Главная
/
Блоги
/
ПОЭЗИЯ
/
СӘБЕТАЙ СЫПАТАЙ: ДЕРЕК толғауы

СӘБЕТАЙ СЫПАТАЙ: ДЕРЕК толғауы

31.05.2026 22

СӘБЕТАЙ СЫПАТАЙ:

          ДЕРЕК
(Лирикалық толғау)

    (90 -шы жылдардағы        тоқырау кезеңінде жазылған,
келер Ұрпаққа - ескерткіш)

1.

Мазалап тұр бүгінгі күнкешқұрым, 
Тағы біреу танытты білместігін. 
Алматыны бір шайып алар ма еді, 
Алатаудан құлатып жыр көшкінін.

Биік едім, мықты едім, ерікті едім, 
Жо-жоқ, әлі тірліктен зерікпедім. 
Бұ жайында ескерткен-тұғын маған, 

Түйсігіме түнеген көріпкелім.

Әулие емен немесе шешен емен, 
«Адам бол» деп тұрады көсем өлең. 
Әйтеуір бір жайсыздық шығатыны, 
Белгілі жай мен үшін бесенеден.

Қосақтап қойды тағдыр өлең-сөзбен, 
Өзімнің де қайтқым жоқ сол өлшемнен.
 Ерте ме кеш онан да арыламын, 
Қыр соңымнан қалмайтын көлеңкемнен.

Мендік арман шындыққа құмар арман. 
Аулақпын кім-кімді де кінәлаудан. 
Нені істесең оны істе еріктісің, 
Ерте ме кеш сол ісің шығады алдын.

Жұртым қалмай барады сөз өтерлік,
Жұлдызым бар әйтеуір, тәу етерлік. 
Тынысым сол, ықтимал нұр игеру. 
Жұмысы сол, ықтияр дәнекерлік

Құдірет жоқ мен үшін Хақтан ізгі! 
Ой-ниетпен игердім хас жауызды. 
Таратылып барады тағдыр жолым, 
Ширатылып...
ұшатын оқ тәрізді!

2. 

Алматы. Вокзал маңы. Намаздыгер. 
- Жүгір дос, жұмыс болса қарап жібер. 
Жалған намыс дегенді сылып таста, 
Тірлік ет, кім бар дейсің саған күлер!

Бірі келген Кегейлі даласынан, 
Біреуі сол өзбектің арасынан. 
Құмырсқадай құжынап ағылған ел, 
Бақ іздеп жүр алманың қаласынан.

Біреуі жүр тіршілік түнегінде, 
Қара нардың жүгі жүр біреуінде. 
Қазақ болсаң Отаның Ұлы дала, 
Өкпелейтін жөнің жоқ бұл өмірге.

Бөлісіп жеп тапқанын қара нанын, 
Малтабарын артып жүр, «ала қабын», 
Алтай менен Қызылжар мына жағың, 
Атырау мен Ресей ана жағың.

Бар еді ғой «Елім-ай» бір-ақ әнің, 
Көбейіп барады-ау тым құдаларың. 
Еуропа, кұрама ана жағың, Ұлы Қытай қорғаны мына жағың.

Тойып алған бір қазақ оттап отыр: 
Қыз керек, қымыз керек ақша нөпір! 
Бір келіншек бүгінде миллионер, 
Бір арудың ауылы Тақтакөпір!

Бірі қалған ауылда ана бағып, 
Бірі кеткен шаңырақ бала қалып. 
Қырып кете жаздады кеше бірі, 
Қазак дейді туылған жаңаланып.

Анауы жүр, қайыршы нан сұраған, 
Мынауы жүр, шалдығып сансыраған. 
Мына халық қай халық, қандай халық, 
Жанарынан мұң-қайғы тамшылаған?..

Азабы тұр арылмай еңсесінен, 
Көз жазып қалған ба әлде серкесінен.
 Қаншама қалың пұшпақ болса-дағы, 
Сорына батып жатыр белшесінен.

Келіспей жүргені бар Тәңірімен, 

Ұшты-күйлі замана ағымымен.

 ...Бүгін тағы бір пақыр пайда болды,
 Кеше ғана бірінен арылып ем.

Неғып жүрсің ақыным, кімге сеніп?.. 
Нарықсыз өмір наркын білмес едік.
Ата-бабам Отанын қорғап қалған, 
Қар жастанып жүріп-ақ, мұз төсеніп...

..Көргем, білем бақыттың бағалысын, 
Тауды қозғап кететін кара күшім. 
Өзіме де обал жок іздеп жүріп, 
Тауып алған аққудың жаралысын!.

3.

Жаз өтті, қуаң тартып жасыл бағы, 

Дос-дұшпаным көбейді қасымдағы. 
Арыстаным қайда жүр, ар-намысым, 
Бақыт құсым қайда жүр басымдағы.?

Өтіп келем сан алуан сергелдеңнен, 
Не болса да күн жақсы елмен көрген. 
Әлі де сабасына түсер емес, 
Дауылдарды тілгілеп көрген кеудем!

Жағып едім өртеңге нұрмен шынар, 
Тағып едім ботама, жырмен тұмар! 
Бармағалы көп болды Айдана қыз, 
«Көкем қашан келер» деп жүрген шығар.

Мен жүрмін қазақы жыр өлшемінде, 
Жеті қабат, жер асты мөлшерінде. ...
Нем бар еді бұлардың өнерінде, 
Басқашалап айтқанда, ертеңінде?

Шаруам не, бұлардың шаруасында, 
Өрлеп, өршіп өсіп ем тау басында.
 Нем бар еді бұ жұрттың тағдырыда? 
Өзгешелеп айтқанда, кармасында.

Ат ізін салғаным жоқ ауылыма, 
Жуынбадым таудың ақ жауынына.
Арман-тауды сағындым алыстағы, 

Жатырқамай басатын бауырына.

4

Жұмыссыздар ішінде, биржадамын... 
Сен кім едін әрірек тұр, карағым! 
Анау-мынау адаммен сөйлеспейді, 
Өмірдің наркын білген мырзаларың.

Сенсіз-дағы ай аман, күн керемет, 
Ақынсыз да ақша бұлт жүзген ерек,
 Білегіңді сыбанып, тірлік істе, 
Өлең дейді, «өксігің» кімге керек?

Ақынмын деп мақтанып, далбаңдама,
 Қиын боп тұр күнкөріс арланға да,
 Онан да бар, «Семейдің суын» әкел, 
Немісшелеп ішеміз аздан ғана.

Татып алып отырмыз аздан ғана: 
Ал, сөйле, таудан келген аңғал бала. 
Сенсіз де еніп-өскен ауылданбыз, 
Үкіміз жоқ тағатын әр жорғағa

Қадірің жоқ алашқа, Албанға да ,
Міне, менің адамым «қанішерім, 
Илікпейтін кұдайға, хандарға да

Бола қоймас орынсыз кіріккенің,
Күнің осы боларын біліп пе едің?
Көз адыңда шетінен сынып жатыр,
 Отаныңды қорғайтын жігіттерің.

Сөз сөйлейсің жамылып қазақ атын, 
Қайда сенің өнерің – ғаламатың?
Анауыңның тірлігі «қатын аулау», 
Мынау отыр «тойып ап» азаматың.

Сөйле, бала, арыған атың неден, 
Жүргенің жөн жүнжімей ақылменен. 
Тірлігіңде ат айда, арба сүйре, 
Өлгеннен соң өседі, ақын деген.

- Менде де бар, сенде бар кезекті сын, 
Тәңір өзі береді себеп күшін. 
Бір кеме жер-ананың перзентіміз, 
Немене, бас сауғала демекпісің.

Әркім-ақ ойлау керек ғалам қамын, 
Қажет кезде дауала, адам жанын! 
Ұлы далаң уланып жатқан шақта, 
Кімге керек шет жүріп тазарғаның?

Жалпаңдай бер деймісің жағалыға, 
Ой түзеп өсіп келем заманыма. 
Әкем де адам затын бөлген емес, 
Жақсысы да соныкі, жаманы да.

Анам да ел-жұртымен өніп-өскен,
 Қауым елге көңілін бөліп өскен. 
Қаным сөйдеп тұрғанда неғыл дейсің, 
Қалдырмақ ойың бар ма мені көштен?!

Мұңын кештім, тау-тастың, сай-саланың, 
Өзім де бірмінезді бейшарамын. 
Мендік тірлік бақ пенен сорды игеру, 
Қатындардың сөзі ғой: «дей саламын».

- Әй, ақыным аңқылдап, далбандама,
 Сенікі бос қиял ғой, арман ғана! 
Білемісің?.. 
Білем ғой, білем-білем, 

Төрешіміз - ғарыштық бағдарлама!

5.

- Сен қайдансың?..
- Шонжыдан.
- Ұйғырмысың,
Бұ жақта неғып жүрсің бұлбұл құсым.?
Былай шығып қыздарға қырындайсың, 
Шарапқа да жетіп тұр кұрғыр күшің...

Ол рас, ауылымнан алыстадым, 
Сана-сезім сөйдеді «данышпаным». 
Кекке айналып бара ма өртке айналып, 
Лаулап жатыр әйтеуір намыс-жалын.

Ас дегенің дәмді ғой, иесімен, 
Сөз қандай ағылғанда жүйесімен.
 - Негізім Қожбанбеттің Қосқұлағы, 
Мына тармақ Бұғының киесінен.

Албан білген Бәтжанның баласымын, 
Әрілесем үйсін бар дара шыңым. 
Алатаудың бер жағы ұлы дала, 
Арғы жағы нағашым жанашырым!

Өмір деген шығыршық айналмалы, 
Қайда қалмас жігіттің жайған малы. 
«Адам бол» деп жатады «аман бол» деп, 
Мені тапқан - Таубалды Мейрамханы!

Өренімін өр елдің, өнерлі елдің, 
Ұшпаққа шығып еді өлеңмен кім? 
Жұлдыздар әлемінің қаңғыбасы, 
Сәбетай Сыпатаев деген, менмін!

Қағылез тағдырым бар дала кезген, 
Өлең-сөзге кұмармын бала кезден. 
Ақсүнкардың Серігі: 

«Мынау ақын  Шекспирдің өзі» деп баға берген.

Гүлдендіріп келемін бұл өмірді, 
Жаркылдатып жіберем түнегіңді. 
Қазақ деген халыққа бөліп бергем, 
Бір аруды сүйетін жүрегімді.

- Әй, сен өйтіп, асқақтап сөз қозғама, 
Иығына, ілгенін дорбаң ғана!.. 
«Есектің артын жуып пұл тап», - деген,
 Сөйлей берсін «жетілмей» қалған бала.

Өзім тауып келемін өз жолымды, 
Өзім ашып келемін өз көгімді. 
Қылкөпірдің үстінде бара жатып, 
Соңғы жауға арнаймын соңғы оғымды!..

6.

Алматы. Түс қайтқан шақ. Базар маңы.
Қайнап тұр сауда-тірлік қазандағы. 
Есі кетіп дүние қуған халық, 
Әркімдікі өзінде өз арманы.

Бірінде жүр өзіндік ой, жобасы,
Қалған алыс үй-жайы, қой қорасы. 
...Азан-қазан тіршілік, айқай да шу, 

Талтаң-талтаң басады бай баласы.

...Ойында жүр бірінің арамдығы, 
Бойында жүр бірінің надандығы. 
Біреуісі төбелес чемпионы, 

«Адам ату» бірінің мамандығы.

Бірісі өсіп-өркендеп өсиеттен,
Бірісі жүр, ұрлықты кәсіп еткен. 
Бірінікі кұпия ілім-білім, 

Тағы бірі, сыйлы елге қасиетпен.

Айуаның да бар мұнда адамың да, 

Осы арада күнәң да, сауабың да. 
«Өз обалың өзіңе, өзіңнен көр»,
 Базар осы, тоғыз жол торабында.

«Қаратаудың басынан көш келеді, 
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді». 
...Бүгінгінің қазағы жаңа қазақ. 
Керек етіп тұрған жоқ ештеңені?!.

Кім бар жеңген казақтың білместігін, 
Қызғанышын әйтпесе күндестігін. 
Мына дала бәрібір тазармайды, 
Қалай салсаң олай сал жыр көшкінін.

...Біреуі тұр, кәдімгі байлауда тұр, 
Біреуінің жағасы жайлауда жүр. 
Елпең-елпең елі бар казағыңа. 
Не дайындап жатырсың қайран дәуір?..

Елгезекпіз бәрін де құп аламыз, 
«Халық байып жатыр» деп қуанамыз. 
Жана қазақ Отанын «сатып» жатыр, 
Мен айтпайын о жағын сұрамаңыз.

Бірі кетті жат жұрттың дініне еріп, 
Біреуі айға шаппақшы іріленіп. 
Менмендіктің мекені қара құрдым, 
Мәңгілігі жататын күңіреніп.

Біреуі мәз бір күндік шырқауына, 
Сынығы да өзінде сылтауы да.
Дәстүрінен қол үзген жетімектер, 
Не калдырмақ ертеңгі ұрпағына?

Перзент ем ізгілікті армандаған, 
Бәрін жұтып алмақ па жалған заман. 

Қаламсабым қайда тұр, қағаз қайда, 
Қорамсағым қайда тұр, жауға арнаған?!.

7. 

Шуатылып шуағы таң нұрымен, 
Көктем көшіп барады жаңбырымен. 
...Мына халық қай халық, қандай халық, 
Ойнап жүрген Жер-ана тағдырымен?!

Арман шыңын іздедім ойдан-қырдан, 
Елден кетсем кеткенім қайран жырдан!.. 
Қандай тағдыр, қайсы жұт, қай кұдірет,
 Мыналарды жартылай айуан қылған?!

Тарихтан қалар дейсің шеткері кім, 
Есінде ме аңызың естелігің. 
Мына жұртым жыртқыштық жағын алып, 

Мейірімін ұмытқан Көкбөрінің!..

Пері де жүр, дию жүр арасында, 
Дайын тұр тартысуға, таласуға. 
Үш бөлініп, сонан соң сан бөлініп, 
Шыға келер бірдемнің арасында.

Шырылдатып, шыңғыртып қайманаңды, 
Оны жау да, дұшпан да пайдаланды. 
«Ынтымағым - ырысым» деген сөзің, 
Кімге айтылды жұртым-ау, қайда қалды?!.

Қай толқынмен шайылып кетті Ғұның, 
Қайда қалды кешегі Көк-тұғырың?
Мыналарың ананы-мынаны алып, 

Жойып жатыр өзінің тектілігін?

Қан қысымы соқты кеп жанарыма, 
Кұрып кетсін өлеңі, қағазы да, 
Әбен аға өнеге етіп еді. 

Барғаным жөн жұманың намазына.

...Түн ортасын өткердім. Таң ағарды. 
Күн шықты, шашып төгіп сан алауды. 
Кім бар кешкен, мен кешкен тіршілікті,
 Кім бар басқан, мен тұрған жағалауды?!

...Қазақ тұрды, қол созды гүл өмірге, 
Реніш жоқ бірінің түр-өңінде.
 Қайтем қаракөздерді, аман болсын, 
Жүрсе болды Отаны жүрегінде!

2002 жыл

Оставить комментарий: