Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
PROSE
ДҮНИЯ, ҚАНДАЙ ӘСЕМ ЕДІҢ!

Blogs

06.08.2017
7221

ДҮНИЯ, ҚАНДАЙ ӘСЕМ ЕДІҢ!

ДҮНИЯ, ҚАНДАЙ ӘСЕМ ЕДІҢ!

Оқыс оянып кеттім. Сірә, таң алды болуы керек. Төсегіме қарсы, газетпен бүркемеленген жалғыз терезе бозара бастапты. Терезенің дәл ортасынан ойық пайда болды да содан біреу басын сұғып, маған кекесінмен қарады. Сақал-мұртын қырмаған, қап-қара біреу. Негр емес, сыған секілді ақшуландау. Ол ары қарай жымысқы күлкімен жымиып, ішкі түйсігіме: «Мен – сенмін!» деп хабар жолдады. Тұла-бойым мұз оранғандай дір ете түсті. Алапат бір қауіпті сездім. Ешбір жөн мен тілге көнбейтін аяусыздығы жоқ - табиғаттың зауалынан да әрман құбыжықты таныдым. Сырт пошымы маған ұқсамаса да бұл ит - менің ішімдегі жүрген қара ниет, қиянат еді. Ол өз ішімде тұрғанда айтқаныма көніп, сілтеуіме жүретін жекеменшік, өз ниетім еді. Ал енді ол мені тастап, өзінше өмір кешуді ұйғарған секілді. Ол түк жасамай жата беруге әбден жалыққан сынды. Сондықтан өзінше тірлік қылуды ұйғарыпты. Бірақ оның бұдан былайғы барлық жасаған әрекеті менің атымнан болатыны жанымды қапа етті. Оның ішкі түйсігіне: «Саған жеке өмір сүруге болмайды! Өзіңді де мені де құртасың! Қайт өзіме! Сені бұрынғыдай қағытпаймын! Орынды жерде ерік беріп отырам, саған да...» деп жалбарынып едім, ол маған онан сайын кекесінмен, табалай қарады. Ол азаттыққа шыққанын анық түсініп, біреуге тәуелді болмаудың дәмін осы аз-кем сәтте татып үлгерген тәрізді.

Осы жағдайым менің өңім бе түсім бе деп ажырата алар емеспін. Таяуда Ф. Достоевскийдің «Двойник» романын оқып шыққам, сосын Р. Сейсенбаевтың санасы екі ажыраған жазушы туралы шығармасын. Солардың әсерінен түс көріп жатқан шығармын деп те болжадым. Қалай десем де өз санамның тұтастығы шытынап, менің ой әлеміме сұп-суық бөтен қол кіргендей сезіндім. Егер дәл сондай өзгеріс меңдесе, мен ендігәрі – осы сәтке дейінгі дүния танымыма орала алмайтынымды түйсініп, дәрменсіз хәлге түстім.

Ол мені неге тастап кетті? «Ішім пысты» дейді ме? Әлде, жауапкершіліксіз өмір сүруден жалықты ма? Екі адам бір қасыққа қарағандай кезек күткен тірлікті құп көрмеді ме? Неде болса бұған бір салмақты себеп бар. Оны әр кез қара ниет деп іштей қорлап, сол үшін намыстанып келген өзім де кінәлі шығармын. Бір кез бала құсатып немесе ақылсыздау әйелдей басынан сипап еркелетіп те көрмеппін. Оны танығалы бері ешқашан жылы шырай білдіріп, қолтықтамаппын. Сол кіріссе ұршықша айналдырып жіберетін іске де тартпаппын. Әмісе бетінен қағып, қара үңгіріне айдап тығып, шынжырда ұстадым. Енді міне, ол өзінің бар екенін дәлелдеп, тіпті менсіз де өмір сүре алатынына күмәнсіздігін байқатты. Енді маған бағынышты емес. Керісінше, мені қорлауға шамасы жететін дәрежеге жетіпті. Оның осылай пісіп-жетілуіне жағдайды қалай тудырды екем. Қараңғы қапаста саңлау көрместей ұстадым дегенім – оны шыңдап, мықты етудің амалы болғаны ма? Мен оған ешқандай да тәрбие берген емеспін. Ол түсін өзгертер деген үміт те қылт еткен жоқ. Себебі, ол – қара бояудың қою тоспасы еді...     

 

Күні бойы дел-сал күйде жүрдім. Көкірегімнің бір бөлегі қаңырап бос қалған тәрізді. Отырсам да жүрсем де сол босаған жағыма ауа беретін сияқтымын. Бұрынғы тепе-теңдік қайда кетті деп таң қалам. Иә, оны іштей түсіне бастадым. Ол тепе-теңдік, сол қара ниетпен қоса мені тастап кетті. Менің бойымда қалған сезімді кіл ақ деп те айтуға сенімді емеспін. Арасында шым қарасы жоқ, кілең ала-құла, түрлі-түсті бір қойыртпақтары ғана қалғандай. Бұрынғыдай өз тіні бар қанық түсті түзу үшін қажет қою қара кеткелі - менің ойымнан да береке кетіп бара жатты. Төңіректі ажыратудан қалдым. Ежелгідей төбесінен тік түсетін дөп тұжырымдарымды жоғалтыппын. Ғұмырымда болмаған бір жалтаңдық меңдеді. Бетте қалқыған ап-анық сөздерден де астар іздеген болам. Оным тереңге үңілгендік емес – бағалау, бағамдау қабілеттерімнің таяздап, қарайғанның барлығынан үркетін жаман атқа айналып бара жатқандығымның куәсі болар. Болмысыңнан қаралық өшсе кілең мөлдір, шыны сезімдер ғана қалады деген бекершілік екен. Кеуіл таразысына түскенді реттейтін гір тасы секілді қара бояудың да өз қасиеті бар боп шықты ма?

Осындай, қос өкпемнің бірі жұлынғандай аласапыран хәлде бір де ауып, бір де теңеліп күн кешіп жаттым. Менің жүріс-тұрысыммен қоғам, отбасы ортасындағы ұстанымдарым кілт өзгерді. Бұрын мені: «Азамат» деп айбарлы теңеумен бастарына көтеріп жатса, енді «жасына жетпей жүні жығылған біреу немесе осы күнге дейін көлгірси көсемсіген екіжүзді екен» дегендей пікір туындады. Олардың бір де біріне тойтарыс беріп, бұрнағы есемді қайтаруға жасар бойымнан айбат таба алмадым. Сәл күшейіп, күшене бастасам - тұла-бойым кіл тесіктен құралғандай желім ысқыра қашып, түзілген ой-пікірлерім іріп сала береді. Астың тұзы жетіспесе ауыздың дәмі кірмейтіндей тұшымсыздықпен ит те болса туыс санайтын бір қимасыңның жоқтығын аңсағандай қоңылтақсу азабына жолықтым...

Сол сарсаң күйде жүргенімде аңғарған пайымым: «қиянаттың қандай екенін білмейтін адам – жақсылықты да айырмайды». «Қап, анау ит менен гөрі бақыттырақ болды-ау!» деп те күйіндім. Себебі оның мақсаты айқын, ол не жасаса да ісіне және оның нәтижесіне күмән келтірмейді, сенімді. Өзінің «қара ниет» екенін мойындайды және өзінің тіршілік нәрін тек жамандықтан ғана ала алатынын біледі. Кезінде оны тұншықтырып, әсте алдында жүрген мен – іштегі бәсекемнен айырылып, ақ сәуле түзгеннің орнына бет-пошымым мен ойым да шұбарланып, төрт бағыттың барлығына қатар бет алған діңсізге айналғандаймын...  

Сол қарамды тосумен тағы біраз уақыт өтті. Ол туралы хабар әкелетіндей шөп басын қыймылдатар жел де соқпады. Бірте-бірте сондай уақиғаның басымнан өткеніне өзім де күмәндана бастадым. Алғашқы арынмен не бір келеңсіз уағдаларға мойынсұнғаныма енді ұялып, айналамды еш боямасыз бағамдауға көштім. Осыған дейін көкірегімді күйдірген олқылықтың орынсыздығы күннен-күнге өзге сипат алып, өмірі түгесілмейтін сарыуайым емес, уақытша күйзеліс екені аршыла түсті.

Күллі түс атаулының тегі қараңғылықтан тарайтындай көрінген қауіпім негізсіз секілденді. Қараның өзі түс екен. Тек оны біздің жанарымыз ажырата бермейді. Өзімізге белгілі жеті бояулы түс дестесі төңірегінде ғана қалған түсінігіміз – дүния тану қабілетіміздей тым мешел боп шықты. Ал қараның қою тоспасы - адамның көңіл қараңғылығы. Сонда менің санамдағы сәуледен үріккен - еш дүниеге туыстығы жоқ қара ниеттің сылынып өз бетінше шығып кеткені ме? О бастағы, әлдекімдерге зияны тиер-ау деп зәремді алған болжамым негізсіз болғаны ма? Сонда ол зым-зия қайда сіңіп кетті? Манадан бері бояу, түс деп білгірсініп отырғаным бос сандырақ па? Кенет, орысша «Черная дыра» деп аталатын қара құрдым ойыма сап ете қалды...

Басымды ұстап, біраз отырдым. Қара құрдым адамнан тыс табиғаттың бір санаты емес, сол адамның ішкі дүниесімен астасқан саналы, өз тіршілігі мен әлемі бар, дербес ағза ма деп ойға шомдым. Оны біз емес, ол бізді кейде өз қалауынша билеп кететін секілді. Оның ақыры, сол – қара ниет туыдратын қыйлы қиянаттар...

Егер ол осындай қастандықшыл, қатыгез, жарық атаулыға жау нәрсе болатын болса – мен оны неге аңсадым? Жанымның жартысы сонымен кетіп қалғандай болды ғой! Бұған теңеу ретінде Күн мен Түнді келтіру мүлдем лайықсыз көрінді. Себебі, табиғаттың екі сатысында да жамандық пен жақсылық қатар жүріп жатыр. Қуаныш пен қайғыны күндіз де түнде де көре аласың. Ал мына қара құрдымнан тек бойды қалтыратқан мұздай суық еседі. Ол кеткелі алашұбар әлемге тап болып, теңселумен келдім. Бірақ жас босанған әйелдің хәлін кешкендей жағдайым ширап, қара ниетсіз өмір сүру салтына ауыса бастадым. Әбігері кеткен түрлі түстерім, табиғи жолын тауып, бұрын қаперге келмеген, байқамаған, болады-ау деп күдіктенбеген бояу нақыштары көз алдымда ойнай бастады. Сонда анық түйсінгенім: бояудың атасы қара түс емес, ақ сәуле екен ғой деп. Жан сарайым: еш жеріне көлеңке түсірмейтін өзіндік түстерінің қанықтығымен ғана көз тартқан құлпырысқа бөлене бастағандай... Мен, қара құрдымнан оралғанымды сездім. Ол менен емес, мен одан кеткен екем. Қара ниеттер: тоғышарлық, көреалмаушылық, көрсеқызарлық, дүниеқоңыздық, арамдық, пасықтық дегендей тізе берсең  әрқайсысы жеке бір әңгіме болатын жексұрындықтар -

қарақұрт, бұзаубас, жылан сияқты діні жаман жәндіктерге айналып, қайта шықпас қара құрдым құдықтарына жорғалай жөнелгендей. Ауыр науқастан соң құлан-таза айыққан адамның ерте көктемгі сәтіндей шуақты тұшындым...

Қымбатты оқырман!

Менің осылай жанымның жаңғыруына себеп не де деп сұрауыңыз орынды. Бір ғана әлемді тіреген себеп бар. Ол – махаббат.

Дүния, қандай әсем едің! 


Share:      
Leave a comment: