Блоги
Жазушы Серік Асылбекұлы
Жазушы Серік Асылбекұлымен алғаш рет баспадағы қызық жағдайда танысқаннан бері қарай арада қырық жылдай уақыт өтіпті. Осы бір адамның өміріндей ұзақ мерзім тек қана заулап аққан жылдар ғана емес, ештеңеге бағынбайтын тегеуріні қатты өмір деген қызық та қиын сынақтың бір өтпелі кезеңі екен. Шамасы 1983-84 жылдардардың шамасы-ау. Атақты «Жалын» баспасында жас жазушылардың «Арман қанатында» атты жинағы шығып жатқан. Мәшіңкеге басылған әңгіменің әлдебір данасын осында тапсырғаннан кейін арада біраз уақыт салып не болғанын білуге келдім. Әлгі үкілеп әкелген әңгіменің жағдайы мүшкіл боп шықты. Кітаптың редакторы жас жазушы Нұрғали Ораз екен. Енді оқу бітірген жас жігіт. Мен де кәртейіп тұрғам жоқ. Сол кезде 25-26 дағы уағымыз. Менің жазғаным Нұрғалиға ұнамапты. Әрине қызметтегі адам. Қолында тұр. Қалай айтса да ресми көзқарасын білдіреді. Тағы да баяғы кейіпкер мәселесі алдан шыққан. Кейіпкеріміздің әрекеті Нұрғалиға түсініксіздеу екен. Оқудан белгісіз себеппен шығып ауылға келген жас студент. Оңаша, оқшау. Өзімен-өзі. Өмірлік әлдебір сұраққа жауап таппай іздеп жүр. Нұрғали айтады студент болса ауылға келген соң туыстарын аралап, достарымен қыдыруы керек деп. Мен айтам ол оқудан шығып қалса қалай қыдырады деп. Сөзіміздің аяғы ашық пікір таласқа айналды. Сөз реңі болмай бара жатқан соң –мұны білетін адамдар оқыған сияқты еді,–деп әлгі адамдардың атын айтсам тоқтайтын Нұрғали жоқ.
– Маған десе Олжас Сүлейменов оқысын,–деп қарап тұр. Үстінде қыры сынбаған кәстөм-шалбар, мойнында сықиған галстук, жолақ түсті көйлегіне қылау түспеген.
Бұл сөзден кейін ары қарай бірдеңе айтуды артық санап, –жарайды онда қайтарып алайын,–дедім. Ол мұндай шешімді күтпесе керек әлі кітаптың талай қаралатынын, қолжазбаны әлі де қалдыруға болатынын айтты. Сұрақ тудырып тұрған нәрсені қалдыруды артық санап әңгімені қайтарып алдым. Біз салқын күйде тарастық. Бірақ арамызда бұған бола араздық, айта қаларлық реніш болған жоқ. Сонда да қайбір жақсы дейсің, кетуге жиналып баспалдақпен түсіп бара жатыр едім, таяу жерде тұрған бөтен бір адам мені қасына шақырды. Таяп келгенде өзін таныстырып жөн сұрай бастады. Мен қайдан келгенімді айттым.
– Сенің мінезің маған ұнады. Солай болу керек. Жазушы өзінікі жөн десе дәлелдеуі керек. Дұрыс істедің. Мен осында қызмет істейтін Серік деген ағаң боламын,– деп өзін таныстырып өтті. Әңгіменің шықпай қалуы қатты ренжи қоятындай шаруа емес. Әрине шығып жатса жақсы. Түсінбей жатса, кей жері шикі болса қайтқаны да жөн деп әлгі жерде өз-өзімді жұбатқан болдым.
Бұл таныстықтан кейін жазушы Серік Асылбекұлының жазғанын жібермей оқитын кәдімгі көп оқырманның біріне айналдым. Қалам ұстап жүрген жазушы атаулының да не қилысын жолықтырасың. Адамның бәрі бір қалыптан шықпайды. Әркімнің өз қалауы, білім дәрежесі, деңгейі бар. Жазушы Серік Асылбекұлы деңгейі биік, таланты мол, талғамы өзгеше қаламгер екенін әрбір жаңа шығармасымен қазақ оқырмандарына танытып келе жатқан қаламгер. Әдеби ортада ол өзінің биік талабымен, үлкен-кішіге бірдей қарайтын қарапайым мінезімен кішігі аға, үлкенге іні бола білді.
Жазушылық кәсібі өзге нәрсеге ұқсамайды. Үнемі бір деңгейде, сол жеткен биіктен төмендемей өту жазушы үшін үлкен сын. Оқырман алдында жауапкершілік сезінген адам үшін мұның жүгі еселеп артады. Сәкең осындай сынды сезіне біледі. Қашан көрсең жұмыс үстінде. Үнемі жаңа тың белестерге ұмтылу ол үшін жазудың серті сияқты. Әдебиетті ойлағанда айналаңа көз саласың. Қыртыс-қатпары көп биік таулар сияқты, менің қойны-қоншымда әлі талай қазына бар деп шақырып тұратын өңірлер болады әдебиет өлкесінде. Оны аралап шыққанша талай ойларға беріліп, табиғатының әсемдігіне, құпия сырларына үңіле көз саласың. Міне, бұл өз әлемі бар жазушыға тән қасиет. Онымен сырласуға да, сөйлесуге де, кітабымен оңаша қалып дем алуға да болады.
Кезінде сол кішкене ғана сөзбен демеу берген Секеңнің кішіпейіл мінезінен ешқашан өзгерген емес. Есейе, жетістікке жете келе соған марқайып, өзінің баяғыда кім болғанын ұмытып қалатындар бар. Жүре келе ондайлар түрлі мінез тауып жұртқа күлкі боп жатады. Жазушы Серіктің бұған уақыты да жоқ. Әдебиетті ойлайды. Осы таныс болған қырық жылдай мерзімде Сәкеңмен әрбір кездесуіміздің өзіндік қызық сәттері болғаны мен үшін қымбат. Алғашқы кездесуден кейін көп өтпей елімізге белгілі әдеби «Жалын» журналына әңгімемді жарыққа шығарған Сәкең – Сен енді жазушысың,–деп қолымды алып, журналдың әңгімем жарияланған бір данасын ұстатқанда өзімді үлкен бір шаруа тындырып, әдеби сыйлық алғандай болып едім. Әрине, жай ғана сөйтіп еді деп те айта салуға болар еді. Жазушы Серік өйте салмайды. Ол қаламды құрмет тұтады. Қалам ұстаған адам ол үшін қасиет дарыған ерекше жан. Сол себепті өзі сүйсінген оқиғаға өзгеше назар аудара қарайды.
Шын сырымды айтайын. Менде әу баста жазушы болайын деген ой болған емес. Классикалық әдебиетпен жақсы таныса келе біздің газет журналда шығып жүрген нәрселер ондай талапқа мүлде сәйкеспейтінін байқайтын едім. Әдебиет мәшинесі жолдан шығып кетіп, сара жолға қайта түсе алмай жүрген сияқты көрінетін. Сөйтіп, көрген оқиғаларды жазушы осылай жазу керек қой деген оймен қағазға түсіретін болдым. Бір қызығы менің жазғандарым танымал, үлкен жазушыларға көрсеткенде бірден ұнайтын да, газетке апарсам бір бұрышта басылмай қала беретін. Газетке лайықтап жазу үшін қалай өзгертпедім десеңші жазу мәнерімді.
Маған мақтау айтқандар– осы стилің жақсы, өзгертпе,–дейтін. Ұмытып барады екем –Жоғары көңіл күймен сен енді жазушысың,– деген Сәкең, –сенің әңгімеңді жұмыстағыларға дауыстап оқып бердім,–деп қосқан. Бір қызығы бұл әңгіменің мықты екендігіне өзім де әлі күнге күмәнмен қараймын. Ол туралы еш жерде аталған емес. Сәкең бірдеңені байқаса тегін болмағаны ғой,–деп қоя салғам.
Жалпы менің байқағаным Серік Асылбекұлы мақтауға тым сараң. Өз басым 50-60 жасқа толған арнаулы жиынға шақырғанда да, «Қалғұты» атты жинағымның тұсау кесерінде де оның аузынан пәлендей мақтау сөз шыққан жоқ. «Өмірден алып жазады. Әңгімелері оқылады» деген сияқты сөздер ғана. Сәкең бірдеңе айтса оны әбден дәлелін келтіргенше сөйлеп жеріне жеткізіп тастайды. Қарапайым жазудың артықшылығы неде, шеберлік көрсету үстінде жазушы қандай тәсілдер қолданған деген сөздермен ғылыми баяндама жасағандай сөйлегені есімде. Сонда ойлаймын алғашқы әңгіме шыққанда мен туралы Секең қандай сөздер айтты екен деп. Өзім де білгім келеді. Сұрауға ыңғайсызданамын.
Баяндама демекші, жазушы Серік Асылбекұлының Әдебиет институтында өткен докторлық диссертациясын талқылауға ойда-жоқта қатысқаным бар. Қызметке келгенімізге көп болмаған, енді жұмысқа үйрене бастаған кез. Мүмкін болса бір жерінде пікір білдіріп қолдайын деп ойлап ем. Сөйлемек түгіл маңына жолай алмадық. Ылғи әдебиет білгірлері, ғылыми атағы бар, ыңай мен сығайлардың арасында Сәкеңе қиын болатын шығар деген ой бекер екен. Қойылған сұрақтарға ұтымды жауаптар берді. Қазақ повесінің даму жолына арналған жұмысының көлемі де мазмұнына сай. Әдебиет жайлы білімнен мол қазына жиған қаламгер білгенін жастармен бөлісіп жоғарғы оқу орнында студенттерге білім беріп жүруі оның әлі де өмірге құштарлығын, рухани жағынан жастығын танытады.
Егер Сәкең бір нәрсені ұнатса оған барлық ынтасымен беріле кіріседі. Әдебиетте талмай еңбек еткен қаламгер көптеген әңгімел, повес жазып, оқырманға сүбелі кітаптарын ұсынды. Енді роман жазатын шығар деп жүргенде бұрынғы дағдымен пьеса, драмалар жазып, театр сахнасына жаңа заманның геройларын шығарды. Әлгі кейіпкерлердің Сюзанна, Мадрид деген есімдеріне қарап осыны бір есеппен істеді-ау. Әйтпесе соларға қоятын қазақ есімдері құрып қалды деймісің деп ойлап қоятыным да бар.
Кезі келгенде айтып қоюдың ешбір сөкеттігі жоқ, жазушы Серік Асылбекұлының желтоқсан жайындағы пьесасы соңғы отыз жылдағы ең таңдаулы драмалардың қатарынан орын алады десек оған білетін қаламгерлер таласа қоймас. Бір тақырыпқа әңгіме жазу, одан соң оны пьесаға айналдыру М.Әуезовтің кезінен бар дәстүр. Сол дәстүрді Сәкең «Қазақша ашылып сайрау» деген пьесасында сәтті қолданды. Осы әңгіме мен пьеса қазірге қазақ қоғамының ішкі сырын ашып көрсеткен өз қатарындағы ең сәтті туындының бірі десек қателеспейміз. Ішкі сырын кімге айтарын білмей, қоғамдағы әділетсіздіктен жапа шеккен адамның рухани күйзелістері көрерменге ой салады. Бұл дегеніңіз біздің бүгінгі тіршілігіміз ғой. Өз халқының мұң-мұқтажын жүрегімен сезініп, оны көркем туындыға айналдырып, елге ой салған жазушы дүниедегі ең бақытты адам.
24.10.2021