Қазақтың Ақбаяны
Мәдина Ералиева – қазақтың күміс көмей әншісі ғана емес, талай бойжеткеннің ән әлеміне еніп, әнші болсам деген аяулы армандар ұялата білген ұстаз еді.
Мәдина Есмалайқызы Ералиева 1954 жылы тамыз айының екінші жұлдызында Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Күміс көмей әншіміз тірі болғанда бүгінде елу тоғызыншы жазын атап өтіп, немере қызығын көретін ақ жаулықты әже атанушы еді. Әнші 1974 жылы Қызылорда педагогика училищесінің музыка бөлімін, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының музыка факультетін бітірген. 1978 — 84 жылы Әдебиет және өнер институтында қызмет істеді. 1985 жылдан өмірінің соңына дейін Алматы облысы филармониясының жетекші әншісі болды. Өнер әлеміндегі аз ғана ғұмырында үлкен белестерді бағындырған жұлдыз 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алған.
Мәдина апамыздың қайталанбас өзіне ғана тән әншілік мәнерімен, өзіндік орындау ерекшелігімен, нақыс-бояуымен дараланатын «Күрең күз», «Кірмеші жиі түсіме», «Ақбаян», «Жылқы ішінде ала жүр», «Сағым жылдар» сынды әндері халық жадында сақталып, ел аузында әлі күнге дейін шырқалады.
2013 жылдың наурыз айында Сыр елінің тумасы марқұм Мәдина Ералиева жайлы кітап жарық көрді,. «Қазақтың Мәдинасы» атты туындының авторы - журналист Рауан Тұрғантай. Жинаққа «қазақтың Ақбаяны» атанған күміс көмей әнші М. Ералиеваның шығармашылығы мен отбасы жайлы естеліктер топтастырылған.
Көне көз қарияларымыз Мәдина Ералиеваны қазақтың «Ақбаяны», «Ақ еркесі», «Аққозысы» деп атап жатады. Расымен де солай. Оның есімімен, оның бейнесімен бірге ақ сөзінің ілесіп жүруі заңды құбылыс. Неге дейсіз бе? Сыр мен сымбатқа толы әншінің ең жақын құрбысы Зекеш Жұматқызының мына естеліктері сауалымыздың жауабы болады: «Мадина мен үшін сырлас, мұңдас құрбы ғана емес, ақылшым еді. Ол достыққа қандай адал болса, адамдарға да сондай сенгіш болатын. Адам баласының қайраттысы десем қателеспейтін шығармын, олай дейтінім, ол әйел затына тән сұлулық пен нәзіктікті бойына үйлестіре алған асқан сезімтал жан бола тұра, соншалықты дәрежеде ерекше қайратты, шыдамды еді. Мен оның өмірге деген құштарлығына қызығатынмын. Қашан болсын күліп, жарқырап, айналасына нұр шашып жүретін. Әрдайым «Әйел қашан да қанша жаста болса да сұлу болуы керек» дейтін. Құрбылар болған соң бір-бірімізге кеңес беріп жатамыз ғой. Ол Мәкеш екеуміздің әдемі болып жүруімізді қалайтын. Айналасындағы адамдардың жақсы істерін көре білетін, өзгенің қуанышына ортақтаса алатын, кеңпейіл еді. Әрине, Мәдинаның бойындағы жақсы қасиеттерін сөзбен айтып тауысу мүмкін емес шығар. Бүгінде оның бейнесі бізге ертегідегі ханшайымдай көрінеді. Амал не, ғұмыры қысқа болды. Бізге қарағанда өнер иесі ретінде оның арқалаған жауапкершілігі екі есе көп болды ғой. Соған қарамастан ол отбасында да өзінің әйелдік болмысын өте жоғары ұстайтын. Үйіне қашан барсаң да жарқырап тұратын. Сондай таза, тиянақты еді. Киімді де аса бір талғампаздықпен киетін».
Осылай еліктей еркелеп жүрген аруды ажал бір күнде құшағына ала салды. Мәдина қайтыс болған күні табиғат та өзі секілді жұмсақ болып, ақ ұлпа қар жауып тұрған. Марқұмның жамбасы жерге тигеннен кейін қардың жаууы да басылады, араға жеті күн салып, әншінің жетісі өткізілген күні тағы да сондай әдемі қар жауады да, қырық күн бойы жер қара болып тұрады. Алтыншы қаңтар күні Мәдинаның қырқы берілгенде ғана жер ақ көрпеге оранған...
Ән салса, таңдайынан бал тамған қазақтың ерке әншісі марқұм Мәдина Ералиева ғұмырының соңғы жылдарында «Күрең күз» әнін шырқаған болатын. Халық жүрегінен орын таба білген бұл әнмен дүлдүл әнші Мәдина өмірімен қоштасқандай болды. «Күрең күз» әні ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған. Авторы - күйші, әнші-сазгер, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Дәукенова.
Табиғат сүйген, сахна сүйген, халық сүйген Мәдина Ералиеваның есімі біздің жадымызда мәңгі қала бермек. Туған күніңмен, «қазақтың Ақбаяны»!
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
massaget.kz