Блоги
Өлім биі
«Өлім биі...»
«Ай сонаттың» – тармағындай,
Сазында жүрме олай, барма былай!..
Біріккен екі дүние.
Қараңғыда,
Келеміз сүйретіліп артта біздер...
Алда Құдай!
Жұлып алар жолыңнан бармасаң да,
Қазір барсаң, жоқ болу бір жасамда,
Пенде болып ұйықтайсың, басың бүтін,
Періште боп қайтадан тумасаң да,
Ұмытасың бәрін де,
Өмір барын...
Жақсылыққа балайсың өлім заңын.
Келгенің де білінбес, кеткенің де,
Дене емес – «мен» деген – сенің жаның.
Бесіншісі...
Төрт маусымға ұқсамайтын,
Көрмейсің, естімейсің, ұстамайсың.
Өткен күнде көп қуаныш болған шығар,
Оралмайтын сол күндер қысқа маусым.
Уақыт, ызғырық жел – құм – сабандай,
Уақыт сенің бақытыңды ұрлағандай,
Жер бетінен!..
Аспандағы Ай менен жердегі Айдың,
Арасы тек бір қадамдай!...
Мынау не,
Көктем келді, көгермеген,
Көңілің, сол баяғы көнермеген?!.
Бір күндік сәуле сенің қауызыңды
Ашып алам,
Өлеңменен!
Қыстың соңы
«… Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,
Жығылмаса Құлагер қайда деймін»
Ақан сері
... Қылаңға сөз ереді бой жеткесін ....
Жылгелді (жеті қайқы)
Көшіп кетіңдер...
Кетем деп жүргесін.
Көкпіңбек бұрқырып із келсін.
Ішіңнен сезгенсің – қарама артыңа,
Күзге де сен сонда күлгенсің.
Жалтақтап бұрылма,
Кете бер, қарама...
Не жүріс?!.
Бірде бар, бірде жоқ, күн салып араға.
Көк аспан. Ақ бұлттар – мақтадай,
Мүйізі қарағай, ауысқан қараға.
Мынау не?!.
Жаңбыр ма, тұман ба?
«... Бой жетсе, сөз жетер қылаңға ...»
Қыс деген түстердің ағысы емес пе,
Тек, шаңның бояуы жоқ онда?!.
Қыс жатыр...
Жейдесін түймелеп,
Жаңбыр жүр ұзын жіп сүйрелеп.
Кетеді,
Айтқасын кетем деп...
Әй бірақ, бұрынғы әңгіме – күй бөлек!
Суланған бұлттардың жанары,
Тулақта жүндей...
Найзағай – сабаумен сабады.
Ағаштың көзінен аққан тамшылар –
Бүршіктеп бұтақта тұрады!..