған анам қайда, неге туды жетімді?..
Ой түбіне жете алмай, көз ілініп кетіпті,
Біраздан соң қол қусырып, Салиха апай жетіпті.
Сейітқұлды жетектеп кеп апамыздың алдынан,
– Бала ісін көңліңізге алмаңыз,- деп өтіпті.
Түске еніп, шырқыраған анасы жоқ жас сәби,
Мен қосылып жылап жаттым, кешіп жаттым басқа күй.
Мұңды шықты, зарлы шықты дауысының ырғағы,
Әуенінің сөз нұсқасын жазып жатты баста ми:
– Көзелерден мұң тамып жөргегіме,
Шырмап мені кетті ме өрмегіне.
Ашпай жатып өмірдің шымылдығын,
Айналдым ба тағдырдың ермегіне?
Анашым, анашым!
Мені тастап қайда кетіп барасың?
Ақ сүтіңде бар ғой менің таласым,
Оны қалай қара жерге сауасың?
Анашым, анашым!
Қара жерге қалай қиып сауасың?
Қалай шыдап жүр екен қайран жүрек,
Алады ма сағынса майдан тілеп?
Қара шұнақ тағдырдың бетін қақпай,
Қайдан опа табасың, қайдан тірек?
Анашым, анашым!
Мені іздеп қашан жолға шығасың,
Қашан келіп үміт отын жағасың?
Маңдайымнан қашан сипай аласың?
Анашым, анашым!
Мені іздеп қашан енді табасың?
Жетімектің сыздатып жан жарасын,
Қатыгездер табылар тұз салатын.
От жүрекке су шашып өз қолыңмен,
Үзесің бе үміттің бір парасын?
Анашым, анашым!
Санамда сен құдіретті анасың!
Сүзіп өтпей Тоғыстың кеп жағасын,
Неге мені несібемнен қағасың?
Анашым, анашым!
Орындалмас арман болып барасың?!
Ертесіне ерте оятты, үлгерместен күн шығып,
– Мектебіңе бармаймын,-деп, тұрмай жаттым қырсығып.
– Жоқ, жарқыным, Қыдырбаймен сен қалаға барасың,
Кітап-дәптер түгелдейсің,жақсы сөмке аласың…
Екінші бөлім
І
Үшінші сыныпқа мен ілінгеннен,
Апамның денсаулығы қырын келген.
Ауырып отырса да ақыл айтып:
– Бүлдіргі алма дейтін бүлінгенен.
Сиретіп Камилаға тиісуді,
Үйреніп келе жаттым ұғысуды.
Бөпесін шомылдырса құйып тұрдым,
Қырсықпай құмандағы жылы суды.
Ішіліп болғаннан соң кешкі тағам,
Сұрауға сабағымды көшті ағам.
Май шамның жарығымен қадағалап,
Қоятын көбінесе бесті маған.
Сөзі кем, тұйық еді Қыдыр көкем,
Білмейсің іш пікірін, сырын бөтен.
Қай кезде қай жұмысқа баратынын,
Білместен сабаққа мен бұрын кетем.
Сейітқұл дайындамай үйде сабақ,
– Кешіктік,- деп болжады күнге қарап.
Көтертіп екі қолын кешіккенге,
Тартатын Досбол ағай жүлде таяқ
– Қайтқанша таяқты жеп, сүмірейіп,
Қызықтың бал қымызын сімірейік.
Біздердің мектептегі орынымыз,
Бір күнде қала қоймас үңірейіп.
Асық бар, екеумізге жеткілікті,
Үйренген шеккі болмас ептілікті.
Ойнайық түске дейін, уақыт өтсін,
Күтейік бірге қайтар көпшілікті.
Көңілге мына ақыл қона кетіп,
Сабақты тастадың біз, талақетіп.
Көрігі ойнымыздың қызған кезде,
Көрінді бір көлеңке қараң етіп.
Түсіп қап тура біздің төбемізден,
Қыдырбай есеп алды жеке бізден.
Арқада ойнақтады көк шыбығы,
Құтылып кету қайда көкемізден.
Амалсыз суға кеткен тал қармайды,
Апама айтып келдім болған жайды.
Кешкісін қалай жауап беремін,-деп,
Жүрегім дір-дір етіп суылдайды.
Нәлеті бармапты,- деп сабағына,
Қар жауып келсе көкем қабағына.
Апам да түспей қойса арашаға,
Қайтадан қыспағына алады ма?..
Кештетіп келді көкем жұмысынан,
Ошақтың сығаладым қуысынан.
Ашуын ауыздықтап баласының,
Апамыз шығармады уысынан.
– Түртпегін деген едім шекесіне,
Қайтарғын ауырсынсаң шешесіне.
Әкеңнің түрте берсең түп қалтасын,
Қаласың ат байларсыз есесіне.
ІІ
Мамыр айы, бусанып дала жатты,
Ауру жеңіп апамды бара жатты.
Сығып кейде алады көздің жасын,
Шарасыздық көңілін жаралапты.
Шөп дәрісін алқаптың қолданады,
Тәуір болса ұршыққа алданады.
Кей күндері киімін жиып-теріп,
Маған айтпай бір жаққа қамданады.
Таңсәріден бір күні қунақ тұрып,
Өз төсегін тастады жинаттырып.
– Қақпатасқа бір шығып қайтайықшы,-
Деді маған, жүзінде сұрақ тұнып.
Артымызда Алатау алаңдайды,
Алдымызда Қақпатас қараңдайды.
Жақын тұрған шоқыға жол бастаған,
Өз шамасын апам да бағамдайды.
Апам байғұс малшынып қара терге.
Әрең шығып, орнықты барар жерге.
Үстіндегі камзолын шешіп тастап,
Көкірегін тосады самал желге,
Жүрегінің аптығын басып алып,
Отырғызды мені де қасына алып.
Ойға шомып бастады әңгімесін,
Жалындаған жастығын есіне алып:
– Он жыл бұрын түстім мен Төңкерістен,
Тіпті жаспын ол кезде, өң келіскен.
Түктібайдың әулеті келін тойдың,
Шыжығы мен қызығын тең бөліскен.
Тамылжыған жаз еді мен түскенде,
Той қызығы жетеді жол түскенге.
Мына алқап түгелдей бау болатын,
Құрты еді көзіңнің ол піскенде.
Көктем шыға тіршілік жанданатын,
Күзге дейін қыс қамы қамданатын.
Он үйлі жан Сайрамнан көшіп келіп,
Бау-бақшаны күтуге жалданатын.
Малдың басы әулетте бар болатын,
Қақпатастың қойнауы тар болатын.
Кеңсай менен Ашыда қыстап шығып,
Жаз жайлауы малының тау болатын.
Датқа бабаң – Түктібай тірі еді,
Елге тұлға кісінің бірі еді.
Қартайса да қақ жарып қара қылды,
Жүгінетін аймақтың пірі еді.
Елу үш жыл өтіпті содан бері,
Қартайғанда кетеді қадам кері.
Тумақ бар да, өлмек бар ән пендеге,
Еш уақытта бола алмас адам пері.
Міне, мен де қартайдым, қошақаным,
Көріп жүрсің көңілдің босағанын.
Армансыз-ақ кетер ем сені есейтіп,
Тағы он жыл қиғанда Жасағаным.
Бәрін көрдім– төңкеріс, колхозды да,
Аштан өлген бейшара, жампозды да.
Жақсы есімнің тастады бәрін сызып,
Құл бастаған Кеңесің қол созды да.
Соғыс келіп килігіп елімізге,
Қасіретін орнатты төрімізге.
Үлкен ұлым әскерден қайтар жылы,
Қара белбеу байлардық белімізге.
Қайғы жұтып жүрсек те, қабақ ісіп,
Аш өзекті жалғадық шалап ішіп.
Екінші ұлды әкетті қан майданға,
Алып қала алмадық, ара түсіп.
Қауырт жұмыс жағдаймен санаса ма?
Қатын-қалаш, істеді бала-шаға.
Отан үшін шыдадық қиындыққа,
Бәрін бердік майдан не қаласа да.
Бір оқиға жүректі қарып кетті,
Басымызды сарсаңға салып кетті,
Оққа үшқан ұлымнан қалған тұяқ,
Суға құлап, Тоғысқа ағып кетті.
Басы жас деп келінді ұстамадық,
Бата беріп жібердік, қыстамадық.
Өксігіне тұншығып қоштасарда,
Жылап кетті, жанарын жасқа малып.
Сабыр сақтап қайғымды сездірместен,
Жүрген болдым, түнімен көз ілместен.
Іш күйігі төсекке таңды әкеліп,
Танып қалған секілді төзім де естен.
Бес ай жаттым, ешқандай ем қонбады,
Іш өртенді, сусынға шөл қанбады.
Ағайын - жұрт менімен ақылдасып,
Бұл қыспақтан шығатын жол таңдады.
Талай жерге Сарманбек барып келді,
Менің шалым көбісін арық көрді.
Ақырында баяғы дихандардың,
Тоқалдыққа бір қызын алып келді.
Күтті мені күндесім енесіндей,
Екі ұлға қарады төресіндей.
Маған арнап тарыдан боза салып,
Қолға алды тірлікті егесіндей.
Міндім қайта үш айда аяғыма,
Қош айтыстым сүйенген таяғыма.
Кетіп қалған келіннің орны толып,
Мен де оның қарадым қабағына.
Екі қызы көз тиіп шетінеді,
Сен туылып көңілі бекіп еді.
Жарты жылға толмастан сенің жасың,
Дүниеден шалымыз өтіп еді.
Жылын бердік бірігіп шалымыздың,
Ажырады жолымыз тағы біздің.
Алып қалдым мен сені, қаламастан
Басқа жұртқа кеткенін қанымыздың.
Жалын тартып қай жақта мінсең атқа,
Өз тегіңді ұмытпай есте сақта.
Атаң сенің - Айкөбек, әкең -Таңат,
Түп нағашың - атақты Шойбек датқа.
Талайлармен үзеңгі қағысарсың,
Гүл өмірің саналы бағыт алсын.
Мен істедім қолымнан бар келгенін,
Өсе келе шешеңмен табысарсың.
Шалым кіріп түсіме жер тартады,
Іштегіні ақтардым – шер тарқады.
Тамшы бұлақ суынан бір сіміріп,
Енді балам, қайтайық, бел шаршады.
ІІІ
Қайран апам үзілді, араға бір күн салып,
Табытына жабыстым, жібермей қырғын салып.
……………………………………………………
Интернатқа кеттім мен, араға бір жыл салып.
ІV
Оқып жүрдім интернаттың тәртібіне бағынып,
Оңашада жылап алам ауылды мен сағынып.
Айдан асты жүргеніме бара алмай үйіме,
Жолкіремді тартып алған екі бала жабылып.
Жалғыз қалған кездерімде келмесін деп жаманат,
Өз үйіне әкететін тәрбиеші – Сағадат.
Азаматсыз сағыр үйдің тауқыметін бөлісіп,
Кәрі кемпір, кәрі қызды жүретінмін сағалап.
Сабақтан соң асханада отыр едім тамақ жеп,
Сүйіншісін сұрап кетті бір оқушы маған кеп.
Шыққан бойда жан-жағыма мойынымды бұрғызбай,
Құшақтай-ап сүйіп жатыр – менмін-туған анаң,- деп.
Өң бе, түс пе,- деген менің көңілімде сұрақ тұр,
Тағдырымнан хабары бар тәрбиешім жылап тұр.
Қуаныштан тіл байланып бүлкілдеген бүйрегім,
Деп тұрғандай қос жүректің дүрсіліне құлақ түр
V
Қасқасуға келіп жеттік, алып келді үйіне,
Екі қыз бен бір ұл бала қуанып жүр сүйіне.
Қой соятын адам іздеп шапқылайды шешеміз,
Төрде жатқан бедеу кемпір күрсінеді күйіне.
Ертесіне қайтар жолға жаттым ерте жиналып,
Жібергісі келмей жүрді бауырларым қиналып.
Бірақ, анам киім-кешек алып беріп дүкеннен,
Автобусқа салып тұрды кірпіктері суланып…
Үшінші бөлім
І
Жылдар жылжып өтіп жатты сырғанап,
Көңіл өсіп жігіт болдық мұзбалақ.
Қыздар жаққа көзді сала бастадық,
Үзілісте шашымызды жүз тарап.
Оқығанда тоғызыншы сыныпта,
Оқушының саны жетті қырыққа.
Бір сыныпты басшылары мектептің,
Екі бөлді сылтау іздеп сыныққа.
Қаяу салып көңіліме қарау-мұң,
Басқа жаққа бөлініпті аяулым.
Сырттай еге болып жүрген қызыма,
Көз салғанын көріп жүрмін талайдың.
Әсіресе сыныптасы Жармахан,
Ізін аңдып қыр соңынан қалмаған.
Шыдай-шыдай тамшы төзім үзіліп,
Хат жазылды өлеңменен арнаған.
Табыстаудың сәті түспей бірақ та,
Амал іздеп бас қатырдым бір апта.
Сыр ашуға тура келді шарасыз,
Сырға берік сыныптасым Мұратқа.
Тыңдап алып көкейдегі сырымды,
Дос ниеті маған қарай бұрылды.
Жатақхана артындағы бақшада,
Екеуара тығыз жоспар құрылды.
Бас бұрғызбай айтып өзі кесімді,
Мұрат достым біраз уақыт көсілді.
Бір сенбіде ағасының үйінде,
Туған күнін атайтын ,- боп шешілді.
Отырысты асабасыз реттер,
Ақ қайнардай ақтарылды тілектер.
Дәл сол күні айлы түннің қойнында,
Алып ұшып бірге соқты жүректер.
Бірінші рет ұстап қыздың қолынан,
Қайтып келе жаттым кештің соңынан.
Тоят іздеп дірілдейді еріндер,
Шыға алмай әдептілік жолынан.
Ай нұрына бөленіп тұр бар аймақ,
Шулы топты келе жаттық маңайлап.
Бірінші Май ауылына жеткенде,
Қыркүйектің таңы атты арайлап.
Содан бастап хат жолданып, хат алып
Кеттік біздер «Ләйлі-Мәжнүн» атанып.
Арманымыз бір арнада тоғысты,
Махабаттың алауынан от алып.
Кеткендей-ақ қалыңдығын бөктеріп,
Көре алмай Жармахан жүр кектеніп.
Бірер мәрте намысыма тиген соң,
Амалсыздан жекпе-жекке беттедік.
Бозбалалық намысқа тас түйіліп,
Қызбаланып кіжінеміз, күйініп.
Екеумізді айдап салып қарап тұр,
Бір топ бала тамашаға жиылып.
Ашу қысқан арыстандай жаралы,
Бүкіл қаның қызып басқа шабады.
Жұдырығым қатты тиіп ақыры,
Қарсыластың мұрны саулап қанады.
Жарты сағат кезек жеген тоқпақты,
Көпшілік боп төбелесті тоқтатты.
Тістеніп ап жылыстаған жігіттің,
Кек қайнаған жанарында оқ жатты...
ІІ
... Алтын ұя – мектебім,
Бүр ашып сенде көктедім.
Қанат қомдап ұшатын,
Күннің қара жеткенін.
Алабұртып көңілім,
Баса алмай тұр «желігін».
Бастап кеттік енді біз,
Ересектер өмірін.
Ашпай бізге қақпасын,
Уақыт қалай тоқтасын.
Сағынамыз бұл күнде,
Интернаттың ботқасын?..
Ерте біткен ертегі,
Жүрек қылын шертеді.
Бал дәуреннің алыстан,
Желбірейді желке
ІІІ
Көзді ілмей таң атырып,
Бас қатырып сан тақырып,
Соңғы кезде алып жүрмін,
Күндіз мызғып – жан шақырып.
Түн жатса да баласынып,
Сезім жатты аласұрып.
Сағыныштың сүт саумалын,
Ашытамын таң асырып.
Алып қашып асау арман,
Күнді аңсайды масайраған.
Айкүмісім түске енді,
Жанарлары жасаураған.
Бауыр басқан алма бақта,
Шаттық дәурен тарқамақ па?..
Уәдеміз бар кездесуді,
Апта сайын жалғамаққа.
Уақыт өтпей сызылады,
Жүрек толқып қызынады.
Күнпараққа қарап тұрып,
Көңіл-күйім бұзылады.
ІV
Көріспекке сағынысып,
Келе жаттым алып-ұшып.
Бақ ішіне кірер жолды,
Кесіп өтті қара мысық.
Ойды қуып шым-шытырық,
Кіріп кеттім бір түкіріп.
Қозы-лағын қақпайлаған,
Бір жас бала жүр ысқырып.
Жетегінде бір үміттің,
Ары күттім, бері күттім.
Шегірткелер шырылдайды,
Кетпесін деп зерігіп тым.
Суға кетіп салым менің,
Қайтар жолдың қамын жедім.
Махабаттың бал-шырыны,
Түске енген сағым ба едің?..
Түн баласы ұйқы қашты,
Жанарымнан күлкі қашты.
Үзілмеген үмітіме,
Күдік келіп жағаласты.
Жауап іздеп сұрақтарға,
Мұң шағамын бұлақтарға.
Сылдырына құлақ түрем,
Зәру болып бір ақпарға.
Бір аптадай іштей жылап,
Жүргенімде күшпен шыдап.
Пошташы шал хат әкелді,
Аты-жөнді түстеп сұрап.
Қолтаңбасын танып бірден,
Аң-таң болдым қалып тілден.
Айкүмістің құрбы қызы –
Зада екен салып жүрген.
Жаздырғанша қызға бөтен,
Неге өзі жазбады екен?..
Күтпеген сый болғандықтан,
Жүрек секем алады екен.
Көңілдегі орындалмай,
Жүргендіктен жолым болмай,
Хатты ашып оқуға да,
Тіксінемін қолым бармай.
Сан түрлі ой сұрыпталып,
Есті жидым тұрып барып.
Оңашаға алып кетті,
Көңіл-күйім құрық салып.
Тоғыстың кеп жағасына,
Арқа сүйеп ағашына,
Хатты аштым дәру іздеп,
Жас жүректің жарасына.
– «Құрметті дос, Еркебұлан!
Үзілсе де ерте бір ән.
Болған іске болаттай бол,
Жаратқаным берсе шыдам.
Білем, көңлің көншімесін,
Уақыт өзі емші босын.
Өкінгенмен амал қанша,
Бұл оқиға болды тосын.
Мектептен біз тараған күн,
Жолдан тосып зобалаң сын,
Айкүмісті алып кетті,
Қара мұртты Қараман сұм.
Жармаханның туыстары,
Мені жақын жуытпады.
Мәшинеге күштеп салып,
Есіктерін құлыптады.
Құлын даусын шырқыраған,
Елемепті ешбір адам.
Ертесіне зорлап сапты,
Ақ орамал жылтыраған.
Алдырғанмен үмітке бой,
Қыздың жолы жіңішке ғой.
Бұйырса да тәні жатқа,
Ойы сүйген жігітте ғой.
Қиянатты жат көріпті,
Жанарынан жас төгіпті,
Мұңын шағып хабаршыдан,
Маған арнап хат беріпті.
Қабағына тұнып қайғы,
Жар төсегі жылытпайды.
Ғашық жүрек өз сүйгенін,
Ғұмыр бойы ұмытпайды.
Бар білгенім осы менің,
Несіне артық көсілемін.
Түн ортасы ауып кетті,
Шамды енді өшіремін».
Қайта-қайта оқып хатты,
Тұла бойым шошып жатты.
Пәршеленген жүрегімді,
Ала қарға шоқып жатты.
V
Өткізген азапты күндерді-түндерді,
Кездерім жаңғырып санамда сыр берді.
Бейкүнә сезімдер, сарғайған сағыныш,
Алғашқы махаббат жүректен жыр өрді:
– «Алғашқы махаббат, алғашқы шат күнім,
Жүрекке сыйлады жұмақтың бақ гүлін!
Жанарға жас тұнып, арайлы шаттығым,
Өзіңді сағынам оранып тәтті мұң.
Ойлардан арылмай жырдағы босағам,
Нәурізек қиялмен көңілім босаған.
Қу жалған бізге де бір оқты арнапты,
Бақытқа масайрап жүргенде хош-аман.
Ғаламат құштарлық – сезімнің құлыны,
Сезімі бүр атқан мен едім қыр ұлы.
Қаншама атты таң, қаншама батты күн,
Жүректе қаттаулы жүректің дірілі.
Шынайы сезімдер пендеге қат екен,
Алғашқы махаббат кей-кейде жат екен.
Сүйгеннің қадірі таңдайға татсын деп,
Тағдырың сыйлаған қас-қағым сәт екен».
Эпилог
Шаршап келген туысқанды жол жүріп,
Екі тәулік бабын жасап қондырып,
Шығарып сап тұрмын бүгін ауылға,
Қойны-қоншын ақылменен толтырып.
– «Хош бауырым, ренжіме Сейітқұл,
Қолың тисе біздің үйге келіп тұр».
Өз билігі өз қолына тигенше,
Басын изеп, ол бауырым көніп тұр...
От алып тұр автобус ыңыранып,
Жолкірені біреу жүр жиып алып.
Бал дәуренді жаңғыртқан кінәліні,
Менен енді кетпекші жырып алып.
БАҚ ПЕН СОР
(поэма)
I
«Еңлік гүлге шыңдағы қиял жетпес,
Жүрек жұтқан ұмтылар қыран тектес.
Күндіз күлкі, көрместен түнде ұйқы,
Бұдан артық созуға шыдам жетпес.
Тәуекелге жетпестен батылдығым,
Қанша уақыт сарсаңда шатылды мұң.
Қаншама рет ойымды білдірмек боп,
Қайталаумен шектелдім атыңды мың.
Мысың басып, көргенде тіл байланып,
Ойдағы сөз кетеді шыр айналып.
Көптен бері тұтқындап жүрегімді,
Күннен - күнге барасың шырайланып.
Айға, күнге теңедім мен өзіңді,
Тоқтатуға дәрмен жоқ сел – сезімді.
Айта алмай ауызша хатқа жаздым,
Жүрегіңмен қабылдап, бер сөзіңді».
Жауап күткен көңілім алып - ұшып,
Шөл басқысы келеді қанып ішіп.
Жұдырықтай жүрегім соққылайды,
Көкіректі кетердей жарып ұшып.
Аяқ жерде, ғашықтың басы көкте,
Құлай сүю бақыт па, қасірет пе?..
Сезімі бар жүректі жасық етпе,
Жасықтарды ылайым ғашық етпе!
Толған айдың мінгендей желкесіне,
Қабыл болды тілегім ертесіне.
Театрға екеуміз бара жаттық,
Оранғандай шаттықтың көрпесіне.
Бақыт құсы қалықтап айдынында,
Көңілімде орын жоқ қайғы - мұңға.
Үш айдан соң Айгүлдің құлағына,
Аға - жеңгем әкеліп салды сырға.
Дүбірлеген той өтті Шымқалада,
Алақанға кеп қонды бір шағала.
Қыран – көңіл тояттап тұғырында,
Бір отбасы қосылды бұл қалаға.
Ұлттық киім кигізіп, басқа бөрік,
Тарантаспен жүргізді атқа жегіп.
Саған әпкең пәтердің кілтін сыйлап,
Маған бажам мінгізді автокөлік.
Уақыт жылжып жаңылмай желісінен,
Бір жыл бірге дәм таттық жемісінен.
Аяғы ауыр жарымды аялаймын,
Кешке қарай жұмыстан келісімен.
Жақын қалған кез еді күн батуға,
Мен сырттамын, сен іште тіл қатуға.
Перзентхана ауласын торуылдап,
Дайын жүрдім мен бірге толғатуға.
Жақсы хабар іңірде келіп жетті,
Аман-есен Айгүлім жеңілдепті.
Ұл баланы жарыққа шығаруға,
Дәрігерлер аянбай терін төкті.
Арман өсіп келеді, шалықтайды,
Дыбысынан кісіні анықтайды.
Енем байғұс қылығын қызық көріп,
Апта сайын келуден жалықпайды.
Келіншегім ұқсап бір жас балаға,
Мойыныма асылды асханада.
– «Бізге арнап су жаңа «Супермаркет»,
Әкем салып бітірді Астанада.
Қол ұстасып кетейік бас қалаға,
Біз тұрғанда бәз – біреу басқара ма?»
Пәтердің де дайынын айтып салды,
Ерке өскен өжет қыз жасқана ма...
– «Алматыда Майгүлді еркелетіп,
Бар тірлікті жездем жүр дөңгелетіп.
Тура ертең жауабын беру керек,
Ойымызды қорытып түнделетіп.
Бірақ, бізден Арманды қаламақшы,
Қолға алып өздері қарамақшы.
Жоқ екенін білесің ер баласы,
Мұрагер,- деп баланы санамақшы.
Сен келіссең, беліңді буып бекем,
Өмір бойы мен сені сүйіп өтем.
Басымыз жас, мен саған әлі талай,
Ұл мен қызды беремін туып, көкем».
– Сонда қалай, баламыз мүлік пе екен.
Тырнақтай ғып қалайша қиып кетем?..
Ата - анаң емшектен ажыратып,
Қадалғаннан қан алар сүлік пе екен?
– Не дедің сен, ей, «Мәмбет», не деп тұрсың,
Жал бітті ме, тіліңді безеп қыршын?..
Пайдаланбай берілген мүмкіндікті,
Келешекке найзаңды кезеп тұрсың.
Әлі талай өкініп безектерсің,
Бірақ, саған кім енді кезек берсін.
Сен сияқты икемсіз бейшаралар,
Қап арқалап, ендеше, тезек терсін.
Бәрі бітті, тұрмаймын мен сенімен,
Дұрыс екен қосылған тең - теңімен.
–Айгүл, тоқта, қақым бар ой айтуға,
Уақыт керек қоятын жөн - жөнімен.
–Соқыр тыйын қалдырмай үлесіңде,
Енді сені сыпырам күресінге.
Қайда барсаң, онда бар, маған десең,
Құлбазарда жалданып жүресің бе?..
–Айгүл, ойлан, асықпа жайратуға,
Бар мақсатың қанымды қайнату ма?.
– Болды, жетер, бүгінше қонып шыққын,
Қызыл тілді құлқым жоқ сайратуға.
«Қыса түспек амалы уысына»,
Шығар дедім топшылап мұнысына.
Көзді ілмей дөңбекшіп түні бойы,
Тұрып кеттім азанда жұмысыма.
II
Кешегінің уытынан бас сынып,
Мең-зең болып отыр бүгін Жақсылық.
Еске түсіп жатыр енді өткені,
Жанарына кермек тамшы жас тұнып.
Жұмыстан соң үйге келсе, тас құлып,
Кілті құрғыр түспей қойды қас қылып.
Әйелінің телефоны жауапсыз,
Өз үйіне кіре алмай тұр бас сұғып.
– «О, Жаратқан, не жазып ем, құдайым,
Балам қайда, қайда кеткен жұбайым?
Шешесіне барған шығар өкпелеп,
Сонда барып байқайыншы сыңайын».
Деген оймен қағып тұрды есігін,
Қызметшісі айтып салды кесімін:
– Келер жолды ұмыт,- деді бұл үйге,
Есік ашпай сұрап алып есімін.
Заттарың,- деп ұстатты бір сөмкені,
Мына қорлық езіп кетті еңсені.
Қандай болмақ әкесінен жырақта,
Тірі жетім – өскен ұлдың ертеңі?..
Үңірейген ой түбіне жетпестен,
Біраз уақыт тұрып қалды кетпестен.
– «Қайын енем уәждесуге тұрмайды,
Кету керек абыройды төкпестен.
Бірақ, қайда, қайда барам кеткенде,
Бақытсыздық бүгін маған жеткен бе?
Қаладағы дос - жараннан қол үзгем,
Болғаннан соң келіншегім бет перде.
Ұшырамай қайын жұрттың кәріне,
Кетсем бе екен, бір түкіріп бәріне?
«Мәмбет» атын жүргенімше арқалап,
Қосылсам ба, ауылымның әніне?
Не істеймін барғанымда ауылға,
Ақ саусақ боп көрінермін қауымға?..
Мал бағудан басқа жұмыс қалған жоқ,
Жабу болып жабылам ба жауырға?
Жоқ, бармаймын, қаламын мен осында,
Ей, жүрегім, жалғыздықтан шошынба!
Балам үшін күресуге тиіспін,
Сүйген жарым, мейлі қосыл, қосылма».
Көкіректі намыс кернеп, от жанып,
Бір шешімге келе жатты тоқталып.
Мәшинесін қойып болып тұраққа,
Жаяу тартты қонақ үйді бетке алып.
– «Жақсылық қой, өңім бе бұл, түсім бе?..
Біздің достық әлі күнге күшінде.
Студенттік шақты еске алғанда,
Сөзсіз, достым, сен жүресің ішінде.
Келші бермен, құшағымыз айқассын,
Өрекпіген көңіл біраз жайғассын.
Бес - алты жыл өтіп кетті арада,
Таныдың ба, Қаратаев Жалғаспын.
Кеше келіп орналастым осында,
Астаналық серіктес бар қасымда.
Күтіп бізді ас мәзірі дайын тұр,
Бір болайық дастарханның басында».
Дос көңілдер кеші болсын сырласқан,
«Мақұл» дедім көп ойланып тұрмастан.
Бірқалыпты көрінуге тырыстым,
Іштегіні сездірместен зіл басқан.
Кеп жайғастық мейрамхана төріне,
Көз сүрінер дәм түрінің көбіне.
Бәйек болып күтіп алды бір жігіт,
Құтты қонақ келгендейін еліне.
Жалғас досым қолға алды тізігінді:
–Тамаша қып өткізейік бұл күнді.
Дәм - тұз айдап қосылыпты басымыз,
Билігіме беріңдерші бір түнді.
Үлкен бизнес саласының АС-тарын,
Ортақ мүдде қосқан екен бастарын.
Бүгін сәтті шешіліпті мәселе,
Өрге қарай өрмелетер тастарын.
Мақтаныштың желі есіп өңінен,
Екі досын таныстырды менімен.
Біраз сілтеп кешкі астың үстінде,
Әңгіме – дүкен құрдық кеңінен.
– «Куәлігің қолда болса Жақсылық,
Жандарбекке қойшы қазір тапсырып.
Достарының өтінішін қабылдап,
Көпшілікке бағынады азшылық.
Қайткенде де ескі доссың, қадірлі,
Ренжімей қабыл алғын мәзірді.
Бізбен бірге қонақ үйде қонасың,
Сценарий бүгін солай жазылды».
Бұл өмірде жазылмаған заңдар көп,
Өз орнына қояр менде қауқар жоқ.
Ойға шомып отырғанда бір сәтке,
Қайтып келді шығып кеткен Жандарбек.
– «Жүрер аяқ болсын енді осымыз,
Табысына табыс қоссын досымыз.
Қызметіңе риза болдық Жандарбек,
Төртеу түгел, аман болсын басымыз!».
Жалғас досым әкеп салды бөлмеме:
– «Қайырлы түн, аңқаң кеуіп шөлдеме.
Сусын керек болса тамақ жібітер,
Көп күттірмей келіп қалар ол неме».
Аң-таң болып жолдасымның сөзіне,
Саумал қымыз елестеді көзіме.
Жалғас әбден төселіпті заманға,
Әзілі де жарасымды өзіне.
Шығарып сап жалғыз қалдым тағы да,
Кездескені жақсы болды бағыма.
Титықтаған ауыр ойдан күйзеліп,
Шуақ септі аз да болса жаныма.
Әрі-сәрі сұрақ қайта ағылды,
Басым қатып, жауап іздеп сабылды.
Өз ойыммен отырғанда алысып,
Сыртқы жақтан жайлап есік қағылды.
Кіре қоймас себепсіз кім көрінген,
Мүмкін,- дедім, Жалғас қой деп сеніммен.
Кеш жарық,- деп, бір бойжеткен кіріп тұр,
Ұшып тұрдым мен отырған жерімнен.
– Күтпегендей сыңайыңыз, ағасы,
Төленген ғой келісімді бағасы.
Келіп тұрмын берілген соң тапсырыс,
Ұнамасам келсін басқа – жаңасы...
Тіл байланып біраз тұрып состиып:
– Қош келіпсің, төрлет,- дедім ес жиып.
Билік менде екеніне көз жетіп,
Қызметіңе кіріс,- дедім, сес қылып.
Шешіп болып сырт киімін, етігін:
– Гүлбану,- деп таныстырды есімін.
Содан кейін қызметіне кірісті,
Ашып-жауып тоңазытқыш есігін.
Мұндай іске епетейсіз шоқырақ,
Мен отырмын үнсіз ғана бақылап.
Қаршадай қыз ұршықтайын үйіріп,
Қоңыр үстел шыға келді жарқырап.
– «Вискиді» құй, ішейікші Гүлбану,
Екеумізге қажетсіз ғой бұлдану.
Қайғы-мұңды шаю үшін жақсылап,
Маған бүгін керек шығар жындану...
Үстін-үстін тартып-тартып жібердім,
Үзілгені шығар бәлкім күдердің?..
Содан кейін есімде жоқ басқасы,
Ұсақталып кеткені ме жігердің?
Мен оянсам күн сәскеге жетіпті,
Мағынасыз бір түн босқа өтіпті.
Телефонын маған жазып қалдырып,
Түндегі қыз бәрін жинап кетіпті.
Жалғас досым әзілін үйіп-төгіп,
Селк еткізді есіктен кіріп келіп.
Ысырып сап жүректің түкпіріне,
Быж-тыж болған ойымды жиып-теріп.
– «Қыз дегенің қып-қызыл қызыл алма,
Есеп тауып жей бергін үзіп ал да.
Жинал достым, барайық саунасына,
Жеткілікті себеп бар жуынарға».
ІІІ
Шаруасы боп серіктесі келмепті,
Ыстық сауна мені біраз терлетті.
Жалғас отыр салқын сыра сыңғытып,
Мен отырмын оймен шарлап жер-көкті.
– Сұлуменен түн өткізу жеңіл ме,
Қыздырынып, суға түсіп жеңілде.
Балықтан же, сыра ішкін, Жақсылық,
Шайып таста кірбің болса көңілде.
– Тағдыр менің басыма іс салып тұр,
Шарасыздық тереземді қағып тұр.
Е, достым ай, сұлу менің не теңім,
Жақсылығың баспанасыз қалып тұр.
Ыза кернеп, бойдан діріл басылмай,
Болған жайды жайып салдым жасырмай,
Жалғас енді түйіп алып қабағын,
Әрлі - берлі жүріп кетті отырмай.
– Ей, Жақсылық, бар болғаны осы ма?..
Осы болса, болмашыға жасыма.
Бала – белде, қатын – жолда,- деген ғой,
Таста бәрін, келгін менің қасыма.
Жаман ойды жібер енді ысырып,
Астанада шығасың тез ысылып.
Жатақхана дайындатып қоямын,
Жұмыс дайын, келмей қалма қысылып.
Ашылғанын көріп жаңа өрістің,
Астанаға баратын боп келістім.
Қанат бітіп кеткендей бір ғайыптан,
Қиялыммен шарлап кеттім жер үстін.
Түстен кейін шығарып сап достарды,
Ертеңгіге құрып қойдым жоспарды.
Кеше кешке маған келген жас қыздың,
Тағдырына қызығуым басталды.
Өресіне симай ісі ақылдың,
Бір сағатқа қайта оны шақырдым.
Тал бойында бір міні жоқ екен ғой,
Он минутта жетіп келген пақырдың.
Мақсат тұтып біраз нәрсе білуді,
Күліп тұрып қарсы алдым сұлуды:
– Кеше мені күттің қалқам, армансыз,
Бүгін отыр, сусындар тұр құюлы.
Отыздағы орда бұзар шағымда,
Ғашық болып ердім қиял – сағымға.
Жетегіме жүрмедің,- деп ғашығым,
Тағдырымды тастай салды ағынға.
Шолпан жұлдыз құлап түсіп көктегі,
Маған арнап шұғыласын төкпеді.
Отбасына Темірқазық болуға,
Созған қолым қысқа болып жетпеді.
Көңіл бөлмей қойғаныма дағдарып,
Кешір мені, қалған болсаң шамданып.
Мына жолға түскеніңе, қарағым,
Түсінбестен отырмын мен таң қалып.
Көтеріп ап бұлт төнген қабағын,
Кілт бұрылды маған қадап жанарын.
Жел өтінде шайқатылған тұйық көл,
Әне-міне төңкерердей қазанын.
Найзағайдың тиіп кетіп жебесі,
Тоғанының сөгілді ме көбесі?..
Көлдің суы таусылғанша солқылдап,
Жылады кеп, жылады кеп егесі.
Жылап жатыр мені көзге ілместен,
Мен отырмын не істеуді білместен.
Жұбатарлық бір сөз түспей аузыма,
Нем бар еді,- деймін тыныш жүрместен.
Он бес минут жылап шерін тарқатып,
Әбігерге салды мені шаршатып.
Сонан кейін зорға басып өксігін,
–Кешіріңіз,- деді маған тіл қатып.
Жуынған соң келіп алып өзіне,
Барлай қарап тұрды дағы көзіме:
–Туған әкем жастай кетіп өмірден,
Тағдыр мені ерте салды тезіне.
Анам байғұс ерте тұрып азанда,
Нан табуға кететұғын базарға.
Өгей әкем мұртын үйде ширатып,
Ортақ еді несібелі қазанға.
Енді ашқан қызғалдаққа қауызын,
Масаң күйде салды келіп ауызын.
Мені лақтай шырқыратып сәскеде,
Қарақұстай тояттады жауызым.
Естен танып жатқан кезде құрбаны,
Жинап апты сақина мен сырғаны.
Бірге кетті азғынменен сол күні,
Азын-аулақ шешемнің бар жиғаны.
Содан бері су көтермей сіркесі,
Анашымның бейтап болды жүйкесі.
Денсаулығы жарамастан саудаға,
Біреулерге бұйырыпты күркесі.
Жұмыс іздеп тозып біттім аяқтан,
Жасым жетпей, шықпай қойдым талаптан.
Қапияда бір жеңгетай жолығып,
Осы жерді нәсіп етті Жаратқан.
Жеңіл тамақ, тегін ішер шайымыз,
«Подвалда» тұр дем алатын жайымыз.
Бақылайтын дәрігер бар саулықты,
Бір кісідей жасалады қамымыз.
Үштен бірін нәпаха қып табыстың,
Ортасында ағып жүрмін ағыстың.
Қырық қыздың тоғыстырған тағдырын,
Толыққанды мүшесімін «Барыстың».
Жиырмадан асқан қыздар нешеме,
«Клиент» іздеп сандалып жүр көшеде.
Көш ілгері жағдайымыз олардан,
Ал, қалғанын көре жатар пешене.
Мықтысы да жақсы екен тақымның,
Қалқанымыз бәйбішесі әкімнің.
Бізге ешкім тиісуге батпайды,
Керегі жоқ қорғанатын бәкіңнің.
Бес мың теңге бір сағаттың бағасы,
Тағы қандай ақпар керек, ағасы?
Ә, айтпақшы, біздің қыздар түгел жас,
Он үш пенен он сегіздің арасы.
Маған сеніп жүрек сырын төктіңіз,
Сізге тағдыр жолықтырсын текті қыз.
Көптен бері жыламаған едім мен,
Шемен болып қатқан шерді сөктіңіз.
Шын көңілден сізге рахмет айтамын,
Уақыт бітті, аға, енді қайтамын.
Емханадан шешем шықса айығып,
Бұл кәсіптен сөзсіз басты тартамын.
Жалаң аяқ жүрген қызбен от басып,
Бір сағаттай сырлас болдым достасып.
«Ағай, мықты болыңыз»,- деп жымиып,
Қолын созып, кетпек болды қоштасып.
–Сабағынан ерте үзген бір гүлсің,
Пешенеңе не жазғанын кім білсің?
Тағдыр сені тура жолға бағыттап,
Қыдыр Ата назарына ілдірсін!
Деген тілек айттым ұстап қолынан,
Азын - аулақ бөгеп қалып жолынан.
Аянышты сезім билеп бойымды,
Түпсіз терең ойға баттым соңынан.
IV
Астанада алға басып жұмысым,
Қол ұзарып, кеңіп салды тынысым.
Жылға жетпей пәтер бітті басыма,
Жалғас досым аямады қол ұшын.
Күн құрғатпай өсіп жатқан қалаға,
Мен келгелі үш жыл өтті арада.
Күдерімді үзгенменен Айгүлден,
Сағынышым өрши берді балаға.
Жолсапармен Алматыға барғанда,
Іздеп тауып, ұшырастым Қорғанға.
«Экс» бажам, қарсы алды көңілсіз,
Өкпелідей опасы жоқ жалғанға.
Бір отырып орындыққа, бір тұрып,
Жаңалықты айтып берді күрсініп:
– Көңіл қосып Дубайлық бай қазақпен,
Айгүл кетті Әмірлікті жерсініп.
Көкіректен шығар - шықпас жасында,
Арман қалды апасының қасында.
Былтыр күзде параменен ұсталып,
Атамыздың ісі шапты насырға.
Ақша менен есірткіні діттеген,
Үйге тінту жүргізіпті итпенен.
Тапқандары асып түсіп болжамнан,
Мол олжаға кенеліпті күтпеген.
Көктем шыға сот басталды алқалы,
Қорғаушылар арам тер боп шаршады.
Қаралаушы он бес жылды сұратып,
Үзілді ғой үмітінің арқауы.
Қатаң тәртіп орнатылған түрмеде,
Амалсыздан талануда бүргеге.
Дүниесі тәркілеуге ұшырап,
Ештеңесін қалдырмады бізге де.
Жамағайын атындағы мүлікті,
Құпия ұстап өзі ғана біліпті.
Жалпағынан басып жүріп жалғанды,
Қапияда мына іске ілікті.
Үш қабатты үйі қалды қаңырап,
Шарасы жоқ апам қалды аңырап.
Қазір олар сендер тұрған пәтерде,
Бар байлықтан бір - ақ күнде ажырап.
Жауып тастап өкпе - наздың сандығын.
Тыңдап көрдім жүрегімнің жарлығын.
Әуежайды бетке алып келемін,
Көріп қайту үшін көзбен барлығын.
Әккі болған сылтау іздеп сыныққа,
Неге батты белшесінен былыққа?..
Полиция полковнигі аңдамай,
Қалай түсті,- деп ойладым құрыққа.
Кешке қарай жетіп келдім таксимен,
Аң-таң болған апам шықты ас үйден.
Өз әкесін танымастан, сығалап
Арман тұрды тағдырына бас иген.
– Есенсіз бе, апа,- дедім сөз бастап,
– Шүкір,- деді жақтырмастан көз тастап.
Алмақ болып келсең егер баланы,
Өлігімді атта мені жер жастап.
– Болған жайды есіткен ем Қорғаннан,
Аптықпаңыз, алып менің жағамнан.
Қиын кезде көмектесу парызым,
Ешуақытта бас тартпаймын баламнан.
Серік болсын – Сізге тастап кетемін,
Жасырмаңыз бірақ қаным екенін.
Анда-санда хабарласып тұрамын,
Астанада қазір менің мекенім.
Түсі жылып бедірейген апамның:
– Қолын алғын Арман,- деді ағаңның.
Содан кейін асханаға беттеді,
Күйік исі шығып жатқан тағамның.
Ертесіне бір түн салып араға,
Үшеу болып қыдырдық біз қалада.
Намазшамда ұшып кеттім қоштасып,
Бес жүз доллар ұстатып мен балаға
V
Дәру іздеп жүректегі жараға,
Үш айдан соң қайтып келдім балама.
Киім-кешек, ойыншығын түгендеп,
Ен базарды араладық қалада.
Жексенбіде жұрттың бәрі сабылып,
Базарда жүр әрі-бері ағылып.
Селк еткізді бір дүңгіршек ішінен,
Аға,- деген таныс дауыс шалынып.
Жүрегім бір сезінгендей жылылық,
Жалт қарадым оң жағыма бұрылып.
Қуаныштың нұры тамып жүзінен,
Гүлбану қыз келе жатты жүгіріп.
Ойда жоқта қанбазарда қауышып,
Жағдай сұрап жаттық біздер жарысып.
Басын сипап, сыйлық беріп балаға,
Алды менің көмегімсіз танысып.
Шешесінен бір сағатқа сұранып,
Зат таңдауға жәрдемдесті қуанып.
Екеумізді шығарып сап таксиге,
Қимастықпен қарап тұрды мұңайып.
... Қуаныштан балғын жүзі шаттанып,
Арман әуре дәу сөмкені ақтарып.
Іліккенін ұстап көріп қолына,
Көрсетеді апасына мақтанып.
Мүмкіндігім болмай ұзақ қалуға,
Түстен кейін шықтым билет алуға.
Гүлбануға хабарласып кешкісін,
Қолқа салдым бірге тамақтануға.
Қастарының қосылардай арасы,
Жайғастырды бір сүйкімді даяшы.
Тілек айтып, сыр ақтарып оңаша,
Үш сағаттай отырыппыз шамасы.
Аулақ болып түлкібақай есептен,
Ашық-жарқын ой бөлістік кезекпен.
Ризалықтан толқып тұрып Гүлбану,
Жарып шыққан сөзін айтты өзектен:
– Денсаулығы түзелген соң шешемнің,
Дүңгіршегін жалға алдық шешеннің.
Қытай асып нағашымның баласы,
Әкелгенін сатып жүрміз Есеннің.
Күн өткізіп қу тірлікке алданып,
Аз да болса жүрген едік малданып.
Есенменен біріккен соң біртіндеп,
Тірлігіміз келе жатыр жанданып.
Үміт жібі үзілгенде алаңсыз,
Қайта жалғап кеткен аға, адамсыз.
Еркектерді әңгі санап жүргенде,
Қыдыр болып кездестіңіз маған Сіз.
Бір жарым ай мүшесі боп «Барыстың»,
Кәрілі-жас талайымен таныстым.
Аты-жөні, ұмытылып түр-түсі,
Тапталғаны ғана есте намыстың.
Кезектескен қуанышы, наласы,
Қыз тағдыры – бақ пен сордың анасы.
Түзу егіп, қисық өссе амал не,
Жел өтінде жатқан елдің ағашы.
Қышқыл құйып өртеп жатқан санамды,
Уақыт – емші жазар мүмкін жарамды.
Татар тұзым таусылғанша жалғаннан,
Сыйлап өтем Сіздей асыл ағамды.
– Айналайын, тым өсіріп бағамды,
Дандайсытып жібермегін ағаңды.
Достық үшін «тост» көтеріп тағы да,
Қайтқан жөн-ау, көп күттірмей анаңды...
VІ
Бір жинағын қолға алып ақынның,
Жексенбіде үйден шықпай жатырмын.
Маған арнап жазылғандай көбісі,
Безбеніне салып көрдім ақылдың.
Ғашық болған кейіпкердің арманы,
Бойды қозғап, ойды ойға жалғады.
Ауыр болып бара жатты біртіндеп,
Шағын ғана бұл кітаптың салмағы.
Бір керемет сезім билеп бойымды,
Қорытқандай болдым бүгін ойымды.
Екі жарты бір бүтінге біріксе,
Несі айып, кім кеседі жолымды?..
Сартап болған жүрегімде қатталып,
Тылсым сырды алдым бүгін ақтарып.
Бір адамды бөлей алсам бақытқа,
Жүрер едім мен де бірге шаттанып.
Сезімге кеп бас игенін ақылдың,
Көргеннен соң таңды көзбен атырдым.
Туған күнді сылтауратып сол күні,
Гүлбануды Астанаға шақырдым...
P. S. Қамкөңілін ораса да балдыр – мұң,
Ағысына қарсы жүзді тағдырдың.
Көз жасымен жуып болған айыбын,
Сол қызбенен енді сені қалдырдым.
Ақын Әбілда Аймақпен пікірталас
Кендебай:
Аты озбас қоғамда ақылдының,
Иықтылау болғаның мақұл, інім.
Мың жыл бұрын парсылық Омар Һаям,
Айтып кеткен шамалап ақыл құнын.
Жетімсіреп ойлары данышпанның,
Күйін кешкен сұрқылтай-сауысқанның.
Қыз үмітін ұзатып алып кеткен,
Қарабасты дауылы Арыстанның.
Қоюлатпай, қарағым, ақын мұңын,
Қалталылау болғаның мақұл бүгін.
Мені талай тақырға отырғызған,
Ізгілікке бір табан жақындығым.
Нені білмей жүргенде қамдарымды,
Жылан жалап барады жан-жағымды.
Қорқауланған заманда ойға шомып,
Кім оқиды, білмеймін жазғанымды?..
Мәнісіне бармастан жөн-жобаның,
Бейшара жұрт бұлдап жүр қолда барын.
Торда қамап ұстаған жолбарыстай,
Саясатқа тәуелді қолбаламын.
Қайда барсаң барлығы бастан шіріп,
Қанын сорып қазақтың жатқан сүлік.
Желтоқсанның шындығын шымылдықтап,
«Ақынмын» деп айту да астамшылық.
Әбілда:
Кендеке, өлең сөзді бұрдың маған,
Осыған тәуелдеген құрғыр заман.
Бүгінде қоғамды айтып біз отырмыз,
Қыз күлкі адыра қап сыңғырлаған.
Пенделер істейді екен өз дегенін,
Ақын боп сәл бөлектеу көздегенім.
Халықтың датын айтып өтсем деп ем,
Жүрекке салғаннан соң сөз көгенін.
Бой бермес дітіме тек қоғам тұмау,
Дей қоймас атқамінер «обал мынау»,
Құдайға жақса дағы ақын сөзі
Оңай ма дүниеде оларға ұнау.
Шек қойып жатса дағы шекараға,
Біздің ел шөре-шөре екі арада.
Сөйлесем әкім сөзін осындайда,
Ақынды кешіре ме Отан-Ана.
Тілімді қан жоса қып тілімдеген,
Оянам сойқан соққы дүбірменен.
Жығылған жайнамазға пірадарлар
Жалынып Жаратқанға күбірлеген.
«Әмин!» деп мен де жаям алақанды,
Шуаққа бөлей көр деп ала таңды.
Қытайдан ауып келген қара құзғын
Далада жеп жатады балапанды.
Жұмысқа дайын болып баптағаным,
Дүдәмал дүбәра оймен аттанамын.
Қозғапсың «Желтоқсанды» жара тырнап,
Мен де сол сары аязда қақталамын.
Аққанда қан аралас түпкі тұма,
Күліп жүр шегір көздер сықпытыма.
Қазақты қойдай қырған партократ,
Алшаң басып кереді бұтты мына.
Балықтай шыжғырылып табадағы,
Санам да сан сұраққа таланады.
«Желтоқсан» жаңғырығы жөнге салды
Адасқан қазақылау замананы.
Өртімді өшіре алмай лаулай жанған,
Тағы да өлеңімді жаулайды арман.
Орысша зәрін шашып бастық біткен,
Отырар Сталиннен аумай қалған.
Кендебай:
Белдіктерді барынша тарта жүріп,
Алдық қой біз қоғамды қайта құрып.
Өркениет аспанын тұмшалаған,
Тамырына кеңестің балтаны ұрып.
Қираттық қой кәдеге жарамастан,
Жақсының да бетіне қарамастан,
Ақша үшін сүйекке таңба салып,
Негірмен де қанымыз араласқан.
Қазақтардың аспайтын таласынан,
Қоғам шықты Алматы қаласынан.
Желтоқсанның қайғысын саудаға сап,
Бір-бірінің алатын жағасынан.
Түрлі қоғам өздерін көтермелеп,
Кіжінеді бекерге өтем бе деп.
«Желтоқсаншыл» бола қап әрқайсысы,
Биік шыңға шықпақшы жеке өрмелеп.
Қыршын кеткен боздақтар үн қатпайды,
Көзі көрген тірілер сырғақтайды.
Садаға ғып арына жанын қиған,
Асанова Ләззатты кім ақтайды?
Біз де қарап бұл жақта жатамыз ба,
Сатылмаған жер де жоқ жотамызда.
Алпыс гектар бағынан Ұлы Абайдың
Алты қарыс жер тиді Атамызға.
Көпшілікті базарға алдандырып,
Шенеунікке бұйырды қалған мүлік.
Коммунистер бай малын тәркілесе,
Бұлар елді жалмады жалған күліп.
Зиялылар тапталып дүлейлерге,
Бір ғимарат қимады сүлейлерге.
Кеңсе сұрап қайтесің әкімдерден,
Өзіңді өзің отқа сап, ірей берме.
СПИД шығып бар жүрек сулап жатыр,
Жалпақ әлем көз тігіп шулап жатыр.
Аты жаман ауруды қолдан егіп,
Дәрігерлер ел атын былғап жатыр.
Қара халық қайда да ұтылады,
Кінәлі боп өздері тұтылады.
Қазынаның қазанын ұстағандар,
Пара беріп бәрібір құтылады.
Жаралған соң Әбеке, ақын болып,
Ел мұңына батамыз жақын қонып.
О, дариға-ай, шенеунік біткендерге,
Адам болар ма екенбіз ақыл қонып!
Әбілда:
Бәз біреулер жақтырмас мұнымызды,
Қайғыменен зарлаған мұңымызды.
«Тоқ бала мен аш бала ойнамайды»,
Кешіре гөр, я, Құдай, құлыңызды!
Кез келіп тұр әйтеуір мына заман,
Бақа-шаян жайлаған ұра жаман.
Арқа сүйер азамат шатасқанда,
Қайтіп оңар пақырлар тұралаған.
Ірік-шірік төгіліп тоқ күбіден,
Аузы ашылып ұраның кетті білем.
Жаһанданам деп жүріп жаһаннамға
Кетіп жатқан ұрпақтан көп түңілем.
Ете гөр әйтеуір малымды аман,
Дәрігерлер ойлады қарынды әман.
Ат қалмады біздерге тағылмаған,
Атам қазақ дәл бұлай жаңылмаған.
Жөн сөз айтар қария да табылмаған,
Сауналарда жан қалмай қағынбаған.
Әкімдердің артына кіру үшін,
Адамдар көп өзді-өзін сабындаған.
Біздер кірер маңымда к... қалмады,
Төрелікке жарайтын сот қалмады.
Ақырында СПИД-ке ұшыраған,
Оңтүстікте ұялар бет қалмады.
Отыра алман ойымның сөкпей тінін,
Болашағым не болар көктейтұғын?
Күн шырайлы бетіне Оңтүстіктің,
Майлы күйе жағылды кетпейтұғын.
Баяғыда, Кендеке жазып едің,
Дерттің түрін, зәу-затын қазып едің.
Дәрігерлер параға сатылған соң,
Бәрінен де түңілген қазым едің.
Ширек ғасыр емдедің дерттілерді,
Елім деген сол кезгі өрт күн өлді.
Құрбандыққа баланы шалып тастап,
Дәрігерлер мініп жүр тоқ күреңді.
Еніп жүрсе түсіме Ұлы аталар,
Күркіреген кеудемде жыр оталар.
Жақсылықты ақындар көрмейді деп,
Шенеуніктер бізге әлі кінә тағар.
Пес пиғылдан жеті жұт пінә болар,
Бұл заманда қазымыр ғұламалар.
Жақсылыққа онсыз да шүкір дейміз,
Жамандықты айтпасақ – күнә болар.
Байпатшалар түсінбес мұны, бірақ,
Жырғап қалар деймісің жырың ұнап.
Ел жалмаған шенеунік өсіп жатыр,
Олар әлі біздерден ұлығырақ.
Бақ деген де жақсылық тапса – қонар,
Имандының жан-жағы бақша болар.
Шегірткені шығармас шөп басына,
Әкімдердің ақылы ақша болар.
Қайран менің, ып-ыстық Күн мекенім,
Қайтсем сені еліме нұрлы етемін!
«Бәрінен де бірін айт» деген сөз бар,
Құл болып кетер екен кімге төлім!?
Кендебай:
Нарық шығып, Әбеке, төрімізге,
Сату, ату басталды елімізде.
Жаратқаным жар болсын деп тілейік.
Бүгін бізде сатулы көріңіз де.
Жылы суға ұлықтар қолды малып,
Тендерлерді өткізіп болды қарық.
Толтырам деп көзқалта – құлқындарды,
Өйтіп-бүйтіп жатырмыз жолды салып.
Әкімдерге алданып тынды ғаріп,
Тауық қора секілді үйді алып.
«Достық» деген ауылдың тұрғындары,
Қыс түскенде паналар кімді барып?
Болғанымен жап-жақсы көрінісі,
Кемістікке «Нұрсәттің» толы іші.
Астанадан тексеру келіп қалса,
Салғандармен кетпей ме болып ісі.
Салынған үй сапасыз құлап қалып,
Ел жүрмесін тағы да жылап, талып.
Көзбояушы нысапқа келер ме екен,
Сөзімізге біздің де құлақ салып.
Кир патшаның қанқұйлы басын алған,
Тұмар ханша жаралған жасын-ардан.
Ақыл-ойды бүгінде ақша билеп,
Абыройын әкімдер шашып алған.
Егемендік тұлғасы сағымданып,
Жұтып жатыр бар-жоқты жайын балық.
Салым салып шет елдің банкісіне,
Жүргендер бар қашуға дайындалып.
Ұсақталып кеткенде қоғамымыз,
Төмен түсіп кетеді жоғарыңыз.
Оқырманның, Әбеке, жайын да ойла,
Сөз қорытып, осымен доғарыңыз.
Әбілда:
Байлықтың не жетеді мол асына,
Кесенің ынтығамыз толасына.
«Достықты» жарнамалап, айқайлатқан,
Тауықтың ұқсатыпсыз қорасына.
Байларға сатылған соң жырымдала,
Бүгінде сән қалмады қырыңда да.
Шенділер елді алдаған тозақ барар,
Ал Құдай жарылқайды құлын ғана.
Иманы бар адам ғой бақыттылар,
Куә боп арада тек уақыт тұрар.
Бүгінгі біз білетін шенділерің,
Көрсе егер Құдайды да сатып тынар.
Бөлінген бай, кедей боп балалар да,
Бұл ауру оларға да тараған дә.
Шая болған қиқарлау өгіз жеккен,
Тіршілік – сықырлаған жаман арба.
Жартысына қаланың сауна салған,
Қандай пақыр шендімен дауласа алған.
Жалаңаш қыздар сонда мөлдірейді,
Соған кел, кеудеңізде лауласа арман.
Қашанда қиындықты халық көрген,
Ісі не шенділердің кәріптермен.
Бір ұлық Астанадан келе қалса,
Бір қызды қойынына салып берген.
Барады лайланып санамыз да,
Су тиіп асқынады жарамыз да.
Зекетке бір қыз қосып алатұғын
Баяғы Мырзабилер арамызда.
Әбден-ақ көңіл қалды шенділерден,
Данышпан шеттерінен, мен білермен.
Біршама тендерді айтып күйінеміз,
Бұларды адамдай-ақ енді көрген.
Ақын боп біздер жүрміз тындырғандай,
Қайғымен аямай кеп мұңды ұрғандай.
Шендінің бүкіл жүйе жетегінде,
Биліктің бақайшағы мыңғырған бай.
Базарда қап көтеріп, сатып өңін,
Сыйламай кеткен еді қатын ерін.
Аллаға шүкір дейік, беу, Кендеке
Енді-енді есін жиып жатыр елің.
Бәрін де бажайлармын, бағамдармын,
Былғандым, өлең едім, жағалдандым.
Аспанда періштелер елінде емес,
Ішінде біз де бармыз адамдардың.
Өлең сөз бас жармаса, тас жарады,
Қазақтың қайта оралар қашқан әні.
Ерікті ессіздерге бергеннен соң,
Осылай ақын гөйі басталады.
Киілмей теріс қарай кебісіміз,
Кеңитін шығар әлі өрісіміз.
Он бес жыл болғанымен ел болғалы,
Тек қана тәуелсіздік – жеңісіміз.
Ес кірер шендіге де, шенсізге де,
Жоғалар орыс шатыс өңсіз неме.
Қаратау хан жайлаған аман болсын,
Алатау би жайлаған төрсіз деме.
06.11. 2006 ж.
ОЙ ТҰТҚЫНЫ
( І– бөлімді, 3 көріністі лирикалық-сазды драма)
Қатысушылар:
– Жомарт (студент және шау тартқан шағы)
– Мырзалы (студент және шау тартқан шағы)
– Тоғжан (студент және шау тартқан шағы)
– Ғаппар
– Еркін
– Гүлсәнім (жасы 30-дан асқан қыз)
– Арман
– Айдос
– Берік
– Насихат
– Даяшы қыз
– Студенттер (4)
Орындалатын әндер:
Орынкүл Сыдықованың «Әйелдерге ода» және «Әке арманы» әндері.
Пролог
Көшеде улап-шулап сабақтан қайтып келе жатқан төрт студенттің бірі жол жиегінен қалта кітапшасын (блокнот) тауып алады. Тауып алған жігіт: – Жігіттер, мен олжа тауып алдым,- деп жар салады. Қандай олжа,- деп бәрі жамырасып қалады. Тауып алған жігіт: – Бір ақынның күнделігі ме, әлде, өлең дәптері ме, түсінбей тұрмын,- деп, кітапшаны ақтарып, бір өлең оқиды:
– Бостандық алдық, бодандық кетті қазақтан,
Құрсауды бұзып, жарыққа шықтық тозақтан.
Ойымыз еркін, ғасырлар бойы шектелген,
Түзедік бойды, бүгілген белді азаптан.
Тәуелсіз елде қырандар биік самғайды,
Өрелі жандар әділет жолын таңдайды.
Атадан қалған қастерлі бесік – аманат,
Өсетін халық, ұрпақтың қамын қамдайды.
Кіндік қан тамған бұл жерді бабам қорғаған,
Жасынға жанып, ақындар жырын арнаған.
Өтінде желдің шайқалып қара шаңырақ,
Қаншама рет аспанын бұлт торлаған.
Мойнына артып қыршындар қанын жүктеген,
Тарады Кеңес қайсарлық бізден күтпеген.
Бәйшешек болып қан тамған жердің үстінде,
Желтоқсан тоңын ұрпақпыз жарып көктеген.
Бірінші студент:
– Өй, тапқаның өлең бе?.. Одан да ақша тапқаның дұрыс еді ғой, қарын ашып келе жатқанда.
Екінші студент:
– Шынында, ақша тапқанда «Ладушкиге» барып, бір қарық болар едік, ә,-деп кітапшаға шұқшиып тұрған жолдасының арқасынан қағып қалады.
Үшінші студент:
– Е, жігіттер, не болды сонша?.. Студенттік асханадан бір-бір сорпаны мен-ақ алып берейін... Рухани дүние болса, ұсақтағанымыз ұят болар... Маған берші,- деп, кітапшаны алып, ақтарыстырып көреді де, өлең оқиды:
– Мейлі, мені мойында, мойындама,
Шыжық ойды шыжғырар шойын таба.
Үзілместей көрінген қыл-ғұмырың,
Бір актілі сахнада ойын ғана.
Мейлі, мені мойында, мойындама,
Жұмыр жердің тұтқасы қолыңда ма?
Аяққаптай көсілген көкірегің,
Аяқдопты тебетін ойынхана.
Мейлі, мені мойында, мойындама,
Оғаштау боп көрінер ойым дара.
Пенделігің жабысып жаға жыртса,
Тектілігің – қанағат тойым ғана.
.........................................................
Тарих ертең береді қойып баға...
– Охо! Қиянатқа тартылған садақ сияқты мақам екен!
Аты-жөнін жазбапты ғой еш жеріне, телефоны да жоқ ... Қалай түсіріп алды екен, ә?.. Жігіттер, мына кітапшаны тауып алғанымыз жөнінде «Шара-бараға»
хабарландыру берейік.
Бірінші студент:
– О, табылған ақыл. Егесінен сыйақы сұраймыз...
Кітапшаны тауып алған студент:
– Ой, сен де айта береді екенсің... Анайы дүние емес қой, сыйақы сұрайтын. «Шара-бараның» редакциясы алыстау бізге, осы жерден таяқ тастам жерде «Өркен» газетінің редакциясы бар. Сол жерге апарып тапсырсақ, журналистер егесін тауып бермей ме?..
Екінші студент:
– Тапқан өзің, өзің кіріп тапсыр. Бір сыртта күтеміз. Бәрі жүріп кетеді.
1 көрініс
Сахна газет редакциясына сай безендіріледі. Карапайым тілшілір бөлмесінде 2 тілші қағаздарына шұқшиып жұмыс істеп отыр. Бір кезде телефон тұтқасы безек қаға шырылдайды. Телефон шалып тұрған хатшы қыз Айдосты редакторға шақырады. Айдос шығып кеткен соң Берік стол тартпасын ақтарып отырып қолына қалта кітапшасын (блокнот) алады.
– О, мынау, ана күнгі кітапша ғой! Студент жігіт беріп кеткен... Иә, дәл соның өзі.. Іші толған өлең,- деді ме?.. Кәне, оқып көрейікші өзін,- деп, орнынан түрегеліп кітапшаның бірінші бетін ашып оқи бастайды:
– «Ару қала айналып қан базарға,
Жер де қалмай барады бой жазарға.
Төр босатты саялы саябақтар,
Тас қамалды казино, сауналарға.
Даңғой ағам шалқиды қыр базарда,
Жеңгетайлар қарпиды қыз базарда.
Өткен-кеткен көлікке телміретін,
Ер азамат қалғиды құл базарда.
Бәрі мұнда нарыққа бағынады,
Керек затың қиналмай табылады.
Күндіз-түні тынбастан үлкен-кіші,
Қу құлқынның қамын жеп, сабылады.
Мәшиенелер тығындап кең көшені,
Шығып жатқан түтіннен сең көшеді.
Қиратылған зауыттар залалынан,
Жүз еседей артыққа, тең деседі.
Тапсырыспен ішіне тас қамалдың,
Көліктері кіреді қасқалардың.
Көрсетілген мәзірге лайықты,
Мәселесін шешеді басқалардың.
Не қалайды, не істеу көкейінде?..
Мұндағының бәрі де жетегінде.
Шығыстағы сұлтанның гареміндей,
Кәнизактар аунайды төсегінде.
Қаптап кеткен базарлар кешенінде,
Егесі бар даңғылдың, көшенің де.
Ұмыт қалған бір ақын қалтарыста,
Ажырата алмай жүр есебін де...»
– Ойхой! Мына қасқаң біздің Шымқаланы меңзеп тұрған сияқты ғой, а?.. Шынымен әдемі айтқан, дөп басып айтқан! 4-5 шумақ өлеңмен Шымқаланың бүгінгі сиқын дәл суреттеген...
Жарайсың, аты-жөні беймәлім достым! Жаңағы Айдос қайда жоғалып кетті екен, а?.. Редактор байлап қойғаннан сау ма? Насихаттың да жұмысқа келмей қалғанын қарашы... Компьютерлік бөлмедегі қыздарға барсам ба, екен?.. Жоқ, Насихатқа телефон шалайын. Қалта телефонын қолына алып тере бастайды: – Алло... Насихат-ханшайымға сәлем бердік! Көңіл-күйіңіз жақсы ма? Бүгін ханшайымның күймесі қалай қарай бағыт алды екен?.. А... Бала-бақшада тұрмын дейсіз бе?.. Мен сізді супермаркетте жүрген шығар десем... Жұмысқа келесіз бе? Ә, жақсы онда. Кітапшаның келесі бетін ашып оқи бастайды:
«Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой...»
– Бұнысы несі ай? Бір бетке баттитып екі қатар Абай сөзін қызыл сиямен жазып қойыпты?.. Қызығушылығы арта түскен Берік: – Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен Абай мыңмен жалғыз алысса, бұл кіммен алысып жүрген жан екен?.. Абайдың басқа өлеңі құрып қалғандай адамның жан дүниесін құлазытып, дәл осы өлеңді неге таңдады екен?.. Неге,- деп өзіне-өзі сұрақ қойып барып, келесі бетін ашады. Оқи бастайды:
– «Сұмдық қой бұл! Ілім де, білім де, өлең де... Бәрі, бәрі сатылғаны ма?!. Қайда кетіп барамыз, інім?!. Қайда?!. Даусы қаттырақ шығып кетеді. Осы кезде кіріп келген Айдос аң-таң болып:
– Тыныштық па, Берік? Жаңа ғана моп-момақан отырған едің, қоқиланып алыпсың ғой.
– Е, мына, аты-жөні белгісіз кісінің қойын дәптері қолыма түсіп, делебемді қоздырып тұрғаны.
– Өзің де сау сиырдың тобынан емес едің, біраз күнге азық бопты ғой саған ендеше.
– Айдос, қылжақтамай тыңдашы, оқып берейін. Мүмкін сені де қызықтырар?..
– Мен кірген кезде неге «қайда, қайда»,- деп айқайлап жаттың? Кімді іздедің? Тағы бір қызға ғашық болғаннан саумысың?
– Жоқ. Әңгіме қызда емес, мына кітапшада, деп, кітапшадағы өлеңді оқи бастайды:
– «Дүниемен өлшенсе тектілігің,
Тоғышардың бәрі де текті бүгін.
Анайы дүниені бөктергендер,
Киеліге қол салып кетті, інім.
Дарындарды лақтырмақ күресінге,
Дарынсыздың мақсатын білесің бе?
Ақиқатқа қылбұрау салдырмастан,
Арашаға ей, інім, түсесің бе?
Ақындарды өмірге бейімсіздеу,
Мұң торлады, ой жаншып көңілсіздеу.
Жүрегі тас қоғамнан ізгілікке,
Бара жатыр шаршатып орын іздеу.
Бүгесін де ақтару, шігесін де,
Ей, жеткіншек, бұл сенің үлесіңде.
Қара қылды қақ жарар қазы көрсем,
Арманым жоқ сананың күресінде.»
– Айдос, сен екеуміз Кеңес дәуірінде білім алдық. Ол кезде әр оқу орнында ғылым докторлары мен профессорлар саусақпен санарлықтайғана болатын еді. Ал, академиктер жерді емес аспанды мекендейтіндей көрінетін. Қазір ше?.. Жоғарғы оқу орындары мен ғылыми зерттеу институттарында екінің бірі профессор, үштің бірі академик болып жатыр. Бірақ, Сәтпаев болған біреуі жоқ. Ол, ол ма, қалтасы қалың бизнесмендер мен әкімқараның бәрі ғылыми атақ қуалап кетті. Өзі, ата-бабасы туралы шетінен мемуар жазғыш болып алды. Сол диссертациялар мен мемуарларды өздері жазады дейсің бе? Әлбетте, жоқ! Бала-шағасын асыраудың басқа жолын таппаған кейбір ғалымдар мен ақын-жазушылардың бірімен-бірі бәсекелескен шонжарлардың қолшоқпары болмауға амалдары қалмай, жазуға мәжбүр болады. Содан отандық ғылымға, ұлттық әдебиетімізге зәредей пайда бар ма?.. Жоқ, әрине. Бұл жас ұрпақтың санасын шатпақтау емес пе?.. Мына кісі осыған күйінетін сияқты?..
– Денем тітіркеніп кетті ғой, ары қарай оқи берші,- деп Айдос та қызыға бастайды. Берік кітапшаның келесі бетін ашып: – Шекспирден үзінді келтіріп, ары қарай өлеңмен жалғапты,- деп, оқи бастайды:
– «Адам әділ шешімін,
айтқаны үшін табанда
зұлымдылықтан кешірім
өтінетін заманда,
үлкенің де, кішің де,
қойған кезде ұятты,
әділетті түсіңде
көретінің сияқты.
Шыншылдығым талабым
үшін
қаһар-кегіңе
салмай озбыр заманым
Кешіре гөр мені де!» –
« Әділеттің ұстап қолға жалауын,
Түсініксіз болдым көпке қарағым.
Құрық салып қу тағдырдың талқысы,
Бірте-бірте ақын болып барамын.
Түк тұрмады мені «баптау» қуларға,
Түк тұрмады мені таптау сұмдарға.
Маған арнап қатыгездер қайнатып,
Безбүйректер ұсынбаған у бар ма?..
Пенделіктің тепкілері бүйірден,
Тротил болып жүрегімде түйілген.
Сыртқа қарай ізгілікті қақпайлап,
Шығармақшы пысықайлар үйірден.
Шындық іздеп Шекспир де шаршаған,
Өлгеннен соң табынғанмен бар ғалам.
Сіміремін сарқытындай ұлының,
Маған төксе запыранын тар заман.
Қатып-семді жауыр болған арқа, бел,
Пешенеме жазылғанын тарта бер.
Менің қайғым – ұлы қайғы мертіксем,
Мүсіркемей нардың жүгін арта бер».
– Айдос, көрдің бе?! Мынау тегін адам емес! Іздеуіміз керек, табуымыз керек. Бірақ, қалай?.. Не мекен-жайы, не телефоны жазылмапты мынада. Табуымыз керек, қайткенде де. Бұл адам тоғышарланып бара жатқан қоғамның қоқысынан иненің жасуындай болса да ізгілік, шындық, мейірім-шапағат іздеген адамға ұқсайды. Неге күрсінеді? Неге қайғырады? Неге өлеңдері мұңға суарылған?.. Журналистік сараптамаға сұранып тұрған жоқ па?
– Берік, қызбаланба. Ең алдымен қолыңдағы кітапшаны сараптамадан өткізіп алайық, сонан кейінгісін ойланып көрерміз. Ары қарай оқи берші.
Берік кітапшаның келесі бетін аударып оқи бастайды.
– Назрул Исламның «Серт» деген өлеңінен үзінді алып, ары қарай өз өлеңімен жалғапты:
– «Мен кетемін – қайғы отына жандырып,
Өксуменен күні өтсін деп мәңгілік.
Кірпік ілмей түні өтсін деп алаңмен,
Сертім осы!
Осы сертте қалам мен!»
«Биіктердің мүмкіндігін көгендеп,
Жанын салып аласалар шектеген.
Қолда тұрған алтын нарқы төмендеп,
Иіні жұмсақ мыс нарқына жетпеген.
Қай кезде де аласа ой өлшемі,
Қара бастың деңгейінен аспаған.
Жаншу үшін асқақ ой мен еңсені,
Құрықтарын биіктерге тастаған.
Әр ақынның өз тағдыры болса да,
Мұң қайғысы бір-біріне ұқсаған.
Шер көкірек запыранға толса да,
Өз халқының туын биік ұстаған.
Биіктегі қыран даңқын күндеген,
Аласалар шектеді ме еркіңді?
Жай оғындай қарғыс айтып тілдеген,
Неге бердің, мүсіркемей сертіңді?»
Берік:
– Енді түсіне бастаған сияқтымын. Биік таулар аласа төбенің несін қызғанады?.. Бағанағы дарынсыздар деп отырғаны аласа ойлы адамдар емес пе?.. Ары қарай оқи берейін бе?
Айдос:
– Оқы.
Осы кезде күле сөйлеп Насихат кіріп келеді де:
– Серілер, бай-қуаттысыздар ма? Немене, түрлеріңіз өрт сөндіргендей...
Отырған орындарыңыздан су шығып кетті ме, түрегеп кетіпсіздер?.. Сіздерді мен жоқта шай іше алмай, жетімсіреп қалды ма,- деп, жолдан бәліш ала келсем... Мені жоқтаған түрлерің көрінбейді ғой. Редактор мені іздеген жоқ па?
Берік:
– Жоқ, Айдос мырза тұрғанда сен екеумізді, қайтсін?.. Өзің қалай... Бала-бақшаның мәселесін май шаммен қарап келдің бе?
Насихат:
– Иә, май шаммен қарағаныма 3 жыл болды. Кезек жетем дегенше менің қызым да мектеп жасына ілігіп қалар...
Айдос:
– Редактор – көкеміз, бүгін көңілді, кімнің бар-жоғын түгелдей қоймас... Мына, Беріктің жағдайы қиын болып тұр.. Оқыс оқиғалардың бәрі осыған кездеседі емес пе. Бүгін аты-жөні беймәлім ақынның қалта кітапшасы тап болыпты. Енді міне, жұмысты қойып сол ақынның өлеңдерін талдап жатырмыз.
Насихат қол сөмкесі мен бұйымтайларын жайғастырып жатып:
– Айдеке, жұмысты қойғандарыңыз қалай? Бұл қайта, журналистер үшін таптырмайтын жұмыс емес пе... Әлде, жоғалтқанымыз аз ба? Қай жылдары бала-бақшаға дейін ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп... Енді соның салдарын көріп жатқан жоқпыз ба? Керісінше, Бекеңнің байқампаздығына рахмет айтуымыз керек сияқты.
Айдос:
– Насихат-жан, менікі әншейін әзіл ғой. Өзім де қызығып, тыңдап тұрғанмын. Сенің де тыңдағаныңды қалар едім.
Насихат отыратын столына жайғасып алып: – Ал, Беке, құлағымыз сізде, дейді.
Берік:
– Сенің келіп қалғаның қандай жақсы болды,- деп, келесі өлеңді оқуға кіріседі:
– «Леонардо, қиял жетпес алыпсың,
Кеңістікте жасын болып жаныпсың.
Өлгеніңе бас ғасырдай болса да,
Тірілерге құдірет боп қалыпсың.
Үш жасыңнан тылсымға жол салыпсың,
Бар бақытты қыл қаламнан тауыпсың.
Тағдыр сені ажыратып анаңнан,
Көз жасыңа жөргегіңде қаныпсың.
Көрген сайын Мадонналар тізбегін,
Ешбірінен күдерімді үзбедім.
Джаконданың қарапайым кейпінен,
Ойға шомып – анаңды мен іздедім.
Көздің құрты сұлулар сылаңдаған,
Ұзақ ғұмыр қыз дәурен сүре алмаған.
Бай ұлына ғашық боп анаң байғұс,
Өктемдігін жігіттің тыя алмаған.
Ғашық жүрек кеудеге сия алмаған,
Қиянатқа сүйгенін қия алмаған.
Ақ төсекте бастары қосылғанмен,
Ақ некесін бірақ та қия алмаған.
Тауқыметін тағдырдың жеңе алмапты,
Тәкаппар бай мәмілеге көне алмапты.
Айы-күні жеткен соң сені туып,
Қайтып сені өз анаң көре алмапты.
Туыстарың түрткілеп күн бермеген,
Құқай жоқ-ау өмірде сен көрмеген.
Туған әкең бақилық болғаннан соң,
Некесіз,- деп үлесті тең бөлмеген.
Қиянатқа сен қатты намыстанып,
Мол мұрадан алмапсың – қалыс қалып.
Пенделіктен жоғары тұрыпсың-ау,
Ағайыннан іргеңді алыс салып.
Ұлы муза тартыпты тереңіне,
(Суретшіге басқаның керегі не).
Мәңгі өлмес қалыпты туындылар,
Тәңірінің өзі кеп жебеді ме?..
Литта – ана бейнесі баласымен,
Сен сияқты табысқан анасымен.
Келешекке үміт артып тұрғандай,
Бүлдіршіннің көзінің қарасымен.
Сұлулықты құдірет деп таныпсың,
Еншіңді сен өнерден кеп алыпсың.
Мәңгі өшпес тақтасына тарихтың,
Винчилердің атын ойып жазыпсың.
Айдос:
– Бұл кісі кім болса да, өнер әліміндегі жұлдыздар тағдырына бейтарап қарай алмайтын адам. Әсіресе, олардың тағдырының көлеңкелі беткейі тұла бойын тоңдыратын сияқты...
Насихат:
– Беке, мына өлең Леонардо да Винчидің тағдыры туралы жазылған сияқты ғой.... Мен оның өмірбаянын оқымаған екенмін. Мынаны жазған кісі оның өмірбаяндық тарихына қанық болса, ол некесіз туылған болғаны ғой...Осындай ұлы тұлғаның тағдырының келеңсіздеу болғаны ма?.. Адам сенбейтіндей-ақ екен.
Берік:
– Бұл табиғаттың кереғарлық заңы шығар?.. Сол некесіз ұл туылмаса, Винчилердің өмірде болған-болмағанын біз білмес те едік қой.
Айдос:
– Бұл да бір оқшау оқиғаға жатады. Ұлылық қасиет Леонардоның шешесінен ауысқан болуы ғажап емес. Себебі, адамзат санасын дүр сілкіндірген, екінші Виншиді әлем білмейтін сияқты. Леонардоның талантына бас ие отырып, бұл тақырыпты жылы жауып қояйық. Себебі, оның өмірбаянын Берік білмесе, Насихат екеуміз жақсы білмейді екенбіз.
Берік:
– Менің де сендерден асып тұрғаным шамалы. Қолындағы кітапшаны көрсетіп: Бірақ, мына жұмбақ әлем мені тұңғиығына тартып бара жатқандай...
Насихат:
– Алдыңғы жағын мен тыңдамадым ғой, Беке? Маған үйге беріп жібересіз бе қайтарда?
Берік:
– Жоғалтып алу мүмкіндігіңіз жоқ болған жағдайда ғана. Сендердің шұғыл атқаратын шаруаларың болмаса, осыны осы жерде біраз талқыға салсақ деген ұсыныс бар.
Айдос:
– Мен қарсы емеспін.
Насихат:
– Мен де солай. Беке, құзырыңызға құлдық.
Берік кітапшаның келесі бетін ашып:
– «Қыранға жасалған қиянат» деген өлең Асанбай Асқаровтың рухына арналыпты,- деп, тамағын қырнап алып оқи бастайды:
– «Еңсені езген қапырық қолқаға қол сап тарылтты,
Мамырлап ұшқан ақша бұлт шүмекті аздап ағытшы...
Аспанның астын апыр-ай, қас-қағым сәтте жаулап ап,
Ғайыптан келген қара бұлт дүниені түгел жауыпты.
Жер менен көктің көбесін аяусыз сөгіп найзағай,
Мұздақ боп қатқан ақ жауын тоқтамай тұрып алғаны-ай.
Жалаңдап тілі әбжылан ұяға төніп тұрғанда,
Шарықтап ұшқан қыранның жартасқа келіп ұрғаны-ай...
Жайқалып қалған өлкенің мәуесін оған жиғызбай,
Қиянат-құйын килігіп үсікке бәрін ұрғызды-ай.
Қарайған көзі қанталап, шүйебөрілер анталап,
Дауылпаз құсты бас салды құлаған жерден тұрғызбай.
Амал не, жерік болған соң, тұйғынның қасық қанына,
Қарық боп қалды абақты қыранның қайғы-зарына.
Тізеге салып армансыз тәкаппар басты ие алмай,
Тояттап жатты құзғындар тұмсығын қадап жанына.
Жалған да жалған, жалған-ай,
Тағдырдың басқа салғаны-ай.
Екі көз талып, төрт болып,
Шарасыз жасқа толғаны-ай.
Арман да арман, арман-ай,
Көп ойдың жерде қалғаны-ай.
Дәтке қуат екен ғой,
Арыңның таза болғаны-ай».
Айдос:
– Асқаровтың көзін көрген, істес болған адамдармен кездесіп жүрміз ғой. Олардың естеліктері бізге аңыз сияқты болып естіледі. Қазақтың біртуар азаматының қызмет істеген уақыты еліміздің тәуелсіздік туының желбіреген кезіне тұспа-тұс келмегеніне өкінгендей боласың.
Насихат:
– Иә, ол кісі облысты басқарып тұрған кезде облыс көлеміндегі әлеуметтік нысандарға басты назар аударылып,қалалар мен аудан орталықтарының көркіне көрік қосылып, гүлдене түскенін көнекөз қариялардың әлі күнге дейін мақтанышпен айтады.
Айдос:
– Демалыс аймағының өзі не тұрады....
Берік:
– Абақтыдан құтылып келгеннен соң, жас жігіттердің бірі: – Аға жақсыны да, жаманды да көрдіңіз, арманыңыз бар ма?- деп сұрапты. Сонда ол кісі: – Е, айналайын, қалқам, армансыз адам бола ма? Туған халқың мен еліңе қызмет жасаудан асқан абырой жоқ. Мен бар күш- қуатымды, білімімді, тәжірибемді сол жолға бағыштаған едім, әттең, бастаған істерімнің көбісін аяқтауға мүмкіндік бермеді, сол арман болып барады,- депті.
Насихат:
– Қазіргі «Айқап» мөлтекауданы салынған жерде, ол кісінің жоспары бойынша қала халқы демалатын көл болуы керек екен. Үйлер салынып кеткенін көріп, жер бедері есепке алынбай салынғанына өкініш білдіріпті.
Айдос:
– Халық үшін істелген игілікті істерге мұрындық болғаны үшін ол кісі жауапқа тартылып, еліміз егемендік алғаннан кейін ғана бостандыққа шықты. Қандай қиянат ә!..
Берік:
– Менің ойыма Қадір Мырза-Әлі ағамыздың «Адамның бағасы» деген өлеңі түсіп тұр, соны оқып берейін:
– «Гранитті құм қылған да адамдар,
Мәрмәріңді ұн қылған да адамдар.
Шындығыңды айналдырып жалғанға,
Жалғаныңды шын қылған да адамдар.
Жалғыз үйді ел қылған да адамдар,
Жапан түзді жол қылған да адамдар.
Шөлейтіңе көл әкеліп көгілдір,
Көлдің орнын шөл қылған да адамдар.
Жез бен мысты пұл қылған да адамдар,
Падишаңды құл қылған да адамдар.
Құла жонды гүл қылған да адамдар,
Гүлдің орнын күл қылған да адамдар.
Тегіс жерді тау қылған да адамдар,
Тақыр жерді бау қылған да адамдар.
Бір-бірімен достастырып дұшпанды
Достарыңды жау қылған да адамдар.
Адам салып,
Адам бұзған бар қала.
Ылғи мақтап,
Ылғи оны қарғама!
Жақсы деу де,
Жаман деу де аз оны–
Адам үшін жеткіліксіз бір баға!»
Айдос:
– Асанбай ағамызды абақтыға жаптырған да адамдар!..
Насихат:
– Асқаровтың абырой беделін қызғанған, домалық арыз жазбаса қолы қышитын, шидің тысына шыққан «қазакемдердің» үлесі көп қой бұл жерде...
Айдос:
– Насихат, тырнақтың астынан кір іздей берсең, кез келген адамнан кемшілік табуға болады. Ауқымды масштабта атқарылып жатқан істің бүге-шігесіне дейін қадағалау мүмкіндігі шектеулі. Сол себептен арасында кемшіл тұстар кетуі әбден мүмкін. Адам түгілі «вирус» түссе компьютерің де шатасып жатпай ма. Арыз деген бұрын да жазылған, қазір де жазылып жатыр, жазыла да береді. Мәселенің түйіні арыз жазғыштарда емес, арызды тексеріп ақ-қарасын ажырататын адамдарда.
Берік:
– Коммунистік партия билік құрған кезде, Республикалық, облыстық партия ұйымдарының екінші хатшылары Мәскеудің жітікөздері болған.
Насихат:
– Бұл мәселеге байланысты пікір айтуды тарихшылардың еншісіне қалдырғанымыз жөн шығар?.. Ары қарай оқи беріңізші белгісіз батырыңыздың күнделігін.
Берік:
– Ләппай, ханшайым,-деп кітапшаның келесі бетін ашып: – Менің белгісіз батырым енді Бауыржан Момышұлының рухына жүгініпті,- деп өлеңді оқиды:
– «Тұлпар тағдыр бұйырып,
Ауыздықпен алысқан.
Түз әпшісін қуырып,
Қанаттымен жарысқан.
Қыннан қылыш суырып,
Жауға шапқан Арыстан.
Санамызға сіңіріп,
Ақыл қосқан данышпан.
Көк бөріден бұрылып,
Нұр күткендей барыстан.
Бір Аллаға сыйынып,
Сый күтеміз ғарыштан.
Егеменді ел болдық,
Мүмкіндігі туындап.
Көрінгенге жем болдық,
Қазба байлық зуылдап.
Кер заманға кез болдық,
Ауыз жапқан тығындап.
Туған елде ез болдық,
Жүрегіміз суылдап.
Кіндік кескен жеріңді,
Әкімдер жүр жырымдап.
Қорғап Ана тіліңді,
Ақындар жүр шырылдап.
Кескін бейнең, батырым,
Тұр бүгінде әр үйде.
Қазақ жұрты ақырын,
Күтіп алаң фәниде»...
Айдос:
– Охо! Қаттырақ кетіпті ғой сабазың...
Насихат:
– Несі бар артық кетсе, қара қылды қақ жарған шындық. Барлық пәлені коммунистерге жабуға ұстамыз, ал жақсы жағын көруге келгенде көрсоқырмыз. Олардың кезінде тиянақты білім алу, емделу, балаңды бала-бақшаға орналастыру сияқты мәселелер шешілген болатын. Қазір ше.... Барлығы сатулы. Менің 3 жыл болды қызымды бала-бақшаға орналастыра алмай, сарсаңда жүргеніме. Кеңестің кезінде салынған бала-бақшалардың ғимараттарын жең ұшынан ептілер жымқырып алған, жаңа салынып жатқандары жетіспейді. Қанша цензура болғанымен ақын-жазушыларға гонорар беріліп, кітаптарының сатылуы жолға қойылған болатын...
Берік:
– Насихат, сабаңызға түсіңізші. Бала-бақшаның мәселесі сіздің жүйкеңізді жұқартып жіберген бе? Мына күнделіктің келесі бетінде осы тақырыпқа жазылған тағы бір өлең бар екен. Соны оқып берейін, содан кейін барып пікір алмасайық. Жарай ма?
Насихат:
– Мақұл, - дейді өкпелі түрде бұртиып.
Берік: – «О. Жаратқан, Тәңірім,
Жүрмей ме жерге әмірің?..
Ізгілік қалып тасада.
Ібіліс жайды тамырын.
Дүмешелер алып билікті,
Қызылға қатты шүйлікті.
Құлқыннан аспай құзыры,
Киелі жерге килікті.
Зиялылардың үні өшіп,
Сарынға кетті ілесіп.
Жемқорлық дейтін тажалмен,
Жемқорлар жатыр күресіп.
Пенделер барын саудалап,
Ар-ұят кетті майдалап.
Қоғамның дерті асқынып,
Етекке түсті тайғанап.
Теңдігін алмай тіліне,
Мың өлді қазақ күніне.
Халықтың дархан пейілі,
Айналып кетті мініне.
Сұйылса елдің талғамы,
Ақынға ауыр салмағы.
Көңілі көкке алаңдап,
Шайнауда қалды бармағы.
О, Жаратқан, Тәңірім,
Жүрмей ме жерге әмірің?..
Ізгілік қалып тасада,
Ібіліс жайды тамырын».
Насихат:
– Міне, көрдіңдер ме?.. Нағыз шындықты шыжғырып айтқан. Мен қосыламын.
Айдос:
– Насихат, бұл мәселеге біз бір қырынан қарамайық, Егемендік бізге не берді, не бере алмай жатыр... Осы тұрғыдан ой бөлісейік. Сен айтқан бала-бақшадан-ақ бастайық. Империяның ыдырауына байланысты, тәуелсіздігін алған еліміздің қазына-қазаны бос болды. Қазанды толтыру және дамыған елдерден инвестиция тарту үшін амалсыздан үкімет жекешелендіру саясатын жүргізуге мәжбүр болды. Жекешелендіру науқанының қолында билігі бар кісілердің ығында өткені әрине өкінішті. Бірақ, тәуелсіздік көптеген ауытқулармен қоса бізге сөз бостандығын алып келген жоқ па? Кеңес өкіметінің кезінде партия саясатына сын айта алар ма едік?.. Қазір әкімдер түгілі, үкімет мүшелерін де сынап жатқан жоқпыз ба?..
Насихат:
– Айдеке, онымен не демекшісіз?.. Бізде жер түгілі көрдің сатылғанын, шенеуніктердің «тендер» дегенді ойлап тауып, ойына келгенін істеп жатқанын, командалық жүйенің ұясында сыбайлас жемқорлықтың әбжыланы жұмыртқалап жатқанын қоштап тұрсыз ба?..
Айдос:
– Насихат-жан!.. Сен менің сөзімді аяқтауға мүмкіндік бермей бөліп жібердің. «Тендер», «командалық жүйе» дегендерге мен де қарсымын.Олардың бәрі біртіндеп жойылатын дүниелер...
Насихат:
– Сонда қай кезде?... Жемқорлар қазақтың бар байлығын талап біткенде ме?..Сіз бен бізге тиесілінің бәрі таланып бітті. Енді олар келешек ұрпақтың несібесін талап жатқан жоқ па?..
Берік:
– Жолдастар, жаға жыртысқанды қойып, маған құлақ салыңдаршы. Баукеңнің шығармаларының 30 томдығы басылып шықты дейді. Мен қолыма түсіре алмай жүрмін. Негізі ол кісі екі майданның да батыры ғой. Көптомдық шығармаларын үлкен тиражбен шығарса, патриоттық тәрбиеге таптырмайтын құрал болар еді. Сендер де көп сұрақтарыңа жауап тапқан болар едіңдер.
Айдос:
– Бәлкім, соңғы жағында өзі туралы мағлұмат берер иесі?.. Бітіріп, жұмысқа кіріскеніміз дұрыс шығар?..
Берік:
– «Келмесе де қолымнан батыр болу,
Арман болды жас кезден ақын болу.
Ұл мен қызды жетелеп өсіргенше,
Бұғып жатқан басталды «тақым қозу».
Келмегенмен қолымнан әкім болу,
Келер ме еді, білмеймін, ақын болу?!
Адымымды аштырмай қойған жоқ па,
Өлеңнен де қызғанған – «қатын қору»,- деген өлеңді оқиды.
Насихат:
– О, енді өз тағдырына көшкен сияқты?.. Арман! Асыл арман! Есіл арман!... Ары қарай оқи беріңіз.
Берік:
– «Менің мүлде ұнамайды шабысым,
Үлкен қайғы – саған титтей табысым.
Есіл-дертің қайткенде де тоқтату,
Менің асау өзенімнің ағысын.
Қондырмайсың бақыт келсе ербеңдеп,
Үркітесің дәулет келсе желбеңдеп,
Болмысыңды бүркемелеп тіліңмен,
Бар тірлікке килігесің көлбеңдеп.
Жауып маған жын-сайтанның жаласын,
Көтересің дүмшелердің бағасын.
Осыншама ұсақтала бергенше,
Кім, кімге де білген абзал шамасын.
Жыртып менің абыройымның жағасын,
Айтшы кәні, кімнен опа табасың?
Ізгіліктің жұрнағы да қалмастан,
Күннен-күнге құбыжық боп барасың...»
Айдос:
– Реніш. Күдік..... Күмән..... Құлазу ғой мынау... Оқи берші.
Берік:
– Айдос, ары қарай сен оқышы,- деп кітапшаны береді.
Айдос:
– Не болды?.. Сенің де көңілің бұзылайын деді ме?- деп, кітапшаны қолына алып оқи бастайды:
– «Нар жүгі маған ертерек,
Бұғанам қатпай артылды.
Тәкаппар намыс желкелеп,
Несібе аз-кем тартылды.
Жүрекке тыным бермеді,
Өлеңнің сері киесі.
Жүйкеге тыным бермеді,
Шектеулі ақыл иесі.
Кернеген шабыт буынан,
Жер-көкке сыймай толғандым.
Тұрпайылықтың уынан,
Кішіріп қана қорғандым.
Сын сағаттарда өшірмей,
Сақтадым арман алауын.
Көсілер жерде көсілмей,
Қақтадым ерік жалауын.
Тоғышар қоқан-лоққымен,
Қайнаттың қанша қанымды.
Тынымсыз түрткі, соққымен,
Сындырдың қанша сағымды.
Қиялдың ұшқыр қанатын,
Біртіндеп жұлып тастадың.
Шағымда қасқыр соғатын,
Еркімді шектей бастадың.
Түймедей мінді бойдағы,
Өсірдің күнде түйедей.
Бағыңды тұрған қолдағы,
Ит қосып қудың дүрелей.
Орайтын дәулет қонбады,
Үлде мен сені бүлдеге.
Менімен сәнің оңбады,
Жетпесең менсіз жүлдеге.
Қайталай берген әңгімең,
Үңгіді жанды күйретіп.
Безіндім сенен мәңгі мен,
Сүлдемді құры сүйретіп.
Өмірден мүлде күйініп,
Жалғаннан озып кетермін.
Қойнына жердің түйіліп,
Жанартау болып жетермін.
Көргенге шүкір, қанағат,
(Қалғаны саған аманат),
Кегіңнің құны ақталсын.
Тірлікте ілсең жаманат,
Өлгенде көрді таптарсың».
Насихат:
– Күйзелу емес күйреу ғой мынау...
Айдос:
– Насихат, оқылмаған 1-2 өлең қалды, - деп қайтадан оқуға кіріседі:
– «Қоңыр ғана үйім болды,
Орта ғана күйім болды.
Шаңыраққа қаққан шегем,
Шірік шығып – қиын болды.
Шиеленіп түйін қалды,
Жел өтінде үйім қалды.
Қию кетіп босағадан,
Екіленіп құйын қалды...»
Айдос:
– Ой тұтқыны ойдың шыңырау түбіне жете алмастан соңында Абайға жүгініпті:
– «Қабағын түйіп құз тас тұр,
Төңірегіне парық сап;
Шыңында шулап құстар жүр,
Айнала ұшып, шарықтап.
Кеудесі жалын қара бұлт,
Келеді төніп аспаннан.
Алып құз тас сұп-сұрғылт
Жамылып шапан-боз тұман.
Шық Моншақтай – шыпшып тер,
Сорғалар жасы жүзінде...
Сол құзды көр де – мені көр,
Ойға бір шомған кезімде».
Насихат:
– Майыспай шорт сынғанына қарағанда, бұл азаматтың сүйген әйелінен қатты көңілі қалған болуы керек?.. Сіздерге Қадір ағамыздың «Аруларға ашық хат» деген өлеңінен үзінді оқып берейін:
– «О, арулар!
Күн күліп шықты бүгін.
Қызғалдақтың кім-кім де ұқты құнын.
Тегін емес еркек те,
Өздерің-ақ
Білесіңдер жігіттің мықтылығын!»
Қарусыз-ақ айқасып көкжалменен,
Ыққан одан айдаһар –
Тажал деген.
Өмір үшін,
Ошақ үшін
Талай келген бетпе-бет ажалменен.
Ашуланба,
Күйінбе!
Тым асқынба!
Жанартауы жарылар жуастың да!
Сен үшін де ол алысып аюменен,
Жайынменен айқасар су астында.
Бола берме, ей сұлу, күпті мұңға.
Өзін-өзі сен үшін тықты құмға.
Мықты ғой ер,
Мықты ғой!
Бірақ, бірақ
Осалдығы болады мықтының да!
Қызғаныштың күшігі жүрсе ізіңнен
Ашу атты аулақ бол құр сезімнен.
Снарядтан жығылмай,
Ұшып түсер
Еркек сенің бір өкпе,
Бір сөзіңнен!»
Айдос:
– Насихат, сен бағана менің аузыма қақпақ қойып, Кеңестік дәуірдегі әлеуметтік жетістіктерді санап бердің де, кемшіліктерін бүгіп қалдың. Енді соларға тоқталатын кезек келген сияқты... Жетпіс жылдан астам өмір сүрген Кеңес дәуірі қоғамның дамуын табиғи арнасынан тайдырып, өркениетке орасан нұқсан келтірді. Капиталистік даму сатысына ілікпеген, феодалдық елдердің жиынтығын бірден коммунизмге апармақ боп жанталасты. Нарықтық экономиканың да жақсы-жаман жақтары бар шығар... Бірақ, сол жолға түспесек біз өркениеттен алшақтап қалатынымызды білгеніміз абзал. Ерте ме, кеш пе ол сатыдан өтуіміз қажет. Ал, енді Кеңес дәуіріне қысқаша шолу жасайын. Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыран, қазақ халқының жартысын жұтқан ашаршылық, тоз-тозы шыққан халықтың есін жидырмай басталған Екінші дүниежүзілік соғыс – желдің өтіне жаралған еркектерді қойғанда, әйелдерге өзінің әйел екенін ұмыттырып жіберген жоқ па?..
Берік:
– Айдос дұрыс айтады. Дін мен діл, ғасырлар бойы сұрыпталып қалыптасқан елдік салт-дәстүр ескіліктің қалдығына телініп, болмысымызға балта шабылды. Ұрпақ тектілігін, ар-ұят пен иманды, ұлттық жаратылысымызды сақтауға қызмет ететін ұғым, наным-сенімдер коммунистік насихаттың тұтқынына айналды. Оның құрбан болғандары қаншама. Әсіресе, әйелдерді еркектерге теңестіру саясаты – ізгілікке, нәзіктікке, екеу-ара сыйластыққа, аналық мейірімге, әсемдік пен сұлулыққа жасалған қиянат болды. Еркектер мен бірге шахтаға-вахтаға түсіп, трактор айдаған нәзік жандылар нәзіктігінен, мейірімділдігінен, сезімталдығынан айырылды. Бұл қоғамның тұлғасы еркектер қауымын әйелдер арқылы тұқыртып ұстауға бағытталған құйтырғы саясат болатын. Бала-бақшадан бастап тәрбиесіне таңылған, әйел ұстазына еліктеген, партия пәрмені арқылы әйел еркіне бағынуға мәжбүр болған еркектен ерлік, кесек мінез, сөзі мен сертіне берік мәрттік күтудің жөні бар ма?..
Коммунистерге тұрпайы әйелдер мен мәнжубас еркектерден құрылған қоғамды дегеніне көндіріп басқару ыңғайлы болған болуы керек?..
Айдос:
– Берік, болашағы баянсыздау бұл жүйе ақыры өз-өзінен сетінеп тынды. Бірақ оның адамзат ұғымына тастаған зіл-запыранынан, кемігімізге дейін сіңіп кеткен жұқпалы дертінен қоғам әлі арыла қойған жоқ. Сенің белгісіз батырыңның тағдырына да сол жүйенің салқыны тиген сияқты...
Еліміз егемендік алып, өркениетке есігімізді айқара аштық. Тамұқтан жарыққа шықтық. Өркениеттің жан-жағымыздан жамыраған жалт-жұлт сәулесі көзді қарықтырады. Осы сәулені ашкөзденбей, бойымызға талғаммен сіңірмесек, біздің ұрпағымыз өресіз өркениеттің тұтқынына айналады. Жаратқан жар болып, келешекті сол апаттан сақтасын.
Насихат:
– Екеуіңіз де жатқан саясаткер екенсіздер ғой. Мен бәрібір өз көз қарасымда қаламын. Ол жүйенің де жақсы жақтарын алуымыз керек-ақ. Нарықтық жүйенің санай берсең кемшілігі жеткілікті. Бір-бірімізбен пікір таластырамыз,- деп отырып, осы пікір-таласқа себепкер адамды ұмытып кетпейік. Меніңше, жақсылап алғысөз жазып, оның өлеңдерін газетке басу керек сияқты?..
– Бәлкім, сонда егесі табылар...
Айдос:
– Дұрыс айтасың. Редактордың көзін жеткізуді өз мойныма аламын.
Насихат:
– Өлең – құдірет. Өйткені құран да өлеңмен жазылған, оның арғы жағында Алла тұр. Осымен бүгінгі пікірталасты тоқтатып, жұмысқа кіріссек қайтеді?..
Айдос:
– Солай болғаны жөн сияқты...
Сахна жабылады.
2 көрініс
Беріктің мансабы өсіп, жауапты хатшы қызметіне тағайындалғандықтан жеке жұмыс бөлмесі берілген. Сахна жауапты хатшының бөлмесіне сай безендіріледі. Жауапты хатшының алдында отырған Насихат шығуға ыңғайланып, орнынан тұрып барып:– Беке,3-4 ай өтіп кетті ғой, анадағы батырыңыздан хабар жоқ па?- деп сұрайды.
Берік:
– Нәке, беймәлім күнделік иесінің өлеңдерін сұрыптап газетке «Ой тұтқыны» деген тақырыппен бергелі бері біздің редакцияға хаттың қардай жауып жатқанын өзіңіз де көріп жүрсіз ғой. Шулы да дулы қоғамда түрлі пікірлер туғызып, біздің газетіміздің абыройын аспандатып жіберген сияқты?.. Өкінішке орай, күнделік егесі әлі хабарласпай жатыр. Хабарласып қалар, үмітімізді үзбейік.
Насихат шығып кеткеннен кейін хатшының бөлмесіне сәлемі сыпайы, ажары ашық, жасы 25-30 шамасындағы бір жас жігіт кіреді. Амандасып болған соң, таңырқап тұрған Берікке ол бүй дейді:
– Келген едім таң азаннан бағана,
Мысың басып ұзақ жүрдім, жан аға.
«Ой тұтқыны» менің әкем екені,
Кешіріңіз, кештеу жетті санама.
Күнделікті бере алсаңыз қолыма,
Сүйіншісін дайындадым жолына.
Пенделіктен безіп кеткен әкемнің,
Ізін кесіп түсу керек соңына.
Жылдан асты әкем үйден кеткелі,
Көрдім-білдім деген хабар жетпеді.
Ойлы көзі, айтқан сөзі-кетерде,
Жатсам-тұрсам көкейімнен кетпеді:
– «Төлдің басы өзің едің қарағым,
От басына бас болуға жарадың.
Жалғыз інің жетімдікті сезбесін,
Анаңның да көңіліне қарағын.
Жат жұрттағы нала қылма қыздарды,
Келінге де бол берме ызғарлы.
Менің асқақ арманымның арқауы,
Пенделіктің қазығына шырмалды.
Таба алмай дәру болар амалын,
Бұза алмадым түсінбестік қамалын.
Түтін түзу шығу үшін мұржадан,
Шарасыздан үйден кетіп барамын.
Егер шешең ықыласын суытса,
Өзімнен де күнә барын ұмытпа.
Болған іске болаттай боп бекініп,
Көңіліңе ешбір кірбің жуытпа.
Іздеп мені әуре болма, жан балам,
Пешенеге ешкім өзі жазбаған.
Барлығыңды сырттан жебеп жүретін,
Рухани күшке енді айналам!»
Тұрған мені тіл қатуға жарамай,
Бастан-аяқ барлап шықты саралай.
Құшырланып маңдайымнан сүйді де,
Жүріп кетті алды-артына қарамай.
– «Әке, тоқта,- дедім алға ұмтылып,
Қарамады жігерімді құм қылып.
Үйге келсем телефонмен біреуге,
Анам отыр өсек айтып ынтығып.
Неге кетті? - дегеніме шамданып,
Телефонды қоя салды қаңтарып.
Жарты сағат өзін-өзі ақтады,
Бар пәлені әкем жаққа аударып.
Әрі-сәрі күйді кештім бір түрлі,
Мына жалған неге сонша құйтырғы?..
Екі оттың ортасына тықпалап,
Шешілмеген жұмбағы көп «сый» тұрды.
Күндер сырғып өтіп жатыр кезекпен,
Бірі демеп, бірі тартып етектен.
Құбыжықтар кіріп менің түсіме,
Кейде шошып оянамын төсектен».
Берік:
– Атың кім, қалқам?
– Арман.
Берік:
– Түсінікті, Арман! Күнделіктің иесі нағыз драмалық тағдыры бар жан екен . Алла жар болып – шаңырағы шайқалмасын! Сүйіншісін дайындадым,- дедің бе? Рахмет, қарағым, міне, әкеңнің күнделігі. Мен сүйіншімді алып қойған секілдімін. Себебі, көңілімді күпті етіп, арқама аяздай батқан азамат тағдырының арашашысын, іздеушісін таптым! Сен қысқаша болса да, ағыңнан жарылып өмірінен мағлұмат бердің. Өмір-өзеннің екі жағасындағы әкең мен шешеңнің тағдырына дәнекер көпір болатыныңа үміт артамын. Ақ пейілмен, ақ жол тілеймін! Айтпақшы әкеңнің аты кім еді?
Арман:
– Жомарт.
Берік:
– Арман, менімен хабарласып тұр. Әкеңді іздесуге біз де атсалысамыз. Жақсы хабар болса маған жеткізуге асық. Мә, мынау қажет болар,- деп визиткасын береді. Рахмет айтып, Арман шығып кетеді.
Сахнадағы жарық біртіндеп сөне бастап күнгірт қана жанып тұрады. Орынкүл Сыдықованың (автордың сөзіне жазылған) «Әйелдерге ода» деген әні орындалады. Ән орындалып жатқанда әйелдердің әр түрлі бейнелері көрініс тауып жатады.
ӘЙЕЛДЕРГЕ ОДА
Сұлтандар мен әмірлер гаремдерге жинаған,
Гитлер менен Сталин лагерлерде қинаған.
Арна кеуіп қалмау үшін, ғұмырларды жалғау үшін,
Қара күшке иілгеннен әйел шыбық сынбаған.
Әйел – анам, әйел – жар,
Әйел -- өмір жайнаған,
Әйел – серік, әйел – нұр,
Әйел – тірлік қайнаған.
Әйел – шабыт, әйел – гүл,
Әйел – жырдың арқауы.
Әйел – тұғыр, әйел – тақ,
Әйел – бағым таймаған.
Шыңғысхан мен Темірлан жарты әлемді жаулаған,
Сұлулардың құшағына жаһангерлер тоймаған.
Әттең, бірақ, қолда тұрып бар биліктің құрығы,
Бір әйелдің жүрегін де толық жаулай алмаған.
Әйел – мазақ, әйел – пұл,
Жарнамада жалаңаш.
Әйел – олжа, әйел – күң,
Базарларда қарбалас.
Әйел – шарап, әйел – түн,
Көк аттының ермегі.
Әйел – жұмбақ, әйел – кім?
Әйел-көкпар тарқамас.
Дарындардың аспанын бұлт қонып торлаған,
Қырандардың тағдырын шүрегейге байлаған.
Зиялы әлем табынған Толстойдай дананы,
Өз әйелі өмір бойы мойындамай қорлаған.
Әйел – пері, әйел – жын,
Әйел – сұлу арбаған.
Әйел – залым, әйел – сұм,
Әйел – сорым қайнаған.
Әйел – індет, әйел – жұт,
Тамшы суға зар еткен.
Әйел – тағдыр, әйел – құм,
Уысымда тұрмаған.
Қайғы менен қуанышты қатар өріп сыйлаған,
Тағдырымды қиянатқа қалай ғана қия алам.
Аппақ менің арым болған бір әйелді мойындап,
Көкірегіме атын жазып тарихқа мен айналам.
Әйел – қиял, әйел – мұң,
Әйел – шырақ жанбаған.
Әйел – сандық, әйел – сыр,
Әйел – үміт талмаған.
Әйел – намыс, әйел – сын,
Әйел – берік босаға.
Әйел -- өзен, әйел – көл,
Әйел – шөлім қанбаған.
Ән біткенде сахна жабылады
3 көрініс
Сахна қаланың шағын гүлзарын еске салатындай етіп безендіріледі. Гүлзарларға (саябақтарға) қойылатын орындықта Арман әкесінің күнделігін ақтарып отырады. Біраздан соң қалта телефонын алып, біреуге қоңырау шалады. Мырзалы аға, Сіздің айтқан гүлзарыңызда отырмын, келесіз бе? Бес-он минутта дейсіз бе? Күтемін. Дегбірсізденіп, арлы-берлі жүріп, күнделіктен өлең оқи бастайды:
– «Ей, тағдырым, сен мені өкпелеттің,
Сары күзді келмейді көктем еткің.
Мұз құрсанған қабаққа қамап қойып,
Сұм аязға келеді желкелеткің.
Көңіл қалды, ей, тағдыр, өкпелеттің,
Мұз үстінде мен қалай көктемекпін?
Ымыраға келмесең, жалынбаймын,
Маған десең, мұз шайнап кет демекпін!...
Шындық қайда, білмеймін, жала қайда?
Аққу көңіл салынды талапайға.
Шегір көздер шел басқан сығырайып,
Шындық емес, іздейді таза пайда.
Жаза қайда, білмеймін, қаза қайда,
Марғау ұлды тағдырым мазалай ма?
Жақыннан да, жаттан да көңіл қалып,
Безіп кетсем, білмеймін, азалай ма»?..
– Тағдыры тәлкекке түсіп, уайым-қайғы жамылғанға ұқсайды...
Айдың-күннің аманында әкем неге осыншама уайым-қайғыға берілді екен?.. Шешем неге ашушаң болып алды?.. Мен білмейтін бір сыр бар ғой бұл жерде деп, қайтадан өлең оқуға кіріседі:
«Қиын-ау бәрі, қиын-ау,
Есіңді қайта жиып-ау».
Отыз жыл үзбей тұқыртып,
Тағдырың салса қылбұрау.
Қиын-ау сезім, қиын-ау,
Үздіккен көңіл құлын-ау.
Отыз жыл құшақ айқасып,
Сұмдық қой жүрек жылымау.
Қиын-ау зәлім, қиын-ау,
Алатын бәрін сығып-ау.
Балаңды қайрап өзіңе,
Алғандай жеке туып-ау.
Қиын-ау өте, қиын-ау,
Егесіз қалса үйің-ау.
Боғатқа шыққан сұр жылан,
Түсуі жерге қиын-ау»...
– Мынаусы, шарасыздыққа ұшыраған күйзеліс қой. Шешем мен әкемнің арасына бір беймәлім дүрдіараздық сына қаққан сияқты... Қызғаныш па? Жоқ, мүмкін емес. Әкем қылмыс жасады ма екен?.. Жоқ, ол да мүмкін емес. Сонда не?.. Неге үйден кетіп қалды?.. Не жетпейді екеуіне?.. Қылмысты шешем жасады ма екен?.. Мүмкін емес. Білмедім,- деп басын ұстап орындыққа сылқ етіп отыра кетеді.
Бір кезде қолында бір топ газеттері бар жасамыс Мырзалы келеді. Арман отырған орнынан тұрып барып амандасады.
Арман:
– Ассалау-ма-ғалейкум! Мырзалы аға!
Мырзалы:
– Уағалейкум-ас-салам!
Жұмыс қалай, анаң жүр ме бақуат,
Тұрмыс қалай, аман-сау ма атырап?
Неге сұлық, Арманжан-ау, ажарың?..
Саулығыңды ұста қалқам, бақылап.
Арман:
– Секем алған жүрек әлі шошуда,
Арман болды әкеммен бас қосу да.
Әке жайын сөз еткенде отбасы,
Шешем неге беріледі ашуға?
Мырзалы:
– Тауқыметін басқалардың артып ап,
Ренжімей жүруші еді шапқылап.
Сенің әкең дос меселін қайтармай,
Күлуші еді тау суындай сарқырап.
Дархан еді, арман еді қуғаны,
Қиянатқа қарсы болды туғалы.
Күрт өзгерді ашық-жарқын мінезі,
Бес жыл бұрын бір оқиға болғалы.
Арман:
– Не оқиға, жағасынан алғандай,
Қандай тірлік, көңіл қатты қалғандай?
Айтшы, аға, айтыңызшы, өтінем,
Қандай іске душар болды «сормаңдай?..
Мырзалы:
– Еһе, жаным, ұзақ қой бұл әңгіме,
Саған қалай... Бұл әңгіме мәнді ме?
Маған ғана сенген сырын досымның
Сақтап өтсем, деген едім мәңгіге.
Мен туралы айтпай-ақ қой анаңа,
Көңіліне кірбің алып қала ма?..
Әкең жайлы айтсам саған мағлұмат,
Тіс жармағын, жік салмағын араға.
Ана газет «Ой тұтқынын» басыпты,
Жан досымның сырын жұртқа ашыпты.
Мен де ашайын қияметтік сырымды,
Енді қайтем, отыз жылдан асыпты.
Мырзалы орнынан тұрып, бойындағы толқуын баса алмай әрлі-берлі жүреді. Ойын жинақтап алып:
– Хабарласты, әкең сені сұрады,
Беймәлімдеу, бірақ әлі тұрағы.
Енді қалқам, тыңда мені құлақ сап,
Тірі жанға айтылмаған сыр әлі:
Әкеңменен отыз үш жыл дос болдым,
Жомарттығын, жақсылығын көп көрдім.
Тағдырына талқан болып шашылған,
Оқиғаны көз алдымнан өткердім.
Жүрген едік Алматауда қыдырып,
Бірге оқитын Еркін келді, жүгіріп...
Осы жерде Мырзалы бірауық қиялға беріліп, ойланып тұрып қалады. Сахна біртіндеп қараңғылана бастайды. Жарық қайта жанған кезде Арман мен Жасамыс Мырзалы елес сияқты сахнадан жоғалып кетеді. Сахна режиссердің талғамына сай безендіріліп, қыдырып жүрген жас Мырзалы мен Жомарт пайда болады. Ентігіп жүгіріп шыққан Еркін, аптығып:
– «Тағы мені құдай ұрды, жолдастар,
Енді қайтем?.. Қойдым қызды бүлдіріп...
Ана сайда абыройы төгіліп,
Жылап жатыр, жылап жатыр егіліп.
Бос емесін сұрап алмай басымның,
Өліп-өшіп, құлай сүйді беріліп.
Өзі... Өзі қарсыласпай берілді,
Соған қарай, қыз еместей көрінді
Әйелімнің барын естіп алған соң,
Өлемін,- деп өз жанынан безінді.
Болыңдаршы, жүріңдерші көмекке,
Қыз екен бір басылмайтын, өрөкпе.
Зорлықпенен үйлендім ғой жақында,
Енді менің сотталғаным керек пе»?..
Осы кезде сахна қайтадан қараңғыланып барып, жарық жанған кезде Арман мен жасамыс Мырзалы қайта пайда болады.
Мырзалы:
– Біз де жеттік, Еркін бастап жыраға,
Арғы жағы жар екен бір құлама.
Бір пенде жоқ жатыр деген сайында,
Ал, Еркінім, жыла мейлі, жылама...
Төмен түстік жоқты іздеп, абдырып,
Бұлақ жатты, жер сусынын қандырып.
Алдымыздан бір қыз шықты тістенген,
Қайсарлығы есімізден тандырып.
Еркін ырза, ыржалақтап түлкідей,
Бұл күлкісі қызға тиді түрпідей.
Қолын созып «Тоғжан» деді жымиып,
«Мырзалы, Жомарт» дедік дүркірей.
Сахна біртіндеп қараңғыланып барып қайта жанады. Арман мен жасамыс Мырзалының орнына, студент жастар Еркін, Жомарт, Мырзалы және Тоғжан пайда болады.
Тоғжан:
– Қайырғандай көгершіннің қанатын,
Іс тындырды – сүйіншісін алатын.
Шыр-пыр болып, жылан көрген торғайдай,
Жөні бар ма, пана іздеп шабатын?..
Күйгелектің күйпіңіне күйіндім,
Жылап-жылап жаңа ғана тыйылдым.
Өлгім келді, жиркеніштен қорынып,
Бірақ, қазір жұдырықтай түйілдім.
Бал-бұлаққа тазаланып жуындым,
Көз жасыма татымайды жырындың.
Жігерленіп, өз-өзімді жұбатып,
Махабаттың пірлеріне сыйындым.
Бірер сағат бұрынырақ білмеппін,
Дон-Жуанның құшағында гүлдеппін!
Амалым не, ғашық жүрек аңғал ғой,
Күріш едім, енді міне күрмекпін.
Еркінге қарай сұқ саусағын кезеп:
– Талай қызды түсіретін торына,
Азғыратын, отыратын сорына,
Бұл әңгінің жүрегіне салар ем,
Егер, қазір қанжар түссе қолыма.
Бірақ... Несін жақындайын есекке,
Онсыз дағы, бір былғандым төсекте.
Пәк сезімнің киесі ұрсын көркіңді,
Не істесең – дүниеде есепте.
Сахна біртіндеп қараңғыланып барып жанады. Студенттер кетіп, Арман мен Мырзалы (жасамыс) пайда болады.
Мырзалы:
– Бақ пен мұңы бір сағатта астасып,
Көрсеқызар зұлымдыққа қастасып,
Ғашығының бір түкіріп бетіне,
Жүріп кетті, Тоғжан бізбен қоштасып.
Қыз намысы езге емес, ерге сын,
Өжет қызға бақыт сыртын бермесін.
Жылап тұрып, күліп жұртпен қоштасу,
Барлық қолдан білу керек келмесін.
Пікір саптап, екеуара таластық,
Керілдестік, келіспедік, жарастық,
Қызды емес қайыспаған қайғыға,
Біз жігітті мүсіркеумен тарастық.
Абыр-сабыр, жазғы сессия басталып,
Әбіржітті «зачет» жинау есті алып.
Еркініміз институттан қуылды,
Емтиханға дайындалмай күш салып.
Сессияны аяғына жеткіздік,
Жаз айларын «студотрядта» өткіздік.
Жұмыс қолы зәру болған ауылдың,
Бір көшесін салып үйге кіргіздік.
Табыс жақсы, шат көңілмен сый да алдық,
Күз де жетіп, Алматыға жиналдық.
Алапестің жабысқанын Еркінге,
Жерлесінен естіп біздер қиналдық.
Былтыр күзде «простотитке» шалдығып,
Дәрі-дәрмек жүрген еді салдырып.
Аяғына жеткізбестен ем-домын,
Сол кеселі шықты ма екен жаңғырып?..
Осы кезде сахна біртіндеп қараңғылына бастап, пауза орнайды. Сахна қайтадан жарық болған кезде Арман мен Мырзалының (жасамыс) орнында студент Мырзалы мен Жомарт пайда болады.
Әттең-ай,-деп Жомарт ойын өргізді:
– Бекер, бекер нала қылды сол қызды,
Шыбын жанын біздер алып қалардай.
Неге, неге ... Куә қылды ол бізді?..
Сүйгені үшін, тағдыр тартқан жазаның,
Уақыт емші жан жарасын жаза ма?
Қайта түзеп, шалыс басқан қадамын,
Басқа жанға ғашық бола ала ма?
Обал бопты, ана байғұс Еркінге,
Емі бар ма, оған жердің бетінде?..
Аянышты, өкінішті әрине,
Мін жоқ еді сыртқы сұлу көркінде.
Мырзалы:
– Болды Жомарт, тоқтат енді, жетеді,
Өз тағдырын Еркін өзі шешеді.
Жүр одан да театрға барайық,
«Еңлік-Кебек» жүріп жатыр деседі...
Сахна қайтадан қараңғылына бастайды. Жарық жанған кезде студенттердің орнында Арман мен жасамыс Мырзалы пайда болады.
Мырзалы:
– Жомарт әлі ойдан түгел арылмай,
Ұсынысты ала салды қабылдай.
Тұрып қалдық кассасының алдында,
Қас қылғанда, бізге билет табылдай.
Артық билет шығар деген үмітпен,
Тұрғандарды араладым, жүріп мен.
Ойда жоқта көпшіліктің ішінен,
Көріп қалдым Тоғжанды бір жігітпен.
Мұңның ізі білінбейді, көңілді,
Шиедей ғып бояп апты ерінді.
Бірден танып амандасты жайдары,
Сұрап жатыр жағдайымды, жөнімді.
– Мына жігіт бөле, - деді, - менімен,
Биыл түсті оқуға кеп елінен.
Күтіп тұрмыз Ғаппардың бір достарын,
Билет алып оларға да қойып ем.
Деген кезде қоңырау да соғылды,
Тоғжан енді Ғаппар жаққа бұрылды:
– Талап болса, мына екі билетті,
Кешіктірмей сата салған орынды.
– Ғаппар,- дедім, ағаңа бер жолыңды,
Мен-ақ сатып әкелейін оныңды.
Билеттерді Жомартқа тез ұстатып,
Қайтып келіп бердім екі сомымды.
Көп кешікпей қойылымы басталды,
Тым әсершіл жүректерге шоқ салды.
Ғашықтардың қасіретін көргенде,
Мөлт-мөлт етіп жанарлардан жас тамды.
Жігіттіктің буы болып мұрындық,
Шыққаннан соң бір кафеге бұрылдық.
Пәк сезімді, хас ерлікті дәріптеп,
Тост көтеріп, пікір айтып қызындық.
Қорытындылар отырысты кез келді,
Шабыт қысып Жомарт түрі өзгерді.
Тілек айтып, әзіл айтып, артынан
Өлеңменен жалғастырды ол сөзді:
Осы кезде сахна қараңғыланып барып, жарық қайта жанады. Арман мен Мырзалы сахнадан кетіп, орнын жаздық кафеде отырған студент жастар басады.(Жомарт, Мырзалы, Ғаппар, Тоғжан). Дастархан үстінде Жомарт өлең оқиды:
– Дауыл соғып ашық теңіз бетінде,
Алып кеме күтіп тұрса шетінде.
Қалтқыдай қайық мінген ескексіз,
Жүзіп жүрсе тағдыр дауыл өтінде.
Мен сол кезде палубада дүрбімен,
Қарап тұрсам ол кемеден мүлгіген,
Ағытар ем, қауіп төнсе қайыққа,
Ойланбастан ол кемені ілгіден.
Осы кезде даяшы қыз есеп ажыратуға келеді. Ғаппар мен Тоғжан екеуіне рахметтерін айтып, шығып кетеді. Мырзалы даяшы қызбен есеп ажыратып болған соң:
– Жомарт, - енді қалдық біздер оңаша,
Бүгінгі кеш өтті жақсы, тамаша.
Қыз да жақсы, оған тағар күнәм жоқ,
Бетке шіркеу, ана жағдай болмаса.
Жомарт:
– Жазығы не, арман оны алдаса,
Сонда тұрған не бар дейсің, далбаса!
Жар етемін, бар жағдайын түсініп,
Қыз жүрегі, егер мені таңдаса.
Сахна қараңғыланып барып, қайтадан жанады. Арман мен жасамыс Мырзалы қайта пайда болады.
Мырзалы:
– Таң атпасқа күн қоя ма, шырағым,
Екі жылға әрең созды шыдамын.
Менің айтқан ескертпеме қарамай,
Ғашық жүрек сайлап қойды шырағын.
Екі жүрек арман қосты арманға,
Амал бар ма, амал бар ма талғамға?..
Көзді салмай қызғалдақтай қыздарға,
Менің досым тағдыр қосты Тоғжанға.
Қиындықты жеңді білек түрініп,
Ұл өсірді, қыз өсірді бірігіп.
Тәрбиелі отбасына айналды,
Жұрттың ерте назарына ілігіп.
Қызмет болды, дәулет қонды орташа,
Нысап қалса, керек емес көп аса.
Бірақ, бірақ, бел ортаға жеткенде,
Нарық келді, заман келді жаңаша.
Төңкеріс боп жатты бүкіл санада,
Жекешелеу жүрді барлық салада.
Алтын балық қарақшының торында,
Шараң қанша, қалып қойсаң далада.
Кәсіпорын, Жомарт досым басқарған,
Шет қалмады нөпір мына «аукционнан».
Директорға дүкен тиіп, қалғанын
Прокурордың жиендері бас салған.
Жомарт біраз шырылдады, күйінді,
Шарасы жоқ, амалсыздан тыйылды.
Басы емес, қолы емес – қайтеді –
Мансап қана шешіп тұрса түйінді.
Кәсіпорын тарауға бет алғанда,
Кабинетте Жомарт жеке қалғанда,
Жүзі мұңды бір қызметші кіреді,
Қыз-бейшара қысқартылып қалған ба?..
Сахна қараңғыланып барып жанады. Сахнада кәсіпорын директорының столы пайда болып, Жомарттың (директор) алдындағы орындықта Гүлсәнім отырады. Гүлсәнім шығуға бет алып, орнынан тұрып:
– Аға, сізге бір хат бар, кейін оқырсыз,- деп хат тастап, шығып
кетеді. Гүлсәнім кеткеннен соң Жомарт:
– Қане, қандай хат екен,- деп, өлеңмен жазылған хатты оқиды:
– «Аға, бүгін соңғы күнім жұмыста,
Әлі күнге, болған жоқпын тұрмыста.
Бала-шаға, жұбайы бар бақытты,
Жалғыз ғана сізді сүйсем – қылмыс па?..
Он жыл бойы тұмшаладым сезімді,
Он жыл бойы қинап біттім төзімді.
Бата алмадым, мені дұрыс түсінбей,
Жерге тастап, қоя ма деп сөзімді.
Жастың өзі келе жатыр шалқайып,
Қыз күйімде кетем бе мен қартайып?..
Жалғыз ғана ұрпақ қалса өзіңнен,
Өтер едім, бұл жалғаннан марқайып.
Түсімде мен, ұл туыппын асықтай,
Қиялданам көңілімді жасытпай.
Сізге салмақ ешқашан да салмаймын,
Ойлан аға, жауап күтем асықпай».
Жомарт ыңғайсызданып, дегбірі кетіп: – Бұнысы қалай?.. Жас жігіттер көп емес пе?.. Неге мені ұнатты?-деп ойланып тұрғанда сахнаның жарығы біртіндеп сөне бастайды да, қараңғылықтың қойнына кіріп жоқ болады. Біртіндеп сахнада қайтадан жарық пайда болып Арман мен Мырзалы (жасамыс) баяғы орындарында болады.
Мырзалы:
– Жомарт жүрді, біраз уақыт жұмыссыз,
Жөндеп жатқан дүкені де кіріссіз.
Азын-аулақ қинағанмен әзірше,
Біткеннен соң, бола қоймас ырыссыз...
Ойдан кетпей Гүлсәнімнің тағдыры,
Пәтеріне барып тынды, ақыры...
Айтуды да, айтпауды да Тоғжанға,
Білмей жүрді, жетпей жүрді ақылы.
Бір күні келіп басса, қоңыраудың құлағын,
Басқа біреу дайындап тұр сұрағын...
«Жомарт келсе, іздемесін мені»,- деп,
Көшкен екен соған сатып тұрағын.
Болған істі қайырым,- деп түсінген,
Аңғал досым Тоғжанға айтып, ісінген.
Нәтижесі адам естен танарлық,
Өң түгілі, шошитындай түсіңнен.
Мен демалып жатқан едім жаным-ау,
Телефонда шылдыр етті қоңырау.
Тұтқаны алған кемпірім:
– Шақырып тұр Тоғжан сұлу,- шалым-ау...
Зәрем кетіп, зәрдің тура түбіне,
Жетіп келдім, ұшып келдім үйіне.
Қарау қиын, қарау қиын Тоғжанның,
Өті шауып, күреңіткен жүзіне.
Сахнадағы жарық біртіндеп сөніп, қайта жанғанда Жомарттың үйінің бір бөлмесінде Жомарт, Мырзалы және Тоғжан болады. Тоғжан түтігіп алған, түрегеп тұр. Жомарттың басы салбырап, еңсесі түсіп отыр. Мырзалы дегбірсізденіп:
– Тыныштық па, Тоғжан?- деген кезде.
Тоғжан:
– Мына жетім, мен арқылы жетіліп,
Бала-шаға алды шүкір, өсіріп.
Елуінде шегірткедей секіріп,
Алды бүгін абыройын түсіріп.
Сұқ саусағын Мырзалыға қарай оқтап:
– Ей, Мырзалы, сенен қатты өтінем,
Түсіндірші, мына итке көкіген.
Тауып берсін – шаранасын түсірем,
Содан кейін, бұл иттігін кешірем.
Ана сайқал, табылмаса бірақ-та,
Жан досыңның басын салам азапқа.
Керек емес, маған бұның қайқаңы,
Шімірікпей өзін тығам дозаққа.
Осы кезде сахнадағы жарық біртіндеп сөніп, қайта жанады. Сахнада Арман мен жасамыс Мырзалы көрініс табады.
Мырзалы:
– Қатыгездік керек емес, жаңылма,
Болмашыға қайыспасын қабырға.
Бала-шаға, елден-жұрттан ұят,- деп,
Шақырған ем, Тоғжанды мен сабырға.
– Шық үйден,- деп, есік жақты нұсқады,
Тұла бойын безгек буып ұстады...
Бес жыл бойы қиылғанмен кемпірім,
Олай қарай көңіл– кептер ұшпады.
Содан бері дос есігі жабылды,
Дос жүректер бірін-бірі сағынды...
Жомарт келіп, құпиялау жағдайда,
Анда-санда біздің есік қағылды.
Ең соңғысы, былтыр келді сыр түйіп,
Еңсе түскен, жанарлары кіртиіп:
– «Сүйгенімнің ұсақтығын көргенше,
Өлген артық, кетем»,- деді күрсініп.
Көргенімді айттым, балам, қысқартып,
Қосқаным жоқ, бұрғаным жоқ – іш тартып.
Мың толғанып, мың ойланып бұл сырды,
Саған ғана ақтардым мен тіл қатып.
Мырзалы Арманды бауырына басып құшақтап тұрғанда, сахнадағы жарық біртіндеп сөніп, қайта жанғанда Жомарттың үйінде Тоғжан (ана) мен Арман оңаша отырады.
Арман:
– (Ашулы түрде) Апа, мен бәрін білемін, әкемнің күнделігін де тауып алдым. Бір жаза басты екен,- деп азаматтың сіңірген еңбегін еш етіп, басын сарсаңға салуға бола ма?.. Отбасының, біздің тағдырымыз Сізге ойыншық па?.. Жасыңыз келгенде ел-жұрттан ұялмайсыз ба? Қай уақытқа дейін іссапарда жүр,- деп жұртты алдайсыз?..
Тоғжан:
– Бесіктен белің шықпай жатып нені білесің сен?.. Ата сақалы аузына түскенде моралдық азғындауға түскен әкеңді қорғаштағаның ба, бұл?..
Арман:
– Апа, түсініңізші... Біреудің драмалық тағдырына араша түсемін,- деп, өз басын шырғалаңға салған әкемнің кінәсі жоқ дей алмаймын... Бірақ, бұл қылмыс емес қой... Кешіруге болатын жағдаят емес пе?
Тоғжан:
– Қалайша, қылмыс емес?.. Бұл нағыз қылмыс! Қылмыс болғанда да, ата-бабасының келмеске кеткен феодалдық болмысын аңсаған қылмыс!
Қалайша кешіруге болады?.. Біреу айтса сенбес едім, өз аузынан есіттім ғой...
Арман:
– Әкем залым, зымиян болса өз «қылмысын» Сізге айтпас еді ғой. Айтпаса не істер едіңіз?..
Тоғжан:
– Айтпағаны жөн еді, уыздай ұйып отырған отбасымызды ойрандамай...
Арман:
– Әкем де пенде ғой, періште емес... Осыны өзара келісімге келіп, жұртты осыншама дүрліктірмей, кешіріммен қарауға болмас па еді?..
Тоғжан:
– Бізде тұрмысқа шықпаған кәрі қыздар көп. Солардың әрқайсысы біреудің отбасын ойрандай берсе, не болады сонда?..
Арман:
– Апа, сіз бұл жағдайға коммунистердің көзімен қарап тұрған сияқтысыз?.. Коммунизм де халық санасын әбден улап, келмеске кеткен. Моральдық азғындау,- деген тіркес көшеде жүріп тәнін саудалағандарға, кісі ақысын жегендерге айтылмай ма?.. Біреудің тұйыққа тірелген тағдырын тұйықтан шығаруға қолқабыс жасаған адамды қалай азғын деуге болады?..
Тоғжан:
– Балам, сен ана–Мырзалы мылжыңның құрығына түскеннен саумысың?.. (Өршеленіп) Санаңды шатпақтап, миыңды атала етіп жіберген екен ғой, ә?..
Арман:
– Мырзалы мылжың емес, әкемнің досы, біздің отбасымыздың жанашыры... Сол үшін ақыл-кеңесін тыңдауға міндеттімін.
Тоғжан:
– Неге барасың оған? Аулақ жүр дегенім қайда?.. Анаңның ақ сүтін ақтағаның осы ма?..
Арман:
– Апа, сабаңызға түсіңіз. Перзент тағдыры мен отбасы тағдырына екеуіңіз бірдей жауапты жауапты емессіздер ме? Неге сіз өз ойыңызды ғана дұрыс санап, басқалардың пікірімен санаспайсыз?.. Неге сіз коммунистердің құйтырқы саясатын осы күнге дейін түсінбейсіз?.. Біз қазір тәуелсіздік алған елде өмір сүріп жатырмыз. Бізде коммунистік емес, ұлттық идеология үстем болуы қажет.
Тоғжан:
– Ұлттық идеологияң – көп қатын алу ма?.. Түкірдім мен ондай идеологияға.
Арман:
– Мен Сізге олай деген жоқпын. Бірақ, ұлттың өсіп-өніп, өркендеуі үшін қажет болса, одан да бас тартуға болмас... Cонда қыздар отырып қалмас еді... Бас иесі болса – көшеге шығып тәнін саудаға салмас еді.
Тоғжан:
– Не деп кеттің, балам?.. Әкеңнің істеген ісін ақтауға тапқан амалың ба, бұл?..
Арман:
– Ақтап жатқаным жоқ. Кешіріммен қарағанымыз дұрыс деп жатырмын.
Тоғжан:
– Жоқ, мен кешіре алмаймын!
Арман:
– Апа, сіз өміріңізде еш жаңылыс баспадыңыз ба?
Тоғжан:
Ойланып қалады да: – Бассам, басқан да шығармын жас кезде... Жаза басты,- деп кім айтты саған?.. Мырзалы ма?..
Арман:
– Жоқ, жалпы сұрап жатқаным ғой...
Тоғжан үстінен ауыр жүк түскендей күрсініп салады да:
– Коммунистердің бақшасына неге кесек атасың балам? Сол коммунистердің арқасында қалғып-мүлгіген қазақ даласына жан кірді. Жолдар салынды, алып зауыттар мен фабриктер іске қосылды, мешеу қалған ел сауаттандырылды, әйелдер теңдігін алды...
Арман:
– Апа, сол жаңалықтар қандай қантөгістермен келгенін, халқымыздың қаймағының сыпырылғанын, аштан қырылғанын, бас сауғалап жат жерге кеткенін, ұлт ретінде жойылып кетуге шақ қалғанын білмейсіз бе?.. Жоқ, білгіңіз келмей ме?..
Тоғжан:
– Өзі жоқтың – көзі жоқ,- демекші, бәрін соларға жаба салу оңай ғой. Бірақ, жақсы істерін қалай ұмытуға болады?..
Арман:
– Өзі жоқ болғанымен, көзі жоқ емес олардың. Көзінің бірі – Сіз! Кемігіңізге дейін дерті сіңіп кеткен. Фашизмді өмірге әкелген неміс халқы әлем жұртшылығынан кешірім сұрады, ал, Кеңес үкіметінің мұрагері боп қалған Ресей әлі ешкімнен кешірім сұраған жоқ. Қайсысының адамзат баласына әкелген зұлматы, өркениетке жасаған қиянаты басым екені әлі тарихтың таразысына салынатын болады.
Тоғжан:
– Маған бұның бәрін неге айтып жатырсың?.. Менің саяси сауатымды ашпақсысың ба?..
Арман:
– Солар жүргізген саясаттың салқыны біздің отбасына да тигендіктен... Қысқасы, апа, әкем бұл үйде тұрмайтын болса, мен де кетем. Әкемді тауып алып, бірге тұрамын. Кейінірек інімді де алып кетемін.
Тоғжан:
– Сонда, мені жалғыз тастайсыңдар ма?.. Жоқ, мені тастап кете алмайсыңдар!..
Арман:
– Әкемді де тағдырдың тәлкегіне тастай алмаймын. Мен Сіздің орныңызда болғанымда, ана әйелді шаранасын түсіру үшін емес, некесін қиып, некесіз баланы дүниеге әкелдірмеу үшін іздеттірген болар едім...Біздің бойымыздағы қан Батыстың емес, Шығыстың қаны екенін ұмытпаңыз. Көкірегіңізді кере бермей, ойланыңыз апа! Тоғжан басын ұстап ойланып қалады. Осы кезде сахнадағы жарық біртіндеп көмескі тартады.
Эпилог
Орынкүл Сыдықованың (автордың сөзіне жазылған) «Әке арманы» әні орындалады. Ән орындалып жатқанда Жомарттың ұл-қыздарымен табысып жатқандай көмескі фон беріледі. Ән аяқталғанда сахнаға жарық толық беріліп, қатысқан әртістер шығады.
ӘКЕ АРМАНЫ
Ұл-қыздарым,
Жанарымның ағы мен қарашығы
Сендерменен өмірдің жарасымы.
Күліп кіріп жүрсеңдер босағадан,
Бал татиды тәңірдің қара суы.
Қайырмасы:
Гүлге тұнған бақтарым,
Жеміс берер шақтарың.
Қамсыз түйін түйсін деп,
Жел өтінен сақтадым.
Арайлы боп таңдарым,
Орындалса арманым.
Ұмыттырып жіберер,
Дүниенің жалғанын.
Құндыздарым,
Қамқа тоным сездірмес күз ызғарын,
Патша көңіл аңсайды уыз дәмін.
Қараша үй сендерге ұйытқы боп,
Бірге ұйып жүріңдер уыздайын.
Қайырмасы:
Жұлдыздарым,
Сәуле шашқан биіктен шырақтарым,
Бұлақ болып жеймін мен құрақ қамын.
Өркен жайып өссеңдер – өріс кеңіп,
Фәниде де көрер ем жұмақ барын.
Қайырмасы:
Бөлісу: