Today's Birthdays
Nobody writes the literature for a pride, it borns from the character, also it satisfies the needs of nation...
Akhmet Baitursynuly
Home
Blogs
Генерал Бақытжан ЕРТАЕВ: «Батыр атағын бермей, саған обал жасадық»

Blogs

01.11.2017
7034

Генерал Бақытжан ЕРТАЕВ: «Батыр атағын бермей, саған обал жасадық»

Генерал Бақытжан ЕРТАЕВ: «Батыр атағын бермей, саған обал жасадық»

 

 

Әрбiр ер бала әскер мектебiнен өтуi тиiс

 

— Бiзде кәсiби әскер жасақталмақшы. Осы бiзге қаншалықты қажет? Ең дұрысы әрбiр қазақ азаматын еркектiң мектебi, ердiң мектебi - әскери қызметтен өткiзiп алу емес пе? Қазақтың ұлттық рухын қайта тiрiлту оның жеңiмпаз әскерiнен басталу керек емес пе?

— Өте дұрыс сұрақ. Бiздiң бала күнiмiзде ауылға бiр әскери форма киген  адам келсе бәрiмiз соның соңынан шұбырып ерiп жүретiн едiк. Мен де осы мәселе туралы көп ойланамын. Менiң тұжырымым - әрбiр ер бала әскер мектебiнен өтуi тиiс! Не үшiн? Әскер дегенiмiз ең алдымен тәртiп. Сен бiр дәудiң еркетотайысың ба, ауылдың тесiк өкпе баласысың ба, тәртiп, талап баршаға бiрдей. Бала тәртiпке бағынуды, тәртiптi сыйлауды үйренедi. Екiншi, бай баласы Асан да, кедей баласы Үсен де бiр қазаннан тамақ iшедi. Бiр бөлмеде ұйықтайды. Жорықтың қиыншылықтарын бiрге көтередi. Бәрi бiр үйдiң баласындай болып кетедi. Бұл — баланы бауырмашылыққа тәрбиелейдi. Әскерде бiрге болған, сол жерде тапқан жолдасымен жiгiт адам ешқашан ажыраспайды. Ал, қазiр жастар борышын тек өз республикамызда өтейтiн болғандықтан бiзге бұрынғыдай саны көп армия керек емес.

— Әскердiң қазiргi саны қажеттiлiктен де аз емес пе?

— Бұл былай. Бiз егемен ел болдық. Қанша армия керек бiзге? Әскердi мемлекет сол ел халқының ақшасының есебiнен ұстап тұрады. Ұстап тұру оңай емес. Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, бiлектiң күшiмен бiзге осынша ұлан-байтақ жердi қалдырып кеттi ғой. Ендi бiздiң кезегiмiз келдi. Ол жердi қорғау үшiн мен Бас штабтың бастығы болып тұрғанымда тапсырма бердiм, бiзге қанша әскер керек, есебiн шығарыңдар, бiзге әр аймақта әскери округтар құру қажет дедiм. Осы пiкiрiмдi 1997 жылы үлкен кiсiлерге айттым, бiрақ қолдау таппадым. 2000-жылы әйтеуiр дегенiме жеттiм. Өзiм үлгi көрсетейiн деп округке қолбасшы болып кеттiм. Жүз адамды қорғайтын бiр адам қажет. Бiрақ, қазiргi техниканың қандай екенiн бiлесiз, адам санының көптiгiмен ғана бүгiнгi заманда жеңiске жету мүмкiн емес. Ұшқыштарымыз бар, танкiлерiмiз де жетедi...

— Он төрт жылдан берi бiзге қанша жаяу әскер керегi, қанша ұшқыш, қанша танкист, қанша артиллерист керегi анықталып болған шығар?

— Бұл ендi бiр күнде бiтетiн жұмыс емес қой... Бiзге қазiр келiсiм-шартпен келiп қызмет iстеп жатқан әскерилер де бар. Ол бiр өзi үш солдатты ауыстыра алатын болуы тиiс. Ендеше, сол үш солдатқа тиесiлi жалақыны да бiр өзi алуы керек оның. Ал, армияға бара алмайтын жас балалар сонда не iстейдi? Әңгiмемiз осыдан басталды ғой. Басымызға күн туа қалса, елiмiздi жаңағы жас балалар қалай қорғайды? Олардың қолынан түк келмейдi ғой! Мен сондықтан 1998-жылы «мектептегi бастапқы әскери дайындықты одан ары күшейтiп, бұрынғы ДОСААФ секiлдi мекемелердi қайта жаңғырту қажет» деп  айтқан едiм. Екiншiден, әскерге барғысы келмейтiн адам жалақысының жартысын өкiметке төлейдi. Содан кейiн оны бiр айға әскерге алып, автоматшы дайындайды одан. Бiр айда автоматшыны дайындауға болады. Дәл осылай бiр айда гранатометчиктi дайындап шығаруға болады. Жаңағы жiгiттiң өзiне де пайда, өкiметке де пайда. Мiне, бұл жiгiттердi резервте ұстауға болады. Испанияда армия жоқ, бiрақ елдi қорғауға бәрi дайын.

— Олай болса, баяғы қолына автомат ұстамай қайтатын «стройбаттың» жетiлдiрген түрiн ендiрiп, солдаттарды әрi халық шаруашылығына пайдаланып, әрi әскери дайындықтан өткiзiп, екi жақты дайындауға бола ма?

— «Стройбат» салған үйлерге кiруден жұрт қашатын, оны ұмытпаңыз. Өйткенi, ол үйлердiң сапасы белгiлi едi ғой. Бiрақ, темiр жол құрылысы бар, басқа да түрлi әскери құрылыс нысандары бар. Оларды екi жақты пайдалану деген идея қызығарлық-ақ, бiрақ, ол шала пiскен тамақ болып шығуы мүмкiн. Бұл ойланатын мәселе.

Екiншi жағынан, бала жазда оқуға түсе алмады дейiк. Күзде немесе көктемде оны әскерге алып кететiн. Сондықтан, мен әскерге баланы бiр жылда бiр-ақ рет, тек күзде шақыру керек де есептеймiн. Қазiргi жағдайда осы жетiп жатыр. Балаларға келесi жылғы шақырылымға дейiн оқуға түсiп алуға мүмкiндiк беру керек. Бiз бүгiн осы тәртiпке келе жатырмыз.

— Бiз кәсiби армияға келе жатқан жоқпыз ба?

— Кәсiби армияға өту үшiн бiзге ең алдымен әскерилер тұратын үй мәселесiн шешу керек. Ертең оның бала-шағасы болады. Яғни, өзi үшiн ғана емес, оның бала-шағасы үшiн де керектi жағдайдың барлығы жасалуы қажет. Ол мына жерден басқа жерге қызметi ауысып барса, ол жерде де жаңағы мәселенiң бәрi шешiлген болуы тиiс. Демек, көптеген әлеуметтiк инфрақұрылымдар жасалуы қажет.

Оның үстiне армияның қартайып қалу проблемасы да бар. Мына кәсiби әскери мамандармен қатар жас солдаттар да болсын. Автоматтан, пулеметтен, гранатометтен ата алатын солдаттар арнайы дайындалатын болсын. Әр жыл сайын бiр жарым миллион жас баланы айналдырып тұруға болады.

— Бiз ана жылдары өз еркiмiзбен ядролық қарудан бас тарттық. «Ұстап тұруға шамамыз жетпейдi» деген себеп айтылды. Ол себептiң қаншалықты шындыққа жанасатынын әскерилер бiлмесе бiз бiлмеймiз. Марқұм Михаил Есенәлиев ағамыз, менiң өзiм де толық сол кiсiнiкi дұрыс деп есептеймiн, «ядролық қарудан бас тартпайық, кейiн игерiп аламыз, бас тартқан күнде де бiз мұндай шешiмiмiздi қымбатырақ «сатайық» деп шырылдады. Оны тыңдаған ешкiм болған жоқ. Бiздiң осы қадамымыз генералдың көзқарасы бойынша қаншалықты сәттi болды?

— Бұл сұрақты қызмет сатысы жоғарырақ тұрған, саясаткерлерге қою керек... Генералдың көзқарасына келсек, әскери адам әруақытта күштi жақсы көредi. Ал, егер терең ойласақ, бiздiң ресми жауымыз жоқ.

— Бүгiн болмағанмен ертең болуы мүмкiн. Бiзге болашақты болжау қасиетi берiлмеген ғой. Қытай қазақ жерiн өзiне қосып алудан түпкiлiктi бас тартты дегенге ешуақытта сенуге болмайды. Өзбекстан қалай күшейе бастайды, солай Қоқан хандығының иелiгiнде болған Ақмешiттен Алматыға дейiнгi жерге көз алартары сөзсiз. Мұны мен қиялымнан шығарып отырған жоқпын, саясаттанушылар айтып жүрген сөз.

— Бiз он төрт жылдан берi бейбiт өмiр сүрiп келемiз. Алда да бейбiт өмiр сүретiн боламыз. Сүруiмiз керек...Дипломатия бар. Соғысты бастайтын қашанда саясаткерлер. Олар мәселенi шеше алмаса бiз шешемiз. Соғыстың да өзiнiң табиғаты бар.Ядролық қарудан бас тарту арқылы бiз әлемге өзiмiздiң бабаларымыздан қалған бейбiтшiлiгiмiздi, кеңшiлiгiмiздi көрсеттiк. Атомның жүрген жерi қандай болатынын бiз Семей арқылы көрiп, көзiмiз жетiп отырған жоқ па? Ядролық қаруы жоқ елдердi мысалға алайық, мәселен Германияны, Италияны, Балтық жағалауындағы елдердi.

— Бiздi ол елдермен салыстыруға болмайтынын бiлiп отырсыз ғой. Горбачев дәуiрiнiң алғашқы кезеңiнде Маргарет Тэтчер, сол кездегi Англияның Премьер-министрi АҚШ пен КСРО секiлдi алпауыттардың арасындағы Англия секiлдi елге аралда орналасқандығы қорған болудан қалғандығын, бүгiнгi заманда оған ядролық қару ғана қорған болатынын тамаша дәлелдеп шыққан жоқ па едi? Бiз де сол сияқты аузы арандай ашылған алыптардың арасындағы елмiз ғой.

— Ядролық қаруға ие болуы мүмкiн деген Ирактың не күйге түскенiн көрiп отырсыз. Солтүстiк Кореяны көрiп отырсыз. Ядролық арсеналға ие болсақ басқа жұрт бiзден қорқады деуге болмайды. Көршiнi бiз таңдай алмаймыз. Тату-тәттi өмiр сүру бiздiң саясатымызға байланысты.

— Байқоңыр космодромына келейiк. Кезiнде оны «жалға беруге болмайды» дегенi үшiн Тоқтар Әубәкiров ағамыз қызметтен кеттi. Бұл мәселеде қандай пiкiрдесiз?

— Мен әскери адам болсам да бұл саланың маманы емеспiн, дегенмен, өз пiкiрiмдi айтайын.  Мен космодромда болғанмын. Оны ұстап тұрудың өзi проблема. Бұл – бiр. Екiншiден, өзiңiз бiлесiз, бұрын ол жерде бiздiң қаракөздерiмiз аз болды.

— Жоқ есебi едi ғой.

— Иә, жоқ едi десек те болады. Бiздiң космоспен айналысып жүрген ғалымдарымыз кемде-кем. Ендеше, бiреуден үйренбей тұрып қалайша мұндай алып мекеменi ұстап тұруға болады?

— Әңгiме жалға беру жайлы болып отыр ғой. Жалға берудiң орнына бiрлескен кәсiпорын ашуға болмас па едi? Елу жыл аз емес қой.

— Мынау отырған қырғыздар америкалықтарға әскери әуе базасын жалға берiп қойды. Сонымен күн көрiп отыр.

— Қырғыздардың қанша пайда тауып отырғанын мен бiлмеймiн, бiрақ филиппиндықтардың дәл сондай әуе базасына америкалықтар төлейтiн бiр миллиард долларды азсынып, оларды өз елiнен қуып шыққанына күллi әлем куә. Бiз болсақ жүз он миллион доллар ғана аламыз, онда да таза ақша түрiнде емес, түрлi қызмет, тауар түрiмен.

— Космодром маңайында бiздiң елдi мекендерiмiз орналасқан, олар оның игiлiгiн көрiп отыр. Құда қаласа жақында бiз өз спутнигiмiздi ұшырамыз. Тек өз күшiмiзбен спутник ұшыра алар ма едiк?  «Жер бiздiкi, бермеу керек едi» дей берсек дұрыс бола ма? Бiзге қазiр көп нәрсенi үйрену керек қой.

 

Мектеп пен әскердiң  арасына «алтын көпiр қажет»

 

— Радиотехникалық институт бастаған бiздiң әскери техникалық мамандар дайындайтын институттарымызда қазақ  жастарының үлесi қандай? Оның iшiнде ауыл балаларын жүйелi түрде әскери-техникалық оқуға тарту мәселесi қалай шешiлiп жатыр?  Ол iстiң нақты бағдарламасы бар ма? Сiз Бас штабтың бастығы болдыңыз, мәлiмет бере кетiңiзшi.

 — Бағдарламасыз iс болмайды. Бiз академия да аштық. Өзiңiз бiлесiз, мен соны үш жыл басқардым. Жаңағы сiз айтқан әскери институттар тактикалық бiлiмге үйретедi, ал, академия стратегияны оқытады. Бiзге қанша техникалық әскери маман керек? Және бiзге тағы қандай техникалық оқу орындары  керек? Бiз көп мамандыққа бұрын Ресейде ақша төлеп оқытушы едiк, қазiр өзiмiзде оқытамыз. Мен Мәскеуде бiр жыл iстедiм, қай жерде қанша жастарымыз оқып жатқанын бiлемiн. Бiзге шетел тiлiн бiлетiн мамандар қажет. Оларды да өзiмiз оқытудамыз. Ағылшын, қытай, т.б. тiлдердiң маманы болып шығады. Бұл жоғары оқу орындарында қазiр шамамен жетпiс бес пайызы өз қаракөздерiмiз. Сан жағының мәселесi осылайша шешiлiп қалды деуге келедi. Ал, сапаға, тәрбиеге келер болсақ, ол жағынан проблема бар. Мен өз басым бiздiң институттардың бiлiм деңгейiне қанағаттанбаймын. Әсiресе, жалпы әскери командирлер дайындайтын институт деңгейiне. Мен оны ашық айтып отырмын. Себебi, сабақ беретiн мұғалiмдердiң өзi жоғары дәрежелi маман болу керек қой. Институт басшысы болатын адам ол орынға барар алдында командирлiк әскери саптың барлық сатысынан өтуi тиiс, дивизия командирiнен баруы тиiс. Жалпы, бала әскери маман, командир болуға мектептен дайындалғаны жөн. Мектеп пен әскери институттардың арасында бұрынғы ДОСААФ секiлдi байланыстырушы мекеме болуы тиiс. Осы мәселенi, жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесiн қазiр өзiм басқарып отырған ауған соғысы ардагерлерiнiң қоғамдық қозғалысында көтерiп, қолға алып жатырмыз. Ауылды жерден бастап, аудан, облыс орталықтарында, қалаларда, Астанада ол мекемелер жұмыс iстеуi керек. Қазақта мақал бар, «құм жиылып тас болмайды» дейдi. Айта бергеннен ештеңе шықпайды, тiрлiк iстеу керек. Болашақты бүгiнде жасы елуден асқан бiз ойламасақ кiм ойлайды? Мен жастарымызға шынын айтсам қызығып қараймын. Ауылда өстiк, электр жарығы тек ораза кезiнде түнiмен жанатын. Себебi, токты трактордың моторы беретiн. Бүгiн компьютер келдi. Ал, тәрбие...Тәрбиенiң жөнi мүлдем бөлек. Жас ұрпақты отансүйгiштiк рухта тәрбиелеу бiрiншi кезекте тұруы тиiс. Байлықты қорғау – бiздiң мiндетiмiз. Батыр таққа таласпайды, батыр тақты қорғайды. Ал, батырды елi қолдауы тиiс. Бауыржан атамызға Батырлық атақ өзi о дүниелiк болып кеткен соң, Нұрсұлтан Әбiшұлының арқасында берiлдi. Әскери адам үстiндегi формасымен емес, тiрлiгiмен сұлу болуы керек.

— Әскери өмiрге қазақ тiлiнiң енуi қалай жүрiп жатыр?

— Бұл жұмыс ақырындап-ақырындап қолға алынуда. Полигондардағы жазулар екi тiлге көшiрiлiп жатыр. Орыс тiлiндегi терминдер қазақшаға аударылуда. Бұл жұмыспен айналысып жатқан ғалымдар бар. Мен Қорғаныс министрiне осы iске қажеттi қаржы бөлуiн сұрап, хат жаздым. Азаматтық өмiрдiң өзiнде қазақшаға көшу қиындықпен жүрiп жатқанда әскери өмiрде бұл iстiң алдында қандай асулар тұрғаны өз-өзiнен түсiнiктi шығар. Бiрақ, ең бастысы ниет бар, қимыл бар.

— Ғалымдар демекшi, бiзде әскери ғалымдар аз екенi белгiлi. Сонда да болса ата-бабаларымыздың соғыс өнерiн зерттеп, соны бүгiнгi ұрпаққа жеткiзу мәселесi жөнiнде не айтар едiңiз?

— Бұл бағытта да екi-үш жыл болды, жұмыстар қолға алынып жатыр. Бiрақ, менiң ойымша бiз ол жұмыстарды кәдiмгi орта мектептен бастауымыз керек. Мен жақында бiр жаңа мектептiң ашылу салтанатына қатыстым. Белгiлi адамдардың портреттерi iлiнiп қойылған. 3-шi, 4-шi сыныптардың оқушыларынан Панфиловтың, Бауыржан Момышұлының суреттерiн көрсетiп, «бұл кiм?» десем бiлмейдi. Ал, сол балалар Майкл Джексонды көрсетсеңiз жаңылыспас едi...

 

Мен үшiн ең үлкен атақ – ауғандағы «Бақтияр тоғайы»

 

— Бiрнеше жыл ауған жерiнде соғысып қайттыңыз. Қазiр ауған соғысы ардагерлерiнiң қоғамын басқарасыз. Сiз үшiн сол соғыстың тағлымы неде болды?

— Өз елiн, өз жерiн қорғаған халықпен соғыспау керек. Қалай болғанда да басқа елдiң жерiне басып кiру дегенiңiз, бұл ендi... қазақша қалай сауатты айтсам екен.

— Жаулап алушылар бейнесiнде болдық дейсiз ғой?

— Иә.

— Соны сiз өз басыңыз қай уақытта түсiндiңiз?  

— Мен сiзге айтайын. Менi партия тәрбиеледi.Мен ақ ниетiммен партия деп жүрдiм, оған адал болдым. Мен антымды бұзбаймын, мен еркек адаммын, ер адаммын. Маған «ана жақта бейбiтшiлiк iздеген елдерге көмек керек, оларға социализм орнатқысы келгенi үшiн америкалықтар, басқалар соғыс ашып жатыр, сол соғысқұмарларды құрту керек, жою керек» дедi. Мен ант берген әскери адам болғаннан кейiн, оның үстiне жаңағыдай бейбiт елге көмек керегiн естігеннен кейiн қалай бармаймын? Менiң пiкiрiм ол елдi қорғау болды. Соғыс кезiнде де күдiктi адамды ұстап алсақ, қолы бухгалтердiң қолындай жып-жылтыр болып тұрса, «о, мынау душманның нағыз өзi» деп атып тастайтынбыз. Ал, қолы диханның қолындай күс-күс болса, «е, бұл кедей сорлы екен» деп қоя беретiнбiз. Соғыста неше түрлi жағдай кездеседi ғой... Менiң айтарым, бiз антымызға адал болдық. Ал, жауап беретiндер – бiздi жiбергендер болуы тиiс.

— Дегенмен, осы iсiмiз дұрыс емес-ау деп көзiңiз ашыла бастаған шығар?

— Егер менiң көзiм ашылмаса мен ауғанда мешiт соқпас едiм. Менiң батальоным жеке тұрды. Бiз тұрған жерден ауғанның қыздары келiп су алатын. Мен солдаттарыма күн қанша ыстық болса да  белдерiңе дейiн жалаңаш жүрмейтiн боласыңдар, мына елдiң салт-дәстүрiн сыйлау керек дедiм. Тек салт-дәстүрiн ғана емес, ол халықтың дiнiн де, мәдениетiн де сыйлауға тырыстық. Мен ауғанның ақсақалдарымен үнемi ақылдасып отырдым, қандай да бiр мәселе болса бiрлесе шешiп отырдық. Мен сол жерде екi жыл тұрдым, сол екi жылда менiң жетпiс үш жауынгерiм ғана қайтыс болды.

— Бар-жоғы?

— Бар-жоғы. Ал, менiң тұрған жерiм өте жаман жер едi. Бiр жағымыз Пәкiстанмен шекараласатын. Ауған соғысына жетекшiлiк еткен, КСРО Қорғаныс министрiнiң орынбасары, маршал Соколов менiң батальоныма келiп, танысып, менiң жергiлiктi халықпен қалай жұмыс iстеген тәжiрибемдi бүкiл ауғандағы кеңес әскерiнiң командирлерiне үлгi ретiнде таратуға бұйрық бердi. Менi арнайы Кабулға алып келiп, командирлерге «мына Бақытжан Ертаевты тыңдаңдар, одан үйренiңдер!» дедi. Мен, аға лейтенант, олардың алдында бiр жарым  сағат баяндама жасап, өз тәжiрибеммен бөлiстiм.

— Сiз неге аға лейтенант болып жүрдiңiз, батальон командирi майор болуы керек емес пе?

— Батальон командирiнiң дәрежесi подполковник болуы тиiс. Маған сол ауғанда жүргенде капитан дәрежесiн бердi.

— Неге сiзге екi жыл бойы ең болмаса майорды бермедi?

— Сiз маған неге Батыр атағын алмадыңыз демекшiсiз, соны айтпақшысыз. Менi ұсынбады. Әңгiме болды, оны бiлемiн, бiрақ одан арыға бармады. Қазiр ойлаймын, мешiт салғаным үшiн. Мен мешiт салмағанда Батырлықты алар едiм...Бiрақ, мен ауған жерiнен Батыр атағынан да жоғары атақ алып оралдым деп ойлаймын. Ауғандықтар менiң атыммен сол жердегi тоғайға «Бақтияр тоғайы» деген ат бердi. Олар менi осылай атаушы едi, өздерiне солай ыңғайлы болса керек. Ол тоғай бүгiн де бар… Атаққа келсек Ұлы Отан соғысынан да қаншама Батырлыққа лайық ағаларымыз жұлдызсыз оралды. Негiзi, соғыс деген ең әдiлетсiз нәрсе ғой. Өзiм орден, медалдарға ұсынған тiзiмдегi менiң солдаттарымның орнына штабтағылар өздерiнiң аты-жөндерiн жазып қойған кез де болды. Ол тiзiмдi өз қолыммен ұстадым. Менiң Камов деген бiр лейтенантым «жолдас комбат, сiздiң наградаға бiздi ұсынған тiзiмiңiз кадр бөлiмiнде еденде жатыр!» деп келдi. Тiкұшақпен жарты сағат қана жол, мiнiп алдым да тартып кеттiм. Кадр бөлiмiне кiрсем, әлгi тiзiм әлi сол жерде жатыр екен. Кадрдың бастығы менен қорыққаннан үстелiнiң астына кiрiп кеттi! Тiзiмдi алып бригада командирiне бардым.

— Нәтиже болды ма?

— Әрине! Ана неменi партиядан шығарды. Менiң жiгiттерiм тiзiм бойынша түгел марапатталды. Мен сiзге айтып отырмын ғой, соғыста әдiлет үшiн жауыңмен ғана емес, өз адамдарыңмен де соғысуға тура келедi. Ұлы Отан соғысы кезiнде де тағы да ең кемi 97 қазақ жiгiтiне Батырлық берiлмей қалған деп ойлаймын. Ең кемi! Маған Отарда тұратын бiр жiгiт туысының майдан қолбасшысының өзi ұсынса да Батырлықты ала алмағанын айтты. Майдан қолбасшысы! Ол туралы кезiнде газеттер де жазыпты.

Басқаны қоя тұрып өзiм жайлы айтсам да болады. Кеңес өкiметi кезiнде Германияда қызмет етiп жүргенiмде Потсдам қаласында полк командирлiгiне менi 8 рет ұсынды ғой!  Кеңес әскерлерiнiң Батыс тобының қолбасшысына алып барады, ол жерден мен өтпей қаламын, қолбасшы сен жақсы жұмыс iстейсiң, тек шыдай тұр деп шығарып салады. Бiр күнi қолбасшы тағы шақырады. Бармаймын дедiм. Мен немене, ойыншықпын ба? Тығыз шаруа бар деп қоймады. «Анау-мынау» деп жатыр. Сөз ретi келгенде, «мен қазақ болғаныма мақтанамын!» дедiм. Қолбасшыға кiрдiм. «Жолдас қолбасшы, мен сiздiң менi жұбату үшiн ғана шақырғаныңызды бiлiп отырмын» дедiм. «Дұрыс, саясатты түсiнемiн, мен орыс емеспiн, сондықтан қайткенде Германиядағы полктың командирi болмадым демеймiн. Үш жыл болды, орынбасармын, командирдiң мiндетiн атқарушымын. Маған тыныштық берiңiздер, ендi менi шақырмаңыз» дедiм. Қолбасшы «ашуланба, өкпелеме» деп жатыр. «Сенiң полкыңның офицерлерi тағы да хат жазыпты. Бақытжан Ертаевтан басқа командирдi бiз командир деп мойындамаймыз дептi. Әскери бөлiмiңнiң бастығы да телефон соғып қоймайды. Сенi басқа бiр жаман полк бар, соған командир етiп жiберсек барасың ба?» дедi. «Барамын! Ол полкты да үздiктердiң қатарына қосуға шамам келедi!». Сөйтiп отырғанымызда жаңағы менiң әскери бөлiмiмнiң бастығы тағы телефон шалды. Даусы маған естiлiп тұр. «Ертаевты Потсдамдағы полктың командирi етiп қойыңыз, өтiнемiн!» деп жатыр. Сөйтсе анау менiң көзiмше айтады, «сен немене, сауатың жоқ па, түсiнбейсiң бе, бұл Потсдам ғой, саяси маңызы бар қала. Бұл жерге орыстан басқа ешкiм комендант болмайды, украин да, белорус та. Ал, сен болсаң маған қазақты қой дейсiң!» Қолбасшы телефонмен КСРО Қорғаныс министрi Язовқа шықты. Язов «күтiңдер, өзiм хабарласамын» дедi. 20 минуттан соң Язов телефон шалды. Менi шақырып, «құттықтаймын, сiз Потсдам полкының командирi болып тағайындалдыңыз, Мәскеуге келiп әуре болудың қажетi жоқ» дедi.Осылайша бiрiншi рет ұлты орыс емес адам Потсдам полкiнiң командирi болды...

 

Потсдамда жүрiп ұлыма сүндет той жасадым

— Ана бiр жылы ауған жерiнде десантшылар ротасының командирi болған Олег Рубец деген жiгiт «менiң исламды қабылдауыма соғыс себепкер болды» деп едi. Сiздiң өзiңiздiң дiнге мойын бұруыңыз қаншалықты дәрежеде болды?

— Ауған жерiнде менiң өзiм де, менiң сарбаздарым да дiнге мойын бұрдық. Бiр күнi түнде түсiме марқұм ағам кiрдi. «Мен шығамын, ал, сен шықпай қал!» дейдi. «Мен қалмаймын!» деп айқайлап атып тұрсам, түсiм екен. Таңертең Жалалабадқа «сағат 16-ға жиналысқа келсiн» деген хабар түстi. Мен колоннамен шықтым. Колоннамен шығу соғысу деген сөз. Және командирдiң орны – колоннаның алдында. Сол кезде жаңа бұйрық келдi. «Жиналыс 11-ге ауыстырылды, тiкұшақпен жетсiн!» деген. Мен орныма штаб бастығын отырғызып, өзiм тiкұшаққа мiндiм. Колонна душмандар болады-ау деген жол жағасындағы жерлердi атқылай отырып алға жылжып келедi. Сонда менiң көзiмше мен отырған БМП минаға түсiп, жоқ болды... Тағы бес минут машинада отырғанымда мен де жоқ едiм. Мен жағамды ұстадым. Түсiмдi қасымдағы адьютантыма — қазақ жiгiтiне айтып едiм, ол «аға, сiздi әруақтар қорғап жүр екен» дедi. Мен шабуылға шыққан кездерiмде қазақтың көп жiгiттерiнiң «иә, әруақ, өзiң қолдай көр!» дегендерiн көп естiдiм.

Мен мұсылман дiнiнiң тазалығын, қасиеттiлiгiн сол жерде көрдiм. Әкiм әрқашан молдамен бiрге жүредi, мәселенi молдамен ақылдасып шешедi. Таңертең азан шақырылып, намаз оқылады. Жұма күнi ауғандықтар соғыспайды. Бiз мәжбүрлесек соғысады, әрине, ал былайша өздiгiнен – жоқ. Ораза айын олар асығып, той болатындай қуанып күтедi. Ораза кезiнде асхана бiткен күндiз жұмыс iстемейдi. Кешке ауыз ашылғаннан кейiн көрсеңiз. Бәрi жайнайды. Жайнайды! Таңсәрiде ауыз бекiтiлгенге дейiн той. Ауғанда ораза ұстау қиын емес.

— Сонымен соғыс сiздiң дiни көзқарасыңызға қандай өзгерiс әкелдi?

— Соғыс менiң дiни нанымыма, жан-дүниеме төңкерiс жасады. Сол бағытымнан мен кейiн елге оралған соң да айнымадым. Потсдамда тұрғанымызда балама сүндет той жасадым. Жасырмай бәрiне айттым оны. Партбилет деген басқа мәселе, ал, мынау басқа мәселе дедiм. Бiр түрiктi тауып әкелiп, баламды сүндетке отырғыздым.

 — Сiз әскери адам болғандықтан көп нәрсенi ашық айта алмайсыз, солай емес пе?

— Мен ашық айта алмасам, ана-а-у жоғары жақта отырар едiм.

— Сiз бәрiбiр қызметiңiздiң түрiне байланысты көп нәрсенi ашып айта алмайсыз ғой. Ал, мынандай, сiздiң өз дәрежеңiзге лайық емес орында отыруыңызға не себеп, Бауыржан атамыз айтқандай тек тiк мiнез ғана ма, жоқ  басқа да себептерi бар ма?

— Бiрiншiден – мiнез. Мен Бауыржан атамыздың тырнағына да тұрмаймын, бiрақ, мiнез екенi рас. Екiншiден, бiз қанша жерден кең қазақпыз дегенмен iшi тар қазақ та жетедi. Бұрынғы генералдардың iшiнде қарамағындағы адамдарға «Ертаевты жамандап жазып берсең — өсесiң, әйтпесе жоқ!» дегендерi болған. Ол адам марқұм болып кеттi, жатқан жерi жәннатта болсын, атын айтпай-ақ қояйын. Тағы бiр жiгiттер, «Бәке, Мұхтар Алтынбаев қайтадан министр болып келдi, сiзге тыныштық бермейдi ғой ендi» дедi. Мен айттым, «менiң не жұмысым бар онда» дедiм. Ел бiледi менiң қандай адам екенiмдi...

— Сiз қазiргi  Қорғаныс министрiмiзге байланысты пiкiрлерiңiздi бұрын да, қазiр де ашық айтып жүрсiз. «Екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды» деушi едi, қалай екеуiңiз сыйысып жұмыс iстеп жүрсiздер?

— Екi қошқардың басы бiр қазанға сыймағаны емес пе, ол кiсi – Астанада, мен Алматыдамын ғой.

— Сыпайы жер аудару?

— Сыпайы жер аудару. «Қасқыр еттiң төңiрегiнде жүредi, жiгiт елде жүредi» деген бiр мақал бар ғой.

— Менiң жаныма қатты бататын бiр нәрсе – қазақтың мықты жiгiттерiнiң потенциалдарын өз дәрежесiнде пайдаланбау. Ертаев мысалы мына жерде отыр.

— Мен де өзiм үшiн емес, елге көбiрек пайдам тию үшiн Алтынбаевқа айттым. «Министр мырза, келiсiм-шартпен әскерилер дайындап жатырмыз, кәсiпқой армияға көшейiк деп жатырмыз. Оларды да кәсiпқой адам етiп дайындау керек қой. Маған биiк тақтың керегi жоқ. Тiптi полковниктiк қызмет болса да мейлi, нақты жұмыс керек. Бұрын «управление боевой подготовки» деген болатын. Соны берiңiз маған. Менiң өзiм үшiн емес. Бәрiмiз жабылып осы бағытта жұмыс iстейiк» дедiм. Ары жүрдi, берi жүрдi, бiр полковниктi әкелдi де бөлiм бастығы етiп қойды, менi әскер дайындауды бақылайтын инспектор етiп қойды.

— Инспектор дегенiңiз тексерiп барып, түк бiтiрмей арақ iшiп қайтатын қызмет емес пе?

— Иә, ревизорға ұқсап. Менiңше, бiздi пайдалану керек. Осыны талай рет айттым мен ол кiсiге. Мысалы, бiздiң Оңтүстiк округымызды Iшкi iстер министрлiгiнен келген Бақтияр Сыдықов деген жiгiт басқарып отыр. Округты басқарып отыр! Жақсы-ақ жiгiт. Бiрақ, ол мүлдем басқа салада өскен адам ғой. Бiзде сол орында iстей алатын жiгiттер жоқ па? Бар, әрине. Жарболов жүр Мәскеуде.

— Ертаев отыр мұнда.

— Иә. Ерниязовты жiбердi Америкаға. Неге? Кеше мен осыны депутаттарға да айттым.

— Сiз неге немереңiздiң атын Темiрлан қойдыңыз?

— «Темiрлан қаншама елдi қырған, жойған, жаулап алушы болған ғой» демекшiсiз ғой?

— Және негiзiнен тек мұсылман елдерiн жаулап алған. Ол түркi елдерiнiң нағыз соры болған ғой.

— Мен оны бiлемiн. Мен Темiрлан жеңiмпаз қолбасшы болған соң, сол секiлдi бiр адам елiмiзге керек шығар деген оймен қойдым. Әрi немеремнiң дәл жүрегiнiң үстiнде Қазақстанның картасы бар.

— Қалай дедiңiз?

— Қазақстанның  картасынан аумайтын үлкен қал бар.

— Ә-ә, нышаналы бала екен ғой. Менiкi қазақта батыр да, ақын да, барлығы да жетiп артылады, балаларымызға сол өз ата-бабаларының атын қойған жөн деген ой.

— Мен қазағымның намысын қорғап талай таяқ жегенмiн. Талай! Фрунзе атындағы Академияға түсерде емтиханды Алматыдағы осы өзiм оқыған училищеде тапсырдық. Мен ең соңынан тапсыратын болдым да, өзiмнiң бұрынғы төсегiме барып жатсам, қалғып кетiппiн. Бiр уақытта «А, ну встать! Что за х... лежит здесь?!» деген дауыстан оянып кеттiм. Атып тұрдым да, «Не х... лежит здесь, сын казахского народа капитан Ертаев!» дедiм. Сөйтсем, академияның кадр бөлiмiнiң бастығы Сизов бар, өңкей генералдар тұр екен. «Что это такое? А, ну, марш! Не поступаешь!» дедi. Бөлiмге қайтып келiп едiм, бастығым менiң кетпейтiнiме шынын айтқанда қуанып қалды. Бiр жағынан жаны да ашыды-ау деймiн, маған «сен бiр рет мақтанып, маршал Ахромеев менi жақсы көредi деп едiң ғой, менде нөмiрi бар, телефон соқпайсың ба соған?» дедi. Аэропорттан барып телефон шалып едiк, көмекшiсi  қуанып қалды. «О, Борис, кеше ғана Ахромеев «Ертаев келедi оқуға» деп айтып едi» дедi. Оқу қалды жайына, осылай болды дедiм. Онда мен қосайын, өзiң айт дедi. Ахромеев гүрiлдеп: «Борис, как твои дела? Когда приедешь?» деп жатыр. Мен: «Вот такие дела...» дедiм. Ахромеев: «Ну, правильно сделал, что послал. Я тебя жду в Москве» деп трубканы қойып қойды. Үйге келсем, есiктiң алдында бiр капитан жүгiрiп жүр«Сизов iздеп жатыр». Келсем, Сизов менi құшақтап, «Кеңес Одағының Маршалы маған бiрiншi рет ұрысты. Мен бұған мақтанамын. Ахромеевтiң досы екенiңдi бiлмедiм ғой» дейді. «Мен сiзге айтуым керек пе?» деймiн. Сөйтсем, менiң рапортымда академия бастығына «Генерал-полковнику Мельнику. Зачислить Ертаева в академию. Маршал Соколов» деп жазылған екен. Мен тiптi емтихансыз қабылдануға тиiс болғанмын ғой...Потсдамда жүргенiмде «Батыр атағын бермей, саған обал жасадық» деп кешiрiм сұраған да осы Соколов едi…  

— Әңгiмеңiзге рахмет!

 

Әңгiмелескен Өмiрзақ АҚЖIГIТ,«ЕВРАЗИЯ-KZ».2005 ж.

 

Share:      
Leave a comment: