Блоги
Күтуші келіншек
Орта бойлы, үрпек шаш сары бала қатар-қатар салынған үйлердің арасымен қалың қарды омбылап жүріп келеді. Күн аяз. Басында – ағасының қоян малақайы, аяғында – қонышы қайырылған қара пима. Тері тонның жағасын көтеріп алған. Адымдаған сайын малақайы көзіне түсіп, тоңып қызара бастаған қолымен жоғары көтере береді. Алдынан басы қазандай сары төбет арпылдап шықты. Бала шегіншектеп қауып алар деп, үйге кіруге батпай шарбақты айналды.
Кешкі мезгіл. Ас үйдің терезесінен әйел қарады. Көп кешікпей былғары тыспен қапталған сыртқы есік ашылып, іштен жылы пальтоға оранған күлімкөз келіншек шықты. Иесі шыққан соң сары ит ілбіп қора жаққа кетті. Бала келіншекке әкесінің сөздерін жеткізгенше ол баланың аяздан сәл қызарған сарғыш өңіне, томпиған қып-қызыл шиедей еріндеріне жымия қарап, мақұлдап бас изеді. Бала ішке кіріп, есік аузында тұрды да, әйел төргі бөлмеге киім ауыстыруға кетті.
Көрші бөлмеден дауыстап үйге кім келгенін сұрады.
– Танымаймын, қаладан келген адамдар, – деді бала ойын аяқтап үлгермей. Әйел бетін бояп, иісін аңқытып әтір септі. Қымбат киімдерді малына киінді. Қолдары жүзіктен тұнып тұр. Бұрышта тұрған телефонның қасынан қағаз алып, әлденені жазды да, есікке құлып салып, қағазды соған қыстырды. Екеуі түнделетіп Дәрменнің үйіне қарай жүріп келеді. Қар аяқ астында сықыр-сықыр етеді. Қыс айының ортасы, көптен қар жаумаған, құрғақ аяз. Әйелдің әдемі қоңыр етігі тайғанақ екен. Дәрменнің қолтығынан мықтап ұстап алды. Үй арасы жақын. Ә дегенше, бастықтың үйіне жетті. Дәрмен – ауыл әкімінің ұлы. Әкесі – денелі келген қара бұжыр, суық өңді айбарлы адам. Өзі мықты болғанда әйелі аурушаң. Қыс түссе ауырып, уақытын көбіне ауруханада өткізеді. Ол жоқта осы үйдің бар жұмысы Әсияның мойнында. Таң ата келіп, сиырын сауады. Түннен қалған асты жылытып, сабаққа баратын Дәрменге шай береді. Үйде ешкім жоқта есебін тауып, еденді, ыдыс-аяқты жуып-шаяды. Есесіне, бұның күйеуі совхоздың ақшалы, майлы жерінде. Өтірік аңқаусыған кішкене қулығы бар, домалақ қара жігіт.
Дөң үстіндегі дуалмен қоршалған оңаша үй ауылдағы басқа бір-біріне тіркестіре салған барак немесе сіріңкенің қорабы тәрізді кішкене үйлерден өзінің аумағымен, ағаш қақпасының жаңалығымен бөлектеніп, бастықтыкі екенін алыстан мен мұндалап айтып тұр. Оңғарбай жұмыстан келген бетінде жеңілденіп, үй киімін киіп алыпты. Қасындағы жалпақ мұрынды, денесі сида, шашы сұйық адам – арыз тексере келген уәкіл. Шай қайнатып, тамақ жасап, ас үйге неше қайтара кіріп-шығып, Әсия олардың не жайлы сөйлескенін еміс-еміс естіді. Оңғарбай біреуге кіріптар боп көрінбес үшін көп сөйлемеді. Бастық пен оны тексеруші бірін бірі аңдығандай көңілсіз отырып, тамақ арасында анда-санда коньяктан ептеп көтерген болды. Соңғы жылдары совхоздың төмендеп кеткен көрсеткіштері, біртіндеп ортадан жекеге бөлінушілердің алған техникалары, малы, жері, ауыл адамдарының тұрмысы сөз болды. Дастарқан үстіндегі тоңазыған ет, қазы, сары май, дәмді бауырсақ, жаңадан қуырылған ащы қуырдақ сияқты тағамдар әр жерде қойылыпты, тағам көп желінбеді.
Бастабында бөтен ауыл, бөтен үй деп сыпайы отырған уәкіл ішсе жеңілденіп кетеді екен. Екі беті қызарып, бусанып терлеп, ыстық шайдан асықпай ұзақ тартты. Ұйқысы келген адамдай екі көзін ашып-жұмып, ойлана кілмитіп, дыбырсыз кіріп-шығып жүрген Әсияға назар аударды. Көлденең көздің сұғына шыдамаған жас әйел ас үйден шықпай, дастарқан жиып, су ысытып ыдыс-аяқ жуды. Май болған қолын орамалға сүртіп, алдындағы қызыл алжапқышты шешіп ілейін десе, дәл қасында уәкіл тұр.
– Өңің неткен қалқам, – деп келіншектің сұлулығын өлеңмен сипаттады. Өзінің ақындығы бар сияқты.
– Оңғарбай ағаның істерін оң қылып, келіп-кетіп жүрсеңіз сыйласым деген сол емес пе. Өзіңіздей қолында көп ісі бар адамнан сырт айналуға бола ма? – деп Әсия да оның емеурінді сөздеріне орай тәтті тілмен еріте түсіп еді.
– Әрине, Әсияш. Сөз бар ма оған. Бәрін де тек сенің көңілің қалағандай етемін. Көрерсің, әлі, – Сөз аяғы естілер-естілмес сыбырға айналды. Тағы біраздан соң уәкіл ұйқыдан оянғандай айналасына қарап, бей-жай отырды да, журнал столының үстіне салат, сыра, коньяк алдырды. Қимылы біртүрлі ауырлап, бармақтай кішкене стаканға қызғылт қоңыр коньякты шүпілдете құйды. Бұдан әлдене дәметкендей, тәтті күлімсіреп отырған Әсияға көзі қылиланып, мырс-мырс күлді.
* * *
Оңғарбай уәкілдің өзін тұқыртпақ ниетін сезіп, онымен сөз таластыру жөнсіз екенін ұқты. Аудан әкімі жаңадан келген, бұл жақтағы ел өмірінен, оның өткен дәуірінен ештеңе білмейді. Оңғарбай сияқты жергілік адамдарды қолдап жұмыс істету орнына ауданға өз адамдарын әкеп тықпалау, қызметте айтқанын істемегендерді орнынан алып, дегеніне жүргізу сияқты түсініксіз бағыт ұстана бастаған. Заман болса аумалы-төкпелі, бүгінгі таза адам ертең жемқор болып шығуы мүмкін, немесе қате жолдағы адасқан біреу десе оны кері дәлелдеу қиын. Бұл аудан онсыз да өмір бойы жат жұрттықтардың илеуінде болған, халқы кедейшіліктен ес жиып көрмеген, соры қалың жұрт еді. Сол басшысын пайдаланып, мынау да бір асап, қарпып қалмақ дайын астан. Оңғарбай жиырма жыл совхозда мал маманы боп жүріп, мұндайдың талайын көрген. Өздері және бір жерден кетсе, екінші бір жерге барып кіріп алушы еді. Есіл елдің ырысын талай аунатып жегенін көрген. Бірақ қолдан келер дәрмен жоқ-ты. Қолынан бар келетіні адал болу ғана. Онысы да айлаң, күшің болмаса қару емес екен. Сол құқайды бүгін тағы көріп отыр.
Уәкіл Оңғарбай жатып қалған соң, Әсияны қасына шақырып алып, ұзақ бір хикая шертті. Әңгімелері жарасқандай. Әсия екі беті шұқырайып, біресе жымиып күледі, біресе сыңғырлап қоя береді. Үй ішіндегілер біраздан кейін ұйқыға еніп, түн тыныштығын бұзбау үшін екеуі ақырын сыбырласуға көшкен. Уәкілдің Оңғарбай ағасына жасаған қысымы, сезімге тез ергіштігі Әсияға қызық көрінді. Әсіресе, бұл үшін бәрін жасамақ болып, Оңғарбай ағасын арашалау үшін уәдені үйіп-төккені көңілін жібітті. – Тек, ағатайға қиянат жасай көрмеңіз, – деді әйел.
Уәкіл жұмулы көзін ашты. Біртүрлі сығырайып, қылиланып бірдеңе ойлаған адамша мырс-мырс күлді. Кекесінмен ернін бұрай сөйлеп:
– Ех, ес жоқ бұларда, – деді – Мені бір шиша арақ пен бір келіншекке сатып алмақ. Ха-ха-ха. Ха-ха-ха. – Селкілдеп ішегі қатқанша, көзінен жас аққанша күлді. Не күлерін, не ыза боларын білмей аузын ашып бұған қарап қалған Әсия шыға жөнелсем бе, не бірдеңе айтсам ба деп ыңғайсыз күйде отырып қалды.
– Ә, дегбірің қаша ма? Ертең айтпақсыңдар ғой қарындасыма қол салды деп. Арақкеш, ішкіш деп. – Уәкіл дауысын зорайтып, тәлтіректеп орнынан тұра берді.
– Аға, мен бар болғаны күтуші ғанамын. Сіз бөтен ой ойламаңыз, – деді дауысы қалтырап. Тамағына бірдеңе тұрып қалғандай жұтына беріп.
– Кешір, қарағым, – деді уәкіл мүсіркеп. – Кел, сөк іше ғой. Коньяк іш. – Уәкіл сүйкімді әйелдің жылағанынан ыңғайсызданып, оның орамалды уқалай берген қолдарына стақанын тықпалады. Шүпілдеген коньяк тырс етіп кілемге төгілді.
– Жоқ. Аға, мен қайтамын,– деді Әсия бойын жинап. – Сіз дем алыңыз.
– Кешір, қарағым. Міне, дем аламын, кешіре гөр. Кінам бар. Жаман ойладым. Қазір, қазір. – Ол әрең қозғалып барып, қызыл пүлішпен тысталған жұмсақ креслоға көміле отырды. Ұйқы тығылып, сығырайған көздері жұмыла берді. Екі аяғы екі жаққа көсіліп, жағасы ашылып, шалжиған бойы ілезде қорылдап ұйқыға кетті.
Әсия өз көзіне өзі сенбей, уәкіл қайтадан оянып кететіндей көрініп, бөлмеден ұрлық қылғандай дыбырсыз шықты. Ас үйге кіріп, шашылған ыдыстарды жинастырып, түн ортадан ауғанда көшедегі елеусіз шамның жарығымен айналаға жалтақтап, үйге жалғыз қайтып келе жатты.