Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
Домбыра үніндегі әуен

Blogs

25.02.2022
3832

Домбыра үніндегі әуен

Т а р и х б е т і. Ол айғыз, айғыз... Ел мен елдің, адам мен адамның, жалпы жер бетіндегі тіршілік атаулының айқасы мен қырқысы. Әлдінің әлсізге көрсететін зорлық-зомбылығы.

 

Азулының қыршып алған жерінен аққан – қан-жоса. Бұған алысқа бармай-ақ өз тарихымыз, оның ішінде XX ғасыр жаппай сүргінге түсірген жұрттың бастан кешкені куә. Сондай зобалаңды жылдардың қияметінен сүрлеу тауып, балаларын сақтап, ұрпағын жалғап халқы үшін адам тәрбиелей білгендер неткен ұлы еді. Фатима Ғабдулхакимқызының жүрекжарды әңгімесі.

 

 

* * *

 

 

Жалпы адам өмір жолында кездескен елеуліні көп жыл өтсе де есте сақтай береді ғой. Ал ата-анаға қатысты нәрсеге ешбір ерекшелік қажет емес, олардың бар болмысы шыр етіп жерге түскеннен ет-жүрекпен тұтасып, басың көрге жеткенше көз алдыңнан да, жадыңнан да өшпейтін мөр басылған мәңгілік туынды.

 

Әкем Ғабдулхаким ақжарқын, келбетті, туған-туысқа қайырымды, қажет болса ақыл-кеңесін аямайтын бауырмал жан екен. Бес-алтылар шамасында есімде қалғаны - домбыраны өте шебер ойнайтыны. Әлі күнге дейін сол ғаламат аспаптан төгілетін күйлерді дәп ондай ғып әлі ешкім орындай алмайтындай көрінеді. Шамасы, бұл ерекше түйсінуден қалған әсер болар.

 

Д о м б ы р а!.. Әкемнің көзіндей, маған айтқан сөзіндей, үнінде менің де ынтызар, балалық пәк сезімімнің әуені тұр. Оның туған ағасы Махамбет те шебер күйші болған. Екеуі де сол кездегі Бөкей ордасының атақты күйшісі Мақардан үйреніп, Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Түркеш сияқты халыққа кеңінен танымал атақты дарындар туындыларының кейінге жетуіне себепкер болған орындаушылармен тығыз қарым-қатынаста болып, Дина, Наушалармен араласқан.

 

Солай, әкеге деген өшпес сезім күймен, әнмен қытысты. Ол тым кішкене кезден ән айтуға қалыптастырып, халық әні «Зәурешті» жиі салдыратын да, өзі тым-тырыс тыңдайтын.

 

Кейін есейгенде осы қалыпты жиі еске алатын едім. Ол неге «Зәурешке» соншама құмар болды екен, зарлы әнді нәзік бала дауысынан тыңдағанда қандай әсерде боп, не ойлап, көз алдынан не өтті... Нені ұғып, нені іздеді... Мен сол бір әннен әлі күнге дейін өзіме етене жақын жанның болмысын іздеп, түсінгім келеді... Әлде біздің де өміріміздің мұңға толы боларын сезді ме екен?.. О, жаратқан, не деген ауыр ән, не деген ауыр ой еді...

 

Уа, Зәуреш, сенің үшін елден келдім.

Баяғы өзің көрген жерден келдім.

Сен неге мен келгенде тебіренбейсің,

Иіскеп, бір сүйейін деген едім.

 

Қайыңның жазда көрдім жапырағын,

Құланның тауда көрдім шоқырағын.

Сен қалған отыз ұлдан едің, Зәуреш,

Бір уыс бұйымады топырағың.

 

Сақталмас болат пышақ қын болмаса,

Өтірік неге керек шын болмаса,

Зарланып саулы інгендей келгенімде,

Басыңды бір көтерші тым болмаса.

 

«Зәурешті» үнемі айтқым келеді. Енді қалай, онда менің таным-түйсігім, халық мұрасына деген ілтипатым, өнерге деген құмарлығым, әкеге деген сағынышым бар емес пе... Ол жанымның бөлінбес бөлшегіне айналғалы қашан...

 

Ұлы Абай:

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Үннің тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар, - деді емес пе.

 

Ғабдулхаким 1919 – 21 жылдары Орынбор қаласында жұмыс істеп, белгілі этнограф, қазақ халқының күйлері мен әндерін тасқа басып, өнер өмірін ұзартқан А.В. Затаевичпен танысып, оған жиырма екі қазақ әнін жаздырған. Біраз әндерді інісі Хабир тапсырыпты.

 

Әкем 1923-26 жылдры Москва қаласындағы Тимирязев атындағы академияда оқып жүргенде Александр Викторовичпен тағы кездесіп, оны қоярда-қоймай ауылға шақырады. Ондағы ойы Бөкей ордасындағы дәулескер күйшілердің орындауындағы күйлерді нотаға түсірту.

 

1927 жылы Александр Викторович Бөкей ауылдарын аралап, Қарағай тоғайлы-сай, Астрахань темір жолына таяу Шонғай ауылындағы ағайынды Бөкейхановтарда қонақ болады. Мұнда да талай күйшілерден, Махамбет пен Науша Бөкейхановтардан көптеген күйлерді жазғанына риза боп, қас шеберлердің қабілетін Австралия музыканттарымен теңестірген екен.

 

Ал А.В. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» деген кітабы көпке белгілі. Сонымен қатар, ол қазақ халқы өнерінің інжу-маржандарын жинауда ағайынды Бөкейхановтардың сіңірген еңбегін, олардың талантын ерекше ілтипатпен атап көрсеткен. Бұларды А.Қ. Жұбанов та «аса зор құнды дүниелер» деп бағалаған. Әкем жас республикамыздың іргетасын бекітуде тек өнерге ғана қатысты емес, халқының тарихын жете білетіндіктен талай қазыналардың жиналуына мұрындық бола біліпті.

 

1925 жылы Ғабдулхаким Москвадан Халықтық жерді пайдалану комиссариатының (Наркомземнің) шақыртуымен шаруашылықты ұйымдастыру шараларын атқару үшін келеді. Ол Орал қаласында, Қарақалпақта жұмыс істеп, 1930 жылы Қазақстанның «Тракторцентрдегі» еңбегімен көзге түседі, әсіресе, Оңтүстік Қазақстанның совхоз, колхоздарын ұйымдстыруда көп жігер жұмсап, «Мақтаарал» совхозын алға сүйреген басшы.

 

Бірақ, өкінішке орай, жалынды жастың алаңсыз еңбектенуіне шыққан тегі қырсық боп, қадағалаудан көз ашпай, түртпекке түсіп, бір жерден екінші жерге ауыстырылады.Бауыры Махамбеттің де көрген күні осындай.

 

1929 жылы әкемді Қарақалпақстанға облыстық жоспарлау комитетін басқаруға және атқару комитетінің орынбасары қызметіне жібереді. Бұл қазақтарды тұтас жалмай жаздаған ашаршылық жылдың алды.

 

Ал ашаршылықта күн демей, түн демей қимылдауға тура келеді. Өйткені, солтүстік аймақтағы ашыққандардың шамасы жеткені оңтүстікке шұбырып, оларды орналастыру оңайға соқпайды. Анам София әкемнің адамдардың көбісі жете алмай жол-жөнекей өлетініне қабырғасы қайысып, қынжылатынын айтқан еді.

 

1935-37 жылдары оны жұмысқа Шымкент қаласына жіберіп, анам дәрігерлік институттын аяқтау үшін Алматыда қалды. Бізге әжем, әкемнің қарындастары мен інілері жақсы қарайтын. Сонда да ол өзі оқу үлгірімін қадағалап, түрлі әдеби ктаптарды сатып әкеп, сабақтан тыс уақытта оқытатын.

 

1937 жылдың 29 шілдесіне әкем күндегі әдетінше жұмысқа кеткен, түс шамасында үйге үш адам келіп, тінтуге қақылы екенін айтып, рұқсат қағазды көрсетті. Анам оқуын көктемде бітіріп кеп, жұмысқа таяуда шыққан. Диас орауда, екі айлық ғана. Ал біз екі - қыз біріміз – 9-да, екіншіміз – 10- да едік.

 

Келгендер үй ішін түгел қопарды десе болғандай, түртпегені қалмады. Ақыры, әкеме тиесілі қағаздар, кітаптар, құжаттар, жазбалар, суреттер, оның ішінде аңшы мылтығы, фотоаппаратқа дейін алып кеткн, көп ұзамай өзін тұтқындады.

 

Басқа күн туғанын ұққандар еңіреп, бәрінен де жер таянған әкемнің шешесі, Мақаш әжеме ауыр тиді. Ол ұлын әкетіп бара жатқанда қолын көкке жайып аңырап артынан қуып барып, сылқ ете түскен, бүйір таянып зарлағанда, аза сай-сүйекті сырқыратты.

 

Әже зары жалғасы берді... Өйткені, Махамбет, Хабир ағаларыммен бірге оның өз бауырлары, туған-туыстары түгелге дерлік ұсталған еді. Сол кеткеннен олардың бірде-бірінен еш хабар болмады, таңды таңға, күнді күнге ұрып қайғының қара қанын жұтқан кейуана соғыс өрті нағыз лаулаған 1943 жылы қақаған қыста көз жұмды.

 

Қасірет айналаны айналып шықпай қойды. Анам Софияның да бар туыстары тұтқындалды. Оның әкесі Дәулетшах Күсепқалиев 1900 жылы Москваның Императорлық университетін аяқтап, дәрігерлік диплом алғаннан кейін туған өлкесінде - Батыс Қазақстанның Жымпитты, Тайпақ аудандарында еңбек еткен. Оның мал-мүлкін тәркілеп, өзін Алматы облысына жер аударады.

 

Ол әуелі Шамалғанда жұмыс істеп, одан кейін Алматыдағы малдәрігерлік институтқа ауысады. Нағашымның да ұлдары Шайхалы мен Ғафар, күйеу баласының бірі Қасболатовтар да 1937 жылы ұсталған. Сөйтіп, бар әулеттегі еркек атаулыдан жұрдай боп, ылғи әйелдер мен балалар ғана қалдық.

 

Мына бір оқиға ұмытылмастай есте сақталған. Әкем ұсталғаннан кейін біраздан соң, одан Алматыдан анда-санда соңына тергеуші Гитлиннің қолы қойылған хат келіп тұрды. Соңғысын 1938 жылдың ақпан айының ортасында алдық, онда әйелінің жолығып кетуін өтініпті.

 

Анам жалма-жан жолға дайындалып, шығарып салуға вокзалға келдік. Сол күні дала жылылау болса да, батпақты жер қатқылдау еді. Қасымыздағылардың бірі билетке жүгірді. Вокзал басында ұзағырақ тұрдық. Поезға отыру басталғанда анам шегіншектеп: «Апа, неге екенін қайдам, біртүрлі алабұртып, өзімді жайсыз сезінім тұрмын», - деді.

 

Рақыш апа:

 

- Онда жол жүрмегенің дұрыс, - деп, ақыл қосты.

 

Кейін қайтып, табалдырық аттау мұң екен, есік қағылды. Ашсақ, НКВД-ның екі қызметкері. Қолма-қол анамнан неге кетпегені туралы түсініктеме алды.

 

Үлкендер: «Алла бәрін өзі білдіріп тұрады», - дейді. Кейін 90-жылдры әкенің іс-қағаздарымен танысуға мүмкіндік туғанда білгенім; ол сол 1938 жылдың 25 ақпанында атылыпты. Анамның толқығаны тегін болмады, жарының қазасын сезінген.

 

Әкеден айырылдық, «халық жауының» баласы атандық. Ендігі қорқыныш нан тауып, жан сақтатушы – анам. Оның ұсталмауын Алладан ертелі-кеш тілейміз. Ол түнде жедел жәрдемде, күндіз емханада істейтін. «Халық жауының» отбасы болғандықтан үйден қуылып, пәтер жалдадық.

 

Жаманшылықтың бір жақсылығы болмаса қалай болар еді. Қиналғанда шын жанашырлық танытып, қол ұшын созатын біреудің табылатыны қандай жақсы. Қаңғығандай боп жүргенде облыстық денсаулық сақтау бөлімі баспана беріп, емхананың бас дәрігері анама толықтай еңбекақы тағайындап, жедел жәрдемде істеуіне де мүмкіндік туғызды.

 

1938 жылдың соңына қарай анамды Оңтүстік Қазақстан облысының Шәуілдір ауданының ең түкпіріндегі бір ауылға жұмысқа жіберді. Онда орыс мектебі тек бастауыш сыныптарда ғана екен, сондықтан Әнел Рақыш апамның қолында қалды да, біз 1940 жылға дейін сонда тұрып, шешемнің балаларын оқыту қиынға түскені жайлы тиісті орындарға жасаған өтініші ескеріліп, Шымкент мңаындағы қорғасын зауыты поселкесіне көшіп келдік.

 

Сол жылдары «халық жауының» отбасына телінгендердің қайсысына оңай болды?.. Қараптан-қарап көзтүрткі болғанның несі жақсы?.. Бірақ тірі жүрген соң қалай әрекетсіз күн кеше аласың?..

 

Ми шұқитын қаңсық сөздер әкені жексұрын ғып жіберетіндей-ақ еді, бірақ оның адалдығына, тірі екеніне күмән келтірмей, әне-міне келіп қалардай көреміз. Және ұзынқұлақтан, «бәлен ауылдан бәленше келіпті, сол енді таяуда келетіндерді айтыптыны» жиі естиміз. Оның ішінде менің де әкем бар. Бірақ келе қоймады. Сонда да тосудан, үміт үзбеуден жалықпадық.

 

Қуғынға түсіру, жазықсыз ұстау 37-38-бен біржола аяқталған жоқ. Соғыстың зардабын тартып, енді ес жидық десек, одан қаралау тағы басталды.

 

Бұл жылдары мен мектеп бітіріп, Әнел Алматыда мединститутта оқитын. Ол үздік оқып, сөз жүзінде Сталиндік стипендияның жүлдгері атанғанымен, ең жоғарғы ақыны ала алмады. Ал оқуын аяқтаған оны аспирантураға қабылдамай, қалаларға, облыс орталықтарына жолатпай аулақтатып Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян ауданына жіберді. Біз - анам, мен, інім үшеуміз бұл кезде Ташкентте тұрдық. Әнел көп кешікпей бізге келді.

 

Ғабдулхаким жайындағы, оның ақталғаны туралы алғашқы анықтаманы партияның XX съезінен соңғы жылымықта 1957 жылы алып, әрине, қуанып қалдық. Бірақ одан ауыз жарытып айтатындай, болған істің мән-жайына қанығатындай ештеңе біле алмадық. Тек әйтеуір ақталғаны көңілге демеу.

 

Біз София Дәулетшахызының жігері, жасымаған қайратының арқасында жоғары білім алып, ел қатарлы үйлі-жайлы болдық.

 

Мен 1951 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1951-61 жылдары аспирантураны бітіріп, Низами атындағы мұғалімдер даярлайтын институтта ұстаз боп, 1961-97 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетіне (КазГУ) ауысып, орыс тілі кафедрасында аға оқытушы қызметін атқардым.

 

Анам табанды еңбек сүйгіш, білімді маман ретінде жалықпай ізденіп, кандидаттық диссертация қорғап, Ташкент медицина институтында 25 жыл еңбек етіп, талай шәкірттер дайындады. Алматыға көшіп келген соң, Қазақ ССР Министрлер советіне қарасты аурухананың ішкі ауруларды емдейтін (терепевт) бөлімін 15 жыл басқарып, немере, шөбере сүйіп, ұзақ өмір сүрді. Өмір жолында талай қиналуды бастан өткерсек те, оның ерен еңбегі, балаларынан көрген бақыты біз үшін мақтаныш.

 

Ал домбырасының үні жанымнан бір үзілмеген ардақты әке жайының анық-қанығына тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, тыйым салынған архив матриалдарын оқуға мүмкіндік туғанда ғана қол жетті. Келуін тоса-тоса үмітті үзіп, сабаға түскендей болсақ та, бәрібір жүрек бір аунамай қоя ма?.. Мәліметтерді оқып бітіріп, бас көтергенде домбыра зыңылы жан дірілімен астасып тұрып алды...

 

Қазір Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы Орда мұражайында оның өмірі мен қызметіне арналған бөлім бар. Бөкей ауданының орталығы Сайқы ауылының бас көшесіне Ғабдулхаким Бөкейхановтың аты берілген. Халқы үшін еңбек сіңіріп, соның жолына арналсам деген жанның арманына жете алмай, жазықсыз жазаланғанын бүгінгі ұрпақ бағалап, ескергені де. Р а х м е т!


Share:      
Leave a comment: