Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов

Блоги

21.08.2019
6015

Шөл

 
 – Шіркін, Алматының таңғы ауасы-ай, – деді ішкі сарайы ашылғандай. Магазин, базар, шаштараз сияқты керекті нәрселер орналасқан жер үйден онша алыс емес еді. Қатарлай салынған бес қабатты бірнеше үйлерді артқа тастаған соң, аялдамаға таяу орналасқан баяғы шарап сататын дүкенге келді. Кешегі ішкіліктен басы ауырғандар дүкеннің ашылуын күтіп, осы маңайда жүр. Дүкен жабық тұрғасын Қорған базарға бұрылды. Базар сөрелері әлі қаңырап бос тұр. Саудагерлер әлі келмепті. Бет-аузын шаң кірмесін деп орамалмен таңып алған денелі орыс әйелі тротуарды сыпырып, артынан будақ-будақ шаң көтеріп жүр. Оған бұның не дейтін ешкім жоқ, сібірткі мен шаңды көрген жұрт анадайдан айналып кетіп жатыр. Қорған Әпсеметті іздеп еді, әлі келмепті. Оның көршісі келіп, сататын заттарын шығарып, сөреге жинастырып жатыр екен. Жақын таяп келген Қорған ағашқа сүйеніп тұрды да қысқа амандықтан кейін қарызға ақша сұрап алды. 
 

Қорған бейшара болғанды жек көретін. Бірақ бұның баяғыда кім болғанын жұрттың бәрі біледі. Қандай жігіт еді. Толқынды қара шашын тарап, өріп, жымиып пәк күлкісімен үйіріп алатын Жамал кеткелі кербез сәнқойлық Қорғаннан мүлде қалған. Мен кімге сәнденемін дейтін болды. Сол қайғыдан кейін кіші ұлы орыстан әйел алып, екі жылға жетпей онысынан ажырағанда:
 

– Балам, – деген Қорған көп нәрсені әлі анықтап білмесе де іштен сезетін күймен. – Мен саған жазғырып ұрыспаймын. Сені орыс қып, орыс мектебіне беріп, тәрбиелеген өзім едім. Енді үйленер болсаң, ауыл тәрбиесін көрген, ата-анасы бар, тәуір адамның қызын ал. – Содан бері қаншама уақыт өтті. Ұлым үйленеді, немере сүйіп, алданыш етем деген үміті көмескі тартып, алыстап барады.

 

 

*   *   *
     
 

 

Алагеуім уақытта шөлдеп оянды. Пердесіз терезеден жел тербеген зәулім теректің жапырақтары бұлғаңдады. Таң атып келе ме, кеш батып бара ма белгісіз. Сосын кешкісін Әпсемет деген саудагер жігітпен етік жөндейтін шеберхананың алдында әңгімелесіп ұзақ отырғаны есіне түсті. Ол уақыт көзіне біресе қараңғы түн болып, біресе таң енді атып келе жатқандай болып елестеді. Содан анықтап есін біле алмай ұзақ жатты. Ақыры, бір кезде жүруге күші болмай сүйретіле басқан бұны Әпсеметтің қараңғы подьезге жетектеп кіргені еміс-еміс есіне түсті. Баспалдақтың жиегінен ұстап, ананың демеуімен, ақырын жүріп, үшінші қабатқа әрең көтерілген. Есікті өзі ашса да, иен тұрған екі бөлмелі үйге көз салып, Әпсемет ішке кірген соң да әрнені сұрап, қасында бірталай отырып еді. Ұйықтап біраз тыңайып қалыпты. Демек, қазір таң атып келе жатыр деп ойлады. Базарда көше жарығы сөнген бетте әлдекім: – Сағат он бір болды, – деп дауыстаған. Айнала қап-қараңғы еді. Тек балауыз шамдарын жағып алған саудагерлер ғана түн ортасы ауғанша үйлеріне қайтпады. Бұл уақытта Қорған түнгі салқыннан бүрісіп, тепкішекте қалғып отырған. Үсті-басы шаң. Түрі көшеде түнеп жүрген үйі жоқ қаңғыбастарға ұқсайды. Суық таста көп отырған екен, белі ауырып орнынан зорға көтерілді. Мастықтан ба, шаршағаннан ба, тәлтіректеп жығыла жаздады. Базардағылар дабырлап, үйге қайтуға заттарын жинастыра бастаған. Әпсемет мұны қолтығынан демеп, ағаш арасындағы бұралаң жолдармен үйге қарай әкеле жатты. Қараңғы көшелер тыныштыққа бұйығып алған. Бейсауат жүрістер  аз. Жұмыстан әлдеқалай кеш қайтқан бірен-саран жүргіншілер, не көліктер болмаса, қала үйлері шамдарын сөндіріп, әлдеқашан ұйықтап қалған. «Бүгін сәуірдің сегізі, – деп ойлады шал диванда жатқан күйі. – Ұлымның кеткеніне бір жұма. Аман болса, енді екі-үш күнде келеді. Бірер аптада күн жылынып, оңтүстіктің көктемі өз күшіне енеді. Маңайдың бәрі жасыл жапыраққа малынып, құлпырып, жеміс ағаштары гүлдейді. Ауадан алуан түрлі жұпар шашқан хош иісті шөп пен гүлдердің әсері қандай десеңші. Алдыда әлі жаз бар». Қорған ақырындап денесін қозғап еді, белі сырқырағандай болды. Өстіп қозғалмай жата берсе, әбден шаршап жүрген бойы соны тілегендей.

 

 

*   *   *

 

 

Кешегі күн бей-берекет өткен. Күндегіше ерте тұрып, шарап сататын лавканың алдына барды. Көптен күткен біреу кезігетіндей сол маңда жүрді де қойды. Бұрыш-бұрыштан басы ауырған ақшасы жоқ қаңғыбастар, осы көшенің ішкіштері, жұмысы жоқ, не істерін білмей жүрген қолы бостар жиылып, әр жерде әңгіме айтып, өткен-кеткен таныстарынан бірдеңе алып қалып тұр. Қорғанның қалтасынан бірер стақан шарапқа жететін ақша үзілмеуші еді. Сондықтан кәнігі ішкіштер тәрізді әркімге емініп жүрмейді. Бірер стақан арзан шарап ішкен соң бойы балқып, денесіне қызу кіргенше оңашалау жердегі тасқа, немесе бетон шарбаққа барып отырады, астына қолына ұстап жүретін жарнама газетін төсейді. Бұл жердегілердің көбі Қорғанға ескіден таныс. Біразы ішетінін тез ішіп, қайтып кетеді. Кейбірі ақша біткенше жүреді. Ақша болмаса да таныс біреулердің жанында жүріп күнелтетіндер бар. Қорған мұнда әңгімелесетін адам іздеп, жалғызсырағанда келуші еді. Шараптарын бөліп ішіп, көгалда даурығып әңгіме соғып отырғандарды тыңдау бір қызық. Осында келіп жүргенде кезіккен ескі таныстары жолықты. Кеңірек отырып спорт жөнінде, кешегі өткен той, бала-шаға, немерелер туралы әңгімелесті. Қала шетінде көтерме жұмыста жүрген екі-үш жігіт өздері жомарт әрі адамға үйірсек екен. Шалдың бар жағдайын сұрап алып біреуі: – балаңыз нашарлау екен, өзі үйі болып, бір далада қаңғу деген не, қу ақшаның соңынан кім жеткен, одан да осы маңнан бірдеңе істеп, сізге қарау керек қой, – деп еді, екіншісі; – Сен үлкен адамды сыйла, ақыл айтпа, – деп Қорғанмен де қалжыңдасып отырды. Өздері екі-үш күнге демалыс алыпты. Көгалда отырып күнұзақ сыра сілтеді. Тұзға қақталған балықпен ішілген сыра ішкен сайын дәмі кіре берді. Әдетте Қорған біраз отырған соң қайтып кетуші еді. Бұ жолы ұзақ отырды. Осы ара – қала шетіндегі елеусіз бір шұңқыр. Жеміс-жидек сататын әйнектен салынған магазиннің сырты қалың ағаш. Сол ағаштың арасында «Надяның күркесі» тұр. Көктем шыққалы ол да үйге баруды қойған. Байғұс, ішіп кетті. Бухгалтер болып пенсияға шыққан, жеміс-жидек базарында сауда істеуші еді. Күн көтеріле, ұйқысын қандырып алып, үнемі музыка ойнап тұратын, дыбыс жазатын киоскіге келіп, ал кеп билейді дерсің алдында. Бір сағат, екі сағат, үш сағат билейді. Шаршаса базарға кіріп, саудагерлерден қарызға ақша жинап шығады. Біраз үзілістен кейін ұзын көйлегі жер сызып, музыка ырғағымен шаршағанша билейді. Қолдарын ербеңдетіп, иығын қозғап, қатып қалған денесін өзінше мың бұралтып, өзін-өзі ұмытып, беріле билейді. Алда-жалда музыка үзіліп қалса, дүңгіршекте отырғандарға: – Давай, ананы қой, давай, мынаны қой, – деп бұйырады. Би біткенде киоскіні айнала беріп, шарап сататын жапсырма үйге терезеден үңіліп, «шарап» деп айқайлайды. Танитын адамдар, жасы да, кәрісі де «рэкет келді» деп күледі бұған. Ол кекесінге Надя ашуланбайды. Аузында бір тіс жоқ.
 

«Мен де содан кем емеспін, – деді шал іштей, – мен де ішкішпін. Ешкімге тиіспеймін, ұрлық істемеймін. Бірақ, тоқтауы жоқ, ішкішпін. Өйткені қолым бос. Екі-үш күнде ұлым келеді. Коммерсант болған соң ақша көп. Сонда елден алған барлық қарызымнан құтылып, сап тыйыламын». Жалғыз адамға күн өтпейді. Шал орнында жата-жата жалығып, сүйретіліп жуынатын бөлмеге келді. Ванна ішінде кірлеген орамалдар, көйлек, іш киімдер жатыр. Жуынатын сабын әлдеқашан біткен. Тіс тазалайтын ескі щетка сабын салғышта тұр. Кранды әрең бұрап, су ағызды. Суық сумен асықпай жуынып, айнаға қарады. Өз түрі өзіне біртүрлі аянышты, дәрменсіз көрініп, басы қалтақтап кетті. Есікте ілулі тұрған сұр көйлектің етегіне беті-қолын сүртті. Үрпиіп тұрған желке шашын алақанымен сипалап жатқызды. Төбесінде шаш қалмаған. Желке шашы ешкінің түбіт жүніндей ұйпа-тұйпа. Шалбарының шаңын балконға шығып, сілкілеп қаққан болды. Қолдары дір-дір етеді. Әрі-бері жүргенге жүрегі айнып, құсқысы келді. Көйлегі тағы кірлеген екен. Тазалау біреуін алып киді. Үтік көрмеген мыж-мыж көйлек денесіне тар сияқтанды. Тойып тамақ ішпегелі неше күндей өтіпті. Екі күн бұрын баяғыда тресте құрылыс мастері боп істеген таныс жігіт кезікті. Екеуі асханада әңгіме соғып түс ауғанша отырды. Қорғанды ұмытпапты. Сол кезде жап-жас бала еді. Жаңадан оқу бітіріп, Қорғанның қол астына жұмысқа келген. Қорған онда құрылыс инженері, трест бастығының орынбасары еді. Өткен күндерді жас жігіт ұмытпапты. Өзі тіптен жомарт болып шықты. Үйіне қонаққа шақырып, бұл келіспеген соң қалтасынан 2000 теңге алып ұсынды. Шал алмады. Ақша ұсынған қолын кері қайырып: – Рахмет інім, саған қарыз боп қайтем. Азғана, 200 теңге берсең болады, – деді.

 

Тоңазытқыш үстінде тұрған радионың құлағын бұрап еді, сағат таңғы жетіні соқты. Қорған сыртқы есікті жабатын кілтті іздеді. Шарап сататын терезе әлі ашылған жоқ. Асхананың ашылуына да әлі бір сағат бар. Сөйтсе де Қорған таза ауада жүре тұрмақ болып, есік алдына шықты. Бұл кезде подьезде де, көшеде де, кіріп-шыққан, әрі-бері жұмысқа, балабақшаға баласын жетектеген адамдар көбейе бастаған. Ешкімге бөгет болмайын дегендей, есік алдында теңселіп біраз жүрді. Түсі қарайып, еріндері кезеріп, көздері жалынышты боп көрінеді.
 

Таң атты. Көшеде абыр-сабыр үдей түсті. Қала ұйқыдан оянып, күнделікті, ырғақты тіршілігіне көшті. Адам толы автобустар арлы-берлі ағылып, көшеде жеңіл машиналар көбейді. Қорған ілбіп басып, тратуармен жоғары қарай, тау жаққа өрлеп үйреншікті жерге келе жатты.


Поделиться:      
Оставить комментарий: