Блоги
Кішкене әңгімелер
Тұмабаевичті дұрыс түсініңіз
Он жыл бұрын осы кісіні көрсем ұнатпағанымды білдірмей көрмегенсіп өте шығатынмын. Үнемі өте шығуға болмай қалды. Болмай қалғаны ол мені жақсы таниды және байқамағансып өтіп кеткенімді білсе арттан қалмай қояды. Сөзбен тергеп, –Ана жолы сен көрсең де көрмеген болып өте шықтың. Сонда тоқтап сәлем беруге уақытыңды қимадың ба, жоқ мені менсінбеген сыңай таныттың ба, онда өзіңді менен артық деп ойлайтын болдың ғой солай ма?–деп ұзын сонар әңгімеге түсіп кетер еді. Ал енді басың бәлеге кірген соң ақталып көр. Олай емес десең бәлеге қаласың. Дәлелдей алмайсың олай емес екенін. Оны дәлелдеуге тырысуыңның өзі дұрыс болмай шығады. Түк болмағандай басқа бірдеңе айтқансып қасында жүруің керек. Сөздерін тыңдап, айтқанымен келісіп, дұрыс болмаса да дұрыс деген ойда елпілдеп сөзін қостау оған жақсы әсер береді, сен соны істеуге тиіссің. Иә оның төңірегінде адамдар бар солай істейтін, қарамағындағы қызметкерлер, келіп-кетіп жүрген достары.
Ал, енді сен өйтпесең онда дұрыс адам болмағаның. Себебі бәрі солай істейді, ал сен болсаң елдің бәрі істейтін қарапайым нәрсені істемей осы қатарда, осы ортада жүргің келеді. Міне, Тұмабай Тұмабаевич осылай ойлайды.
Тұмабай Тұмабаевич өзін принципшіл ойдың адамы санайды. Оған ұнамай қалу жақсылықтың нышаны емес. Ұнауға тырыспау былай тұрсын, оған назар аудармай өтіп кетудің өзі сізге оңай тимей қалуы мүмкін-ау. Оның агенттері ылғи өзі сияқты партия газеттерінің белді қайраткерлері. Өздері де белсенді. Үнемі газеттің бірінші бетінде жүреді. Үшінші-төртінші бетке шығу деген олар үшін қорлық. Тіп-тік, түп-түзу. Шалбардың қыры пышақтай. Галстук әбизәтілні. Ал, қиқы-жиқы киініп, өзіңмен-өзің ауаша жүрсең ол кісі ойға қалады. Оның ойыншы бұл адам ішеді, немесе басқаша ойлайды, ортасы бөлек. Біздің ортаға бұл қайдан келіп жүр деген ойлар оған маза бермейді. Мұның түбіне ол түрлі әгенттері арқылы жетеді де, сіз туралы тіпті өзіңіз білмейтін қызықты материалдар жинап қояды.
Әр келген досына сіз туралы бірер материал жіберген уақытта бір жылда сіздің үстіңізден үйілген жалақорлық материалдар бірнеше том болып миыңыздың қуыс-қуысында, әр түрлі қызығушылығы бар әлгі жазғыштардың уытты кекесіндерінде, мақалаларының астарындағы ілме сөздерде жасырынып жатады. Бұл өзі нквд-ның жансыздарынан қалған әдет қой. Ал, қимылы жансыздардан да әккі. Олар енді сол үшін ақша алып, қызметі өсті, пәтерге ие болды дегендей. Ал мына Тұмабай Тұмабаевичтікі не азап екенін құдай білсін. Кейде ойлаймын бендешілікпен шіркін мен туралы осының жинаған материалын қолыма түсірсем ғой. Тура неше том болар еді. Шіркін бұл мен үшін дайын роман есепті қуаныш қой.
Ылғи ойлап жүремін оны. Оны көргенде бойынды жинап алып, өне бойды тінте қарайтын көздеріне не түсті, қандай сөз айтар екен деп кеңпейіл мінез таныта қалам. Менің осы мінезімнен ол қатты қорқады. Ондай кезде жүгіре басып, асыққан адамша адымдай жөнеледі. Ал, бірдеңеге көңілім болмай асығып, алаң болып жүрсем, құдайы берген адамша, дәп сол нағашы жұртымның жанашырындай
–Қалың қалай,– деп әңгімешіл бола қалады. Мен де кәнігі қу емеспін бе, асығыс бола қалам ондайда, жұмыс күтіп тұрған қалың шаруаның адамы сияқты.
Тұмабай Тұмабаевич туралы көп айтуға болады. Оның кезі тағы да келе жатар әзірше тағы тығыз шаруа шығып тұр еді. Оқырман жолдас сізде аман бола тұрыңыз. Бірақ енді сіз Тұмабай сияқты қасаң, біреудің тірлігін жата қап аңдитын адам емес шығарсыз. Ал мен өзім біреудің тірлігіне қызығушылық танытатындардан ауаша жүруді ұнатамын. Өзіңіз әңгіме айтқыңыз келсе онда тыңдай беруге әуеспін...
Сонымен Тұмабаевич туралы әңгімені келесі жолы жалғармыз, иә сау болыңыз...
26.02.2016
Бастықтың досы
Қасымбек ойда жоқта үлкен кәзитке бас редактор болды. Бір қызметтен түсіп ренжіп жүр еді. Енді қайта түзелді. Кәдімгі шәниген бастық. Сөйлесе бұрын да иек қағып тұратын. Бірақ бойы кішкене. Айбары шамалы. Осы боп тұрғанда шығарып қояйын деп жастық желігімен жазған бірдеңелерді ара-тұра беріп қоятын болдым. Онымды даладай қылып классиктердің тұратын орнына басатынын қайтерсің. Бірде жиналыс болып:
– Қасымбек деген оңбаған келді де кәзитті құртты. Ылғи жолдас-жора, туған туысын, руласын басады,– деп дударбас біреу ал кеп сынасын. Қасымбек мынау не дейд,–дегендей көзін жыпылықтатып, ежірейіп қарады да отырды. Не жарытып жауап қатпады. Өзі де сынға жауап беруді білмейтін, намыссыз бастығы үндемегенің дұрыс дегендей төмен қарап естімегенсіп ол отыр. Қасымбек ұялғансып қозғалақтайды. Жөтелгенсіп қояды. Жиналып бітіп кабинетке келгенде қып-қызыл болып, өлгенше мазасызданып келді.
– Ойбай Қасымбек. Енді мені баспай-ақ қой. Қайтесің сынға ұшырап. Соларды-ақ бассаңшы. Ана сынаған немені жиі берсеңші үндемей жүрер сонда. Қасымбек ежірейіп кетті.
–Ол итті кәзиттің маңынан жүргізбеймін.
–Ойбай құртады ғой о бәле. Жазады ғой арызды.
–Жаза берсін. –деп нығызданды. Маған сонда да жазғандарыңды әкел деп қоймады. Қаша жүріп апарып жүрмін. Басып жатыр. Кейде қаламақыны көсілтіп қойып тастайды. Бір-екі бет мақалаға пәленбай мыңды төгіп тастайды. Ақша алғанында сүйсініп отырсам да, қол қойғанда саусақтарым дірілдеп, қолым ырыққа бағынбай кетеді. Өзімнің адал ақымды емес. Ұрлық ақшаны алып жатқандай қысыламын. Байқаймын досына жақсылық жасағанды ұнататын Қасымбек маған өзін мақтатып мақала жаздырып қоятын болды. Оның жетпей тұрған жеріне адамның ақылына сыймайтын мақтауларды қосып, әй өзін-өзі жарылқайды келіп. Апырай деп кейде өз жазғанымнан өзім ұялатын болдым. Бұрын мені орынды жігіт көріп амандасып жүретіндер енді бір бәленің иісін сезгендей анадайдан секемденіп қарайтынды шығарды.
–Мақта мынаны деп кітап ұстатын болды қолыма. Неғұрлым мақтауың ақылға сыймайтын болса, қисыны келмесе соғұрлым сенеді. Тегін адам емес екеніңе сенеді. Жаз,–дейді. Қарап жатам ба, ақысын берсең боқысын дегендей былықтыра сілтеп апарып тастаймын. Қалғанын сол жердегі сүйек мүжігіш қулар тауып, жамап-жасқап қосады.
–Жаса, Қасымбек,–деймін. Енді сенерім де сыйынарым да Қасымбек. Апырау ол орнынан түспесе екен. Түссе мені кім керек қылар дейсің дейін десем, танымайтын біреулер Кәкең айтып еді деп қатысы жоқ біреулерді телеканалдан мақтауға, сөйлеуге, дәріптеуге шығарып қояды. Аты-жөніме сыншы, зерттеуші, жазушы деген аттар жамалып жатыр. Мен қайдағы жазушымын. Мұғалім оқуын соғым беріп әрең бітіргенімді Қасымбектің өзі де біледі. Оның өзі жорналшыны ауылдан қой тасып жүріп сырттай зорға бітірген. Соқырға қотыр жолдас дегендей мына заманға сай әйтеуір ілініп қалған соң қолдағы нәрсені босқа кетірмейік деп пайдаланып жүрген ғой біздікі.
Байқаймын менің қуыстанғанымнан секем алып, кейде Қасымбек маған ақыл айтады. Ақылы былай.
–Ертең мен түссем ешкімге керегіміз жоқ. Шегінбе. Басып, сөйлеп, адымдап, қарыштап, мініп, иектеп, көтермеленіп қал. Осы сөзге елітіп талай жерге келгенімді енді кейін қайтуға жол жоғын білем. Бірақ бізді мазақтаушылар, аңдушылар көбейгендей ме өзі. Біз оларды аямап едік қой кезінде, өсекті соғушы едік. Езулерін тіліп, есекке теріс мінгізуші едік. Енді бізді де аяп жүр деймісің. Міне, Қасымбектің кітабын мақтауға отырдым. Ертең қалың елмен кездесу. Сөз сапыруға дағдыланып алдым. Бірақ әрбір халым өліп тұрғандай, ішкі дүниеңде бірдеңе суыйды да тұрады.
Мақтауды келістіре түсіп, ойдан құрап, суайттықты жетектеп, тазша баланың талантына бас ие, соның тәсіліне басып жатырмын. Бірақ менің қырық өтірігіме жұрт сенсе жақсы. Әй осы менен Тазша бала бақытты сияқты ғой. Оның өтіріктері қиысып тұрады. Ал, Қасымбек екеуміздің өтірігіміз ылғи шикі болып шындығы артынан жалаңаштанып қуалайды да жүреді. Жалаңаш шындықты қалай киіндіруге болады деп ойға қала бастадым. Бірақ Қасымбек өліспей беріспек емес. Оның артынан еріп мен байғұс қосақ арасында сүйкімнен айырылған сұмырай біреу болуға айналғаным жанды қинайды-ақ.
Айлық көтеру
Мінезі жуас досымыз арақ ішпеуші еді. Былайғы уақта ұяң. Біраздан бері айтып жүретін еді. Бастыққа жалақымды көтеріп беріңізші деп айтайын десем ыңғайсыз көріп жүрмін деп. Бір күні аздап көңілді болып келді. Күндегіден батылдау көрінді. Жалақы туралы бастыққа айтамын деп кіріп кетті. Біз оған кірмей-ақ қой кейін келерсің дегенді айтып едік көнбеді. Кабинеттен жарты сағаттай ешбір дыбыс білінбеген соң,– е тіл табысқан екен ғой,– деп ауыз жақта жұмыс істеп отыра бердік. Бірақ шаруа біз ойлағандай оңай шешіле қойған жоқ.
Тыныштықты бастықтың –шық,–дедім саған кабинеттен,– деген айқайы бұзды. Әшейінде кісі бетіне қарамайтын досымыз –шықсаң өзің шық,–деп айқайласып жатыр. Есік сарт етіп ашылды да бірінші бастық жүгіре шықты, соңыңда Тәкен, қайдан тапқаны белгісіз қолындағы картон таяқшамен бастықты бастан періп өтті. Бастық біздің бөлмеге келіп тығылды. Ақырып ұмтылған Тәкенді ұстап жүрміз. Бой берер емес,–Құртам көзіңді. Түрмеге жібертем,–дейді.
– Ойбай қой. Қуылып кетесің ғой, байғұс-ау, – деп аузын басып тұншықтырып жүрміз. Ол долданып алған. Болатын емес. Көрші есіктен жылп етіп шыққан бастық кабинетіне кіріп есікті іліп алды. Әшейінде ыздиып жүретін бастықтың жүні жығылып қалыпты. Тәкеңнің мысы басып тұрған сияқты. Есікті барып теуіп-теуіп қойып:
–Аш, қазір шақыртам тексеруді,–деп бақырып жүр.
Бастықта дыбыс жоқ. Көмекші келіншек әшейінде ешкімді кіргізбеуші еді, шу шыққан бетте зым-зия жоғалды. Әкелеп-көкеліп Тәкеңді қабинетке қайта әкеліп, сейфте тұрған коньяктан құйып беріп әрең тыныштандырдық. Ол креслода отырған бойы біраздан соң ұйықтап кетті. Кеш бата бастық үйіне қайтты. Ұйықтап жатқан қызметкерді көрмеген болып өте шықты. Біз Тәкеңді бітті ерте жұмыстан шығады деп ойладық. Оны үйіне апарып салып тарап кеттік. Ертеңінде сағат тоғыз болмай келсек, Тәкең бір жапырақ қағазды ұстап бастықтың кабинетінен шығып келеді.
Көзіміз бақырайып,–не шығарып тастады ма?–дейміз.
–Қайдағы,–дейді ол нығызданып. –Өсті ғой жалақы.
–Қалайша,–деді досым.
–Солай,–деді Тәкең.
–Сендер ешкімге айтпаңдар,–келесі айдан бастап көтеруге уәде беріп, қолхат жазып берді,–деп сыбырлады Тәкең. Оның мына ерлігіне аң-таң болған досым жұмыстың соңына дейін тым-тырыс жүрді де:
–Мен де жалақыны көтеруді сұрасам қайтеді,–дегені.
–Қой, бірер күн өтсін де,–деп қоямын басекеңді аяғансып. Бірақ ол мені тыңдасын ба, кешегі коньяктың қалғанын тартып алып кеткен. Бұ жолы айқай-шу бірден басталып кетті де, досым есіктен бөтелкенің тығыны сияқты ытып шықты. Өзі бір жапырақ кішкене еді. Тәкең екеумізге оны жұбату қиынға түскен жоқ. Үйіне апарып тастадық.
Ертесінде жұмысқа келсек елдің бәрі бұйрық ілулі тұрған тақтаның алдында жүр. Бізге қырындай қарап қояды. Ана екеуі маған:
–Барып оқып келші,–деді. Таяп барып оқып көрсем екеуін де бір күнде бұзақылығы үшін қызметтен шығару туралы бұйрық екен. Екеуінің қасына келіп отырған соң ертеңнен бастап екеуіңді жұмыстан шығарыпты,–дедім.
–Қалай,–деді досым.–Тәкең ақшамды өсіреді деп айтпап па еді. Тәкеңе қарап едім, ол төмен қараған күйі,–мен көңіл күйім болмаған соң қалжыңдап едім,–деді.
–Қап, әттеген-ай,–деді досым. –Оны білгенде бармайтын едім.
–Оқасы жоқ,–деді Тәкең саспаған күйі екеуміз бірге кетеміз. Енді сен кірсең қайтеді, осы мәментті пайдаланып, бәлкім сенікін көтерер.
–Әй, қайдам,–дедім сенімсіз түрді. –Барсам барайын. –Олар менің бастыққа бара жатқаныма сенбегендей, аяушылықпен қарап соңымнан көзімен ұзатып салды.
Кабинетке кірсем бастық көңілсіз отыр екен. Мені көріп күліп жіберді.
–Сен де ақша көтер деп келдің бе?–деді.
–Жоқ,–дедім,– көтермейтініңізді білем ғой. Ана екеуіне обал болды мына қымбатшылық заманда. Сіз оларды кешірсеңіз қайтеді. Аздап қызу еді. Ішкендік болды. Әйтпесе...
Бастық бірталай үнсіз отырып:
– Өздері өкіне ме, жоқ сен ойдан шығарып отырсың ба?–деді.
– Ой, басеке қатты өкініп отыр, сен барып айтып кел, бізде бет жоқ кіруге деп мені жіберді,–дедім. Бастық сенгіш адам.
–Онда шақыр екеуін,–деді. Келіп болған жайды айтсам қуанудың орнына өзімді боқтап берсін.–Сен бізді кім деп жүрсің,–деп күшейді Тәкең, –Екеуі мені түтіп жеуге айналды.
Әлгі жерде қу да мен, жағымпаз да мен, алаяқ та мен болып үшеу ара керілдестік те қалдық. Тәкең екеуміз ұстасып қала жаздадық. Оны жасына қарамай біраз сөзді батырып жіберіп едім досым ренжіді–Мұның не, бастыққа жақтасып кеттің бе?–деп. Өстіп отырғанда –бастық шақырады,–деп хатшы қыз келді. Үшеу боп ұнжырғамыз түсіп тағы келдік. Ана екеуі кіре сала тағы жанжал бастай ма,–деп қорқып отырмын. Келіп диванға отырдық Бастық үнсіз. Біз отырмыз төмен қарап.
Бастық:
–Иа,–деді–онысы сөйлеңдер дегені болса керек.
–Кешіріңіз,–дедім бастыққа қарай алмай. Аналардың мені тыңдамағанын айтпақшы едім. –Достарың үшін сен ұялып кешірім сұрап отырсың түсінгендігің ғой бұл,–деп қояды бастық.
–Мені кешіріңіз, бұлар тыңдамады мені,–дей беріп едім.
–Біз қашан тыңдамадық, сені ылғи тыңдаймыз ғой, сол үшін кеп отырмыз,–деді досым. –Иа, оны тыңдаймыз,–деді Тәкең де әңгіменің не туралы екенін түсінбесе де...
–Қысқасы жігіттер бір жолға достарыңның сұрауымен қалдырамын, ал екінші тәртіп бұзсаңдар шығасыңдар. Қазір іске кірісіңдер,–деді бастық. Үшеуміз тік тұрған бойы –Рахмет,–дедік те тізіліп кабинеттен шығып бара жаттық.
Орнымызға келіп ес жиған соң Тәкең маған–Сенің түк бүлдірмей жатып кешірім сұрағаның не сасқаның,–деді.
Сендер шығып кетсеңдер мен жалғыз не істеймін деп сасқан соң ойлап тауып едім,–дедім.
Олар бұған кеңкілдеп әбден күлді.
–Біз сені ақша сұрауға кетті деп жүрсек. Хе-хе-хе.. хе-ее...
Кішкене кейіпкерлер
Алғашқы қалам ұстаған кезде ет қызуы, жастық албырттықпен көркем әңгіме көп жазылды. Олар дәптердің ішінде жарыққа шықпай қала беретін. Оқыған адамдар қызық екен, бірақ әй, мынауың шықпайды ғой,– деп күліп қайтарып беретін. Сөйтіп жүргенде үш-төрт беттік әңгіме аудандық газетке шыға келсін. Ауыл адамдары оқиды да мырс-мырс күледі кеп. Ай, сенің анауың не,–дейді мен бірдеңені бүлдіріп қойғандай. Үндемеймін баяғы, қулық іште жатыр. Сөйтіп, жазғандарым көбейген сайын, оны қайда қоярымды білмей өзімнің ойда-жоқта пайда болған талантымды қайда жасыруды білмей үнемі бірдеңелерді ойлап, қалай жазудың жолын іздеп ойша қаңғырумен жүрдім. Айналадағы болып жатқан оқиғаларды жазса ғой деймін.
Әркімше жаздым. Бірақ өз стиліме түсіп кетем. Бейімбетше, Ілиясша деп көрем. Сәбеңше сілтеймін. Тағы біраз жыл өтті. Орыс жазушыларынан оқып, Чеховты ұйықтасам жастанып жаттым. Сөзі ірілерді, көзге түсетіндерді түгел қарадым. Миым ашыды. Орыстана бастадым. Қалада 2-3 жыл жүріп қайта ауылға келдім. Тағы оқу...
Әңгімелерімнің кейіпкерлері де қызық, студенттер, жалқаулар, жұмыстан қашқан, оған себеп іздеген, әскерден келіп оқуға түспеген, жолы болмаған, ауылдан қашып қалада жұмыс істейтіндер. Көбі жатақхана тұрғындары. Дикий бригада құрып құрылысқа кетіп қысқа ақша тауып алып, қыстың ұзақ түндерінде кітап ақтарамын.
Бұл диплом алып кеткен соң да жалғасты. Бар болғаны 4 класс бітірген шешем балам-ау, депломыңды алдың ғой, сол кітапты несін оқи бересің көзіңді тауысып, ана мұғалімдер өмірі бір кітап оқымай-ақ елдің баласын оқытып жүр ғой,–дейді.
Бұл кезде журналистік қызметтің бояп жазатын, шындықтың өмірге қабыспайтын жақтарын өтірік қиыстыра алмау себепті оқытушылық қызметке үйрендім. Сол біраз жыл асырады. Әйтпесе дипломмен қара жұмыс істеп жүретіндер көп еді. Оқытушылық көп нәрседен сақтап қалды. Кітап оқуға дағдыландым. Жазуды қоймадым. Жазғандарым бірнеше кітап болды, бірақ орталықта жарық көргендері сирек. Белгілі жазушыларға көрсеттім. Кейбірін ұнатқан адамдар әр жерге шығарып жүрді. Алғаш кітабым шыға бастағанда менің әңгімелерім туралы жақсы пікірлер айтылды.
Ауылдан келген әлдебіреуге жақсы сөзді қиғысы келмеген пысықтар ұсақ тақырыпты жазады, кішкентай адамдардың өмірі деп жақсы пікірді кейін шегерді. Көркем әңгіме жазу 70-80 жылдары дәстүрге айналды. Сол жылдары әңгіме жазбаған жазушы жоқ. Кейін көбі роман, повес жазды. Мен әңгімеден айрылмадым. 90-жылдары бұған базар хиқаялары, шым-шытырық аласапыран қосылды.
Енді кішкентай адамдар керексіз болды. Өмірде адамның үлкен-кішісі болмайды дегенді кім тыңдасын. Жұрттың ойланып жататын, ондайға бас қатыратын уақыты жоқ. Жұрттар не жазып жатыр соны жазады да... Барлық жанр жақсы дегендей хандар, батырлар, билер, партия қайраткерлері туралы романдар бұрқылдап шықта-ай келіп со жылдары көбейген баспалардан. Министрлік мінберінен шалқайып тұрып есеп берген сабазың бізде бір жылда пәленбай тарихи роман шықты деп соқты. Оның көбі шикі екенін қайдан білсін. Жазылды, шықты, бітті.
Қаламгер қауым арасында –Не жазсаң оны жаз, бірақ жақсы жаз,–деген сөз бар. Сол рас. Ойбай, жазған соң, роман жазу керек, ұсақ әңгіме деген не, тәйірі,–деп сөйлейтіндер жетіп жатыр. Сол бес жүз бет романды бес беттік әңгімеге сыйғыз, жазушы деген осы десең иланбайды. Босқа күлкі боласың. Шағын нәрсеге шекеден қараған қаламгерге –Көлемді дүниеге көп салық салады екен,–десеңіз ойланып қалады. Бізде осылай бірдеңеге ақшаға әкеп тіркесең ғана ойлана бастайды.
–Аһа. Романға салықты көп салады екен. Онда сол романды ондаған әңгімелерге бөлу керек,– деп қарап отырмаса маған келіңіз. Сөйтіп салық туралы кодекске көлемді шығармаға салық көбірек, әңгімелерге азырақ салынсын деген бап енгізсеңіз болды, біздің қазақ әдебиетінде көркем әңгіме дегеніңіз қаулап сала берді деңіз. Әсілі, жаңашылдық дегеніңіз осы ғой өзі. Бұны саясат тілімен айтқанда өнерді басқарудың материалдық тетігі дейді. Бір тетікті өзгертесің, мыңдаған адам соның ізімен жүреді.
Бүгінгі қоғамда адал адамның қызмет істеуі қиынға айналды деп жүр біреулер. Рас, адал адамды тәртіп бұзатындар ұнатпайды, парақорлар тіпті жек көреді, заң адамдары ығып жүреді. Ал, бұған жазушы қауымының не қатысы бар десеңіз, қатысы сол олардың адал жүріп, адал еңбектің ақысын талап етуі, өз арасындағы алғыштар мен жемқорларға маза бермеуі, қылығын айғақтап өзінің атымен атай отырып, жемқорлықпен күресті пайда болған сәтінен бастап шырақ ала қуалауы ешкімге ұнаған жоқ. Ендеше, бұл саладағы бар гәптің осында жатқанын мойындау керек. Әдебиетте адал кәсіп еткендер жемқорға жем болмасын. Бұл жерде «кішкене адамдар» жоқ деп кім айтады.
Бұған әдебиеттегі «кішкене адамның» қатысы көп. Қызметтегі жемқор шенеунік әдебиеттегі «кішкене адамдардың» жағдайынсыз жақсы кейіпкер, жауапты қайраткер бола алмайды. Өмірдегі, заманы көтеріп зор қайраткер қылған адам да қоғамның індетінен тысқары еңсесін көтеріп «кішкене кейіпкер» келбетінен үлкен адам болатын дәрежеге көтерілуі мүмкін емес. Ендеше, әдебиеттегі «кішкене кейіпкерлер» жасай берсін!
Төрдегі біреу
Ол өзін аса шебер, ірі жазушымын деп есептейтін. Бірақ әңгімелері тартымсыз, повестері ұзақ сонар баяндаулар еді. Кезінде оған сен мұны қой деп ешкім айтпады ма, жоқ айтса да өзі көнбеді ме өмір бойы жазуын қоймай-ақ кетті. Белгілі газеттің редакторы болған соң таныстар тауып кітабын мақтатып қоятын да өзін-өзі үлкен жазушылардың қатарына қосып, жиын болған жерлерде солардың қасына барып, төрге жайғасып алатын.
Анау-мынауды онша менсіне бермейтін осы адам сол кезде мені неге айналдырғанын білмеймін. Бірталай жыл бұрын;
–Cенің жазғандарың маған ұнайды, қысқа әрі тілің шұрайлы,–деп бірталай мақтаған. Сенің де өзіме жетерлік қулығым бар еді. Оның өтірік мақтап, мені бір қажетіне жұмсағалы тұрғанын біле қалдым. Онша еліге қоймай, мақтауына сәл қызара түсіп үнсіз қалдым. Ол менен сөз тосып біраз отырды да менің ақыры ештеңе айтпайтыныма көзі жеткен соң тұрып жүре берді. Содан былайғы жиырма жылда қайтып қасыма жолаған емес. Мақтағанының шын өтірігін қайдан білдің деуі мүмкін ғой біреу тұрып. Кейін қанша адамға әлгі ағамыз алғысөз жазып, өзі бір тізім құрып алып, үміт күтетін жастар деп талай адамды айтып жүрді. Соның қолдауымен талайлар өтірік мақталып, қызметке өсіп кетіп жатты. Бірақ мен туралы бір ауыз сөз айтқан емес.
Сөйлеуге шебер-ақ еді өзі. Ана Чеховтың кіп-кішкене әңгімесінде қыруар ойлар, мына Гогольдің Чичиковы секілді, Мопассанның Пышкесін қарашы мынадай бір эпозод бар еді деп сайрап отырғаны. Ойлайсың байғұсқа осынша оқу оқытып әуре қылғанша кішкене бір талант қонса қайтеді екен деп. Маған қонбады деп емес қонған деп аяқты алшысынан басқан ағамыздың бірталай жерде талай қызыққыш, сөзді жақсы көретін, әдебиетті жақсы көретін жастарды жинап алып шеберлік кластарын өткізгенін қайтерсің. Бөсу жағынан атақты, жазу да қолынан келетін ағамызды жаңылдырып кеткен сабазымыз қасына өзі қатарлас маубастау бір атаққұмар докторды отырғызып қойып,–ғылым жүзінде де солай емес пе,–деп өтірігін мақұлдатып отырғанда көпке шулы мақалаларымен аты жайылып кеткен Жаңбырбек деген сыншы;
–Әй, Балахмет. Сен осы бағанадан бері не оттап отырсың,–дегені. Жиылған жұрт тегіс бұрылып артқы орындықта отырған Жаңбырбекке қарады. Ол сасқан жоқ сөзін жалғай түсіп, Балахметтің сазайын беріп жатыр.
–Сен бізді ақымақ деп отырмысың. Бәріміз де КазГУ-ді бітіргеміз. Сен ғұрлы әңгіме-повестің қалай жазылатынын білеміз. Бас жоқ, аяқ жоқ мынауың не әңгіме сенің. Шеберлік сабағын бүкіл жазушыларды жинап өткізетіндей кім едің сен. Ана Қалихан, Қабдеш, Мұхтарлар өткізсе бір сәрі. Адам түсінбейтін бір кітаптарды жазып, тамыр-танысыңды салып шығарып, енді соны насихаттағалы отырмысың. Оқымаймыз оныңды. Жынды біреуді тауып алып оқытпасаң. Шеберлік сабағы дегенге басқа жазушыларды қатыстырып, білетін біреулерді сөйлете ме десек, езуің көпіріп, елді алдағың келеді. Керек емес сенің сабағың,–деп шығып жүре берген. Бірақ біреулерге Балахметтің сәл қызарып кетіп, қарсылыққа қарамай жиынын жүргізе беруі ұнағандай, бұл жиында басқа да әңгімелер туып әдебиет жайлы пайдалы да сөздер айтылып қалды.
–Мақала мен көркем әңгімені будандастырып Балахмет сияқтылар жаңа әдебиет жасағысы келеді,– деп менің ойда жоқта айта салған сөзімді біреулер жеткізіп барған екен, соның салқыны бірталай уақытқа созылды. Жылдар өтті. Өзі қартаймайтын, ешқашан кек тұтқан нәрсесін назарынан тыс жібермей аңдитын адам екен, мен қол беріп амандасып жатсам да не басқа біреумен сөйлесіп тұрып, не бұрылып бара жатып алады қолымды. Танысы тіпті көп. Жалпылдап кеп амандасып жатады. Анадай жерде мен отырам. Көрдің ғой дегендей Балекең иығын көтеріп жан-жағына қарағыштап қояды. Бұл сырт бейнесі екен. Әне бір мыртық, аласа бойлы, шалбары мықынына түсіп жүретін бәкене досына айтып, неше жыл министрліктен ол кеткенше бірде-бір баспаның тізіміне іліне алмай-ақ қойдым.
Бірақ газет-журналдар маған келгенде жылпос. Бірдеңе жазсам шығара қояды да мен туралы мақтаған мақала келе қалса көзін жоғалтып-ақ жібереді. Талай өмірді артқа салып барып менің басыма Балахметтің жалғыз емес екені былай тұрсын, ондайлардың көптігі, тіпті аяқ алып жүргісіздігі сондай үнім тұрғай өзімді де оп-оңай қылғып жұтып қоюға дайын апан тәрізді құлқын пиғылдардың ештеңеден тайынбайтындығы туралы сұмдық ойлар келе қалды. Қап кеш болғанын қарашы. Балахметпен басқа тартысып келіппін-ау. Қарапайым дипломатия, иә хи-хи-хи дипломатия... Иа сол.
–Бұл мәдениет қой,–деп әңгіме бастайтын Балахметтің сүйікті сөзі дипломатия болатын. Тіл табу оқуы. Ол соның оқуын оқығандай, тілінен майын тамыза жөнеліп, жап-жақсы қаламгерлерді өзінің түкке тұрғысыз нәрселерін мақтатып тастауға көндірді емес пе, ал сен болсаң алыстан сүзіп оны өзіңше мойындамай қарайсың.
–Ол бұны баяғыда біліп қойған. Сенің артыңнан аңдып жүрген небір сөзшең, өсекші, қушыкещ достарың болса, енді оны
Балахметтің қасынан іздеп тауып ал,–деп еді Кермекжан деген досым. Дұрыс айтқан екен.
–Мені қайдан біледі. Маған не істейді дейсің.
–Сенің не ойлап жүргеніңді олар сенен бұрын біліп отырады. Шахматта 4-5 жүріс алда жүріп ойнайтындар мықты деп есептеледі. Олар бір-екі жүріс қана бұрын ойлайтын ойыншыны ойнап-ақ ұтады. Ал сенің жүрістерің сол сияқты. Балахмет өмірде де, қарым-қатынаста да солай жүріс жасайды,–деді досым. Бағанадан басымды изеп отырған мен шыдай алмай:
–Оның жүрісіне қарсы жүріс ойлап таппай, сенің қорқытқан сөздеріңнен мен одан қаншама рет ұтылдым. Енді бұл маған қорқынышты емес,–дедім.
Өйткені өмір деген шексіз бір ережемен ғана қайталана беретін ойын емес қой. Өмірдің де өз заңы бар...
27.08.2015