Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Аққу қанат аппақ қыз

Blogs

21.01.2022
3623

Аққу қанат аппақ қыз

Қарсы алдымда ақ бұғақты, жұлдыз көз Зүлфия Исақызы сабырлы үнмен бірде сәл жымиып, бірде мөлдіреген көз жасын төгіп әңгімелеп отыр.

 * * *

Әкем Иса Қашқынбаев 1889 жылы Орал облысы, Лбищенск уезінің Қурайлы болысындағы № 3-ауылда туған. Ол он бір жасында Қарасу - Шалқар облыстық метебін бітірген соң, 1903 жылы Орал әскери-реалдық училищесінде оқып, оны 1910 жылы аяқтайды. 1912 жылы Орынбор оқу-ағарту округінің сынақ комитетінде латын тілінен ерлер гимназиясының 8 класы көлемінде емтихан тапсырады. Осы жылы Москва университетінің медицина факультетіне документін өткізгенде Орал облыстық басқармасы Орал облыстық земство жанынан стипендия тағайындайды.

Бірақ Исаны Москва оқуға қабылдамайды да, Қазан университетіне түседі. Университетте оқыған кез бірінші дүниежүзілік соғыспен тұстас келген, ол қаражаттан таршылық көрмеуді ойлап жазғы демалысы кезінде Уфим губерниясына барып ақша табуды көздейді. Онда А.С.Пушкиннің досы барон Дельфигтің поместьесінің шаруашылығына жалданады. Дельфиг өте ұқыпты әрі әділ, тындырымды, не істесе де дәлдікті ұнататын кісі екен. Әкеме оның ақсүйектік қасиеті қатты ұнап, өзіне үлгі тұтады. Ол Ғ.Тоқаймен де өте тығыз қарым-қатынаста болған.

Иса университеттен кейін бірден елге оралып, Орал облысында дәрігер боп істейді. Осы кезде «Алаш» партиясындағы біраз азаматтармен жақын болады. Бірақ партия қатарына өтпейді.

1920 жылы Ташкент қаласына келіп, мұсылман балаларын фельдшерлікке дайындайтын мектепті ұйымдастыруға қатысады. Ол 1920-30 жылдары Ташкентте қызмет етіп, Түркістан АССР-інің орта медициналық кадрлар дайындаушы мектебінің негізін салушылардың бірі.

...Төртінші атам Әжібай байдың бәйбіше-тоқалы болған екен, үлкенінің пұшпағы қанамай, кішісі ұл да, қыз да тауыпты.

Бірде бәйбіше сыртта отырып тоқалдан туған ұлдың сүйріктей тұлпарды қинап жатқанын көріп: «Ей, оның қалай, жануарды неге қинайсың?», - десе, бейауыз ұл үлкен айтты-ау демей: «Онда сенің нең бар, қай ұлыңа мінгізбексің?» - деп шақ ете қалады.

Жұдрықтай бала жүрекке қанжар сап, тұлдығын бетке салық қылғанына қорланған әйел пәуескіге парлап ат жеккізіп, бақсыдан бақсы қоймай, әулие-әмбиенің басына түнеп, ұл сұрап, зар еңірейді.

«Шын сұраған тілек қабыл болар» дегендей бәйбішенің көл боп төгілген жасын Алла елеп, аруақтар аян беріп: «Ұлды боласың, бала туған соң жылқышылар қосының түңдігінен өткізіп, табынды үш рет айналып, мал иесі Қашқынбай деп үш рет айқайлаңдар», -дейді.

Міне, сол әжем Алладан тілеп алған Қашқынбайдан болыс болған Таумыш туады. Менің атам есіктен еңкейіп әзер енеді екен, сондықтан азан шақырып қойған аты өзгеріп, Таумыш атанып кетіпті.

Бәйбішеден туған ұлдан тұқым өспейді. Исадан үшеу тудық. Мен 1927 жылы мамыр айының 2-ісінде дүниеге келердің алдында әкем ұйқыдан оянып: «Аққу келіп жанасып, қанатымен бетімнен өбіп өтті. Алла жеткерсе, ақ қанатты аппақ қыз дүниеге келіп, менің бақытым сонымен ғана байланысты болар», - дейді. Менен кейін сіңлім Әнел, інім Арыстан туды. Бірақ...

1939 жылы әкем ұсталардың алдында Әнел ауырып қайтыс болды. Оны түн ортасында ұйықтап жатқанымызда ұстауға келгенде, есім кіріп қалған кез, астан-кестеңін шығарып тінткен үйдің ортасында ұйқылы-ояу қалпымда қатып қалғандай күй кештім. Әкеме ұйқыдағы Арыстанын бір иіскеуге де рұқсат жасамады. Ол еріктен айырылған, сорлы анама бір, маған бір жалтақтап, тіл-ауыздан айырылғандай сұп-сұр боп кете барды.

Анам Мәдина күйеуінің қайда екенін білуге ертеңіне-ақ әркет жасаса да, түк біле алмады. Сәл кейінірек Колымаға жөнелтілген, сонда қаза тапты деген мәлімет берді.

Әкесі ұсталғанда Арыстан 5-те болатын. Аулада бірге ойнайтын қатарлары, бала бақшада тәрбиеші: «Фашистің баласы хан сарайындай үйде тұрады», - деген сөзді кішкене жүрегіне түйіп, бірде: «Апа, мына үйден кетейік, кішірек үйде тұрайық», - деп қиғылық сап жылады. Шешем оны қалай алдарқатса да тыныштандыра алмаған, ұлын Самарқандтағы сіңлісіне апарды. Өзі Ташкенттің медицина институтын бітіруге таяп қалған, өйтпеске амалы жоқ. Ал Самарқандқа уақытша барған Арыстан ондағы суық үйден ауырып, көп ұзамай қайтыс болды. Анам екеуміз еңіреп қалдық.

Анам Мәдина Жансұлтан Сейдалиннің, әжесі Зора атақты Жантөре сұлтанның қызы. Тәрбиелі Мәдина өте биязы, сезімтал жан еді. Бала болсам да байқаймын қайғыдан қан жұтқан оның мінез-құлқы өзгеріп сала берді. Баласын, күйеуін жоғалтып күйінген бейшара жазылмайты ақ қан ауруына ұшырағанын, ешкімге білдіртпей өзін-өзі өлтіруді ойлағанын жақын сіңлілерінің біріне айқтанын құлақ шалғанда зәре қалмады. Дәп солай болар ма еді, егер Алла жарылқап әкем тоғыз айдан соң түрмеден оралмаса.

«Алаш» партиясында болдың» деген айыпты растау үшін қинаудың не бір сорақы түрін (көтеншекке тісте ағаш жүгіртуді) қолданғандғандар мойындата алмай ақыры тоғыз айдан соң босатыпты.

Ол оралғанда ұйықтап жатқанбыз. Есіктен кіре бере мені бас сап сүйіп, Арыстанның төсегіне жете бере кілт тоқтады. Сыртында тұрған анам қайғылы қазаны ақырын жеткізген, аһ ұрып отыра кетті. Дәл түсіндегідей, маңдайына басқан жалғыз қызы - соңынан ерді.

Анам ауруынан айықпады. Сонда да Алладан «ая-қолы жоқ болса да нәресте бере гөр» деп тіледі. Онысы пендешілік шығар, ауруы асқына түскен-тін.

Түрмеден жүдеп-жадап оралған әкенің сағы сығыңқы болса да, онысын сездірмеуге тырысады. Кейін ержеткенде онымен бірге отырғандардардың бірінен естігенім: «Біз «жолдастар» емес, адамдармыз. Ұлы адам бәріне шыдауға тиіс», - деп Батыстың ұлы ойшылының сөзін мысалға келтіріп, өздеріне беретін сабын, қара наннан кептіріп шахмат жасап, айналасындағылардың рухын түсірмеген екен.

Әкемді ординаторлық клиникада істеп жүрген жерінен 1942 жылы соғысқа алып, жылжымалы госпитальде дәрігерлікке тағайындады. 1944 жылы Сталиннің «ерекше сабепке байланысты ғана» деген рұқсат жарлығына сәйкес ізденіп, бізді қасына алды.

Сөйтіп, біз 1944 жылы Макеевтен соң Қырымда болдық. Оған осында Қызыл Армияның 1-ші санаторийін ұйымдастыру жүктеліп, Гурзув санаторийі құрылып, соны басқарды. Осы кезде Гурзувтен бір күнде шешендерді әкету туралы жарлық болды да, оларды тікенек темір қоршауға жинады. Үй-күйден айырылып, басқа жаққа жөнелтілгенінше қоршауға түсіп соры қайнағандар азан-қазан жылап, ығы-жығыға түсті. Шешем байғұстың сол кіріптарларға түнде еңбектеп барып, нан беретіні әлі есімде. Күзетші аңғарса атып тастайтынын біле тұра солай істейді. Қазір ойласам сондай көзсіз ерлікке не жетеледі екен?..

Гурзувтегі орыстардан басқа халықтардың бәрі қуылды.

Біз 1945 жылы Алматыға келдік. Әкем осында ашылған әскери госпитальді басқарды. Күн сайын халі нашарлап ауруханада жатқан анама жаным ашыса да шарасызбын. Нәр татпай арса-арсасы шыққан оған бірде екі лимон сатып әкеліп:

- Апа, осының дәмін татшы, өте пайдалы, - деп қиылдым, ой - қалай да бірнәрсе жегізу.

Ол риза боп, езу тартты да:

- Сәл кейінірек балам, - деп тығып қойған, сөйтсем ондайды жеуге болмайтын көрінеді.

... Күндегі әдетпен Маяковскийден өлең оқи бстадым. Ол бұл ақынның өлеңдерін ұнатпайтын, бірақ үнсіз тыңдаудан жаңылған емес. Сол күні: «Зүлфий, сен мені Маяковскийді сүюге үйреттің», -деп езу тартты. Бұл соңғы жымиюы екен. 1945 жылы қаңтардың 22-ісінде 36 жасында көз жұмды.

Мәдина жұбайынан мүшел жас кіші болатын, күйеуі сыңар қалды. Көп нәрсені ұғатын шамада емеспін. Бірде әке бетіндегі далаб дағын көріп, жан дүниенің астан-кестеңі шықты. Ол мінез құбылысын сезіп, түсіндіруге тырысқан, дегенімнен қайтпадым.

Мектепті үздік бітірідім. Анам өтерінде «жалғызыңды алысқа жіберме» деп өтінген. Мен әкемің оралдық Ғабдулхаким Бөкейхановтың жесірі, екі қыз, бір ұлдың анасы София Дәулетшахқызына үйленетінін мойындай алмай Москва мемлекеттік университеті шығыстану бөлімінің философия факультетіне түсіп, сыртқа кеттім.

Ол кезде Иса әуелі Ташкенттің әскери госпиталін басқарды да, кейін жастардың дәрігерлік білімін жетілдіретін институтта істеді. Математикаға жетік, латынша, немісше, орысша жақсы білетін, кіммен болса да тез тіл табысқыш. Ташкентке 1942 жылы жер аударылып келген Ленинград консерваториясының доценті Михаил Борисович Брохэс отбасындағы алты жан бізбен бірге тұрды. Ол кейін еліне қайтып бара жатып Москвадағы досы, атақты Вертинскийге соғып, сонда оқып жүрген мені қонаққа шақырды. Вертинскийдің әйелі өте сұлу екен. Ал ол кезде белгілі актрисалар А.-М.Вертинскаялар тым кішкене еді.

1947 жылғы демалыстың бірінде бірге оқитын орыс қыздарымен бірге билет алуға кассада тұрдым. Бұл студенттердің жан-жақтағы еліне баратын кезі, адам иін тіреседі. Билетттің жететін-жетпейтіні белгісіз, әжептеуір алдағы орыс жігіті бізге де ала салуға тілек білдірді. Қуанып, келісе кеттік. Сөйтіп, аяқ астынан Сергей Александрович Коротковский деген адвокат жігітпен таныстық. Ұлты еврей екен, шебер қолдан шыққандай көркіне қара да тұр. Қасымдағылар оны бірден «бақытты принц» атап, телефонын жазып алды. Кейін демалыстан келгенде араласа бастадық.

Қалай да тартыншақ қазақ қызы емеспін бе, бірге қыдырғанда өзгелердей емес салқынмын. Бірақ көңіл маған ауған. Ол сүйетінін айтып, үйленуге өтініш білдірді. Менен бес жас үлкен, аса бақуатты отбасынан.

Жастық үкідей үлпілдек болған соң, сұлу жігіттің қалауы алабұртпай қояр ма?.. Сонда да ойландым... «Исаның қызы орысқа тиіпті». Ағайын-туыстың шуы көкіректе топталып, әкеге іштей өкпелі болсам да, оны өсекке жығуға қимай жөнге кеп, бір сәттік сезімді сырып тастауға шама жетті.

«Тәтті, дәмді тамақты ұнататын жалғызымның қарны ашып қалады», - деп тамақты теңдеп арттыратын қайран әке 1948 жылы 12 мамырда, 59 жасында қайтыс болды.

Иса соғыста жараланған солдаттарға операция жасап жүріп, ерекше бір құбылысты байқайды. Ол - бұрын ағзадағы аурудың ешбір емсіз жазылып кетуі. Сол жайында «Соғыс жылдары адам ағзасындағы жарақаттың өз-өзінен жазылып кету себептері» (Язвенные болезни в период Отечественной войны») деген ғылыми еңбек жазған. Соны қорғамақшы еді, бірақ Алла жазбады. Еңбегін Ташкенттегі Симашко атындағы институттың профессоры Давид Аронович Коганнан қайтарып ала алмадық.

Оқуды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік болмай, төртінші курстан Алматыдағы шет тілдер институтына ауыстым. Мұнда әкемнің жалғыз қарындасы, медицина институтының доценті, хирург Сара апай бар, ол осылай істеуге ақыл қосты.

Оқуды бітірген соң, Москваға аспирантураға баруға дайындалып жүр едім, немере ағаларымның бірінің досы, Алматыдағы тау-кен институтын бітірген Мінайдар Рамазанұлымен танысып, тұрмысқа шықтым.

Ол екеуміздің барлық саналы ғұмырымыз Ташкентте өтті. Мен алғашқыда политехника институтында мұғалім боп, кейін Ғылым академиясының шет тілдер бөліміне ауыстым. Мінайдар Өзбекстан Орталық комитеті жанындағы машина жасау өнеркәсібі саласы бойынша бөлім бастығы болды.

Қызмет дұрыс болғанымен арада бала жоқ. Қайынсіңлімнің Мәди атты ұлын асырап алдым. Күйеуім жайлы сұрағандарға бақыттылығымды айтып: «Ондай әйелін сүйетін еркекті іздеп табу мүмкін емес шығар», - деп мақтанамын. Тегімді құрмет тұтатын, өзімді мәпелейтін жанның бір қалтарысы боларын кім ойлаған. Жылда жаз сайын мен Қырымда, Мінайдар Сочиде дем аламыз. Көңіл тоқ, қалауымызша жүріп-тұрдық.

Бір күні жұбайымның басқа біреумен әуейлігі жайлы сыбыс жетті. Сенер-сенбес, дал болдым. Сұрастыра келе еврей сұлуына айырбасталыппын. Растығына көз жетіп, қиғылық сап, айырылысуға бел будым. «Тілегенге - сұраған». Күйеу қарсы келмей келісе кетті.

Алматыдағы Сара апама хат жазып, жағдайды айтып, таяуда баратынымды хабарладым. Ол кісі ақылмен жауап жазып: «Қызбалыққа салмай жөнге кел, сен әлдекім емес Исаның қызы емессің бе?..» - деп намыс қайрады.

Ойланып қалдым... Шынында да мен Исаның қызы емеспін бе?.. Ел-жұрт «байы тастап кетіпті» деп жар салмай ма!.. Кесімді райдан кілт бұрылып, бақты қолдан бермеуге кірістім.

Алла ақ ниетті қабыл алған. Отыз бесте Серік, одан соң Мұрат, Болат атты ұлдар туды. Үшеуі де жоғары оқу орындарын бітірді. Бес немерелі болдық.

Алматыға 1984 жылы келдік. Мінайдар осында Түсті металлургия министрінің орынбасары боп жүріп, 1998 жылы қайтыс болды. Көз жұмар алдында кенжесі Болаттың дүниеге келген ұлына қандай қуанды десейші, Ермек деген атын да өзі қойды.

Бір кіндіктен жалғыз еді, соңында сегіз кіндік қалды. Әкеден жалғыз едім - соңымнан балапандар ерді. Ене қолда, 100-ге толуына екі-ақ жыл қалды.

Қазір көп әйел алу жайлы әңгіме жиі естіледі. Кей жағдайда қосақтауға тура келетін себеп те болар. Бірақ адамды жаратушы Алла Адам Атаға серік етуге бір-ақ жарды қиды емес пе?! Ендеше Алланың еркін адам түзете ме?.. Біз сияқты етек-жеңі жиылмаған халықтың көздегені, көкей тесетіні бір-ақ мәселе болуы керек ғой, ол - саналы ұрпақ өсіру. Әйелдің де, еркектің де бар мақсат-мүддесі сол жолға арналғаны абзал.

Бірде әкеме балдыздарының бірі: «Кешегі хан тұқымдарының бәрін бүгін революционер дейсіздер. Оны қалай түсінуге болады?» - деген еді. Сонда жымиып: «Оның не түсінбейтіні бар, егер қызылдың бетін тырнасаң, ар жағынан бәрібір ақ шықпай ма, -деп күлген. Сол жауапты бүгін дәлелдеген сияқтымыз. «Қызыл империяның» бояуы қанша қанық болса да, әр халық өз түбін айқындады.

Ендігі бар тілек: Әкелердің аққу қанат аппақ қыздарының ақ сезімі, аяулы жаны қаяуланбаса екен.


Share:      
Leave a comment: