Кітап-альбом

19.01.2038 9060
Шәкен Кенжетайұлы Айманов – есімі қазақ даласынан бастап, бүкіл әлем елдеріне тұтас тараған көрнекті өнер тұлғасы. 1914 жылы Баянауыл өңірінде дүниеге келген ауыл баласы кейіннен белгілі театр және кино актері, кинорежиссер болып шықты. Ол КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1952 ж.), КСРО халық артисі (1964 ж.), Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1968 ж.) және т.б. одақтық, дүниежүзілік атақ-даңқтарға бөленді. Ш. Айманов қандай рольдер ойнаса да, қандай кинофильмдер түсірсе де – алдына жалғыз ғана биік мақсат қойған жан еді. Ол – қазақ халқының рухани қазыналары мен жан дүниесіне өте терең бойлай отырып, оның мыңжылдық өнер мұраларын әлемдік экрандар мен сахналарға алып шығу болатын. Халқының биік перзенті Шәкен Айманов өз кезеңінде бұл мақсатына толығымен қол жеткізді.
Шәкен Аймановтың дүниеге келгеніне 100 жыл толуына арналып отырған бұл кітап-альбомда бала Шәкеннің жас кезінен бастап, Жер-жаһанға танылған кемел шағына дейінгі – осы күнге дейін әр жерде сақталынып келген: отбасылық, ұжымдық және мемлекеттік орындардан біз жинақтап алған, аса құнды, тарихи фотосуреттер топталды. Қазақстанның өнері мен әдебиетіне еңбегі сіңген: О. Сүлейменов, К. Кенжетаев, Ә. Тәжібаев, М. Бегалин, А. Тоқпанов, А. Әшімов, Ә. Тарази, Е. Өмірзақов, Х. Бөкеева секілді көптеген тұлғалардың, сондай-ақ КСРО және дүние жүзі киноөнерінің тарландары А. Кончаловский, Е. Дзиган, Г. Рошаль, Ю. Саранцев, Э. Уразбаев, Н. Хиббин, т.б. сағынышты естеліктері де жүрек тебірентеді.
Бұл көркемсуретті кітап-альбом Қазақтың ұлттық өнерінің айбыны, театр сахнасында классикалық образдарды сомдаған тамаша актер, дарынды режиссер, қазақ киносының қалыптасуына, дамуына өлшеусіз үлес қосқан ХХ ғасырдың ірі тұлғаларының бірі – Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың 100 жылдық мерейтойына орай шығарылып отыр.
Ш. Аймановтың 100 жылдық мерейтойына арналған бұл кітап-альбом – бүгінгі жұртшылыққа да, келешектегі ұрпақтарымызға да тағылымы мол мұра.

Бөлісу: