Главная
/
Блоги
/
ПОЭЗИЯ
/
Мен қатты ұқсаппын ғой, әке, саған!

Мен қатты ұқсаппын ғой, әке, саған!

28.04.2026 25

Сырт келбетім емес-ау ұқсас болған.

Салмақты сабырың ба бойға қонған?

Тектілікпен басамын қадамымды,

Болмысың жүрегіме ұя салған.

 

Мінезім — дәл өзіңдей, тез жанатын,

Рухым бар тек өзіңнен нәр алатын.

Сөйлесем — сөзім өткір, өзіңдеймін,

Шындық десе, шіреніп тұра алатын.

 

Көргендер «дәл әкесі» десе бүгін,

Танимын қасиеттің тереңдігін.

Атыңды асқақтату — басты мақсат,

Сөгілтпей абыройдың берік жібін.

 

Тереңге тамыр жайған бәйтерегім,

Өзіңсің асқар тауым, байтақ елім.

Артыңда жайқалып тұр жас өскінің,

Өшірмей маздап жанған от-дерегің.

 

Өзіңді жоқ деуге де жаным қимайды,

Текті мінез тар кеудеге сыймайды.

Сағынышым мақтанышқа айналып,

Рухың сенің мәңгі мені қолдайды.

Өзіңдей нық басамын қадамымды,

Өшірмей маздап жанған шырағыңды.

Биік ұстап арың мен абыройды,

Жалғаймын өзің салған дара жолды.

Авторы:Нұргүл  Асылбекқызы

Оставить комментарий: