Блоги
Ертегілердегі ескі заман белгілері
М.Әуезов ертегілерді ауыз әдебиетінің есте жоқ ескі заман елесін сақтаған ең көне түрі деп есептейді. Бүл пікірін ғалым көптеген ертегілердің оқиғасын, кейіпкерлерінің басынан өткен жайларды талдай отырып дәлелдейді. Ертегілер жайын ғалым алғаш рет «Әдебиет тарихы» еңбегінде қозғаған.
«Адам баласы білім-өнер жүзінде кенже болған уақытта маңайындағы дүниенің жасырын сырларын білмегендіктен, өзіне белгісіз заттың барлығына құдай деп табынған. Сол табынған нәрселері көп болғандықтан, әрқайсысы туралы арнаулы әңгімелері болған, осындай құдайлар әңгімелері ескі грек, рум жұртында көп болған.
Заман өткен сайын, ақыл, білім өскен соң, ол табиғат нәрселерінің құдай емес екені білінген. Сондықтан олар жайындағы әңгімелер бұрынғы мағынасынан айырылып, кейінгі айтушылардың аузында ертегі болып кеткен. Өмірден болмайтын істер, қиялдың көтеріп суреттеген әңгімелері деп танылған. Қазақ ескілігінде кездесетін жалмауыз, диюлар, мыстан кемпірлер араласқан әңгімелердің барлығы да сондай көтерген қиялдың табысы»,–жазды ғалым. ( 175-б.) М.Ә. 4-т. Осы ертегілік сипат, бейтаныс нәрсенің өзіне белгісіз күштерін көтермелей суреттеу, әлдебір тылсым табиғаттың әсерінен болатын оқиғалар батырлар, ғашықтық, тарихи жырларда мол кездескендіктен оларды ертегілерге қоса, кейде ғалым ертегі әңгімелер деп те атайды. Ғалым оқулықтың «Ертегілер» деп аталатын 5-бөлімінде осыған қатысты ойларын небәрі 5-6 бетке сыйғызып баяндаған. Шағын көлемді бөлімде ертегі шығуына, дамуына, өсіп-өніп өзгеруіне қатысты қыруар ойлар айтқан.
Ертегілер ішінде әшейін адам істей алмайтын істердің істелуіне ғалым назар аударады. Онда бір нәрсе екінші бір нәрсеге айналып кетеді. Адам жаны басқа жерде сақталады, жердің жеті қабат асты, аспан қабаттары қиялмен беріледі. Алтын сарай, күміс ағаш, балық, елік, алып самұрық сияқты ерекше заттар пайда болады. Мұның бәрі әлдебір құпия нәрселерді жасырып табиғат тылсымынан әлдебір күштің әсерімен қозғалып жатады.
Ертегіде табиғат күштері де ерекше. Жалмауыз, дию, мыстан, айдахар сияқты адамның өмір тіршілігіне қатысты жағымсыз қарсы күштер де суреттеледі.
«Ертегінің жері де, мезгілі де белгісіз болады. Баяғы тағы заманда болған оқиға, белгісіз от дариясы, жын, пері мекені, алтын сарай, күміс бәйтерек, аспанда салынған үйлермен келеді. Осы сияқты жай өмірден жат болып жасалатын істер ертегінің дағдысы деп саналады»,–дейді ғалым. ( 175-б) 4-т
Ертегінің дағдысы дегенде ғалым осындай ойлау жүйесінің бірталай замандар адамдар арасында шындық сияқты айтылып өмір сүруін қалыпты жағдай болған дегенді анық білдірген. Ауыз әдебиетінде ертегіге тән нәрсе «Ертегілі сөздердің белгісі болады»,– дейді. Мұнысы ертегінің айтылу машығы, ерте заманға кетуі, қиялмен алда болатын нәрсені болжауы сияқты сөйлеу стилін, көркем тілін, құбылта әңгімелеу барысында небір оқиғаларды төндіре суреттейтін күрделі құрылымын айтса керек.
Осы мақалада салт, тұрмыстық ертегілер жайында айта келіп қиял-ғажайып ертегілер туралы сөз етпейді. Ғалым белгілі бір нәрсенің шығу тегін білдіретін ертегілерді әуезе деп атайтынын айтқан. Бұл қазіргі мифтік деп айтып жүрген түсінікке жақын болса керек.
Ертегінің екінші түрі ескілік ұғымдағы салт әдетті білдіретін ертегілер деп айқындайды. Оның алғашқы түрлері аңшылық кәсіппен байланысты шыққан. Аңшылық, кәсіпшілік жайлы ертегілерде суреттелетін жайттар мергендік, батырлықты, тапқырлықты дәріптейді. Осы дәуірде шыққан ертегі әңгімелері жалмауыз кемпір, мыстан сияқты адамға қарсы күштер туралы да баяндайды.
Кеңестік дәуірден бері ертегілерді арнайы зерттеген ғалым С.Қасқабасов мыстан, жалмауыз, жезтырнақ сияқты кейіпкерлердің шығуы жайында былайша болжам айтады.
«Матриархалдық дәуірде бүкіл руды басқаратын ақылшы, көсем әйелдер болды. Бұл әйелдер өз руының талас істерін шешетін, кәмелетке жеткен қыз балаларға руының салтымен дәстүрін үйрететін, ауырған балаларды емдейтін, яғни олар – әрі ру басы, әрі ақылшы, әрі шешен, әрі балгер, әрі ұстаз болатын. Тіпті олардың зиянды жын-шайтан, дүлей құбылыстармен күресетін белгісіз бір көмекшілері бар деп сенген, оларға табынған. Сөйтіп, шаман-әйелдер пайда болған.»,–дейді ғалым. ( 10-б.) (Елзерде. Әр жылғы зерттеулер. –Алматы: Жібек жолы, 2008. 504 б.)
Осы болжамды ұстана отырып ғалым кейін патриархалдық қауым орнаған кезде бұрынғының шаман-әйелдеріне жағымсыз кейіптер таңылған. Олар сөйтіп жағымсыз кейіпке айналдырылған.
«Содан барып ертегідегі бұрынғы ру басы шаман-әйел енді жек көрінішті, жағымсыз жалмауыз кемпірге айналады. Бара-бара ол тіпті кісі етін жейтін боп көрсетіледі. («Алтын сақа», «Ер Төстік» ертегілерінде). Ал оның орнына еркек-шаман, еркек ру басы пайда болады»,–деп түйіндейді зерттеуші. ( 10-б.) Елзерде
Патриархалдық дәуір дамыған кезде шамандықпен күн көретін кәсіби шамандар пайда болған. Олардың сарқыншағы кейінгі кезге дейін жетіп ел ішінде сақталып қалған. Ғалым бақсы, балгер, тәуіп, құмалақшы, жауырыншы сияқты кәсіптер осы шамандықтың жалғасы деп есептейді.
Бұл жайында кітаптың кіріспесінде ғалым бірталай қонымды пікірлер бірдіре келіп, бақсылықтың арғы дәуіріне көзқарасын айтады.
«Пері, жын бұрынғы қазақтың дін нанымында бүгінгі ісләмнің періштесі сияқты болуы керек. Олардың өздеріне арнаулы меншікті дүниесі болған. Әрқайсысы табиғаттың әрбір тарауынан, не адамның көңіліндегі әр түрлі салақияттың түп иесі болуға керек. Бұлардың барлығы қазіргі уақытта бақсының қолында қалған: бақсы – ескіліктің, бұрынғы діннің жер жүзінде қалған жалғыз белгісі, сондықтан ескі нанымның барлығы бақсылық айналасына паналаған. Бұрынғы бақсы, бұрынғы діннің әулиесі, пайғамбары есепті болған. Бақсы бал ашқан уақытта аспанмен, құдайлармен жалғасатын. Соны жалғастыратын періште сияқты өткелі жын болған. Бүгінгі қазақ нанымында жынның қайдан шыққанын ашып айта алмайды. Жынды шығаратын шайтан десе, ол молдалар үгітінше кейінгі мұсылманшылық ұғымына жанастырған нәрсе»,–дейді. ( 15-б) 4-том.Ә.Т.
Мұндай дәуірлік, көп уақытты қамтыған көзқарастарды ғалым екі топқа бөліп қарауы дұрыс болған. Мұсылман діні енген уақыттан бері оның ұғымы ескі дін қалдықтарын жоюға, теріске шығаруға, жойып өшіруге бет алған. Осы бетпен ісләм жорығынан аман қалған ескілік әдебиетті ғалым санап өтеді. Олар дінге бөгет келтірмеу себепті аман сақталып қалған. Бұл туралы ғалым:
«Мысалы, жар-жар, беташар сияқты барлық салт өлеңдері. Әйтпесе қазақтың бұрын да талай мейрамы болған. Сол мейрамдарға арналған ойын-жиын өлеңдері бар еді. Барлық түрік жұртының мейрамы – наурыз, бақташылық өмірінен туған. Аспанға табынғаннан туған. Күн шырайы түзелген уақыт құдайдың ізгілік, рақымшылық істегісі келгеннен, сондықтан оған қуанып, той қылу керек болған. Бұл күнде сол наурызға арналған өлең бізге келмей, жетпей, жоғалып отыр. Мұсылманшылық қуып шыққан, жоғалтқан.»– дейді. ( 16-б.) 4-том. М.Ә.
Тарихтағы дүниетаным қайшылықтары бір-бірімен тартыста, кейде ымырада, кейде теріске шығару арқылы дамиды. Кейде олар өзара ымыраға да келеді. Ескі дін мұсылмандық та өзара ымыраға келіп, бұрынғының мұралары жойылудан сақталып қалған жерлер де бар. Ғалым ескімен күрес үстіндегі діни көзқарас кейде өзінен үстем күшке шамасы жете бермеген дегенді айтады.
«Ел әуелгі кезде мұсылманшылықты ұстаса да, мұсылманның молдасынан өзінің бақсысын артық көрген. Бақсыда үлкен қуат болып, елдің ықыласын өзіне тартып, билеп отырған. Сондықтан кей жерлерде бақсыға мұсылман әулиелерінің сипатын алып келіп, жамағаны бар. Мысалы, ескі заманда «абыз» дегендер болған. Абыз деген сөз арабша «хапыз» деп шығады.Ізгі, әулие деген сөз. Бақсы өзі әулие орнына күтулі болады. Мінеки, бұл ескілік пен жаңаның жасаған бітімі»,–дейді ғалым. ( 17-б) 4-т. М.Ә
Ғалым өзі айтқан абыз сөзінің мағынасын толық анықтаған. Бұл жайында айтып қана қоймай, өзінің «Еңлік-Кебек» трагедиясында Абыз бейнесі арқылы ескілік өмірдің ел арасындағы суретін көркем түрде тамаша бейнелеген.