Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Блоги
ПРОЗА
Дабырлаған, дүбірлеген, дарылдап, дамылдаған дүние

Блоги

18.09.2021
3702

Дабырлаған, дүбірлеген, дарылдап, дамылдаған дүние

(мәзір әңгіме)

 

Әйтеуір шыркөбелек айналған дүние. Міне, жылдағыдай қоңыр күз де сырғып өтті. Осылай... Келеді, өтеді, кетеді.

 

Таужан бұрын мұндайға аса көңіл қойып, мән бере қоймайтын, ал енді әр аусымда ерекше бір күй кешіп, алағзуды, алағзуда емес-ау, құлазуды шығарыпты. Онысы несі?..

 

Тіршілік көппен көрген ұлы той. Серігі ертерек қайтып, біраз қиындық көргені болмаса, үш құлыны ел қатарлы болғалы ішкені алдында, ішпегені артында. Олар ұлғайғанда бала-шағаға аяқ асты болмасын деп, қасына ересек немерелерінен бір ұл, бір қыз қосып бақтырып қойған. Өзгелері күн құрғатпай кеп, қуантып кетеді. Төбесі көрінген шеше бар да, қара шаңырақ қалпында. Ендеше жалғызсыраудың жөні не.

 

Бәрібір көңіл құлазулы.

 

Жас кезінде жұмыстан шаршап жүрсе де, отбасына қарағыш, шаруақор-тын, қазір де сонысына баса беріп еді, Айсәуле:

 

- Әже, бүгін демалыс. Бәрін өзім тындырам, сыртқа шығып, бойжазып қайтсаңызшы, - деді өтініп.

 

Ләм деместен өз бөлмесіне өткен, тура бір қонаққа баратындай асықпай киініп, айна алдына келді. Тұлғасына зер салмақ.

 

Үстіндегі киімнің мақпал жағасы жиектеген әлпетте жас күнгі әрден ештеме қалмаса да, мыж-мыж емес. Еңкеймеген. Бұрынғылардың «салбырамай, мыжыраймай, былжырамай қартаю» дегені осы шығар. Көңіл көншіп, езу тартты.

 

Әйел сыртқа шығып, жол жиегіне кідірген, ерсілі-қарсылы сабылғандардың біразына көз тоқтатып, арасынан әлдебіреуді көргісі келгендей елеңдеді. Бекер. Таныс та, қалқиғанға зер салушы да болмады.

 

Өзін жұртта қалғандай сезініп, жабырқап қалды. Бұрынғыдай біріне-бірі кіріп шығу азайған. Білетіндердің біразы жоқ. Бары ауру-сырқаулы. Енді ой жазу да, бой жазу да шектеулі.

 

Денені суық шалғандай, бүрісіп артқа қарады. Қайыра қайтқысы келген. Бірақ әп-сәтте жетіп бару оғаш көрініп, таяу маңдағы баққа бұрылды.

 

Дала адамы, қыр баласы жаяу жүргенді ұнатады. Жас кезінде таңертеңгі жұмысқа асығыста бір-екі аялдаманы жүріп барып көлікке мініп, демалыста айыз қандырушы еді. Әдеттен әлі де жаңылмаған. Қазір де жүріп-жүріп, шаршаңқыраған соң шағындау орындыққа кеп жайғасты. Жан-жағына қарады.

 

Серуендеушілер негізінен жастар екен. Олар түрлі әрекетке көшіп, егделер сіңір созуға кірісіпті.

 

Әнебір әйелді қара, оны бәлендей жасамыс деуге келмес, бірақ тізені әрең қозғап, аяқты орап, жамбастап қалыпты. Ал анау ше?.. Жап-жас болса да, құж-құж мойынды әрең бұрады. Шеңбірек қарын жарылып кетердей.

 

Дәп сондай жігіт жүр. Белі сарышаянның құйрығындай қайқайып, алғы-артқы тең аяқ тұсап, түйедей мамырлапты.

 

Ал ана екі иығынан дем алып, кеудесі сырылдаған бейбақ сусамыр шығар, күннің салқындығына қарамай бөтелкені дамылсыз қылғытып отыр.

 

Жұрттан көретінің көп. Бірде кембағал балаларын сүйреткен әйелдерге жиі ұшырап, іш тартса, енді оқыс дауыс шошытты. Үштен асса да тілі күрмеулі ұл әлде нені айта алмай буынып, шыңғырып тұр. Мұндайлар да көбейген.

 

Таужан ойға батты. Есіне Қалампырмен болған әңгіме оралған еді.

 

 

х х х

 

 

Бұдан бір ай бұрын Қалампыр хабарласып:

 

- Келіншек, дауысыңды естиік... - деп әзілдесе де, құмығу байқалды.

 

Иә, әйтеуір мені қалай да жасартпақсың. Хал қалай?

 

Қатты сырқаттанып... Төсек тартыңқырап... Келіп кетесің бе?.

 

А-а-а... Жарайды. Барамын. Тек мекен-жайды нақтыла.

 

Таужан асығып-аптығып біраз нәрселерді сөмкеге сап, такси ұстады. Мекен қаланың шеткері ауданы. Іші де, сырты да күтімсіз, ескілеу шағын үй. Ішке енгенде біреу аңғарылып еді, шығып кеткен шығар көрінбей қалды.

 

Құрбы еденде шалқалап жатыр, басын көтермек боп тырбанған, ығы келмей Таужан ептеді.

 

Әйелдер шүйіркелесіп, Қалампыр шақыртумен келген дәрігердің «ауру асқынған, жұрек соғысы тым әлсіз» дегенін айтып, көз сықты.

 

- Жасыма! Ауырмай тұрамыз ба. Түк те етпейді. Жазылып кетсің. Кел, төсегіңді ыңғайлайын, - Таужан қоқыр-соқыр жиыстырып, үй ішіне зер салды. Ойы шай қоймақ, аңғарған Қалампыр не нәрсенің қайда екенін айтты. Әп-сәтте төсек жанына дастарқан жайылып, сөмкеден шыққан дәм қойылды.

 

Ыстық шай, дәмді тағам көңіл көншіткен, сырқат жүзі жадырап:

 

- Ден сауда саған өзім барып, сергіп қайтушы едім. Енді қозғала алмай қалған соң, көз көрген ғой деп... Рақмет. Амал таусылғанда еске түсер біреудің бары да жақсы екен. Балаларыңның қызығын көр.

 

Таужан «қасыңда кім бар?» деп сұрағысы келсе де, қамықтырудан сақтанған. Қалампыр сөзді өзі бастап:

 

- Ыстық ішпегелі біраз. Жайды білесің. Жаңа жүрген ұлдан қайыр жоқ. Зып етті, енді содан мол кетті. Ұзақты күн бөтелкелестерімен бірге. Түннің бір уағында кеп, ертеңіне тағы жоғалады.

 

Дене қозғап, керекті алу ақыр-заман. Орнымнан тұрып, қайыра отырғанда таудан құлағандай зырқ етіп, бойды әзер жиям. Ауыз жарып жатпаса, неге бұлай? Әлде құдай азапты әдейі күбідей ғып берді ме екен? ..

 

- О не дегенің. Неге азап берсін. Бәрі денсаулыққа қатысты ғой.

 

Саған қарасам, жас кезіңде сүйріктей едің, енді сыптайсың.

 

Таужан күліп жіберді.

 

- Шын айтам, келіншек әзіл болса да, кемпір деуге ауыз бармас. Қимыл-қозғалыста тежеліс жоқ. Тіпті, күлкің де баяғыша сыңғырлап тұр.

 

... Бұл әйелдер бірге өспесе де, қатар жүріп еңбек етіп, бірін-бірі көп жылдан біледі. Қалампырдың әке-шешесі таяу маңдағы ауылдан ертеректе көшіп келіпті. Әкесі қаладағы ет дайындайтын орында жұмысшы болған. Жалғыз қыз. Жоғары білім алған. Мінезі күлуге де, тікірейуге де дайын құбылмалы, ет женді, көрікті еді.

 

Күйеуі әуей боп, жастау кезінде шиеттей баламен тастап кетіпті. Әке-шешесі бөтелкені бөліп ішуге ыңғай екен, үш жиен де құмар болған. Қалампырдың өзі де түтін созып, отырыстарда алдына келген стақанды ауызға атуды ұнататын.

 

Үлкен ұл ұрлық жасап қайта-қайта сотталса, қарасын анда-санда бір көрсететін қыздың қайда кететіні белгісіз. Келсе ақша сұрап, ештеме ілмесе балағаттап тайып тұрады.

 

Бұл жайды Таужан иықтасының еңіреп айтқанынан біледі.

 

Күлкі көңіл көтеріп, Қалампыр жадырап қалды.

 

- Таужан, осылай сақталудың сыры не? Былайша айтқанда жейтін нан, ішетін су ортақ. Әлде өзіңнің ерекше мәзірің бар ма?

 

Мәзір дейсің бе?.. Иә, бар.

 

Бәсе. Ол қандай?..

 

Оны ауылдан әкелгенмін.

 

Қойшы. Кешке дейін ет жейтндерде ондай қайдан болсын.

 

- Осылай деріңді білгем. Әрбір жаңа ұрпақ дүниеге діңкілдеп кеп, өткеннің бәрі ескі, жаңаның бәрі керемет дейді. Сондықтан үлкен мен кішінің тіл табысуы оңай емес. Таяуда немеренің бірі келген, оның қауғадай сақалынан шошып:

 

- Үйбай, балам, мынауың немене?.. Бұрынғылар аузы-басы түк басқаннан қорыққан. Ал сен әлгі бір көрші елдегі содырлардың пошымын дәріптейтін әншісымаққа ұқсап алыпсың. Оның қандай мақсат-мүдде, міндеті бар-жоғын қайдан білесің. Бассалмай қылықтың аржағына үңілсең етті. Қой әрі!

 

Жиырма жастағы қойғысы келсе «сұлу мұрт» бар. Ал сақал қырықтағының қырмасы. Алпыста ақсақал болады. Алып таста.

 

Біреуден көрдім, біреу айтты деп, еліге бересіңдер ме. Таным да, сенім де, қауға сақалға, «не байы жаңа өлгендей» қара жамылуға қатысты емес. Ата-бабаларымыз ешкімнің ештемесін жапсырып алмай-ақ, «бәленшемен сенімдеспіз» деп жабыспай-ақ өз жолымен жүрген. Егер олар соншалықты ақылды болмаса, баяғыда әлдекімге сіңіп жоқ боп кетер едік. Көзің ашық, не болса соны істеме! - Десем:

 

- Ой, әже, сіз алпысыншы-жетпісінші жылдансыз. Қазіргіні ұғуға шама келмес, - деді.

 

- О, Аллай-а!.. Әкеңе компьютерді қалай пайдалануды үйреткен едім. Енді түкке алғысызбын бв?.. - пәс түсті, сонда да ұтылғым келмей, онда тыңда, - дедім.

 

- Менің қатарластарымның ата-анасының көбшілігі қаріп танымаған. Біз басқа әлемде ержеттік. Бірақ оларға сауатсызсыңдар деген жоқпыз. Неге?

 

Білмеймін.

 

- А-а-а. Өйткені, тәй-тәй басудан бастап, өмір сүруді үйреткен солар. Олар аяғыңның астына қарап, аңдап бассаң сүрінбейсің. Сүрінбесең құламайсың. Құламасаң жыламайсың. Беталды ыржаңдама. Шолжаңдама. Шолтаңдама. Беттен алма. Арсын-гүрсін сөйлеме. Жобсыз тыржиып құрысып-тырыспа. Жөнсіз кіжініп, өкіреңдеп, көкбеттеніп шабынба. Шаужайлама. Сумаңдама. Сүйреңдеу шешендік, білгіштік емес, көргенсіздік. Мыжыма. Өтірік, өсек айтпа. Ұрлық жасама.

 

Айнала кісі, адыраңдама. Шаруаны күтірлетпей, сатырлатпай ақырын, әдеппен, баппен істе. Өткенді ескер, жаңаны жатсынба. Қайырымды бол. Қайыр бер. Ала жіпті аттама. Үлкенге құрмет, кейітпе. Кішіге ізет, жылатпа, назаға қаласың. Жол кеспе. Адамға қарсы жүрме соғыласың. Соғылсаң бүлінесің. Бүлінсең құрисың деп, тіпті, тамақты да аузыңды салпылдатпай, жалмаңдамай, түкірік шашыратпай, киржакқа ұқсап екі ұртты толтырмай шайна. Бойды тік ұста. Міңгірлемей ойыңды ашық айт. Құлға ұқсап құныспа. Жігерсіздей аяғыңды тырпылдатпа, - деп қалай жүріп-тұруға дейін айқындап берген.

 

Бұны баламызға айттық. Сен де өз балаңа айтуың керек. Міне, атам-заманнан мызғымайтын темірқазық қағида. Ден қойған адаспайды, ал ұқпаған, оны бойына сіңірмеген өкінішпен ғұмыр кешеді.

 

- Әже, ренжіп қалдыңыз ба? Жаңа Ғасыр дегенім ғой.

 

- Иә, ғасыр жаңа. Әр ұрпаққа тән әрекет бар. Мысалы, бір кезде жастар ақсүйек ойнаса, бүгінгілер би билейді. Біреу ат мініп дүбірлеген, біреу көлік мініп гүрілдеген. Менде телефон еді, сенде aphone. Біреу үйді тауға салса, біреу үйді мұхиттың астына салмақшы. Ертең саған да ұқсағысы келмейтін, өзеуреген біреу келуі мүмкін.

 

Бірақ нені болса да, әуелі ақылға сап, заманға лайық іс істелуі керек. Сонда адамнан адам озып, елден ел озады. Бұрынғылар «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар», «жақсыдан да бір сөз, жаманнан да бір сөз қалады» деп кешегіден жеткеннің бәрі алтын еместігін меңзейді. Демек, әдет-ғұрып, салт-жоралғыны тек ақылды ғана емес, оңбаған да қалыптастыруы мүмкін. Не нәрсенің де түбіне үңіліп, саралау керек. Өрелі өріс кеңейтеді, өресіз кеңді тарылтады.

 

Өмір солай жалғасады. Жаңармаған дүние тозып, іріп-шіриді. Үйіңе бар да әке-шешеңе әжем солай айтты де. Маған кейін келерсің, - дедім. - Немере үн-түнсіз. Бір аптадан соң кешірім сұрады. Иектегі күйек күзеліпті.

 

- Бәрекелді! Жөн. Бүгінгі жастардың менмендігі рас. Шынымды айтсам, жаңағы сен айтқанды шала біліппін. Өкінішті... - Қалампырдың көлкілдеген беті ісініп шыға келді.

 

- Иә, үй-үйдің, қораның арасында жылтылдап, ауыл үстін шаңдатпаңдар. Шуласаңдар үлкеннен де, кішіден де маза кетеді. Аулақ барып, су жағасына ойнаңдар. Тал түсте төбеден күн өтеді, күн ауғанша дамылдап кітапқа қараңдар, оны-мұныға қолұшын беріңдер. Қайтқанда атойлап жүгірмеңдер дейтін.

 

Әрине, осыншама ережемен ержеткенімізді білмесек те, айтқанға құлақ қою, оны бұлжытпай орындатыпты. Еркіндікте доп қуасың ба, суға жүзесің бе ерік өзіңде. Ойындағы бәсекелестік жігер жаниды.

 

Жаңа жеген нан, ішкен суды айттың. Бұрын ашытқы қолдан жасалып, таба нан, күлше нан дайындалған. Ұнға қосылатын май, айран, сүт таза, құнарлы. Қойдың еті де, майы да сіңімді. Бауырсақ соның ішкі майына (балықтың майына да) пісіріледі. Күлшенің жылы табына желінетін балқаймақ та, аққаймақ та бар.

 

Төрт қабырғаға қамалмайтын не ішіп, жесе де азап шекпейді. Бірақ шешелеріміз «бір жерді кебек теседі, нан соқпай, қалтаға құрт салып жүріңдер» дейтін. Айтты, бітті.

 

Жазда ет оқта-текте. Ақ молынан ішіледі. Ауыл – балықшы. Әр үйде балықтың ішек-қарыны мен сүйегінен бұрқ еткізіп алынған алтыпндай май бөтелкеге құюлы. Ол дайын ақ күрішке қосылады, не нанға матырылады. Сазан, мекіре асылады, не қақталып, дегдітіліп буға бұқтырылады. Котлет желінеді. «Д» дәрумені қай мөлшерде болды екен. Әйтеуір, көрші ауылдың жігіттері «балықшы ауылдың қыздары қара болады» деп қалжақтайтын.

 

Ым-м-м... Қалаға кеп құба болған екенсің ғой.

 

- Дәл солай. Қара сирақ ақбалтырға айналған. - Екеуі мәз.

 

- Ыдыс беті бүркеулі, ішетін су үнемі тұндырулы. Бүйрекке тас байланбайтыны содан шығар.

 

Ал еттен басқа не бар дедің. Әлемде ең көп қолданылатыны сол. Тағам дәмсіз, нәрсіз болмау үшін оны біреу ысытқылайды, біреу пысытқылайды.

 

Біз асамыз. Соғым жүгіртіліңкіреп (аздап) тұздалып, дегдіген соң ағаш жәшікке бастырылады да, беті жұқалтаң орамалмен бүркеледі. (Сарымай мен құрттың да тұзы төмен. Ірімшік қазіргідей қантқа шыланбай, өре көрген соң мейіздей). Шошалада сақиған ет былықпайды. Өте дәмді. Егер суықта бір мезгіл сорпа ішіліп, қан қызбаса, еттен өтіп, сүйекке жететін аяз адамды жалмап қоятын шығар.

 

Етті мал қоралаған соң жеу ертеден жеткен. Өйткені, ол кезде күндіз аз тамақтанып, ақ ішіліпті. Ал түнде ит-құс, ұры-қары бар. Қойшыға бар малды күзеттіріп қоя алмай, ауыл боп түн асыратын болған соң, асты кеш жеп, ұйықтарда сусын ішіп қисайған. Ондайда жастар ақсүйек ойнап, алтыбақан тебеді. Сондықтан ауыл да аман, мал да аман, салқын ауада ішінде дым қалмаған қарын да орнында.

 

Бәсе... Бұрынғылардың семірмеуі осылай де.

 

- Қоңды ет өлекседей ың-жың болмауы керек. Қонақ шақырылғанда дәу қара қазан қалай желінеді деп ойлаған да шығарсың.

 

Ол бір миға симайтындай.

 

- Оты жалындамай бір қайнаған қазанның әрі қарай асты анда-санда қаузалып, қоламтада бабымен піседі. Дайын болуға таяғанда ошаққа от тасталып, сорпаның шымырлаған қайнауынан бірнеше рет май қалқылады. Оны «іші жүріп кетеді» деп итке де бермейді. Ал нан саларда дәм түсіріліп, сорпаның нәрін жоғалтып алмай самауырдағы сақырлаған сумен еселейді. Соғымда тек ірі қараның еті ғана шабыстырылады.

 

Жайма тою үшін емес, дәм үшін. Сол себепті қаймыжықтай, өте аз. Асқа былықтырып басы артық нәрсе қосылмаған. Ет пен май, сүт пен нанның құрамында ағзаға керектің бәрі бар.

 

Еттен ұшынғанды естімеппіз. Шай тамақ тараған соң бір, бір жарым сағаттан соң ғана ішіледі. Егер түсте тойып алсаң, кешке жеңіл-желпілеп, сусын іші салмайсың ба?

 

Әй, қайдам. Тыққыштауға қалыптассаң сүйте салу оңай емес.

 

- Ертеде, мал көпте наурыз туа қардың шеті жылт етісімен (амалда (ай жаңасы) қырға шыққан. Оған әйелдер қысқы соғымнан сүр сақтап апаруға құмар бопты. Өйткені, көрші отырған ел бас қосып, «өлмеген құл биылғы көкті де көрді» деп қуанып, бірін-бірі шақырып, жүз көрісіп (қауышып), төлдеу уызын қосып сүр жеген. Сүрдің сорпасы ішілмейді, оған ақ пен жеті түрлі дән қосып, Наурыз көже жасалады.

 

Жақсы дәстүр сақталады. Кейін де ауыл ақсақалдары қыста шекеге, көктемде сүрге шақырылатын.

 

Ашаршылықтан, соғыстан шалдыққан жұрт, әйтеуір қуантудың жолын білген шығар. Отбасында анау сенің міндетің деп, көзге түртіп, жұлқылау жоқ. «Апалап», «көкелеген» кіші үлкенге қолқабыс. Ағайын бірінің-бірі көңілін жықпауға пейіл.

 

Шіркін, көңіл аулауға не жетсін. Соған зар боп отырмын ғой.

 

- Апам «артық жесе баланың ұлтабары кеңиді» деп, шағын, белгіленген ыдыс пайдаланған. Бәрі мөлшерлі.

 

Жас күнгі қалып қалмайды. Әзірше жазда суға жүзуден де қорғалақтамаймын. Ішіп-жеуге қосқаным – көкөніс. Ал жатарда сусынға (петрушка, укроп) тураймын.

 

Іш үлпіршек. Ол шамадан тыс ащы жесең ақырып, тәтті жесең тасиды. Арақ өт құяды. Өт аранды ашып, жалмауыздық туады.

 

- Әттең, дүние. Білетініңнен білмейтінің көп. Қала бір, дала бір әлем сияқты еді. Сауаттымын десем, әншейін екен. Ертерек бірнәрсе ұққанда бала да орнында, денсаулық та қалпында болар еді, - Қалампыр кемсеңдеп қоя берді.

 

- Қой енді. Аманшылық болса аяққа тұрарсың. Кімнің маңдайына не жазылғаны бір Аллаға аян. Байсың ба, кедейсің бе әркімнің өз нәсібі өзінде. Әйтеуір дені саудан жібі түзу өрбісе болды да.

 

Бұл күнде қойын таңдау баршылық. Бүтін мен сынық бірдей емес. Тәрбиені тетік басып басқарып, ақшамен қалыптастыра алмайсың. Сана ғайыптан бүре жара алмайды. Оны түрту керек. Бала жиырма бірге жетіп, жауапкершілік барын сезінгенше ата-ананың қадағалауы, ықпалы қажет. Онсыз тәрбие жоқ, тек өсу ғана бар.

 

Ел жағасы тік. Бірақ заман қашан да «аумалы төкпелі». Дүниені дабырлатқан ұрпақ ақақу-сақақумен дарылдамай, мүмкіншілікті дұрыс пайдаланып, ірге нығайтуға барын салса жарар еді.

 

Иә, керегі де сол ғой.

 

 

х х х

 

 

«Асқынған ауру алмай қоймайды». Қалампыр ұзақ жатпай бақилық болды. О, жалған... Келеді... өтеді... кетеді...

 

Таужан бұйыққан орнынан тұрып, айналасына қарады. Бірі кеп, бірі кетушілер. Балалары түскі асқа тосып қалған шығар. Үйге қарай аяңдады.

 

 

«Қазақ елі», шілде, 2016 жыл.

 


Поделиться:      
Оставить комментарий: