Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов

Блоги

21.07.2020
4126

Отты ағын

Жабығып батқан күзгі түннің жетегінде өзінің ұзақ ұйқысына енді батып бара жатқан қала ортасындағы көп қабатты үлкен ақ үйдің бірінші подьезіндегі мүлгіген тыныштықты есік қоңырауының құлаққа жағымсыз естілетін ащы шырылы бұзды. Жауынды түнде даладан қараңғылық ішінде сүйретіліп келе жатқан алдынан оқыс шыға келсе қорқынышты бірдеңенің сұлбасындай көрінетін орта бойлы, қолында қолшатыры бар басына шляпа киген түсі суық адам жарық аздау алакөлеңке жерде өңі біртүрлі аянышты боп көрінді. Ол  өзінің бір жері ауырғанын көптен білмей келіп, енді сезінгендей және соны білдіргісі келмеген адамдай тістеніп алыпты. Жұмулы көздерін сәл ашып қарағанда әлдебір тұңғиық түбінен жылт еткен судың сәулесіндей  әлсіз жылтыраған жанарынан пұшайман жанның шарасыз уайымы мен маңынан бір сәтке де ажырамай әр қадамын аңдып баққан айықпас мұң   ызғары білінетіндей. Ішкі жақтағы қоңырау дыбысы сыртқа естіліп тұрса да ол жақтан қыбыр еткен ешбір қимыл білінбеген соң ол қабырғаға сүйенген бойы қолдарын тағы созып қоңырауды бұ жолы ұзағырақ басты. Бұ жолы есікті екі көзі бағжиған, қолдары таяқ сияқты қатып қалған, үстіндегі кең халаты таяққа іле салғандай солаңдап тұрған арық әйел ашты. Қалиды көрген бойы жақтырмағанын білдіре:

 

– Неғып жүрсің түнімен. Елдің бәрі ұйықтап жатыр. Айкезбе құсамай жатпаймысың, – деді. – Тамақ іштің бе өзің. Фуу, водкой пахнет.

 

– Кәмпит, мороженый иісі. Еһе-һе-һе...

 

Қали үйге кірген соң да әйелін келекелеп ұзақ күлді. Тәлтіректеп жүріп киімін шешті де, шешінбестен диванға қисайған күйі терең ұйқыға кірді. Әйелі ас үйге кіріп шай қойып қайтып келсе Қали теріс қарап жатып қалған екен. Есік көзінде сәл тұрып ояна ма, шай ішкісі келетіндей белгі бере ме деп тағы біраз аялдады. Бірақ күйеуі сол жатқан бойы қозғалмастан терең тыныстап алып ұйқыға басты. Жәния тағы біраз тұрды да енді оның оянбасын біліп ас үйдегі кешкі асқа деп дастарқанға шығара бастаған тамақтарын қайта жинастырды.

 

Осындай әрі-сәрі тірлікке ол әбден үйреніп кеткен. Өзінің үй шаруасына олақтығына, тамақ істегендегі кейбір тірлігіне Қалидың көңілі толмайтынына, оның есесіне қанша ренжіп ұрысса да ұмытып кетіп, сол кемшіліктерін күн сайын айна-қатесіз ертеңінде тағы қайталайтындығына өзінің де, күйеуінің де еті әбден үйреніп кеткен. Осылай өзгеріссіз жүре беру, бір толмай ана жоқ, мына жоқты іздеп алакөлеңке бір тіршілік дәлізінде соқыр адамша екі қолымен сипалап қарманып өмір сүріп келе жатқандарына көндіккісі келмесе де ақыры міне оған да соншалық көңілі беріліп тұрмаса да еттері өліп кеткендей.

 

Жас күнінде Жәния екі көзі мөлдіреген, жүріс-тұрысы ұшқан құстай жеп-жеңіл сүйкімді, ақкөңіл қыз еді. Әкесі көз ашқаннан партия қызметінде үнемі жиын-тойда, облыс, аудандарда іссапарда жүретін. Жолдас-жоралары, таныстары мен бірге қызмет істейтін қажетті адамдары оны қайда барса да іздеп тауып алатын, аса бір қажет дүниесіндей санап жалғыз қалдырмай жанынан көлеңкедей ілесіп қалмаушы еді. Үйге келсе бірер күнгі демалысында түсте ана жаққа, кешкілік ресторанға шақырып, бірер апта демалыс көрінсе санаторий, демалыс орындарына әкетіп, онда да көшпелі адамдай көп таныстары аяқ-қолын жерге тигізбейтін.

 

Тілеуберді әке-шешеден ерте қалып, балалық күнін ауылдағы  қой соңында, бұзау бағумен өткізсе де кейін кеңес үкіметі келіп көзі ашылған кедейшіл, көпшіл адам санатында қоғам ісіне адал берілген аса талапшыл, жолдан ауытқымайтын қатал партия қызметкері. Бірақ байлық қуып, дүниені жанына қуат дәт көрген жан емес, керісінше езілгенді теңеп, жығылғанды жебеп кететін еңселі. Өзі осындай болғанда әйелі де ашық-жарқын, өте келбетті сұлулығымен көрген көзді сүйсіндіргендей, шіркін осындай адамның арманы бола ма екен дегізетіндей. Жиын-тойдың көркі боп жүрген күндерінде соңынан сөз де ерді. Мұның дәргейіне қолы жетпегендер:

 

– Ой, әлгі Тілеубердінің қызметі өсе бергені әйелінің арқасы екен,–деп ағаш атқа теріс мінгізіп, мұның барлық жетістіктерін әйелінің сұлулығымен, оның алдында ешбір еркек кіндікті елжіремей тұра алмайтындықтан соны жақсы пайдаланатын сиқырлы қылықтарымен байланыстырды. Көп ұзамай осылайша көп қолпаштау үстінде, бақ пен дәреже, атақ-даңқ ауылында асқақтап жүріп соны көтере алмағандай әйелі марқұм дүниеден өтті. Бұл уақытта Жәния алғашқы күйеуімен тұрып жатқан. Арада бірнеше жыл салып балаларының қолына қарауға әлі ерте болғандықтан Тілеуберді екінші әйел алып  бұларға бөтен, алыс бір сыйлас адамдай жырақтап кеткен басқадай өмір жолын бастады.

 

Жанияның Қалиға жолығатын мезгілі осы тұс еді.

 

                                 

*  *  *

 

 

Қали да жасында казіргідей қисайған біреу емес оңды жігіт еді. Шашы  бөріктей қалың, көздері де өткір, дембелше келген барлық жанашырынан ерте айырылған балалар сияқты басқалардан гөрі өз басын көбірек ойлайтын, өз менін іштей жоғары санайтын өзімшілдеу болды. Облыс орталығындағы балалар үйінде туысы Демеуқұлдың балаларымен бірге ойнап, бірге оқып, каникулда салармен бірге ауылдағы ағасының үйіне бірге барып, көпшілік арасында бөтен мінезі жоқ томпиған тіл алғыш бала.

 

Кейін оқуға түсе алмай қалғанда Демеуқұлдың көмегімен ауылда бірер жыл сельсоветтің хатшысы болды. Әкесі Бәзілбек ауыл адамдары колхозға бірігіп жатқанда әркім әр тарапқа тартып тұрғанына шыдамай үкімет адамдарына септесіп, артынан өзі де көп жыл колхоздың басқармасы да болды. Қали үйдегі төрт баланың ерке өскен кенжесі болғандықтан балалар үйіне кетерге дейін ешкімнен қақ-соқ көрген жоқ. Екі қыз тұрмысқа шығып, ағасы үйленіп, әкесі қайтқан соң мұның тағдыры Демеуқұл сияқты адамдардың қолына қарап қалған. Жаппай теңдік, дүние сән де, мақсат та емес бұлдыр заманда әкеден қалған азын-аулақ малды ағасы меншіктеді де бұған мұраға ине сабақ жіп те бұйырмады.

 

Бағы жанып екінші жылы жоғары оқу орнына түсті. Бірақ жетім кеңіліне бірдеңе жетпей тұратын. Ол немене десе балаға, жас адамға қажет аналық, әкелік бір жылы сөз, туыстық мейірім екен. Бұның оқуға түскеніне де, оны бітіріп өз бетімен қызметке кіргеніне де ешкім қуаныш білдірген жоқ. Әйтеуір сұрғылт өмір артта қалып алда бір тамаша келешек ажарланып қуанышты бейнесін көрсеткен сияқтанды.

 

Бұл да ұзаққа барған жоқ. Көп ұзамай оны әскерге шақырып, қиыр солтүстікте сүңгуір кеме ішінде, су астында қызмет ететін бөлімшеге жіберді. Әскерден шаршап-шалдығып келген бойы ауылға да бармастан, бірер ай жұмыс істеп, оқуын жалғастыруға мүмкіншілік алды. Өзінен болды ма, әлде ағайынның суық мінезінен бе бұны іздеп келген, осы жылдары туысымыз бар еді деп көңіл бөлген ешкім болған жоқ. Қалидың оқу бітірген соң әр үйдің босағасын жағалап, пәтер жалдап, жалақысы да, жауапкершілігі де аздау болымсыз қызмет істеп жүргенін біліп бірде Демеуқұл іздеп келген. Ол кезде Қали жасы отызға таяп қала өмірінің не құйтырқыларын көрген, анау-мынауға сене қоймайтын, сана-сезімі жарқын өмірге сенуден гөрі көмескі бір жаманшылықтарды көре қойғыш, секемшіл, ешкімге, ештеңеге ішін беріп иланудан кете бастаған өзімшіл біреу боп алған-ды.

 

Мұның пәтеріне келгенде Демеуқұл оқу бітіріп, адам болды деген туысының көп сөйлемейтін, тұңғиық мінезді, сыртқы адамдардың бәрінен оқшауланған түсініксіз тірлігін байқап тіксініп қалды. Жас кезінен әкесіндей болған туысқан ағайынның іздеп келіп, адам есебінде елеп-ескеруі қатып қалған  көңіліне сәл әсер етсе керек, жас жігіт жымиып күлгендей болды. Бірақ ел жақтағы туыстардың бірде-біреуін сұраған жоқ. Жақын жердегі дүкенге барып келіп, шағын столға дастарқан жасап шай берді. Ара-арасында ағасының қойған сұрақтарына жауап берді. Демеуқұл бұның мына тірлігіне риза болмағанын жасырмай, тіпті менсінбеген кейіп танытты. Үйлену туралы айтқанда күмілжіген жауабына көңілі толмай:

 

– Ақша бар. Ағайын-туыстар көтереді бәрін. Өзім бәрін ұйымдастырам. Әне кеше өзіңмен оқыған балалардың бәрін бір-бір үй қылып шығардым. Солардан қалғаның жарамайды. Тілімді алсаң елге қайт. Кеңсе жақтан қалаған қызметіңді ауданнан тауып берейін. Елде неше түрлі қыздар да бар. Өзің сөйлесіп, елге келіп дем алып, қалаған бірін таңдап бізге білдір. Қазақтың бір қызы мынау деген жігіт сенен артық кімге тиеді. Балалы-шағалы болып әлі-ақ ел қатарына қосылып кетесің. Ал мына қаладағы тірлігің менің көңіліме ұнап тұрған жоқ. Ертең қаланың бір селтеңбай  тұрақсыз қызына үйленсең бүкіл өміріңді ойран етеді. Қарағым мен өмір көрген адаммын. Сенің келешегіңді байқап, болжап тұрмын. Осы қала саған қол болмайды. Тіпті қалашыл болсаң, кейін үйленіп, әбден оң-солыңды таныған соң көшіп келе бересің. Мен саған айтатын басқадай артық ақылым жоқ. Қолымнан келетіні осы. Өзімнің төрт кластық қана білімім бар. Соғысқа кетіп оқи алмадық. Кейін жасымыз келмеді. Бірақ өмір көрген тәжірибеміз бар осы біздей ағаларыңа сеніп, біз жүрген жолмен жүрсең де саған ол аз олжа болмайды. Ал егер оқыдым, сендерден артық бақ табам десең онда өзің білесің. Ел қатарына еніп жақсы боп кетсең оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қалаға азғана бір болмашы шаруамен келдім, енді міне қайтатын уақытым да жақындады. Егер уақытың болса мені кешкі поезға шығарып сал. Жазға демалыс алып келіп қайт. Хат жазып тұр ұмытпай. Неше пәтер ауыстырғанда әр пәтеріңе хат жазып әбден жауап ала алмай жүрдік, енді поштаға соғып тұр хабарды сол жерге жіберіп тұрайын. Ағайыннан көз жазып қалма қарағым, – деп қайтуға жинала бастады.

 

Сол жылы қар жиі жауып, қыс суығы Алматыда әдеттегіден қаттырақ болып еді. Қали немере ағасы Демеуқұлды шығарып салған түні де қар толастамай жапалақтап жауып тұрды. Самбырлап қатты сөйлейтін туысын купеге орналастырып, қош айтысып далаға шыққан соң қимастық сезім жүрегін қысқандай болып, өзінің тағы жалғыз қалып бара жатқанына налығандай бір тамшы жас көзінен үзіліп түсті. Бағанадағы жарықтың  сәулесімен айнала, перронға жақын маңай кешкі уақытта да күндізгідей жарқырап тұр, біреулер қолын бұлғап терезеден қараған жақын адамдарына қолын созып, поездың артынан қалбаң-қалбаң етіп жүгіріп бара жатты.

 

Қали болса енді тынысы кеңи түскендей артық бірдеңеден арылғандай, өзімшілдік көңілі жалғыздықтан жаңа жай тапқандай ақырын басып аялдамаға қарай беттей берді.

 

                                           

*  *  *

 

 

Со бетімен ол қаладан қайтпай тұрақтап қалды. Хат жазып елдегі туыстарымен хабарласуға да құлқы болған жоқ. Ішінде әлдебір өкпе ме, өкініш пе, өз қатарларына алып сая таптырмаған ағайынның  қайырымсыздығына деген реніш пе әлдебір түсініксіз сезім ішінде білінбей өсіп біртіндей қара даққа айнала берді. Жастық күннің бітпестей көрінетін қызығымен таң атырып, күн батырған неше бір думанды шақтарды да құрбыларымен бірге өткізді. Олардың бәрі бірінен соң бірі үйленіп, қызметке тұрып, өз тіршілігімен аралары ажырап анда-санда жолыққанда болмаса іздеп жатпайтын көп танысқа айналды.

 

Елден шеткері тұрып өзінен басқаны жатқа санап үйренген үркек көңілі небір сұлу, әдемі аруларды қасында үйіріліп жүрсе де бөлектеп жанына серік қып кете алған жоқ. Көңіліне берік ұялағаны бұған қосақ болмай менмен қалыппен иілмей кетіп, әшейін көптің бірі сияқтанған әп-әдемі бойжеткендер үркектей қарап, әдемі кештерде бұған сыртынан көз салып, қимастықпен  телміріп отыратын. Ешкімге өзімшілдігімен дес бермей жүретін Кәмила сұлуға үйленіп те кете жаздады. Туысы да, қалауы да көп, өмірге беруден гөрі бірдеңе алып қалуды қалап тұратын ұшпа қыздың бойына да ойына да шақ келе алмай екеуінің арасы біразға дейін әрі-сәрі болды да жүрді.

 

Сол күндерде танысқан Жәнияның сенгіштігі, ақкөңілдігі мен кісі жатырқамайтын ашықтығы Қалиға қызық көрінетін. Көптен таныс дос адамдардай біраз сыйласып жүрді де кейін өзінің ішкі ойы мен  құрған жоспарларын оған ескі танысындай айта берді. Ол өз өміріндегі көптен іздеп  таба алмаған бақытына жолықпаған күйі әлдебір жағалауға келіп ұзақ уақытқа тоқтағанын іштей көмескі болса да сезетін өткінші жолаушының күйінде күн кешіп жатты.   

 

                                                

*  *  *

 

 

Бір жылдан соң дүниеге Асқаржан келді. Қалидың күйеуінен ажырасқан, бұрынғы күйеуінен бес жасар баласы бар қалалық әйелге үйленгенін естігенде Демеуқұл намыстан өлердей болып қорланды. Елде жүрсе сол намыс ішіне сыймаған соң, ақыры онысын сыртқа да шығарды, бұрынғыша ағасын нан-тұзымен қарсы алған немере бауырын оңаша бөлмеге отырғызып қойып жерден алып, жерге салды. Ішіне сыймаған ызадан бір-екі рет жақтан салып та жіберді. Қали ынжықтығын іштей мойындаған адамдай мұның бәрін үндемей көтерсе де ішіндегі бұрынғы өліп қалған әлдебір жалын жан-жүрегін жалап жатқандай неше жылға айналған жан дүниедегі алпарысты басынан кешіріп, мұның соңынан өз жұбанышын жалғыздық пен арақтан іздейтін бейшара күйге ұшырады.

 

Өз қызметін ел қатарлы атқарып жүрсе де бұған көлденең көз басқаға қарағаннан қаталырақ қарайтындай, кішкене кемшілігі болса жіпке тізіп, соны шартарапқа жайып әйгілеу үшін желді күнгі қамыс суылындай  шуылдап қоя беретіндей. Бұған сәл жақсылықты қимағандай пәленшенің күйеу баласы деп қарайтын астамшыл көзқарастары қайда барса, тіпті туыстарының арасындағы сөзде де соңынан екі елі қалмай көлеңкедей ілесіп жүргені. Әлде өзі солай ойлағасын елдің бәрі солай ойлайды деген пікір ішкі дүниесінде берік орнап алғасын басқа жаққа мойын бұрғызбай тұратын бой бермейтін күшке айналып алды ма, ол жағын өзі де білмейтін, тек сырттай бақылап тұратын жасырын бірдеңе дедектете сүйрелеп өзінің таныс ауылына қарай әкеле жатады. 

 

Ал Асқаржан балса ақжарқын, туысқан десе ішкен асын жерге қойып, бір келіп кеткен адамды іздеп отыратын елгезек бала болып өсіп келе жатты.

 

                                                

*  *  *

 

 

Уақытша деп өткен шақта өзінің шегініс ретінде жасаған қателігін Қали енді өмір бойы түзете алмасын сезді. Демеуқұл сияқты туысы үйіне келген сайын оның ішінде әлдебір суық от маздап қоя береді. Былайғы күнде ұйықтап жататын ішіндегі байлаусыз аң жан дүниесін кеміріп жей бастайтын. Менмендік атты алапат бір күш бұрқ етіп оянады. Оянды-ақ болды жан дүниесіндегі тып-тыныш тіршілігін тас-талқан етіп бүлдіріп, мына дүниемен байланысып жатқан сан түрлі сезімдерінің бәрі аяқ асты етіп күл ғып шаша бастайды. Осы мазасыздықтан шарап пен жалғыздық қана құтқаратындай ешкімді көргісі келмей оңашалық күйін іздей береді.

 

Шайтанның оты жалын шашып неше ай бойы ыстық өзендей ағысқа салып, өртіне енгізіп, тірідей азаптап, ақыл-есінен адастырып  сау да, жынды да емес күйге түсірді. Осылай өткен алты-жеті жылдың азапты белгісіндей болып  ел ішінде Қалидың есі ауып жынданғандығы, үй тұтқынына айналып дәрі ішіп қана өмір мен өлім арасындағыдай, бар мен жоқтың ортасында өмір сүріп жатқандығы туралы суық хабар тарады.

 

                                       

*   *   *

 

 

Бұл күй оның басында көп тұрмай бірнеше айдан соң бәрі әшейіндегі қалпына түсті. Өмірден алданыш таппай кеткен менмен жанның өз-өзімен арпалысын дәрігерлер әлдебір аурумен байланыстырады. Оны өздерінше емдеп, ауруханаға жатқызып, әсіресе көктем айларында сақтандырып, аурудың өзіндік белгілері туралы, мінез-құлқындағы түрлі ауытқуларды  дәптерлеріне күнделікті жазып, емдеу шараларын белгілеу үшін зерттеу жүргізді. Ауруханада дәрігерлердің бақылауы мен емдеуінде болып бірнеше айда жазылып шыққандай болғанымен олар бұл адамның арада біраз уақыт салып тағы да қайтып оралатынын іштей біледі. Осылайша әр түрлі дәрігерлердің жазуымен бірте-бірте қалыңдап, көбейе берген ауру тарихы ұзақ сонар жан баласының басынан кешетін әдеттегі қалыпты тіршілікке ұқсамай шындықтан гөрі  қиялдан шыққан әлденелерге ұқсай берді.

 

Арада бар мен жоқтың белгісіндей болып отыз бес жыл өтті. Ауру тарихы ондаған дәптер жазбаға айналды. Бірнеше дәрігер ауысты. Олардың ең соңғысы жап-жас қыз еді.  Бір күні ол әбден үлкейіп қалыңдап кеткен жазбаларды оқып отырып әбден қартайып жүдеген Жәниядан:

 

– Осының бәріне өмір бойы қалай шыдап келесіз, – деп сұрады.

 

– Тек мен ғана емес ол да шыдап келеді ғой, – деді әйел.

 

– Иә, бұл менмендік ауруы, – деді қыз.

 

– Ол өмір бойы ауырды енді жазыла ма.

 

– Өкінішке орай бұл ауру енді жазылмайды. Қайта бірте-бірте ұлғайып асқына беруі мүмкін. Ал менмендік деген тән мен қоса жан ауруы, оны тек адам жанының ең асыл қасиеттері махаббат, достық, сүйіспеншілік, мейірім сияқты сезімдер бәрі жиылып келіп қосылғанда ғана емдей алады. Ол сезімдерді ешқашан іздемей-ақ соған бала кезінен күн нұрына шомылғандай сіңіріп өскен адам ғана өмірден шынайы бақыттың не екенін біле алады. Адамның ішкі жан жарасына айналатын сезімдердің барлығы ерте ме, кеш пе тән ауруы болып сыртқа шығатыны ғылымда айқын дәлелденген. Мына сізде неге менмендік ауруы жоқ. Өйткені сіз өзіңізді ешкімнен жоғары қойып, шамаңыз келмейтін іске әуреленіп, кем болып жатсаңыз қинала қоймайсыз.

 

– Ол жас күнінде өте талантты және басқалардан ақылы артық жаратылғаны рас еді ғой.

 

– Бар мәселе осы артықшылықта болып тұр ғой. Ол бірер қасиеті артық болғанымен басқалардан барлық жағынан артық емес. Сондықтан адам баласы, жаратқанның құлы есебінде өмірдің бар сынына шыдауы тиіс. Ал бұл кісі шыдамсыздық, өркөкіректік танытқан. Сіз құдайға сыйынасыз ба. Әрине кеңестік кездің адамдары бәрі көбінесе атеист. Оларға жаратқан туралы айтылған әңгіменің бәрі де бос сөз сияқты естілуі мүмкін. Менмендік ауруы құдайын ұмытқан жерде басталады. Сол үшін мұсылман баласына жаратқан бес парызды ұмытпасын деп еске салады.

 

– Біз осы өміріміздің соншалық азапты да аянышты болуына не себеп  болғанын ойланып та көрмеппіз. Сіз маған алғаш рет ой салдыңыз. Рахмет қызым. Өмір жасың ұзақ болсын, бақытты бол қарағым. 

 

Әжім торлаған әйел жүзін ыстық жас парлай ағып жуып бара жатты.


Поделиться:      
Оставить комментарий: