Омарта әліппесі

19.01.2038 8853
Бұл кітап басынан аяғына дейін бал араларының тыныс-тіршілігі, олар шығаратын өнім түрлері жөнінде баяндайды. Бал арасын ұстап-бағу кəсібін – омарта шаруашылығы деп атайтынын біріміз білсек, біріміз білмеуіміз мүмкін. Кітап осы мəселені де жан-жақты əңгімелейді. Омарта Əліппесі делінуі де сондықтан. 37 жыл құқық қорғау саласында қызмет етіп, полковник шенінде зейнетке шыққан Кəрім Жұмағалиев 61 жасында омарта ұстап, Қызылорда облыстық омарташылар қоғамын басқарып, омарташылар даярлайтын оқу орнын ашып, 39 қазақтың жігіттеріне өзі дəріс беріп, омарта туралы олардың сауаттарын ашқан. 85 жасқа келгенде қолына қалам алып, омарта жайында білгенін қағазға түсірген. Өзі айтқандай, кітапқа «омарта жайлы жиған-тергенінің суын төгіп, дəнін ғана» кіргізіпті. 

Кітаптың тілі жеңіл, оқырманды жетелеп, автордың өзімен əңгімелесіп отырғандай күйге түсіреді. Бұл Кəрім Жұмағалиевтің бұған дейін екі кітаптың авторы болғанда жинаған тəжірибесі мен шыңдалған шеберлігінің нəтижесі болар. «Мен қалай омарташы болдым?» кітабы оқырманның көңілінен шығады жəне кейбір омарташы мен омарта ұстауға талап қылушылардың қойын кітабы болып жанында жүреді деген ойдамыз. Бұл кітаптың шын мəнінде, Омарта Əліппесі қызметін атқаратынына сенімдіміз.

Бөлісу: