Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов

Блоги

11.12.2020
4130

Аяулым

Аяулым

Арман весновка бойын жағалап жүріп келе жатып ойға шомды: «Зымырап төрт жыл да өте шықты. Алып қаладағы еш уайымсыз өткен студенттік өмірім артта қалып барады. Диплом қорғап, техника ғылымдарының бакалавры атануға екі-ақ ай қалды. Алда үлкен өмір күтіп тұр. Сол өмірімнің жарқын боларына сенгім-ақ келеді-ау. Бірақ...бірақ... Сол өмірге Аяулыммен бірге аттансам деген едім. Арманымыз көп еді. Алматыға бізді алып келген де сол арман еді...Аяулым менің, Аяулым».

 

Аяулым мен Арман сыныптас еді. Аяулым оныншы сынып оқитын жылы Арманның ауылына анасы мен өгей әкесімен көшіп келді. Қаланың қызы алғашқыда ауылға үйренісе алмады. Мұғалімдеріне мінез көрсетіп, сыныптастарымен де жиі сөзге келіп қала берді. Аяулымды жақтайтын бір-ақ адам. Ол - көршісі Арман. Аяулым өмірге ашулы еді. Қатал өмір оның ең жақын адамы - әкесін тартып әкетті. Ал енді, бөтен әке, бөтен отбасы. Аяулым осы үшін анасына да ренжулі болатын. Сондықтан, ол үнемі мінез көрсетіп, қырсықтық танытатын. Аяулымның жан сырын тек қана Арман түсінетін, онда да іштей ғана. Батып ешнәрсе сұрай да, айта да алмайтын. Бірақ, үнемі қамқорлық танытып жүретін болды. Осылайша, екеуі достасып алды. Бірте-бірте сыныптастарымен де табысты. Арман сыныпта «атаман» болатын. Оның Аяулымды жақтайтынын көрген соң, сыныптастары да сыйлай бастады. Аяулым да өзінің жалған тәкаппарлығы мен өзімшілдігі үшін ұялып, кешірім сұрады.

 

Достықтан, қамқорлық танытудан басталған сезім ғашықтыққа ұласты. Аяулымды ойласа, жүрегі қатты соғып, түнде ұйқы бермейтін болды...

 

Жаңа оқу жылы да таяды. Арман металлург болсам деп, Аяулым актриса болсам деп арман қуып, ару қала Алматыға келіп жетті. Арман Аяулымға аға орнына аға, әке орнына әке болды. Бірақ, ғашықтығын сол күйі білдіре алмай, асыл сезімін жүрегінің түкпірінде сақтады. Көңілін білдіруге бір лайықты күн келер деп ойлады.

 

Күн артынан күн, ай артынан ай өтті. Жылдар да бағытынан мүдірмей, тек алдыға жылжи берді. Үшінші курс та аяқталуға жақын. Бірқалыпты бейқам күйде өтіп жатқан Арманның өміріне жаңа реңк кірді. Барлығы Аяулым шалған қоңыраудан басталды (Басталды ма, әлде басталмай жатып аяқталды ма...).

 

Аяулым: «Арман, саған бірнәрсе айтуым қажет. Бұл өте маңызды. Сабақтан соң жолығайық, сағат 6-да, парктегі орнымызда». Арман «не болды?» деп айтып та үлгермеді, Аяулым «жақсы, кездескенше» деп телефонды қоя салды.

 

Аяулым үнемі асығып жүретін. «Ананы үлгерсем, мынаны үлгерсем» деп тізім де жасап жүретін. Бірақ, бүгінгі алып ұшқан асығыстығы Арманның көкейіне мазасыздық оятты. Бүгінгі дәріс сан жылға созылғандай бітіп болмады. Мұғалімнің сөзінің бірін естісе, бірін естімей, қайта-қайта Аяулымның сөздерін еске түсіре берді: «Маңызды дейді. Не болды екен? Анасы аман ба? Ондай бір жағдай болса бірден айтар еді. Әлде оқуында қиындық туды ма? Жо-жоқ, Аяулым жылдың үздік студенті атанған, оқуында проблема туу мүмкін емес. Әлде...әлде, Арман, мен тұрмысқа шығатын болдым десе, қайтем? Жо-жоқ, сөз байласқан біреуі болса, айтар еді... Ол мендік қой, мәңгі мендік... Біз бір-біріміз үшін жаралғандаймыз ғой (өз-өзінен жымиды). Оны сүйетінімді бүгін айтамын. Иә, айтамын». Соңғы сөздерін қалай дауыстап айтып жібергенін өзі де байқамай қалды. «Иә, Мырзагулов, не айтасыз?» деді мұғалім. «Ааа, дәрісіңізді айтамын, өте қызықты болды» (екі беті қызарып). Бәрі ду күлді.

 

Сағат 6 болмай келіп алған Арман ұзақ тосты. Бүгін ғана емес, әр кездесу сайын солай болатын. Арман бір сағат бұрын келіп, айтатын сөзінің «репетициясын» жасайтын, ал Аяулымды көрген кезде ойын жинақтай алмай, әңгімені басқа тақырыпқа бұрып жіберетін. Бүгін де сол дайындық үстінде тұрып, Аяулымның қалай келіп қалғанын байқамай қалды.

 

- «Арман, қалайсын?»

- «Сәлем, Ая, көптен көріспеппіз!»

- «Иә, менің саған айтар жаңалығым бар. Және сенің ақыл-кеңесің қажет боып тұр»

- «Иәәә, солай ма?

- «Арман, мені Францияға оқуға жібергелі жатыр!!! Жарты жыл тілдік курс, содан соң бір жыл оқу! Арман, сен не дейсің? Баруым керек пе?»

 

«Жоқ, бармай-ақ, қойшы, Франциясы несі!!!» деп айтайын деп қалған Арман өзін әрең тежеді. Дүрсіл қаққан жүрегі ауызына келіп тығылды. Аяулымның жайнаған көздеріне бір қарады да, өз-өзіне іштей «Ол өзгеге тұрмысқа шығамын деп жатқан жоқ қой, бар болғаны оқу оқып келеді, және де бұл оның арманы еді... Екеуміздің арманымыз еді...Париж...».

 

- «Аяулым, арманың орындалыпты ғой. Құттықтаймын! Керемет жаңалық! Сен үшін өте қуаныштымын!!!»

 

- «Қал демейсің бе сонда?» - деп жымиды Аяулым. Арман оның көзіне тура қарай алмай, бір сәт үнсіз қалды да, жай ғана жымия салды.

 

- «Жарайды онда, қал демесең, кетейін!» - деп Аяулым қансыраған жараның ауызын тырнағандай қайта айтты. Бұл жолы дауыстап күлді де, қоштасып кете берді.

 

Арман сол жолы саябақта ұзақ отырды. Арманның арманы алыстап бара жатқандай, көз алдында көкке ұшқан аппақ құстай көріне бастады: «Тағы да айта алмадым сөзімді. Бірақ, өмірінде менің сезімімнен маңызды жайттар болып жатқанда, қыстырылысып қайтем?! Барып келсін оқуына. Бұл оның арманы ғой. Кетпе, қал деп қалай айтам?! Біз әлі жаспыз, тура қазір отбасын құра алмаймыз. Сондықтан, бекерге әуреге салып не істеймін? Ешнәрсеге алаңдамай оқуын оқып келсін. Менің оған деген сезімімді іштей ол да сезіп жүрген болар...Барып келсін, оқуымызды бітірейік, аяққа тұрайық, бәрі болады...Бәрінің уақыты келер әлі-ақ».

 

Оқу жылы аяқталысымен Аяулым Францияға аттанды. Алғашқы айларда Арманмен күніне бірнеше мәрте сөйлесетін. Бірақ, кейін «сабағым қиындап кетті» деп, байланысқа сирек шығатын болды. Бүр күндері мүлдем жауап жазбауды шығарды. Күзде аяқ асты Арманның әкесі ауырып, төсек тартып жатып қалды. Әкесінің денсаулығы жақсарғанша, оқуынан сұранып, анасына қарайласу үшін ауылда бір-екі ай қалды. Ауылдың қарбалас шаруасымен жүріп, Аяулымға хабарласуға да шамасы болмады.

 

Қалаға келген бетте әлеуметтік желіде Аяулымнан келген хаттарды оқыды. Соңғы хатта былай деп жазыпты: «Арман, мен Жан Польге тұрмысқа шығатын болдым. Бәрі тез болып кеткен сияқты. Есіңде ме, алдын айтқан едім, досым деп. Суретімізді көрген боларсың. Досым деп жүрсем, сүйеді екен. Қызық =))) Бұрын айта алмап едім, қазір айтсам, болатын шығар. Сені сүйеді екен десем, мені тек досың ретінде қабылдайды екенсің. Ұзақ уақыт бойы сөз айтады ма деп күттім. Тіпті, Францияға кетерде алып қаларсың деп үміттендім. Есім дұрыс емес, иә?))) Ал, Жан Польді досым деп жүрсем, керісінше, ол маған сезімін білдіріп, тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады... Адамдардың мен туралы ойын оқи алмайтыным өкінішті. Мен саған көп хаттар жаздым, аудио, видеоқоңырауларымның біріне жауап бермей қойдың ғой... Қыздардан қолың босамай кеткен болар. Талай қыздың арманы шығарсың =)…Үнемі сенің кеңесіңе, ақылыңа сүйеніп үйреніп қалыппын. Сенсіз қабылдаған шешімім осы болды. Осы үшін ренжімейсің бе маған? Ренжімеші, сені қатты сағындым. Жауап күтемін».

 

Арман хатты төрт рет оқып шықты. Біреу келіп, тас төбесінен суық су құйғандай болды, көзіне жас тамшылары үйірілді: «Жауап күтемін дейсің бе, аяулым, жауап күтемін дейсің бе, жарығым, жалғызым Ая. Ренжімейсің бе дейсің бе, ақымағым?! Талай қыздың емес, жалғыз сенің арманың, Арманың болсам деп едім...Сезімімді ертерек білдірмей жүре берген мен де ақымақ екенмін. Кешігіп қалыппын. Енді, бақыт тілегеннен басқа не айтам...Сағындым дейсің бе, сұлуым Ая. Ал, менің сағыныштан қалай сарылғанымды білсең ғой. Сен алысқа кеткелі демімнің қалай тарылғанын білсең ғой...». Бұл сөздерді жазуға қолы бармады, тағы да сезімімін жасырып қала берді. Тек қана «Неткен керемет жаңалық! Шын жүректен бақыт тілеймін, Ая!» деген екі сөйлем жазылды...

 

Сәуірдің басы еді. Аяулым оқуын аяқтап, диплом алуға келе жатты. Елін, анасын, әсіресе, Арманды қатты сағынған еді. Жанына тыныштық бермеген бұл сағыныш махаббаттың белгісі екенін енді түсінгендей болды. Арман Аяулымның жүрегін бұрыннан-ақ жаулап алған. Аяулым не нәрсеге ұмтылса да, қандай жетістікке жетсе де – барлығын Арман үшін жасайтын, оның мақтауын, қолдауын есту үшін. Бірақ, мойындағысы келмейтін. Және қыз жүрегі жігіттің сезім білдіруін, сөз айтуын күткен еді. Бірақ, бүгін күте алмайды. Сезімі тасып, алып-ұшып барады. Борисполь-Алматы бағытындағы ұшаққа отырды. Әлі 6 сағат ұшады. 6 жыл күткен жүрек, 6 сағатқа шыдамай барады. Телефонын қолына алып, интернетті тексерді, бар екен. Ұшақ ұшар алдын хат жазып үлгерейін. Не болса да, айтатын сөзім ғой. Қазір жазып жіберейін, ойлансын. Ішіме сыймай барады» деп ойлады.

 

«Арман, мен сені жақсы көремін. Қатты жақсы көремін. Мені күтіп ал. Танғы 5:15 те боламын. Сөйлесуіміз керек» деп хат жазылды.

 

Таңғы 5:45. Алматы. Әуежай. Арман. Жалғыз. Аяулым келе жатқан ұшақ апатқа ұшырады...


Поделиться:      
Оставить комментарий: