Блоги
Қош бол, сәцәлизм!
Кеңестік қоғамда адамдар тең болды. Бай мен кедей, әйел мен еркек бірдей еді. Бұрын малға сатылып, оқи алмай, қызмет істемей жүрген қыздар бен әйелдер ерлерді білім беру, емдеу саласынан біртіндеп ығыстырып шығарды.
Бейімбеттің заманында Раушан коммунист арбаға отырып уезге жиынға барса, қазір ұшақпен Астанаға келіп ақорданың жиынына қатысатындар шықты. Байдың малын тартып алу, әйелді ерге теңестіру үшін кеңес елі ұзақ үгіт жүргізді. Ақын-жазушылар бұл тақырыпқа том-том кітап жазды.
Кәмөнес болғанды азамат соғысы кезінде жеке тұр қылғандар кейін шекара асты. Ескіше оқығандар кеңес орнап алған соң қуғынға түсірілді. Оны іске асырған жендеттер болса да оларға кімнің-кім екенін, не жазып жүргенін әйгілеп берген өзіміздің жазарман ағайындар кәмөнес ақын-жазушылар еді.
Сөйтіп жүріп тәуелсіз ел атандық. Мынау сәцәлизм болмайды екен. Дамымадық. Енді елге еркіндік беріп, қайтадан әркім өзінше жүріп байитын заман болсын деген заң шықты. Бұл да дұрыс орындалмады. Бұрынғы кәмөнестер қазақ жеке ел болған соң да 30 жыл бойы биліктен кетпей қойды. Баршаға еңбек етуге, баюға болатын жағдай сөз жүзінде орнағанмен халық баяғыша кедей. Баласын арқалаған үйсіз, дүпломын көтерген жұмыссыз қадам бассаң алдан шығады. Ел байымай санаулы пысықтар байыды.
Санамызға мықшиып кіріп алған сәцәлизм идеяларынан шыға алар емеспіз. Сәцәлизмді орнатқан соң оның артынан кәмөнезмге жетеміз деп жүрдік. Бала күнімізде 1990 жылдары молшылық болады дейтін. Адамдар отан үшін еңбек етеді де қанша нәрсе алғысы келсе керегінше алады деп сайрайды. Соған сендірген тағы да жазарман ағайындар. Қарап тұрсаң осы кәзит-жұрналдың халыққа зияны тиіп-ақ баққан екен. Халықты сендірудей сендіріп, алдаудай алдап бағыпты.
Сәцәлизм құлайтын кезде бұрынғы алашордашыларды, ұлтшылдарды ақтау басталды. Олардың ұрпақтарынан ешкім кешірім сұрамады. Кешегі алаш арыстарын атқандардың ұрпақтары, кәмөнестер қызметтен кетпей тісімен, тырнағымен жабысып, аяғы алаштың жолын ұстауға ұмтылған ұлтшыл оқығандарға мұрша бермеді.
Сәцәлизмнің ортақшыл, кәмөнес ұрпақтары баспасөз маңынан кетпеді. Істейтін қызметін отан үшін деп істеді. Бірақ өтірік екенін іші сезетін. Біздің заманда көп жазушылар партия қаулысы шыққан бетте соған өлең арнап, идеялық жағынан түсініксіздеу деген қаламгерлерге ақыл айтып тізім жасайтын. Сәцәлизмді, қоғам жетістігін жырлаушылар сол тізімнен түспейді. Бұл тізім беріге дейін жүрді. «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», облыс, аудан газеттерінде кәмөнессіз сөз сөйленбеді. Біз ес білген 1970-80-90 жылдары газетте отырғандар со бетімен қазақшыл болып өзгеріп кеткен жоқ.
Бірақ сол қалыптарына қарамай тарихи тақырыпқа, шетел жазушылар жазып жатқан жайттарға еліктеп алға түсуге тырысады. Қош бол сәцәлизм,– деп қол бұлғап оны қимай жүргендер, бүгінгі өмірге бейімделсе әлі күнге өздерін қолдағы тоқаштан айырылып қалатындай көреді.
2016 жыл