Блоги
Түнгі құпия
Кеш. Жазғы жайлау қызарып батқан күннің шапағына малынып орман-таулар, дөң-қырқалар ерекше жайнап түрленеді. Кешкі қоңыр салқын аймалаған шалқар даланың ойлы жатысында ерекше байыпты маңыздылық бар. Сұлу, сылаң табиғат бар құмарын ішке жасырып, ойға шомады.
Бірі сары жорға, бірі торы төбел ат мінген екі жолаушы осы кеште Ойсаз шатына кіре берістегі қойшы ауылға ат басын тіреді. Сылдырап ағып жатқан бұлақ жағасындағы шілікті тоғайға жақын тігілген қойшы ауылы бәсеңсіген кешкі шудан енді арылып малдарын қамап, шаруасын жайлап тынығып жатыр. Бұлар қырдан түсе бергенде ит үріп, күпәйкесін желбегей жамылған үй иесі жолаушылардың сәлемін қабылдап аттан түсірді. Адам бетіне тік қарамайтын жуастау жігіт сырмінез қалыппен аттарды қасындағы жасы ондардағы балаға беріп үйге бастады. Қатар тігілген екі үйдің біріне кіріп жайғасқан соң шам жарығымен Әшірбек үй иесін бажайлап қарай бастады. Қабден секілді жүзі тотыққан бұл да шаруа адамы. Оң көзінің алдында түймедей меңі бар, мұрты дөңестеу біткен, сақал-мұрттан сопақ бетінде қылтанақ жоқ. Қабден екеуі бұрыннан біліс-таныс адамдай жөн сұрасып отырды. Ашық тұрған есіктен ошақтағы оттың шалқып жанғаны көрінеді. Майда жүрісті, етжеңді келген әдемі келіншек кешкі асқа деген жабдықпен кіріп-шығып жүр.
– Иә, қайдан келесіңдер, – деді Төлеубек үй ішінде орнап қалған үнсіздікті бұзып.
– Сарқамыстың тойынан келеміз, – деді Қабден шаршаңқы кейіппен, шынтағындағы жастыққа жантайып. Төлеубек тойға өзінің бара алмағанына өкініп, бәйге, палуан, көкпар жайын сұрады. Көкпар жайын тәптіштей сұрауына қарағанда бұның да талай додаға түсіп жүрген қайратты жігіт екені байқалады. Жұқаяқ үстідегі сырлы сандыққа таман шынтақтап шеткерідегі шамға ойлана қарап қалған Әшірбектің сарғыш өңінде тік жүріп өскен қызмет адамының нышаны. Қойшының қоңыр үйіне түнемелге қалғанына іші риза емес. Кешеден бері ертіп жүрген серігі бастық болған соң жан адамға жағымпазданып қызмет қылуды сүймейтін Қабденге Әшірбектің жайын табу да қиын жұмыс.
– Мына кісі Әшекең, – деп таныстырды ол Төлеубекке, – жасы біздер шамалас, ауылымызды басқарып отырған сыйлы адам. Көкпардың қызуымен тойдан кеш шықтық та, үйге түнделетіп жетсек, ат соғып тастар тыныға кетейік, әрі таныс азамат қой сәлем берейік, – деп өз аулыңа бұрылдық, кештете келуіміздің себебі осы, – деді.
– Жарайды жолаушы қонақ екенсіңдер, айдаладағы жалғыз үй біз келген адамға қайта қуанамыз. Қонсаңыздар асықпайды екенсіздер, қазан көтертейік,– деп Төлеубек ошақ басында жүрген келіншегін шақырып алып мән-жайды айтты.
– Зайдаш-ау, сен мені шынымен танымадың ба? – деді Қабден келіншекке. Келіншек жіңішке даусымен сыңғырлай күліп.
– Қабден екенсің ғой, рас танымай қалдым қараңғыда, – деді. Енді көптен таныс адам екенін білдіріп балалардың, үй-ішінің жай-күйін сұрастырып жатыр. Қимылы мен сөздерінде жас та болса ақылдылық, мінез кеңдігі мен сыралғылық белгісі бар.
– Олай өтсең де, бұлай өтсең де ат үстінде тұрып Зайдаш қымызың бар ма деп тұрушы едің, қайдан білейін соңғы кезде жоғалып кеттің. Әлде қымызды тағы да ақаңа айырбастан құрып жүрсің бе? Біздің кісі де көптен бері “молда” еді, бүгін сиыр ауылынан қызып кеп отыр міне, – деді күйеуіне күле қарап.
– Қой-әй, – деді күйеуі. – Жоқты айтпа.
– Несі бар, болып тұрса сол шіркінді ептеп татқанның айыбы да жоқ-ау, – деп Қабден Әшірбекке күле қарады.
– Әрине, мөлшерден аспаса болды ғой, – деп Әшірбек те қостайтын әңгіме табылғанына қуанғандай шұлғып қойды.
Сыйлы қонаққа ғана жаятын дастарқанға Зайдаш қаймақ қатқан қызыл күрең шайды қонақтарға баптап құйып отыр. Анда-санда Әшірбек жаққа елеусіз ұрлана қарап қояды. Бота көздері күлімдейді, оймақ ернінде жылы жымиған күлкі. Гүлді, жұқа көйлектің сыртынан желбегей жамылып тік отыр. Кесе ұсынғанда білезік, сақина салған жұмыр ақ білегі мен сүйректей саусақтары майысып еріксіз көз тоқтатады. Ашық жүзінде ұяңдық бар, кесе алғанда қиғаш қастары дір етіп қалады. Малшы тұрмысына үйлесе бермейтін мынадай сұлулықты көрем деген үш ұйқтаса түсіне кірмеген Әшірбек әлі өңім бе, түсім бе деп аң-таң.
Сарғайып піскен бауырсақ, қаймақ, ірімшік, сары май, қант, жент, өрік-мейіз, қарақат тұнбасы қойылған қазақы дастарқан. Бір шетте тоңазыған ет тұр. Төлеубек семіз қойдың майлы етінен біраз турады да әйеліне:
– Мына қонақтарға құр шәй бересің бе? – деді күлімсіреп тағы бірдеңе жетпей тұрғандай.
– Тамақ асып қойдым емес пе? – деді әйелі.
– Бірдеңе жоқ па?
– Жоқ бұйырмасын.
– Тойдан қайтқан бірдеңе бар еді, – деп Қабден бүршеңдей тұрып шығып кетіп еді, бір бөтелке коньяк ұстап оралды.
– Е, мынауың дұрыс болды ғой, – деді Төлеубек бөтелкенің аузын ашып жатып. – Әй, кемпір стакан әкел.
Езуіне болмашы мысқыл үйіріліп, қастары дір ете қалған Зайдаш лезде тұрып сыңғырлаған стакандар әкелді. Қабден мен Төлеубек қою шайды сораптап терлерін орамалмен сүртіп тастап өткен-кеткен әңгімелерін айтып коньяктан біраз ішкен соң манағы байсалдылығы қалып, жеңілденіп кетті. Әшірбек үн-түнсіз. Көзінің астымен анда-санда Зайда жаққа қарап қойып әңгіме тыңдаған сыңай білдірсе де ойы басқа жақта. Қабден аңшы болған соң әңгіме айтқанда ептеп қосып та жіберетін, Төлеубектен озыңқырап сөйлеп екеуі кейде таласып қалады. Тумысынан сақ Әшірбек стаканды ұстап қағыстырғаны болмаса көп ішпеді. – Әй, сен бастық жолдас бұның қалай, бөшкелеп ішуші едің, қарқының бәсең ғой, – деді Қабден. Әшейінде бұлай сөйлесе Әшірбек шарт етіп ашуланар еді, бұ жолы өйтпеді. Зілсіз кеңкілдеп, қызарақтап күлді.
– Ішпесең жарайды, өзімізге көбірек қалады, – деді Қабден көтеріліп қойды. Керегеде ілулі тұрған үкілі домбыраны алып Төлеубек қоңырқай, майда дауыспен ән салды.
Зибаш-ай, қасы-көзің қиғаш-ай.
Құрбыңды сәулем, сыйлашы-ай, – деп қайырғанда ерекше бір жіңішке сыңғырлаған дауыспен әнге көрік беріп Зайдаш қосылды. Осылайша арасында әңгіме-дүкен құрып, әзіл-ән айтып түннің бір уағында ет те пісті. Бұлар дастарқанға отырғаннан бері шәйді неше рет қыздырып, қайта демдеп келтірген Зидаш қонақтар тысқа шығып бір демалып келгенше мол етіп асылған қой етін дастарқанға келтірді.
Бұл кезде жігіттер үй сыртындағы жартаста жайлаудың түнгі ауасын рахаттана жұтып тағы бір шөлмекті ортаға алды. Мұны ойлап тапқан – Төлеубек. Зайдаш ішкенді жақтырмайтын болған соң еріксіз үй сыртында отыруға тура келді. Әйпесе реніш туады. Жайлау түні бар тыныштығымен, елең еткен дыбысқа құлақ түргізетін сақтығымен мең-зең ұйқыға кірген. Қараңғы аспанның төріне шашылған сансыз жұлдыздар ақықтай жылтырап ойнайды. Албыраған қып-қызыл ай дөңгелек жүзі күлімсіреп маңайына көмескі сәуле шашады. Әшірбек екеуіне бөгет болмайын деді ме, аяңдай басып қыр асып кетті.
– Ана бастықты шақырсаңшы, – деді Төлеубек.
– Қайтесің, дем алсын. Шынымды айтсам бастықтарды ұнатпаймын. Бабы көп. Қабағына қарап бітесің. Әйтеуір, бірге оқыған ит емес пе, менмендігі де күшті өзінің.
– Қой анауыңды тартып жібер. Зайдаш іздеп жатыр. Әне бол, – деп Төлеубек аузын сүртіп асықтырды.
Үй жақтан Зайдаштың дауыстағаны естілді.
Әшірбектің ұйқысы келмеді. Көзін жұмса алдына Зайдаш тұра қалып келсеңші деп шақырғандай болады. Күлімсіреп, іш-бауырын елжірете жәудіреп қарайды. Майысқан сүйріктей саусақтарымен бұрымын тарқатып қастары дірілдеп көздерін төмен салады. Құтқарушым, табынушым өзіңсің дейтіндей. Әшірбектен ұйқы қашты. Дөңбекшіп жата алмай тәтті бір түс көрген адамша қараңғы үйде төсек үстінде мең-зең боп отырды.
Әлгінде төсек салып жүрген Зайдашқа емеурін білдірген:
– Сіз бір үміт жібін жалғайтын сөз айтсаңыз, бүгін өмірімде көрмеген тәтті түс көріп ұйықтайтын шығармын, – деген Әшірбек.
– Әлсіз үмітті қуатындай осал жігіт сияқты емессіз ғой, – деді Зайдаш еркін әзілдеп. Есіктен шығып бара жатып “Түс көріңіз” деген күлімсіреп.
Әшірбек ақыр ұйықтай алмасын білді. Япырау, бұл не? Тұрып жеңіл киінді де көрші үйге келді. Сыртта тұрып тың-тыңдады. Төлеубек пен Қабден жарыса қорылдайды. Жүрегі дүрсілдеп есіктің тиегін әрең ағытуға мұршасы келді. Оң жақтағы төсектен – бұл кім-әй – деген әйел дауысы естілді.
– Зайдаш, мен ғой, – деді Әшірбек ентіге сыбырлап.
Зайдаштың даусы қатты-қатты шықты. Әшірбек ұяттан өртеніп, жалбарынып барады. Алға аттай бере Қабденнің аяғына сүрінді. Қабден былдырлап сөйлеп аунап түсті. Әшірбек демін ішіне тартып екі аттап тысқа шықты. Қабденнің булыға, ұзақ жөтелгені естіліп, сырт етіп есіктің тиегі салынды. Ояна кетсе түсі екен.
* * *
Таң қылаң бере атқа қонған екеуі жолсызбен тау-тасты асып, тоғай жағалап, жақпар тас, тік беткейлерді айналып тынымсыз жүрді. Таңертеңнен бері ләм-мим деп тіл қатпаған Әшірбектің қабағында реніш бар. Сіркіреп өткен ақ жауыннан кейінгі салбыраңқы далаға көңілсіз қарап ауылға жеткенше үнсіз түнерумен болды.