Блоги
Қосымша апай
Осы апайды қанша ойлансам да бір түсінбей-ақ қойдым. Тамағы да ауырмайды, бір сөзді қайта-қайта айта беруден де еш шаршамайды. Осы бізді бала ғой деп, оларға тынығу керек деп неге ойламайды. Айтатыны сол баяғы
-сендер қазақсыңдар, қазақша ойлап, қазақша сөйлеулерің керек! Ұлттың болашағы сендер тағысын тағы. Қазір заманның басқа екенінен хабары да жоқ. Тап бір біз қазақ тілінде сөйлемесек Қазақстан ел болмай қалатындай, бізсіз де патриоттар жетерлік.
Бүгін міне тағы сол сөзін қайталап, ауызы көпіріп сөйлеп жатыр. Ауызы көпіріп дегенім артық кетті-ау, кейде тыңдағың келмеген кезде осылай ойға түскен сөзді айта салғым келеді.
Рас мойындаймын, қазақшаға шорқақ екенімді де, ойымды қазақша толығымен жеткізе алмайтынымды да әуелі ішімнен орысша құрап содан соң қазақшаға аударатынымды да. Бірақ дәл осындай күйде жүрген жалғыз мен емес, қаланың барлық балалары сондай. Қазір еркін заман, тілде де еркіндік болу керек. Мен қай тілде сөйлегім келсе сол тілде сөйлеймін. Кейде араластырып та сөйлеймін. Ол менің құқығымның артықшылығы деп білемін. Менің жасымдағы балаға құқық туралы айту ерте екенін сезсем де, өзімді әрқашан солай қорғауға тырысамын. Әттең, қазір үйге қайтып кетсем ғой. Дәл осы тапсырмаларды мұғалімнің көмегенсіз өзім де орындай аламынғой, әкем неге мені осы қосымшаға берді екен. Иә, иә ұққандарыңдай бұл мектептегі мұғалім де емес, жәй қосымшадан беретін, қосымша апай. Телефоныма номерін де осылай сақтап қойғанмын. Қосымша апай.......
Менің есімім Толғанай. Биыл төртінші сыныпқа көштім. Бірінші-екінші сыныпты үздік оқығанмын. Қазір де жақсы оқимын, тек қазақ тілі мен әдебиеттік оқу қиындап кетті. Неге мені орыс сыныбына бермегендерін әлі күнге дейін түсінбеймін. Атымды ды оңдыртпапты,неге олай қойды екен? Өзіме мүлдем ұнамайды, әрі балалар да «томпаң-томпаң томпаң-ай, томпаңдайды Толғанай»- деп үнемі мазақ етіп жүреді. Аздап томпақтау екенім де рас. Бәрі сенің атыңды дөп тауып қойған екен дейді де жатады. Атымды өзгерткім келеді.
Осы қосымшаға келіп жүргеніме екі айдың жүзі болып қалды. Ондағы балалармен де тез тіл табысып кеттім. Олар сондай көңілді, нағыз жаңа заманның балалары. Бұл жерде алты-жеті бала оқимыз. Менен басқа тағы үш қыз бар, қалған үшеуі ұл бала. Олар алтауы да бір сыныптың балалары. Сабақтарын да үздік оқиды. Қосымшаға келіп жүргендеріне екі жылдан асыпты. Ал мен болсам екі жыл тұрмақ екі айға әрең шыдап жүрмін. Бір өкініштісі олар да апайдың тап бір көшірмесі сияқты. Үнемі қазақша сөйлеп жүреді. Кейде олардың не айтып жатқанын түсінбей де қаламын. Бұл балалар менен екі жас үлкен, бірақ олар ешқашан мені кішкентайсың деп кішірейткен емес. Қайта апай маған ұрысып жатса:
- апай қазір жылайдығой
-апай, көп ұрса бермеңізші –деп мені қорғаштап жүреді. Бұл жердегі ұлдар да біздің сыныптың балаларындай бұзық. Бір-бірімен алысып, жұлысып жүреді. Бірақ қанша бұзық болса да апайдың айтқанын екі етпейді. Жаз десе жазады, оқы десе оқиды. Мұндай тентек балаларды қалай өзіне бағындырып алған? Қорқады десең, олай да емес, үнемі апаймен еркін сөйлесіп, өз ойларын ашық айтып жүреді. Кейде апаймен әзілдесіп те жүреді. Мұғалім ұрсып жатса, мен сияқты бірден жылай кетпейді, керісінше жақсы апай түсіндік деп отыра береді. Әлде әбден еттері үйреніп кеткен бе?
Осыдан екі ай бұрын кешкісін әкем үйге келіп:
- Саған жақсы мұғалім таптым, сабақтан кейін бірден сол жаққа барып оқиысың, үй тапсырмаларыңды да сол жерден оқып келесің –деді. Мен қатты қуандым. Кейде үйге берген тапсырмалады түсінбей жүретінмін.Сосын амал жоқ интернеттен түсініксіз бірдеңелерді көшіріп барушы ем. Мен жаңа ортаға тез сіңісіп кететініме сенімді болдым. Өйткені, үнемі қайда жүрсемде мейлі сыныпта, мейлі үйірмелерде болсын белсенді болып жүремін. Бұл жерде де өзімді еркін ұстап, бәрімен тез тіл табысатыныма сенімді болдым. Ойлағанымдай-ақ бәрімен тез тіл табысып кеттім.
Бүгін бейсенбі. Менде сабақтар аз. Сабақтан шықтым да қосымшаға қарай жол тарттым. Сонда қарай жол тартқаныммен аяғым тартпай тұр. Үйге қарай тайып тұрғым келіп тұрғанын қарашы. Бірақ менде ондай батылдық қайда?. Амал жоқ қосымшаға қарай аяңдадым. Дала бір әсем түстерге боялғандай. Жерге саулап түсіп жатқан түрлі түсті жапырақтардың көрінісінің өзі қандай. Дала да жылы, аздап салқындау самал есіп тұрғаны болмаса. Азғана жемге таласып, бірінің-үстіне бірі қонып жатқан кепетерлердің өзін айтсаңшы, қандай керемет көрініс. Олар да өзара бірнәрсе айтып жатқандай күбірлейді. Қанаттарын қағып-қағып, бір орыннан екінші орынға ұшып-қонып жүр. Сабылысқан адамдар. Біріне-бірі қарамайды. Бағыттары белгісіз кетіп бара жатыр.
Осы көріністерді тамашалап, аудиторияға қалай келіп қалғанымды да аңдамаппын. Келсем, әлі ешкім келе қоймапты. Сабағым ертерек біткен соң алғашқылардың бірі болып келдім. Есікті қағып:
-Сәлеметсіз бе?!- деп кірдім. Мұғалім:
-Сәлеметсің бе?! Қалің қалай? Көңіл-күйің жақсы ма?- деп әдеттегі сұрақтарын қойды. Мен
–жақсы -дедім де орныма отырдым.
Дегенмен бір жақсы жері мұғалім бізден үнемі жағдайымызды, көңіл-күйімізді сұрап отырады. Ол кісінің маған ұнайтын жері де осы. Біреу сен үшін алаңдап, сенің қаліңді сұрап, жалпы жағдайыңды сұрап, уайымдаса кімге де болса жағымды.
Әдеттегідей сабақтарымды аштым да, үйге берген тапсырмаларға кірісіп кеттім. Мұғалім түсінбеген жерлерімді түсіндіріп, жазуымды, оқу машығымды біраз тексерді. Аздан соң қыздар да келді. Артынша қағысып-соғысып ұлдар кіріп келді. Мұғаліммен амандасты да өз орындарына жайғасып, сабақтарына кірісті.
Осылай тағы бір айдан аса уақыт өтті. Мен осы ортаға әбден үйреніп алдым. Апайдың ұрысқанына да, айтатын сөздеріне де, мінезіне де үйренісіп кеттім. Тек, әлі де болса қазақшадан қиналамын. Әсіресе әдебиеттік оқудан немесе басқа бір пәндерден мазмұндау берген кезде. Көп сөздердің, мәтіннің мазмұнын түсінбей қиналамын. Кейде тіпті оқығым келмейтін кездер де болады. Мазмұнын сан оқысам да түсінбей отырып алатыным бар. Сондай кездерде мұғалім қаттырақ ұрсады. Қайта-қайта оқытқызады, сонда да түсінбей жатамын.
-Қайта-қайта оқи бер, түсінбей жатсаң оқи-оқи жаттап та аларсың - деп ұрсады. Ал мен болсам сол сөздерге жылап қаламын. Мұғалімнің ұрысқанына емес, өзімнің түсінбегеніме, неге орыс сыныбында оқымағаныма ызаланамын. Ондай кезде апай керісінше дауысын үдете түсіп, қаттырақ айқайлайды. Біраз жылап аламын да қайта оқуға кірісемін. Мұғалім:
-мен сендердің ешқайсыларыңды ұрып, соғып жатқан жоқпын не болмаса намыстарыңа тиіп жатқан жоқпын. Сондықтан мұндай мінездеріңді, еркеліктеріңді үйде қалдырып кетіңдер!-деп ұрсады. Кейде мұғалімнің айтып жатқаны дұрыс болса да, өзімді тоқтата алмай жылайтыным бар. Қазір сыныптағы сабақта отырмын. Неге екені белгісіз өзімнен өзім жылағым келді. Соңғы кездері тым көңілшек болып барамын. Анамды сағындым. Онымен сөйлеспегеніме үш күн болды. Дауысын естігім келеді. Әкем:
-анаңа өзің қоңырау шалып жүрме, қолы босағанда ол өзі хабарласады- дегенді. Амал жоқ шыдап жүрмін.
Мұғалім түсіндірген сабақтардың бірін де түсінбедім, тіпті естімедім де. Мейлі, сабақтан соң қосымшаға барамынғой, сол жерде Әсел апай бәрін түсіндіріп береді. Сабақ аяқталып балалардың бәрі үйді-үйіне тарап жатыр, ал мен қосымшаға қарай барамын.
Күн әжептеуір салқындап қалыпты, кеше қар жауған болатын, соның суығы болар, әйтеуір күн ызғырып тұр. Арқаға қыс ерте келеді ғой, екі бетім, аяқтарым тоңып та қалды. Тоң боп тұрған аяқтарымды жылдамырақ басып, қосымшаға да келдім. Келсем, бір екі қыздан басқасы келіп қойыпты. Бәрімен амандастым да орныма жайғастым. Тоңып қалғанымды көрді ме әлде көңіл-күйімнің болмай тұрғанын сезді ме, әйтеуір мұғалім аса бір мейіріммен жылы қарсы алды. Маған қарап сәл жымиып, екі көзін жұмды. Дәл бүгін маған осындай жылылық жетіспегендей болып еді, ұстаздың көз қарасының өзі бәрінің орнын толтырғандай болды. Осы сәтте ол әлемдегі ең жақсы жандай көрініп, оны қатты құшақтап алғым келді. Оның көздері мейірімге толы, жүзі сондай жылы екенін аңғардым. Мен қалай бұрын байқамағанмын? Дәл қазір жерден алып, жерге салып ұрысса да, патриоттық сөздерін сан қайталаса да, менің оған деген қазіргі сәттегі сезімімді ешкім бұза алмас еді...
Осыдан кейін қосымша сабаққа ерекше құлшыныспен келетін болдым. Әсел апай бұрынғысынша тілге, ұлтқа қатысты сөздерін тоқтанқан емес, біз көп сөздерін түсінбесек де әйтеуір тыңдап отырамыз. Бүгін бізге Расул Ғамзатов атты ақынның «Ана тілі» деген бір өлеңін оқып берді. Менің түсінгенім: «ол кісі ұйықтап жатып бір түс көріпті және сол түсінде өзі өліп қалып, қабірдің астында жатыр екен. Бірақ жер бетіндегі адамдардың сөйлегендерін естіп жатыр екен. Аздаған уақыттан соң ол кісі бір екі адамның сөйлегенін естиді және олар ақынның ана тілінде яғни Авар деген тілде сөйлейді. Ана тілінің үнін естіп, бойы жылып тірілгені жайлы айтылады. Өзінің ана тілінің қаншалықты қымбат екені, өз өлеңдерін тек ана тілінде жазатыны туралы айтады» Осы өлең маған ерекше әсер еткендей болды. Бірақ, сабақтан шыға сала жаңа ғана миымда, тілімнің ұшында саусап тұрған өлең жолдарын ұмытып та кеттім. Әйткенмен санамда «ана тілі» -деген бір сөз қайталана берді...
Алақайййй ертең демалыс! Сабақтарымның барлығын оқып бітемін де, мұғалімнен ертерек жіберуін сұраймын. Үйге барып алаңсыз теледидар алдында жатып демалғым келеді. Мен теледидар қарамағалы қай заман. Жазғы демалыстан бері қарамадым десем өтірік емес. Сабақ басталғалы бір нәрсе қарауға да уақыт жоқ, сабақтан шаршап келіп ,кешкі асыңды ішіп ұйқыға жатып қаласың, ертең ертесін тағы сабақ. Осы аралықта теледидар қарауға қайдан уақыт табасың? Бүгін қосымшада еркін жүрдік. Мұғалім де аса қатты ұрса қойған жоқ. Соған қатты есіріп кетсек керек, сөздеріміздің басым бөлігі орысша болды. Қыздар да маған ілесіп аздап орысша сөйлеп жатыр. Айтатын әңгімеміз де, сұраған сұрақтарымыз да орысша. Әсел апай осылар не істейді екен, қай жерге дейін барады екен дегендей үнсіз қарап отыр. Кенет орнынан атып тұрды да:
-Сендерге бүгін қосымша тапсырма беремін, кештеу қайтасыңдар, ата-аналарыңа өзім ескертіп қоямын -деді. Бәрі бірауыздан:
-Тууу, апай неге?, бүгін ерте қайтайықшы!-деп жамырай бастады. Апай сәл жымиды да:
-Бұл сендерге жаза, орысша сөйлегендерің үшін-деді. Бәсе, бағанадан бері неге үнсіз отыр, қалай бірнәрсе айтпай отыр деген едім. Осындай болатынын сезсемші. Маған жаза ретінде екі-үш беттік әңгіме берді. Қазақша дұрыс түсінбейтін маған үш беттік әңгіме өте ауыр. Мен бір беттің өзін түсінуге қиналамын. Дәл мұндай жаза мен үшін ең ауыр жаза. Ал, басқа балаларға бір жыраудың ұзақ толғауын жаттауға берді. «Жырау»- сөзін толық түсінбесем де, оны бұрынғының ақыны болу керек деп ұқтым. Апай:
-Әрқайсыңа өздерің қиналатын тапсырма бердім. Соны орындасаңдар қайтарамын. Барлығыңның есте сақтау қабілеттерің өте нашар, қазір айтқанды он бес минуттан кейін сұрасам ұмытып қаласыңдар, Толғанай, сенен мәтіннің мазмұнын, қандай тәрбиелік мәні бар екенін, автор не айтқысы келгенін сұраймын. Тапсырмаларыңа мұқият болыңдар. Кім тапсырмасын жақсы орындайды соны бірден қайтарамын. «Басқа пәле-тілден» бастарыңа пәлені өздерің тілеп алдыңдар –деді. Сол күні мен өте кеш қайттым.Әкем өзі келіп алып кетті. Қайтар жолда әкеме:
-Әке, мен басқа қосымшаға барайыншы, Әсел апай сабаққа қатысы жоқ көп тапсырмалар береді. Маған үнемі мәтін оқытып қояды-дедім. Әкем:
-Осы апайға барғалы сабағың дұрысталып қалған жоқ па, бұдан жақсы мұғалімді таппайсың- деді. Оның өз ойын енді еш өзгертпейтініне көзім жетті де, бұдан әрі ол тақырыпты қозғамадым.
Екі күндік демалыс зу етіп, демде өте шықты. Кеше ғана жұма сияқты еді, бүгін міне дүйсенбі тағы айналып келіп тұр. Тағы да сол әуресі бітпейтін сабақтар, тапсырмалары көп қосымша.
Бұл жолы сыныптағы балалардан гөрі қосымшадағы балаларды сағындым. Олармен әңгімелескім келді. Қосымшаға асыға келдім. Әкеме сан рет айтып, жылап жүріп, мысық алғанбыз. Сол қуанышымды қыздармен ертерек бөліскім келді. Сырт киімімді шешер-шешпестен мысық алғанымызды, оған «Жесика» -деп ат қойғанымды, қайдан алғанымызды, оның қылықтарын зуылдап айта бастадым. Оларға бәрін-бәрін айтқым келді. Олар да:
-Уау, күшті...
-Маған мамам рұхсат бермейді
-Менде хочу... -деп қуанып жатты. Аздан соң апай:
- Болды, енді орыныңа отыр. Сабақтарыңды аш – деді. Солай үй тапсырмаларын оқуға кірісіп кеттік. Өткен жұмада апай қосымша тапсырма берген кезде сәл ұнатпай қалған едім, тіпті қайта келгім келмеген. Бүгін ол сезімнің бірі де жоқ. Қызық....
Әсел апай үнемі мақалдап сөйлейді. Кейде мақал айтпаса басы ауырады ма деп қаламын. Біздің әрбір іс-әрекетімізге, өзімізді ұстауымызға байланыстырып айтады. Кез-келген тақырыпқа мақал тауып алатынына таңмын.. Бірінің артынан бірін заулата жөнеледі. Сөздерінде ақын-жазушылардың өмір жолынан, Абайдың өлеңдерінен мысал келтіріп жүреді. Тұнып тұрған кітап сияқты...
Біраз сабақтарымызды оқып болған соң, аздап демалуға рұқсат берді. Қыздармен шүйіркелесіп әртүрлі тақырыпта әңгіме де айттық. Тіпті сабаққа қатысты тақырыптарды да айттық. Қазір интернеттен көп тапсырмалардың жауабын тауып алуға, оны оп-оңай көшіре салуға болатыны туралы айттық. Сол кезде мұғалім:
Өзіңе сен өзіңді алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап – деген жолдарды айтты. Бұл өлең Абайдың өлең еді.
-Интернеттегі білім сендердің білімдерің емес, ол жердегі көп материалдарды сендер сияқты оқушылар салған, бірі дұрыс болса бірі дұрыс емес. Дұрыс болған күннің өзінде де өздерің біліп орындағанға жетпейді-деді.
Апайдың сөзімен іштей келістім. Негізі Әсел ұстаз ұзақтау өлең оқыған еді, бірақ менің есімде қалғаны тек осы жолдар ғана.
Бүгін қосымшада бір-екі рет орысша сөйледім. «Апай тағы жаза қолданатын болды, екі сағат мәтін оқитын шығармын»- деп қорыққан едім, ол үндемеді. Өзге балалар да арагідік орысша сөздер араластырыр сөйлеп жатты, мұғалім оған да үндемеді. Апай үнемі «паразит» сөздерді қолданбаңдар дейтін еді, ұлдар «уже, кароче, после, че?, как, круто» деген сөздерді араластырып сөйлеп отыр. Менде біраз орысыша қосып сөйлесіп отырдым. Бірақ, Әсел апай тағы да үндемеді. Бір кезде шыдай алмай:
-Апай біз орысша сөйлеп қойдық, бізге енді қосымша тапсырма бересізбе тағы –дедім. Өзгелері:
-Неге олай деп жатырсың?
-Тыныш отырсай-дейді.
-Қатырады екенсің-деп жатты.
Апай жай ғана жымиды да қойды. Ол бағанадан бері біздің аралас сөйлеп отырғанымызды естімеді деп ойламаймын. Мұғалім бәрін де естіп отыр. Бірақ неге естісе де естімегендей сыңай танытты? Неге олай жасады екен деп мен аң-таң болдым.
Арқаға нағыз қыс келді. Желтоқсанның үші. Далада қар борап тұр. Бірақ күн жылы. Тек мына қар көздерімнің алдын тұмшалап, дұрыс жүргізбей келеді. Қосымша мен мектептің арасы алты минуттық жер. Сол алты минутты он бес минуттай жүрген шығармын. Қосымшаға кешігіп келдім. Келсем, балалар мен апай қызықты әңгіме айтып жатыр екен. Ол адам санасы туралы.
- Біз қалаған кезімізде отырып-тұра аламыз, қолымызды көтергіміз келсе көтере аламыз, басымызды бұрғымыз келсе де бұра аламыз. Өйткені, ол біздің дене бөлшегіміз. Ол біреудікі емес өзіміздікі. Оны сана арқылы басқарамыз –дейді. Тағы сәл отырды да:
- Ал енді мына миымыз да біздің басымыздың ішінде, ол да біздің дене бөлшегіміз сияқты. Дене бөлшегімізді қалай басқарсақ, миымызды да солай басқаруымыз керек.
- «Қолымнан келеді, мен жасай аламын, бәрі менің қалауымдай болады»- деп сендірсең солай болады да. Сен біреудің миын басқара алмауың мүмкін, өйткені, ол біреудің басының ішінде, ал сенің миың сенің басыңның ішіндеғой, сен оны басқаруды үйренуің керек-дейді.
Шынымен де мен кейде мәтінді түсінбей жатсам, ішімнен «мен оп-оңай түсініп аламын, бұл қиын мәтін емес»-деп кемінде бес рет қайталаймын, өзгелерді білмедім осыдан кейін маған мәтінді түсіну әлдеқайда жеңілдеу түседі. Бұл да Әсел апайдың үйреткен бір тәсілі. Әлде мен соған жай ғана сенгім келді ме білмеймін, әйтеуір мәтінді түсінбей жатсам осы әдісті жиі қолданамын.
Қысқы демалыс та жақындады. Бір аптадан соң қысқы демалысқа шығамыз. Мен аса ынтызарлықпен күтіп жүрмін. Өйткені он күн бойы анамның қасында боламын. Анаммен қыдырып. Әңгімелесеміз, бірге жүріп дүкен де аралаймыз. Демалысым қызықты өтетініне сенімдімін. Мұғалім де бізді демалысты сезінсін деді ме, осы бейсенбі театрға алып баратын болды. Тек қазақша қойылымға баратын болдық. Дәл осы қойылым екі тілде қойылады екен. Бірақ Әсел апай:
- қазақша қойылымына барасыңдар - деп тұрып алды.
-апай, біз дұрыс түсінбей қаламызғой-дегенімізге қараған жоқ.
Мен бұрын соңды театрға барып көрген емеспін, маған бұл қызық болды. Оның аурасы мүлдем бөлек болады екен. Мен кинотеатрға көп барып тұрамын, бірақ бұл онымен салыстыруға да келмейді. Мұндағы мәдениет мүлдем басқа екен.
-Тіпті театрға дұрыс киініп барудың өзі ішкі мәдениетті қалыптастырады - дейді ұстаз.
Қойылым қазақ тілінде болғанымен маған өте қызықты әрі түсінікті болды. Кейбір түсінбеген сөздерімді сабақтағыдай апайдан сұрап та отырдым.Қойылымнан шыққаннан кейін алған әсерімізбен балалармен жарыса айтып жаттық. Өте көңілді болды.
Фильм қарап жатқанда тез таусылып қалатын мегабайт сияқты он күндік демалыс та екі күн сияқты өте шықты. Қалай тез өтіп кеткенін аңғармай да қалдым. Ертең қайта сабақ.
Қой, оданда далаға шығып жақсылап ойнап алайын. Осы шыққаннан үйге кешкі бестер шамасында бір-ақ кірдім. Тағы біраз ойнай тұрар ма едім, Даша жыныма тимегенде. Даша көрші аулада тұрады. Екеуміз екі жылдан бері доспыз. Үнемі бірге ойнаймыз. Осында алғаш көшіп келген сәттен бастап, менімен бірден араласып кеткен сол ғана. Мен қосымшаға барғалы ойнауды да қойғанмын. Оған уақытта жоқ. Дашамен де ойнауға уақыт таппаймын. Осылай жүргенде арамыз суып кетсе керек, ол мені суық қабылдады. Басқа балалармен бірге ойнап жүрсек:
-Өз аулаларыңда ойнаңдар, бұл біздің ауламыз, біздің жеріміз –дейді. Жанымда тұрған Елдос та:
-Бұл ауланы сендер сатып алған жоқсыңдар, сондықтан біз де ойнаймыз-деп оның өзінен асырып айқайлады. Даша оны тыңдай қойсын ба, онан сайын ашулана түсіп:
- Әже, мына балалар біздің аулада емес, басқа аулада тұрады, бізге келіп бөгет болып жатыр-деп әжесіне қарай жүгірді. Аздан соң әжесі айқайлап:
-Ей, сендер барып өз аулаларыңда ойнаңдар, бұл біздің жер-деді. Мен қатты ашуға булығып кеттім де не айтарымды білмей:
-Бұл біздің жер. Қазақтың жері. Қазақстан тек қазақтың жері- деп айқайладым. Дашаның әжесі:
-Сен не деп көкіп тұрсың, қазақ болсаң алдымен қазақша сөйлеп үйреніп ал-деп ұрысты да:
-Балалардың мазасын қашырмай өз аулаларыңа барып ойнаңдар-деді.
Әрине, бұл сөздердің бәрін де біз орысша айттық. Ашудан қатты сөйлеп кетсем керек, бір қазақ әжей:
-Ей, қыз, неге үлкен кісілермен дауласып тұрсың?-деп зекіді. Мен ол кісі сөзге араласқанда мені қорғаштайды екен десем, керісінше ол өзіме қарай ұрсып берді. Содан ызаланып, көзіме жас тығылып үйге келдім. Келсем, әкем жұмыстан әлі келмепті. Өз бөлмеме кірдім де солқылдап тоқтамай жылай бердім. Сол жерде мені қорғайтын бір адам болсашы, «Әсел апай болғанда мені басынғандардың бәріне айтар бір жауап табар еді»- деп те жыладым. Осы сәтте неге Әсел мұғалімді ойлағанымды өзім де білмеймін.
Мұғалімнің неге «қазақша сөйлеңдер, елдің болашағы сендер» дей беретінін енді ұққандаймын. Апайдың айтқан әрбір сөзінің байыбына бармай жүргенімізді түсіндім. «Қасыңда тұрған таудың биіктігі байқалмайды»-дейді. Біз де апайдың сөздерінің орны бар екенін ұқпай жүр екенбіз. Мен «қазақша сайрап тұрсам, ана орыстар менің бетіме қазақша дұрыс сөйлей алмайтынымды баспас па еді»-деген де ой келді. Осы түннен бастап өзіме: -«Осыдан қара да тұрыңдар мен қазақ тілінде, өзімнің ана тілімде еркін сөйлейтін, еркін жазатын боламын. Қазақ тілді жазушы болып шықпасам қарап тұрыңдарш»- деп өзіме серт бердім. Бұл бір сәттік сезімнің әсері ме әлде шынымен солай шештім бе бәрі де болашақтың еншісінде.
Ертесіне қосымшаға қатты асыға келдім. Барлығымен біраз шүйіркелесіп, демалыста болған қызықты оқиғаларды айтып сабақты бастап та кеттік. Біздің қатарымызға жаңадан Амир есімді ұл бала қосылыпты. Оның көз қарасынан, сөйлесінен тап бір алты ай бұрынғы өзімді көргендей болдым. Бірақ Әсел апайдың Амирді де біраз қолға алатынына сенімді едім.