Блоги
М.Әуезовтің нәубет туралы пьесаларды аударуы
М.Әуезовтің драматургиясы қазақ әдебиетіндегі көп зерттелген тақырыптардың бірі. Ол еңбектерде Мұхтар Әуезовтің әдебиетке әкелген жаңалықтары, көркемдік әлемі, шеберлігі, түрлі тақырыптарды қамту ауқымы, тіл көркемдігі сияқты алуан мәселелер сөз болады.
Классик жазушылардың көп дүниелері ескіру орнына уақыт өте келе жаңғырып, жаңарып отыруы белгілі құбылыс. Сондықтан да ұлы драматург жазушымыздың еңбектеріне әр кезеңде үлкен ғалымдарымыз назар аударып сөз етуіне қарамастан, зерттеу ауқымы тарылып, түгесілмей, қайта жаңа көкжиектері ашыла түсіп келеді. Осындай қызықты құбылыстың бірі – Мұхтар Әуезовтің өзі жазған әр пьесасын орыс тіліне жолма-жол аударып отыруы.
1930 жылдардағы жазылған “Тартыс”, “Шекарада”, “Тастүлек”, “Ақан-Зайра”, “Бекет”, “Түнгі сарын” пьесасын осындай аудармамен жазушы архивінде сақталған. Аударманың сапасы мен құндылығы арнайы зерттеп сөз етуді керек қылады. Аталған пьесаларда сөз болған азамат соғысы, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі, колхоздастыру сияқты күрделі тақырыптарды қамтуда жазушы сөз жоқ көп оқып ізденді. Өзіне дейінгі, өз уақытындағы қаламгерлердің тәжірибесін үйренді. Осы жаңа тақырыпты игеру жолындағы орыс жазушыларының еңбектерін мол пайдаланды. Соның ішінде, А.Афиногеновтің “Қорқыныш” (1934 ж.), Н.Погодиннің “Ақсүйектер” (1935 ж.), К.Треневтің “Любовь Яровая” (1937 ж.) пьесаларын қазақ тіліне аударды. Бұл аудармалар кейін сахнада қойылды. Жазушы осы еңбектерді аударуды жайдан-жай таңдап-талғаусыз ала салмаған. Олардың бәрі де 1930 жылдардағы зәру тақырыптарды қозғайды. “Қорқыныш” пьесасында орыс оқығандарының өміріне кеңестік саясаттың араласа бастауы суреттелген. “Любовь Яроваяда” бір отбасында ерлі-зайыпты адамдардың тап тартысының нәтижесінде жау боп шығуын көрсетеді. “Ақсүйектер” пьесасында “халық жауы” боп сотталып, жер аударылған орыс оқығандары, ұры-қары, қылмыскер адамдардың артында атақты “Беломор” каналын қазуға қатысады. Осы аударма пьесалардағы аталып өткен жайлар, арқау болған оқиғаларға ұқсас мәселелер Мұхтар Әуезовтің “Тартыс”, “Шекарада”, “Тас түлек”, “Ақ қайың” пьесаларында мол ұшырасады.
“Қорқыныш” пьесасында суреттелетін ғылыми-зерттеу институтындағы бұрынғы ескі оқығандарға сенімсіздік көрсетіп қуғындау “Тартыстағы” дәл осындай ортаны суреттеудегіден алшақ емес. Тап күресін өрістету, жаңа қоғамның мәдениет пен ғылымын қалыптастыру деген желеумен ескінің бәріне шабуыл жасап, бұрынғы оқығандарды “тап жаулары, зиянкес, буржуазия сарқыншағы” деп қарау сияқты қоғамдағы бұра тартулар орыс әдебиетінде дер кезінде жазылып орын алса, оны ізін суытпай қазақ тіліне аударып, елдегі орын алған ұқсас жағдайларды көркем шығармаға арқау етіп ала білуі Мұхтар Әуезовтің уақыт көтерген мәселеге жылдам үн қата алатын ізденімпаздығын дәлелдейді.
1930-жылдардың аласапыран уағында мұндай ушыққан мәселелерге қалам тарту қиын еді. Осы қиындығынан болса керек М.Әуезов сияқты дайындығы мол жазушылардың өзі алдына осы аударма пьесаларды сала отырып, ондағы шеберлік мектебінің түрлі әдеби әдістерін үйрену арқылы жаңа заман әдебиетін жасауға қадам жасады. Біз жоғарыда мысалға алған үш пьеса дер кезінде болып жатқан оқиғалар төңірегінде жазылды. Отызыншы жылдардың тақырыбын қозғайтын бұдан өзге де шығармалар сол кездің өзінде аз болмағаны мәлім. Ондағы оқиғалар өзінің тарихи мәні, кең ауқымдылығы жөнінен сол кезде әлі танылып ақ-қарасы ажыратылып, талдау жасалмаған кез. Соған қарамастан бұл пьесаларда тарихи болмыс дәлме-дәл, шынайы, өмір шындығына сай суреттеледі. Әрине, өзінің көркемдік деңгейі жағынан бұл пьесалар орыс әдебиетіндегі А.Пушкин, Ю.Лермонтов жазған, немесе Н.Островскийдің классикалық драмаларымен теңесе алмайды. Бірақ тақырыбының өзектілігі, дер кезінде жазылуы жағынан алғанда сөз жоқ сол кезең үшін көрермендерге ой салған аса керек шығармалар болғандығында дау жоқ. Көркем әдебиет пен өнердегі уақытқа сай кезеңдік құбылыс, озық туындылар болса да бұл шығармалар аздаған олқылықтары мен өзіне тән кейбір сол кезеңдегі кемшіліктерден ада емес еді. Ол қандай кемшіліктер десек, шығармадағы кейіпкерлердің басын қосатын қызықты, тартымды, ортақ оқиғаның болмауы, қатысушы адамдар санының шамадан тыс көптігі (30-40 адам), басты қаһармандардың мінез, характер жағынан дараланбай, бір-біріне ұқсас болып шығуы т.б. Солай бола тұрса да, сөз жоқ жазушылар сол кездегі қоғамда орын алған драмалық, ауқымды тарихи құбылыстың салдарын адамдар тағдыры арқылы терең көрсете алған.
“Қорқыныш” пьесасында жаңа өмірге бейімделу үшін кейіпкердің бірі туған шешесінен бас тартуға мәжбүр болады. Өйткені анасы бұрынғы ақсүйектер тұқымынан еді. Ал, атақты профессордың өзі тәрбиелеп өсірген шәкірті өзіне қарсы әрекеттер жүргізеді. Шығарма арқауында осы оқиғалардың бәрінде де себепші – уақыт, сол кезеңнің мінез құлқы деген идея жатады. Құйындай соғып өткен замана дауылының ізі білініп тұр. “Любовь Яроваядағы” мына бір суретті осыған мысалға алайық:
“Г о р н о с т а е в а. Ал біздің пәтерімізге кіріп алған, шолақ қол комиссар Вихорь, барлық үй сайманымызды алып қойды. Бар мүлікті ластап отыр. Айтқаны боқтық. Үш тауығымызды сойып, солардың қанымен әр жерге: “бауызда бұржуйды” деп жазып қойыпты”, немесе,
“Г о р н о с т а е в. Мен профессор Горностаевпын.
Г р о з н о й. Борсыған сорпа профессоры ғой. Ха-ха-ха. Соған не керек дейсің. Кітаптарыңды біз оқу үйіне аламыз.
Г о р н о с т а е в. Міне, ең лайықсыздығы сол болады.
Г р о з н о й. Но, сен бізге нұсқама. Сенің бір басыңда ғой мыңдаған кітап бар! Ал, халықтың мыңына бір кітап жоқ болса қайтесің. Тәртіп пе осы?” – осы диалогтарды күле тұра оқып, көңілсіз ойға қаласыз. Пьесада мұндай ситуациялар жеткілікті. Осы пьесаның алғашқы суретінде Кошкин деген комиссар қасындағы жолдасының қойны-қоншынан түрлі алтын бұйымдарды тінтіп тапқан соң тонаушылығы үшін сотсыз-ақ атып тастайды.
“Ақсүйектердің” мазмұнында ұры-қары, қылмыскерлер адам өмірін карта ойынына салады. Халық жауы боп жазықсыз сотталған инженер Садовский, Кошкиндер осы адамдармен бірге жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бұл тек Ресейде болып, орыс әдебиетінде суреттелген тақырып, сонымен аяқталады десек, әрине шындыққа сай келмейді. Қазақ оқығандары да 1932, 1934-1937 жылдары ұлтшыл, ескіні көксеуші, кеңестік саясатқа қарсы деген желеумен сотталып Сібірге, Ақ теңізге жер аударылып, көбі ату жазасына кесілгені мәлім. Бірақ Мұхтар Әуезовтер орыс жазушылары сияқты бұл қасіретті оқиғаларды толық суреттеп жаза алған жоқ. Өйткені, уақыт талабы олардан басқаны керек етті.
Сөйтсе де, “Тартыс” пьесасында халық жауы, ұлтшыл, жапон шпионы деп үндемес жансыздардың оқығандарды сөйлетпей шетінен ұстап әкетіп жатқанын пьесаның соңғы актісінде ақырғы көріністерде бейнелейтіні бар. Сол сияқты 1928 жылдардың қасіретті оқиғалары орта шаруа мен малы бар байларды кәмпескелеу науқанын әдебиет тарихында көптеген тапшыл, кеңесшіл жазушыларымыздың әділеттің, теңдіктің орнауы деп қуана, көтеріңкі леппен жазғаны белгілі. М.Әуезов А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов сияқты ұлттық бағыттағы қаламгерлер тарихи оқиғаларды суреттеуде әлеуметтік жағынан тартымды, көркемдік жағынан толымды дүниелер жазуды мақсат етті. Сондықтан да олар кеңестік уақыттың біржақты саясатына көп ұрына қойған жоқ. Тек 1930-32 жылдары әдебиеттегі ұлтшылдық бағыты үшін тергеуге алынып көп қысым көргеннен кейін барып, амалдың жоқтығынан кеңестік тақырыпқа арнап шығарма жазуға мәжбүр болды. Бұл кезде саяси беті әбден күшейіп, қатайып алған кеңестік жүйе Мұхтар Әуезов сияқты халыққа кең танымал жазушыны да арнайы хат жазып, бұрынғы “қателерін” мойындайтынын, алдағы уақытта кеңестік саясатты шын қолдап, сол жолға шығармашылыққа арнайтындығын бар шынымен айтса да сенімсіздік көрсетуінен соңғы кезге дейін айныған жоқ.
Міне, осы кездері дүниеге келген Мұхтар Әуезовтің “Октябрь үшін”, “Тартыс”, “Шекарада”, “Тас түлек” сияқты пьесалары кеңестік саясаттың ықпалымен, арнаулы тапсырмасымен жазылды. Бұл шығармалардағы суреттелген оқиғаларға жазушы көзқарасы бірқалыпты болған жоқ, оны игеру үшін ізденістер жасап, тынбай еңбектенді. Тіпті, кейбір зерттеушілеріміз айтып жүргендей ол пьесалардың көркемдік құндылығы төмен, талапқа сай емес деген біржақты пікірлерімен де келісуге болмайды. Өйткені, осы шығармаларды жазушы көп уақытын сарп етіп, ұзақ ізденіс жасады, тынбай еңбектенді. Өзіндік қолтаңбасын қалдырып, қайталанбас бейнелер жасады. “Тартыс”, “Шекарада”, “Түнгі сарын” пьесаларын өзі орыс тіліне аударды. “Шекарада” мен “Түнгі сарынды” екі нұсқа етіп жазып, жөндеп, өзгертіп, толықтырулар жасады. Әр пьесаны бастар кезде 15-20 беттен “жоспар” жасап, онда шығарманың қысқаша мазмұнын тезистеп қағазға түсірді.
М. Әуезов драматургиясын көп зерттеген құрметті ғалымдарымыз қазақ драматургиясының кеңестік кезеңі мен осы кезеңді суреттейтін шығармалар туралы құнды пікірлер айтып келеді. Ал, кеңестік кезеңдегі пьесаларының көпшілігі туралы әрдайым сол уақытқа сай пікірлер білдіріп, оның қазақ драматургиясының қалыптасу жолындағы тың белес деп бағалаған.
М.Әуезовтің өз кезіндегі қиын тақырыптарды меңгеріп, орыс әдебиетінен бірнеше пьесаларды аударма жасауы, онымен қоса өз дәуірі туралы жарыса қалам тартуы оның шығармашылық жағынан кемелденіп өсуіне, жаңа кезеңді түсіне біліп, ерекше тың туындылар жазуына ықпал етті. Жазушы орыс әдебиеті үлгілерін шыңдалу мектебіне айналдырып, әдебиетімізді байыта отырып, қазақ драматургиясының жаңа сатыға көтерілуіне ықпал етті.