Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Блоги
ПРОЗА
Қара қайшы

Блоги

14.10.2020
4366

Қара қайшы

 
Набат апа шалы Бөрінің қарсысында, көрпешеде отырған. Киізге төселген қызылала торкөз шүберек дастарханға отқа піскен пәтір наны мен өздері есік алдында өсірген кіш-міш жүзімін қойып, даладағы самауырдан демдеп әкелген шайын құйды.
– Сайғоныс таң атқаннан көйлек-дамбалымен көлбеңдеп шарбақтың сыртында тұр. Ақ там жаққа үңіледі, шығып келе жатқан күнге ұзақ қарайды, арықтағы судың сылдырын тыңдап, сәмек шөп пен қозалықтың құмай-шырмауығын тамашалайды. Бүгіннен қалмайды, бой жазып шыққаны ғой жазғанның, – деді Набат апа шалына шай ұзата беріп.
Сайғоныс дегені осы ауылдың Байғоныс есімді қарты, Бөріден оншақты жас үлкен. Бөрі шал елеңдеп қалды. Малдас құрып отырған жерінен көрпешеге алақанын тірей түрегеліп, есікке беттеген. Тез оралды. Көршісі Келес өзенінің арғы бетіндегі жоталы-сайлы сары даланың бір қиырында ағарып көрінетін ақ тамға тесіле қарап тұр екен. Көз ұшындағы жалғыз ақ тамға несіне қарайды... Оны жұрт пункт дейді. Жылына екі рет қой қырқу жұмысы жүргізілетін орын. Қалған уақытта құлыптаулы болады.
– Апырай, ауласының сырт жағында әлі тұр екен. Сенікі сандырақ болсайшы, – дейді даладан кірген шалы.
– Жоқ, бой жазып шыққан. Қайбір жылы белі шойырылып, апиын жағып жазып ем ғой. Сонда бойымды әруақ қысып, «Алпыс сегізіңде бір қатер, жетпіс жетіңде бір қатер. Кейінгісінде түрегеп жүріп жан бересің» дегізген басымды жерге басып, көзімді аштырмай. «Әй, мына келін қайтеді-ей!» деп мырс етіп күліп кеткен еді. Кейін алпыс сегізінде кесел тапты ғой. Бел ауруы қайта қозып, омыртқасы мен қан-жынына өтті. Жоқ, байғұстың көресі күні бар екен, тұлабойын апиынмен сылатып, ермананы ішіп беті бері қараған. Қазір жетпіс жетіде. Бүгіннен қалмайды, – деді Набат апа.
– Өшір үніңді жамандық шақырмай! – деген Бөрі шал қабағы түксиіп, алаңдап отыр.
Байғоныстың үй-іші ешбір алаңсыз. Аяғын ілбіп басып, үйге өзі кіріп-шығып жүрген адамды өледі деген ой келуші ме еді. Кеудесінде жаны бар қалт-құлт еткен адам ғой.
Бөрі шал жалаң аяғын пұшық галошына сұқты. Дамбалшаң, ақ көйлегінің үстіне шибарқыт камзолын киіп, көршісінің үйіне аяңдады. Тақия астындағы басы шалқалап, шоқша сақалы алға қарап барады, қабағы жұқа қоңыр көзі қырағы. Көше жағынан кіріп, ауланың арғы басындағы сырт жақта көршісінің күншығысқа қарап состиып тұрған жеріне барды.
– Ау, жәке, халіңіз қалай? – деп жақындап, амандасқалы қолын ұсынды. Байғоныс қарт әуелі бұрылып та қарамай, өзімен-өзі тұрды дағы әлденуақытта басын изеп, қолын алды.
Бөрі шалдың байқағаны – Байғоныс жәкесінің жүзі әдеттегіден нұрлана түсіпті, қауға сақалы тарам-тарам, көзқарасы тік.
– Шүкір, шырақ, – депті де қойыпты. Ойға батып, айнала-төңіректі қызықтап өзімен-өзі болып тұрған жәкесінің жанында кідірудің амалын таппағасын қипақтап кері қайтты.
– Қайдам, өлетін адамға ұқсамайды. Бірақ күндегідей емес, есі-дерті аспан мен дала, жүзіне қан-сөл жүгіріпті, – деді кемпіріне. – Әй, білмеймін...
Күн ауғанда Бөрі шал даладағы жүзімнің көлеңкесіндегі алашада жастық шынтақтап жатқан. Төбесіндегі аспалы ұяда бөдене бытпылдайды. Оған қосылып үйдің шатыры астынан жабайы кептер бүлөлелектеп бағады. Жүзім аңдыған торғай төбеде зулап, төменде торғайдан үріккен инелік қашып, айнала-төңіректің өмірі қайнап жатыр. Жүзімнің ар жағындағы аулада алма-өрік бағы жайқалады, ал алма-өріктің табанында жоңышқа тербеледі. Кең ауланың сырт жақ шегінде қатарласа жиде өседі.
Бөрі шал Байғонысты ұмытып, нәпақасы сонау Бұхарадан бұйырған жалғыз ұлы Жарқынын ойлап жатқан. «Ау, елге келсе қайтеді бұл. Мақтаға біргәдтік қылса болмай ма?».
Кенет көршісінің мал қорасы жақтан сол үйдің келінінің:
– Ойбұұй, ата! Ата!– деген жандаусы шықты.
Бөрі шал елең етіп, сығырая қарады да сұр алашаға шынтағын тіреп түрегелді. Дауыс шыққан мал қораға жеткенінде Байғоныстың ұлы мен немерелері де келіп қалған екен. Байғоныс қарт бос тұрған ақырдағы мышқырттың үстіне етпеттеп жатып жан тапсырыпты. Набат апаның айтқаны көбіне дәл келетінін жұрт біледі. Бірақ Байғоныс қартты бүгін өледі деген ой ешкімнің басына кіріп шықпаған.
Набат апаның тосын мінезі бар. Жұрт оны тентек дейді. Өзі мен сөзі жақпаған адамға «Ие, құдайдан қорықпаған!» деп қатты-қатты сөйлеп тастайды. Ең бір жақсы қасиеті – туралықты тіке бетке айтатыны. Ал көңілі түскен адамнан жақсылығы мен алғысын аямайды.
Бұған ауылдастары о бастан, сонау отызыншы жылдардың басында келін болып түскен шақтан тап болды дағы келе-келе құлақ та, бой да үйреніп, аса елемейтін болды.
Набат апаны тентек атандырған тік мінезі ғана емес. Ай-шай жоқ, отырған жерінде әруақ қысып, сұлап түсетіні бар. Сұлап жатып сөйлейді. Сонда алда болатын оқиғаны немесе біреуді тағдырында не күтіп тұрғанын айтады. Сабасына түсіп, өзіне келгеннен кейін жанындағыларға әруақ қысып сөлетті дейді,. Сондағы айтқандары тура келіп жатады. Ал жұрт бетіне айтпаса да сыртынан Набат тентек дейді. Тентек атандырған тағы бір себеп – қай уақытта көрсеңіз де Набат апаның орымалы ауып, шашы қобырап, көйлегі алқам-салқам көлбеңдеп жүргені.
Набат апаның бірнеше қасиеті де бар. Іс тігетін өнеріне ешкім ілесе алмайды. Николай патшаның заманынан қалған дәу қара қайшысы мен тігін мәшинесін көзінің қарашығындай сақтап, баптап ұстайды. «Бұлардың егесі әруақ. Істі мен тікпеймін, әруақ тігеді» деп отырады. Емшілігі де бар. Қысы-жазы ермана деген емдік шөбі және апиыны үзілмейді. Ермананы күзге салым өзі Қазығұртқа барып теріп алады, ал апиынды көкнәрдің қауашағын тіліп өзі жинайды. Көкнәрді ауланың көзден тасалау түпкіріне шалы өсіріп береді. Арық бойына жабайы өскен жалбыз, жүзімнің ширатыла жоғары шаншылған мұрты да Набат апаның емге жаратар дәрілері. Шипа іздеп келген жанның алдында әруақ қысып, отырған орнында топ ете қисаяды дағы кеселі мен емін баяндайды. Оны Набат апаға айтқызатын – әруақ. Баяндап болғасын есін жия келе үһ деп дем жұтады. «Қара кісі болып келетін әруақ осылай дейді» деп, алдымен ермана қайнатып береді. Кей кезде дәрі-дәрмек тағайындайтыны да бар. Ондайда бас аурудың дәрісі, жүрек аурудың тамшысы, жалбыз тұнбасы, балықтың майы сияқты дәрілерді атайды. Сирек жағдайда ауруға өзі сақтап жүретін сынапты жұтқызады. Емінің жұртқа қаншалықты сіңімді болып келетінін кім білген, әйтеуір тәуір болып кетіп жатады.
Набат апа көңілі түскен адамға етене жақын, жанашыр болып, бәйек қағып жүреді. Сіңлісіндей болып араласып жүрген әйелді ері таяқтап, аяғымен теуіп жіберген екен. Мұны естіген Набат апа әлгі әйелдің алдында табанда қысылып қалып: «Тепкен аяғынан аламын» деген сөзді айтады дағы басын көтереді. «Әруақ ерегісті», – дейді әлгі әйелге. Ертеңіне сол ердің оң аяғы істен шыққан. Жазылмас дертке ұшырап, балдақ сүйеніп қалған. Набат апаға әруақ айтқызғанның көбі тура келетінін жұрт біледі. Онымен абайлап сөйлеседі.
Бірде...
Жүзім астында шай ішіп отырғанында тосыннан қысылып, шалына жүзімнің мұртын жұлдырып шайнады. Одан қайран болмай талықсып кетті. Сәлден соң «Әбария...» деген сөзді айтты дағы басын жерден жұлып алғандай көтерді.
– Жарқынның көкесі, ойбай, ана қызға барайық! Әбария! – деді жанұшыра. Набат апа өзіне әруақ айтқызған «Әбария» сөзінің мәнін түсінбеген. Әйтеуір бір сұмдық сөз екенін сезінген.
Жалғыз қыздары Седепкүл Сарыағашта тұрады. Күйеуі екеуі Ташкенттен тандыр нан тасиды дағы ауыл аралап несиеге таратады. Седепкүл әр үйде жиылып қалған қарызды қозы-лаққа шатыстырып кетеді, ал күйеуі трактор жалдап, ауыл-ауылдан малды жиып алады.
Бөрі шал бесін намазын оқыды. Намазда қызының аман-есендігін тіледі. Содан кейін кемпірі екеуі дереу жиналып, жолға шыққан. Екі автобус ауыстырып, күн еңкейе жеткен. Седепкүлдің нанды тиеп, жалдап шыққан көлігі бір ауылға бұрылар тұста екі мәрте тоңқалаң асып барып дөңгелегі аспаннан келіпті. Седепкүл аман. Қарақұсынан жарақат алған, бұғанасы сынған. Жедел жәрдем Сарыағашқа жеткізіпті. Шал мен кемпір ойбайлап аурухана бөлмесіне кіргенде Седепкүл басы таңулы жатқан. Ақыл-есі бүтін екен. Әке-шешесімен қосыла жылады. «Әбария» дегеннің жол апаты екенін шал-кемпір сонда ғана ұққан.
Көп ұзамай Седепкүл жарақатынан жазылып шықты.
Ал бірде...
Бөрі шал тақтайдың бетіне бір уыс жүгеріні үйіп, оны бір шымшымнан он екі бөлікке ысыра пал ашып отырған. «Балам келер ме екен, келмес пе екен? Әй, бұны құдай ұрып елге қайтудан қашқақтайма өзі...» деп палға үңіледі. Сәлден кейін «Жақында келеді екен. Жүгері алдыма көбірек жиылды» деп шалқайып, отырысын нығырлады.
Набат апа есік алдындағы қазан-ошақ басында күйбеңдеп жүрген. Кенет әруақ қысып берді дағы үйге кірер есікке қарай ұмтылды. Бірақ есікке жетпей «Жарқынның көкесі!» деп дыбыстауға ғана шамасы жетіп сылқ құлады. Шынтақтап түрегелген шал тысқа шықты. Кемпірінің сұлап жатқанына тіксініп қалды да бас жағына келіп отырды. Набат апа талып жатқан күйі «Жарқын... Жер қозғалды. Күрөй болады» деп барып көзін ашты.
– Әй, түсіндіріп айтсайшы! Не болды? – дейді шалы.
– Жер қозғалып, үйлер құлады. Жарқын күрөй болады дейді әруақ, – деп тіл қатты Набат апа. «Күрөй» деген сөзді екеуі де түсінген жоқ. Бір жаман нәрсе деп секем алған.
Бөрі шал аяғында пұшық галош, ақ көйлек-ақ дамбалымен жалаңбас күйде поштаға жетті. Ұлына «Тыныштық па? Хабарыңды бер» деген жеделхат жөнелтті. Поштадағылар таң қалды да қойды. Ол кез – тосын оқиғалар жайлы хабардың екі күн, үш күн кешігіп тарайтын уағы. Интернет, компьютер дегенді жұрт көрмеген.
Ертеңіне ұлынан жеделхат жетті. «Жер сілкінді. Аманбыз.» деп жазыпты. Бұған кемпір-шал қуанды. Жарқын Бұхара жақтағы газ өндіретін орында жұмыс істейді. Табысы жақсы. Қаражат жинап алайын, содан кейін барармын ауылға деп, келуді кешеуілдетіп жүрген. Сол жақтың жергілікті қазақ қызына үйленіп, өкіметтен пәтер алып, екі балалы болып қалған. Келінді әлі ауылға көрсетпеген, отбасын әкелмеген. Бөрі шал кемпірін жетектеп барып қайтқан. Құдалары жақсы қарсы алып, риза етіп жібергенін ауыздарының суы құрып айтып отыратын.
Қатты жер сілкінісі болыпты. Жазықтар қарс айрылып, үйлер құлап, ел ашық далада түнеп жүр екен. Жер сілкінгенде Жарқын ерлік іс жасапты. Шайқатылып тұрған цехтың астына түсіп, негізгі газ құбырын бекіткіштен жауып шыққан екен. Батыл әрекетін ескерген басшылық омырауына медаль тағыпты. Анасын қысқан әруақтың «Күрөй болады» деп сөйлеткені осы екен. «Герой болады» дегені.
Немерелері тым алыста, мұнда шалы екеуі ғана. Бар ықыласы мен бейнетін шалына арнаған. Өте балажан, ауылдың балаларын айналып-толғанып жүреді, кемзалының қалтасынан кәмпит алып береді.
Бір өкініштісі, Набат апа зейнетақы алмайды, оны рәсімдемеген. Төлқұжаты жоқ. Себебі суретке түспейді. Жасында төлқұжат үшін түсіп көрген. Сол мезетте-ақ мұрттай ұшып түскен. Қара кісі кейпіндегі әруақ: «Ендігәрі суретке түсетін болсаң жаныңды суырып аламын» деп ескерткен. Набат апаның суретке өмірінде алғашқы да, соңғы да түскені осы болды. Зейнетақы алмайтынына қарамай, жасаған емі мен тігіп берген бұйымы үшін ауылдастарынан ақша алмайды. Ұсынған азын-аулақ ақшаны алмағасын жұрт ризалық үшін өрік-мейіз, науат-пәруәрда, құрғақ шай сынды азық береді немесе бір-екі құлаш мата, орамал сыйлап кетеді.
Арада екі ай өткенде Жарқын жалғыз келді. Омырауында медаль. Әке-шешесіне мәсі-кебіс пен бір-бір тон әкеліпті. Ауылдың адамдары кіріп, жағдай сұрап, медалін тамашалаумен болды.
Жарқын ауылдастарымен емен-жарқын әңгіме құра алмайды. Тілі тым кеш шықты, әрі ерке, өзімшіл болып өскен. Жеті жасқа тоғанында ауылдың Жолшыбай деген бас көтерер белсендісі, партия мүшесі Бөріге «Балаңды орысшаға бер» деп ақыл қосады. Әкесі әрі-бері ойланады да орыс сыныбына береді. Мектептегі тәрбиесі орысша болған бала үйдегі және ауылдағы қазақылықты тым нашар сезініп ер жетті. Қазақшасы да сүріне-қабынып шала қалыптасты. Әкесі мұны аса елеген жоқ, ал анасы іштей күйзелетін.
Метепті бітіргесін мұғалімдерінің айтуына еріп, сонау Одессаға кетті. Ондағы мұнай-газ өнеркәсібі техникумында оқыды. Ауыл үшін осының өзі бір таңсық нәрсе болды. Жазғы демалысқа келгенде алыстан жеткен студентті тамашалауға жиналатын, қыздар ғашық болатын. Ал Жарқын адамдармен, жастармен арадағы әңгімеде еш көсілмейді. Қысқа сөз, қысқа жауаппен шектеледі. Ол техникумды бітірігесін жолдамамен Бұхара облысынан бір-ақ шыққан.
Бүгін, міне, ауылдастары оның медалін тамашалап, суыртпақтап сөз тартып отыр. Өзі екі бөлмеден тұратын үйдің кеңірек бөлігін дәу там дейді. Кішкене жалғыз терезесі бар, едені кәдімгі тақыр жер. Жерді киіз бен алаша жабады. Төргі қабырғада оюлы жүкаяқ пен кебеже және сандық қатарласқан. Осы үшеуінің үстіне қабырғаны тұтасымен алып үш бөлек көрпе-жастық жиылған. Бұл шаңырақтағыдай қызыл-жасыл көркем құрақ жастықтар мен құрақ көрпешелер ауыл бойынша басқа ешкімнің үйінде жоқ. Бәрі Набат апаның шебер қолынан шыққан.
Дәу тамның ортасына дастархан төселеді. Дастарханға қаттама, бауырсақ-созба, пәруәрді, кесек қант пен қант қайшы, алма-өрік, құрт-май қойылады. Шайдан кейін шүберек дастарханның екі басына ағаш легендермен ет келеді. Ауыл бойынша осы үйде ғана үлкен ағаш легендер, ағаш қасықтар, ағаш шөміштер бар. Көне ыдыстар мен жиһаз Набат апаның жасауымен келген екен. Осы күні Набат апаның төркінінен ешкім қалмаған. Ағалары соғыстан қайтпаған, алыстағы былайғы туыстарынан қол үзіп қалғалы қашан.
Келген ауылдастар көрпешеге малдас құрып отырды. Жалғыз Жарқын ғана шынтағымен жастық баса жамбастап, аяғын соза отырған. Малдас құрып отыра алмайды, үстелге үйренген екен. Ол ат үстінде де отыра алмай жалма-жан ауып түскенін көргендер тіксініп қалған.
– Әй, Жарқын, ауыл әлі келінді де, құдаларды да көрген жоқ. Өзіңнің елге қайтатын ойың бар ма? – деп сұрады ет үстінде немере ағайыны, өзінен бес-алты жас үлкендігі бар кісі. Жарқын отырғандарға алақ-жұлақ етіп қарады да:
– Қайтпаймын, – деді. Ет жеп отырғандар аңтарылып қалды.
– Е, неге?
– Ауылда маған жұмыс жоқ. Келуге әйелім де көнбейді. Шешең жынды, мен қорқамын дейді. Шешемді жұрт жынды, тентек дейтінін өзім айтып едім. Балаларды да апаларың жынды деп қорқытып қойған. Мына үйге қалай әкелемін. Ескі-құсқыдан әке-шешем ажырағысы келмейді. Ошаққа от жағасыңдар, қыста пешті қозапаямен қыздырасыңдар. Ол жақта газ бар. Жоқ, әкеле алмаймын, өзім де келмеймін. Жұмысым жақсы. Міне, медаль алдым. Қайынатам цех бастығы боласың дейді. Қайтпаймын, – деп жерге қарады Жарқын.
Келгендердің аузына сөз түспей абдырап қалған. Үнсіздікті Үсіпбай ақсақал бұзды.
– Жолшыбайға ауылдың балаларын бұзба деп айтудай айттым. Тыңдамады, қайта өзіме бәле салды. Енді салдары мынау болды. Жә, қайтпасаң қайтпассың. Демалысыңда келін менен балаларды әкеліп тұр. Әке-шешеңе ауылдың өзі егелік қылар да, кәйтеміз енді... – деп арқасындағы тұскиізге шалқая сүйенді.
Бөрі шал сөзге араласпады. Үн-түнсіз төмен қарады да отырды. Тек:
– Үсіпбай жәке, маған не қыл дейсіз енді?! – деп қалды. Қайтып сөйлемеді. Ауылдағы әйел біткеннің үлкені, жасында жалғыз баламен жесір қалып төркінге сіңген Шекер апа:
– Менің балам да орысша оқып, Орынбор асып кетті. Білмеймін алдымда не барын. Қу перзент қайтер екен... – деді мұңайып.
Бұл әңгіменің бәрі Набат апа ошақ басында жүргенде айтылған. Ол есіктен кіргенде сөз сап тыйылды. Ел қозғалақтап басқа әңгімеге ауды.
Ертеңіне Набат апа үйде оңаша еді. Белден қалып, кеудесі еңкіш тартқан Шекер апа келді. Осылай да осылай, кеше осындай сөз болды деп әңгімеледі. Набат апа өзін әрең ұстап:
– Мекер-ау, не жаздым... Әруақ ұстап отырғаныма жазықтымын ба? – деп өксіп жылап жіберді. Қу перзент оңай ма, жамандыққа қимайды. Солар аман болсын деп әруақтың айтқанына жүреді, айдауына көнеді. Билеп-төстеп отырған кімнің әруағы екенін білмейді. Әлде жын ба екен... Қысылып құлағанда қара адам келіп сөйлейді. Оның сөздері талып жатқан Набат апаның аузынан шығады. Осы жолы әруақ қыспады, ұлының талқы-талайы жайлы ештеңе айтпады. Мүмкін әруақ та өкініште болған шығар.
Шекер апа екеуі егіліп отырғандарында етжеңді, арсың-гүрсің Бүбіхан апа келген.
– Набатжан, кешегі сөз құлағыма жетті. Бекем бол, шырағым, – деп екпіндеп сөйлей кірді.
– Шешей-ау, қайтейін енді... Пешенемнің соры бар екен де... Қайда жүрсе де аман болсын... – деп зарлады Набат апа.
Үшеуі бір-бірін құшақтап, қосыла жылады.
Арада талай жыл өтті. Бөрі шал кетті. Артынан Набат апа да кетті. Қара кісі кейпіндегі әруақ яки жын жиырма жылдай егесіз болды. Сол кезеңде Седепкүлдің отбасы тақыр кедейшіліктен көз ашпады. Жарқын ауруға ұшырап қайтыс болды. Араға бес-алты жыл салып оның жұбайы да қайтты. Екі баласы тоз-тозы шығып берекесі болмады. Күндердің күнінде Седепкүлге ес кірді. Ол сарайдағы темір-терсектің ішінен анасының қара қайшысын іздеп тапты. Соны алып барып үлкен бір молдаға оқытты, өзі бата алып, қара кісі кейпіндегі әруақты жан-дүниесіне қабылдады. Яғни әруақтың ыстық-суығын мойнына алды. Содан кейін ғана кейдейшілік шегінді, балаларының ісі оңала бастады. Жарқынның екі баласы да берекесі кіріп, Седепкүлді әпке деп іздеп келетін болды.
 
Серік Алдан

Поделиться:      
Құндызай
14.10.2020 23:58
Керемет! Жазар көбейсін, Серік аға!
Оставить комментарий: