Әке 2-ші монолог
12 жыл. Немесе 4380 күн. Бұл көп пе? Жо-о-о-қ. Өте көп. Бәлкім, біреу үшін азғана уақыт шығар. Біреу үшін тым көп шығар. Ал мен үшін өзіңсіз өткен осы бір уақыттың әр сәті шексіздікке пара-пар. Ал шынында, есті адам үшін уақыт аз болушы ма еді?
Әке, менің қалай өмірге келгенім, қандай сәби, бала болғаным сенің есіңде ме? Сен тыным таппай тіршілік қамымен еңбек етіп жүргенде мен қандай едім? Сен сапардан келгенде мені көріп қандай күй кешуші ең? Қызық... Бірақ үнемі құр қол келмей, сол кездегі кенже маған, бауырларыма сыйыңды ала келуші ең. Күліп кіріп келуші ең... Сен алып келген ойыншықтарымды мақтанып баршаға көрсетіп, мәз болып ойнаушы едім. Ерке де тентек ұлың бүгінде жиырмадан асты. Әлі де сол қалпынан тайған жоқ. Менің бойымда сол бір тентектік пен еркелік әлі де бар. Сол бір асаулық. Сол бір қыңырлық, қырсықтық әлі де менде бар. Әке... Тек сен жоқсың!
Мен тағдырға налымаймын. Жылау әлсіздік емес. Себебі жүрегі бар адамдар ғана жылайды. Ал жүрек сезімнің астанасы. Демек, «еркек жыламайды» деген бос сөз.
