Главная
/
Блоги
/
СТАТЬЯ
/
ТАРИХИ РОМАНДАРДЫҢ «ОҢЫ» МЕН «СОЛЫ» НЕМЕСЕ ҰЛТТЫҚ ЖАДТЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МЕН КӨРКЕМ ҚИЯЛДЫҢ ШЕГІ

ТАРИХИ РОМАНДАРДЫҢ «ОҢЫ» МЕН «СОЛЫ» НЕМЕСЕ ҰЛТТЫҚ ЖАДТЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МЕН КӨРКЕМ ҚИЯЛДЫҢ ШЕГІ

20.02.2026 18

ТАРИХИ РОМАНДАРДЫҢ «ОҢЫ» МЕН «СОЛЫ» НЕМЕСЕ ҰЛТТЫҚ ЖАДТЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ МЕН КӨРКЕМ ҚИЯЛДЫҢ ШЕГІ

 

І. Кіріспе

​Қазіргі қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа бет бұру үрдісі басым. Көптеген жазушылар ұлт тарихындағы ұлы тұлғаларды қайта тірілтіп, олардың өмірін, күресін, рухын көркем туынды арқылы бейнелеуге ұмтылуда. Бұл, бір жағынан, тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған игі қадам болғанымен, екінші жағынан, тарихи тұлға көркемдік қиялдың жетегінде бұрмаланып, ұлт жадын адастыратын құбылысқа айналу қаупі де белең береді. Біздің бұл жердегі алаңдаушылығымыз — халықтың жадында тек сағымы ғана қалған ірі тұлғалар мен тарихи оқиғалардың бүгінгі ұрпаққа нақты дерегімен, бұрмаланбай жетуі.

Тарих — ұлттың жады. Оны әркім өз қиялымен суреттей берсе, тарихи шындықтың орнына ойдан құралған бейнелер еніп кетуі әбден мүмкін. Көркем әдебиет те шындыққа қызмет етуі тиіс. Ал тарихи тұлға туралы жазу — жай ғана көркемдік ізденіс емес, үлкен рухани жауапкершілік. Өйткені тарихи кейіпкердің бейнесі ұрпақ санасында ұлт тарихының айнасы ретінде қалыптасады.

Бүгінгі заманда тарихи романның ықпалы бұрынғыдан да күшейді. Кітап аз оқылатын, дерекке үңілетін уақыт тапшы қоғамда оқырман көбіне тарихи шындықты романдар мен фильмдер арқылы таниды. Демек, жазушының бір ғана көркем қателігі тұтас ұрпақтың тарихи түсінігін бұрып жіберуі мүмкін. Мәселен, бір жазушы Шыңғысханды қатыгез жаулап алушы ретінде суреттесе, екіншісі оны әділ реформатор, енді бірі рухани тұлға ретінде танытады. Ал тарихтағы нақты Шыңғысхан кім еді? Осы сұраққа көркем әдебиеттің өзі ғана толық жауап бере алмайды, себебі оның табиғаты — қиял мен көркем бейнелеу. Сондықтан тарихи роман мен тарихи шындықтың арасы — өте нәзік, сын сызық. Оны ажырата білмесек, көркем сөздің күшімен ақиқатты жоғалтып алуымыз мүмкін. Әдеби еркіндік тарихқа араласқанда, ол еркіндік емес, бұрмалау болып кетеді. Тарихи тақырыпқа барғысы келген жазушы, ең алдымен, тарихшының дәлдігімен, моральдық жауапкершілікпен, рухани адалдықпен жұмыс істеуі керек. Егер ол тұлғаны өз идеясын дәлелдеудің құралына айналдырса, онда шығарма көркемдік тұрғыдан мықты болғанымен, рухани тұрғыдан әлсіз туынды болып қалмақ.

Тарихи романды мүлде жазбау керек деу — тым қатаң ұстаным. Бірақ оны ақиқат пен қиялдың арасындағы жауапты аймақ деп түсіну қажет. Бұл жанрда ең басты өлшем — дерекке адалдық пен халықтың тарихи есіне деген құрмет. Тарихты әркім өз еркімен суреттей берсе, ұлттың өткен жолы ертегіге, ал тұлғалары қиялға айналады. Сондықтан бүгінгі әдебиет үшін ең маңызды міндет — тарихты көркемдеуден бұрын, оны дұрыс ұғыну. Көркемдік еркіндік шындықтың жауына емес, серігіне айналуы тиіс.

Дәстүрлі тарихи проза (немесе тарихи роман) — нақты тарихи оқиғалар мен тұлғаларды негізге ала отырып, оларды көркем қорыту арқылы белгілі бір кезеңнің қоғамдық өмірін, саяси ахуалын, әлеуметтік құрылымын және тұрмыс-тіршілігін қайта жаңғыртуды мақсат етеді. Бұл бағыттағы шығармалар тарихи деректерге сүйене отырып, өткен дәуірдің рухын, заман сипатын және адам болмысын мүмкіндігінше шынайы бейнелеуге ұмтылады. Сондықтан бұл жанр — тарих пен әдебиеттің тоғысқан, өзара ықпалдасқан тұсы.

​         Тарихи проза жанрының басты ерекшеліктері:

(1) Фактологиялық негіз: Тарих бұл жерде жай ғана фон емес, көркем бейнелеудің өзегі. Жазушы тарихи шындықты көркем тілмен қайта жаңғырта отырып, өткен дәуірдің бейнесін дәл, нанымды әрі тұтас күйінде көрсетуге күш салады.

(2) Эпикалық сипат: Сюжеттік желі ірі тарихи оқиғаларға негізделіп, кейіпкерлер жүйесі өмірде болған шынайы тұлғалармен тығыз байланысты құрылады.

(3) Авторлық позиция: Баяндау жүйесінде көбіне бәрін білетін авторлық ұстаным басым болып, оқиға үшінші жақ арқылы өрбиді. Бұл тәсіл тарихи кеңістікті кең қамтуға мүмкіндік береді.

(4) Идеялық бағдар: Дәріптелетін кейіпкерлердің болмысы ұлттық рухпен, елдік мүддемен және патриоттық таныммен сабақтас келеді. Тарихи тұлғалар ұлттық сананы оятатын символдық деңгейге көтеріледі.

Қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа жүйелі түрде бет бұру — кездейсоқ құбылыс емес. Ұлттың тарихи жады, рухани болмысы, мемлекетшілдік санасы көбіне көркем әдебиет арқылы қалыптасады. Әсіресе жазба тарихы ұзақ уақыт бойы сыртқы идеологиялық ықпалдар аясында дамыған халық үшін әдебиеттің рөлі айрықша. Әдеби шығарма тарихи деректен гөрі эмоциялық әрі рухани әсері күшті болғандықтан, ол өткенге деген көзқарасты қалыптастыруда шешуші ықпал жасайды.

Қазіргі Қазақстан қоғамының рухани-идеялық дамуындағы басты бағыттардың бірі — ұзақ уақыт бойы бұрмаланған немесе әдейі құнсыздандырылған ұлттық тарихты қалпына келтіру. Бұл тек өткенді түгендеу емес, сонымен бірге ұлттың мәдени тұтастығын қалпына келтіру міндеті. Тарихи роман — тарихты тек деректер тізбегі ретінде емес, адамдық тәжірибе, эмоциялық жады және рухани сабақтастық ретінде жеткізетін көркем құрал. Алайда бұл ерекшелік жанрдың ішкі қайшылығын да туғызады: ол ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қабілетті болғанымен, тарихи шындықты көркем қиялдың тасасында қалдыру қаупін де ала жүреді.

Бұл мақалада тарихи романның ұлттық жадты қалыптастырудағы рөлі, тарихи шындық пен көркем қиялдың арақатынасы, көпнұсқалылық мәселесі, ақпараттық қоғам жағдайындағы тарихи прозаның тағдыры және оның болашақ даму бағыттары ғылыми-сыни тұрғыда талданады.

ІІ. Қазақ тарихи романының қалыптасу дәстүрі және тәуелсіздік кезеңіндегі өзгерістер

Қазақ әдебиетіндегі тарихи роман дәстүрі XX ғасырда орнықты. Кеңестік кезеңде жарық көрген тарихи шығармалар қазақтың өткенін көркем түрде танытуға ұмтылғанымен, идеологиялық шектеулерге ұшырады. Хандық дәуір, ұлт-азаттық қозғалыстар, дін мен рухани сабақтастық мәселелері көбіне біржақты, таптық тұрғыдан түсіндірілді. Тарихи тұлғалар «феодал», «реакциялық күш», «кертартпа элемент» ретінде сипатталып, ұлттық мемлекетшілдік идеясы көмескілендірілді.

Қазақтың көркем әдебиетіндегі тарихи тақырып — ежелден ерекше орын алған бағыттардың бірі. Тәуелсіздігімізге дейін ұлы қайраткерлер, айтулы тұлғалар  көрнектілендірілген, олардың өміртарихы өзек етілген біраз шығармалар жарық көрді. «Тарихи тақырыпқа дендеп бару мысалын І. Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Қаһар», «Алтын Орда», М. Мағауиннің «Аласапыран», Ә. Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң», С. Сматаевтың «Елім-ай», Ә. Әлімжановтың «Жаушы», Х. Әдібаевтың «Отырар ойраны», Д. Досжановтың «Жібек жолы» секілді романдарынан көреміз. Сонымен қатар, тарихта өмір кешкен нақты қайраткерлер: ғалымдар, ақындар, әншілер, композиторлар өміріне негізделіп жазылған туындылар – өз алдына бір төбе. Бұл ретте С. Мұқановтың «Аққан жұлдыз», Д. Әбілевтің «Ақын арманы», А. Тоқмағамбетовтың «Жыр күмбезі», Ә. Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», «Ұстаздың оралуы», Ә. Әбішевтің «Найзағай», С. Жүнісовтің «Ақан сері», З. Ақышевтың «Жаяу Мұса», Ж. Молдағалиевтің «Дала қоңырауы» тәрізді шығармаларын айтамыз. Бұл романдардың шеберлік бітімі мен көркемдік өрнек деңгейі біркелкі емес. Бірақ жалпы алғанда, аталған туындылар қазіргі қазақ әдебиетінің кең өрісін, қалыпты арнаға түскендігін және жекелеген жанрлар бойында өсіп-жетілгенін мойындататын сенімді, мол мүмкіндік таныта алады. Басты жетістік – роман жанрының түрлене түскенінің, баю жолында екендігінің жарқын түрде дәлелденуі»(Рахманқұл Бердібай, 10 томдық шығармалар жинағы, 6 том 409 бет, 2018 жыл Алматы). Қалай дегенмен де жоғарыда аталған шығармалар белгілі деңгейде кеңестік сензураның ықпалына ұшырағанын ешкім де жасыра алмайды. Тәуелсіздік дәуірінде ұлттық тарихқа бетбұрыс үдей түсті. Халықтың рухани тамырына үңілу, ұлы тұлғаларды қайта танып-білу, тарихи оқиғалардың шынайы болмысына қайта үңілу үрдісі белең алды. Бұл бағыттағы шығармашылық ізденістердің көрінісі ретінде: Қ. Жұмаділов – «Дарабоз» (1994), М. Мағауин – «Шыңғыс хан» (2000–2004), С. Досанов – «Жер аңсаған сары атан» (1998), С. Досанов – «Ұйық» (2000), М. Қабанбай – «Алаштың арысы» (2001), С. Елубаев – «Ақ боз үй» (жаңа редакция, 1990–2000 жж.), С. Жүнісов – «Ақан сері» (қайта өңделген нұсқалар),  Қ. Жұмаділов – «Тағдыр» (қайта толықтырылған нұсқа), Ж. Қорғасбек – «Қара орамал», «Ар мен ұждан» қатарлылар бар. Сонымен бірге, кейіпкерлерін көзбен көріп, болмаса даңсалы қарттардан деректеген немесе архиптерден ақтарып тұлғасын толық тұрғызған деректі және ғұмырнамалық шығармалардан: Т. Кәкішев -  «Сәкен Сейфуллин», М. Сәрсекеев - «Қаныш Сәтбаев», Ә. Нұршайықов - «Ақиқат пен аңыз», Ж. Арыстанов - «Таң жұлдызы», С. Сауытбеков - «Өртенген өлең», З. Ақышев - «Жәяу Муса», Ә. Бектасов - «Мәди», М. Үстемов - «Нартай», С. Бақбергенов - «Ақбозатты ару», С. Досанов - «Екінші өмір», Д. Досжанов - «Мұхтар асуы», О. Бодықов -  «Дәрия толқыны» т.б. ларды атауға болады. Бұл шығармалардың біразы Қазақ тарихына тікелей қатысы бар әлемдік тұлғаларды, енді біразы Қазақтың өзіне ғана тән ұлттық мақтанышы болған батырларын, алаш қайраткерлерін және өнер майталмандырын қайталай сомдауға ұмтылыс жасады. Енді бір топ романдарда Қазақтың басынан өткен кеңес кезеңінің трагедиялары, ашаршылық және ұлттық тәлейсіз тағдырлар қайтадан аршылып жатты. Жазушылар кеңес кезіндігі тиым салынған тарихи ақтаңдақтарды толтырып, ұлттық болмысты жаңа қырынан көрсетуге ұмтылыс жасады. Осы ғасырымыздың кейінгі он неше жылдығында прозиктердің тарихты көркем миф, фантазия және баламалы көзқараспен бейнелеу, тарих пен қазіргі болмысты қатарластыра суреттеу және жаңа ағымдардың элементтерінен пайдалану сияқты бетбұрыстары байқалады. Бұл әрине заңда да, үйткені, біздің шынайы тарихымыз неше жүз жылдан бері басқалар жағынан бұрмаланып келе жатқан тарих, Қазақтың жадынан өшкіндеп кеткен тарих. Патшалық ресей кезінде, тіпті кеңес одағы кезінде де Қазақтың шынайы тарихына бару ауыр соқпақ еді. Солай да, жазушыларымыздың қаламының сиясынан ашылмай жатқан Қазақтың көкірегіне сағым түсіру ерекше бағаланатын еңбек. Бұл тұрғыдан тарихи романдар өз тарихи міндеттерін салтанатпен орындап, өз мәресіне жетті деуге болады. Тәуелсіздік кезеңінде бұл жағдай түбегейлі өзгерді. Ұлттық тарихқа бетбұрыс күшейіп, тарихи тұлғаларды қайта танып-білу, тарихи ақтаңдақтарды қалпына келтіру үдерісі басталды. Осы кезеңде тарихи роман жазушылар саны күрт артты. Жазушылар тарихи тақырыпқа баруды: ұлттық жадты жаңғырту, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, ұлт рухын тәрбиелеу, бұрмаланған тарихты қайта түзеу деп түсінді. Бұны – тарихи романның «оң» бағыты деп түсінген жөн. Мүмкін тарихи романдар әлі де жазыла түсер, жазушыларымыздың көкейінде бұлқынып өңдеуді күтіп тұрған әлі талай тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғалар бар екені де сөзсіз.  Дегенмен, тарихи тақырыпқа бару — тек әдеби шабыттың нәтижесі емес, рухани және ғылыми жауапкершілікті талап ететін әрекет. Тарих — факт, ал роман — көркем қиял. Екеуінің табиғаты бөлек. Осы екі құбылыстың арасы — нәзік те жауапты шекара. Сол шекараның бұзылуы ұлттың тарихи жадына кері әсер етуі мүмкін. Біздің ендігі сөз етпек болған ой желіміз осы төңірегінде болмақ.

ІІІ. Қазіргі тарихи романдардағы негізгі мәселе: көп жақтылы түсіндірме және деректің көмескіленуі

Қазіргі кезеңдегі тарихи роман жазушылардың көбеюі – сандық тұрғыдан жағымды құбылыс. Алайда бұл сапалық тұрғыдан бірқатар күрделі мәселелер туындататыны да жасырын емес.

Алдымен, соның ең бастысы – бір тарихи тұлғаның әр жазушыда әртүрлі, тіпті бір-біріне қарама-қайшы бейнеленуі. Атап айтқанда, бір тұлға: бір романда – кемеңгер мемлекет қайраткері; екіншісінде – қатыгез, қандес; үшіншісінде – мистикалық, аңыздық кейіпкер; төртіншісінде – бүгінгі заман өлшемімен ойлайтын “заманауи адам” ретінде көрініс табады. Мұндай көпше бейнелеу көркем әдебиет үшін заңды құбылыс секілді көрінгенімен, тарихи роман жағдайында ол қауіпті сипат алады. Себебі: Нақты тарихи дерек көмескіленеді; Тұлғаның шынайы тарихи болмысы жоғалады; Оқырман, әсіресе жас ұрпақ, қай бейне тарихи ақиқатқа жақын екенін ажырата алмайды. Әдетте тарихи роман жазушыларының субъективтілігі басым келеді, бұның өзі де жазушыны тарихи тектен ауытқып, өз алдына тарихи тұлғаның және тарихи оқиғаның екінші түрін жасауға итермелейді. Тарихи тұлға және тарихи дерек көркем қиялдың құрбанына айналады. Мысал ретінде мына романдардың болмысын аршып көрейік:

(1) Василий Ян – «Шыңғыс хан» романында, көшпелілер «жабайы жау, қан төгіп жаулап алушы», «жойғыш күш, тарихи апат» ретінде суреттеледі. Дала – хаостың ошағы, Ресей – мәдени орталық етіп көрсетіледі. Бірақ, көшпелілердің әскери тәртібі, заңдары бұрмаланған; Шыңғыс ханның реформаторлығы ескерілмеген; шығармадағы шайқастардың қатыгездігі тым асыра көрсетілген. Қысқасы роман «Русь – әлем қорғаны» концепциясын алға тартып, Орыс жерінің қорғаныс рухын көтеруді мақсат етеді.

(2) И. Чойжамц – «Шыңғыс хан» романында, дәстүрлі Моңғол эпосының стилімен бейнеленген Шыңғыс хан — мемлекетті қайта құрушы, «ел атасы». Бірақ, шығармада қатыгездіктің көбісі қысқартылған; Моңғол қоғамының ішкі қақтығыстары қарапайымдандырылған; қорқыныш пен диктат емес, даналық көбірек көрнекілендірілген. Идеалогиялық жақта Моңғолдың ұлттық мемлекеттілігін аңсау бар.

(3) Ма Цзин – «Ұлы қаған» романында, Шыңғыс хан – Қытайдың Юань дәуірінінің негізін қалаушы ретінде көсетіліп, Қытайдың көпұлттылық тарихына енгізіледі. «Юан әулеті Қытай әулетіне» баланып, Шыңғысхан тарихы өз мемлекетінің аясында әрекет еткен, «Қытай тарихының бір бөлімі» ретінде көрсетіледі. Сүйтіп Моңғолдардың тәуелсіз этномемлекеттік рөлі азайтылады; Юань империясы Қытай мемлекетінің заңды жалғасы болып сипатталады.

Енді бірі, жазушылардың материял таңдаудағы әдісінің бірыңғайлығы. Яғни жазушылар шығармасын көрнекілендіру және оқырманның қызығушылығын арттыру үшін өзінің алдында жатқан тау - төбе материялдардың ішінен ерекшелерін іріктеп алады. Мұндай жағдайда мынадай мәселелер туындауы мүмкін:

(1)Жазушылар тарихи үлкен тұлғалар туралы жазғанда, әрине, нақтылыққа, шынайылыққа жақын болуды көздейді. Бірақ, ол пайдаланатын тарихи деректер алуан түрлі болатыны сөзсіз. Оның ішінде нақтылы жеткен деректер де, бұрмаланған деректер де, шындықпен аңыз кірігіп нақты тұлғаны көтермелеп немесе өз арнасынан мүлде ауытқытып жіберген деректер де бар болуы мүмкін.           (2) Тарихи тұлғалар, тарихи уақиғалар бізге жетіп келгенше бірнеше тарихи басқыштарды басып, уақыт сүзгісінен өтіп келетіні сөзсіз. Осы барыста оған халық өз арман - тілектерін қосып немесе әр дәуірдегі билік өз ыңғайына қарай өңдеп, тарихи тұлғаның және тарихи оқиғаның негізгі арнасы бұзылған болуы да мүмкін, қысқасы нешелеген өңдеуден өткен материялдар.

(3) Егер ол жазба деректерге түскен болса, онда оған сол дәуірдің таңбасы басылған болады. Жазған тарихшы өз мақсатымен жазған болуы да, болмаса, сол кездің билігінің ықпалымен жақталып не терістеліп жазылған  болуы да мүмкін. Мәселен: Қытайдың жазба деректерінде ғұндар «жаулық» сипат алса; «Моңғылдың құпия шежіресінде» Шыңғысхан киелендіріледі.

(4) Бізге жеткен тарихи деректер, ол тарихи тұлға немесе тарихи оқиға болсын көбінеки белгілі уақттан кейін жазылған, ол бүгінгідегідей дер кезінде қағаз бетіне түсірілмеген. Бұған өзімізге етене таныс «Тарихи Рашид ад - Динді», «Моңғылдың құпия шежіресін» алсақ та болады. Ондағы тарихи тұлға қарпайым адам кейпінен обыразданып, үлкейтіп көрсетіледі. Ол тарихшы жақталған кейіпкер болса, оның ерсі, жағымсыз қылықтары кешіріліп немесе жоғалтылып, басқа «ұлы» қасиеттер үстіне үстемеленеді.Тарихшы жақатпаған кейіпкер жағымды кейіпкердің керісінше өңделген болады. Құдды сол сияқты тарихи уақиғалар да өңдеуден өтеді, мың жасақтық соғыс жүзмың жасақтық соғысқа дейін ұлғайтылған болуы да ықтимал. Ендеше, бізге ғасыр аттап немесе белгілі кезеңдерді аттап жеткен кейіпкерлерді (тұлғаларды) сол кейіпкерлердің түп тегі деуге келмейді.

Жоғардағы айтылған себептерге негізделгенде, тарихи романдарды қанша жерден көркем шығарма деген күннің өзінде, жазушы белгілі бір тарихи тұлғаларды көрнектілендіріп, тарихи уақиғаларды өзіне желі етеді. Оған өзінің қиялын, сезімін және ұстанымын сіңірдіреді. Сол сөз етілетін тарихи тұлға мен тарихи уақиғаларға дәлдік, нақтылық және шынайылық талабы қойылса да, шығармада мынадай жағдайлар туындап отырады:

Біріншіден, тарихи көркем шығармадағы тарихи тұлға немесе сөз етілген кейіпкер нақты тұлғаның өзі емес.

Екіншіден, тарихи көркем шығармада баяндалатын істер, уақиғалар және кейіпкердің бастан кешкендерінің кейде негізі болғанмен, онда біз ойлағандай дәлдік, нақтылық бола бермейді.

Үшіншіден, тарихи көркем шығармадағы диалогтар мен монологтар кейіпкердің тіке өз сөздері емес, автордың ойдан ойыстырғандары.

Төртіншіден, тарихи көркем шығармадағы кейіпкер әрекет ететін немесе уақиға болған орын автордың қиялында ғана бекітілген мекен.

Бесіншіден, тарихи көркем шығармаға автордың сезімі мен  көзқарасы сіңдірілген болады. Ол жалпы оқырманның ой - пікірі емес.

Алтыншыдан, тарихи романдар белгілі кезеңде жазылатындықтан, оған сол ортаның, жазушы өмір сүрген дәуірдің таңбасы басылады. Мәселен, біздің қазіргі тарихи романдарымыз Қазақстанның бүгінгі өткенді түгендеп, ұлттық рухымызды жетілдіру нысанасымен бет пе - бет келеді.     

Және бірі, жазушылардың көбі тарихи роман жазуда “көне сарынға” түсіп кетеді. Немесе бұрынғы аңыздық баяндау, эпикалық әсірелеу, романтикалық пафос алдыға шығып, тарихи дерек екінші қатарға ысырылып қалады. Нәтижесінде тарихи роман тарихи таным емес, тарихи иллюзия тудырады. Мұның негізгі себебін төмендегідей қарастыруға болар еді?

(1) Тарихи көркем шығарманың авторлары даяр материялдарды өздестіруге бейім. Әрине, біз тау төбе материялдарды сараптап, соның ішінен нағыз шындығын алдық деуі мүмкін. алайда сол материялдардың ішінен өз қалауын тауып, оған өз дәмдендіргіштерін қосып оқырманға қайта ұсынады.

(2) Белгілі тарихи тұлғалар мен тарихи уақиғаларды оқырман бұрыннан білетін болуы мүмкін. Ендеше оның «сағымы» оқырмандардың мыйында жүреді. Сол туралы шығарма болады екен, оқырман оны белгілі мақсат та пысықтап көргісі, ойын толықтағысы келеді. Тарихи роман жазушылар осы қармақтан пайдаланып мәреге жетеді.

(3) Қазіргі кездегі тарихи романдар қанша жерден реалистік деп қаралғанымен, онда аңыздық түс белең беріп тұрады. Мүмкін бұл жазушы осы тақырып туралы жазуға бекінген кезге дейінгі оның бірінші қол материялы аңыз, қисса - дастандар болғандығынан шығар? Сондықтан жазушының сол тарихи тұлғаға махаббаты бар да, жаман ниеті болмайды. Мәселен: дәл қазіргі жағдайға негізделгенде Шыңғысхан да, Жошы да жақталатын кейіпкерлер.

(4) Дәстүрлі тарихи романдар негізі шындыққа ең орнықты жауап беретін реализмдік жасампаздық әдісін пайдаланғысы келеді. Ол табиғатты өз қалпында көшіріп алатын, адамның физиологиялық және биологиялық қалпына дейін  көсететін таза натура емес, қоғамды, адам мінезін, әлеуметтік қатынастарды шынайы, тивтік жағдайда суреттеу. Онда нақты тұлғалар мен шынайы оқиғалар негіз болатындықтан, романтизмдік ерекше алып тұлға, айрықша қиялдық оқиға және шегі жоқ асқақ сезім болмауға тиіс. Жазушылардың бұл тұғырдан үнемі түсіп кететіні байқалады.

(5) Алдыңғы бір мазмұнда айтқанымыздай, жазушылардың ерекше, ірі материялдардың жетегінде кетіп, қарапайым реалдықты ұмыт қалтыруы байқалады. Атап айтқанда, сол бір тарихи дәуірдегі халықтың қарапайым өмір суреті, кейіпкердің ішкі жан дүниесі аз сөз етіліп, папосқа ұмтылыс көбірек дәріптеледі. Сыртқы объективті шындық емес, адамның ішкі тәжірибесіне негізделген ішкі шындығына, атап айтқанда субъективтік шындыққа назар аудару аз.

Тарихи оқиғалардың әр халықта әртүрлі түсіндірілуі — өте табиғи, әрі ғылыми тұрғыдан заңды құбылыс. Бұл «тарихи нарративтің көпнұсқалылығы» деп аталады. Шыңғыс хан туралы пікірдің Орысша, Қытайша, Моңғолша, Түркіше (Қазақша) түрлі болуының бірнеше негізгі себебі бар: (Бұған жоғарыда Василий Ян, И.Чойжамц және Ма Цжиннің романы арқылы мысал келтіргеміз) Мұның бірі, сол ұлтқа тарихтың бұрмалану жетуі болса; енді бірі, ұлттық мүдденің (идеалогия) басымдылыққа өтуі және бірі жазушы жасаған өңір мен дәуірдің цензурасы.

Идеалогия - тарихты ең көп бұрмалайтын фактор. Әрбір мемлекет өзінің тарихи легитимдігін дәлелдеу үшін тарихты өзінің пайдасына бейімдейді.

Қытай тарихшылары Шыңғыс ханды Қытай тарихының бір кезеңіне жатқызады, оны Қытайға «енген» немесе «қызмет еткен билеушілер» ретінде көрсетеді. Оған олар Юан хандығының шежіресін алса да жеткілікті. Ондайда Шыңғысхан қаншама ғасырлық өздерінің ата жауы болған «Далалықтар»дың жалғасы екендігі ескерусіз қалады.   Шыңғысхан бейнесі қазіргі кезде де Қытайды мемлекеттік тұтастыққа қызмет ететіндей етіп түсіндірілді.

Орыс тарихшылары Алтын Орданы «Татар-Монғол езгісі» деп қарастырып, Ресейдің мемлекет ретінде қалыптасуын сол езгіге қарсы тұруы арқылы түсіндіретін.  Ресей империясы Алтын Орданың рөлін барынша жағымсыз етіп көрсетті. Сондықтан Орыстар үшін Шыңғысхан обыразы жағымды бола қоюы екі талай. Тіпті, Кеңес үкіметі кезінде Түркілік элементтің әдейі көмескіленгенін біз жақсы білеміз.

Моңғол тарихшылары Шыңғыс ханды «мемлекеттің негізін қалаушы, ұлттық мақтаныш» ретінде көрсетеді. Олар онсыз да Шыңғысханның әлем тарихындағы орнының жоғалмайтынын біледі. Сонымен бірге Моңғылдардың енді тарих сахансына шығу мүмкіндігінің жоқ екенін де сезеді. Сондықтан олар Шыңғысханның «ойрандау» сипатын көмескілендіріп, жағымды жақтарын көрнектілендірумен шектеледі.

Түркі (қазақ) көзқарасы: Шыңғыс ханды түркілік этникалық элементпен байланыстырып, оның әскерінің, ұлыстарының түркі тілінде сөйлегенін алға тартады. Бүгінгі Түркі ұлттарының құрамындағы этникалық топтардың сол Шыңғысхан ұлысының негізгі құрамы болғандығын дәлелдегісі келеді және сол ұлттардың бүгін сол Шыңғысхан дәурендеген өңірде жасап жатқандығын алға тартады.

Соңғы бірі, тарихи деректердің әртүрлілігі мәселесі. Шыңғыс хан туралы негізгі деректерді біз көбінде: «Моңғолдың құпия шежіресі», «Юан шежірелері» сияқты Қытай жылнамаларында жазылып қалған деректерден, Рашид ад-Дин сияқты Парсы тарихшылары жазған деректерден, Еуропа миссионерлерінің жазбалары мен Орыс жылнамашыларының деректерінен аламыз. Олардың әрқайсысы өз ортасының көзқарасына сүйеніп жазады. Бұған бұл нұсқалардың бір тілден екінші бір тілге аударылуы барысындағы қателіктерді (мысалы, Рашид ад-Диннің еңбегіндегі кей деректер басқалар жағынан бұрмаланып аударылған деген сөз бар), оны сол аударылған нұсқа бойынша түсіндірулерді; Және аталған деректердің әр жылдар мен ғасырлардың қатпарында жазылғанын  қосыңыз. Сондықтан оқиғаның бір нұсқасы болмай, көп нұсқасы жасалды. Сүйтіп, Шыңғыс хан туралы талас тудыратын: Оның тегі түркі ме, моңғол ма? «Моңғол» сөзі этноним бе, әлде саяси атау ма?  Ол құрған әскердің тілі қандай болды (Көп зерттеуші – түркі тілі басым болған деп санайды)? Оның жорықтарының мақсаты мен сипаты не? Ұлыстардың билік жүйесі және мемлекеттің этникалық құрамы қандай болды? Дейтін алуан түрлі сұраулар туындап, оған әр ел, әр ұлт өз мүддесіне сай жауап беріп отырды.

Ендеше, Қазақтар оған қандай баға бергені дұрыс? Алдымен, Қазақ тарихы — ғылыми зерттеуге сүйенуі керек. Әр деректі «ұлттық мақтаныш» немесе «ұлттық реніш» сезімімен емес, ғылыми методологиямен бағалау керек. Онан соң, этникалық жүріс-тұрысқа түсіп, Шыңғыс ханды міндетті түрде «тек Түркі» немесе «тек Моңғол» деп көрсетудің өзі дұрыс емес. Үйткені ол көпэтникалық империяның билеушісі болды деп есептейміз.

Қазақтар үшін ең дұрыс көзқарас — теңгерімді тарихи баға беріп, мына екі шындықты қатар ұстаған дұрыс: Бірі, Шыңғыс хан — әлемдік тарихтың ұлы тұлғасы, мемлекетшіл, реформатор, әскери гений; енді бірі, оның жорықтары ол әрекет еткен өңірде адам шығыны мен қирату әкелгенін мойындау да қажет. Яғни не тым дәріптеу, не тым қаралау — дұрыс емес.

Атап айтқанда Шыңғыс хан туралы тарихтардың түрлі болуы — тарихи деректің көпнұсқалылығы, ұлттық идеологиялар мен саяси мүдделердің әсері. Қазақ үшін ең дұрыс баға — ғылыми, салмақты, идеологиядан ада, көп дерекке негізделген көзқарас. Сондықтан, Қазақ ұлт болып қалыптасқанға дейінгі тарихтан тарихи шығарма (роман) жазуда теңгерімді көзқараста болған дұрыс деп ойлаймыз. Бұл оқырмандардың тарих туралы ойын орнықтыруға, болашақ ұрпақтың тарихқа ғылми көзқарас орнатуына және жазылған тарихи шығарманың өміршеңдігіне тікелей қатысты. Үйткені тарихи роман тек Қазақ оқырманының игілігінде ғана қалып қалмауы керек қой?

IV. Тарихи тұлға – ұлт жадындағы киелі бейне

Көркем әдебиеттің ықпал ету күші ғылыми еңбектерден әлдеқайда жоғары. Оқырман тарихи деректерді емес, көбіне романдағы бейнені есінде сақтайды. Қазіргі заманда тарихи білімнің едәуір бөлігі романдар, фильмдер, сериалдар арқылы қалыптасатынын ескерсек, тарихи тұлғаның көркем бейнесі ұлттық жадта “шындықтың орнын басуы” әбден мүмкін. Осы себепті тарихи роман жазу – эстетикалық еркіндік қана емес, рухани-этикалық жауапкершілік. Тарихи тұлғаны өз идеясын дәлелдеудің құралына айналдыру – ұлт жадына қиянат жасау.

Тарих – қасиетті аймақ дедік. Тарих — халықтың жады, рухани іргетасы. Оны бұрмалау — ұлттың өзін-өзі тану жолын бұрмалау. Егер жазушы тарихи деректі еркінше өзгертіп, ойдан қосып, тұлғаны басқа қырынан “бейнелеп” жіберсе — келешек ұрпақ тарихи ақиқаттан адасуы мүмкін. Көркем әдебиет — эмоциялық құрал; ол әсерлі болған сайын оқырман соған сенгіш келетіні белгілі. Сонда бұрмаланған көркем шындық нақты тарихи шындықтың орнын басып кетсе — бұл қауіпті.

Тарихи тұлғалар – халықтың рухани тірегі. Олар тек өткен дәуірдің адамы ғана емес, ұлттың қазіргі тарихи жады мен дүниетанымының символдық тұлғалары. Сол себепті оларды көркем әдебиетте бейнелеу — ұлттық сананы қалыптастырудың тетігі болмақ. Бірақ көркем шығармадағы тарихи тұлға — ешқашан нақты тарихи адамның дәл көшірмесі емес. Ол — жазушының қиялынан, дүниетанымынан, идеясынан туған көркем бейне. Сондықтан әр жазушы және әр дәуір жазушылары Шыңғысханды, Абылайды, Кенесарыны, тіпті Абайды да өз ұғымына, мақсатына сай суреттейді. Осыдан келіп тарихи тұлға бейнесінің көпқырлылығы мен бұрмалану қаупі қатар туындайды.

Тарихи тұлға – ұлт жадындағы киелі бейне. Тарих – халықтың жады, ал тарихи тұлғалар – сол жадтың символдары. Оларды бұрмалау немесе еркін суреттеу – ұлттық танымды өзгертуге тең. Сондықтан тарихи роман жазу — жай шығармашылық әрекет емес, рухани жауапкершілік актісі. Әдебиет тарихты өз ыңғайына қарай өзгертпеуі керек; керісінше, тарихи дерекке адалдық сақтап, сол дәуірдің рухын жеткізуі тиіс.

V. Тарихи дерек пен көркем қиялдың арақатынасы

Көп жазушы тарихи романды көркем еркіндік деп түсінеді, ия, жазушыда еркіндік болуы керек. Бірақ тарихи тұлға — ертегі кейіпкері емес қой? Ол – ұлттық сана мен тарихи жадтың тірі нысаны. Егер жазушы: фактіні қалағанынша бұрмалап, тұлғаны өз идеясына құрал етсе, онда ол рухани жауапсыздыққа жол береді. Біздің ойымыз мынаны айқындайды: “Көркемдік еркіндік” деген ұғым тарихты бұрмалау емес, қайта шығарманың құрылымын кемелдендіріп, жазу стилі мен тәсілінде жаңалық жарату. Тарихи деректердің рухын, мәнін, себеп - салдарлық байланыстарын көркем құралдар арқылы тереңірек ашу, оның оқырманға әсерлі де түсінікті жеткізілуіне мүмкіндік жасау дегенді білдіреді. Кеңес кезіндегі романдарда да, Қытайдағы Қазақ жазушыларының 80 -, 90 – жылдардағы жазылған тарихи романдарында да автормен саяси сыңайдың иықтасып отырғанын көргенбіз. Кеңестік цензураның басты принципі - тарихты Маркстік - Лениндік идеалогияға сай көрсету еді. Қазақ хандары, би - батырлары, елдік күрес - барлығы «феодалдық мешеу кезең» ретінде сипатталуға тиіс болды. Патшаға, отарлауға қарсы ұлт азаттық күресті жазу шектеліп, хандарды «езуші тап» етіп көрсету, батырларды жеке басын ғана ойлайтын етіп беру міндеті тұрды. Мысал айтсақ, тарихшылардың, жазушылардың Кенесарының патша үкметінің отарлауына қарсы қозғалысын дәріптеуінен қатты қорықты, қайта оны «бүлікші» етіп көрсетуге тырысты. Дінге сүйенген ұлттық тәлім - тәрбие шектеуге ұшырады. Алаш зиялыларын жазуға қатаң тиым салынды, ашаршылық, репрессия тақырыбы бүркемеленді. Қысқасы, тарихи тұлғаларға, тарихи оқиғаларға кеңес идеалогиясына сай болу талабы қойылды. Ал, Қытайдағы Қазақ әдебиетінің сипаты да жоғардағылардан тым алшақ бола қойған жоқ. Ондағы цензура ұлттық идеаға, өзіндік тарихи санаға, аймақтық автономияға қатысты болды. Жазушылардың ұлт - азаттық күрес тақырыбына баруына болмады. Олардың көш басшылары жазылмады, кейбір жазылған батырлардың әрекеті стихиялы күрес деңгейінде қалды. Тарихи қақтығыстарды ашық жазуға тиым салынды немесе бұрмаланды. Жоғардағы мысалдардан қандай қортынды шығады. Әрине, осындай цензуралық шығармаларды оқып өскен ұрпақ өзінің түп негізінен адасады, айырылады. Өз ұлтының тарихынан жеритін, менсінбейтін ұрпақ пайда болады. Түптеп келгенде еліміздің іргесінің берік болуына күман келтіретін, елдің болашығына сенімсіздікпен қарайтын ұрпақ жетісіп шығады.

Әдебиет теориясында «көркем шындық» ұғымы бар. Бұл – өмірде дәл солай болмағанымен, солай болуы мүмкін деп сендіретін көркем әлем. Тарихи романда көркем шындық тарихи шындықпен үйлесуі тиіс. Егер көркем шындық: тарихи фактіні толықтай жоққа шығарса, тұлғаны идеология құралына айналдырса, оқиғаны әдейі біржақты түсіндірсе, онда роман көркемдік тұрғыдан әсерлі болғанымен, рухани жауапкершілік тұрғысынан әлсіз болады.

Тарихи романның басты ерекшелігі – тарихи дерек және көркемдік қиял сынды екі негізге сүйенетінін айтқан едік. Алайда бұл екеуінің арасындағы тепе-теңдік үнемі сақтала бермейді.

Тарихи романның ең күрделі түйіні – тарихи дерек пен көркем қиялдың шекарасын айқындау. Бұл шекара бірнеше факторға байланысты үнемі шайқалып отырады, ой қайталануы мүмкін, солай да қайта пысықтап өтейік:

Біріншіден, тарихи деректің субъективті сипаты. Тарихи деректердің өзі абсолютті шындық емес. Олар белгілі бір дәуірдің, биліктің, автордың көзқарасымен жазылады. Сондықтан жазушы бастапқыдан-ақ өңделген, кейде бұрмаланған дерекке сүйенеді.

Екіншіден, көркем мәтіндегі ойдан құрастыру. Романдағы диалогтар, монологтар, кейіпкердің ішкі ойлары – түгелдей авторлық қиял екенін айттық. Біз тарихи тұлғаның нақты қалай сөйлегенін, қалай ойлағанын білмейміз. Бұл – көркем әдебиеттің табиғи шындығы, бірақ тарихи дәлдікке қатысты әлсіз тұсы.

Үшіншіден, авторлық көзқарас пен дәуір ықпалы. Әр жазушы өз дәуірінің перзенті. Қоғамдық-саяси ахуал, идеологиялық орта, жеке дүниетаным тарихи тұлға бейнесіне әсер етеді. Сондықтан тарихи роман кейіпкері көбіне тарихи адамның өзі емес, автордың рухани айнасына айналады.

VI. Көркем еркіндік пен рухани жауапкершілік мәселесі

Көркем еркіндік – әдебиеттің басты шарты. Бірақ тарихи тақырыпта бұл еркіндік шексіз болмауы тиіс. Көркемдік еркіндік дегеніміз тарихи деректің мәнін терең ашу; себеп-салдарлық байланыстарды көркем түрде көрсету; дәуір рухын сезіндіру. Ал тарихи деректі қалағанынша өзгерту, тұлғаны қиялға айналдыру, бүгінгі идеологиямен «қайта жасау» – еркіндік емес, бұрмалау. Тарихи роман жазушысының міндеті – тарихты көріктеу емес, оны парасатпен түсіндіру. Тарихты көркемдікпен қорғау – тарихи шындыққа адал болуды талап етеді.

Көркем әдебиет пен тарих ғылымының мақсаты екі түрлі. Тарихшы факті мен дәлдікке сүйенсе, жазушы сезім мен мағынаға жүгінеді. Алайда тарихи роман жазу барысында осы екі сала шектесіп, кейде бірін-бірі алмастырып жатады. Әдебиет тарихты түсіндіре алады, бірақ оны қайта жаза алмайды. Егер жазушы дерек шегінен асып, тарихи тұлғаның мінезін, ісін өз идеясына бағындырса, ол көркем еркіндік емес, тарихи бұрмалау болып шығады. Әдебиет тарихқа үңілген сайын, оның жауапкершілік жүгі де арта түседі. Көркем еркіндік тарихи фактілерді бұрмалауға себеп болмауы керек. Белгілі ғалым Р. Нұрғали айтқандай: «Көркем шындықтың негізінде өмірлік ақиқат жатуы шарт. Оны жоғалтқан шығарма — уақытша әсер беретін, бірақ рухани мәні әлсіз туындыға айналады». Тарихи тұлғаның бейнесін жасау кезінде автор ғылыми дәлдік пен көркемдік тепе-теңдігін сақтауы тиіс. Бұл тепе-теңдік бұзылса, тарихи шындық көркем әсердің құрбанына айналады.

Әдебиеттің міндеті – тек қана қиял емес, көркем таным. Көркем шығарма тек көңіл көтеру құралы ретінде қаралмауы керек, ол - рухани тәрбие және тарихи таным құралы. Сондықтан тарихи тұлғаны жазу үшін: тарихи білім, моральдық жауапкершілік, ұлттық мүдде болуы керек. Әрине, жазушылар бұл талапты орындап жатырмын деп ойлайды, бірақ жазу барысында түрлі эмоциялардың болатыны сөзсіз, оның үстіне жазушы жазу үстеліне отырған мезгілдегі қоғамдық немесе саяси атмофера оған ықпал етпей қоймайтыны белгілі. Бұған мысал, жақында баспа саласындағы Мүхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман - эпопиясының алғашқы нұсқасының қайта жарық көріп жатқанын айтсақ та жеткілікті. Жаңа «түп нұсқа» - 1942 және 1947 жылғы алғашқы цензураға ұшырамаған мәтіндердің негізінде қайта жарияланған. Бұл оқырмандар мен зерттеушілердің Әуезовтың бастапқы идеасын, романның сюжет желісі мен кейіпкерлерін жаңа қырынан қарауына мүмкіндік береді. Егер осылай белгілі жағдайлардың мәжбүрлеуімен жазушылар қалам тербесе, тарихи роман бұрмаланған бейнелердің жиындысына  айналатыны сөзсіз. Ал бұл қателіктерді түзетіп болғанша, талай оқырманның көкейінде шындықтан алшақтаған тұлғалардың бейнесі орын теуіп болады. Сондықтан біздің айтып отырған көзқарасымыз — жазудың көркем еркіндігіне бой ұра беру емес, тарихи адалдықты, рухани адалдықты жақтайды.

Қазіргі ақпараттық дәуірде адамдар нақты дерекке қарағанда көркем туындыны көбірек тұтынады. Сондықтан романдағы тарихи бейне халық санасында шындықтың орнын басып кетуі мүмкін. Бұл құбылыс тарихты «әдебиеттен үйрену» дәуірін тудырады. Демек, тарихи романдар ұлттың тарихи танымын қалыптастыратын ықпалды құралға айналған. Ал бұл жағдайда әрбір жазушының міндеті — тарихқа құрмет, дерекке адалдық және рухани әділдік ұстанымдарын сақтау.

Қорытындылай келгенде, тарихи роман – ақиқат пен қиялдың сын сызығында тұрған жанр. Оның «оңы» – ұлттық сананы жаңғыртып, тарихи жадты тірілтуінде; «солы» – көркемдік еркіндік шектен шығып, тарихи деректі көмескілендірген тұсында. Қайталай еске алсақ, қазіргі кезде тарихи роман жазушылардың көбеюі – заңды құбылыс. Бірақ бір тарихи тұлғаның әр жазушыда әртүрлі, кейде бір-біріне қайшы бейнеленуі нақты тарихи деректің жоғалуына, оқырман санасының шатасуына әкеледі. Бұл – әсіресе жас ұрпақ үшін қауіпті. Сондықтан тарихи роман жазу – тек шығармашылық таңдау емес, рухани әрі ғылыми жауапкершілік. Көркемдік еркіндік тарихи адалдықпен ұштасқанда ғана тарихи роман ұлт жадын байытатын құндылыққа айналады. Ал тарихты қиялмен алмастыру – ұлттың өткеніне де, болашағына да қауіп төндіреді.

         VII. Қазіргі кезеңдегі тарихи роман: Эстетикалық жаңғыру мен рухани жауапкершілік

Бүгінгі тарихи романның жазылу тәсілі мен идеялық бағдарында түбегейлі өзгеріс бар. Бұл өзгеріске дәуірдің бірнеше шешуші факторлары әсер етуде: адамзаттың өмір сүру дағдысының жаңаруы, технологиялық серпіліс, ақпарат тасқыны, уақыт тапшылығы және ұлттық тарихты әлемдік әдеби өлшемдер деңгейінде ұлықтау қажеттілігі. Сондықтан қазіргі тарихи роман бұрынғыдай тек оқиғаны баяндайтын жанр емес, ұлттық сана мен заманауи эстетиканың тоғысқан кеңістігіне айналды.

Қазіргі оқырман тарихи шындықты көбіне архивтен емес, роман мен кинодан қабылдайды. Көркем шығармадағы бейне санада дерекке қарағанда тұрақтырақ орнығады. Жазушы қиялымен жасалған кейіпкер тұлғасы кейде құрғақ фактілерден де әсерлі болуы мүмкін. Осы жерде тарихи романға жүктелетін рухани жауапкершілік күшейеді: ұлт өз тарихи тұлғаларын жалған бейне арқылы танымауы тиіс. Егер көркем қиял тарихи шындықтың орнына жүрсе, әдеби образ біртіндеп «әдеби мифке» айналуы мүмкін. Ақпараттық дәуірде интернет, цифрлық архивтер, жасанды интеллект деректі жылдам ұсына алады. Бірақ олар адам жанының күрделі психологиясын, ішкі трагедиясын, рухани толғанысын терең ашып бере алмайды. Кино мен телесериал көрнекі бейне жасайды, алайда адамның ішкі әлеміне роман сияқты ене алмайды. Демек, тарихи роман ақпарат беруші емес, тарихи тәжірибені сезіндіруші жанр ретінде өз болмысын сақтайды. Оның болашағы форманың өзгеруінде, мәннің жойылуында емес.

Қазіргі қазақ әдебиетінде бір тарихи тұлғаның бірнеше нұсқада бейнеленуі жиі кездеседі. Бұл құбылыс, бір жағынан, тарихи тақырыпқа деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Екінші жағынан, тарихи тұлғаның әдеби мифке айналу қаупін күшейтеді. Әр түрлі автор әрқалай сомдаған бейнелер оқырман санасында «қайсысы шындық?» деген сұрақ туғызады. Егер тарихи роман дерек пен қиялдың ара-жігін айқындамаса, тарихи образ тұрақсыз сипатқа ие болады. Мұндай жағдайда оқырман өзі қабылдаған нұсқаны ғана «шындық» деп таниды. Сондықтан тарихи романның басты мақсаты дерек тізбегін қайталау емес, тарихи тұлғаның рухани тәжірибесін күрделі адам бейнесі деңгейінде ашу болуға тиіс.

Тарихи роман — ғылыми еңбек емес, бірақ ол дерексіз қиял да емес. Заманауи жазушы үш маңызды қағиданы ұстануы қажет: тарихи деректі негіз ету; кейіпкердің ішкі әлемін жасауда көркемдік еркіндікке бару; дерек пен қиялдың шекарасын оқырманға сезіндіру. Қысқаша айтқанда: тарихи дерекке адалдық, рухани шындыққа ұмтылыс. Егер автор субъективті немесе идеологиялық мақсатты алға шығарса, тарихи шындық бұрмалануы мүмкін. Ал бұл бұрмалау ұлт санасының қалыптасуына әсер етеді.

Жазушы тұлға: миф емес, күрделі адам екенін естен шығармағаны жөн. Заманауи тарихи роман батырлық эпос үлгісіндегі біржақты мадақтаудан арылуы тиіс. Тарихи тұлға — мінсіз ескерткіш емес, ол — қателесетін, күмәнданатын, билік пен уақыттың қысымында күрделі шешімдер қабылдайтын адам. Психологиялық тереңдік пен ішкі тартыс тарихи романды бүгінгі әдеби үдерістің белсенді қатысушысына айналдырады. Тұлғаны идеалдандыру оны жақындатпайды, керісінше алыстатады. Ал адам ретінде көрсету тарихи бейнені тірілтеді.

Ұлттық тарихқа негізделген шығарма әлемдік әдеби кеңістікке шыға ала ма деген сауал жиі қойылады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мәселе тақырыптың ұлттық сипатында емес, оның көркемдік және философиялық тереңдігінде. Әлем оқырманы кейіпкердің ұлтына емес, оның адамдық болмысына, ішкі тартысына, трагедиясына назар аударады. Сондықтан тарихи роман ұлттық пафосқа емес, универсалды адамдық мәселелерге сүйенуі қажет.

Қазіргі кезеңде тарихи роман мына бағыттарға бет бұрса, оның сапалық деңгейі арта түсер еді: жаңа айтқанымыздай тұлғаны миф емес, адам ретінде көрсету; микротарихқа, қарапайым адам тағдырына үңілу; тарихи құжат пен көркем мәтінді шебер үйлестіру; көпдауысты баяндау тәсілін қолдану; бұрын көп жазылмаған тақырыптарды игеру. Бұл бағыттар тарихи романды тек ұлттық емес, интеллектуалдық деңгейі жоғары көркем құбылысқа айналдырады.

Қорыта айтқанда, бүгінгі тарихи роман — өткенді баяндау құралы ғана емес, ұлттық сана мен заманауи эстетиканың түйіскен алаңы. Қазіргі оқырманға жай оқиға емес, тарихтың мәні туралы терең рефлексия қажет. Тарихи роман ақпараттық қоғамда жоғалмайды. Ол өзгеруі мүмкін, бірақ жойылмайды. Себебі интернет — дерек, кино — сыртқы бейне, ал роман — адамның ішкі әлемі. Ішкі әлемді толық әрі терең жеткізе алатын жанр ретінде тарихи роман өзінің рухани маңызын сақтай береді.

         Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әуезов М. «Әдебиет тарихы». – Алматы: Ғылым, 1991.

2. Нұрғали Р. «Көркемдік дәстүр және жаңашылдық». – Алматы: Жазушы, 1985.

3. Қирабаев С. «Тарих және әдебиет». – Алматы: Санат, 1997.

4. Айтматов Ш. «Уақыт және қаламгер». – Мәскеу: Художественная литература, 1982.

5. Хасенов Ә. «Қазақ тарихи романының табиғаты». – Астана: ЕҰУ баспасы, 2016.

6. Сейітқалиева Г. «Тарихи сана және көркемдік таным». – Алматы: Қазақ университеті, 2020.

7. Рахманқұл Бердібай «Тарихи роман». Алматы: Дәуір баспасы, 6 том 2018.

8. Сейт Қасқабасов «Алтын жылға». Алматы: Жібек жолы баспасы, 2013.

9. «Әдеби өмір шежіресі», құрастырған - Нарымбетов Ә. Алматы: Ана тілі баспасы, 2005.

10. Син Юан «Қазіргі заманғы реалистік тарихи романдарды жаңаша зерттеу». Қытай: «Прозаға шолу» журналы, 4 сан 1986.

11. Жаң Ниң «Роман желісіндегі үн». Қытай: «Қазіргі заман жазушыларына шолу» журналы, 2 сан 1997.

12. «Жаңа реалистік романдарды зерттеу материялы», құрастырған - Мың Юан. Қытай: «Байхуажу әдебиет пен өнер баспасы», 2018.

 

2026 жыл ақпан, Талғар

Оставить комментарий: