Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
Бұралқы ит

Blogs

06.03.2019
7262

Бұралқы ит

Бұралқы ит

 

(әңгіме)

 

Садеқ ҺЕДАЯТ

 

Варамин алаңында қарын тойдыру мен өмір сүруге қажет нан, ет, дәрі-дәрмек сататын бірнеше кішігірім дүкен мен екі кофехана және бір шаштараз орналасқан. Алаңдағы адамдар аптап ыстық астында жартылай күйіп, жартылай қақталып, кештің алғашқы самал желі мен саясын армандады. Жанды-жансыз қимыл-қозғалыстан қалған. Ыстық күн бәрінің еңсесін түсіріп, көгілдір аспанның жүзін шаң-тозаң көлегейлеп, оған жеңіл көліктердің дамылсыз қозғалысы қосылып, ауа қарақошқыл түске енген.

 

Алаңның бір шетінде ортасы шіріп кеткен кәрі шынар ағашы бар-ды. Ағаш тырмысып, өзінің қисық, қыңыр бұталарын шамасы жеткенше алысқа жайған екен. Шаң басқан жапырақтарының саясына үлкен әрі кең сәкі орнатылған. Сол жерде екі бала әндетіп, сүтке піскен күріш ботқасы мен асқабақ пістесін сататын. Лай аралас су кофехананың жанындағы арықпен әрең дегенде сүйретіліп ағып жатыр.

 

Назар аудартатын жалғыз ғимарат – жарықшақтанып тұрған цилиндр тәріздес пішінінің жартысы мен сүйір ұшы көрініп тұратын әйгілі Варамин мұнарасы. Оның жарылып кеткен кірпіштерінің арасына ұя салған торғайлар да аптап ыстықтан жым-жырт күйге еніп, мүлгуде. Осынау тыныштықты ауық-ауық естілген иттің аянышты үні тілгілейтін.

 

Бұл аузы сұр, құдды балшықта жүгіріп, сонан соң оған көк шөптің нілі сіңгендей, аяқтарында қара теңбілдері бар шотландық төбет еді. Салпаң құлақты, ұлпадай құйрығы бар иттің жүні кірлеп-ақ кеткен екен. Адамның жанары тәрізді ақылды екі көзі сабалақ жүнінің арасынан жылтырап көрінеді. Оның көзінің түбінен адам баласына тән бір рух қылаң бергендей болды. Көп сырдың ұшығын аңғартатын, бірақ оны түсіну қиын, түпсіз бір нәрсе көзінде толқынданды. Ол не жарық емес, не реңк емес, әйтеуір бір адам сенгісіз, жаралы еліктің жанарынан көрінетін мұң ба екен?... Адам баласы мен оның көзінің арасында ғана ұқсастық болған жоқ, сонымен қатар бір деңгейлестік те бар еді. Мұң-налаға, сағынышқа толы қоңыр көзді тек иесінен адасқан иттің ғана жүзінен байқауға болар еді. Әйтсе де қапалы, жалынышқа толы көзін ешкім көрмейтін де, түсінбейтін де сияқты. Нан сататын дүкеннің қызметшісі ұрып жіберетін. Қасапхананың сатушысы тас лақтыратын. Жеңіл көліктің түбін саялап жата тұрайын десе, жүргізушінің табанына шеге қаққан ауыр етігінің тепкісіне ұшырайтын. Осындай аяусыздықтан кейін күріш ботқасын сататын бала оны азаптап, қинаудан ерекше ләззатқа бататын. Әрбір ауыр азаппен қатар бүйіріне тас тиетін. Иттің қыңсылауымен бірге баланың «харам неме...» деп мазақтап күлген даусы естілетін... Жұрттың бәрі баланың жақтастары сыңайлы. Оны жасырын қолпаштап, қосыла күлкіге көмілетін. Барлығы Алла ризашылығы үшін дегенді желеу етіп, оны ұрып қалуға тырысатын. Олар дін лағынет еткен, жеті жаны бар, нәжіс хайуанды ұруды қалыпты жағдай, сауап санайтын.

 

Ақыр-соңы күріш ботқасын сататын баланың иттің соңына түсіп алғаны соншама, хайуан амалсыз мұнара жақтағы көшеге қашып кетті. Аш болғанына қарамастан, қиналып, су жолын бас сауғалады. Басын алдыңғы екі аяғының үстіне қойып, тілін салақтатып, ұйқылы-ояу күйде алдынан мұнартып көрініп тұрған жасыл алқапты тамашалап жатты. Денесі ауырсынып, екі шекесі солқылдап әкетіп барады. Біраздан соң су жолындағы дымқыл ауаның әсерінен бүкіл денесі ерекше бір рахат күйге енсін. Әртүрлі шөптердің, көгеріп кеткен сыңар аяқкиімнің, жануарлардың өлекселері мен тірі хайуандардың иісі мұрнын тітіркендіріп, сонау бір алыс та алмағайып кезеңдердегі естеліктерді тірілтті. Жасыл алаңға қараған сайын бұла сезімі оянып, өткен күндері жадында қайтадан жаңғыра бастады. Бұл жолғы сезім қатты еді. Құлағының түбіндегі дауыс оны алапат бір күйге бөледі. Ерекше сезімнің әсерінен көгалда шапқылап, асыр салғысы келді. Бұл тұқымқуалаушылық сезім оның шотландиялық арғы тегінен бері жалғасып келе жатты.

 

Тұла-бойының ауырсынғаны соншама, сәл қимылдауға да шамасы келмеді. Денесін дерт меңдеп, ол әлсіздікпен араласып, дел-сал күйге енді. Бір кездегі ұмыт болған, жоғалып кеткен сезімдері қайта бас көтере бастапты.

 

Бұл өмірде әртүрлі міндеті мен жауапкершіліктері бар еді. Өзін иесінің дауысына дайын тұруға, бөтен адам, не бөтен итті иесінің үйінен қуып жіберуге, иесінің балаларымен ойнауға, танитын адамдармен, бөгде адамдармен өзін қалай ұстауға, уақытында тамақтануға, белгілі бір уақытта сыпайы еркелеуге міндеттімін деп есептеді. Енді міндеттерінің бәрінен босады.

 

Бар ісі тек қорқып, дірілдеп жүріп, қоқыстан азық тауып қоректенумен, күні бойы таяқ жеумен шектелетін. Ұлу оның қорғанатын жалғыз тәсілі болатын. Бұрын батыл, өжет, үсті-басы мұнтаздай таза, еркін әрі ерке еді. Қазір қорқақ бір міскінге айналған. Сыбдыр естілсе, я болмаса қасында бірнәрсе қимылдаса, қарадай қалтырайтын күйге жеткен. Тіпті, өзінің даусынан да үрейленетін. Оның енді кір-қоқысқа да бойы үйреніп қалды. Денесі қышыған кезде үстіндегі бүргелерді аулауға да, денесін тілімен жалап тазалауға да зауқы соқпайтын. Өзін қоқыстың бір бөлшегіне айналғандай сезінетін. Болмысында бір нәрсе өлгендей, өшкендей...

 

Осы жәһаннамға түскелі екі қысты бастан өткерді. Қарыны тоя бір ас жемеді, бір рет те болса тыныш ұйықтамады, бойындағы шәһуат сезімі де өшкен сияқты. Басынан сипар бір жан табылсашы. Көзіне үңілген жан болды ма?...

 

Бұл жердегі адамдар иесіне сырттай ұқсағанымен иесінің сезімталдығы, мінез-құлқы мен іс-әрекеттерінің мыналардан жер мен көктей айырмашылығы бардай көрінеді. Бұрын араласқан адамдары оның жан-дүниесіне жақынырақ болатын, оған көбірек қамқорлық жасайтын.

 

Мұрыны сезген иістердің ішінен ұл бала сататын күріш ботқасының иісі басын қатты айналдыратын. Енесінің сүтіне ұқсайтын бұл ақ қойыртпақ күшік кезін көз алдына елестететін. Кенет, бір сәт есеңгірегендей болды. Күшік кезінде енесінің желінінен сол жылы, дәмді сұйықтықты емгені есіне түсті. Енесі жұмсақ әрі мықты тілімен оның денесін жалап, тазалайтын. Енесінің өткір иісі мен сүттің иісі мұрнын қытықтағандай.

 

Сүтке тойған соң денесі балбырап, рахат сезімге бөленетін. Ыстық ағын тамыр-тамырын қуалаған кезде тоқмейілсіп, басын артқа кекжитіп, енесінің емшегінен ажырайтын. Бүкіл денесі маужыраған соң қатты ұйқысы келетін. Бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін еді?! Алдыңғы аяқтарымен анасының үрпісін басқанда сүт ағатын; ұяласының мамық жүні, анасының үні – осының бәрі рахат пен мейірімге толы еді.

 

Ағаш үйшігі мен жасыл бақта ұяласымен асыр салғаны есіне түсті. Оның салпаң құлақтарын тістелеп, екеуі жерде аунап-қунап, асыр салып жүгіретін. Кейін тағы бір серік тапты. Ол иесінің ұлы болатын. Бақтың түбінде соңынан қуалап жүгіретін, үретін, киімінен тартқылайтын. Сол баланы көбірек жақсы көретін. Өйткені, ол бұған ешқашан қол көтерген емес. Әсіресе, иесінің еркелеткенін, қолынан жеген қантын ешқашан ұмытқан емес. Кейін енесі мен ұяласын бір мезетте жоғалтып алды. Енді тек иесі, ұлы, әйелі мен кәрі қызметшісі ғана қалды. Олардың әрқайсысының иісін жақсы ажырататын. Аяқтарының дыбысын да алыстан танитын. Түскі ас, кешкі ас кездері дастарқан маңын айналшықтап, тамақтардың иісін алумен болатын. Кейде иесінің әйелі күйеуінің қарсылығына қарамастан алдына дәмді кесек тастайтын. Біраздан соң кәрі қызметші келіп, оны: «Пат, Пат...» деп шақырып, ағаш үйшігінің алдындағы арнайы итаяғына ас құятын.

 

Иесі Паттың сыртқа шығып, ұрғашы иттердің соңына ілесуіне жол бермейтін. Күздің бір күні иесі үйлеріне жиі келетін екі адаммен жеңіл көлікке отырып жатып, Патты шақырды. Пат оларды танитын. Иесі Патты көлікке мінгізіп, қасына отырғызды. Пат иесімен бірге мұндай көлікке талай рет мініп, сапарға шыққан. Бірақ, сол күні ол ерекше бір сезімнің жетегінде еді. Бірнеше сағаттан соң дәл осы алаңға келіп түсті. Иесі жанындағы екі адаммен мұнараның жанындағы көшеден өтті. Кенет, ұрғашы иттің иісі, Пат іздеп жүрген тұқымдасының ерекше иісі оны ақыл-естен айырды. Жан-жақты иіскелеп, із кесті. Ақырында су жолындағы баққа енді.

 

Күн батар шақта екі рет: «Пат!.. Пат!..» деп шақырған иесінің дауысын құлағы шалды. Расымен соның дауысы болды ма, жоқ, әлде құлағына әбден сіңісті болып кеткен дауысының жаңғырығы ма екен?

 

Алайда, иесінің дауысы оған қатты әсер етті. Өйткені, барлық міндеті мен жауапкершілігін есіне түсірді. Әйтсе де, бөтен бір алапат күш оны ұрғашы итпен бірге қалуға мәжбүр етті. Құлағы сыртқы дүниені естімейтіндей, саңырау болып қалғандай. Бойында дүлей бір сезім оянған еді. Ұрғашы иттің иісінің өткір әрі қатты болғаны соншалықты, басы айналды.

 

Денесі мен ақыл-есі еркіне бағынудан қалды; ерік-жігерден айрылды. Көп ұзамай қолдарына таяқ, күрек ұстаған адамдар келіп, айғайлап, оны су жолынан қуып шықты.

 

Басы айналып, шаршағанына қарамастан Пат өзін жеңіл, рахат сезінді. Өз-өзіне келген кезде иесін іздей бастады. Бірнеше тар көшеден оның әлсіз иісі сезілді. Барлық жерді адақтап шықты. Белгілі бір қашықтықта өзінен белгі қалдырды. Ауылдың шетіндегі күл-қоқысқа дейін барып, қайтып келді. Пат иесінің алаңға қайта келгенін түсінді. Алайда, оның әлсіз иісі басқа иістермен араласып, жоғалып кеткен екен. Шынымен иесінің оны тастап, кетіп қалғаны ма? Бойын мазасыздық пен қорқыныш сезімі жайлады. Пат қалайша иесіз, Құдайсыз өмір сүрмек?! Пат үшін иесі Құдайдай еді. Сол сәтте иесінің іздеп келетініне сенімі мол болатын. Үрейі ұшып, бірнеше көше бойы жүгірумен болды. Онысы бос әурешілік екен.

 

Ақырында шаршап-шалдығып, алаңға қайтып келді. Иесінен еш белгі болмады. Ауылды тағы бірнеше рет айналып шықты. Ақыры ұрғашы итті кездестірген су жолына барды. Бірақ, адамдар су жолына тас қалап үлгерген екен. Пат ырылдап, бақтың ішіне кірмек болып, аяқтарымен жерді тырмалай бастады. Онысынан да еш нәтиже шықпады. Тауы шағылған ол жантайғаны мұң екен, сол замат ұйықтап кетті.

 

Түн ортасында Пат өзінің аянышты дауысынан шошып оянды. Зәресі ұшып, атып тұрды. Бірнеше көшені айналып шықты, қабырғаларды иіскеледі, біраз уақыт сенделіп, қаңғырып, көшеде сергелдең күй кешті. Кенет өзінің қатты ашыққанын сезді. Алаңға қайтып келгенде мұрнына кештен қалған еттің, жаңа піскен нанның, айранның бір-бірімен араласып кеткен иісі келді. Сол сәтте өзін басқа біреудің меншігіне еніп кеткендей кінәлі сезінді. Бұдан былай иесіне ұқсайтын адамдардан нәпақа сұрауы тиіс. Егер оны қуып шығатын басқа бір қарсылас пайда болмаса, ақырындап, бұл жердің билігін қолға түсіру керек. Бәлкім, қолдарында тамақ бар адамдардың бірі оны қамқорлығына алар?

 

Денесін қорқыныш пен діріл билеп, аяғын аңдап басып, енді ғана ашылған нан сататын дүкеннің маңына барды. Жаңа піскен нанның дәмді иісі мұрын жарады. Нанын қолтығына қысып алған біреу оны: «Кел... Кел!...» деп шақырды. Дауысы қандай бөтен еді! Ол Паттың алдына ыстық нан тастады. Пат біраз сезіктенсе де, нанды жеп, оған қарап құйрығын бұлғаңдатты. Әлгі адам нанды сәкінің үстіне қойды. Неге екенін қайдам, ол да жүрексініп барып, Паттың басынан сипады. Соңсоң екі қолымен мойнындағы қарғыбауын шешті. Сол кезде Пат қандай рахат сезімге бөленді десеңізші! Қарғыбаумен бірге оның мойнындағы барлық міндет, жауапкершіліктер мен жүктемелер бір демде алынып тасталғандай сезімге бөленді.

 

Қайтадан құйрығын бұлғаңдатып, дүкен иесінің жанына жетіп баруы сол екен, бүйіріне мықты тепкі тиді. Қыңсылап барып, әудем жерге жылыстады. Дүкен иесі арықтағы сумен қолын жуды. Пат дүкеннің маңдайшасында әлі ілулі тұрған өзінің қарғыбауын таныды.

 

Пат сол күннен бастап адамдардың тепкісі мен бүйіріне тас лақтырып, таяқпен ұрғанынан басқа жақсылық көрмеді. Олардың бәрі мұның қас жауындай оны қинағаннан ләззат алатын.

 

Пат басқа бір әлемге енгенін түсінді. Ол жерде өзін бөтен сезінді, ешкім мұның сезімі мен жан-дүниесін түсінбеді. Сөйтіп, алғашқы бірнеше күнді қиындықпен өткізді. Кейін бірте-бірте үйрене бастады. Көшенің бұрылысының оң жағынан қоқыс төгетін күлтөбе тауып алды. Қоқыстың арасынан сүйек, май, тері, балықтың басы және тағы басқа не екенін ажыратып болмайтын дәмді кесектер табылатын. Қалған уақытын қасапхана мен наубайхананың маңында өткізетін болды. Көзі қасапшының қолына қадалса, дәмді кесектің орнына таяқ жейтін. Осылайша Пат өзінің жаңа өміріне де мойынсұна бастады. Өткен өмірінен тек түсініксіз иістер ғана есінде қалды. Қиналған кездері жоғалтып алған жұмағынан ғана аяушылық сезіп, жанына пана табатын. Көз алдына еріксіз сол кездегі оқиғалар елестейтін.

 

Бәрінен бұрын Патты қинайтыны, оны еркелететін жанның жоқтығы еді. Ол балағат естіген, бірақ нәзік сезімі әлі сөне қоймаған жасқаншақ сәби сияқты еді. Әсіресе, жәбір мен жапаға толы жаңа өмірінде бәрінен бұрын біреудің еркелеткеніне зәру болды. Көзі біреу мені еркелетсе екен деп жәудіреп тұратын. Әлдекім мейірленіп, басынан сипаса жанын қиюға да әзір болды. Пат та өзінің махаббатын біреуге білдіргісі келетін, адалдығын дәлелдегісі келетін. Бірақ, ешкім де оның сезімін көрсетуіне мұқтаж емес сияқты. Ешкім оны қорғаштамайтын. Кімнің көзіне қараса, өшпенділіктен басқа ештеңе көре алмайтын. Адамдардың назарын аудармақ болған әрбір әрекеті олардың одан әрі ашу-ызасын тудыратын.

 

Пат су жолында қалғып жатып, қыңсылап барып, оянып кетті. Қорқынышты түс көрген сияқты. Өзінің қатты ашыққанын сезді. Мұрнына кәуәптің иісі келді. Аштық ішін тырмалай бастады. Ол енді өзінің әлсіздігі мен бақытсыздығын ұмытып, орнынан күштеп тұрып, абайлап, алаң жаққа жол тартты.

 

Дәл сол кезде жеңіл көліктің дауысы естіліп, шаң-тозаңды аспанға көтеріп, Варамин алаңына енді. Көліктен ер адам түсіп, Пат жаққа бет алды. Хайуанның басынан сипады. Бұл адам оның иесі емес. Пат иесінің иісін жақсы танитын. Бөтен адам қалайша оның басынан сипап тұр? Пат құйрығын бұлғаңдатқанымен адамға күмәндана қарады. Әлде, алдап тұр ма екен? Енді оның мойнында қарғыбауы жоқ болатын. Әлгі адам қайтып келді де қайтадан басынан сипады. Пат соңынан ерді. Оның таңданысы ұлғая түсті. Өйткені, ол Пат жақсы білетін бір бөлмеге енді. Ол жерден әртүрлі тамақтардың иісі шықты. Қабырға жанындағы орындыққа жайғасты. Ыстық нан, айран, жұмыртқа және тағы басқа тағамдар әкелді. Әлгі адам нанды айранға шылап, иттің алдына тастады. Пат нанды алдымен қарбыта асап, кейін ақырынырақ жеуге көшті. Қоңыр көзі жалынышты түрде әлгі адамға алғыс айтқандай тесіле қадалды. Құйрығын бұлғаңдатты. Тоя тамақтанудың соңы бұл жолы таяқ жеумен аяқталған жоқ. Өңі ме, жоқ, әлде түсі ме? Әлде, жаңа қожайынның табылғаны ма?

 

Аптап ыстыққа қарамастан, әлгі адам орнынан тұрды да мұнара жақтағы көшеге жол тартты. Сол жерде сәл аялдап, бұрылыстардан өтті. Пат ер адам ауылдан шыққанша соңынан еріп отырды. Бірнеше қабырғасы ғана қаңқиып тұрған қираған тамның жанына дейін барды. Иесі де сол жерге дейін барған болатын. Пат қабырға жанындағы көлеңкеде күтіп тұрды. Сонан соң екеуі басқа жолмен алаңға қайтып келді.

 

Бейтаныс адам басынан тағы сипады. Алаңда біраз қыдырған соң көлікке мінді. Паттың жоғары көтерілуге батылы жетпеді. Көліктің жанына барып, шоқиып отырды.

 

Бір кезде көлік шаң-топырақты бұрқылдатып, жолға шықты. Пат та еш аялдамастан көліктің соңынан жүгірді. Жоқ, осы жолы қайтсе де бұл кісіден айырылмайды. Тілі салақтап, денесінің ауырғанына қарамастан бүкіл күшін жинап, көліктің соңынан қалмай жүгіріп, жылдамдығын үдете түсті. Көлік ауылдан алыстай түсті. Даладан өтті. Пат екі-үш рет көлікке жеткенімен, тағы қалып қойды. Бар күшін сарқа жинап, үмітсіздіктен арылуға тырысты. Дегенмен, көліктің жылдамдығына ілесу қиынға соқты. Ол қателік жасапты. Көлікке жете алмағанымен қоса күші таусылып, әл-дәрмені құрыды. Жүрегінің әлсіреп, дене мүшелерінің еркіне бағынбай бара жатқанын түйсінді. Сәл қозғалуға да шамасы келмеді. Еңбегі еш болған сияқты. Не үшін жүгіргенін түсінбеді, қайда бара жатқанын да білмеді: не артқа, не алдыға жол жоқ. Екі бүйірі солқылдап барып, тоқтады. Тілі салақтап кеткен. Көзінің алды қарауытып барады. Басы салбырап, зорға дегенде жолдың жиегіне жетті. Содан егістік алқабы жанындағы арықтың жанында бүйірін дымқыл жылы топыраққа тигізіп жата кетті. Өзінің ешқашан қателестірмейтін ішкі түйсігімен енді бұл жерден қозғала алмайтынын сезді. Басы айналып кетті. Ой-санасы тұманданып, сезімталдықтан айрыла бастады. Іші қатты ауырып барады. Дерт меңдеген көзінен әлсіз сәуле қылаң берді. Аяқ-қолы ақырындап сезуден қалды. Денесін суық тер жауып кетті. Жұмсақ, жанға жайлы салқындық есті...

Күн ұясына батар кезде Паттың төбесін айналып, үш қарға ұшып жүрді. Олар Паттың иісін алыстан сезген еді. Қарғалардың бірі абайлап, оған жақынырақ қонды. Бажайлап қарап, әлі жантәсілім етпегеніне көзі жеткен соң қайтадан ұшып кетті. Қарғалар Паттың екі қоңыр көзін ойып алуды күтіп, ұшып жүрді.

Парсы тілінен аударған Айнаш ҚАСЫМ


Share:      
Leave a comment: