Блоги
Ақкөңіл
Кәрібай соңғы жылдары семіріп кетті. Алпамсадай кеудесі өсіп, аяқ-қолы ауырлап, үстіндегі киіміне тарлық қылғандай бар мүшесі жұмырланып, дөңгелене бастады.
Күтім дейтін бұл Кәрібайда не күтім болсын, бәрі де құдай берген таза денсаулықтың арқасы. Қыста боран демей, аяз демей көк темірмен алысып, қаламен екі ортаға жол көтерді, қар аршыды. Ескі трактормен жақ жүні үрпиіп, малақайын баса киіп, басшылар қайда жұмсаса, сонда кете береді.
Аха-ха-лап күлгені болмаса көп сөзге жоқ. Жұмысқа ғана жаратылған адамдай боп көп қызыққа елеңдей бермейді. Осы жұмысы өзіне лайық болғанмен, бұдан айрылып та қалғаны бар. Кәрібай байғұстың ақкөңілділігі ғой, әйтпесе он шақырым жол бойынан кісі ауылға трактор айдап бара ма? Кісі таситын автобус жоқ болса бір сәрі. Сол ақкөңіл Кәрібай трактормен ауыл іргесінен Саржанның меншік үйіне құм тасиды. Сондағы қызыққаны Саржан сыйлап берген арақ та емес, әйтеуір аңқылдаған Кәрібайдың қайран ақкөңілі еді. Әй-шайға келмей ілінсе кеткен инженерге Кәрібай ірі қалыппен тұрып:
– Әй сонша айқайлап сенің нең күйді, – деген. – Майы менің мойнымда, шаршасам мен шаршадым.
Инженер Томан бұған шыдамады. Алам деген тракторын алып тынды.
Айыл жиған Кәрібай ма айырлап шөп ашалады, көсіліп қой қырықты, құлаштан дән ұшырды, көмекші боп қой қайырды. Бекер сөйткен екем деп өкіну ойына кірсеші. Әйелі Балғаным айтпаса – аз таптым, көп таптым деп ақша есептеу Кәрібайыңда болған емес. Төрт баланың тауқыметі батса да, азар бұрынғы көкбеттігіне басса да, Кәрібайдың беретін жауабы біреу-ақ , аларып бір қарайды, не кеңкілдеп жетісіп күледі, не оңай болса тапсайшы өзің, – деп бір күңк етеді.
Балғанымда сызылған әйелдік мінез бар ма, еркек-ау деп сыйлау жоқ Кәрібай қылдан сәл тайса шаңқылдап тықсырады да жүреді. Сондағы кешірмейтін күнәсі Кәрібайдың жолдастарына ілесіп, кейде жүріп кететіні.
Бір қозғалса мықтап қозғалатын Кәрібай қаһарына мінсе, Балғаным кіретін тесік іздейтін. Алғашқы үйленген жылдары болмаса бұлардың шаңырағына жанжал араласпағалы бірталай еді.
* * *
Балғанымның кейінгі кездегі қылықтары еркелікке де, кешіруге де, адамшылыққа да жатпастай өзгерді. Салақ байғұс атадан қалған күмбездей үйді дұрыс ұстай білмеді. Басқалардай емес Кәрібай топырақты да, әкті де, түсіп шығатын көшпелі сатыларды да дайындап берді. Шешесі мен кенже інісі бұлардан шығып, қызының қолына көшіп алды. Аңғал Кәрібай алғашында уақытша кеткен шығар деп мен бермеген, сосын, – е, сол үйге керегі көп болған шығар, – десе олай емес, шешесі келуді мүлде сиретті. Ақыры:
– Менің үйім орнықсыз болған екен, – деп ойлады. Шешесі барда көп нәрсе білінбейтін. Кәрібайдың жұмыс киімі жуылып, жыртығы жамалып, уақытымен киімі ауысып тұратын. Енді қараса, киімге жарымауға айналыпты, жұмыстан келсе Балғаным не сиыр сауып жатады, не бұзау іздеп кетеді, жоғалған қойды іздеп түннің бір уағына дейін тамақ ішпей Кәрібай жүреді. Балалар болса ұсақ. Сонымен кеңбалақ Кәрібайдың төзімі бітуге айналды. Жол бойында топырақ , құм көп – тиеп бер, – деп үй салған, қора салған, гараж тұрғызған талай адам келіп жатады. Кәрібайдың көңіл жықпайтынын біледі.
Көк майсасы жайқалған, тау етегіндегі бұлақ басына барып, жұмыстан кейін кеш батқанша ұзақ-ұзақ отырысады. Сөйтіп Ақшатау өңірінін бір бұлағы Кәрібай бұлағы атанып кетті. Кейде қалжыңдап ’’ресторан’’ – деп те айтады.
Ауыл үстіне жаз айының қоңыр-салқын кеші орнады. Кешкі мал келіп, ырду-дырду басыла Кәрібай автобустан қызу боп түсті. Есіктен аттай бергенде үй сыпырып жүрген Балғаным, алара қарап:
– Шеш аяғыңды далаға, – деді.
Кәрібай төр алдына қисая кетіп, шөпілдетіп үлкен ұлын сүйіп жатыр. Шашы ұйқы-тұйқы, күректей қолдарына май әбден сіңген, көзі сығырайып Кәрібай әйеліне:
– Су ысыт, – деді.
Балғаным жауап орнына ажырайып бір қарады да, күйеуінің шаң-шаң етігін есік алдына лақтырып тастады. Мұнысы Кәрібайдың шамына тиді.
– Әй, ақымақ, етікті неге лақтырасың, – деп шоңқиған орнынан көтеріле берді.
Балғаным Кәрібайдан қатты жасқанады. Жасқана тұра өш алу-ға, бағындыруға шебер-ақ. Мына шаң-шаң Кәрібайда су ысытып жуындыра салса, Балғанымға жеңілгенін мойындаумен пара-пар. Ығысып сыртқа беттеген әйелін қууды Кәрібай ойлаған жоқ, есік алдындағы бөшкедегі суға жуына салмақ еді, Балғаным қашам деп жасап жүрген шайын ақтарды. Ымырт жабыла екі қолын қалтасына салып, есік алдында тұрған Кәрібайды құрдастары көрсе мазақ қылар еді:
– Албасты, қашаннан бері саған су ысытып беріп жүр едім, күйдіре жаздадың ғой, – деп Балғаным басылмай жүр. Есік алдындағы жерошаққа қайта тезек қалап, су қойды.
– Әй, сабын әкел.
– Қолжуғыштан ал өзің.
– Суымды сорғалатып жүрем бе-ей!
Балғаным сабын әкеліп еді, Кәрібай – орамал әкел, – деді.
– Кішкене бала болдың, – деп долданып еді, Кәрібай қолына орамалды алып тұрып өңменінен ата қарады.
– Неге кір, мынау.
– Тағы да жанжал ғой саған керегі, ұрасың ғой тағы. Мә, кел ұр...
Көзінің алды қарауытып Балғаным ошақты да құлатты, ыдысты да күлге аунатты. Есік көзінде тұрып мұны көрген бала жылады.
Бір сәттегі абыр-сабырдан Кәрібай есін жиғанша, жылаған баланы бауырына қысып Балғаным үйді айналып жоқ болды.
Үлкен ақ төбет “не болды” дегендей жақын келіп, Кәрібайдың бетіне қарады. Үйде жарық жанбаған, музыка қойып билеп жүрген көрші үйдің қызы терезеден қол бұлғады. Ол – биыл мектеп бітіретін Айша еді. Кәрібай оны “Шырақ” дейді. Айша Кәрібайды “ағатай” дейді.
– Ағатай атыңды ауыстыру керек, – дейді кейде.
– Бізге сол да жарайды. – Бұл Кәрібайдың жауабы.
Түн жамылған ауыл тып-тыныш, өзен жақтан салқын жел соғып, шегірткелер дызылына бақа әуені қосылды. Қора артында бырт-бырт күйсеген сиыр ыңқылы естілді.
Кеудесін ыза боп кернеген сезім, бірте-бірте аяушылыққа, сосын айналаның, барша дүниенің тынысын сезетін жаймашуаққа айналды.
* * *
Шам жақпастан ортаңғы бөлмедегі диванға қисая кетті. Түннің бір уағында қаталап оянып су ішуге шыққанда баласын бауырына қысып төр алдында жатқан Балғанымды көрді. Шашы қобыраған әйел мен пысылдаған тәтті ұйқыдағы бала үстеріне жабылған тонның салмағын сезген жоқ.
Кәрібай ештеңе болмағандай диванға келіп қайтадан қисая кетті.