Блоги
М.Әуезовтің Дос - Бедел дос пьесасы
М.Әуезовтің адам санасының түрлі тарихи дәуірлердегі жағдайларға байланысты өзгеріп отыратындығын сөз ететін танымал шығармаларының бірі «Дос-Бедел Дос» пьесасы. Мұндағы басты кейіпкерлер оқиға барысында үш түрлі қоғамдық формацияда алынып көрсетілген. Пьесадағы негізгі тартыс өз білімін қоғамды жаңартуға ұмтылатын жаңашыл Бедел мен өмірдегі әрбір жаңалыққа күдікпен қарап тек қара басының қамы үшін ғана өмір сүруді көздейтін, жаңалық атаулыны қабылдай алмай үнемі кертартпалықпен оны қудалаушылыққа ұшыратуға тырысатын Жаппас сияқты адамның арасындағы тартыс арқылы өрістеп отырады.
Бұдан өзге қолында билігі бар Хажен, Шәріп, Жекен сияқты кейіпкерлер осы тартыстардың төңірегінде оқиға барысындағы жағдайларға байланысты әрекет етіп отырады. Осы оқиғалар кезінде Белел үнемі алған білімін адам игілігіне, көпшіліктің ортақ істерін ілгерілетуге жұмсап отырса, оның көзқарасындағы жаңалықтардың астарынан күдік іздеп, қоғамға зияны тиіп кететін жағына Жаппас үнемі қауіптене тексерумен, күдік келтірумен қарайды. Беделдің қөзқарасындағы сәл жаңалықты асыра сілтеушілік, жеке бастың пайдасын көздеген мансапқұмарлықтың жетегіндегі әрекет етіп көрсетеді.Оның әйелінің де ойлаған ойы, іс-әрекеті күйеуінің көздеген мақсатына сай, соның айтуы мен көзқарасындағы өзгерістерге сәйкес келіп отырады. Екеуінің ойлаған ойлары да, мақсаты да үнемі бір жерден шығады.
Бедел болса ондай ойдан аулақ адам, оның мінез-құлқы жат әрекеттерден таза, жағымпаз, пәлеқорлықтан бойын аулақ ұстайды. Өз қызметінің жемісін адамдарға, қоғамға игілігіне барынша пайдалы істер тындыруға арнайды. Келешек жас ұрпақ, шәкірт тәрбиелеу ісінде олардың алдыңғы қатарлы адам болып шығуына, қоғамға пайдалы адам болу жолына бағыттап, оқу бағдарламасына жаңа пән, қосымша білім жүйесін пайдаланады. Осы арқылы ол айналасына сыйлы, білімді ұстаз, жақсы оқытушы дәрежесіне көтеріледі. Беделдің мұндай өзгерістерін ұнатпаған Жаппас үнемі оның ізін бағып аңдумен, үстінен мәлімет жиып, арыз жазып сүріндірумен болады. Ескі феодалдық, капиталистік қатынастар енген, бәрі де сатулы қоғамда Жаппастың іс-әрекеттері жеңіске жетіп, ол Беделді күйрете жеңіп, қызметінен қуғызып, отбасына бақытсыздыққа душар етеді. Бірінщі қоғамда дінге қарсы, теріс адам етіп көрсетіп, қоғамнан аластаса, екіншісінде жер аудартып, басына қауіп төндіреді.
Мұндай қатал жағжай алдында өз дұрыстығын дәлелдей алмаған Бедел екі жағдайда да тізе бүгіп, қызы Гүлжанды өзінен жасы көп үлкен адамдарға беруге деген келісімнің алдында тұрады. Бұндай ескі қоғамдағы кертартпалықтардың жаңа дәуірде де адамдардың бойынан қалмай ілесіп, өз әрекеттерін жаңа уақыттың саясаты мен керегіне жаратуға тырысқан өзімшілдігін драматург соцализм қоғамындағы көріністермен де сипаттаған.
Бұл кездегі Бедел елге белгілі тарихшы, көптеген ғылыми еңбектердің жемісін көріп болашақ қоғам мүшелерін тәрбиелеуші үлкен ұстаз дәрежесіндегі адам. Бұрынғыша жаңашыл ғалымның еңбектерін жоққо шығарып, оның игілікті істеріне күйе жақпақ болған Жаппасты ғылыми конференцияда күйрете жеңіп Бедел тойтарыс береді. Бұрынғы Хажен, Шәріп, Жекен сияқтылар бұл жерде де түрлі мансап иелері. Бірақ алғашқы жолғадай Беделдің ақ істерінің бәрін теріске шығарып, оны қудалауға ұшыратып, Жаппастың ойын іске асыруға олар енді дәрменсіз.
Пьеса оқиғасы ширақ өрбіп, қызықтыра тартып отырады. Кейіпкерлер арасындағы қатынастар да тарихи жағдайға, өзгерістерге байланысты дамып өрбиді. Әр жағдайдағы оқиға аяқтала бергенде сахнаға Трих шығып, өзінің билігін білдіреді. Үш түрлі жағдайдағы кейіпкер халы оның түс көру сәтінде болған оқиға сияқты сахнада тез болып өтеді.
Пьеса алғаш рет «Қазақ әдебиеті» газетінің 1958 жылғы 11, 18 шілдедегі екі санында жарияланған. Жазушы мұражайында пьесаның қолжазбасы сақталмаған, тек орыс тіліне жазылған жолма-жол аудармасы мен дәл осы тақырыпқа арналып алдағы уақытқа жоспарланған жаңа туындының автограф күйіндегі қысқаша мазмұн үлгілері кездеседі (Қолжазба қоры. 36–40 бумалар).
Шығарманы баспаға даярлау барысында жазушы қолжазбаны машинкаға бастырып үстінен сызып жөндей отырып, кей жерлерде бірнеше бет қосымшаларды тыңнан қосып жаңартқан. Осындай машинкаға басылып кейін баспаға барарда түзетілген, редакцияланған нұсқалар 138-бумада 83 бет, 137-бумада 94 бет, 136-бумада 75 бет көлемінде. Алғашқы екі бумадағы түзетулер мен қосымшаларда, өңдеу мен толықтыруларда қызыл, көк сиямен, кейде қарындашпен әр тұстарда ескертпелер қойылған. Пьесаның көркемдік сапасын, мазмұнын жетілдіру барысында жазушы қосқан осындай өзгерістер түгелге жуық басылым алдында негізге алынған.
Пьеса 1957 жылы жаз айларынан бастап, газетте жарық көрген аралықтағы бірер жыл уақытта жазылып біткен. Шығарма мазмұнындағы қысқа ғана уақыт аралығында үш түрлі қоғамдық қатынасты бастан өткерген пьеса кейіпкерлерінің одан арғы келешектегі өмірін суреттеп көрсетуді мақсат еткен қаламгер бұл туындысының болашақ жалғасын жазуды да жоспарлаған.
Пьеса баспасөзде жарияланғаннан кейін 1958 жылы 23 маусымда Қазақстан Жазушылар одағы драматургия секциясының мәжілісінде талқылаудан өтіп, жиында секция мүшелері Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішев, С.Омаров, Ш.Хұсайынов, Қ.Бекхожин, І.Жарылғапов, Ғ.Мұстафин, Б.Сахариев, Қ.Шаңғытбаевтар пікір білдірген. Осы жиында М.Әуезовтің «Дос–Бедел дос» пьесасы театрда қойылуға лайық деп табылып, Мәдениет министрлігіне ұсыныс жасалған. Бірақ пьесаның мәдениет министрлігінің репертуарлық коллегиясына өтіп, театрға жетуіне дейінгі жол әр түрлі себептермен ұзаққа созылып кетіп, оны сахнаға шығару мәселесі жүзеге аспай қалады. Бұдан кейін көптеген әдебиет зерттеушілері, өнертанушылар көркемдік тұрғыдан «Дос – Бедел досты» өз уақытына сай жазылған, жаңалығы мол, театрға қоюға лайық шығарма ретінде ұсыныс еткенімен пьеса театр тарапынан қайта қолға алынбаған.
Пьесаның газеттегі алғашқы басылымы мен кейінгі бірнеше көптомдық басылымдарда жарияланған мәтіндерінде өзгерген сөздер түзетіліп, кейбір әріп қателері жөнделіп берілген. Ол сөздер: «Шәрәпат–Шарапат», «хұн–құп», «дәмолла–дамолла», «соннан соң–сонан соң», «соншалық–сондайлық», «жасжидте–масжидте», «себеплі–себепті», «тыңламаймын–тыңдамаймын», «ғайыптар–ғайыплылар», «қисына ма осы – қисыны ма осы», «көнбегеніңді–көнбегенді», «шаламыз–шоламыз», «әппақ–аппақ», «лағнет–лағынет», «ұятыннан–ұятынан», «тымқұрса–тым құрса», «зәһәрлі–заһәрлі», «куәліклерімнің–куәліктерімнің», «кештік–кештім», «Бөгенев–Бегенов», «несі–иесі», «өстіп-естіп» сияқты болып келеді.
Шығарма орыс тіліне «Друг – Бедел друг» деген атпен жолма-жол аударылған. Пьесаның қазақ тіліндегі нұсқасы жазылып бітісімен, көп ұзамай 1958 жылы орыс тіліне тәржімә жасалған. Аударма қолжазбасы бұған дейін еш жерде жарияланбаған күйі жазушы мұражайында сақталған. Шығарманың алғашқы бөлімдері дәптерге жазылып, әр парақтың бір жағын бос қалдырып отырғандықтан, пьеса көлемі 45 беттік шағын дәптерге сыймай, оның 45–56 беттері дәптерден алынған жеке беттерге, 57–67-беттері ақ қағазға машинкамен басылып, 68–90-беттері тағы да дәптер парақтарының бір жағына, 81–92-беттері әлгіндей ақ қағазға машинкамен басылған күйі сақталған (140-бума).
Пьеса аудармасы Әуезовтің 50 томдық басылымына жазушы қолжазбасындағы барлық ерекшеліктері, өзіндік стилі, көркемдік қолтаңбасы сақтала отырып өзгеріссіз сол қалпында даярланып басылды. Жолма-жол тәржіманың өзіндік ерекшеліктерін сақтай отырып аударғандықтан, орыс тіліндегі нұсқада өзгешеліктер, түпнұсқадан алшақ кеткен тұстар көп кездеспейді. Аудармашы пьесаның қазақша нұсқасын орыс тіліне көп өзгертпей сол күйінде барынша көркем, мағыналы етіп тәржімалап шыққандықтан шығарманың көлемі де сол қалпында түпнұсқаға барынша шамалас келеді.
Пьеса мазмұны орысша аудармада түпнұсқаға жақын болғандықтан кейіпкерлердің сөз реттері, оқиғалар кезегі негізінде дәлме-дәл сақталған. Сөйтсе де кей жерлерде тұтастай беттер, адамдардың айтқан ойлары үнемі сол қалпында алынбай, орын ауыстырып, немесе сәл азайтылып, екінші жерлерде беріліп жүретіні де бар. Мысалы, шығарманың бастапқы жағында 3–4 беттік прологтегі Жекен, Шәріп, Хажендердің Беделдің үйіне қонақ болар алдында келіп, азғана сөйлесетін эпизод орысша нұсқада жоқ. Оның орнына орысша пролог Бедел өзінің үй-ішінде әйелі Сана, қызы Гүлжанмен ғана сөйлесетін болып өзгертілген.
Сонда автордың қазақша нұсқадағы пьесада жолма-жол аудармай қалдырып қойған тұстары аталған үш кейіпкердің сөздерінде мынадай болып келеді:
«Ж е к е н. Бәсе, орта-текте шынайы ой шындық екен-ау! Мысалы, мен кім болар ем сонда?
Х а ж е н. Сол заманның оқу-білімі тек қана ескі арапша схоластикалық медресе болған шақта, айтайық, мысалы, мен кім болар ем?
Ш ә р і п. Кім білсін, әлде тантып құдай жолына қызмет етіп, әһли ислам, әһли тариқат жолы деп жүрер ме ек?
Ж е к е н. Әлде тағы бір формацияда капитализм жағдайына бейімделіп, чиновник боп, патшаға қызмет етіп жүрер ме ек?
Б е д е л. Со да мүмкін дейсіздер-ау, ә?
Ж е к е н. Мүмкіні былай тұрсын, тіпті залалды теріс жол билеп кетпесін кім біледі?
Б е д е л. Жаман адамдар да боп кетер ме ек?
Ш ә р і п. Кім білсін, әлде осы бүгінгі достар – өзіміз, антогонистік қоғамдардың әр тобында болысып, бірімізге біріміз жабылып, түтіп жеп жүрер ме ек? (Күледі.)
Б е д е л. Япырау, бүгінгі досың – қасың болса да ғажап емес-ау!
Ш ә р і п. Қырқы-с-ып, біріміздің етімізді біріміз жеп жүретін заман болмасына кім кепіл!
Ж е к е н. Абай айтпады ма: «Әркімді заман билемек, заманы оны илемек» деп.
X а ж е н. Рас-ау, анадан туып жарық дүниеге келген соң, қолың жетсе сол заманыңның оқуын оқисың: әлің жетсе, заманыңның көрнекті бір тұрғысын алмаққа талпынасың! Сол жолда, құдай білсін, біріміз сәлделі қазірет боп кетер ме ек, әлде біріміз патшалық қызметінде болыс, тілмаш болып, шәлдіріктеп жүрер ме ек!».
Пьесадағы оқиғаға қатысатын адамдар тізіміне де сәл өзгеріс енген. Қазақшасында «Мұстафа – студент» деп көрсетілген эпизодтық кейіпкер орыс тіліндегі нұсқаның кейіпкерлер тізімінде аталмайды. Ұстазы Беделді айыптау кезінде оның куәгер ретінде шақыртылып берген жауаптары, айтқан сөздері орыс тіліне аударғанда өзгертіліп, оқиға мазмұны басқа кейіпкерлердің пікіріне сыйғызылып, өзі әңгімеге қатыстырылмаған. Мұстафаның аузымен айтылатын екі шумақ орысша өлең де аудармаға енбеген. Қазақша нұсқасындағы студент Мұстафаның ұстазы Бедел жайында, оқу жайында берген жауаптары түпнұсқадағы анығында мынадай:
«X а ж е н. Мұстафа ұғлым, сіз ғибратлы мұсылман медресесінің инабатлы шәкірті едіңіз, тұғры гуах шахид олуңуз бір сафар. Сіз өз ихтиярыңызбен, өз фиғылыңыз тартып кеттіңіз бе руслар тәрбиесіне? Әллә мұғалім дәмолла Бедел сізге маслихат берді ме?
М ұ с т а ф а. Мұғаліммен ақылдасқам жоқ... Өз мектебінен өзі кет деп қай дәмолла айтады?
Х а ж е н. Ендеше, неге дін дұшманыңыз, рус попларына не үшін кеттіңіз? Орыс тілін де сіз білмес едіңіз ғой.
М ұ с т а ф а. Орыс тілін мен көшеде орыс балаларымен ойнап жүріп үйрендім де солармен бірге... алдым да кеттім.
Ж е к е н. Онда не табам дедің? Несіне қызықтын?
М ұ с т а ф а. О-о, онда бәрі қызық. Оқу сондай жақсы... Тағлимуссалаттан емес, өзі арапша бар сөзін бала түсінбейтін... Орысша кітап сөзін тегіс, тегіс түсінеміз.
Ж а п п а с. Дені, иманы ауған ғой... Бары соған кеткен инсафсыздың. Не үйретті орыс бобы... айтшы кәне!
Мұстафа (тоқталмастан).
Дети б школу собирайтесь
Фетушок пропел дауно
Попрборней адивайтесь
Солнешко кледит акно
Рыбаки уш тащат сети
На лугу коса звенит
Памалася за книгу дети
Бох ленится не белит...
Моллалар (қатарынан дабырлап қожырасады). Иә, малғұн, бох... бох... дейді. Орыс намазын үйреткен. О-о, сұмдық – астағфиралла, астағфиралла. Я ғаусул, ағзам!
– Я раббым... Қожан баһауддин!
– Ғаусул ағзам!
X а ж е н (жарыса). Ля хауля уаля қуатия илля билләһи ғалиульғазим! Бар... бар, махлұқ намард, махлұқ!
М ұ с т а ф а. Мен махлұқ емеспін... баламын. Махлұқ емеспін.
Қаша жөнеледі».
Пьесаның бірінші актісінде медресенің ескіше, түсініксіз оқуынан орыс мектебіне ауысқаны студент Мұстафа екінші актіде жергілікті шенеуніктердің, ел билеуші старшын, болыс-билердің ел басқарудағы әділетсіз, өрескел қылықтарын жоғары жаққа зәбір көруші адамдар атынан арыз етіп жазғаны үшін айыпталады. Жас шәкіртті осыған үйретуші деп бұл үшін оқытушы Беделге де жала жабылып, жалақор, жергілікті үкімет ісіне қарсы, сенімсіз адам ретінде қызметінен алынады. Осы амалдар кезінде студент Мұстафадан сұрақ алатын шағын эпизод орыс тіліне басқаша болып аударылған. Осы оқиғаның мазмұн-мағынасы ғана беріліп, кейіпкерлер арасындағы сұрақ-жауап түріндегі диалог өзгертілген. Осы шағын эпизодтың қазақша нұсқасы әсерлі жазылғанына назар аударсақ, оның орыс тіліне келгенде басқаша берілуі сол уақыттағы көзқарас тұрғысынан алғанда түсінікті деуге болады. Енді осы эпизодтан оқырманға анығырақ болу үшін шағын үзінді келтіре кетейік:
«Ж а п п а с. (орысша Шәріпке). Давай говорить с ним по-русски... (Мұстафаға.) Ты давно учишься в этой школе?
М ұ с т а ф а. Я?.. Штыре... штыры год!
Ш ә р і п. Аһа... ну какие ты книги читаешь?
М ұ с т а ф а. Какой?.. Псяки кнега... много кнега. Учитель Бедел аға дабал, ми читал.
Ж а п п а с. Хорошо. А ну-ка скажи, как зовут нашего царя государя?
М ұ с т а ф а. Сарь? Сарь император... Николай Раманып.
Ж а п п а с. Разве так надо величать? Ты не знаешь? И тебя не учили этому? Ну вспомни! (Түрегеп.) Его императорское высочество государь император Николай Александрович самодержавец всероссийский, царь польский, великий князь финляндский, эстляндский, лифляндский, курляндский и прочая и прочая и проч--ч-ая! Вот как! А тебя не научил, даже своего государя императора величеств. Разве научит? Ну а ты сам написал это прошение?
М ұ с т а ф а. Сам, я сам.
Ш ә р і п. Но ведь ты не знаешь так хорошо по-русски.
М ұ с т а ф а. Пошему не писать? Знаю, псе знаю.
Ш ә р і п. Разве не видно, что ты плохо говоришь по-русски.
М ұ с т а ф а. Говору не хорошо, а шитаю, писаю. А-а, пишу хорошо.
Ж а п п а с. Жә, болды... Бара берсін.
Ш ә р і п. Бар, жетті!».
«Дос–Бедел досты» қазақ тілінен орысшаға тәржімалау барысында орын алған кейбір осындай ерекшеліктерге қарап жазушының аударма ісіне де шығармашылық еркіндікпен қарағанын байқауға болады. Тәржімада кездесетін мұндай өзгешеліктерді жазушы шығарма мазмұнына, композициясы мен сюжет желісіне, көркемдік жүйесіне кері әсері тимейтіндей етіп енгізген деуге болады.
Пьеса жазар алдында оның жоспары жасалып, онда жалпы шығарманың жобасы көрініс тапқан. Жоспар бұдан бұрын М.Әуезовтің 12 томдық (Алматы. Жазушы, 1969.–10-т.), кейін 20 томдық (Алматы: Жазушы, 1983. – 12-т.) шығармалар жинағында жарияланған. Жоспардың қолжазбасы сақталмаған. Пьеса баспаға жазушы мұражайындағы машинкаға басылған нұсқасы бойынша әзірленген (137-бума, 98–112-бб.).
Бұған дейінгі басылған томдарда жарық көрген пьеса жоспарларына қарағанда бұл жоспардың басқаға ұқсамайтын сәл өзгешеліктері бар. Бұрынғы жазылған кейбір жоспар үлгісі пьесадағы негізгі оқиғаны, кейіпкерлердің іс-әрекетін қысқаша тезис түрінде әңгімелеп берсе, бұл жердегі жоспарда әр актідегі болған жайлардың, басталып, дамып, аяқталуы жалпы сипатталып, негізгі желі ғана баяндалып өтеді. Пьесаға арналған жоспарды оқу барысында болған оқиғаны ғана емес, оның сахнадағы өту барысы, жалпы театрланған көрінісі танылады. Осы күйіндегі жазушы жоспары қаламгердің өз қажетіне арналып жазылған пьесаны қосымша, анықтама ғана емес, қоюшы режиссер үшін де көп жайтты аңғартып, қысқаша басшылыққа алуға болатындай шығармашылық бағдарлама болып шыққан.
Жазушы осы шығармадағы айтылған ойларының келешек қоғамда қалай болатыны жайында пьесаның жалғасын жазуды жоспарлаған. Жазушы архивінде «Елу жыл өткен соң» деген атпен «Дос – Бедел дос» диалогиясының екінші бөліміне арналған жоспар сақталған. Онда «Дос – Бедел дос» пьесасындағы таныс кейіпкерлердің басынан өтетін оқиғаларды жазушы арада елу жыл өткенде ғылым мен шаруашылық жаңалықтарына, космос дәуіріне байланыстыра отырып суреттейді.
«Дос – Бедел дос» пьесасында сөз болатын ел басқару, оқу-білім, ғылым саласындағы мәселелер адамдар арасындағы түрлі көзқарасқа байланысты бірнеше жағдайда суреттелетіні белгілі. Кейде өмірдегі көп адам назар аудара бермейтін елеусіз қайшылықтардың ұлғая келіп үлкен әлеуметтік тартысқа айналуын шығармада бірнеше қоғамдық формация аясында қарастырса, алдағы шығармада ол космос дәуірінде қандай қайшылыққа ұласу мүмкіндігін болжай отырып көрсетпек болады.
Келешек пьеса жоспарында айтылған өнер-білім, ғылым, мәдениет игіліктерінің кемеліне келіп дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тартыстардың ойдағыдай шешілуіне игі әсері пьеса өзегіндегі негізгі ой деуге болады. Космос дәуіріндегі ғылым мен техника жаңалықтарын өндіріске енгізуші адамдар мұнда бұрынғы қоғамдарға қарағанда рухани жағынан барынша шыңдалып, кемелденіп өсе түскен деуге болады.
Жоспары жасалып келешек күндері жазылмақ пьеса қолға алынбаған күйі жоспарда ғана қалса да ондағы жазушы қиялы, оның алдағы уақытты болжаған көркем ойлары жарқын келешекті елестеткен күйі анық көрініс тапқан. Қорыта келгенде»Дос–Бедел Дос» пьесасы М.Әуезовтің үнемі алға ұмтылған түрлі ізденіс үстіндегі шабытты еңбегінің кейінгі уақыттарға дейін ешбір тоқтамай, бұрынғы уақыттағы қолданбаған түрлі әдеби тәсілдерді қолдану арқылы драматургияға соны ізденістер енгізу жолында тынымсыз қозқарасын айғақтайтын көркемдік жаңалықтары мол шығарма дейміз.