Сегодня день рождения у
Никто не пишет литературу для гордости, она рождается от характера, она также выполняет потребности нации...
Ахмет Байтурсынов
Главная
Блоги
ПРОЗА
Суретші Субато және оның немересі туралы хикая

Блоги

07.04.2020
4928

Суретші Субато және оның немересі туралы хикая

ӘЛЕМ БАЛАЛАРЫ КІТАБЫНАН

 

Асхад Мухтор.  Суретші Субанто және оның немересі туралы хикая

 

Құрметті балалар! Алдымен сендерге бечактың не екенін түсіндіріп өтейін. Ол – үш  дөңгелекті велосипед. Жакарта қала транспортының негізгі түрлерінің бірі. Бечактың үстінде екі кісілік шатырлы орын болып, ерде отырған кісі бечакты тура велосипед сияқты жүргізіп кете береді.

 

Бечакты көбіне жас балалар айдайды. Олар арбаларына түрлі-түсті суреттер салып, «сона», «сайтан», «қылыш», «бүркіт» деген сияқты қызық-қызық аттар тауып қояды.

 

Қалада екі жүз мың бечак болса, олардың бір-біріне ұқсамайтын екі жүз мың атауы бар. Қанатындағы суреті де, атауы да бір-біріне ұқсамауы керек.

 

Мен Мардека алаңынан өте бере бечактардың тұрақжайына кез келдім. Бечак иелері өңшең балалар екен. Олар айқайлап-шулап жолаушыларды өздеріне қаратуға тырысатын.

 

Кенеттен бір бечактың атауы көзіме ыстық көрінді. Дөңгелектерінің көк қанатына қызыл бояумен «Спутник» деп жазып қойыпты. Әлемнің алыс бір шетінде, бейтаныс қаланың бейтаныс көшесінде бұл сөзді кездестіргеніме таң қалдым. Бечак ғажайып джунгли табиғатымен безендірілген еді. Мен мұны қаламы үшкір суретшінің салғанын бірден білдім. Менің суретке қызыға қарап қалғанымды пайдаланып, бечактың кішкентай қожайыны көлігіне отыруымды өтінді.

 

Ал, менің бар ынтам суретте еді. Голланд кварталында ерте таңнан қара кешке дейін талмай бечак айдайтын  мына қара терге піскен қара бала мынау көркем табиғатты өзі салуы мүмкін емес.

 

Бала бечакқа отыруымды өтініп, жалынып болмады. Ал, отырайын десем, ыңғайсыз сияқты. Сені ат орнына арбаға жегіліп адам тартса, ал сен ақша төледім екен деп марқайып отырсаң... Арың жібере ме?

 

Бечак біраз механикаландырылған болса да, бәрібір баяғы рикшаның қалдығы ғой. Рикша болса, балалығымнан құлдық нышаны болып санама сіңіп қалған.

 

Бала дәл жанымда тұрып өз тілінде бечакқа отыруымды өтініп тұрып алды. Бізде бұл жастағы балалар ойыннан басқаны білмейді. Тіршілік тәшпішіне берілген бұл баланың орнында біздің балалардың бірі болғанда «кезекпен тартамыз» деп «спутникке» алдымен өзі отырып алар еді.

 

– Есімің кім? – дедім мен балаға ойнақы үнмен. 

 

– Атым Банг-банг! – деді ол қуанып.

 

Беліндегі  «соронг» деп аталатын белбеу сияқты матасын қысып байлап Банг-банг дереу ерге отырды. Күс-күс болып жарылып кеткен аяқтарын педальға қойды. Енді менің бечакқа отырудан басқа амалым қалды.

 

– Кезекпен жүргіземіз! – дедім мен балаларша дауыстап, онымен жақынырақ танысқым келіп. Ол «есі дұрыс па?» дегендей артына қайырылып, маған бір қарап қойды. 

 

– Қайда барамыз? – деді сонан соң.

 

– Тура жүре бер! – дедім тәуекелмен.

 

Ғажайып джунглидің әсем табиғаты бейнеленген «спутник» жеңіл зырлай жөнелді.

 

– Шу, Спутник! – деп қуана айқайлап жібердім.

 

Банг-банг менің аңғалдығыма қызықты ма, әлде өзінің де балалығы ұстап кетті ме, білмеймін, басқа бечактардан озып-жарып зулай жөнелді. Лезде қала сыртына шығып кеттік.

 

– Тоқта, енді мен айдаймын, - дедім қала сыртына шыққан соң. Банг-банг тоқтады. Сөзіме сенбегендей екі езуін тартып қойды. Мен жерге түсіп, ерге, Банг-бангның орнына отырдым. Баланың қап-қара, қалың шаштарының арасында мөлтілдеп тұрған терді сүртіп, «отыр, жел тисе терің қатады» дедім өз орнымды нұсқап.

 

Банг-банг неше жыл бечак айдаған болса да бечактың үстіндегі шатырлы орынға өзі әлі отырып көрмеген шығар. Біреудің төріне шығып кеткендей ыңғайсызданып, именіп жоғары көтерілді.

 

Байқап тұрмын, жүзінде әрі қуаныштың, әрі таңданыстың табы бар. Аузы сол күйі ашылып қалыпты. Аппақ тістері қызыл күннің сәулесімен шағылысып жарқырайды. 

 

– Шу, Спутник! – дедім де, мен де шаңғытып зырлай жөнелдім.

 

– Қайда баратын едіңіз? – деп айғайлады Банг-банг желмен бірге жарысып.

 

– Бұл жол қайда апарады?

 

– Ауылға!

 

Біздің сөзіміз алдымыздан ескен желдің қанатына ілесіп алыстағы шекер қамыс ормандарының арасына сіңіп бара жатты.

 

– Қандай ауыл? – дедім мен тағы да қаттырақ дауыстап.

 

– Кинтамони! Біздің ауылымыз!

 

Бечакта біраз желген соң көпірден өтіп, көгалдағы манго ағашының түбіне тоқтадым. Гүлдеген тропик бақтар арасында гүрілдеп тау өзені ағып жатыр.

 

– Ауылда тұрамын де, - дедім тау өзенінің сарқырап аққан дауысына біраз құлақ сала отырып. 

 

– Иә, атам ешқайда кетпеймін дейді. Жакартадан үй де берді, бармады.

 

– Атаң қызметтегі кісі ме?

 

– Менің атам – Субанто! Мен Субантоның немересімін! – деді Банг-банг оның атасын бар адам білуге тиістей. «Субанто, Субанто» дедім іштей есіме түсіргім келіп, бірақ, ешкімді есіме түсіре алмадым. 

 

– Бечакқа суретті кім салды? – деп сұрадым бечактың екі қанатындағы әсем суретке тағы қызыға көз тастап.

 

Банг-банг бұл сұрағыма ренжігендей болып, бір түрлі кейіпте қарады да, жауап бермей арық тізелерін құшақтаған күйі отыра берді. Мен бечактағы көркем табиғаттан көз алмай қарап отырып, санама сарт еткен ойдан қуанып кеттім.

 

– Субанто! Суретші Субанто! Гаджа Субанто!

 

Даусым қаттырақ шығып кетті-ау деймін, бала орнынан ыршып тұрды. Маған жақын туысындай жылышырай көз тастап, атасының атақты суретші екенін, оның кәсібін өзінің де үйреніп жатқанын, бечактағы суретті өзі салғанын, «спутник» деген атауды да өзі тапқанын, атасы екеуі ғана тұратынын, ауылының өте-өте әдемі екенін, бәрін-бәрін бір сәт те тоқтамай айтып берді.

 

Мен Гаджо Субантоны ойладым. Оның суреттерін әлдебір мұражайдан көргенім бар еді. Яваның осы бір ұлы қарт суретшісін көріп кетуді нәсіп еткен болса ғой...

 

– Кинтамони алыс па? – деп сұрадым енді мен ұлы суретшіні көруге асығып. Субантоның суреттерінен есімде қалғанын айтып бердім. Банг-банг бейнелеу өнері жайындағы әңгімені өте жақсы көреді екен. Қуанғанынан өзі-өзі жоғалтып қоюға сәл қалды.

 

– Ауылымыз жақын, ана-ау каучук плантациясының жанында. Атам он жылдан бері бейнелеу өнерінің не екенін түсінетін бір адаммен әңгімелескенім жоқ деп қақсағаны қақсаған. Бармасаңыз болмайды, отырыңыз.    

 

Банг-банг менің шешімімді күтпестен-ақ ерге шығып отырды. Оның «ана-ау жер» дегені кемінде жиырма шақырым жол болып шықты. Біз биік құрма ағаштарымен оралған жазықтыққа шықтық. Ауада кокос майының иісі аңқып тұр. Қызыл папаяның қою жапырақтары шырмалып, күнді тосқан  қараңғы бақтардан өттік.

 

– Тропик сел құйғанда да бұл бақтардан бір тамшы су өтпейді, - деп әңгіме бастады Банг-банг қуанышты дауыспен өзі туған топырағы жөнінде.

 

Айнала жап-жасыл, қара жер көрінбейді, шөп-шалам, джунгли ағаштары. Бәрі жап-жасыл, жапырақтары үлкен-үлкен, қалың, қою. Ауа ылғалды, сол себепті де адамның денесі де үнемі ылғал болып жүреді. Мен Банг-бангға қыста көктемді, жазда алтын күзді асыға күтудің не екенін түсіндіре алмай-ақ қойдым. Бұл жерде жыл мезгілдері деген түсінік мүлде жоқ. Табиғат жыл он екі ай бір түсте, ылғалды жап-жасыл! Өсімдіктердің бірі енді бүршік жарып жатса, бірі толысып піскен, бірі гүлдеп жатса, енді бірі сексен жылдық жапырағын селге тосып жасару үстінде. Табиғат әр сәтте жаңаланып, күркіреп, тынбай ғаулап өсіп, бүкіл әлемді жаулап алатындай...

 

Жеңіл бамбук ағашынан жасалған жалғызаяқ көпірдің арғы жағында әлденені жерге жайып кептіріп жүрген диқан әйелдер себет қалпақтарын бұлғап бізбен амандасты. Банг-банг бечакты тоқтатып, секіріп түсті де, солар жаққа жүгіріп кетті.

 

– Қазір су ішеміз де, сонымен жетіп қаламыз, - деді айғайлап жүгіріп кетіп бара жатып.

 

Ол әйелдердің жанына барып ораққа ұқсас әлдебір құралды білегіне іліп алып, тіке аспанға шаншылып, көкке бой тіреген кокос ағашына тырмысып өрмелей жөнелді. Қарасам, бір сәтте екі теректің бойындай жерде қап-қара нүктедей болып тұр. Кокос ағашының ұшар басында бес-алты жапырағы желпігіш сияқты жемістерін күннен көлегейлеп тұрған жеріне жетіп тоқтады да, әлденесі жақпады ма, арыда тұрған тағы бір ағаштың басына арқан тастады. Маймылдай тырмысып оған өтті. Соронгіне қыстырған орақты алып бір сілтеп, қарбыздай-қарбыздай үш жаңғақты жерге тастады. Сексен метрдей биіктіктен қатты жерге дүрс етіп түссе де, әлігі жаңғақтар жарылмады. Қолыма алып салмақтап көргенімше,  Банг-банг да қасыма жетіп келді. Көзі шоқтай жайнаған, саусақтары ұзарып кеткен мына қара бала енді көзіме мүлде басқаша көрінді. Танысқан кезімде онымен кішкентай бала сияқты сөйлескенім есіме түсіп, өзімнен-өзім ұялып кеттім.

 

Банг-банг қолындағы орақпен кокостың түбін шорт кесіп маған ұстатты. Тәубә! Табиғаттың дайын сусыны. Тәтті, мұздай. Шаршауым басылып, денем жіпсіп сала берді.

 

– Енді мен айдаймын! – дедім қайраттанып. Банг-банг жылы жымилы. Осы аз ғана уақытта ол маған бауыр басып қалған да еді.

 

Кинтамониға жетіп келдік. Бұл тропик орманның ішіндегі бірнеше ғана қызыл черепица шатырлы мұржасыз үйлері бар ауыл екен.

 

Банг-банг ішке кіріп менің келгенімді және кім екенімді айтқан секілді, іштен өте көңілді, бұйыра сөйлеген қарт адамның даусы естілді.

 

– Қане, қане дереу алып кір! Тез!

 

Үйге кіргенде төрдегі себет креслода аппақ сақалы кеудесін жапқан, ұзын бойлы көйлегі тізесіне түскен қарт орнынан тұрды. Көңілді дауыспен үйді толтырып сөйлеп кетті.

 

– Егер Банг-бангтың айтқаны шын болса, мен, ауламдағы кәрі папаяны кесіп, алау жағамын! Он жылдан бері сурет өнерін түсінетін хас шебермен әңгімелескенім жоқ, сенесіз бе? Қане, қане кіріңіз...

 

Мен бұл айғайшыл шалдың әрекетін көріп таң қалдым. Ол үстелдің алдына келіп, қолдарын бос кеңістікке созып, ештеңе жоқ жерден әлдеңені іздеуде еді. Қолымды беріп ем, кеудесіне жақынырақ тартып, желкемнен қағып қалды.

 

Ол соқыр екен. Мұны күтпем ем. Жүрегім атойлап соғып кетті. Не істерімді де, не айтуымды да білмей састым. Бірақ, оның көңілді даусы мені бұл ыңғайсыздықтан құтқарды.

 

– Менің «Ақ гүл көктемі» атты туындымды қайдан көрдіңіз?

 

Мен оны осы жергілікті суретшілерінің бірінің жеке галереясынан көшірілген альбомды атадым.

 

– Жоқ, мен сізге сол картинаның түпнұсқасын көрсетемін. Мен сізге барлық туындыларымды, бүкіл галереямды көрсетемін. Бәрін-бәрін, бір-бірлеп!  Көрмей кетпейсіз!..

 

Бұл жүзі жылы қарттың адамның жүрегіне жылы тиетін жағымды дауысы бар екен.

 

Субанто. Атақты Гаджа Субанто! Көзі сау кезінде оның жанарынан нұр тамып тұрған шығар. Бұл бақытсыз жағдай қашан болды екен? Атақты суретші – соқыр! Жарық пен көлеңкеден, бояу мен түстерден мақұрым болған суретші! Өз елінің көктем тасқынындай жасыл ормандарын, қалпақтай-қалпақтай аппақ гүлдерін, экватор аспанының түпсіз тереңдігін өз көзімен көре алмайтын суретші! Мен оның суреттерін есіме түсіріп «Сол Субанто сіз бе?» деп сұрап қалуыма сәл қалды. Бұл жағдай қашан болды екен? Ол тіпті қазір де сурет салып жүрген адамдай галереясы туралы тынбай сөйлеуде.

 

– Банг-банг, қонаққа кофе дайын ба? Біз қазір бастаймыз. Егер шаршамаған болсаңыз галереяны көруге қазір-ақ кірісеміз.

 

– Жо-жоқ, ата! Қонақ шаршаған...

 

Мен босағада тұрған Банг-бангды көріп таң қалдым. Ол әлденеден шошып кеткен адамдай қолымен маған әлденелерді ымдап көрсетіп жатты.

 

– Жоқ, ол кісі бечак айдап келді, айттым ғой, шомылып келуі керек...

 

Банг-банг тағы да әлдене демек еді, атасы қарқылдап күліп сөзін бөліп жіберді.

 

– Өзінің шомылғысы келіп тұр, бұл жүгермектің. Жарайды, шомылып келіңдер. Бірақ, кейін кешке дейін жұмыс істейміз, біліп қойыңдар! – деді шал маған күле қарап. Оның сөзі әзілі ме, шыны ма ол жағын айыра алмадым.

 

Кофеден кейін Банг-банг мені асықтырып, сарқырамаға алып келді. Дарияның жағасына жетіп, жағалаудағы үлкен тастың үстіне келіп отырғанымыздан соң Банг-банг жеңілдегендей болып жеңіл күрсінді. 

 

– Үһ... қорқып кеттім ғой! Менің ишарама түсінбейсіз бе деп қорқып кеттім.

 

– Мен әлі де ештеңеге түсінген жоқпын. Не болды өзі? Шомылмайсың ба?

 

– Шомылу жәй ғана сылтау еді. Әңгіме бар. Сол үшін де сізді осында алып келдім. 

 

Банг-банг сарқырап ағып жатқан суға ұзақ қарап отырды да, әңгімесін бастады.

 

– Атамды кампетайлар1 ұстап алып кеткен кезде мен алты жаста едім. Мұның себебін де, маңыздылығын да, менің қысық көзді ақкөңіл атамды мәңгіге алып кеткенін де ол кезде түсінбеген едім. Бір-екі жылдан соң көршілеріміздің «Субантодай адамға енді ол жерден  қайту жоқ» деген сөздерін естіп уайымдай бастадым. Оның өз еліміздің әсем табиғатын бейнелегені үшін қамауға алған екен. Кейін голландтықтар келді, сонда кейбір көршілеріміз «тірі болса келеді» деп мені жұбататын болды. Мен бечак айдап өз тіршілігімді өзім тербетуді үйрендім. Сауат таныдым. Атамның бояуларымен сурет салуға машықтана бастадым. Оның суреттерін ішкі бөлмеге жинап, құлыптап, сақтап қойдым. Егер осы суреттер үшін адамды қамау мүмкін болса, демек бұл суреттер маңызды болғаны да, абайлап, сақтау керек деп ойладым.

 

Бірақ, голландтықтар келген соң да атам қайтпады. Бір күні партизандардың үнпарағынан мына мақаланы көріп қалдым.

 

Банг-банг қойын қалтасынан сарғайып кеткен бір парақ қағазды қолыма ұстатты. Онда суретшінің голланд еріктілеріне арналған сөзі жарияланған екен.

 

«Құрметті судья мырза, Сіз менің санама әсер еткен адамдардың атын атауымды талап етіп отырсыз. Жарайды айтайын. Бірақ, олар коммунистер емес, голланд халқы. Голланд елінің фашизмге қарсы күрестегі ерлігін естіп таң қалдым. Голланд елі өз Отанын, оның азаттығын шын жүрегімен сүйеді екен. Мыңдаған голланд антифашисттері өз отанының азаттығы үшін жан аямады. Судья мырза, менің санама әсер еткен нәрсе голланд елінің міне осы ерлігі!»

 

Мен бұл сөздерді оқи отырып Субантоның қайыспас батыр бейнесін көз алдыма елестеттім.

 

– Осы соттан кейін, - деді Банг-банг әңгімесін жалғап, - үйімізге тағы әскерлер келді. Голланд офицерлері құлыпты бұзып, атамның суреттерін тінти бастады. Ең жақсы суреттерін таңдап алып, көліктеріне жүктеді де кете барды. Мен олардың қатігез әрекеттерінен қорқып манго ағашының астында дірілдеп жылап отырдым. Атамды кампетайлар ұстап алып кеткенде бұлай жыламаған едім. Офицерлер кеткен соң үйге кіріп қарасам, атамның елу төрт акварелінен тек жетеуі ғана қалыпты. Бірнешеуі жыртылып, жерде, топырақта былғанып жатыр. Енді не істесем екен деп ойландым. Атам келсе не деймін?

 

Екі жылдан соң атам қайтып келді. Бірақ, суреттері туралы жақ ашып сұрамады. Ол ауру еді. Терісі сүйегіне ілініп тұрған, дәрменсіз, екі көзі соқыр еді...

 

Күнә болса да айтайын, мен сол кезде «оның келгенінен келмей-ақ қойғаны дұрыс еді» деп ойладым. Себебі, сол суреттері атам үшін жанынан да қымбат екенін жақсы түсінетінмін.

 

Бірақ, мен қате ойлаған екенмін. Атама әл кіре бастаған сайын, даусы жарқылдай, сергек естілетін болды. Әңгіме айтатын, маған газет оқытып, өзі тыңдайтын. Кейін ол суреттерін тілге ала бастады. Мен болған оқиғаны айтуға бата алмадым. Оны айту да мүмкін емес еді. Көп ойланып бір шешімге келдім. Бұл қанша жерден аяусыз, қатігез өтірік болса да, басқа лажым жоқ еді. Суреттердің бос папкаларына әншейін картон қағаз салып, галереяны бұрынғыдай өз тәртібімен тізіп шықтым да, атама «бәрі жайында, бәрін сақтап қойдым» дедім.

 

Содан кейін, сенесіз бе, атам екі күнде аяққа тұрып, жүріп кетті. Галереясын қолымен түртпектеп тексеріп шықты. Номер құйдыртты. Содан бері кейбір суреттерін қолына алып, зейінмен ұзақ тамашалайтын, бамбук гүлімен күнде шаңын сүртіп тұратын болды. Әр қайсысының орнын, нөмірін жатқа біледі. Бояуларын көріп тұрғандай кейде басын қисайтып, кейде жарыққа құбылтып тамашалайды. Енді сізден өтініш, білдіріп қоймаңызшы. Атам, сізге әр картинасын бөлек-бөлек көрсетеді, ұзақ таныстырады. Сіз үндемей мақұлдап тұрсаңыз болды.

 

Банг-бангның даусы жарықшақтанып шықты. Ол жылап отырған секілді. Менің де көңілім құлазып кетті. Отырған жерінде баланы иығынан қысып, бір сәт кеудеме бастым.

 

– Шомылып алсаңшы... – дедім әңгімені басқа арнаға бұрғым келіп. Бірақ, ол шомылмады. Менің «әртістік» жасай алатыныма сенбей отырған тәрізді.

 

Мен Банг-бангның сенімінен шығуға тырыстым. Шал ішкі бөлмеге ертіп кіріп, папкаларды бір-бірлеп аша бастағанда, әр бір картинаны оның өзі сияқты ұзақ тамашаладым. Папкалардың бәрі бірдей бос емес еді. Суреттерді Банг-бангның өзі қолдан келгенше қайта салуға әрекет еткенін байқадым. Қарт Субанто оларды шексіз мейіріммен қолға алып көз салатын, егер бұлардың өз суреттерінен қаншалықты алыс, кішкентай ғана баланың өрмекшінің торы сияқты батпақ-былдыры екенін білсе – ол үшін шынында да мына тіршілік сөнген болар еді.

 

– Міне, мынаған қараңызшы, майэстро!  - деді ол бір папканы асқан ептілікпен қолға алып. Папка ішінен күлтегін бос картон шықты. Сезуімше, Банг-банг бұл ғаламат суретті салуға беттей алмаған. Гаджа Субанто өз жүрегінің төрінен шыққан туындысын әңгімелеп кетті. – Сіз мына нұрға қараңыз! – деді ол сұқ саусағымен бос картонның бір нүктесін түртіп. – Міне, бұл кешкі күн сәулесінің қалың жапырақтар арасынан сығалап, банан қабығын жарытқан нұры! Ақ тұңғиықтың түсі. Банан қабығынан гүлге түскен нұр. Мен бұл түсті табиғаттан тапқан соң палитрадан жеті ай іздедім. Ақыры таптым, қараңызшы!

 

Қария ерекше бір сезіммен сөйлеп жатыр, егер мен Банг-бангның өтінішін бір сәтке есімнен шығарып, сөзіммен, яки іс-әрекетіммен осы бір ащы шындықты білдіріп қояр болсам, оның жүрегі сол сәтте-ақ жарылып кетуі анық еді. Мен жанарыма келген жасты ішке жұттым да, басымды изей бердім. Ол бос картонға көз тастап сөйлегенде қарсы алдымда түпсіз қараңғылықтан басқа ештеңені көрмейтін соқыр шал емес, әр бір әрекетімді күзетіп, бақылап тұрған өткір көзді жас Субанто тұрғандай еді. 

 

– Иә, мұндай түс тек қана сіздің өлкеңізде, аңыз бен ғажайыпқа толы джунглиіңізде ғана болуы мүмкін! – дедім мен.

 

– Сіз енді мына суретті көріңіз! – деді ол кезекті бос папканы қолына алып.  – Бұл сіздің ескі танысыңыз. – Шал тағы да бос папканы көрсетіп сөйлеп жатыр. Жүзінде қуаныш пен шексіз бақыттың табы бал-бұл жанады. Мен бұл папкада қандай суреттің тұруы керек екенін аңғарып үлгердім.

 

– Е-һе, бұл менің ең сүйікті картинам «Ақ гүл көктемі» ғой, - дедім. Бұл туынды қазір де қарсы алдымда тұрғандай қарттан бұрын сөйлеп кеттім. – Әлем көктемінің шымырлап кемелінен асып кетердей  болып толысып  тұрған шағы бұл. Заңғар төбешіктерді тасыған сүттей ақ гүл қаптағанда бойжеткен қыздар  да көктемдей құлпырып, толыса түседі екен. Мен мұны мына сіздің картинаңыздағы жүзінде сезім нұры балқыған қыздардың сұлу мүсініне қарап айтып жатырмын, – дедім күліп. Санамдағы ғажайып та атақты туынды жайлы айта отырып өзім де толқып кеттім. – Менің айтқаныма не дедіңіз? Сіздің жақта осындай бір аңыз болса керек. Көктемде табиғат қыздардың кеудесін міне осындай ақ сүтке толтырады. Сүт шайқалғанда тамшылары джунглиге тамшы болып тамып, орман міне осындай ақ гүлмен безеніп, күркірейді. Таптым ба?

 

Шал мені құшақтап алды. Жүзін теріс бұрып, үлкен иығына мұрнын сүйкей көзінен аққан жасты сүртті.

 

– Кешіріңіз, – деді сонан соң. – Мен суреттерім жайлы көптен бері ешкіммен бұлай әңгімелескенім жоқ еді. Көршілеріме көрсетемін-ау, бірақ, олар сауатсыз, қарапайым жандар. Сурет өнерін түсінбейді. «Жақсы екен» дейді де кете береді. Ал, сіз мен суретке түсіре алмаған, көңілімде қалып кеткен нәрселерді де айтып беріп жатырсыз. Бүгін мен үшін қуанышты күн. Рахмет сізге.

 

– Мен сіздің шығармаңыздан көргендерімді ғана айтып отырмын, – дедім мен.

 

– Рахмет, сізге. Міне, енді отыз жетінші нөмірлі картинаны алайық. Сіз мынаған қараңыз да, кейін аулаға шығып мұның нұсқасын, натураны көресіз. Бұл суретті өзіміздің шатырда тұрып салғанмын. Жақсылап көріп алыңыз. Натурада қазір бұл жерлер жоқ. Оны келімсектер өртеп, жойып тастаған. Менің бұл туындым сұлу Яваның бір кездердегі көркем табиғатын бейнелегенімен құнды.

 

Бұл Субантоның аман қалған бірнеше суреттерінің бірі еді. Онда шынында да суретшінің өз жұртының сұлу бейнесіне деген шексіз махаббаты бейнеленген еді. 

 

Ява расында да мың аралдың ішіндегі ең сұлуы. Бұл суретте оның теңдессіз көріністерінің бірі бейнеленген. Мәңгілік жасыл ағаштары қат-қабат джунгли. Пандакус пен бамбуктың қылыштай жапырақтары ауаны тіліп көкке ұмтылған, екі метрлі жапырақтарын жайған попоротник, мимоза мен мангустон ағаштары екінші қабатта, одан төменде адам өте алмайтын жасыл лианалар шырмалып кеткен. Суретке қарап отырып джунглидің сыз, ылғал ауасын сезінесің, құлағыңа ондағы мың түрлі сырлы үндер естілгендей болады.

 

Атасының тапсырмасымен Банг-банг мені бұл суреттің натурасына алып шықты. Жар жағалап жүріп, жалаңаш төбеге келдік. Алыста жабайы орман көлшік судай болып, дымығып тұрды. Одан беріде алапат өрттен қаужырап, күлге айналып жатқан кеңістікте күйген ағаштардың төңкелері қарауытады. Банг-банг қолын созып, «суреттегі осы жер» деді көңілсіз.

 

Суреттегі әсем картинаны көрген  соң көркем табиғаттың, ну орманның жермен жексен болған қазіргі бейнесін көру өте ауыр соқты. Ал, осында туып, мәңгілік жап-жасыл орман көктемін көріп, жан-тәнімен сүйген адамға мына көріністі көру тіпті қиынға соғатын шығар.

 

Банг-банг екеуміз күйіп жоқ болған белдерге ұзақ қарап тұрдық.  Қарайып күйген ағаш төңкелерінің түбінен әлденелер шығып келе жатқандай көрінді. 

 

– Сұлы егіп жатыр. Жуырда бұл жерлер қайта көгереді... тыныштық болса, – деді Банг-банг. Оның сөзінде, дауысында үлкендерге тән салмақ, һәм ұлы арман бар еді.

 

– Иә, – дедім іштей. – Иә, жас болса да көпті көрген, көңілі пәк досым. Бұл жерлер әлбетте қайта көгереді, көктейді. Енді адамзат алапат өрттерге жол бермейді. Мына еңбекқор диқандар жексен болған жерлерді қайта көгертсе, сен данышпан атаңның ғажайып суреттерін қайта тірілтесің. Бабаңнан қалған, ата-бабаң қасық қанындай  қорғаған мына ана топырақты, атаңнан саған мирас болып қалатын ана майқаламды қадірле, кішкентай Банг-банг!

 

Таңертең Субантоның жанына келгенімде оған ештеңені білдірмеуді ептер ме екенмін деп уайымдап едім. Бірақ, кешкісін онымен қоштасқанда ол уайымымның бос уайым екеніне көзім жетті. Себебі, мен қарт суретшімен өтірікті жасырып емес, шынайы, шын жүректен, шындықты айтып әңгімелестім.

 

Себебі, туған жердің көркем табиғатын келімсектер жойып жібере алмаған еді. Себебі, бұл сұлу бейнелер қарт суретшінің жүрегінде зерделенген еді...

 

* Кампетайлар1 - жапон жансыздары.

Аударған Бақтыгүл АУДАНОВА

 


Поделиться:      
Оставить комментарий: