Блоги
Чехияда «Абай» мәдени-ақпараттық орталығы ашылды
Бүгін Чехияның Прага қаласында Клементинум атындағы Ұлттық кітапханасында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығының ашылу салтанаты болып өтті.
2020 жылы ұлы классик және гуманист Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойланады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ү.ж. 9 қаңтарында «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді. Онда Мемлекет басшысы былай деді: «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтан бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет». Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердегі Елшіліктер жанынан «Абай» орталықтарын ашу керектігін атап өтті.
Осыған орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Прага қаласында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығын ашу қолға алынған болатын. Орталық Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Мұханбетқазыұлы Тәжиннің қолдауымен жүзеге асырылды.
Орталықтың міндеті – қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосу, Абай шығармаларын оқу мәдениетін қалыптастыру, ақын мұраларын шет елдердегі ғалымдардың зерттелуіне және ғылыми еңбектердің көптеп жазылуына әсер ету. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасымен тікелей байланыс орнататын жетекші рухани ордасы ретінде қазақ әдебиетінің оң имиджін қалыптастыру, ақын шығармаларына деген сұраныс пен ақпарат ағындарын бағыттау және реттеу, орталықтың ғылыми және мәдени қызметіне байланысты өткізілетін іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және ақпараттық қолдау көрсету болып табылады.
Орталықта кітаптар мен электронды ақпараттық ресурстармен танысуға болады: CD-дискілер, ақпараттық және мерзімді басылымдар, ғылыми ақпараттар. Сондай-ақ, қазақстандық толық мәтінді мәліметтер базаларына қолжетімділік ұсынылады. Абай және оның шығармалары туралы Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасында 800-ден астам басылымдар бар.
Орталық ұлы Абайдың даналық дүниетанымын саралау, ақынның жекелеген ғибратты ой түйіндерін, өлеңдері мен қара сөздеріндегі философиялық тұжырымдарына түсінік беруді көздейді. Орталық кітапхана оқырмандары, Қазақстан мен Чехияның танымал жазушылары мен ақындарымен кездесетін орынға айналады.
Орталықта кітап көрмелері, дөңгелек үстел, абайтанушылармен кездесу, әдеби-музыкалық кештер және т.б. мәдени іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Орталықта Абайдың шығармалары бойынша оның нақыл сөздері, өлеңдері, поэмалары, қара сөздері, аудармалары, әндері, сондай-ақ, абайтанушы ғалымдардың шығармалары, зерттеу еңбектері, библиография, диссертация, авторефераттар туралы ақпараттар беріледі. #Abai175 хэштегі бар электрондық порталда ұлы Абайдың мерейтойына арналған іс-шаралар Абай өлеңдерін оқу эстафетасы мен Ұлы Абайдың мерейтойына арналған іс-шаралар жайында мәлімметтер таратылады.
Сондай-ақ, Орталықта «Абай» романының шыққан алғашқы басылымдары, Абай туралы шығармалар мен суретшілердің құжаттары, мұражайлар және ескерткіштер туралы мәліметтер, Хакім Абайдың бейнесін салған белгілі суретшілердің репродукцияларының көшірмелері мен иллюстрациялық кітап және фото көрмелері кітапсүйер оқырмандарға ұсынылады.
Іс-шара барысында «Әлем таныған Абай» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, «Әлем таныған Абай» иллюстративті-кітаптар көрмесі мен «Абай әлемі» атты фотокөрмесі, «Естелік ғасырдан да ұзаққа созылады...» атты көрініс ұсынылды.
«Әлем таныған Абай» иллюстративиті-кітаптар көрмесінде «Абай» энциклопедиясы, «Қарасөздері», Шығармалар жинағының 2 томдығы, «Қалың елім қазағым...» өлеңдер жинағы, «Сен де бір кірпіш дүниеге» өлеңдер мен қарасөздері, «Стихи, поэмы, проза», «Абай тілі сөздігі», «Абай туралы сөз», «Я – человек-загадка...» және М.Әуезовтың «Абай жолы» романы, Латиф Хамидидің «Абай», «Двадцать стихотворений на трех языках», Д Омаровтың «Абайдың рухани мұрасы», Ғ. Есімнің «Хаким Абай» және «Абай туралы философиялық трактат», Ш.Құдайбердіұлы шығармаларының жинағы және т.б. кітаптар таныстырылады.
«Абай әлемі» атты фотокөрмеде Абайдың шығармашылығы мен өміріне қатысты тарихи ескерткіштер мен табиғат көріністері, ақын дүниеге келген қасиетті мекен туралы және қазақ елінің мәдени өміріне қатысты мол мағлұматтар беріледі. Атап айтатын болсақ, Ә.Қастеевтің «Жас Абай» (1945), «Абай» (1954), «Абай» (1967), «Абайдың жастық шағы» (1968), А.Волощиктің «Бала Абай жыр тыңдап отыр» (1948), Е.Сидоркиннің «Абай мен әжесі Зере» (1960) және «Абай», «Мұхтар Әуезов» пен «Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романына салған иллюстрациялары, Ү.Әжиевтің «Бала Абайдың оқудан оралуы» (1969), Л.Леонтевтің «Абай Семей қаласының кітапханасында» (1954), «Абай және балалары» (1896), А.Кениг «Абай» (1953), «Абай және отбасы, «Абайдың қауырсын қаламы, шақшасы, қалта сағаты, өзі сүйіп оқитын тоғызқұмалақ тақтасы», «М.Әуезов жұмыс үстінде. 1939 ж., Семей қаласындағы Абайға орнатылған ескерткіш, Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі тау жотасы – Абай туған Шыңғыс тауы, Ертіс – қазақ даласының ұлы өзені, Шыңғыс пен Семей қаласын жалғайтын тас жол, Жидебай қонысы және т.б. 50-ден астам картиналар қойылды.
Чехия Республикасындағы «Тарлан» қазақ студенттік жастар ұйымы да іс-шараның өтуіне атсалысты. Ұйым 2008 жылы құрылып, спорт, туризм, мәдени және ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастырумен айналысады. Командада 12 адам жұмыс жасайды. Чехиядағы 3000 қазақ жастарының басын қосқан ұйымды Бақнұр Аюбек басқарады.
Алғашқы абайтанушы және ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын орыс оқырмандарына тұңғыш таныстырған қоғам қайраткері, журналист, этнограф Әлихан Бөкейханов.
Оның алғашқы жазған мақаласы «Абай (Ибраһим) Кунанбаев – мүнаһиб (некролог)» деп аталады. Ол 1905 жылдың қараша айында «Семипалатинский листок» газетінің 250-252 сандарында жарияланған. Бір жылдан соң, «Семипалатинские областные ведомости» газетіне қайта басылып, кейін 1907 жылы «Записки Семипалатинского подотдела И.Р.Г.О.» атты кітапта шықты. Ал, 1991 жылы «Жұлдыз» журналында қазақ тілінде жариялады. Мақаланы аударған абайтанушы Тұрсын Жұртбай болды.
Абай шығармалары 34-тен астам тілге аударылды: ағылшын, армян, араб әзербайжан, башқұрт, болгар, белорусс, грузин, италия, қарақалпақ, қытай, кәріс, қырғыз, латын, латыш, литва, молдован, моңғол, неміс, польша, орыс, өзбек, тәжік, татар, түрік, түркімен, украин, ұйғыр, француз, эстон, чех және якут тілдері. Атап айтатын болсақ, ақынның кітаптары «Kynanbajev Abaj Шерләр вә поемалар» әзербайжан, «Kunanbaev Abai Selected poems», «Kunanbaev Abai Selected poems», «Abai. Life. Time», «Abai Book of Words» ағылшын, «Кунанбаев Абай Избранное» армян, «Кунанбаеу Абай. Выбранае» белорус, Абай «Книга за словото-притчи» болгар, «Nyar/Ford. Trencsenyi-Wildapfell» венгр, «Кунанбаев Абай Время летит. Стихи» грузин, «Кунанбаев Абай Тангламалы қосықлар» қарақалпақ, «Үш поэма» қытай, «Сөздер кітабы» кәріс, «Ырлар» қырғыз, «Kunanbajevs Abajs Ergla acis» латыш, «Дети. Зима. Родная земля» литва, «Кунанбаев Абай Версурь алесе» молдова, «Абай Құнанбайұлы өлеңдері» моңғол, «Des Madchens Antwort» неміс, «Kunanbajew Abaj Masgut» польша, «Лирика и поэмы» орыс, «Иди прямой дорогой. Поверь себе. Праздник молодости» тәжік, «Шигырьләр һәм поэмалар» татар, «Abay`in Eserlerinden seçmeler» түрік, «Исгендер. Поэма» түрікмен, «Абай Поезіі» украин, «Reflexions en prose, poèmes «Iskander» et «Masgoud» француз, «Ctyricet Rozjimani о zivote a Lidech» чех тілдеріне және басқа да кітаптары аударылды.